Текст книги "ШОКО ӘЛЕМ. Фэнтези"
Автор книги: Рустем Сауытбай
Жанр: Приключения: прочее, Приключения
Возрастные ограничения: +12
сообщить о неприемлемом содержимом
Текущая страница: 2 (всего у книги 7 страниц) [доступный отрывок для чтения: 2 страниц]
4. Нуа ұстаз
Біраз жүрген соң халвадан жасалған үй көрінеді. Терезелері тас кәмпиттен. Ішіне кірсе, бір бойжеткен дастархан жайып жатыр екен. Олар сəлем беріп дастархан басына жайғасты. Ақсақал сөз бастайды:
– Мен осы жерде туғанымнан бастап мекен етіп келем. Сендердің кім екендеріңді білем жəне қайда бара жатқандарыңды да білем.
– Қайдан білесіз ата? – деп шыдай алмай Елдес сұрай кетті.
– Сендерді түсімде үш рет көрдім. Сол көргенімнен бері сендерді Ақкөлдің жағасында күнде күтіп жүрмін. Сендер Тұздейімге сиқырлы дəндерді қайтаруға бара жатырсыңдар. Білесіңдер ме, бұл ұрлық əр мың жылда бір рет болады. Ол дəндерді қайтару оңай емес. Шококент патшасы өз əскерлерінің орнына арнайы сендерді жіберіп отыр. Тіпті мыңдаған əскер жіберсе де, Тұздейімдіктерге күші жетпейді.
Елдес сол кезде күліп жіберді:
– Сонда мен «мың баламын» ба?
Қария сөзін жалғастырып:
– Мың баласың ба, əлде жүз мың баласың ба, оны əлі көре жатармыз. Тарихта дəндерді қайтара алмаған кездер де болған. Сондықтан абай болу керек.
– Бұл нешінші ұрлық білесіз бе? – деп Рауза сұрақ қойды.
– Бұл он жетінші рет болып отыр. Төрт рет аттанған адамдар нəтижесіз оралды.
– Дəндерді қайтара алмасақ, Шококентке не болады? – деді Рауза уайымдап.
– Онда Шококент толығымен еріп кетеді. Сосын балшықтан үй жасауға тура келеді. Ол балшықтың иісі өздерің білетін хош иіс емес.
– Шококент емес Балшықкент болып кетеді ғой, – деді Елдес.
– Адам балшықтан жаратылған ғой. Несі бар тұрамыз, – деп терең мағыналы сөздер айтты Рауза.
– Адам балшықтан жаратылғаны рас. Бірақ мынау сасық балшық қой. Сендер одан да дəндерді қайтарудың жолын қарастырыңдар, – деп салмақты сөйледі Нуа ата.
Ары қарай былай жалғастырды:
– Өмір деген өте қысқа 60—70 жыл. Сол өмірді ерлікпен толтырыңдар. Əркімнің ерлігі əрқалай. Сендердің ерліктерің – осы жол, қолдарыңнан келетін барлық нәрсені жасаңдар. Əйтпесе, қорқақ сорлы болып қаласыңдар, – деп ауыр сөз айтты қария.
Кенеттен екеуі де иықтарында ауыр жүк барын сезінді. Тіпті Елдестің басынан тер бұрқ етті. Екі батыр жаупкершіліктің қандай үлкен екенін сезінді.
Рауза алға бір аттап:
– Біз дайынбыз. Бұл жолда жанымызды да беруге дайынбыз, – деп сеніммен айтты.
Жүректен шыққан бұл сөздер Нуа қарияны қатты қуантты. Үмітпен оларға қарап:
– Онда дайындықты бастайық! – деген дауысы бүкіл бөлмені алып кетті.
– Қандай дайындық? Біз дайын емеспіз бе? Екеуіміз де жақсы садақ атып, жақсы қылыштасамыз. Оған қоса мен күрес шеберімін, – деп Елдес кішкене мақтанышпен айтып еді. Қария:
– Бұл жақсы, бірақ жеткіліксіз. Ерекше қабілеттерге ие болу өте маңызды. Осыдан бастап мен сендерге ұстаздық етемін, – деді.
Елдес шыдамай:
– Ол қандай ерекше қабілеттер, – деді де сылқ ете қалды.
– Касиетті кітапты оқи білу, – деп Нуа ұстаз бір қызыл кітапты сөреден алып шығады.
