Текст книги "Төңкеріс. Пиесалар"
Автор книги: Нурлан Кемешов
Жанр: Драматургия, Поэзия и Драматургия
Возрастные ограничения: +18
сообщить о неприемлемом содержимом
Текущая страница: 6 (всего у книги 26 страниц) [доступный отрывок для чтения: 9 страниц]
Көмекшісі басын изейді де екеуі кетеді.
Эпилог
Біраз уақыттан кейін Жамал, Гүлнәр, Берік және Лариса келеді.
Гүлнәр. (сұлап жатқан Ғабдуррахманды көріп, столдың арғы жағында жатқан Асқар мен Иванды көрмейді) Ой! Мынау кім-ей?!
Жамал. О Алла! Бұл шейх Ғабдуррахман ғой! Бұған не болған? Мынау не ағып жатқан оның астынан? Ойбай! Мынау қан ғой!
Гүлнәр. (Ғабдуррахманды айналып өтіп Асқар мен Иванға көзі түседі де шыңғырып жібереді) Папа! Ваня! (не істерін білмей екі мәйітке кезекпен қарап тұрып қалады)
Жамал. Гүлнәр! Не болды? Асқар… (столды айналып өтіп Асқардың өлігінің жанына тізерлей отыра кетеді де күйеуінің басын қолына алып көз жасын ағытады)
Лариса. (жүгіріп барып ағасының мәйітінің жанына отыра кетіп ол да егіледі) Аға! Ағатай! Енді сенен де айырылдым ба?! Кешір! Манағы сөздерім үшін кеш мені… а-а…
Жамал. Е-ей! Асыл ерім ай! Асқарым ай! Өз қолыңмен жіберген қателігіңді өз қолыңмен түзеген екенсің ғой. Өз күнәңді өз қаныңмен жуған екенсің ғой. Иә Алла! Кеш мені! Кешегі сөзімді қайтып алдым. Қайтып алдым. (егіліп жылайды)
Гүлнәр әкесі мен жігітінің ортасына отыра кетеді, оның екі қолы екеуінің үстінде, ол да егіліп отыр. Берік шешесінің жанында отыр, Жамал оны бір қолымен құшақтап алған.
Жамал. (басын көтеріп залдағы көрермендерге) Адамдар! Отандастар! Мұсылмандар! Сақ болыңдар! Осындай жалған шейхтердің азғыруына еріп кетіп, бейбіт тұрмыстарыңнан айырылып қалмаңдар! Өзара жарастықты арттырып, бір-біріңді: «мұсылман – кәпір» демей, «ақ – қызыл, бай – кедей» демей, «жоғарғы нәсіл, арийец – төменгі нәсіл, құл» демей, «орыс – қазақ» демей, қоғамды жіктеп – жарып, біреулеріңді екіншілеріңе айдап салуға жол бермеңдер! Сақ болыңдар! Бейбітшілікті сақтаңдар…
Жамал күйеуінің мәйітіне басын қойып егіледі. Осы кезде мешіттен азан шақырыла бастайды. Муәззиннің дауысы біртіндеп әуендеп, шарықтап кетеді. Сол әуенмен шымылдық жабылады.
Шымылдық
Ақын мен әкім
ДРАМА
Кейіпкерлер:
Қалкен – журналист, ақын.
Басар – аудан әкімі.
Жұмағали – әкімнің орынбасары.
Мерген – мәдениент бөлімінің меңгерушісі.
Мақпал – аудан әкімшілігі газетінің редакторы.
Жазира – жеке-меншік газетінің редакторы.
Самал – Қалкеннің зайыбы.
Алма – Қалкеннің бойжеткен қызы.
Қайрат – Қалкеннің мектеп бітірген ұлы.
Шолпан – әкімнің хатшысы.
Балхан Жүсіпова – әйгілі әнші, эстрада жұлдызы; және оның продюсері.
Сергей Андреевич – білім беру бөлімінің меңгерушісі.
Васильев – кәсіпкер.
Имам.
Әкімшіліктің қызметкерлері, саудагерлер, аудармашы, оқушылар.
Официант қыздар: Гүлбаһрам, Юлия, оның досы Саша, бармен, крупье.
Презентацияға қатысушылар.
Ақын бала Ақынжан.
Бірінші көрініс
Әкімнің жиналыс өткізетін кабинеті. Бастықтың столына жалғасқан ұзын стол. Әкім өзінің орнында. Ұзын столдың жағалауында: Жұмағали, Мерген, Қалкен, Мақпал, Сергей Андреевич, Жазира және аудан әкімшілігінің басқа қызметкерлері. Әкім сөйлеп отыр. Қалкеннің қолында блокнот пен қалам. Жазираның қолында диктофон.
Әкім. … Енді кемшіліктерге көшелік. Менің анықтағаным – мемлекет тілінің нашар жағдайы. Ауылдарды алсақ – оларда қазақ мектептерінің саны 80 пайызға жуықтап қалыпты; бұл көрсеткіш жаман емес. Алайда, аудан орталығында жағдай нашарлау – қазақ тілінде сабақ беретін мектептер саны небары 40 пайыз. Қалалық 3 бала-бақшалардың біреуі де қазақ тілінде тәрбие бермейді. Бұл қалай, Сергей Андрей-ұлы?
Сергей Андреевич орнынан тұра бастайды, бірақ әкім қолын сермеп салып оны отырғызады.
