Текст книги "Төңкеріс. Пиесалар"
Автор книги: Нурлан Кемешов
Жанр: Драматургия, Поэзия и Драматургия
Возрастные ограничения: +18
сообщить о неприемлемом содержимом
Текущая страница: 8 (всего у книги 26 страниц) [доступный отрывок для чтения: 9 страниц]
Үшінші көрініс
Редакция бөлмесі. Жазира бір компьютермен жұмыс істеп отыр. Қарама қарсы тағы бір стол тұр. Оның да үстінде оргтехника. Қарсы қабырғаның тұсында диван, екі кресло. Есік ашылып Жұмағали кіреді.
Жұмағали. Амансың ба, Жазира?
Жазира. Аманбыз. Сізді де көретін күн болады екен. Қандай жел айдап келді біздің жаққа?
Жұмағали. (Өтірік күрсініп қойып) Е-е… жұмыс қой, Жазира, бітпейтін бір жұмыс…
Жазира. Сіздей үлкен кісіде біздей қарапайым адамдарға қандай жұмыс болмақшы? Әлде мақала жазып соны біздің газеттің бетінде басып шығармақсыз ба? (Мырс етіп күліп) Жаңа әкім Мақпалдың газетін жаулап алған көрінеді, басқа ешкімге орын беретін емес.
Жұмағали. Ол Мақпалдың газеті емес. Ол газет – әкімшілік газеті.
Жазира. Қазір оны қолға алған оқырман, газет әкімнің жеке меншігі деп қалар…
Жұмағали. Әй Жазира, сен неге сол кісіні күндеп біттің, ә? Қандай жамандық көрдің одан?
Жазира. Ешқандай жамандық көрген жоқпын. Тек ұнамайды маған со кісі!
Жұмағали. Ұнатқанда не қылайын деп едің? Есіңде болсын – оның басы бос емес.
Жазира. (Ашулана бастап) Сіз не – менімен қалжыңдайын деп келдіңіз бе?! Айтыңыз шаруаңызды – менде уақыт жоқ қалжың-мылжыңға!
Жұмағали. Ашуланба, ашуланба, Жазира. Бетіңді бері қарай бұр. Мені саған Басар Базарович жіберді.
Жазира. Ол кісі Базар ұлы еді ғой. Неғып Базарович боп қалған?
Жұмағали. Жазира, қалжыңды қоялық. Өзің айтқан жоқсың ба – бос сөзге уақыт жоқ деп.
Жазира. Жақсы, екі құлағым сізде. Ол кісі маған не қыл дейді?
Жұмағали. Өзің білесің ғой…
Жазира. Білмеймін. Білгім де келмейді!
Жұмағали. Әй, Жазира, Жазира! Адам сияқты сөйлескің келмейді, иә? Онда басқаша сөйлесуге тура келеді.
Жазира. Кәне, сөйлесейік басқаша.
Жұмағали. Сөйлессек – сөйлесейік. (Папкасын ашып бір компакт-диск алып Жазираға ұсынады) Ең әуелі мынаны көріп ал.
Жазира. Бұл не?
Жұмағали. Салсаңшы компьютеріңе – сосын өзің көресің не екенін.
Жазира дискті компьютерге салып мониторға қарап отыр. Жұмағали диванға қарап, басын шайқап езу тартады. Ал компьютерден Жазира мен Қалкеннің, бір біріне айтқан, «сүйдім-күйдім, айым-күнім, жаным, ғашығым, махаббатым,», тағы сол сияқты сөздері естіледі, ақыры ыңқыл-сыңқылға айналып кеткесін, Жазира компьютерден дискіні алып Жұмағалиға лақтырып жібереді.
Жазира. Ох, оңбағандар! (орнынан тұрып кетіп басқа бөлмеден швабра алып келеді, сонсоң бөлменің төбесінде ілулі тұрған құралды қаға бастайды, бойы жетпегесін орындыққа шығып алып ұрғылайды) Бәсе! Қайтып біздің өрт сөндірушілер пысықсып кетті десем! Әй, аңқау басым ай!
Жұмағали. (орнынан атып тұрып швабраға жармасады) Өй, Жазира! Бұл өте қымбат бейнекамера! Мұндай камера КНБ-да да жоқ.
Жазира. (Жұмағалиға бой бермей камераны қағып түсіреді. Жұмағали аппаратты аламын деп еңкее бергенде, оны итеріп жіберіп, күл парша қыла швабрамен соққылап, аяғымен таптап жатыр) «Өртке қарсы сигнализация!» – деп орнатқан жоқ па! Тұра тұрыңдар, бәлем, мен сендерді сотқа беремін!
Жұмағали. (Креслоға отыра кетіп) Қой Жазира, сен ештеңе тындыра алмайсың! Ашуыңды бас. Отыр. Одан да асықпай сөйлесейік.
Жазира. Сөйлеспеймін мен сендердей оңбағандармен! (жерде жатқан дискіні алып, тағы да Жұмағалиға лақтырып жібереді. Мә, әкет мына бәлеңді!
