Электронная библиотека » Жансая Ғалымова » » онлайн чтение - страница 1

Текст книги "Ғарышқа саяхат"


  • Текст добавлен: 1 февраля 2024, 10:07


Автор книги: Жансая Ғалымова


Жанр: Научная фантастика, Фантастика


Возрастные ограничения: +6

сообщить о неприемлемом содержимом

Текущая страница: 1 (всего у книги 2 страниц) [доступный отрывок для чтения: 1 страниц]

Шрифт:
- 100% +

Ғарышқа саяхат
Жансая Ғалымова

© Жансая Ғалымова, 2023


ISBN 978-5-0062-0580-2

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

КІРІСПЕ

Адам баласын аспан әлемі ертеден бері қызықтырып келгені рас. Сенің де, құрметті оқырман, ғарыш әлеміне деген қызығушылығың осы кітапқа алып келсе керек. Бұл кітап арқылы сен ғарыш кеңістігіне бізбен бірге саяхаттап, аспан әлемінің сырларын ашып, әлем туралы біліміңді кеңейте аласың.

Кітапта ғарыш туралы ең негізгі мағлұматтар, атап өткенде:

– Күн жүйесі

– Құс жолы

– Ғарыштың зерттелу тарихы

– Зымырандар және ғарыш кемелері

– Ғарышкерлердің ғарыштағы өмірі

– Экзоғаламшарлар тақырыптары қамтылған.

Бұл кітап сенің үлкен армандарың мен мақсаттарыңның бастамасы болады деп сенеміз!


КҮН ЖҮЙЕСІ

Біздің Жер ғаламшарымыз Күнді айналатын 8 ғаламшар, кометалар мен мыңдаған шағын ғаламшарлардан тұратын Күн жүйесінде орналасқан. Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран және Нептун ғаламшарлары аталған ғарыш жүйесінің негізін құраушылар. Бұл ғаламшарлардағы орташа қалыпты температура, айналу периоды, күннің және жылдың ұзақтығы олардың Күннен ара қашықтығына байланысты өзгереді.

Күн

Күн – Жерге өте жақын орналасқан кәдімгі жұлдыз, керемет үлкен газды шар. Оның алапат тартылыс күшінің арқасында Күн жүйесі жұмыс істейді, яғни Күнді 8 үлкен ғаламшар эллипстік орбита бойымен айналып жүреді.

Күннен бөлінетін жылу мен энергия – Жер бетінде тіршіліктің негізі. Күн сәулесінің өсімдіктерге түсуінен фотосинтез процесі жүріп, тіршілік үшін маңызды оттегі бөлінеді.

Күннің жарығы Жерге 8 минутта жетеді, яғни біз әрдайым Күннің 8 минут бұрынғы бейнесін бақылаймыз.

Күннен шығатын жарық Жер бетіне кішкентай, салмақсыз бөлшек фотон арқылы 3*108м/с жарық жылдамдығымен жетеді.



Жарықтың салмақсыз бөлшегі-фотон


Жердің өз өсінен айналуынан күн мен түн ауысса, Күнді айналуының нәтижесінде жыл мезгілдері ауысып отырады.

Күннің диаметрі шамамен 109 Жер диаметріне, ал массасы 332 940 Жер массасына тең. Күннің температурасы жуықтап алғанда 5500 0С-ға тең.


Күн қалай энергия бөледі?


Жұлдыздың басты құрамдас бөліктері сутек және гелий элементтері. Күннің тартылыс күші жоғары болғандықтан, онда өте үлкен қысым пайда болады. Мұндай жағдайлар термоядролық синтездің орын алуына, яғни сутек атомдарының қосылып, гелий түзіп, жоғары мөлшердегі энергияның бөлінуіне алып келеді.



Күндегі термоядролық синтездің көрінісі

Меркурий

Меркурий Күн жүйесіндегі ең кішкентай және Күнге ең жақын орналасқан ғаламшар. Меркурийдің Күннің айналасында бір айналым жасау уақыты 87,97 жерлік тәулікке тең және бұл ғаламшарлар арасындағы ең қысқа жыл болып саналады.

Меркурий Күнге ең жақын ғаламшар болса да, оның температурасы Шолпаннан төмен. Меркурийдің бедері Айдікі сияқты кратерлерден тұрады.

