Электронная библиотека » Рустем Сауытбай » » онлайн чтение - страница 1


  • Текст добавлен: 27 декабря 2017, 23:41


Автор книги: Рустем Сауытбай


Жанр: Книги для детей: прочее, Детские книги


Возрастные ограничения: +6

сообщить о неприемлемом содержимом

Текущая страница: 1 (всего у книги 2 страниц) [доступный отрывок для чтения: 1 страниц]

Шрифт:
- 100% +

Қиял Әлемінен
Ертегілер
Рустем Серікұлы Сауытбай

© Рустем Серікұлы Сауытбай, 2017


ISBN 978-5-4490-1423-8

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

Тоқаш жеген Тоқашай

Сәмен тоғайындағы Шәрен деген жотаның басында, тышқандар отбасында Тоқашай деген қыз тышқан дүниеге келіпті. Әжесі тоқаш пісіріп жатқан кезде туғандықтан есімін Тоқашай деп қойған екен. Оның көздері бақырайған, құлақтары салбыраған болса да өте сүйкімді болыпты.

Тышқан әке-шешелері оны өте жақсы көреді екен. Ол тоқаш жегенді қатты ұнататын. Өсе келе өзі сондай батыл және əуесқой болады. Әке-шешесін:

– Ай неліктен домалақ? Сиыр қалайша көк шөп жеп, ақ сүт береді? Аспандағы жұлдызды алып берші, – деп мазалай берді.

– Мынау не? Ол қалай? Неге? – деген сұрақтарды көп қоятын. Әкесі тіпті кейбір сұрақтарына жауап таба алмай, сасқалақтап қалады екен.

– Қызым, біз түгіл адамдардың өзі сиырдан қалай ақ сүттің шығатынын білмейді, – деп əкесі, шашы болмаса да, басын қасып қалады екен. Әке-шешесі ерінбей, барлық сұраған нәрселерін түсіндіретін.

Тоқашайдың өзі қып-қызыл, құйрығы жалбыраған Рүшен деген тиін досы болады, Тоқашай оған әрқашан «мен сұрмын, сен неге қызылсың?» деп тиіседі екен. Екеуі бір-бірлерінің құйрықтарын тартып ойнайды екен. Рүшен екеуі бұтақтан қайық құрастырып, арықтағы ағып жатқан сумен саяхатқа шығатын. Бірақ алысқа бармайды екен, өйткені жақын жерде екі аяқтылар, яғни адамдар тұрады.

Көк шығып, гүлдер гүлдеген уақытта Тоқашай мен Рүшен екеуі тоқаш жеп жатады.

– Алақай! Бүгін түнде тосын сый болады, – дейді Рүшен.

– Қайдағы сыйлық? Кім әкеледі? – деп таңдана сұрайды.

– Тоқашай білмейсің бе, осы айдың жиырма бірінде аспаннан әр жануарға сыйлық түседі. Итке – сүйек, сиырға – шөп, құстарға – бидай, маймылдарға – банан, тышқандарға – бидай сияқты, – деп Рүшен көкірегін көтеріп қояды.

Сол түні Тоқашай қатты уайымдап ұйықтай алмайды, сыйлығын ойлап, асыға күтеді. Түннің бір уақытында айнала тып-тыныш бола қалады. Тоқашай мөлдіреген көздерін жоғары қарай көтеріп, сыйлығым қашан болады деген қиялға беріледі. Жан-жағындағы көршілері, достары және ата-анасы тәтті ұйқыға беріліп түс көріп жатады.

Тоқашай бір мезетте күткен сәт боларын сезеді. Қолдары қалтырап, жүрегі қатты соға бастайды. Өз көзіне өзі сенгісі келмейді, жаңа туып келе жатқан айдың оң жағынан жұлдызға ұқсас жарық нүкте пайда болады. Бірақ ол жарық нүктенің түсі көгілдір екен. Ол жарық нүкте бірте-бірте Тоқашайға жақындап, үлкейе түседі. Тоқашай қорқып, теректің артына тығылып қалады. Жарық нүкте жақындап келіп, сайдың арғы жақ бетіне барып қонады. Тоқашай кідірмей, жүгіріп барып көктен түскен қаптың ішін ашады. Қаптың ішінде арпа, бидай, сұлы, тәтті-дәмділер мен ойыншықтар бар екен. Тоқашай қуанып кетіп, тойып жеп алады.