Әкім. Жолдастар! Біз қазақ мектептерінің санын арттырмай мемлекет тілін тиісті деңгейге көтере алмаймыз. Сондықтан, жедел түрде аудан мектептерінің барлығын мемлекет тіліне көшіруіміз керек. Бұл жөнінде аудан әкімшілігінің қаулысының жобасын дайындап, соны талқылап, келесі маслихаттың сессиясына ұсыну керек. Кәне, не дейсіңдер? (отырғандар үндемейді, сондықтан оларды көзімен шолып өтіп) Сергей Андрей-ұлы, бұл мәселе жөнінде айтарың бар ма?
Сергей Андреевич елең етіп басын көтеріп әкімге қарайды. Бірдеме деу керегін түсініп сөзін бастайды.
Сергей Андреевич. Басар Базарович, в текущем году наш отдел образования проделал определенную работу по повышению роли государственного языка…
Әкім. Тоқтай тұр! Сергей Андрей-ұлы, егер бастықтың өзі қазақша сөйлемесе, онда қалай ол қарауындағы мекемелерде, мектептерде мемлекет тілінің жағдайын жақсартпақ?
Сергей Андреевич түсінбегенін білдіріп Жұмағалиға қарайды.
Жұмағали. Сергей Андреевич, Басар Базарович спрашивает: как вы сможете повысить роль государственного языка в подведомственных учреждениях и школах, если сами на нем не говорите?
Сергей Андреевич. Но мы сейчас изучаем казахский язык.
Әкім. (түсінбегенсіп) Не дейді?
Жұмағали. «Қазақ тілін оқып жатырмыз», – дейді.
Әкім. Бәрекелді! (Сергей Андреевичке) Онда айтатын сөзіңді қазақша айт. Түсіндің бе?
Сергей Андреевич. (басын шұлғып, қызараңдап) Һм! Биз… биз… мем… мим… мемликет тилин… тилин… это… тилин… (қызарып кетіп, қағаздарын жинап кабинеттен шығып кетеді. Отырғандарда үн-түн жоқ).
Әкім. (көзімен оны шығарып салып) Міне – білім беру бөлімі меңгерушісінің түрі мынау. Жұмағали! Бұл орынға қазақты қою керек. Оқу бөлімінде қазақ қызметкер бар ма?
Жұмағали. Бар. Меңгерушінің орынбасары қазақ. Сәкен деген жас жігіт.
Әкім. Жастығы айып емес. Тек еті тірі болса болды.
Қалкен. Сергей Андреевич білім беру саласында қырық жылдан астам еңбек етіп келеді. Аяқ астында қазақша шүлдірлей сөйлеп кетпедің деп орнынан босатуға бола ма?
Әкім. (Қалкенге шүйіліп) Әй! Бұл қайдан шыққан адвокат?! Аққұлақтарды осы күнге дейін басыңа қойып жүрген қай бейбақсың өзің?
Қалкен. (атып тұрып) Сіз сөзіңізді бағып сөйлеңіз! Әкім екенмін деп ауызға келгенді шатуға бола ма? Ал сіздің бүкіл орыс мектептерін қазақшаға аударамызға жол болсын! Ия, мемлекет тілінің жағдайы тиісті дәрежеде емес. Бірақ сіз ішкі ұлтаралық жағдайды да ескеруге тиістісіз. Біздің қаламыздың тұрғындарының алпыс пайызы орыс тілде сөйлейтін ұлттар өкілі. Сондықтан мектептердің басымы орыс тілінде білім береді. Бұл мәселеге үлкен абайлықпен кіріспесе…
Әкім. Тоқтат! (орнынан тұрып ерсілі-қарсылы жүріп кетіп, қалтасынан темекі алып тұтатады. Сосын орнына келіп, темекі қыстырған екі саусағын Қалкенге кезеп) Дәл осы сен сияқты жамандардың кесірінен қазақ орысқа тәуелді болды. Өз тілінен айырыла жаздады.
Қалкен. (жанында отырған Мерген оның жеңін тартып бірдеңе деп сыбырлайды. Қалкен қолын жұлып алып) Қазақтардың қалай орыс мемлекетіне тәуелді болғаны жөнінде тарихта нақты деректер бар. Егер білмесеңіз, мен айтайын: ең әуелі Тәуке хан, содан кейін Әбілхайыр…
Әкім. Хандарда нең бар ей! Өткенді қопармай қазіргі жағдайды ойла. Қазақстан тәуелсіздік алғанына жиырма жылға жуықтап қалды, ал біз әлі орыстардың ықпалынан шыға алмай жүрміз. Неліктен? Қорқамыз. Неден? (Қалкеннің сөзін мазақтап қайталап) «… ішкі ұлтаралық жағдайды да ескеруге тиістіміз», «… бұл мәселеге үлкен абайлықпен кірісу керек». Қашанға абайлай бермекпіз? Ә?! Кезінде орыс империасы бізді жаппай орысшаландырумен құртпақшы болды. Ендігі кезек біздікі. Енді біз жаппай қазақшаландыруға кірісеміз. Кімге ұнамаса – кетсін Ресейіне, жол ашық.
Қалкен. Сонда не?! Біздің демократиялық мемлекетіміз империалистік саясат жүргізбекші ме? Орыс империалистері мен шовинистерінің жолына түспекпіз бе? Онда олардан біздің қандай айырмашылығымыз болмақшы? Сіз мынаны айтыңыз – бұл жоғарыдан түсіп тұрған нұсқау ма, әлде өзіңіздің ойыңыздан шығарып алған бірдеңе ме?
Әкім. (Жұмағалиға) Жұмағали-ау, айтшы – түсінсем бұйырмасын – мынауың кім өзі? Қызметі не – соншама әкімге әкіреңдейтін?