Қызықты факт: Жердің Ай сияқты табиғи серігі болса, Меркурийдің ешқандай серігі жоқ.

Шолпан

Шолпан Күн жүйесіндегі Күннен ара қашықтығына байланысты екінші ғаламшар. Оның температурасы 8 ғаламшардың ішіндегі ең жоғарғысы, себебі Шолпанның атмосферасы көбіне көмірқышқыл газынан тұрады, бұл ғаламшардың бетінде парниктік эффект құрып, Күн сәулесінің атмосферадан шығып кетуіне жол бермейді.

Қызықты факт: Шолпанды түнгі аспанда жай көзбен әр 9 ай сайын көруге болады, себебі ол Айдан кейінгі ең жарық аспан денесі және Күн жүйесіндегі ең ыстық ғаламшар болып табылады.

Жер

Жер – Күн жүйесіндегі жалғыз тіршілік көзі бар ғаламшар. Жердің жалғыз табиғи серігі – Ай.

Ай

Ай Жердің жалғыз табиғи серігі. Ол Жерге тартылып, Жердің айналасында қозғалады. Бұл Жер серігі біз үшін өте маңызды, себебі Айдың орналасуы судың көтерілуі мен қайтуына тікелей әсер етіп қана қоймай, Күннің тұтылуында да маңызды рөл атқарады.

Қызықты факт: Біз айдың әрдайым беткі жағын көреміз, себебі Ай мен Жердің өз осьтері бойынша айналу периодтары бірдей.

Ай бедері

Айдың беті кратерлерден, яғни шұңқырлардан тұрады. Бұл Айдың метеориттермен соқтығысу салдарынан орын алған. Осы кратерлер Гагарин, Королев, Менделеев, Оппенгеймер деп атақты ғалымдардың құрметіне аталған.

Судың көтерілуі және қайтуы

Күн мен Айдың тартылыс күшінен Жердегі судың деңгейі кейде көтеріледі, кейде азаяды. Әрі Жер бетіндегі су осы тартылыс күшінен бағытын өзгертеді.



Күннің тұтылуы

Күннің тұтылуы Айдың Күн бетін белгілі бір мезеттерде жауып қалуынан орын алатын құбылыс. Бұл аралықта Жердің белгілі бір бөлігі біраз уақыт қараңғылық құрсауында қалады.



Ай қалай пайда болды?

Айдың пайда болуы жайлы ең танымал гипотеза Ай осыдан 4,5 млрд жыл бұрын, Жер мен Тейи деп аталатын ғаламшалардың соқтығысу әсерінен пайда болғанды айтады.


Неліктен Ай Жердегі бақылаушының артынан қалмайды?



Байқасаңыз, Ай бақылаушының артынан келе жатқан сияқты әсер тудырады. Ол өте алыс, ал жанымыздағы ағаштар мен үйлер сияқты нысандар Аймен салыстырғанда өте жақын көрінеді. Сондықтан, жаяу немесе көлікпен жүргенде ағаш пен үй сияқты жақын нысандар бақылаушы мен Айдың арасында өтіп бара жатырғандай болады.

Марс

Марс Күн жүйесінде Қызылжұлдыз атанып кеткен ғаламшар, себебі оның беті темір тотығымен көмкерілген. Марстың Фобос пен Деймос деген екі табиғи серігі бар. Оның осі бойынша айналу периоды Жер ғаламшарына ұқсас, әрі онда Жердегі сияқты жыл мезгілдері күз, қыс, көктем, жаз болып бөлінеді.

Қызықты факт: Марста Күн жүйесіндегі ең биік тау – Олимп, яғни сөнген жанартау орналасқан.

Юпитер

Юпитер – Күн жүйесіндегі ең үлкен және ең тез айналатын ғаламшар. Юпитер тартылысының күштілігі Жерге астероидтар мен кометалардың соқтығуынан қорғайды.


Юпитер


Онымен қоса, Юпитер газды алыптардың бірі, яғни бұл ғаламшар көбіне сутек және гелийден тұрады. Юпитердің 95 серігі бар, бірақ бұл көрсеткіш жыл сайын ұлғаюда. Ең ірі серіктері Ганимед, Ио, Европа, Каллисто деп аталады. Ганимед Күн Жүйесіндегі ең ірі серік болса, Иода жанартаулар атқыласа, Европада су табылған.