Жұмағали. (Орнынан қозғалмастан) Өзіңде қала берсін. Сыйға тартты бұны саған Басекең. Бізде мұндай дисктер жететін. Сен ашуыңды бас та құлағыңды түр. Балалықты қой. Егер де бұл порнофильмді теледидардан көрсетсе… арғы жағын өзің де білесің. Бізді оңбаған деп айыптама – бәріне өзің кінәлісің. Жарайды – Қалкенді ұнатқаның айып емес. Онда біздің жұмысымыз жоқ. Біз де адамбыз ғой, түсінеміз – сендей жас, көрікті келіншек еркексіз жүре алмайды. Және де Қалкендей жігіт аяқ астында жатпайды. Бірақ бастықпен жауласып нең бар еді? Қалкенді жұмысқа алып нең бар еді? (Жазира бірдеңе айтқысы келеді, бірақ Жұмағали қолын көтеріп тежейді) Иә, иә! Сенің оған жаның ашиды. Ол түсінікті. Бірақ оның өткен нөмірдегі мақаласы бізді пышақсыз бауыздады ғой. Сондықтан айып қылма – Басеке мына дискімен тек қорғанып отыр. Сендерді осылай тоқтатпаса ол кісі бүкіл беделінен айырылайын деп тұр.
Жазира. (орнына оралып біраз уақыт үндемей отырып) Қалай мен Қалкенді жұмыстан шығарып тастамақпын? Ә?
Жұмағали. (Күлімсіреп) Е! Міне, енді сабаға түсейін дедің. Мен сені әрдайым ақылды келіншек деп санайтынмын. Басеке: «Қалкенді жұмыстан босат» деп отырған жоқ. Істей берсін, бала-шағасы бар демекші. Тек қана бізге тиісуін қойсын. Ол өзінің мақалаларымен әкімнің бүкіл жұмысын, бүкіл саясатын жоққа шығарып отыр. Басеке әбден ашуланғанда былай деген: «Осы ауданда не мен, не Қалкен қалады!» – деп. Алайда, егер Қалкен ақылға келіп оған тисуін қойса – жүре берсін. Немене? Онда әкімнен басқа тақырып жоқ па? Әбден ештеңе таба алмаса интернетке кірсін, онда жүз газетке жететін материал бар.
Жазира. Мен оған «мынаны жаз, мынаны жазба!» – деп бұйыра алмаймын. Сосын оқырманымды да ойлауым керек. Қалкен бізге келгеннен бері газеттің таралымы едәуір жоғарылады.
Жұмағали. Ештеңе етпейді. Мына дискті Қалкенге көрсет. Егер бұл порнофильм теледидардан көрсетілсе, саған тиген таяқтың бір ұшы оған да тиеді. Келіншегі жайбырақат отырмас. Лезде ажырасар. Отбасынан айрылады – бір. Және де мұндай масқарадан кейін ол журналист болып жұмыс істей алмайды. Оқырман екеуіңнің мына былықтарыңды ешқашан кешірмейді. Оны өзің де жақсы білесің. Және осындай диск министрдің қолына түссе, сен сол күні лицензияңмен қоштасасың. Сондықтан, Жазира, балалықты қойып, Қалкенмен бір шешімге келіңдер. Жо-жоқ, Жазира! Сен сондай қайғылы көзбен қарамашы! Бәрі жақсы болады. Ақырын жұмыс істей беріңдер. Басекең айтады… әй, ол кісі кең пейілді адам ғой! «Мен мүлдем сынға қарсы емеспін, – дейді, – Сынай берсін. Ақырын, байқап, баппен сынаса несі бар?» Әрине, біздің жұмысымызда ұсақ-түйек кемшіліктер бар. Кімде ондай болмайды? Тек қана бекер қараламасаңдар болғаны. (Жазираға қарайды, бірақ ол терезеден көзін айыра алмай үнсіз отыр.)
Жұмағали. (Орнынан тұрып) Иә, Жазира, ойлан. Ойланбасқа болмайды. (кетеді)
Жазира. (есік жабылысымен екі жұдырығымен столды періп кеп жіберіп) Ах, оңбаған! Сұрқия! Азғын! (Жұмағалидың дауысын келтіріп) «Әй, ол кісі кең пейілді адам ғой!» Пейіліне с-сиейін! (орнынан тұрып кетіп ерсілі-қарсылы жүріп кетіп) Енді не істесем екен? Ә? Не істесем екен… (быраз уақыт бөлмені кезіп жүріп компакт-дискіні көтереді де орнына қайтып оралады)
Қалкен кіреді. Оның жүзі жайдарлы. Қолындағы папкасын бос столға тастай салып өзінің орнына отыра кетеді. Жазира оған үндемей қарап отыр.
Қалкен. Әй, өмір сүре берсең неше түрліні көреді екенсің! Ана әкімді айтамын да. Жарайды, орыстармен шайқассын. Саудагерлерді қыссын. Ал дін саласына кірісіп несі бар? Міне, тыңдашы – мен жаңа ғана мешіттен, мұсылмандар алқасының отырысынан келдім. Мұндайды ешкім бұрын-соңды естімеген шығар…
Жазира. Тоқта Қалкен. Компьютеріңді іске қосшы.
Қалкен. (Жазираға таңырқай қарайды) Жазира, саған не болған? Өңің боп-боз ғой. Ауырып қалғаннан саумысың?
Жазира. Ауырарсың мұндайда! (Қалкенге дискіні беріп жатып) Мә, мынаны көрші… тек құлап қалма.
Қалкен. (бейнефильмды көріп алып) Мынаны қайдан алдың? (бөлменің диванға қарсы бұрышына, төбедегі камераның орнына көз тастап) Бізді қалай түсіріп алған?
Жазира. (күл талқан болған камераны көрсетіп) Әне, біз «өртке қарсы сигнализация» деп жүргеніміз «шпиондық бейнеаппаратура» болып шықты.
Қалкен. Мұны кім істеп жүр өзі?
Жазира. Әлі де түсінбедің бе? Ойланшы… кімге керек мұның бәрі?
Қалкен. Әкім бе?