Таңертең тұрғанда әр жануардың бас жағында өз тосын сыйы дайын тұрады. Бірақ оған ешкім таңғалмайды, әркім өз ісімен жүріп кетеді. Тоқашай болса, бұл сыйлықтарды жануарларға жіберген кім екенін қатты білгісі келеді. Соны ойлағаннан маза тауып отыра алмайды. Бірінші кезекте әке-шешесінен сұрайды:

– Әке, әке, бізге мына сыйлықтарды кім дайындады? – дейді Тоқашай құлақтарын тікірейтіп.

– Бұл баяғы заманнан келе жатқан дәстүр, кімнің дайындағанын ойламаппыз-дағы, – деп үн қатады әкесі. Үйден жауабын ала алмаған Тоқашай далаға аттанады. Қоржынына толтырып тоқаш салып алып, әке-шешесінен рұқсат алып, сұрағының жауабын іздеуге шығып кетеді. Ең алдымен, досы Рүшенге соғып, көптен бері екеуі дайындаған кемесіне бірге отырып кетеді. Бірінші кезекте сиырға барады.

– Сиыр тәте, бізге сыйлықтарды кім дайындады? – дейді ауыздарын аңқитып.

– Мөөөөө, білмеппін кішкентайларым, сендерге ол не үшін керек, сыйлықтарыңды алып тыныш отыра бермейсіңдер ме? – дейді күйіс қайырып тұрған ала сиыр.

Сиыр сұрақтың жауабын білмеген соң, олар «мысықтың жүрмейтін жері, кірмейтін тесігі жоқ қой» деп мысыққа барады.

– Мысық әпке, бізге осы сыйлықтарды кім жібереді? – деп сұрайды тышқан мен тиін.

Мысық ойланып тұрып:

– Миияяяу, білмеймін, еш ойланбаппын, – дейді.

Мысықтан да жауап ала алмаған екі дос енді қойға барады. Қойлар отар болып жүреді, көп естиді деп үміттенеді. Қойдың қасына барған соң:

– Қой аға, бізге осы сыйлықтарды кім жібереді? – деп сұрайды Тоқашай қатты үміттеніп.

Сол кезде қой бір маңырап:

– Мәәәәәәә, маған бәрібір, әйтеуір қарным тоқ, көйлегім көк, – деп жауап қатады.

Бұл жауаптардан кейін Тоқашайдың көңілі түсіп, Рүшенге бұрылып:

– Осылар қызық, сыйлықтарды кім жіберіп жатқанын білмейді, хайуан деген ең болмаса рахмет айту керек қой. Мен сыйлықтарды кім жіберетінін тапқанша тынышталмаймын, кім екенін тауып, алғысымды білдіремін. Осыншама жақсылықты кім жасап жүр, білу керек қой, – дейді.

Сөйтіп, олар «көп жерді аралап, саяхатқа көп шығады ғой» деп түйеге жолығады.

– Түйе апа, бізге осы сыйлықтарды кім жібереді? – деп сұрайды Рүшен.

– Бааааа, қайдан білейін, – дейді түйе асықпай басын көтеріп.

Түйеден үмітін үзген екеуі енді жылқыға барады. Талай жердің шаңын көтеріп жүрген жылқы білетін шығар деп ойлайды.

– Жылқы ата, бізге осы сыйлықтарды кім жібереді? – деп сұрайды Тоқашай.

Сол кезде жылқы:

– Ииииооооо, оны қайтесің? – дейді.

– Рахметімізді айтайық деп едік, көңіліміз тыныш таппай жүр, – дейді екеуі қосылып.

– Оны аспанда самғап жүрген бүркіт біледі, – дейді жылқы.

Осылайша, енді екеуі таудың басындағы бүркітке жолығуға барады. Олар бүркітті тауып алып:

– Бүркіт ата, бізге осы сыйлықтарды кім жібереді? – деп сұрайды Тоқашай соңғы күшін салып.

– Ия, кім жіберетінін мен білемін, – дейді бүркіт.

– Кім ол айтыңызшы, біз сыйлықтары үшін рахметімізді айтайық деп едік, – дейді екеуі.