Жұмағали Мақпалға қарайды.
Мақпал. (қызараңдап орынан тұрып) Қалкен біздің газетіміздің корреспонденті. Бірақ оның мына жеке пікірімен біздің ұжым келіспейді.
Қалкен. Мақпал Бәкеновна, сіз қалай бүкіл ұжымның атынан сөйлейсіз? Сіз тек өзіңіздің көзқарасыңызды білдіріңіз.
Мерген. Қалкен-әй, қойсаңшы енді! Қалай сен үп-үлкен адаммен тайталасасың? Мына Мақпал да, жақсы болсын, жаман болсын, бастығың емес пе! Және де бастық бола тұрып ұжым атынан сөйлемей қайтпекші?
Әкім. (өзінің орнына қайтып келіп отырған) Мерген! Тоқтай тұр! (Мақпалға) Мақпал Бәкен қызы, мына немені жұмыстан босатасың. Дәл қазір, осыннан шығысымен. Басқарып отырған газетің – әкімшіліктің газеті, сондықтан мұны бұйрық деп ұқ.
Мақпал. (Қалкенге кейіспен қарап) Жақсы, Басар Базарови… Базар ұлы. Тек қана…
Әкім. Не?! Орнына кісі таба алмаймын дейсің бе? Табамыз! Мұндай аққұлақтардың адвокатымен қызметтес болғанша, мүлдем газет шығарамай-ақ қояйық.
Қалкен. (блокноты мен қаламын қалтасына салып, кетуге ыңғайланып) Жарайды… екі қолға бір жұмыс табылар. Осымен менің аузымды жабамын деп ойламаңыз. Әкімшілік газетінен басқа да басылымдар бар. (кетеді)
Әкім. Бар, бар! Ол басылымдарды да көреміз. Билікке көнбейтіні қайдан келіпті.
Жазира. (орнынан тұрып) Осы сөзіңізді дұрыс деп айтып тұрсыз ғой, иә? Менің қоластымдағы басылым – менің жеке меншік газетім. Мен қазір Қалкенді жұмысқа қабылдап аламын. Сосын көреміз сіздің билігіңізді. Қандай әкім болсаңыз да заңға қарсы шыға алмассыз. (ол да кетеді)
Әкім. Өй, өңкей жаман неме! Көрсек көрерміз! (столының үстіндегі қағаздарды ерсілі-қарсылы бір қозғап қойып, Жұмағалиға) Сонымен, білім беру бөлімінің бастығын орнынан түсіріп, орнына әлгі Сәкенді тағайындау жөнінде бұйрық дайында. (Мақпалға) Ал жаңағы неме бүгіннен қалмай жұмыстан босатылсын. Қолма-қол. Түсінікті ме?
Мақпал. Иә, түсінікті.
Әкім. Сосын орнына біреуді табармын – журфак бітіріп жатқан жастар жеткілікті. (отырғандарды бір шолып өтіп) Ал, тағы сұрақтар бар ма?
Мерген. (орнынан тұрып) Басеке, менде бір сұрақ бар еді.
Әкім. Ол нендей сұрақ?
Мерген. Жаңа маған Балхан Жүсіпованың продюсері келді.
Әкім. Не дейді?! Кәдімгі әнші Балхан Жүсіпованың ба?
Мерген. Иә, Балхан Жүсіпованың продюсері.
Әкім. (мырс етіп күліп) Ол мұнда неғып адасып жүр?
Мерген. (ол да ыржияды) Бұл қызық нәрсе, Басеке. О заманда қай заман бізге Алматының әртістері келмегені, Алматы түгілі, облыстық филармонияның өзі жоламайды, ал енді Балхан Жүсіпованың өзі гастрольмен келмекші.
Әкім. Жақсы. Келсін. Ал сонда оның продюсері не қыл дейді?
Мерген. Мәдениет сарайының концерттік залын сұрайды.
Әкім. Е, сұраса бер. Осы-ақ па сұрағың?
Мерген. Иә, алайда ол залды тегін бер дейді.
Әкім. Тегін?! Әй, қазіргі заманда тегін дегенді ұмытыңдар. Бұ несі ей!
Мерген. Соның есесіне концертті тегін қоямыз дейді.
Әкім. Міне қызық! Сонда не? Балхан Жүсіпова сонау Алматыдан бізге тегін концерт қою үшін келгені ме?
Мерген. Жалғыз бізге емес, бүкіл республикамызды аралап келеміз дейді. Берейін бе залды?
Әкім. Хм… Бұл бір бұрын естімеген жәйт екен. Бұнда бір гәп болып жүрмесін.
Мерген. Қандай гәп?
Әкім. Қайдан білейін! Неліктен Балхандай әйгілі әнші, эстрада жұлдызы, қаншама шығындалып, әр ауылға тегін концерт қойып жүреді? Ә?
Мерген. Білмеймін. Алайда ол онша шығындалған да жоқ шығар. Міне, концерттік залды тегін сұрап отыр.
Әкім. (біраз уақыт ойланып қалады) Жә! (екі алақанымен столды соғып қалып) Берейік мәдениет үйін Балханға. Ол бізге күнде келіп жатқан жоқ. Тек байқа – әлгі продюсерің алдап кетпесін. Концертті тегін қоямын деп, сосын билетті шытырлатып сатып жатпасын. Келісім-шартқа отыр, соған «концерт тегін қойылады» деген шарт енгіз. Түсіндің бе?
Мерген. Түсіндім, Басеке.
Әкім. Ал онда басқа сұрақтар болмаса бүгінше осы – Жұмағалидан басқаларың боссыңдар.
