Электронная библиотека » Нурлан Кемешов » » онлайн чтение - страница 9

Текст книги "Төңкеріс. Пиесалар"


  • Текст добавлен: 4 августа 2017, 13:20


Автор книги: Нурлан Кемешов


Жанр: Драматургия, Поэзия и Драматургия


Возрастные ограничения: +18

сообщить о неприемлемом содержимом

Текущая страница: 9 (всего у книги 26 страниц) [доступный отрывок для чтения: 9 страниц]

Шрифт:
- 100% +

Бармен. (иығын қиқаң еткізіп) Никто. Сам догадался. По вашим взглядам.

Саша. А-а…


Асханадан Юлия, соңынан Жұмағали шығады. Жұмағали әжептәуір қызыңқы.


Юлия. (Сашаны нұсқап) Вот, Жумагали Сарсенбаевич, мой друг Александр. (Саша тұрып Жұмағалиға қолын созады, бірақ ол да оның қолын алмайды)

Жұмағали. Значит, Александр?

Саша. Да.

Жұмағали. (Юлияға) И чего хочет этот Александр?

Юлия. Устроиться сюда охранником.

Жұмағали. Охранником? Нет, не пойдет.

Юлия. Жумагали Сарсенбаевич, возьмите его пожалуйста. Я вас очень прошу! Пожа-алуйста!

Жұмағали. (ыржиып) Юлечка! Ты же не ребенок! Ты же знаешь, что у нас волшебные слова уже не действуют. Но, если ты просишь… и если я попрошу… и если ты не откажешь… то, может быть и… (күледі)

Саша. Ты! Ты на что намекаешь? А?!

Жұмағали. А ты молчи, сопляк, когда взрослые меж собою договариваются.

Саша. Я тебе покажу «сопляка»! (Жұмағалидың мұрынынан соғып жібереді, Жұмағали құлайды, мұрнынан қан кетеді)

Жұмағали. (атып тұрып асханаға жүгіріп барып есіктен айқайлайды) Басеке! Мерген! Не қылып отырсыңдар мені сабап жатқанда?


Басар мен Мерген жүгіріп шығады. Соңдарынан Жазира шығады да босағада тұрып қалады. Басар Сашаға жетіп келіп тиседі – ол қарсылық білдіріп көреді. Басар оны бір соғып құлатады. Содан соң Жұмағали екеуі аямай тепкілейді. Юлия екеуіне кезекпен жалынады, бірақ бастықтар көнбейді.


Юлия. (Мергенге, барменге кезекпен жалынып) Да остановите вы их – ведь убьют парня!

Мерген. Как я их остановлю? Ведь один аким, а другой – его заместитель.

Бармен. (стақандар мен шөлмектерді сүртіп жатып) Не-е, Юлия, уволь. Я не хочу из-за твоего лоха работу потерять. Не надо было его сюда приводить, раз знала, какой он дурак.

Юлия. (Жазираның жанына жүгіріп барып) Ханшаим, милая! Умоляю, вызволь парня. Ведь искалечили совсем!

Жазира. Ты ошибаешься, девушка. Я не ханшаим. Я была ханшаим, вчера еще была. А теперь я рабыня. Всего лишь рабыня. Такая же, как и ты.


Бір уақытта Жұмағали есін жиады да Басарды тежейді.


Жұмағали. Жә, Басеке, жетер. (аяғымен сұлап жатқан жігіттің басын қозғап) Тірі ме өзі?

Басар. Арам қатсын! Бастаған өзі ме – өзі! (Сашаны тағы да теуіп жібереді)

Мерген. (әкімніңың екінші қолына жармасып) Қойыңыз, Басеке, жетер. Алды сыбағасын, енді жедел жәрдем шақыру керек, әйтпесе шынында да өліп қалар.

Басар. Жедел жәрдем?! Бұған жедел жәрдем шақырайын мен! (барменге) Әй, бар айт Сұлтанға, жігіттерімен мына өлімтікті машинаның багажнигіне салсын да қаланың сыртына апарып тастасын. Көмейіне арақ құйсын. Өлсе – өлер, тірілсе – тірілер. (бармен жүгіре басып шығып кетісімен, Жұмағалиға) Ал, Жұмеке, кеттік саунаға. (жылап тұрған Юлияға бұрылып) Юлия-жан! Саған не болған? Қой, бір жаман үшін сонша қайғырмай. Ол өзі кінәлі. Әкім мен оның орынбасарына қарсылық білдіруге бола ма екен?! А?! Өзің ойлашы! Ха-ха-ха!

Жұмағали. Болмайды! (Юлияны құшақтап саунаға қарай сүйрелей жөнеледі) Пойдем в сауну, Юлечка, там и обсохнут твои слезы. Ха-ха-ха!