– Мен кім екенін білемін, бірақ көрген емеспін. Ол сыйлықтардың иесі бұлттардың артында, кемпірқосақтың үстінде Жалдан деген сиқырлы елде тұрады. Сол елдің Әрес деген патшасы жібереді, – дейді қара бүркіт.

– Оған бізге жіберген сыйлықтары үшін рахметімізді қалай жеткізсек болады? – деп сұрайды тышқан.

– Ол елге сендер түгілі менің өзім ұшып жете алмаймын, өте қиын. Бірақ түннің ортасында сол елге қарай қатты жел соғады. Сол жел арқылы хат жазып ұшырып жіберсеңдер болады, хат иесіне жетеді, – дейді бүркіт.

– Мына қоржынымды жіберсем жел алып бара ма? – деп сұрайды бір кезде Тоқашай.

– Ия, әрине, желдің күші сондай қатты, – дейді бүркіт.

Осылайша, Тоқашай мен Рүшен ақ қағазға «Рахмет» деп жазады. Хаттарын сәлеммен бастап, жіберген сыйлықтары үшін бүкіл жануарлардың атынан шын жүректен лебіздерін білдіріп, ризашылықтарын айтады. Көңілдері қимаса да, тоқаштарды да хатпен бірге қоржынға салып бүркітке береді. Бүркіт көкке көтеріліп, қоржынды желмен қоя береді. Қоржын түнгі аспанға самғап, желмен бірге патшаға қарай ұшады.


Тоқашай мен Рүшен үйлеріне оралғанда, өздерін батыр сезінеді. Олар бастарынан кешкен барлық оқиғаларды жақындарына айтып береді. Көршілері мен жақындары олардың ерліктеріне қатты сүйсінеді. Шынында, олардың жасағандары ешкім жасамаған ерлік еді. Тоқашайдың көңілі жай тауып өзін бақытты сезінеді. Өйткені, ол аспанның арғы жағында Әрес патшаның тоқаш жеп жатқанын көріп жатқандай әсерде болады.

Берош пен Нəдеш

Жәндіктер мекенінде, бір жотаның етегінде араның ұясы болыпты. Аралар таңертеңнен кешке дейін бал жасау үшін еңбек етеді екен. Сол ұяда Берош деген кішкентай ара өмір сүріпті. Ол әлі кішкентай болғандықтан, үлкен аралар оған көп жұмыс бермейді екен. Кішкентай ара орманға серуендеуге көп шығатын.

Берош бір күні Нәдеш деген кішкентай құмырсқаны кездестіреді. Берош құмырсқаның қасына жақындап келіп:

– Сәлем, құмырсқа! – дейді.

– Сәлем, сары! – деп жауап береді құмырсқа.

– Мен – Берошпын. Сенің атың кім? – дейді кішкентай ара.

– Менің атым Нәдеш, – дейді құмырсқа.

Берош құмырсқаға қарап:

– Білесің бе, біз өте еңбекқор жәндікпіз, – дейді мақтанып.

– Қалайша? – деп сұрайды құмырсқа.

– Біз бір тамшы бал жинау үшін мыңдаған гүлді аралаймыз, балды тіпті адамның өзі де жасай алмайды, – деп жауап береді кішкентай ара.

Құмырсқа болса:

– Тамаша, бірақ біз жануарлар арасында ең ақылды жәндік болып саналамыз, – дейді көкірегін көтеріп. Осы кезде оларды бағанадан бері аңдып тұрған өрмекші жақындап келіп, торын бұларға лақтырып жібереді. Берош пен Нәдеш қашып үлгіре алмай, торға оралып қалады.

– Ә-ә, қолға түстіңдер ме, бәлем, мақтаншақтар! – дейді қызыл өрмекші.

– Жіберіңізші! – деп екеуі айғайлайды. Өрмекші бұларға:

– Жоқ, сендер маған керексіңдер, – дейді мәз болып.

Берош не айтарын білмей:

– Жіберіңізші, мен математиканы жақсы білем. Алтыбұрышты жақсы салам, – дейді жалбарынып.

Нәдеш де бұдан қалыспай:

– Ал мен жапырақты жақсы кесемін және отын тасимын, – дейді.

– Жо-жоқ. Маған математика да, жапырақ та керек емес. Маған сендер керексіңдер, – дейді өрмекші аузын жалап.