Қызықты факт: Юпитер газды алып болғандықтан, оның Жерге тән қатты беті жоқ. Ондағы экстремалды қысым мен өте жоғары температураның себебінен ғарыш кемелері Юпитерді толық зерттей алмайды, олар онда жай ғана балқып кетеді.

Сатурн

Сатурн да Юпитер сияқты газды алып қатарында. Бұл ғаламшардың экваторлық жазықтығында сақиналар орналасқан. Олар мұз кесектерінен және шаңнан тұрады. Сатурнның 146 серігі бар, олардың ішіндегі ең көлемділері – Мимас, Энцелад, Тефия, Диона, Рея, Титан және Япет.


Сатурн


Қызықты факт: Сатурнда солтүстік шұғылалары бар. Барлық алып планеталардың (Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун) сақиналары бар, бірақ жерден тек Сатурнның сақиналары көрінеді.

Уран

Уран мұзды алыптардың қатарына кіретін, яғни көбіне сутек пен гелийден, ауыр элементтерден тұратын ғаламшарлардың бірі. Уранның Сатурн сияқты 13 сақиналар жүйесі бар. Дегенмен, Уранның сақиналар жүйесі вертикалды орналасқан және макробөлшектер (жай көзбен көрінетін) мен шаң-тозаңнан құралған. Уранның 27 серігі бар.


Уран


Қызықты факт: Уран Күн жүйесіндегі ең соңғы ғаламшар болмаса да, ең суығы болып есептеледі. Оның орташа температурасы -224 0С-ді құрайды. Мұндай суық температура Уранның осі бойынша айналуына байланысты, әрі ондағы күн мен түннің қалыпты мағынада өзгеруі тек ғаламшардың экваторында болады. Полюстерде күн түнге және керісінше әр 42 жыл сайын өзгереді, ягни 42 жыл бір жағына ғана күн түсіп тұрады.

Нептун

Нептун да Уран сияқты мұзды алыптардың қатарында. Оның 5 сақинасы бар. Олардың аттары астрономдардың құрметтеріне Галле, Леверье, Лассел, Араго және Адамс деп қойылған. Сақиналар силикаттармен немесе көміртегіге негізделген материалмен қапталған мұз бөлшектерінен тұрады. Нептунның 14 серігі бар.

Қызықты факт: Нептун алғаш математикалық есептеулердің арқасында ашылған планета.

Койпер жолағы

Күн Жүйесінің шалғай аймағында, Нептунның орбитасынан шамамен 30 астрономиялық бірлік ара қашықтықта жатқан аймақ. Мұнда көбіне Плуто сияқты ергежейлілер мен мұзды денелер орналасқан. Бұл жолақ 1951 жылы оның бар екенін дәлелдеген Джерард Койпердің құрметіне аталған.

ҚҰС ЖОЛЫ

Галактика түсінігі


Галактика – жұлдыздардан, газ бен тозаңнан, тұмандықтардан және ғаламшарлардан тұратын, тартылыс күші арқылы байланысқан жүйе. Галактикалар эллипс, спираль, сфералық, және бұрыш пішінді болып бөлінеді. Біздің ғаламшарымыз спираль тәрізді Құс жолы галактикасында орналасқан. Оның ғаламаттығы сонша, Құс Жолының ұзындығы 1,9 миллион жарық жылына тең. Ал жарық галактиканың бір шетінен екінші шетіне жетуі үшін шамамен 100 мың жыл қажет. Біздің галактикамызға ең жақыны-Андромеда галактикасы.

Ал Күн Жүйесіне көршілес Центавр Проксимасына жету қазіргі озық деген ғарыш кемелерінің өзімен 80 000 жылды құрар еді.

Құс жолының құрылысы

Құс жолы спираль тәріздес Құлаштар мен дәл ортасында орналасқан Қара құрдымнан тұрады.

Қара құрдым

Қара құрдым – алапат тартылыс күші арқылы барлық денелерді өзіне тартып алып, жұтатын жұлдыз. Қара құрдымға түскен кез-келген дене қайтып шыға алмайды, тіпті ең жылдам жарықтың өзі Қара құрдымға сіңіп кетеді. Денелер Қара құрдымға жақындап, қайтадан артқа қайта алмайтын аумақты «оқиға көкжиегі» деп атайды.