Кітаптағы жазулар ежелгі төте жазумен жазылған еді. Кітаптың бір бөлігі карталардан болды. Ал картаның үлкендігі дастарханның жартысындай еді.
Қария картадағы бір жерді көрсетіп:
– Сендер қазір мына жердесіңдер, – деп сарғылт түсті мекенді көрсетті.
– Ал баратын жерлерің мына жақта, – деп қара түсті мекенді көрсетті. – Алдарыңда, нақты білмеймін, бірақ бірнеше патшалық жəне таңғажайып елдер тұр. Солардан өтіп Тұздейімге жетесіңдер. Тұздейім патшасы Қаруас болады. Ол туралы бар білетінім ол жақсы адам емес… немесе адам емес деуге де болады, – деді.
Нуа ұстаз екі қонаққа бір аптада төте жазуды толығымен үйрете білді. Ал еңбекқор жолаушылар бос уақыттарында орманнан отын жинады. Отын вафлиден жасалған теректер еді. Бірақ жағуға жарайтын. Нуа ұстаз бір кеште əдеттегідей əңгімесін бастады:
– Сіздер ертегі еліне сенесіңдер ме?
– Білмеймін, – деп жауап берді Елдес.
– Атам ұйықтар алдында айтып беретін, – деді Рауза жымиып.
– Ал мен сенемін, – деді күтпеген жерден қария.
– Əзілдеп жатырсыз ба? – деді Елдес.
– Бар білетінім ол Құсжолы елінде, – деп қария жайбарақат əңгімесін жалғастырды
– Жер домалақ екен, – деп кішкене күліп жіберді қарт. – Аспаннан су жаңбыры жауады екен. Үйлерін кірпішпен тастан жасайды екен. Бұл не деген керемет. Тағы сол сияқты ғажайыптар бар екен. Сиқырлы ел деп осыны айт.
– Бізде заттар көбінесе тəтті нəрселерден жасалған. Шоколад үй, ағаштардың өзі халва немесе женттен. Бал көлі, шырын өзені дегендей, – деп маужырап үн қатты Рауза.
– Ең сиқырлысы: ол жақта бір ағаш алма береді екен, ал бір ағаш жүзім, ал басқа бір ағаш өрік тағы сол сияқты. Бəрі бір топырақтан шығады екен, – деп жан-жүрегімен түсіндірді Нуа ұстаз.
– Бұл деген керемет қой, – деп өз-өзін ұстай алмады Рауза.
Елдесітің аузы ашылып:
– Бір топырақтан ба!? Бұл дегенің нағыз ойға келмейтін нəрсе ғой, – деді.
– Ал қайырлы түн, балақайлар! – деп, Нуа ұстаз өз бөлмесіне кетті.
Екі кішкентай батыр тез арада ұйықтап, түстер əлеміне сүңгіп кетті. Екеуі де бірдей түс көрді. Сол Құсжолы сиқырлы əлемінде саяхат жасап жүрді. Домалақ жерде домалақ алма жеп, жасыл жоталарда екеуі домалап жүрді. Не деген керемет түс еді. Жер де домалақ, ай да домалақ, күн де домалақ, киіз үй де домалақ, тіпті доп та домалақ.
Екеуі сол күні ерте тұрып алып, күні бойы сол таңғажайып түсті талқылап, əсерінен шыға алмады.
Сол кеш Рауза мен Елдес екеуі сиқырлы кітапты ашып оқуға тырысты. Сол уақытта
Нуа ұстаз орманнан бал əкелуге шығып кеткен еді. Кітап екеуін шақырып тұрғандай болды. Нуа бұл кітапты оқуды үйретсе де, əлі кітаптан ештеңе оқымаған еді. Елдесті бір тылсым күш баурап алғандай болды. Ол кітапты тауып алып Раузаға:
– Раузажан, кітапты көрейікші, – деді ақырын дауыспен.
– Ой, керегі емес. Нуа ата өзі көрсететін шығар, – дейді кішкене қорқақтап.
Елдес кітапты ашып жатып:
– Мен онда оқи берем, – дегенде Рауза қасына жүгіріп келіп:
– Жарайды, мұнда тұрған ештене жоқ, – деп інісіне қосыла кетеді.
Кітап өте ескі еді, кейбір парақтары жұлынып қалған. Бірақ бұл оны одан сайын тылсымды етті. Кітаптың сыртында Қайн кітабы деген жазу болды. Олар əр сөзді, тіпті əр əріпті зейін қойып оқи бастады. Кітап былай басталды:
Суық кейде күйдірер,
Абайла от емес білсең егер.