Жұмағали орнында қалады да өзгелері кетеді.
Әкім. Әлгі журналист… ол кім өзі? Жергілікті тұрғын ба, әлде келімсек пе?
Жұмағали. Негізі біздің ауданның тұрғыны. Бұрынғы «Жаңа дәуірден». Ал бірақ аталары кірме. Ертеректе Ресейден ауып келген.
Әкім. Бәсе! Бұл неге сонша орыстарға бауыры елжіреп тұр десем. Оларға деген малайлық қанына сіңіп кеткен ғой. Ал жаңағы маған қыр көрсеткен қатын кім?
Жұмағали. Жазира ма? Ол бұл жердікі емес. Кезінде казгудың журфакын бітірісімен жолдамамен келген. Біздің бір тентекке тұрмысқа шығып еді, ол тентегіміз қаңғып жүріп бір бомжды өлтірем деп сотталып кетті. «Оны ұстап берген өзінің әйелі» деседі жұрт. Яғни жаңағы Жазира. Бірақ сол сөздің, не шын, не өтірік екенін мен білмеймін – сотында болған жоқпын, сот облыс орталығында өткен.
Әкім. Өзі жеке меншік газетім бар дей ме?
Жұмағали. Иә. Бұл қатын бай, газеттен басқа да меншік сән салоны бар. Әкесі Алматыда дөкөй бастық болған деседі. Ал қазір бір банк ұстап отырған көрінеді.
Әкім. М-м… Жарайды… біз де осал емеспіз, арқамыздан демеп тұрған дөкөй банкир болмаса да баршылық… тәубә… (пауза) Әлгі жігіт… әгі… Қалкен бе еді?
Жұмағали. Иә, Қалкен.
Әкім. Соның қатыны бар ма?
Жұмағали. Бар. Мұғалім болып істейді. Және де бес пе, алты ма – әйтеуір бірсыпыра баласы бар.
Әкім. Ал жаңағы сұлу, Жазира… сонымен қандай қатынаста? Әлде жақындығы бар ма?
Жұмағали. Ешқандай жақындығы жоқ. Екеуі… қалай деп айтсам екен…
Әкім. Турасынан айтсей! (оң қолының алақанымен сол қолының жұдырығын уқалап) Мынадай жақындықта ма?
Жұмағали. Түсінбедім…
Әкім. Өй! «Ойнастары бар ма?» деймін!
Жұмағали. (мырс етіп күліп жібереді) Қайдан білейін, төсекте жатқан жерлерінде майшам ұстап тұрғам жоқ. Тек біреулердің «екеуі бір-бірімен тәуір» дегенін естігем.
Әкім. (екі қолының саусақтарын айқастырып орынбасарына жақындай түсіп) Иә, иә, айта бер…
Жұмағали. Бітті, бар білетінім осы-ақ.
Әкім. Шамалы екен. (шалқалай түсіп) Мен білсем, ал мен мұндайлардың талайын көргем, мен білсем, сол екеуі сау сиырдың боғы емес. Қай жерде байы жоқ қатын болса, әсіресе сол қатын сұлу болса, және де қалтасы толық болса – сол жерде ойнассыз болмайды. (Жұмағалиға жақындай түсіп) Енді жақсылап тыңдап ал – маған сол қатынды бірдеңе қылып қолға түсіріп алу керек.
Жұмағали. Ол қалай – сіз… сіз де Жазираны ұнатып қалдыңыз ба?
Әкім. (қарқ-қарқ күледі) Өй! Сен өзің қызық жігіт екенсің! Жо-жоқ, ештеңе айта алмаймын – қатын өте көрікті, дидары көз тойдырады. Бірақ маған оның өзі керек емес – … һм… жоқ, мүмкін керек те боп қалар. Тек дәл қазір маған оның ойнасының үстінен түсіп, қылмысын әшкерелеу керек. Маған ол қатынды ең жанды жерінен шап беріп ұстап алу керек. Сонсоң менің жетегіме көнбегенін көрейін. Өзің естідің ғой, не деп кеткенін? «Әкім болмақ түгіл кім болсаң да бағынбаймын» деген жоқ па. Өзің ойлашы – егер мен бір жаман қатынды бағындыра алмасам, қалай мен бүкіл ауданды бағындырмақпын? Сондықтан саған мынадай тапсырма беремін – сол екеуінің былығын анықтап, ойнастарының үстінен түсіп ұстап аласың.
Жұмағали. Сонда не – маған оларды аңду керек пе?
Әкім. Тү-ү! Ештеңе түсінбейсің бе? Сенің міндетің – соларды аңдып компромат жинайтын адамды тауып алу. Әлгі жеке детектив дегендер бар емес пе? Түсіндің бе енді?
Жұмағали. Түсіндім. Бірақ сол детективты қайдан алмақпын? Біздің ауданда ондайлар жоқ. Тек РОВД – ның оперлеріне тапсырма бермесек…
Әкім. Өй, қой оныңды! Астанаға бар да жалдап әкел. Қашан бара аласың о жаққа?
Жұмағали. Білмеймін…
Әкім. Саспа – сен онда әкімнің арнайы тапсырмасымен, әкімшіліктің жұмысымен барасың. Командировочный да төленеді. Детектив жалдауға ақшаны мен өзім беремін.
Жұмағали. Онда мен бүгін де аттануға дайынмын.
Әкім. Жақсы. Есіңде болсын – бұл іс жөнінде ешкімге тіс жарушы болма! Үйіңдегі замандасқа да айтушы болма, білдің бе! Сенің келіншегіңді айтам. Түсіндің бе?