Құс Жолының орталығындағы Мерген A* аса ауыр қара құрдымы Күннен 4,3 миллион еседей ауыр, және бізден 27 000 жарық жылы қашықтықта.

Құс Жолы құлаштары

Құс Жолының үлкен 4 спиральді құлашы бар. Олар Центавр, Персей, Мерген, Бұрыш (Наугольник) деп аталады. Біздің ғаламшарымыздың Күн жүйесі кішірек Орион деп аталатын құлашта орналасқан.


Орион тұмандығы

ҒАРЫШТЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ

Ерте замандағы ғарышты зерттеу

Ерте заманнан бері аспан денелері адамдарды қызықтырып келді. Компас, карта сияқты құралдар болмаған кезде, жолаушылар жұлдыздарға қарап барар бағытын бағдарлаған.

Ең алғашқы аспан денелерін зерттеген ғалым Польшалық астроном әрі математик Николай Коперник болды. Ол ең алғаш Күннің Жерді емес, керісінше Жердің Күнді айналатынын айтқан. Итальяндық астроном Галилео Галилей Коперниктің сөзін растағаны үшін өмірінің соңына дейін үйқамақта отырған. Себебі, гелиоцентризм, яғни Жердің Күнді айналуы діни ұғымдарға сай болмаған.



Неміс астрономы, механик, оптигі Иоганн Кеплер ғаламшарлардың қозғалысы үшін фундаменталды заңдарды ойлап тапқан. Астроном заңдарында ғаламшарлардың айналу орбитасы дәл домалақ емес, керісінше сопақтау келген эллипс тәрізді делінген.

Ғарыш саласында ерен еңбек еткен ғалымдардың бірі Исаак Ньютон. Ағылшын астрономы, математигі және физигі тартылыс күшін тұжырымдаған болатын. Оның ғылымға, физикаға және космологияға өшпес әсері революциялық жетістіктермен ерекшеленеді. Ньютонның «Табиғи философияның математикалық бастамалары» атты негізгі еңбегінде баяндалған қозғалыс заңдары, классикалық механиканың негізі болып қала береді. Қарқынды есептеулерден алынған ньютондық тартылыс заңының тұжырымдамасы жер мен аспан денелерін біріктіріп, құлаған алмалардың да, орбитадағы планеталардың қозғалысына да жан-жақты түсініктеме берді. Ньютонның мәңгілік мұрасы оның есімімен аталатын теңдеулерде ғана емес, сонымен қатар ғарышты ғылыми зерттеуге бағытталған трансформациялық принциптерінде жатыр.



ХХ ғасыр жаңалықтары

ХХ ғасырдағы ашулардың көпшілігінің бастауы ХІХ ғасырдағы ғылыми-фантаст жазушылардың әдебиетінен алатын. Инженерлерді ғарышта саяхаттау қатты шабыттандыратын.

Ғарышты игеруді теориясы мен зымыран құрылысын ұсынғанның алғашқысы – Константин Циолковский. Орыс ауылында математика пәнінің мұғалімі болып жүріп, 1903 жылы ол оттегі мен сутегін зымыран ұшыруда қолдануды ұсынды.

1926 жылы 16 наурызда Роберт Годдард әлемдегі ең алғашқы зымыранды ұшырды. Зымыран 2,5 секунд ішінде 12 метр биіктікке көтеріліп, ұшырылған жерінен бірнеше метр қашықтыққа барып қонды. Бұл тәжірибе Годдардтың ұсынған сұйық отынның іске жарамдылығын көрсетті.

Кеңес Үкіметі кезінде 1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан ғаламшар тарихында алғаш рет «Спутник-1» атты жердің жасанды серігі ұшырылды. Бұл салмағы 84 кг болатын металл шар Жерді 96 минутта айналып өткен. Ғылыми прогресс болған ғарыш саласының дамуының «алғашқы индикаторы» – Спутниктің ең бірінші сигналы «Бип-Бип» болды.