Басар. (Жазираға) Жазира, жүр, кеттік саунаға.

Жазира. Кешіріңіз бастық, бара алмаймын.

Басар. (дауысын көтеріп) Неге?!

Жазира. Купальник алып келген жоқпын.

Басар. Купальник?! Ол не керек? Мен сені пляжға шақырып тұрған жоқпын. Саунада купальник қажет емес. Саунаға адамдар тыр жалаңаш кіреді. (қарқылдап күледі де Жазираның белінен қапсырып құшақтап сүйрелей жөнеледі. Жазира төмен қарап кете барады)

Мерген. (Гүлбаһрамға) Кеттік, Гуля-жан! Сен енді менің еншіме тидің.


Қыз кейіген пішін білдіреді, бірақ Мергеннің жетегінде кете барады. Жалғыз қалған Саша қозғалмастан тек ыңырсиды, ал сауна жақтан қыздардың шыңғырып-сықылықтағаны, бастықтардың қарқылдаған күлкісі мен мастықпен даурыққан дауыстары естіліп тұрады.

Бесінші көрініс

Қалкеннің пәтері. Самал ас даярлаумен айналысып жүр. Арасында істеп тұрған телевизорға көз тастап қояды. Келесі бөлмеден екі ер бала мен қыздың асыр салып ойнап жүрген дауыстары естіледі. Самал анда-санда, олар тым шуласып кеткенде, есікке жақындап зекіп қояды. Балалардың үні қысқа мерзімге тынады да, содан әрі олар тағы шуласып кетеді. Қайрат келеді.


Самал. Ә, келіп қалдың ба! Бірыңғай ұлттық тест қалай өтті?

Қайрат. Нашар. Жетпіс-ақ ұпай алдым.

Самал. Жетпіс ұпай?! Бұ қалай? Мұғалімің «Қайрат кем дегенде жүз он ұпай алады» дегені қайда?

Қайрат. Мама! Мұғалім емес қой тест тапсырған!

Самал. Енді не болды саған? Қаншама дайындалып…

Қайрат. Дайындалып! Дайындалып! Бүгінгі тестте мүлдем түсініксіз сұрақтар болды.

Самал. Ол қалай?

Қайрат. Қайдан білейін! Мұғалімдер бірдеңені шатастырып алған шығар. Әлде әдейі істеді ме…

Самал. (тағы да келесі бөлменің есігіне жетіп барады) Әй! Сендерді жын шалды ма? Кәне, тынышталыңдар! Ағаларыңмен сөйлесіп жатырмын. (қайтып келіп, Қайратқа) Кім әдейі істейді дейсің! Және де ұлттық тесттің сұрақтарын алдын-ала ешкім біле алмайды. Ол құпия. Тек жобалары ғана…

Қайрат. Түсінікті ғой. Ал бүгінгі сұрақтар жобалауға да келмеді. Абылайханның атының тісінің санын сұрады ма керек…

Самал. Абылайханның атының тістерін?!

Қайрат. Иә. Тарихтан сондай сұрақ болды. Абылайханның аты түгіл мен жалпы жылқының ауызын ашып көріп пе едім!

Самал. Жарайды, текке күйінбейік. Болған іс болды. Жетпіс балл да жаман емес.

Қайрат. Аһа! Жетпіс баллмен грантқа алмайды.

Самал. Алмаса не істейміз – жай, ақшаға оқисың. Кешке әкең келгесін ақылдасамыз. Ол әлгі кітабын шығарам деп жүрген. Гонорар алады, соны оқуыңа төлейміз.


Қалкен келеді. Түнерген қалыппен креслоға сылқ ете түседі.


Самал. Саған не болған? Қайдан келдің өзің?

Қалкен. Қаладан…

Самал. Бұл не жауап! Мен сені ауылдан келдің деп тұрмын ба? Жұмысың әдетте ерте бітпеуші еді ғой.

Қалкен. Мен жұмыстан шығып қалдым…

Самал. Кет әрі! Енді әлгі Жазира да қуып шықты ма? Айттым ғой соны оңбаған деп!

Қалкен. Ол оңбаған емес. Мен өз еркіммен өтініш жазып шықтым жұмыстан.

Самал. Өз еркіңмен? Неге?

Қалкен. Солай керек болды.

Самал. Кімге керек?

Қалкен. Самал! Сұрамашы менен ештеңе!

Самал. Жарайды, сұрамайын. Бірақ екі аптаның ішінде екі жұмыстан айрылғаның дұрыс па? Мына балаң ұлттық тесттен құлап келді. Енді грантты атама. Ақшаға оқыту керек. Ал сен жайдан-жәй, оп-оңды жұмысыңнан айырылып отырғаның мынау.