Жазира. Дәл өзі! Жаңа, сенің алдыңда Жұмағали келіп кетті. Көшеде кезіккен жоқ па?
Қалкен. Жоқ. Ал, Жұмағали не қыл дейді?
Жазира. (көздерін терезеге тайдырып) Белгілі ғой не дейтіні…
Қалкен. «Қалкенді жұмыстан босат, мақалаларын газетте жариялама», – дейтін шығар.
Жазира. Иә… жоқ, сені жұмыстан босат деген жоқ. Тек қана әкімге тиісуін қойсын дейді.
Қалкен. Оған тиісейін деп тиістік пе?! Өзі ғой, келісімен бәрімізге қырғидай тигені! (Жазираға қарайды, бірақ ол үндемейді) Сен не дедің? Не істемекшісің?
Жазира. Білмей отырмын. Шынын айтсам – бас қатты. Бір де бір дені дұрыс ой келмей тұр. Бір жағынан – мен не істей аламын? Көнбесең теледидардан көрсетеміз дейді. Бір данасын министірге жібереміз дейді. Лицензияңнан айырыласың дейді. Масқара қыламын дейді. Не істей аламын мен? Жаңағы айтқандардың бәрінен гөрі осындай бір дискі ұлымның қолына түссе не болмақпын деген ой миымды шағып отыр. (тітіркеніп дір етеді) Масқараның әкесі сонда болады! Ұлым жаңа ғана балалықпен қоштасып ер баланың өмірінің ең қиын да күрделі кезеңін бастан өткеріп жатыр. Мынадайды көргесін… арғы жағын ойлағым да келмейді. Сенің жараң жеңілдеу, сен еркексің. Сенің үлкен қызың мен ұлың бірдеңе түсінетін шаққа жетті, ал қалғандары кішкентай, әлі ештеңе түсінбейді. Соның өзінде де… Самал кешірмес сені. Отбасыңнан айырыласың – бір. Журналисттік карьерамен қоштасасың – екі. Шығарайын деп отырған кітабыңды шығара алмайсың – үш.
Қалкен. Білесің бе, Жазира… мен өзім ойланып жүргем. Самалмен ашық сөйлесейін деп едім. Саған деген махаббатымды айтып, сені тоқал қылып аламын десем қайтеді? Ә?
Жазира. (еріксіз күліп жібереді) Сонымен, мені тоқалдыққа жаратпақсың?! (езуін жиып) Жарайды, мен келісермін. Ал Самал келісе ме?
Қалкен. Келісер… мүмкін… әрине, бұл әңгіме оңай болмас. Бірақ одан басқа амал жоқ. Қашанға біз ұрланып жүрмекпіз. Ұрлығымыз ашылып та қалды ғой!
Жазира. Сенің айтып отырғаның тек бір қиял, Қалкен. Самал ешқашан көнбейді. Ол… не мені, не сені өлтіреді. Немесе, екеумізді де. (Қалкеннің бірдеңе дейін деген ұмтылысын қолын көтеріп тоқтатады) О-о! Сен оны білмейсің! Сен әйелдің затын білмейсің. Әйтпесе мұндай оймен басыңды қатырмас едің.
Қалкен. Сонда не – екеуміздің махаббатымыздың болашағы жоқ деймісің?
Жазира. Неге жоқ. Бар. Тек қана сен бос қиялмен басымызды қатырмай, не мені, не Самалды таңдауың керек. Егер маған деген махаббатың шын болса – ажырас Самалмен. Сосын біз кетеміз осыннан – осы қалаға жабысып қалған жоқпыз. Кетеміз Алматыға, бір іспен айналысармыз сонда. Сауда жасаймыз – журналистикасыз да көрерміз күнімізді.
Қалкен. (біраз уақыт Жазираға қарап отырып) Мәселе жалғыз Самалда емес. Балаларымды қайтем? Бес бірдей баланы тастап қайда кетемін?
Жазира. Сен оларды тастамайсың. Оларға деген қаражатты аямаймын. Ол үшін қам жеме.
Қалкен. Жоқ, мен ақша жағын айтып тұрған жоқпын. Бәлен жыл бірге тұрып, бала кезінен, сәби кезінен қолымда әлпештеп, енді қазір кенеттен тастап кеткенім адамгершілікке жата ма?
Жазира. Ой, Қалкен! Бастамашы ондай түбі жоқ әңгімені! Онсыз да басым мең-зең. Сен еркексің. Ер адам өзінің мәселелерін өзі шешуге тиісті. Ешкімге ауыртпалығын артпай. Мені сүйем, менсіз өмір сүре алмаймын десең – ажырас Самалмен. Балаларыңды қимаймысың – онда қал отбасыңда! Бірақ, мен білсем, сен ең әуелі оларды емес – Самалды қимай отырсың.
Қалкен. Әрине, қимаймын! Бәлен жыл бірге тұрып, бәлен пұт тұз бірге жеп, бес бала сүйіп, енді бір сәтте қалай тастап кетпекпін?
Жазира. Онда тастама! Қимайсың ба Самалды – ажыраспа! Мен саған ондай шарт қойып та тұрған жоқпын. Ешкім де ондай шарт қойып отырған жоқ. Ана әкім де айтып жіберіпті, «менің сендердің қатынастарыңда жұмысым жоқ, тек мені қаралауды қойсаңдар болды» деп.