Бұдан 4 ай өткен соң, 1958 жылдың 31 қаңтарында Америка Құрама Штаттары да алғашқы жер серігін ғарышқа ұшырды. «Эксплорер-1» жер серігі «Спутник-1» -ден құбыр тәрізді ұзын пішінімен ерекшеленген. Осы пішініне байланысты ол орбитаға шыққаннан кейін, күтпеген жерден, айналмалы айналымға кіріп кеткен.

1958 жылы шілденің 19-ы күні ғарыш саласын дамыту мақсатымен Америка Құрама Штаттары National Aeronautics and Space Administration (NASA) ұйымын ашты.

Ғарышты бағындыру тарихындағы елеулі жаңалық – ғарышқа адамның жіберілуі. 27 жасар Юрий Гагарин 1961 жылдың 12 сәуірінде Байқоңыр ғарыш айлағынан «Восток» әуе кемесімен ғарышқа аттанды. Бұл ғарыш кемесі Юрий Гагаринмен Жердің айналасында 1 айналым жасау керек болды. Бірақ Гагаринге зымыранды басқаруға тыйым салынды, себебі алғашқы ұшу кезінде адам психологиясының қалай жауап беретіні белгісіз еді. Ғарышкердің басты тапсырмасы Жердегілерге болып жатқан жағдайды бүге-шүгесіне дейін баяндап отыру еді. Гагаринның бұл ұшуы 1 сағат 48 минутқа созылып, адамзат тарихында үлкен із қалдырды. Соның құрметіне қазір 12 сәуір – Халықаралық ғарышкерлер күні болып атанған.



Юрий Гагаринның ұшып шыққан жолы


Байқоңыр ғарыш айлағы

Байқоңыр ғарыш айлағы қазіргі таңдағы үлкен ғарыш айлақтарының бірі. Ол Кеңес Одағы заманында 1955 жылы 12 қаңтарда ашылып, 1957 жылдың 15 мамырында қолданысқа берілген. Байқоңырдың Қызылорда облысында орналасу себебі – ғарыш айлағының теміржол және үлкен су қорын қажет етуі. Десе де, зымыранның ұшыру нүктесінен 150—500 км қашықтықта бірнеше радио басқару пункттерінің қажеттілігі шешуші фактор болды. Мұндай шашыраңқы кешенді Қазақстан даласына орналастыру ыңғайлы болды.



Қазақстан тәуелсіздік алу кезеңінде, Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанның қарамағына өткен еді. Алайда елімізде ғарыш айлағын қолдап тұруға қаражат пен білікті мамандар болмағандықтан, оны Ресей Федерациясы жалға алған.


Төмендегі кестелердің көмегімен келесі болған ғарыш саласындағы жаңалықтармен таныса аласыздар.

Роботтық-ғарыштық миссиялар

Экипажды әуе миссиялары

Зымырандар және ғарыш кемелері

Зымыран – өз массасының бір бөлігін лақтырып тастау және қоршаған ортадан затты пайдаланбау салдарынан ғана туындайтын реактивті қозғалыс әрекеті есебінен кеңістікте қозғалатын ұшу аппараты. Зымыран Жер атмосферасын тастап, ғарышқа ұшуы үшін, оның қорытқы күші болуы керек, яғни әуеге бағытталған көтеру күші жердің тартылыс күшінен көбірек болуы тиіс.



Зымыранды ұшыру үрдісі рет-ретімен қайталануға тиіс қатаң қадамдардан тұрады. Бірінші зымыранды арнайы жасалған ангар-қоймасынан теміржол арқылы шығарады. Келесі кезекте зымыранды вертикальды түрде арқалықтардың көмегімен тұрғызады. Бұл қадамнан соң зымыранның жабдықтары тағы да тексеріледі. Тексерістен өткен соң, ұшу аппаратына арнайы отынды құяды. Зымаранды ұшырмас бұрын, оны оталдырып, отынның жануынан газ пайда болады. Бұл газ өз кезегінде зымыранды жоғарыға қарай қозғалтады.

Зымырандар ұшу миссиясына қарай 3 топқа бөлінеді:

– Халықаралық Ғарыш Станциясына қажетті жүк пен жабдықтарды жіберу.

– Ғарышты зерттеу, картография, қоршаған ортаны бақылау.