Адамның ішіндегі семсер,
Əр сөзің шықпасын бекер.
Келесі бетте карта болды. Ол бетте таулар мен ормандар анық көрініп тұрды.
– Ия, ия, ашып оқи беріңдер! – деген бір дауыс терезе жақтан келді.
Екеуі де шошып кетті. Бұл дауыс терезенің алдындағы қарғадан келген еді. Бірақ қарғаның түсі ақ болды.
– Сен кімсің? – деді Рауза бірден.
– Мен Ақғамын. Осы маңайдан жай ұшып бара жатқам, соғып кетейін дедім. Нуа ата жоқ па? – деді ішке бір қарап.
– А-а-а, неге сенің түсің ақ? Əдетті қарғалар қара болушы еді, – деді Елдес қарғадан көз алмай.
– Менің анам мені «аппағым-аппағым» деп өсіргендіктен, осылай аппақ болып кеттім. «Аналардың дұғасы қабыл болады» дейді. Əйтпесе анам өзі қара.
– Мәссаған, ақ қарға деген де болады екен-ау! – деді Рауза таңғалысын ұстай алмай.
– Бұл деген керемет қой. Ешкімге ұқсамаған, – деді Елдес.
– Сыртқы келбет көбінесе алдамшы болады. Сендер білмейсіңдер ғой, – деп еді қарға.
Бір кезде үйдің сыртында біреудің жүргені естілді. Есік шиқылдап ашылып, Нуа ұстаз ішке кіріп келді. Қарға лезде ұша жөнелді.
Елдес ыңғайсызданып кітаптан қолын тарта қалды. Нуа ұстаз жымиып:
– Ештеңе етпейді. Демек кітаптың уақыты келген екен ғой. Келіңдер, бірге оқиық.
– Ата, кешіріңіз, шыдай алмай кеттім, – деп, Елдес басын жерге қаратты.
– Жоқ, кітап сені шақырған ғой. Бір таңғалғаным кітапты қалай тауып алдыңдар? Оны ешкім таба алмайтын еді. Ал келіңдер, уақыт жоғалтпайық, – деп сақалды ұстаз кітапты қолына алды.
– Мына бетте Тұздеймге баратын жол басталады. Кейбір парақтар жоқ. Сол парақтарды тауып, Тұздеймге жетесіңдер. Бірақ бұл жеткіліксіз. Ол жерге жеткеннен кейін, кітаптің соңғы бетіндегі дұғаны оқу керек, сол кезде мақсаттарыңа жетесіңдер, – деді ақсақал.
Рауза кітаптың соң жағын ашып қарап:
– Мұнда еш дұға жоқ қой, – деді таңғалып.
– Кейбір нəрселерді мен де толық білмеймін. Ақылдарыңды қолдануларың керек, – деп күрсініп қойды ұстаз. Сосын былай жалғастырды:
– Сендердің мақсаттарың – сол кітаптың соңғы жағындағы дұғаларды табу. Осы дұғалардың күшімен Қаруасты жеңе аласыңдар. Мына кітапта Тұздейімге қай бағытпен бару керек екені көрстетілген. Сендер жолға шығуға дайынсыңдар. Іске сəт!
Рауза бір жағынан қорқып, бір жағынан қуанып:
– Онда уақыт жоғалтпай ертең жолға шығайық, – деді.
Нуа бірден іркіліп:
– Жоқ, ертең емес қазір шығасыңдар. Əр минут маңызды. Шоко əлеміндегі əр ел бұзылып жатыр. Сондықтан асығыңдар.
Екеуі тез арада дайындалып, сол күні жолға шығып кетеді. Олар ұстаздарымен қоштасып, əр айтқан сөзін жаттап алады. Нуа ұстаз қасиетті кітапты Шококенттен келген Елдес пен Раузаға тапсырады.
Алғашқы қадамдары ну орманның ішімен жүру болды.
5. Тақиялы періште
Біраз жол жүрген соң қатты жаңбыр жауып кетеді. Бір жаңбыр тамшысы Раузаның аузына түсіп кетеді.
– Ой мына жаңбырдың дəмі ащы ғой, – деп тоқтай қалады Рауза.