Қалкен. Кім оны қаралап отыр?! Ол өзін өзі қаралап отыр! Міне, тыңдашы – имам әкімнен жаңа мешітті іске қосуға көмек сұрап барған екен. Ал әкім оған былай депті: «Мен қаланың бүкіл қазақтарынан зекет жинап беремін. Тек сіздер, молдалар, зекет төлеуден бас тартқандардың үйлеріне аяқ баспайсыңдар. Сол үйде біреу қайтыс болса да жаназасын атқармайсыңдар» депті. Бұл не сұмдық?! Енді әне – имам мен молдалар жүр не істерін білмей. Мешіт те керек, мұсылмандардың зекет төлеуі де заңды сияқты, ал қалай қайтыс болған адамның жаназасын атқармайды? «Зекет төлемеген мұсылман емес, экскаватормен ор қазсын да көме салсын» – депті имамға әлгі біздің әкіміміз. Осындай сөзді естіп қалай үндемей қалуға болады? Үндемесең ауызың қисаяр.
Жазира. Мен сенікі қате – әкімдікі дұрыс деп отырған жоқпын. Ол бізді, мені ең жанды жерімнен оңдап тұрып шап беріп ұстап алды. Енді мен ешқайда кетпеймін. Түсінесің бе?! Оған бағынбасам газетімнен айырылам, ар-ұятым тапталып, масқара боп кетемін осыннан. Ал бұл газетке қаншама күш-қайратымды жұмсадым! Сен оның бәрін білмейсің. Саған бәрі оңай сияқты көрінеді. Ал ана ұлым, мына мысқараны көргенсоң өзіне қол салса – мен ешқашан өзімді кешірмеспін. Онда маған өмір жоқ! Ондайды ойлағым да келмейді! Ондайдан бір Алла сақтасын.
Қалкен. Жазира, тыңдашы мені! Мен оның бәрін оңай деп отырған жоқпын. Бірақ біз екеуміз сол қиыншылыққа төтеп беруіміз керек. Маған да оңай болмас – мүмкін отбасымнан айрылармын. Оның жанында сенің жараң жеңілдеу болар. Жанұя мен газетті салыстыруға болмас. Бірақ біз бір нәрсені жоғалтпаймыз – біздің шынайы махаббатымызды. Біз енді еш нәрседен тайынбай күресуіміз керек. Мүмкін, сол күресіміздің нәтижесінде біз бүкілімізден айрылармыз. Мүмкін, жеңіске жетерміз. Сен лицензияңнан айырылмассың, министр да адам ғой, оған бәрін түсіндіру керек – мүмкін түсінер. Оқырмандарымызға да соны айтып көреміз – оқырман түсінеді, менің ол жөнінде күмәнім жоқ. Самалға да, балаларыма да бәрін ашық айтып беремін. Сен де ұлыңмен сөйлес – ол түсінеді, өзің айтқан жоқсың ба, балалықпен қоштасты деп. Қалай да болғанда ақиқатты айту керек. Алайда, күресіміз еш нәтиже бермесе де, бәрінен айырлсақ та райымыздан қайтпайық – не болса да бізде біздің махаббатымыз, бір-бірімізге деген сыйластық қалады. Ал күреспей, екі қолымызды жоғары көтергенде не табамыз? Оқырман түгіл біз өз-өзімізді сыйлаудан қаламыз. Содан кейін өмір сүрудің не қажеті бар? Махаббатсыз, достықсыз, сыйластықсыз – ол өмір емес – тек итшілеп күн көру.
Жазира. Жоқ, Қалкен, бұл сенің тағы бір қиялың. Бізге күресуге еш мүмкіндік берілмейді. Газеттен айырыламыз; басқа басылымдар біздің бір де бір мақаламызды қабылдамайды. «Ойнас жасаған зинақорлар!» – міне қандай таңба басылады екеуміздің маңдайымызға. Содан кейін бізбен ешкім де сөйлеспейді, бізді ешкім тыңдамайды. Біз бұл әкімге ештеңе істей алмаймыз. Біз оның торына оңдап тұрып түстік. Әсіресе мен… мен енді оның қолындамын.
Қалкен. Жоқ, олай емес! Әрине, ол қорқытады, үркітеді. Біз одан қорқпауымыз керек. Керісінше – өзіне шабуыл жасауымыз керек. Мына бейнефильмды теледидарға өткізсе – біз әкімді сотқа береміз. Сенің рұқсатыңсыз сенің жеке меншік бөлмеңде бейнекамера орнатқаны заңсыз.
Жазира. Қалкен, сен түсінбейсің! Сот не шешеді – ол әлі белгісіз. Әкім жәй қарап отырмас. Соттың шешімін өзінің пайдасына айналдыру үшін ол бәрін салады. Ал мен, «зинақор» деген атақпен, мен не бітірмекшімін? Кім мені жақтайды? Қандай сот?
Қалкен. Неге жақтамайды?! Заң сен жақта ғой.
Жазира. Әй, Қалкен-ай, Қалкен-ай! Сен бала сияқтысың. Орыстар текке айтпайды ғой: «Заң арыс, жетек тәрізді – қайда бұрсаң сонда бұрылады» деп. Қазір біз ардақты адамбыз, азаматпыз. Егер де бір іспен сотқа барсақ – сот қолдар, әсіресіе заң біздің жақта болса. Ал мына диск теледидардан көрсетілісімен біз кім атанамыз? «Зинақорлар, ойнасшылдар, күнәһарлар, азғындар» – міне кімге айналамыз біз екеуміз! Ал қай сот сол «азғындарды» қолдайды? Өмірі біз сол жығылған жерден тұра алмаймыз.
Екеуі де біраз уақыт үндемей қалады.
Қалкен. (ұнжырғасы түсіп) Енді не істейін мен? «Өз еркіммен жұмыстан босаймын» деп өтініш жазайын ба?