– Мемлекеттің саяси мүдделерін қорғау.

Зымыранның құрылысы

Зымыран басты 4 бөліктен тұрады: мұрын конусы, тұрақтандырғыштар, зымыран денесі, қозғалтқыш.

Мұрын конусы

Мұрын конусы – қарсы ауа ағынын реттеуге және аэродинамикалық кедергіні төмендетуге арналған зымыранның жоғарғы, сүйірленген бөлігі. Бұл жерде пайдалы жүктеме сақталады, мысалы ғарышкерлер, жер серіктері, ғылыми құралдар.

Тұрақтандырғыштар

Тұрақтандырғыштарының мақсаты – қысым центрін зымыран құрылымында одан әрі артқа жылжыту, осылайша зымыранның алдында ауырлық центрі болады. Бұл зымыранның ұшу кезінде алға қарай қисаюына жол бермейді, яғни зымыранның басқарусыз ұшуына ықпал етеді.

Зымыран денесі

Зымыран денесінің мақсаты – отынды сақтау. Ол көбінесе қуыс цилиндр түрінде болады, өйткені ол ауамен жанасатын беттің ауданын азайтады. Ал ол өз кезегінде кедергіні кемітеді.

Қозғалтқыш

Қозғалтқыш – зымыранды ұшыруға арналған Жердің тартылыс күшінен асатын көтеру күшін құрады. Ол үшін қозғалтқыш отынды тотықтырғыш арқылы жағады. Ғарышта оттегі болмағандықтан, қозғалтқышта тотықтырғыш болу міндетті.


Әуе кемелерінің сан алуан түрлері бар. Солардың ішіндегі Жер серіктерін және зондтарды қарастыратын боламыз.

ЖЕР СЕРІКТЕРІ

Жер серігі түсінігі


Жер серіктері – белігілі бір мақсат үшін ғарышқа ұшырылатын аппараттар. Олар көбіне, ғылыми зерттеулер, хабар тарату немесе Жерді ғарыштан бақылау үшін ұшырылады. Жалпы бұл Жер серіктерін энергиямен қамтамасыз ету үшін оларда күн панельдері немесе радиоизотоптық термоэлектрлік генераторлар қолданылады.



Жерді айналатын спутниктердің екі түрі бар: полярлық және геостационарлық спутниктер. Полярлық спутниктер Жерді полюстері бойынша айналып, ғаламшарымыздың толық бетінің суретін берсе, геостационарлық спутниктер тек экватор үстінде ғана ұшып, Жердегі бақылаушы үшін бір қалыпта, яғни стационар жағдайда тұрады. Бұл өз кезегінде белгілі бір аймақтың ғана суретін алуға мүмкіндік береді

Ғарыштық зонд

Ғарыштық зонд – Күн жүйесінің объектілерін және олардың арасындағы кеңістікті тікелей зерттеуге арналған автоматты ғарыш аппараты. Ғарыштық зондтар ғаламшарларды олардың жанынан ұшып, орбитада қозғалу, атмосфераға ұшу немесе олардың бетіне жету арқылы зерттейді. Зондтар спутниктің бір типі болып табылады, бірақ спутникке қарағанда зондтар алыс қашықтыққа ұша алады.

Вояджер 1 және 2

Вояджер 1 және 2 – американдық ғарыштық зондтар. Вояджер 1 өзінің жұмысын 1977 жылдың 5-і қыркүйегінен бастап жасады. Вояджер-1 Сатурн мен Юпитерді зерттеп, алғаш рет олардың детальді суреттерін түсіре алды. Вояджер-1 басты міндетін атқарып болған соң, оған Күн Жүйесінің шалғай аймақтарын зерттеу жүктелді. Қазіргі таңда Вояджер-1 Жерден 23 миллиард километрден астам қашықтықта жүр.

Вояджер-2 1977 жылы 20 тамызда ғарышқа жіберілген ғарыш зонды. Оның да басты миссиясы Күн жүйесіндегі шалғай жатқан ғаламшарларды зерттеу болатын. Бұл әуе аппараты өзінің жұмысын сәтті жасап, 1986 жылдың қаңтар айында Уранға жетсе, 1989 жылдың тамызында Нептунды бағындырды.