Жұмағали. Түсіндім.
Әкім. Жақсы, бір істі тындырдық. Тағы не бар?
Жұмағали. Саудагерлер бар…
Әкім. Е-е, иә, иә! Олар жиналды ма екен? (селекторды басып хатшысынан) Шолпан, саудагерлер жиналды ма?
Шолпанның дауысы. Иә. Кіргізейін бе?
Әкім. Жібер, кірсін.
Кабинетке оншақты ер, әйел саудагерлер кіріп, сәлемдесіп орындықтарға жайғасады.
Әкім. Осы қаланың бүкіл саудагерлері толық жиналды ма?
Жұмағали. (көзімен жиналғандарды шолып өтіп) Иә, ірі саудагерлер тегіс осында. Ә! Смағұлов жоқ…
Саудагерлер дабдырласып бір-бірінен Смағұловтың қайда екенін сұрасып жатыр.
Әкім. (қаламмен столды тықылдатып) Тынышталыңдар! Бір кісіге бола соншама даурықпайық. Смағұловың ешқайда қашып кетпес. Сендерді жинап отырғанымыз – баға жөнінде әңгіме. Мен бүгін дүкендер мен базарды аралап шықтым. Сондағы тауарлар мен бұйымдардың бағасы маған ұнамады. Сондықтан сендерге талап қоямын… (алдындағы бірнеше парақ қағазды саудагерлер отырған столға сырғытып жіберіп) міне, мына тізімге назар аударыңдар.
Саудагерлер бір-бір парақтан таратып алып көз жүгіртіп жатыр.
Әкім. Бұл негізгі тауарлардың, азық-түлік пен жиі пайдалантын бұйымдардың тізімі, және олардың халыққа тиімді бағалары. Бүгіннен бастап әркім өз қарамағындағы сауда орнындағы тауарлардың бағасын осы тізімдегі бағаларға сәйкестендіруге тиісті.
Бір саудагер. Сонда бұл не – бұйрық па?!
Әкім. Қалай деп түсінсеңдер өз еріктерің. Тек бағаларың осы тізімдегі бағалардан аспаса болды.
Саудагерлер шуласып кетеді.
Әкім. (тағы да қаламмен столды тықылдатады) Тынышталыңдар! Бұл не?! Бұл сендерге базар емес. Қай жерде отырғандарыңды ұмыттыңдар ма?
2-ші саудагер. Мына шешіміңіз заңсыз! Әлде қазір нарық заманы екенін ұмыттыңыз ба?
Әкім. Қарағым, есіңде болсын – мен ешқашан, еш нәрсені ұмытпаймын. Және мен заңды да жақсы білемін. Мұны бұйрық деп қабылдағың келмесе, өтініш деп ұқ.
2-ші саудагер. Онда мен бұл өтінішіңізді орындай алмаймын.
Әкім. (иығын қиқаң еткізіп) Жақсы. Орындамасаң – орындама. Тек бұдан былай біз екеуміз дос бола алмаймыз. Ал дос болмағандар кім болады? Ә?
2-ші саудагер. Жоқ, мен сізбен қастасқым келмейді.
Әкім. (жымиып) Иә, мен де ондай ойдан аулақпын. Сонымен біз дос боламыз. Солай ма?
2-ші саудагер. Бірақ мен мына өтінішіңізді орындай алмаймын. Онсыз да менің дүкенімдегі бұйымдардың бағасы төмен. Енді қайда төмендетпекпін?
Әкім. Оны, ағайындар, өздерің біліңдер. Ол сендердің бастарыңның сақинасы. Ал маған өзімнің сақинам да жеткілікті.
Саудагерлер бастарын төмен түсіріп, бір-бірімен ақырын күбірлесіп отырып қалады.
Әкім. Ал, тағы кім менің ұсынысыммен келіспейді? (көзімен барлығын шолып өтеді, бірақ біреуі де қарсылық білдірейін деп басын көтермейді) Е! Бәрекелді! Сонымен – келістік қой. Онда мен сіздерді бөгемеймін.
Саудагерлер орындарынан тұрып есікке қарай беттейді.
Әкім. (қолына бір қағазды алып) Әй, біреуің мынаны әлгі Смағұловқа жеткізсін. Жаңағы менің өтінішімді де айтыңдар. Бір-екі күннен кейін мен тағы сауда орындарын тексеріп шығамын. Сосын менімен достасқысы келмегендермен оңаша сөйлесемін. Бірақ ондай ақымақ табылмайтын да шығар.
Саудагерлер шығып кетісімен әкім Жұмағалиға қарап көзін қысады.
Әкім. Бұлармен осылай сөйлеспесең болмайды. Және осы бастан олардың тиісті оындарын көрсету керек. Әйтпесе басқа мініп алады.
Жұмағали. Ол дұрыс қой. Бірақ… бірақ саудагерлердің крыша дегенін қайтеміз? Ертең солардың мықтыларының біреуі келіп біздің басымызды қатырмай ма?
Әкім. Ха! Ал менде ше? Қалай ойлайсың – менде крыша жоқ па?
Жұмағали. Білмеймін… бар шығар…
Әкім. «Бар шыға-ар!» Сырт жағымда бір мықты тұрмай мен бір ауданды басқарып нем бар дейсің? Ал және қалай деп ойлайсың? Кімнің крышасы мықты – менікі ме? Әлде жаңағы саудагерлердікі ме? Ә?
Жұмағали үндемей қалады.
Әкім. (қағаздарын ерсілі-қарсылы қозғап қойып селекторды басады) Шолпан! Тағы біреу бар ма?