Елдес оған бұрылып:
– Демек Тұздейім елінің аумағына кірдік. Енді əлдеқайда мұқият болуымыз керек, – деді. Олар таудың етегіндегі үңгірге кіріп кетеді. Тұзды жаңбыр одан сайын құяды. Саяхатшылар қатты шаршағандарынан шыдай алмай, ұйықтап кетеді. Елдес түсінде тұзды шырын ішіп жатып, бірінші болып ұйқыдан оянады. Уақыт түстің кезі, бірақ үңгірдің іші қараңғы. Елдес қасындағы апайын да оятады.
– Ойбай, Раузажан, үңгірдің ауызы жабылып қалыпты! – деді Елдес көзін қайта-қайта уқалап.
– Енді қайттік, – деді әпкесі жа-жағына қарап.
Үлкен тас жоғарыдан құлап, үңгірдің аузын жауып тастапты.
– Қане, итеріп көрейік, – деді Елдес үстіндегі жейдесін шешіп.
– Қалай? Тас тым үлкен ғой.
– Не де болса көрейік.
– Ия, ұстазымның айтуы бойынша құлайын деп тұрған ауыр затты үрлеп құлатуға болады.
– Жарайды, көрейік.
Екеуі бірге итеріп көреді. Бірақ тас тіпті орнынан да қозғалмады. Тас тым үлкен еді. Рауза жасаурап:
– Енді осы жерде қалып қоятын болдық. Кім бізді құтқара алады? – дейді жылағысы келіп.
Бір кезде үңгірдің сыртынан біреудің жүргені естіледі.
– Бұл кім? – деп сұрайды Елдес.
– Мен, Теруес, отыз жетінші аспанның періштесімін. Сіздердің дауыстарыңызды естіп жақындап едім, – деп өзін таңыстырды.
– Біз үңгірден шыға алмай тұрмыз. Бізге көмектесші, – деп Рауза көмек сұрайды.
– Бұл сіздерге байланысты. Білетінімді айтайын. Бұл үңгірден шығудың жолы: өміріңізде істеген шынайы жақсылығыңызды айтып жалбарыну керек.
Бірінші болып Рауза бастайды.
– Мектепте наурыз мейрамында ата аналарымыз сыйлық жасаған. Сол кезде бір балаға сыйлық жетпей қалған еді. Бұл сыйлық өте сирек кездесетін жасыл шоколад еді. Жаным қатты қаласа да, өз сыйлығымды сол балаға бере салдым, – деп өз жақсылығын айтады.
Бір кезде тас кішкене жылжиды. Бəрі қуана кетеді. Бірақ шығу əлі мүмкін емес еді. Екінші жақсылығын Рауза жалғастырады.
– Қалада ағамның арбасымен жолға шыққанбыз. Баратын жеріміз кішкене алыстау еді. Жолда жаяу жүріп бара жатқан қарияны арбаға салып алдық. Арбадағы өз орнымды беріп, мен жаяу жалғастырдым. Қатты шаршаған едім, – деп жақсылығын айтты.
Тас тағы кішкене жылжыды. Шығу əлі де мүмкін емес еді.
Енді Елдес айтуы керек еді. Кішкене ойланып қалды. Ішінен көп жақсылық жасадым, бірақ арасындағы шынайысы керек. «Қазір тас жылжымай қойса қайттім» деп алаңдады. Кішкене ойланған соң əңгімесін бастады:
– Бір жылдары, сен екі айға саяхатқа кеткенде, анамыз қатты ауырып қалған еді. Сол жылы достарымен көптен армандаған Еруен тауына саяхатқа шығатын болдық. Бұл таудың ерекшелігі таудың басында алтын шоколад пісетін. Бұл алтын шоколад пісу үшін аспанда Ұларбент кометасы жерге жақыннан өту керек. Ол жүз жылда бірақ рет болады. Сондықтан бұл мүмкіндік өмірде бірақ рет болады. Ал бұл шоколадтың дəмі өте ерекше. Оны жеген адам дəмін өмір бойы сезіп жүреді екен. Анам мені ойлап, аттанғанымды қалады. Мен де достарыммен бірге шығуды жаным қатты қалады. Бірақ анашымды бұл халде тастап кете алмадым. Осылайша анама қарап жазылуына көмектестім. Үйде тамақ істеп, кір жудым. Анам бұл əрекетіме қатты риза болды. Жүзіндегі бақытты көріп тауға бармағаным жақсы болған екен, – деп сөзін аяқтай берген еді, тас бірден жылжып арықарай домалап түсті.