Жазира. Жоқ, қажет емес. «Қалкенді жұмыстан босат деп талап етпеймін. Істей берсін – бала-шағасы бар ғой. Тек маған тиіспесе болды», – депті әлгі әкім. Амал жоқ, соған көнуге тура келеді. Шынында да, Қалкен, біз неге соншама шүйілдік сол әкімге? Басқа мәселелер жоқ па ауданда? Иә, иә, білемін – ол да тым қатты кетті. Ал бірақ, бастапқы кезде қай басшы қатты кетпейді? Халық тегін айтпайды ғой: «Жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады» деп. Сыпырсын біраз, жыны басылғанша. Сосын түсер ақырын арнасына.
Қалкен. Оның жыны басылғанша ауданнан не қалмақ?! Уыздай ұйып тұрған қоғамымызды астан-кестен қылады ғой. Жоқ, мен бұл іске жайбырақат қарап отыра алмаймын! (столдың жәшігінен бір тарақ қағаз алып бірдеңе жазады да Жазираға береді) Міне өтінішім, бастық. Мені жұмыстан босатыңыз.
Жазира. Қалкен, мен сені босата алмаймын. (өтінішін жыртып тастайды)
Қалкен. (Столдың жәшіктерінен өзінің ұсақ-түйек құралдарын алып пакетке салып жатып) Сен де таңдау жасауың керек, Жазира. Не мені, не әкімді. Кіммен боласың, кімді қолдайсың? Оны өзің шеш. Осылай, Жазира.
Жазира. Мен сені қолдағым келеді. Бірақ мен сен сияқты күрескер емеспін, және де мемлекеттік басқару жүйесімен күресудің өзі…
Қалкен. Мен сені мемлекеттік басқару жүйесімен күресуге шақырып тұрған жоқпын. Мен тек біздің жаңа әкіммен күресуге шақырып тұрмын.
Жазира. Ал сол әкімің мемлекеттік басқару жүйесінің бір бағаны емес пе?
Қалкен. Жоқ, ол тек бір жеке адам.
Жазира үндемей қалады.
Қалкен. (папкасы мен пакетін алып есікке қарай беттейді. Босаға алдында тоқтап, Жазираға бұрылып) Қош, Жазира! Ұмытпа мені – мен сені шын жүрекпен сүйдім.
Жазира. (жүгіріп келіп Қалкеннің мойынына асылады) Мен де сені сүйемін! Мен сенен айрылғым келмейді… (жылап жібереді)
Қалкен. Жоқ Жазира, сен менен айырылып қалдың. Жаңа ғана өз таңдауыңды жасадың. (Жазираның қолдарын мойынынан алып тастап, оны өзінен ақырын ғана итеріп жібереді) Мен басқа басылым арқылы мақала жазып абыройыңды төгуге жол ашады деп қорықпа – саған деген махаббатымның құрметіне мен саған кесірімді тигізбеймін. Ол үшін алаңдама. (шығып кетеді)
Жазира. (Қалкеннің артынан жабылған есікті жұдырықтарымен соққылап жылайды) О-о! О-о! Құрысын! Құрысын бәрі! Не керек?! Не керек мұның бәрі? Қандай мағына қалды енді өмірде? Қан-дай?!
Төртінші көрініс
Аудан әкімшілігінің демалыс үйі, ойын-сауық залы. Бильярд, рулетка столы, карт ойнайтын стол, бар. Ритмикалық музыка. Бардың арғы жағында бармен ыдыстарын сүртіп тұр. Бергі жағында биік орындықтарда екі официант қыз отыр. Қыздар өте жеңіл киінген, мейілінше жалаңаштанған. Жұмағали мен Басар келеді.
Жұмағали. Не ойнаймыз Басеке? Бильярд, карт, рулетка?
Басар. (жан-жағын көзбен шолып өтіп) Өй! Мынау кішігірім казино ғой.
Жұмағали. (жымиып) Олай демеңіз, бастық. Казино қазіргі заманда заңсыз. Біз бұл жерді ойын-сауық орталығы дейміз. Мына рулетка мен карт ойнайтын стол сол бұрынғы заманнан қалған. Жаңа заң шығысымен бұзып алып тастауға қолымыз тимеді. Және де бұрынғы әкіміміз кейде рулетка ойнап жіберуді жақсы көретін. Азартты жан еді, марқұм. Бір күнде жоқ боламын деп ойламады ғой…
Басар. Жақсы, тұрса – тұра берсін. Нан сұрамайды ғой. Өзім өмірі ойнап көрген емеспін осы рулеткаңмен.
Жұмағали. О, бұл тамаша ойын! Мен бұрын-соңды мұндай ойынды көрген емеспін. Жүріңіз, Басеке, мен сізді үйретейін. Еш қиындығы жоқ. (бардағыларға) Әй, қыздар, крупье қайда? Өздеріңе не болған?! Гуля, Юлия! Шақырыңдар крупьені! Бізге бірдеңе жеткізіңдер.
Бардың жанындағы қыздар қимылға кіріседі. Гуля крупьены іздеп кетеді. Юлия подносқа бармен құйып берген шарапты бастықтарға әкеліп ұсынады.
Жұмағали. (подностан рюмка алып жатып қыздың майлы құйрығынан алақанымен шарт еткізеді) Қал қалай, Юлечка?
Юлия. (жымиып) Жаксы, Жумеке.
Жұмағали. (ыржиып) Көрдіңіз бе, Басеке? Біздің қыздар қазақша судай судырап тұр. (қыздың лифына бір мың теңгені қыстырып жатып) А теперь иди, Юлия. И передай Султану – для нашего Басара Базаровича вечер по полной программе. Поняла? – по полной!