Қалкен. (Қайраттан) Тесттен қалай құлап жүрсің? Қырық та ұпай ала алмадың ба?

Қайрат. Неге?! Жетпіс ұпай алдым.

Қалкен. (Самалға) Сен жаңа ұлттық тесттен құлап келді дегенің қайда?

Самал. Енді құламағанда несі қалды жетпіс ұпаймен?

Қалкен. (Қайратқа) Неге сонша аз ұпай алдың?

Қайрат. (әкесінің дауысын келтіріп, кекете) Солай керек болды.

Қалкен. Кімге керек?

Қайрат. Папа! Сұрамашы менен ештеңе!


Қалкен Самалға қарайды, ол «саған со керек!» деген сыңай танытады.


Самал. Немене қарайсың? Мына балаңа ақша тап – отырғызып қоймай оқуға жіберу керек. Әлгі кітабың не болды? Шығуға дайын деп жүр едің ғой.

Қалкен. Дайын деген… Мерген… қазір білейін. (телефон шалады) Сәләматсыз ба? Мен, Қалкенмін ғой. Мерген өзінде ме? А… келсе маған телефон шалсыншы… жоқ, мен үйдемін… иә, иә. (телефонның тұтқасын қояды да Қайратқа бұрылады) Қандай оқуға түсейін деп едің?

Қайрат. Экономисттың оқуына.

Қалкен. Журфакқа барамын дегенің қайда?

Самал. Журфакта не іздейді? Сен сияқты итшілеп жүрсін бе? Жетеді, бір үйге бір журналист. Баламның баласына айтармын – «журналист пен мұғалім болма» – деп. Оңбаған кәсіптер! Бәлен жыл жұмыс істеп неменеге жарыдық? Не өзіміздің баспанамыз жоқ. Не қалтамызда артық ақша жоқ. Егер мен де сен сияқты бастығыммен тайталасып жұмысымнан айрылсам, сонда әбден келісерміз. Ал менің де көкірегімде директордың бетіне басатын ауыр-ауыр сөздер бар. Бірақ мен оларды тіс жарып сыртқа шығара алмаймын. Ішімнен қайнап-қайнап тынамын. Неге? Үйді ойлауым керек, балаларды, бәріміздің жағдайымызды ойлауым керек. Ал сен неге ойлағың келмейді?!


Пәтердің есігінің қоңырауы дызылдайды. Қайрат барып есік ашады.


Қайраттың дауысы. Ассаламу ғалайкүм.

Мергеннің дауысы. Уағаләйкүм ассалам. Әкең үйде ме?

Қайрат. Үйде…

Қалкен. (орнынан тұра бере) Қайрат, кім ол? Жоғарлат де!

Мерген. (ауыз үйден) Мен ғой, Мерген… (бөлмеге кіріп келіп) Ассаламу ғалайкүм!

Қалкен. (қарсы тұрып қолын береді, жүзінде қуаныш белгісі білінеді) Уағаләйкүм ассалам! Сізді де көретін күн болады екен. Жоғарлатыңыз, міне мына креслоға отырыңыз. (Самалға) Самал, асың дайын болды ма?

Мерген. (креслоға жайғасып жатып) Жә, текке әуре болмаңдар – ас-шәйға уақытым жоқ. Рахмет. Бір әңгіме бар, телефонмен сөйлесуге келмеді.

Қалкен. Самал, сен…

Мерген. Жо-жоқ, келінді қума. Мен өзі үйіңе келген себебім де осы – келін екеуіңмен сөйлесейін деп едім.

Қалкен. (Самалдың жанына диванға отыра беріп) Ал, онда… жақсы… айта беріңіз.

Мерген. (Қайраттың келесі бөлмеге кіргенін тосып) Мені неге іздегеніңді сезіп тұрмын… әлгі кітабың жөнінде шығар әңгіме? Солай ма?

Қалкен. Солай…

Мерген. Солай болса мені мұқият тыңдап ал… (Самалға) Келін, темекі тартуға рұқсат па?

Самал. Тартыңыз (орнынан тұрып шкафтан күлсалғыш алып креслоның жанында тұрған тапал столға қояды). Сіріңке әкеліп берейін бе?