Үңгірдің аузы ашылып, екеуі қатты қуанады. Олар бірден бағана үңгірдің сыртынан сөйлеген кісіні іздей бастайды. Құтқарушы алыстан көрінді, өзі қатты терлеп тепшіп келе жатыр екен. Теруес ақ киінген бозбала еді, түсі де ақшыл екен. Киімі ерекше жібектен тігілген жəне жарқырап тұрды. Жақындап келіп:
– Сіздердің жақсылықтарыңызды көкке жеткіздім. Содан қатты шаршап кеттім, – дейді ентігіп.
– Көмегің үшін рахмет. Бізді құтқарып қалдың, – деп Елдес ризашылығын білдірді.
Рауза періштеге тесіліп қарап:
– Бұрын-соңды періште көрмеген едім. Өз көзіме сене алмай тұрмын, – деп таңданысын ұстай алмады.
Теруес ыңғайсызданып:
– Бұл менің шынайы түрім емес. Бозбаланың келбетінде көрініп тұрмын, – деді.
– Сіздер о дүние туралы білетін шығарсыздар, сол туралы кішкене айтып бересіз бе, – деп Рауза екінші сұрағын қойды.
– Оны сол жаққа барғанда көре жатарсыздар, – деп жауап бергісі келмей, əңгімені басқа жаққа бұрып:
– Біраздан кейін менің достарым келеді, – деді Теруес.
Елдес түсінбей:
– Қандай достар, қай жерден? Сіздер қайда тұрасыздар? Қай елден боласыздар? – деп əрең тоқтайды.
Теруес жылдам қимылдап:
– Тоқта, тоқта, бір-бірлеп сұра. Қазір айтамын. Біз бағана айтқанымдай көктің отыз жетінші қабатынан боламыз, Райы періштелеріміз. Жұмысымыз жоғарыдан келген бұйрық бойынша сіздерге ауа райын даярлау. Санымыз бірнеше миллион болып қалады.
Раузаның көзі бақырайып:
– Сонда сенің қанша досың бар!? – деді.
– Енді сендерді санамағанда 297 512 399 досым бар. Кішкене аздау енді, бірақ достығымыз мəңгі.
– Рахмет бізбен дос болғаның үшін. Біз саған лайықты дос болуға
тырысамыз, – деп Елдес Теруеске қолын берді.
Бір сəтте үшеуі де күліп жіберді. Теруес жоғары қарап:
– Достарым да келейін деп қалды, – деді қуанып.
Шынында да көп кешікпей жаңбыр басталды. Аспаннан əр жаңбыр тамшысын бір періште əкеліп жерге түсіріп отырды. Сандары шексіз сияқты. Бір уақытта айнала періштелерге толды. Даланы хош иіс алып кетті. Пеіштелер бой жеткен мен бозбала кейпінде болды. Барлықтары өте сымбатты да, ажарлы жүзді болды. Іштерінен біреу алға шығып:
– Сəлем бердік, жас батырлар! Қош келдіңдер. Соңғы уақытта жаңбырдың дəмі ащылау болып кетті, бұның себебін білмейсіңдер ме? – деп сұрақ қойды.
Киім басқалардан ерекшелеу еді, қатты жарқыраған алтын түсті шапаны болды. Бұл олардың басшысы Испал еді.
– Иə, білеміз. Сол себептен біз осында жүрміз, – деді Елдес көңілі түсіп.
– Не болды сонда, айтасыңдар ма? – деп Теруес қосыла кетті.
Елдес ары қарай жалғастырып:
– Жарайды, айтайын. Тұздейімдіктер сиқырлы шоколад дəндерін ұрлап əкетті. Біз сол дəндерді қайтару үшін шықтық. Бірақ күлмеңіздер, неге соншама батырлар арасынан бізді жіберді деп. Үлкен əулие кісілер патшамызға бізді ұсынды. Сосын патшамыз Шокохан бізді жіберді.
– Жоқ, күлкілі емес. Сендердің орындарыңа басқа біреу келгенде анау үңгірден шыға алмайтын еді, – деп күтпеген жерден Испал қолдау көрсетті. Бірақ, бұл шынында да солай еді.
– Егер сиқырлы дəндерді қайтара алмасақ, басқа əлемдердің де халі мүшкіл болмақ, – деді Рауза.
Испал жерге қарап:
– Бəрі түсінікті. Сол себептен екен ғой батыстан тұзды жел соғатыны. Демек, Тұздейімдіктер күшейіп жатыр, – деді.