Юлия. Хорошо, Жумагали Сарсенбаевич. Постараемся. (кетеді)
Жұмағали. (кетіп бара жатқан қыздың арт жағынан тағы қағып қалып) Қалай мына бикеш, бастық? Ұнай ма? (күліп көзін қысады) Алды-арты бостау – екі нөлі бар жасыл қағаз берсеңіз аянбай құрметтейді, бүкіл талабыңызды орындайды.
Басар. Шынын айтсам – осы көк көз келіншектерімен төсекте кездескен жоқпын.
Жұмағали. (таңырқап) Өлә! Шын ба? (әкім басын изейді) Жо-жоқ! Бұлардың біздің қара көздерімізден еш артықшылығы жоқ. Тек таңсық деп көруге болады. Егер ықыласыңыз болса, бүгін-ақ осы Юлечкамен кездестірейін… көрпе астында.
Басар. (бардың жанында отырған Юлияға көзін тастап, қуланып жымияды) Ойланайын. Өзі сау ма?
Жұмағали. Сау ма? Қай жағынан?
Басар. (күліп) Сол алды-артынан. Кездесуден кейін кож-веннен бірақ шықпайын масқара қылып.
Жұмағали. (өтірік реніш білдіріп) Обижа-аешь, Басеке! Бұл кез келген притон еме-ес! Бұл әкімшіліктің демалыс үйі, жоғарғы жақтан келетін меймандарды күтетін жер. Мында тек элита дем алады. Э-эли-ита! Біз анау-мынау шлюхаларды ұстамаймыз. Тек қана жоғарғы категорияны!
Басар. Түсінікті ғой. Сен ренжіме, Жұмеке. Бейтаныс адаммен бірден төсекке құлай кету біртүрлі өзі. Және де білесің ғой, қалай мен аққұлақтарды сүймейтінімді.
Жұмағали. Е, жақынырақ танысасыз әлі. Осы кешті бірге өткізсеңіз, саунаға түсіп бассейнде шомылып шықсаңыздар ақырын достасып кетесіздер. Ал төсекте кездесу үшін сүйіспеншіліктің не керегі бар? Сүймесеңіз – сүймей-ақ қойыңыз. Сіз осында қожайынсыз, сондықтан сүйгеніңізді таңдап алыңыз. Юлечканы сүймесеңіз, әне, Гулечка бар.
Басар. (шөлмегін тауысып столдың үстіне қоя салып рулетканың дөңгелегін шыр айналдырып жіберіп) Айтпақшы, әлгі Жазира не болды? Көнді ме?
Жұмағали. Ә! Сіздің ойыңыз сол бикеште ме еді! Көнеді ғой ол, қайда барады? Дискідегі порнографияны көрісімен-ақ жуасыды да қалды. (күледі)
Басар. (қуанып) Солай ма! (тағы да тоқтап қалған рулетканы айналдырып жіберіп) Мен ендеше көнбей біраз тайталаса ма деп едім. Ондай көрікті, өткір келіншектер қарсыласқанда өне-бойыңа бір жігер бітіп, соның қарсыласуын сындырғанша бір түсініксіз ләззәтқа кенелесің. Және де әлгі порнография естен шығатын емес.
Жұмағали. (қулана жымиып) Сіз өзі сол кербезге ғашық болып қалғаннан саумысыз? Мүмкін оны осында шақырып алармыз? Ол енді сіздің қармағыңызға оңдап тұрып түсті, ешқайда секіріп кете алмайды. Енді асау балықты жетектегендей, баппен сүйреп әкеп төсекке бір-ақ түсіруге болады. Шақырайын ба?
Басар. Шақыра аласың ба? Қалай?
Жұмағали. (соткасын алып жатып) Оңай. Нөмірі бар… (телефон шалады) Алло! Жазира?
Жазираның дауысы. Иә, мен. Бұл кім?
Жұмағали. Мен ғой, Жұмағали. Қалың қалай?
Жазира. Жақсы… жаман болсын деп пе едің?
Жұмағали. Иә, иә, жақсы болсын. Мен де соны тілеймін…
Жазира. Не керек өзі саған? Менің уақытым жоқ.
Жұмағали. А… жайшылық қой. Басекең сені біздің демалыс үйіне ойын-сауық кешіне шақырып тұр. Сенімен жақынырақ танысқым келеді дейді.
Жазира. Немене – оның қорлығы аз болып тұр ма?
Жұмағали. Жо-жоқ, о не дегенің! Басеке сені қорламайды! Ол кісі сені өте сыйлайды. Сені сыйламайтын жан бар ма?! Басекең сенімен достасқысы келеді. (Басарға көзін қысып жымияды)
Жазира. Ал мен онымен достасқым келмейді.
Жұмағали. Ә-әй, Жазира-ай! Басекеңдей үлкен адаммен достасуды әр адам армандайды. Өйткені оның қолында кө-өп нәрсе бар, жәй қарапайым адамның қолында оның бірі жоқ.
Жазира. Оның қолында не нәрсе барын білмеймін. Мен оның бойында не нәрсе жоғын білемін. Онда ар-ұят деген нәрсе жоқ. Түп орнымен! Мүлдем! Жұрдай!