– Мен болсам мықты тор тіге аламын, – деп ол да мақтанады. Осы уақытта аспаннан бір торғай ұшып келіп, өрмекшіні ұстап алады. Торғай көкке көтеріліп, аузымен өрмекшіні іліп әкетеді. Ал өрмекшінің қолында тормен бірге Берош пен Нәдеш де болады. Ара мен құмырсқа барынша айғайлап:

– А-а-а, өрмекші, бізді жіберші, – дейді. Өрмекші болса:

– А-а-а, торғай, мені жіберші, мен жақсы киім тігемін, – деп жалбарынады. Торғай қуанып:

– Жоқ, жібермеймін, сен маған керексің, мен болсам ағаштан жақсы ұя жасай аламын, – деп мақтанады.

Торғай көлдің үстімен ұшып бара жатқанда, оны шап беріп сұңқар ұстап алады. Ендігі кезекте торғай айғай салады:

– А-а-а, сұңқар, мені жіберші, – дейді бар даусымен. Сұңқар болса:

– Жоқ, жібермеймін, сен маған керексің, – дейді күліп.

Осылайша, сұңқардың тырнағында торғай, ал торғайдың аузында өрмекші, ал өрмекшінің аузында тор, ал тордың ішінде Берош пен Нәдеш ұшып бара жатады.

Сұңқар «Мен қандай шапшаңмын» деп мақтанып, биік таудың қасынан ұшып бара жатқанда, оның басына жартастан құлаған бір кішкентай тас тиіп кетеді. Сұңқардың басы айналып, жерге құлай бастайды.

– А-а-а! – деп сұңқар айғайлай бастайды. Сұңқардың тырнағында торғай, торғайдың аузында өрмекші, өрмекшінің аузында тор, тордың ішінде Берош пен Нәдеш айғайлап жатты. Барлығы айғайлап, ормандағы ағашқтарға құлай бастады. Олар бұтақтар мен жапырақтарға соғылып, жан-жаққа шашылып, әркім әр жаққа құлайды. Біразға дейін өз-өздеріне келе алмай жатып қалады.

Нәдеш Берошқа жақындап:

– Тірі місің, досым? – деп сұрайды.


– Ия, шүкір, бәрі жақсы, ағашқа құлағанымыз жақсы болыпты, жұмсақ түстік, – дейді Берош.

Құстар мен жәндіктер бір-бірлеріне тиіспей, біраз ойланып қалады. Аман қалғандарына қуанып кетеді. Қиын жағдайда болудың қандай екендігін түсініп, енді бір-біріне ешқашан тиіспейтін болады. Сөйтіп, барлығы жан-жаққа тарап, өз жұмыстарымен кете барады.

Динозавр Динош

Кішкентай динозавр Динош туғанда ата-анасы қатты қуанған еді. Өйткені олар оны көптен күткен болатын. Бірақ олар тағы қырық күн, қырық түн күтуге мәжбүр болды, өйткені Динош əлі жұмыртқаның ішінде еді.

Диноштың атасы сол кезде келіп:

– Осы тарихта жұмыртқа бірінші пайда болды ма, əлде динозаврлар ма? – деп əдеттегідей қайтадан балаларының бастарын қатыра бастады. – Динозавр жұмыртқадан шығады, бірақ жұмыртқа динозаврдан шығады. Сонда қалай болғаны?


Динош жұмыртқадан шығып, анасына бір қарады. Əкесі оны құшақтап: – Диношым менің, – деп бір еркелетті. Кішкентай динозавр тез өсіп, аулада жүгіре бастады.


Бір күні оның үйде іші пысып, орманға шығып кетеді. Орманға бірінші рет барған ол аң-таң боп аузы ашылып қалады. Бір кезде ағаштардың арасынан аю шыға келді. Бірақ кішкентай динозавр аюдан қорыққан жоқ. Аю бір бақырып:


– Ей, кішкентай динозавр бұл жерде не істеп жүрсің? Кет бұл жерден! Бұл менің жерім! – деп айқай салды.


Динош аюға күші жетпейтінін көріп, артқа шегінді.


– Жарайды аю, мен кеттім, – деп орманнан кетіп қалады.


Сөйтіп, Динош орманнан шығып, өзенге бет алады. Ыстықта суға шомылып, бір рахаттанайын деп өзенге кіре бергенде алдынан қолтырауын шыға келеді.