– Бізге қонақ болыңыздар. Біз үшін бұл құрмет, – деп періштелер патшасы қолын жоғары сілтеді.
Елдес уайымдап:
– Біз сіздер сияқты ұша алмаймыз, – деді.
– Ол жағын қатырамыз, – деді Теруес.
6. Аспандағы шайқас
Періштелер бір-бірлерін ұстап, əуе шары тəрізді екі сыйлы қонақтарының қолдарынан ұстап, көкке самғай кетті. Нұрдан жаратылған бұл періштелерге екеуін ұшырып əкету қиынға соқпады. Періштелер болғасын ба, еш қорқыныш сезімі болмады. Екеуі
бұлттар арасынан құстай ұшып, жерді биіктіктен тағы бір тамашалады. Қастарында Теруес досы самғап бара жатыр. Елдес оған бұрылып:
– Мекендеріңіз қайда? – деп сұрағаны сол еді.
Теруес:
– Əнееее! – деп қолымен оңтүстікке қарай көрсетті.
Шынында да, бұлттардың үстінде зəулім жарқыраған сарай көрінді. Бұл нұр шашып тұрған сарай күннің сəулесінен жасалған еді.
Жарты сағаттан кейін періштелер мекеніне жетіп қалады.
Сарайдың айналасынан үш рет айналған соң, жасыл қақпаның алдына келіп тоқтайды. Қақпалар жоғары қарай ашылды. Алдарынан түрі бұзылып кеткен Испал шықты. Бір нəрсе болғанға ұқсайды. Тез қастарына келіп:
– Шұғыл түрде тығылуларыңыз керек! – деп айғай салды.
Қонақтар ештеңе де түсінбей:
– Не болып қалды? – деп екеуі бірдей сұрады.
– Тұздейімдіктер сіздер жайлы біліп қойыпты. Сіздерді ұстау үшін əскерлерін жіберіпті. Олар жақындап қалды, тез арада тығылуыңыз керек, – деп Теруеске белгі береді. Өзі қолбасшыларын шақырып, шайқасқа бұйрық берді.
Теруес олардың қолдарынан ұстап ұша жөнеледі. Олар алыста қалқып бара жатқан бұлттардың арасына тығылып қалады. Аспан қонақтары мамық бұлттардың үстіне жайғасып, алыстан зәулім сарайды бақылап тұрады. Бір мезетте күн күркіреп, аспанды қара бұлт басып кетеді. Сосын найзағай жарқ кете қалады.
Теруес түрегеліп:
– Шайқас басталды, – дейді. – Сендер осында тығылып отыра беріңдер. Менің достарыма көмектесуім керек, – деп кетуге дайындалады.
Рауза шошып кетіп:
– Біз жерге құлап қалмаймыз ба? – деп уайымын білдіреді.
– Жоқ, мына менің киімімді киіп алыңдар, сол кезде құламайсыңдар, – деп кеудешесі мен қалпағын шешіп береді.
Теруес енді қызып келе жатқан ұрыс алаңына ұша жөнеледі. Шынында да, шайқас алаңы қатты қызып кеткен еді. Өйткені, найзағай ұрған жерлерде үлкен күш бөлінетін. Алыстан қарағанда жан-жақтың бəрі жарқылдап керемет шайқас болғанға ұқсайды. Оң мен теріс зарядтардың қақтығысуы аспанда күн күркіретіп, найзағай жарқылдады. Біраз уақыттан кейін найзағай басылады, тек алыстан күн күркірегендей болады.
Рауза мен Елдес қатты ұрысқа қарамастан, біраздан кейін ұйқылары келеді. Мұндай мамық төсекте жатып көрмеген олар қатты ұйықтап кетеді. Бұлттарға оранып алған саяхатшылар түстерінде сиқырлы шоколад дəндерін көріп жатады.
Бір уақытта:
– Адамдар, тұрыңдар, – деген дауыс оларды оятып жібереді. Рауза бірінші болып көзін ашады.
Алдында Теруес тұр. Рауза атып түрегеледі.
– Аман бысың, Теруес, не болды? Кім жеңді? – деп сұрайды.
– Əйтеуір төтеп бердік. Оларға кері шегінуге тура келді. Бірақ сендерге бұл жерде қалуға болмайды. Тұздейімдіктер қайтып келеді. Тез арада төменге түсейік, – деп Теруес қолдарынан ұстап, төменге секіруге дайындалды.
Олар ақырын қалқып төмен қарай түседі. Түскен жерлері орманның етегі еді.