Жұмағали. Жазира, қайтесің ар-ұят жөнінде сөз қозғап? «Кімнің сиыры мөңіресе де, сенікі үндемей тұрса екен» демекші. Басекең жақсы, сабырлы адам…
Басар. Өй, қойшы соны мәймөңкелемей! (телефонды жұлып алып) Жазира! Сен мені ерегестірме – өзің білесің не боларын. Қысқасы – біз сені ойын-сауық орталығында күтіп отырмыз. Ұмытпа – біздің қолда әлгі компромат деген қызық нәрсе бар. Не бүгін сен біздің шақыруымызды қабылдайсың, не ертең әлгі боқмұрын балаң шешесі бас рөлде ойнайтын порнофильмды тамашалайды. Ал қалай? Келесің бе?
Жазира. (бірер секунд үндемей қалады, оның жылап отырғаны білінеді) Жарайды… келейін. Амал не? «Бөрілермен бірге тұрсаң – бөріше ұлы» – демекші, сендердей жыртқыштарға тап болғасын не амал… Бірақ мен… дайын емеспін… киіну керек… мен жатып қалғанмын.
Басар. (Жұмағалиға көзін қысып бас бармағын шошайтып қойып) Иә, әрине, киін, дайындал – біз сені асықтырмаймыз. Саспай күтеміз, түн ұзақ. Машина жіберейік пе?
Жазира. Жоқ – өзімде бар…
Жұмағали. (Басар қайтарып берген телефонын құлағына қысып) Ә, жақсы, жақсы. Кел – біз асыға күтеміз. (соткасын сөндіріп қалтасына салып жатып Басарға қарап жымияды) Бітті шаруа! Қазір келемін дейді.
Басар. (үстіндегі костюмын түзеп жатып) Әй, Жұмеке, Жұмеке! Қыз-келіншектермен сөйлескенде сәл батыл болу керек. Ырбыңдата берсең ырбыңдай береді.
Осы кезде крупье келеді. Гуля фишка әкеліп ұсынады.
Жұмағали. Қалайсың, Гүлбаһрам?
Гүлбаһрам. Жақсымыз. Фишка сатып аласыздар ма?
Жұмағали. (Басарға) Қалай ойнаймыз, бастық? Жәй мә, ақшаға ма?
Басар. (мырс етіп) Жәй ойнағанның не мағынасы бар? Әрине ақшаға. (күмәжнігін алып фишка сатып алады. Екі мың теңгелікті қыздың лифына қыстырады.)
Гүлбаһрам. Рахмет, аға.
Жұмағали. (ол да фишка сатып алып жатып) Ағаны қойсаң, Гүлеке. Біз бүгін бәріміз құрдаспыз. Әлде ұмыттың ба біздің ережелерді? Әлде жаңа бастықтан жатырқап тұрсың ба? Жатырқама. Басекең қыз жемейді, керісінше – ол сендерді жақсы көреді. (күледі, оған Басар мен қыз да қосылады)
Гүлбаһрам. (Басарға бұрылып сәл басын иіп, екі тізесін бүгіп тағзым етеді) Кешіріңіз Басеке! Рахмет, Басеке!
Басар. Оқасы жоқ, Гүлбаһрам. Есімің өзің сияқты әдемі екен. Сендей сұлу қызға мен ештеңе аямаймын. (қыз тағы тағзым етіп бос ыдыстарды алып кетеді)
Крупье. Ставка жасаңыздар, мырзалар.
Басар мен Жұмағали фишкаларды жайғастырады.
Крупье. Енді ставка жоқ па?? Ставкалар қабылданды! (рулетканы айналдырып, сосын шарик бір шұңқырға түсісімен) Бестік қызыл алаңда! (қалақшасымен фишкалардың біразын өзіне қарай, ал көбісін Басардың алдына жылжытады.)
Жұмағали. О-һо! Бастық, сіздің фартыңыз бірден жанды ғой! Бұрын рулетка ойнамаған адамға ұқсамайсыз.
Басар. (қулана жымиып) Е-е, Жұмеке, бұл өмірде бүкіл іс бірыңғай болады. Тек сол істің ебін табу керек. Ебін таптың ба – бәрі сенікі. Таба алмадың ба? Онда өкінбе. Міне, менің өмірлік қағидам осындай.
Крупье. Ставка жасаңыздар, мырзалар! Ставка жоқ па? Ставкалар қабылданды.
Ойын осылай жүріп жатады. Официант қыз тағы ішімдік әкеледі. Бір сәтте бұларға Мерген келіп қосылады. Бір-екі ойыннан кейін Жазира келеді.
Жұмағали. О-о! Какие люди в Голливуде! Кел, кел Жазира. Біз сені тағатсызданып күтіп отырмыз. Әсіресе Басекеңнің тағаты таусылды.
Жазира. (Басарға қарап) О не дегеніңіз? Біздей қарапайым адамды…
Басар. (орнынан тұрып Жазираның қолын ерніне апарып сүйеді) Жоқ, Жазира. Сіздей жанды мен қарапайым деп айтуға аузым бармайды. Сіз ханшайымсыз. Солай ғой, Жұмеке?
Жұмағали. Әрине, Басеке. (басын иіп Жазираға тағзым етеді) Тақсыр, келіңіз, отырыңыз. Міне, менің фишкаларым енді сіздікі болсын. (алдындағы фишкаларын Жазираның алдына ысырып қояды) Не ішесіз? Коньяк? Әлде шарап па?
Жазира. Коньяк. (алдында тұрған фишкаларды орналастырады)
Крупье рулетканы айналдырады. Гүлбаһрам Жазираға коньяк әкеліп береді. Ол ішеді.
Крупье. Ондық қара алаңда! (фишкаларды Жазираның алдына үйіп қояды)
Жұмағали. О, Басеке, енді фарт сізден ханшайымға ауысты.
Басар. Ол өте заңды. Фартың да біліп тұр ғой кім бұл жерде қожайын екенін.