– Əй, жасыл кесіртке, бұл жерге неге келдің? Бұл өзен менің мекенім, кет бұл жерден! – деп айқайлап, үлкен аузын барынша ашады.


Динош оған да күші жетпейтінін сезген соң, артқа шегінеді. Енді қайда ойнаймын деп ойланған Динош тауға аттанады. Кішкентай болса да таудың басына шығып алады.

Бір мезетте алдынан жолбарыс шыға келеді. Шынында да, оның түрі өте қорқынышты еді. Аузынан тістері ақсиып көрініп, тырнақтары қылыштай екен. Динош аздап сескеніп қалады.


– Əй, кішкентай динозавр, қазір сені күлге айналдырып жіберем. Жаның барда тайып тұр бұл жерден! – деп бір ақырғанда жер сілкінгендей болады.


Динош абайлап кері жылжи бастады. Жолбарысқа күші жетпейтінін түсініп, таудан түсуге кірісті. Бірақ жолбарыс Диноштың артына түсіп, оны ұстап алғысы келді. Дегенмен, оған жете алмайтынын көрген жолбарыс кері қайтып кетеді. Жолбарыстан қашып құтылған Динош үйіне қайтып оралды.


Басынан кешкен бұл оқиғалар біраз уақытқа дейін ойынан кетпей қойды. Не болғанын əке-шешесіне айтып, олардың зəресін бір ұшырды.

Сөйтіп күндер өтті, апталар өтті. Динош ержетті. Ет жеп, қымыз ішіп, күшіне күш, бойына бой қосты.


Бірде анасына үй шаруасына көмектесіп болып, орманға шығып кетеді. Орманда біраз уақыт жүрген соң, алдынан тағы аю шығады.


– Əй, динозавр, не істеп жүрсің бұл жерде? Кет бұл жерден, – деп мінезін көрсетеді.


Динош сол кезде:


– Мен бұрынғыдай əлсіз емеспін! Ааааа!! – деп ақырып жібергенде, аю бұл үрейлі дауыстан шошып кетіп, жотаның ар жағына аунап түседі. Ол сол бетімен артына қарамастан қаша жөнеледі.


Динош орманда бірталай уақыт өткізген соң, өзенге бет алады. Суға енді түсе бергенде қолтырауын шыға келеді.


– Сен не үшін қайтып келдің, динозавр? Қазір сазайыңды тартасың, – деп Диноштың аяғынан тістеуге ұмтылады. Қолтырауын «аааа!» – деп тістегелі жатқанда Динош жерде жатқан таяқты оның аузына тірей қояды. Қолтырауын жақтарын қимылдата алмай, Диношқа ештеңе істей алмайды. Үлкен жасыл кесіртке сол бетімен суға кіріп, қайтып оралмайды.


Динош суда қалағанынша шомылып, демалған соң тауға шығады. Тауда серуендеп жүргенде, оны жолбарыс байқап қалады. Жақындап келіп:


– Қазір сені күлге айналдырып, көкке ұшырып жіберем, – деп шабуылға дайындалады.

Сол кезде Динош шапшаң қимылдап, жолбарыспен күресе кетеді. Қазақша күресті жақсы білетін Динош оны жамбасқа салып жығады. Осылайша, динозавр жолбарысты жеңеді.


Енді Динош қалаған жерінде серуендеп ойнай алатын болады. Ақырында, жыртқыштар кешегі кішкентай Диноштың өздерінен де күшті болғанына таңғалды. Күш атасын танымас деген осы.

Ормандағы ерлік

Кішкентай динозавр серуендеп келе жатты. Ол өзінің қалай ерлік көрсеткені туралы анасына айтып барды.

– Олардың сазайын тарттырдым! – дейді Динош мақтанып. Анасы сол кезде:

– Бірақ тым шектен шығып кетпе, – деп ақылын айтады.

– Жоқ, анашым, олар жаман жануарлар еді. Кішкентай болғанымда мені қуып жіберген еді, – дейді.