Шолпанның дауысы. Горкомстройдың бастығы қабылдауыңызды сұрап отыр.
Әкім. Ол не ғыл дейді?
Шолпанның дауысы. Білмеймін. Жұмыс бабымен дейді.
Әкім. Жарайды, кірсін. Сосын бізге шай әкеп берсең – таңдай кепті.
Кабинетке егде тартқан адам кіреді.
Горкомстройдың бастығы. Ассаламу ғалайкүм!
Әкім. Уағалайкүм ассалам! Жоғары шық! (алдындағы орындықты нұсқайды) Отыр. Сөйле.
Г. Бастығы. Менің ісім —әлеуметтік тұрғын үй құрылысының жоспары жөнінде. Жоспар тым үлкен.
Әкім. Жоспарды кемітпейміз. О жөнінде сөз қозғаудың да қажеті жоқ.
Г. Бастығы. Жақсы. Онда менің бір ұсынысым бар. Қаланың қақ ортасында, Әуезов көшесінде бір бес қабатты ғимарат тұр. Кезінде, тоқсаныншы жылдары, сол үй қаңырап есік-терезесінен айырылып қалған. Астыңғы қабатында асханамен дүкен болған. Ол ғимарат осы күнге дейін қаланың балансында тұр. Егер сол үйді қатарға қоссақ, әлеуметтік тұрғын үй құрылысының жоспарын толық орындауға болушы еді.
Әкім. Ол үшін не қажет?
Г. Бастығы. Қаржы керек. Көп емес – он миллион теңгеге жуық. Міне – смета бар. Біздің специалисттер ол үйді зерттеп шықты. (сметаны әкімге береді)
Әкім. (сметаға көз тастап, кекете сөйлеп) Он миллион! Шынында да көп емес екен! Оны қайдан алмақпын?
Г. Бастығы. Жаңа үй салуға бөлінген қаржыдан алуға болады.
Әкім. Жоқ, болмайды. Ол заңсыз. Жаңа үй салуға бөлінген қаржы жаңа үй салуға жұмсалу керек.
Г. Бастығы. Онда қалалық бюджеттен бөліңіз. Міне, қараңызшы… (әкімге тағы бір қағаз ұсынады) Ол үй іске қосылғаннан кейін тек бірінші қабатын саудагерлерге жалға беруімен ғана жылына бюджетке он екі миллион теңге қаржы түсіп отырады. Ал қалған төрт қабаты әлеуметтік пәтерлердің жоспарын толтырады.
Әкім. (біраз ойланып отырып) Жарайды. Мына қағаздарды мен алып қалайын. Бұл мәселе жөнінде мен әкімшіліктің қызметкерлерімен ақылдасармын.
Горкомстройдың бастығы кетеді. Шолпан шай әкеліп әкім мен оның орынбасары шай ішуге кіріседі.
Шолпан. Қабылдау бөлмеде тағы екі кісі отыр.
Әкім. Ол екеуің кім?
Шолпан. Біреуі біздің молда. Ал екіншісі Васильев.
Әкім. Онысы тағы кім еді?
Жұмағали. Осы қаланың ірі кәсіпкерлерінің бірі.
Әкім. Оған не керек?
Шолпан. Білмеймін. Әйтеуір сізге жұмысым бар дейді.
Әкім. Жақсы, әуелі имамға кірсін де. Бірақ бес минуттан кейін – мына шәйімізді ішіп алайық.
Шолпан кетеді.
Әкім. Молдекеңе не керек?
Жұмағали. Әлгі бітпейтін мешіттің жыры да! Одан басқа не дейсіз.
Әкім. Ол мешітке не болып еді?
Жұмағали. Кезінде қабырғалары көтеріліп, сосын күмбезін жабуы мен ішкі жұмыстарына жиналған қаржы жетпей іске қосылмай қалған. Одан бері міне он бес жылдан да асып кетті.
Әкім. Қаржы жеткілікті жиналмай жатып құрылысты неге бастаған?
Жұмағали. Қайдан білейін… білгіштердің сөзіне қарағанда қаржы жеткілікті жиналған, бірақ көрінгеннің қалтасында кеткен. Кім білсін, қалай болғанын, біздің қазақтан не шықпайды. Тек қана содан бері сол мешіт көзге түрткі болып тұр. Қаладағы христиандардың неше түрлі шіркеулері жұмыс істеп тұрғанда мешіттің мына мүшкіл жағдайы намысқа тиіп-ақ тұр. Сіздің алдыңызда болған әкімдер «мешітті пайдалануға береміз» деп ант-су ішкенімен ештеңе тындыра алмады. Біреуі тіпті орталықтан жаңа мешіт салдыратын да болған. Ақыры өзі кетіп тынды.
Есік ашылып имам кіреді.
Имам. Ассаламу ғалайкүм, уа рахматуллаһи, уа баракатуһ!
Әкім. Уағалайкүм ассалам! Жоғарлатыңыз, ақсақал. (имам отырады)
Жұмағали. Сіз не – тағы да сол баяғы мешіттің мәселесімен келдіңіз бе?
Имам. (күрсініп алып) Әрине. Ол мәселе шешілмей маған жарық күн жоқ.
Әкім. Ақсақал, сіздің мәселеңіздің шет жағасымен мен таныстым. Менің алдымдағы әкімдер де сол мәселені шеше алмай кетіпті. Бірақ дін саласындағы жұмыстарды әкімге міндет қылып артып қойған дұрыс емес. Ата заң бойынша мемлекет пен дін жекеленген. Мешіттерге мен бюджеттен бір тиын да жұмсай алмаймын.