Жазира. Бұл жерде бір-ақ қожайын бар. Фарт тек адасып жүр.
Крупье. Ставка жасаңыздар, мырзалар! Ставка жоқ па? Ставкалар қабылданды.
Олар осылай әзілдесіп біраз уақыт ойнап отырады. Жазира жиі-жиі шөлмектен ұрттап отыр.
Гүлбаһрам. (жақындап келіп) Сұлтан сіздерді асханаға шақырады. Дастархан жаюлы, тағамдар даяр.
Жұмағали. Бәрекелді! Басеке, Жазира, Мерген! Тастаңыздар ойынды – бір ауқаттанып алатын уақыт жетті.
Басар. (Жазираға қолын ұсынып) Жүріңіз, ханшайым, біздің тағамдардан ауыз тиіңіз.
Жазира әкімнің ұсынған қолын алмайын деп еді, Басар оны еріксіз қолтықтап алып екеуі Гүлбаһрамның соңынан кетеді. Жұмағали мен Мерген ішімдіктерін тауысқан болып кідіріп қалады.
Жұмағали. (Мергенге) Жазира қалай? Басекең екеуі жарасып-ақ кетті ғой, ә?
Мерген. Иә. Менің оған таңым бар. Әнеу күні, әлгі біздің бастықтың бірінші жиналысында Қалкенді жақтап Басекеңе қарсы шығып еді ғой. Енді қайтып әмпәй-жәмпәй бола қалған?
Жұмағали. О-о! Сен әлі біздің бастықтың таланттарын білмейсің. Мен жаңа-жаңа біліп келемін – өзінің бойында бір сиқыр қасиет бар – кімді болса өзіне еріксіз қаратып алады.
Мерген. Бәсе, сондай бір әулиелігі бар. Әйтпесе дәл Жазирадай пантераны үйдің мысығындай бағындырып алу басқаның қолынан келе қоймас.
Жұмағали. Қайдан келсін!
Екеуі күлісіп асханаға кетеді. Асханадан ыдыс-аяқ сылдыры, бір-біріне соғысқан дызылы, ер-әйелдің самбырлаған күлкісі, дабдырлаған дауыстары естіліп жатыр.
Жұмағалидың дауысы. Қадірлі меймандар! Сәл тынышталайық. Мен біздің жаңа бастығымыз, Басекең үшін тост көтергім келіп тұр.
Басардың дауысы. Жо-жоқ, Жұмеке! Ең әуелі біздің ханшайымымыз, Жазираның денсаулығы үшін көтерейік. (әкімнің сөзін қолдап, қостап жатқан дауыстар, рюмкалардың бір-біріне соғылысқан дыбыстар, т.с.с.)
Бардың жанына күзетші келеді. Үстінде камуфляж, белбеуінде кобура, қолында резеңке шоқпар.
Күзетші. (резеңке шоқпармен алақанын соққылап табуретке жайғасады) Юлия қайда?
Бармен. Қайда болушы еді? (асхана жақты нұсқап) Анда.
Күзетші. Шақырып келші.
Бармен. Оны қайтесің?
Күзетші. Оған бір жігіт келіп тұр. Юлияның досымын дейді.
Бармен. Мен онда бармаймын – Жұмекең көрсе ұрсады. Сәл тоса тұр, қазір біреуі шығар. Отыр. (шөлмекке бірдеңе құйып) Мә, ұрттап қой.
Күзетші. Ішпеймін. Бастық сезіп қалса жұмыстан айрылармын.
Бармен. (мырс етіп) Сезбейді. Бастықтар өздері мас, сенің елу граммыңды сезейін деп тұрған жоқ.
Күзетші. (шөлмектегіні қағып салады) Онда тағы біреуін жіберейін – екеу болсын. (бармен толтырған шөлмекті ішіп алып) Е-е… бірдеңе барды ішке. (темекі тұтатып бір-екі сорғанда Юлия шығады)
Юлия. (күзетшіге жақтыртпай қарап) Ты чего здесь уселся?
Күзетші. Тебя жду.
Юлия. Меня?! Зачем?
Күзетші. Там один лох пришел – говорит, что твой жених. (бармен екеуі күледі)
Юлия. Чего смеетесь? Вот, дурачье! (күзетшіні арқасынан алақанымен соғып жіберіп шығып кетеді)
Бармен. Мұндай сайқалда да жених болады екен, ә!
Күзетші. Ол жігіт мұның кім екенін білмей жүр ғой. Әйтпесе маңына жолай ма? Жарайды, мен кетейін. Рахмет саған. (кетеді)
Юлия Сашаны ертіп әкеледі.
Юлия. Саша, ты посиди здесь, выпей чего-нибудь. Я сейчас. (асханаға кіріп кетеді)
Бармен. Значит, тебя Сашей зовут?
Саша. Да. (орындыққа отырады да барменге қолын созады) А тебя как? Давай познакомимся.
Бармен. (созылған қолды көрмегенсіп) Что будешь пить? Водка? Коньяк?
Саша. Нет, налей минералки. Если есть.
Бармен. У нас все есть. Значит, ты трезвенник?
Саша. Да нет. Просто сейчас не могу пить. Предстоит серьезный разговор.
Бармен. М-м… (стақанға құйылған минералканы Сашаға стойкамен сырғытып жіберіп) Ты Юлин жених, да?
Саша. (іше бастаған минералкаға шашалып қалады) Кхе, кхе… кто?! Почему ты решил, что я ее жених? Кто тебе сказал? Она?
Правообладателям!
Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.Читателям!
Оплатили, но не знаете что делать дальше?