Динош əкесіне біраз көмектесіп болған соң, қайтадан орманға барды. Орманға барғанда бұрын-соңды көрмеген хайуандарды көреді. Ол жерде ақтиін, қоян, елік, тышқан, киік, борсық, тіпті түлкі де жүр екен. Ал суда болса қаз, үйрек, аққу жүзіп жүр. Тауда арқар ешкілер мəз болып, секіріп жүрді. Балықтар да асыр салып, ойнақтады.

Олар əуендетіп:

Аю кетті,

Қолтырауын кетті,

Жолбарыс кетті,

Неткен керемет,

Орман бізге текемет! – деп əн салып жүрді.

Осы кезде олар алыстан динозаврдың келе жатқанын байқап қашуға дайындалады. Бір кезде қоян:

– Тоқтаңдар! Бұл біздің құтқарушымыз! – деп айғай салады. Сол кезде жануарлар тоқтап, Диноштың қасына келеді. Барлығы өз ризашылығын білдіреді. Динош оларға:

– Енді ешкімнен қорықпай ойнай беріңіздер. Мен ол өзімшіл жануарларды қуып жібердім, – дейді.

Жануарлар бірігіп орманда ағаштан үй жасай бастайды. Динош оларға ауыр ағаштарды көтеруге көмектеседі. Бəрі бірге ағаштан əдемі үйлер жасайды. Бір мезетте тау жақтан ырылдаған дауыстар естіледі. Барлық жануарлар жалт қарайды. Аю, қолтырауын жəне жолбарыс қайта оралып келе жатыр екен. Ал алдарында айдаһар жүріп келеді. Мұрнынан түтін шығып, от шашуға дайындалып келе жатыр. Бағанағы қашқындар айдаһарды көмекке шақырған екен.

Жануарлар:

– Енді қайттік! – деп не істерін білмей тұрады. Сол кезде ақтиін:

– Айдаһарды жеңу оңай емес. От өте қауіпті, – дейді.

Динош кішкене ойланып:

– Қазір бəріміз анау сарқыраманың басына шығайық. Ол жерде бізге қажет тас бар, – дейді. Барлық жануарлар оны мақұлдап, Диноштың артынан ереді. Олар тез арада жартастың басына шығып алады.

Төрт жыртқыш жақындап қалады. Аю ызаланып:

– Қазір айдаһар көкеміз көрсетеді! – деп айқайлайды.

Айдаһар ақырып:

– Динош қайда? Қазір отқа қуырып жіберем, – деп бар даусымен айқайлайды. Жартастың үстінде тұрған Динош:

– Мен мұндамын! От жағу керек еді, тұтатып жіберші, – деп қалжыңдап қойды.

Айдаһар одан сайын ызаланып от шашайын деп аузын аша бергенде, Динош алдын-ала дайындап қойған шелектегі суды айдаһардың аузына шашып жібереді.

– Ппссссссссс, – деген дауыс естіледі.

Динош тағы бір шелек суды жоғарыдан құйып жібереді.

– Тссссссс, – деген дауыс шығады.

Айдаһардың оты өшіп, жөтеліп басы айналып қалады. Айдаһар суға қақалып, есін жинай алмай, жерге гүрс етіп құлайды. Оты өшіп, басы айналған айдаһар қаша жөнеледі.

Жануарлар қуанғаннан секіріп:

– Алақай! Біз жеңдік! – деп бір-бірлерін құшақтап, құттықтайды.

Арттарына қарамай қашқан төрт қарақшы енді қайтып келместей болады. Осылайша, жануарлар жаңа өмір бастайды.

Жер шетін іздеген көжек

Ертеде Лизли деген көжек өмір сүріпті. Бір күні күннің батқанына қарап отырып Лизлиге:

«Осы жердің шеті қайда екен ау?» – деген ой келеді.

Жатарда анасы оған қызықты ертегі айтып береді. Бірақ Лизлидің ұйқысы келмей қояды. Біресе оң жаққа, біресе сол жаққа аунап мазасы қашады. Өйткені бағанағы «жердің шеті қайда екен?» – деген ой оған ұйқы бермей қояды.

Сөйтіп, ол таң атқанша ойланып ұйықтай алмайды. Ертеңіне Лизли сұрағының жауабын табу үшін жолға шығып кетеді.

Лизли жердің шеті сол үйдің қасындағы жотаның артында болу керек деп ойлайды. Өйткені күн сол жақта бататын. Кішкентай көжек бар күшін салып жотаға жүгіріп барады. Бірақ, өкінішке орай жердің шеті ол жерде емес еді. Жотаның ар жағы да жалғасып жатты.