Аполлон-11



Адамзаттың айды бағындыруы

Аполлон-11 адамзат тарихындағы алғаш рет адамдарды Айға жеткізген Америка Құрама Штаттарының миссиясы болды. Командир Нил Армстронг және ұшқыш Базз Олдрин 1969 жылдың 20 шілдесінде Аполлонның «Бүркіт» модулін (Apollo Lunar Module Eagle) Айға қондырды. Қонғаннан 40 минуттан кейін ғана Нил Армстронг Ай бетіне алғашқы болып қадам басса, 19 минуттан кейін ұшқыш Базз Олдрин Айға табанын тіреді. Екі ғарышкер Ай бетінде 2 сағат 15 минуттай саяхат жасады.

Бұл ғарыш кеңістігін танудағы адамзаттың ең басты жетістіктерінің бірі болды.

Халықаралық ғарыш станциясы (ХҒС)

ХҒС – әлемнің 14-тен астам мемлекеттері бірігіп жасаған ғарыш жобасы. Осы мемлекеттер қатарына Ресей, АҚШ, Жапония, Канада, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Италия, Нидерланды, Норвегия, Франция, Швейцария, Швеция кіреді. Бұл басқарылатын орбитальды және ғылыми-зерттеулер үшін 1998 жылдан бері жұмыс жасайтын аппарат.



ХҒС Жер бетінен 270—500 км биіктікте жұмыс істеуге арналған. Мұндай биіктікте ғарыштық зерттеулерді тиімді өткізуге болады, мысалы ғарыштағы жағдайларға, атап өтсек гравитацияның азаюына, ғарыштық сәулелердің көбеюіне тірі ағзалардың қалай жауап беретінін бақылауға жол ашады. Бұл өз кезегінде, Жерден басқа ғаламшарларда өсімдіктердің қалай өсетінін болжауға мүмкіндік береді. Мұндай зерттеулерді өткізу үшін ХҒС-да әзірленген 3 ғылыми модульдер бар. Олар АҚШ-тың «Дестини», Европалық «Коламбус» және Жапондық «Кибо» зертханалары.

ҒАРЫШКЕРЛЕРДІҢ ҒАРЫШТАҒЫ ӨМІРІ

Ғарышкерлердің дайындықтары

Ғарышкер болу тек кәсіби біліктілік, инженерия саласындағы білімді ғана емес, онымен қоса физикалық және психологиялық тұрғыдағы үлкен дайындықты талап етеді. Дайындықтың алғашқы кезеңінің өзінде де олар жіті тексерістен өтеді.



Ғарышкерлерге қойылатын негізгі талаптар мынадай:

– 35 жасқа дейінгі ер не әйел;

– ағылшын тілін білуі;

– инженерия, ғылым, ұшу салаларында жоғары білімінің болуы;

– физикалық дайындық және ұзақ уақытқа созылған сырқаттың болмауы;

– күйзеліске төзімділік.

Осы талаптарға сай болғаннан кейін ғана ғарышкерлер көзделген миссияға дейінгі 2 жылға созылатын дайындықты бастайды.

Бұл уақыт аралығында болашақ ғарышкерлер су астында жаттығады. Су астындағы қозғалыс ғарыштағыға ұқсас болғандықтан, үлкен қолғаптарымен шегелерді айналдыру сияқты жұмыстарды жасайды. Бұл ғарышкерлердің ашық кеңістікке тез икемделуіне арналған жаттығулар. Онымен қоса, ұшу барысындағы жүктелген күштің әсерінен ғарышкерлер талып қалмау үшін, оларды центрифугаға, яғни айналатын денеге отырғызады. Бұл адамды үлкен жүктемеге дайындап, ұшу барысында есін жоғалтып алмауға көмектеседі.

Бұдан соң ғарышкерлер әуеге көтеріліп, ХҒС-ға жеткенде, Жерде өткізген барлық дайындықтарын көрсетіп, өздеріне жүктелген миссияны мүлтіксіз орындаулары керек.

Внимание! Это не конец книги.

Если начало книги вам понравилось, то полную версию можно приобрести у нашего партнёра - распространителя легального контента. Поддержите автора!

Страницы книги >> 1
  • 0 Оценок: 0

Правообладателям!

Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?


Популярные книги за неделю


Рекомендации