Имам. Оны білеміз ғой. Мен сізге мұсылман баласы шығар деп келіп отырмын.
Әкім. Иә, мен мұсылманмын! Әлбетте! Ал мен сияқты өздерін мұсылман санайтын қазақ аз ба? Бағана осында сөйлеген бір журналисттің дерегі дұрыс болса, осы қаланың қырық пайызы қазақ, яғни мұсылман. (Жұмағалиға) Қала тұрғындарының жалпы саны неше мың?
Жұмағали. Алпыс мыңға жуық.
Әкім. Алпыс мыңның қырық пайызы қанша болады?
Жұмағали. М-м… (сәл ойланып) Жиырма төрт мың.
Әкім. Мінеки – қалада жиырма төрт мың мұсылман тұрады, ал бір жалғыз мешітті жылдар бойы іске қоса алмайды. Бұл қалай?
Имам. Сол жиырма төрт мыңның мешітке баратынының саны жүзге де жетпейді.
Әкім. Ол сіздің жұмысыңыздың олқылығы. Яғни, халықтың арасында үгіт-насихат жүргізбейсіз. Уағыз айтпайсыз, дінге тартпайсыз. Алайда, сізді көп кіналай беруге де болмайды. Бұл елдің қазағы орыс болып кете жаздапты. Мектептердің басым саны орысша болғасын өзгесін қояқ қой!
Имам. Бізге мектептерде дін уағыздауға рұқсат жоқ. Ал медресеге орын жоқ. Міне жаңа мешітті іске қоссақ онда мұсылмандарға дәріс беретін арнайы сынып болушы еді.
Әкім. Жақсы, сонымен мәселенің барлығы мешітке тіреліп тұр ғой? Солай ма?
Имам. Иә, солай.
Әкім. М-м… Өзі зекет деген болмаушы ма еді?
Имам. Болады ғой. Бірақ сол зекетті ешкім төлегісі келмейді.
Әкім. Әрине, оны ешкім өз еркімен төлемейді. Еріксіз төлеттіру керек. Меніңше сіз ол жұмыспен де айналыспайсыз.
Имам. Ойбай-ау, мен кімді еріксіз зекет төлеткізе аламын? Кім мені тыңдайды?
Әкім. Жақсы имамды кез-келген мұсылман тыңдайды.
Имам. (басын төмен түсіріп қызарып кетіп) Жақсы болуға тырысып-ақ бағып едім, болмады. Осы қаланың бүкіл қалталы деген қазақтарының алдына бәлен рет бардым. Біреуі де мойнын бұрмады. Не істей аламын мен оларға?
Жұмағали. Ақсақал, оларды да кіналауға болмайды. Кезінде солардың барлығы ақшаны төкті ғой сол мешіттің құрылысына. Ал сол ақша қайда кетті?
Әкім. Әй, сіздердің өздеріңізде екен ғой бәленің бәрі!
Имам. (ауыр күрсініп) Өз басым сол ақшадан бір де теңге алған жоқпын. Алсам – Алла оңдыртпасын. Және де со кезде мен имам емес – қатардағы мұсылман едім.
Жұмағали. Осы қаланың қай мұсылманынан сұрамасаң «мен сол ақшадан бір тиын да алмадым» дейді.
Әкім. Жә! Қояйық бос әңгімені. Мешітке қаржы қандай көлемде керек?
Имам. Нақты қанша керек екенін мен білмеймін. Жұмысы көп. Күмбезін жабу керек, ішкі жұмыстарын бітіру керек, жылу жүйесін құру керек, сыртына қоршау орнатып есік алдына бірдеңе төсеу керек…
Әкім. Ойбой ақсақал, «керекті» көбейтіп жібердіңіз ғой!
Жұмағали. Меніңше мешітке жұмсайтын қаржының көлемін анықтау үшін комиссия құру керек. Ол комиссияға бір-екі прораб пен экономистті кіргізу керек. Сосын сол мамандар смета жазып нақты қаржының сомасын айтады.
Әкім. Онда, Жұмағали, сол жұмысты өз мойныңа ал.
Жұмағали. Кешіріңіз бастық, менің уақытым жоқ. Өзіңіз білесіз – маған командировкаға кету керек. (әкімге қадалып бір қарап алады, әкім «түсіндім» дегендей басын изейді) Одан да бұл жұмысты манағы горкомстройдың бастығына жүктеңіз. Оның қоластында мамандар да бар. Солар зерттеп смета жазып береді.
Әкім. Жақсы. Онда оған тапсырма бер менің атымнан. (имамға) Ал қаржының көзін мен табамын. Осы қаланың бүкіл саудагері мен кәсіпкеріне зекет төлетемін. Бірақ сіздің алдыңызға қоятын бір шартым бар.
Имам. Ол не шарт? Айтыңыз. Қолымнан келсе орындайын.
Әкім. Сол саударгерлер мен кәсіпкерледің қайсы-біреуі зекет төлеуден бас тартса, не сіз өзіңіз, не ешбір молда сол антұрғанға бармасын. Мәселен, әкесін, шешесін, немесе басқа туысын жерлеуге шақырса, әлде біреуіне ас бергісі келсе де. Тіпті өзі өліп қалса да жаназасын атқармайсыз. Келістік пе соған?
Имам. (орнынан тұра бере) Қалай мен қайтыс болған мұсылманның жаназасын атқармайын?! Ол менің бірінші міндетім ғой.