Сөйтіп, Лизли не істерін білмей отырғанда алдынан зорман шыға келеді.

– Сұр көжек, не іздеп жүрсің бұл жерде? – дейді зорман.

– Мен жердің шетін іздеп жүрмін, сен қайда екенін білмейсің бе? – деп сұрайды Лизли.

– Өй, оны қайтесің. Құлап кетемін деп қорықпайсың ба? – шошытып қояды зорман.

– Қайта қызық емес пе, жердің шетінде аяғыңды салақтатып отырған, – дейді кішкентай көжек.

Зорман кішкене ойланып:

– Менің ойымша жердің шеті анау тұрған тоғайдың артында болу керек. Кеттік бірге барайық, – дейді зорман да қызығып.

Осылайша, екеуі бірге орман жаққа жүріп кетеді. Екеуі біраз жүріп тоғайға жетеді. Өкінішке орай, тоғайдың артында жердің шеті болмайды.

«Енді қайттік..» – деп отырғанда қастарына қызыл тиін жақындайды.

– Екеулерің не іздеп жүрсіңдер? – дейді тиін.

– Жердің шетін іздеп жүрміз. Сен білмейсің бе? – дейді зорман үмітпен.

– Жоқ, білмеймін. Жақын маңда теңіз бар. Жердің шеті сол теңіздің ар жағында болу керек. Өйткені, күн сол жақта батады, – дейді тиін көзін бадырайтып.

Енді үшеуі жердің шетін іздеуге шығады. Бірнеше сағат жол жүрген соң алдарынан теңіз көрінеді. Теңіздің бітетін жері көрінер емес.

«Енді не істейміз?» – деп тұрғанда судан кит шыға келеді.

– Əй, кішкентайлар, не іздеп жүрсіңдер? – деп сұрайды көк кит жуан даусымен.

– Біз жердің шетін іздеп жүрміз, – дейді тиін құйрығын бұландатып.

– Ия, қызық екен. Ол туралы еш ойланбаппын, – дейді көк кит суын бұрқыратып.

Көк кит кішкене ойланып:

– Кеттік, үстіме отырыңдар. Мен де жердің шетін бір көріп қайтайын, – деп кішкентай саяхатшылардың қасындағы жартасқа жақындайды.

Үш кішкентай жануар жартасқа шығып киттің үстіне бірақ секіреді.

Көжек аздап уайымдап:

– Байқап жүзіңізші, жердің шетінен құлап кетпейік, – деді.

– Қорықпаңыздар, абай боламын. Ал кеттік! – деді көк кит көкірегін көтеріп.

Осылайша, олар батысқа қарай бет алды. Олар қанша жүзсе де, жердің шетін анықтай алмайды. Бірнеше күн өткен соң қара жер көрінеді. Барлығы судан шаршағаннан жерді көргенде қуанып кетеді.

– Алақай!!! – деп бəрі бірге айқай салады. Тіпті кит те суын бүркіп қуанып кетеді.

Бір қызығы, жағаға жақындаған сайын бұл жерлер таныс боп келеді.

Қоян, зорман жəне тиін жағаға шығып, бұл таныс жерді аралайды.

Соңында бұл жер өздерінің мекені болып шығады. Біраз жүрген соң алыстан Лизлидің үйі көрінеді. Ар жағында жота мен орман да көрініп тұр.

Үшеуі таңғалып:

– Сонда біз қайтіп мекенімізге келдік пе? – дейді.

Зорман кішкене ойланып:

– Ия, біз айналып елімізге қайта келдік. Жердің шеті болмағаны ғой сонда.

– Бірақ біз қалай мекенімізге қайтып келдік? – деді тиін.

Лизли терең ойға түсіп:

– Өйткені… өйткен, і жер домалақ! Сондықтан біз айналып, саяхатымызды бастаған жерге қайтып келдік! – деді.

Внимание! Это не конец книги.

Если начало книги вам понравилось, то полную версию можно приобрести у нашего партнёра - распространителя легального контента. Поддержите автора!

Страницы книги >> 1
  • 0 Оценок: 0

Правообладателям!

Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?


Популярные книги за неделю


Рекомендации