Теруес:
– Мен сіздерді кішкене шығарып саламын, – деп екі шокидің қолынан ұстап жоғары ұша жөнеледі.
7. Ғанундағы оқиғалар
Саяхатшылардың денелері қызып, өзгерістерге ұшырағандай болады. Олар біраз уақыттан кейін Ғанун еліне жетеді.
Теруес бірталай күш жұмсап, Ғанун жеріне қонады. Жерге қонғанда, олар кенеттен аспанға ұшып кете жаздайды. Өйткені, бір жерден ұстап жүрмесе, үрленген шар сияқты аспанға ұшып кетесің.
– Ой, бұл не? – деп тамсана қарады Елдес.
– Қорықпаңдар, бұл елде кейбір нәрселер керісінше, соған
дайын болыңдар, – деп бір сілкіндіріп қойды Теруес.
«Қызық енді басталайын деген сияқты» деп ішінен ойлап қойды Елдес. Олар жерге түсе салысымен аяқтарын жоғары салақтатып, қолдарымен жүре бастады. Әйтпесе, аспанға құлап кетуі мүмкін еді. Жерге құлап үйреніп қалған бұларға қолмен жүру баста қиын болды.
Теруес өз мекеніне оралуға дайындалды.
– Ғанунда ай тұтылғанда сендерді қайтып осы жерден алып кетем, – деп қоштасып Теруес ұша жөнелді.
Сөйтіп, олар қолдарымен бұтақтан, тастан ұстап ақырын-ақырын шығысқа қарай жол жүреді.
– Менің түсінгенім мұнда тартылыс күші емес, итеріліс күші жұмыс істейді, – деді Елдес.
Рауза да ішінен: «ұстазым осында болғанда ғой. Көрер еді» деп ойлады.
Елдес математиканы қатты жақсы көретін шəкірт ретінде:
– Білесің бе, физика заңдылықтары өзгеріп отырады екен. Бірақ екі қосу екі барлық жерде төрт, – деп салмақты сөйледі.
– Ия, дұрыс айтасың, тіпті ұйқыдағы түсімде де солай: 2+2=4.
Біраз уақыт өткен соң алдарынан екі таудың арасында орналасқан бір қала көрінді. Қала аспанға құлап қалмас үшін екі таудың арасындағы көпірге салынған, яғни үйлерінің шатыры көпірден төмен қарап тұрды. Тауға өрмелеу әлдеқайда оңай болғанымен, Ахілеп-ухілеп, – деп әзер дегенде қалаға жетеді.
Елдес əпкесіне қарап:
– Рауза, қалайсың? Байқаусызда ұшып кетпе, – деп
алаңдайды.
– Жарайды, қорықпа, мен жақсымын. Гравитация деген нəрсе болушы еді. Тартылыс күші қайда кеткен?
– Не үшін міндетті түрде «тартылыс» болуы керек «итеріліс» күші болатын шығар, – деді Елдес оқымысты физиктер сияқты.
Олар қалаға жақындайды. Қала үйлері қанттан жасалған еді. Қақпасыз қалаға ақырындап аяқ басады.
Ғанун тұрғындары оларды қоршап алып, сұрақтарын жаудыра бастайды.
– Екі қосу екі неше болады?
Біреу шығып:
– Жердің ортасында не бар?
– Аспанда қанша жұлдыз бар?
Елдес пен Рауза таңғалып, бір-біріне қарап қалды.
– Əдетте, «сендер кімсіңдер, не үшін келдіңіздер?» деген сияқты сұрақ қоюшы еді. Мына сұрақтар қызық болды ғой, – деді Елдес.
Рауза кішкене ойланып:
– Бұл сұрақтардың мағынасына қарағанда Ғанундықтар ғылыммен қатты айналысатын сияқты, – деді.
Кішкене уақыт өткен соң оларды патшаларына алып барады. Патша сарайында оларға мол дастархан жайып, жақсы күтіп алады. Тамақ ішіп болғаннан кейін, патша қонақтарға бұрылып:
– Қай құйын сендерді қуып əкелді? Кім боласыңдар? – деп сұрайды.
– Біз Шококенттен боламыз. Қасиетті Қайн кітабының кейбір парақшалары сізде деп естіген едік. Сол парақшалар керек еді. Сол үшін осында келіп отырмыз, – деді Рауза сенімді дауыспен.
Патша оны еш естімегендей:
– Қандай ғажап өнерлерің бар, бізге не көрсете аласыңдар? – деп сұрай жөнеледі.