Әкім. Зекет беруден бас тартқан адам мұсылман ба? Мұсылман болмаса оған жаназа не керек? Экскаватор жалдап көр қазсын да көме салсын!
Имам сылқ етіп отыра кетеді де үндемей қалады.
Әкім. Неге ойланып қалдыңыз? Мен бір аптаның ішінде мешітке тиісті қаражат тауып беремін. Алайда сіздің қарап отырғаныңыз дұрыс болмас. Жалғыз қалталы мұсылман емес, бүкіл мұсылмандардың алдына бұл сұрақты қырымен қойу керек: (алақанын қырымен қойып әр сөйлем сайын столды соққылайды) «Мұсылман атанғың келе ме? Өзің өлсең, немесе үйіңде біреу өлсе жаназа атқарылсын дейсің бе? Қайтқан әке-шешеңнің, ағайын-туысыңның асын беруге молданы шақырасың ба? Құран бағыштатасың ба? Балаңды сүндетке отырғызасың ба? Сол балаң ер жетіп үйленсе некесін қиясың ба? Одан туған немереңе азан шақырып ат қойғың келе ме? – Келеді! – Онда зекет төле!» Міне, осылай сөйлесу керек. Ал сіз қолыңызды созып, ақырғы бейшарадай қайыр сұрап жүргеніңіз. Кім қайыршыны адам құрлы санап сөйлеседі?
Имам. Мен мұсылмандар алқасымен, және ауылдардың молдаларымен ақылдасып көрейін. Бірақ…
Әкім. (имамның сөзін бөліп жіберіп) Ақылдасыңыз, ақылдасыңыз! Егер сіздер, молдалар, бір ауыздан мені қолдасаңыздар, мен сол зекетті жинау жұмысын қолға алайын. Келісім осындай болсын.
Имам. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланып) Иә-иә, мен ақылдасып көрейін…
Әкім. Жарайды, содан кейін тағы келерсіз. Ал біз оған дейін мешітті зерттеп смета дайындап қоямыз.
Имам. Сау болыңыздар.
Әкім. Сау болыңыз.
Имамның артынан есік жабылысымен әкім тағы да орынбасарына қарап жымияды.
Әкім. Қалай? Менің жаңағы сөзім дұрыс па?
Жұмағали. Жүз пайызға дұрыс! Мұсылман болғың келе ме – төле!
Әкім. Дәл солай! (селекторды басып) Шолпан, жібер енді әлгі орысыңды.
Кабинетке Васильев кіреді.
Васильев. Здравствуйте.
Әкім. (қағаздардан бас көтерместен) Сәлем. Отыр. (орындықты нұсқайды)
Жұмағали. Садитесь.
Васильев. (нұсқалған орынға отырысымен) Я бизнесмен. У меня строительно-монтажное предприятие. Я хочу…
Әкім. (басын шайқап) Түсінбеймін. Қазақша сөйле – мен орысша түсінбеймін.
Васильев. (Жұмағалиға) Что он сказал?
Жұмағали. Говорите по-казахски – он по-русски не понимает.
Васильев. Но я не умею по-казахски.
Жұмағали. (әкімге) Қазақша сөйлей алмаймын дейді.
Әкім. Ол оның проблемасы. Сөйлей алмаса аудармашы әкелсін.
Жұмағали. (Васильевке) Тогда приведите переводчика.
Васильев. Переводчика? Где я его возьму? (пауза) А вы не могли бы нам переводить?
Жұмағали. Не знаю… (әкімге) Маған аудармашы бол дейді.
Әкім. Әй мынауың мықты ғой! Белдей бір ауданның әкімінің орынбасарын тілмәш қылмақшы! Жоқ, болмайды!
Жұмағали. Я не могу стать переводчиком. Аким не разрешает. Знаете что – сходите в отдел государственного языка – там вам кого-нибудь дадут.
Васильев кетеді. Әкім тағы да көмекшісіне қарап жымияды.
Әкім. Мен бұл аққұлақтарды әлі иттей қыламын. Не қазақша сөйлеуге үйретемін, не қаладан кетіремін.
Васильев жанына аудармашы ертіп келеді.
Васильев. Вот, привел переводчика. (аудармашы екеуі отырады) Я бизнесмен. У меня строительно-монтажное предприятие…
Аудармашы. Мен кәсіпкермін. Менде құрылыс мекемесі бар…
Васильев. И я хочу купить у вас пустующее пятиэтажное здание в аварийном состоянии. Оно находится на улице Ауэзова.
Аудармашы. Мен…
Әкім. Тоқта! Мен бұл кісімен оңаша сөйлескім келеді. (Жұмағали мен аудармашыға) Сен екеуің боссыңдар.
Жұмағали мен аудармашы бір-біріне таңырқай қарайды, сосын шығып кетеді.
Әкім. Итак, вы хотите купить ту пятиэтажку?
Васильев. (күліп жібереді) Ну-у, вы и шутник! А ведь я решил, что вы и впрямь не понимаете по-русски…
Әкім. Давайте ближе к делу! У меня мало времени. Итак, вы хотите купить пятиэтажку на пересечении Ауэзова и Сейфуллина…
Васильев. То здание пустует вот уже десять лет. Скоро оно совершенно разрушится. А я, если вы его мне продадите, я его восстановлю в два счета. Будет польза для жителей, да и внешний облик города только выиграет…
Әкім. В первую очередь выиграете вы, лично вы! И пользу из этого здания, опять-таки, извлечете вы. Не правда ли?
Васильев. (жымиып) Ну да, конечно, кто же это отрицает.
Правообладателям!
Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.Читателям!
Оплатили, но не знаете что делать дальше?