Сонда Елдес:
– Мен жақсы күресемін, – дейді
Рауза болса:
– Қырық күн, қырық түн бойы шөлдетпейтін шоколад бар, – деп көптен бері сақтап жүрген сиқырлы шоколадты алып шығады.
Оларды тыңдаған патшаның жүзі күрт өзгеріп:
– Бізді ақымақ көргендерің бе, әлде мазақ қылғандарың ба, —
деп ашулана кетеді.
– Бұлардың ешқайсысы бізде ғажап емес және керек те емес, – дейді патша. Шынында, теріс жүрген адамға күрестің пайдасы шамалы. Ал ауа райы бұл жерде суық та емес, ыстық та емес еді. Адамдары сусынды және тамақты тек ләззат алу үшін ғана ішеді екен. Сондықтан, ағайындардың қабілеттері Ғанун елінде таңғаларлық болмады. Бұл елде адамдар судың үстінен жүреді, тіпті ұша алатын адамдар да бар екен. Бір қызығы, бұған ешкім таңғалмайды. Жаңбыр да жерден жоғары қарай жауады. Ал адамдары жүз жыл жасайды екен. Қаhарланған патша оларды зынданға тастауды бұйырады.
Елдес бұрылып:
– Тоқтаңдар! Көрсететін өнерім бар. Менде ондай ешқандай ерекше қасиет жоқ, аздап ән айтқаным болмаса. Анам үйреткен еді, – деп əн айтуға дайындалады.
Елдес анасының кішкентайынан құлағына құйған әнді шырқай жөнеледі. Сол кезде айналасындағы адамдар ауыздары ашылып тыңдайды. Бұл әннен тыңдармандар ләззат алып, жүректеріне су серпілгендей болады. Адам түгіл құстар мен жануарлар да тыңдай қалады. Елдестің дауысы күмбірлеп күллі Ғанун салтанатына естіледі. Тіпті өсімдік пен шыбын-шіркейлер де тыңдағандай болады. Бұрын-соңды ондай әнді естімеген Ғанун тұрғындары:
– Бұл қандай ғажап дауыс? Бұл қандай тамаша ән? – деп сұрай кетеді. Сөйтіп, бәрі аң-таң болып қалады.
Сонда Елдес былай дейді:
– Бұл əннің аты «Анашым», жүрекке жылы, құлаққа жағымды. Біздің елде кеңінен жайылған әніміз болып келеді.
Рауза мен Елдес таң атқанша ән айтып, Ғанун халқын бақытқа бөлендіреді.
Патша сонда былай дейді:
– Нағыз өнер осы, бәрекелді!
Қонақтар патшаға шоколад сыйлайды. Патша өте риза болып, қонақтарға ерекше көңіл бөледі. Патша оларға Ғанун елінің таңғажайып жерлерін көрсетеді. Ғанун елі сиқырлы әлем екеніне көздері жетеді. Патша олардан өз елдері туралы айтып берулерін сұрайды. Сол кезде олар:
– Біз жердің бетімен жүреміз, жаңбыр аспаннан жауады, қыста суық, жазда ыстық, өсімдіктің түсі жасыл, – деп т.б. нәрселерді айтқанда, Ғанун халқы айтқандарына сенгісі келмейді. Өйткені бұл нәрселер олар үшін таңғажайып нәрселер еді.
– Бұл айтқандарың тамаша ғой, – деп қызыққандарын білдіреді.
Сол сəтте Рауза:
– Біз ежелгі Қайн кітабының бөліктерін іздеп жүр едік. Сіздің елде бір бөлігі бар екен, сол бөлікті табуға көмектесе аласыз ба? – деп тағы да қайталап өтініш білдіреді.
Патша:
– Ол парақтар менде. Сендер оған лайықтысыңдар деп ойлаймын, – деп басындағы тəжінің ішінен тығып қойған парақшаларды алып шығады.
– Мінеки, сендер мұнда жазылғандарды бізден жақсырақ түсінесіңдер, – деп патша түрегеліп, оларға парақшаларды ұсынады. Сөйтіп олар Ғанун тұрғындарымен қоштасып, саяхаттарын жалғастырады.
Внимание! Это не конец книги.
Если начало книги вам понравилось, то полную версию можно приобрести у нашего партнёра - распространителя легального контента. Поддержите автора!Правообладателям!
Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.Читателям!
Оплатили, но не знаете что делать дальше?