Мерген. Жоқ, рахмет, зажигалкам бар. (темекі тұтатып, тартып отырып сөйлейді) Қалкен, мен сені түсінбеймін… оп-оңды жұмыс істеп жаттың. Ең үздік журналист саналып жүрдің. Әне – өлеңдер мен дастандарыңның жинағын шығаратын болдық. Астанаға конференцияға жібереміз деп жүрдік. Сосын… бәрі жақсы болып тұрғанда… бац! Жаңа ғана келген әкімге тиісемін деп барлығынан айырылдың. Бұл қалай? Мен сені түсінбеймін…

Самал. Иә, мен де…

Қалкен. (Самалға) Тоқтай тұршы ей! (Мергенге бұрылып) Түсінбейтін ештеңе жоқ. Жаңа әкім өкіметтің ішкі саясатын бұрмалап отыр. Біздің демократиялық принциптерімізге сәйкес келмейтін саясат қолданып, ұлтаралық жағдайды ушықтырып жіберетін қауып төндіріп тұр. Осының бәрін көре тұра мен қалай үнсіз қалмақпын? Мұндайға кез келген азамат қарсы шығуға тиісті – мен де, сіз де, мына Самал да!

Мерген. Жоқ, Қалкен! Мына сөзің – баланың сөзі. Тіпті жынды адамның сөзі деуші едім – ренжіскім келмейді. Мен сені ақыл-есі бар сақа жігіт деп санайтынмын.

Самал. Аға, мен де бұған күнде осы сөзді айтам. Жұмыс – жұмыспен, бірақ бір мезгіл өзіңнің де, отбасыңның да жағдайын ойлауың керек қой деп. Тыңдамайды!

Қалкен. Менің жаңағы айтқан қай сөзім балалық, қай сөзім жындылық?!

Мерген. Бүкіл сөзің! Әй, сен өзі кімсің? Мемлекет басқаратын адамсың ба? Әкім, жақсы болсын, жаман болсын, бір де бір ауданды басқарып отыр! Ал демократия-семократия – ол бізге, қарапайым адамдарға не керек? Біз өзіміздің жұмысымызды білуіміз керек.

Қалкен. Қоғамда не болып жатпасын, қандай кемшілік, зұлымдық болып жатпасын – біздің, журналисттердің басты міндетіміз – сол кемшіліктерді көпшілікке көрсетіп, әшкерелеп отыру. Мен тек өзімнің жұмысымды жақсы атқаруға тырысып жүрмін.

Мерген. Жоқ, Қалкен, сенімен дені дұрыс сөйлесуге болмайды екен! Келін, сен ренжіме, өзің көріп тұрсың ғой – мен Қалкенге бар ақылымды айтып бақтым. Түсінбейді. Тіпті түсінгісі келмейді!

Қалкен. Неге түсінбейін! Сіздердің барлығыңыздың айтып жүргендеріңіз бір – әкім бастық, сондықтан оның бүкіл ісі дұрыс. Бұрыс болса да дұрыс! Және… біз кішкентай адамбыз, мемлекеттің саясатын, қоғамның жағдайын ойлайтын дөкөйлер бар – міне солар басын қатырсын. Ал біз өзіміздің қамымызды, отбасымыздың, бала-шағамыздың қамын ғана ойлауымыз керек. Солай ғой?

Мерген. Әй қарағым! Сенің отбасыңның қамын мен ойлауым керек пе?! Менің өз отбасым, өз балаларым бар!

Самал. Бұл біздің отбасымыздың қамын менің мойныма артты да өзі басқа, мүлдем бізге қатысы жоқ мәселелермен айналысып жүр.

Қалкен. Қателесесің, Самал! Мен қоғамда болып жатқан процестерді ойлағанда біздің де семьямыздың жағдайын ойлап отырмын. Өйткені сол процестер әр отбасына қатысы бар. Әр отбасына әсері бар.

Мерген. Мен бір нәрсеге көзім жетті. Сені сөз таластырып жеңе алмаймын. Мен сені сөзбен жеңейін деп те келген жоқпын. Және менде сөз таласына уақыт та жоқ. Жағдай былай – кітабың баспадан шықсын десең біздің әкімді мақтап дастан жазасың. Сосын сол дастанды кітабыңа кіргізіп шығарамыз.

Қалкен. (орынан атып тұрып) Да-аста-ан?!

Мерген. Иә, дастан.

Қалкен. (бөлме бойымен жүріп кетіп басын шайқайды) Дастан! Тамағы қалған екен! (тағы бір сигаретті тұтатқан Мергеннің қарсысына тоқтап) Сонда сол дастанды не деп жазбақпын?

Мерген. Оны өзің білесің – менен несін сұрайсың? Сен ғой ақын! Қисынын келтіріп, Басекеңнің біздің ауданға келгеннен бергі қысқа мерзімнің ішінде тындырған істерін атап көрсетіп жаз.

Қалкен. Басекеңнің тындырған істеріне фельетоннан басқа ештеңе сәйкес келмейді. (тағы да басын шайқап) Дастан!

Мерген. Жақсы, дастан жазғың келмесе бір-екі өлең жаз. Ода жаз. Сосын Басекеңнің саған қоятын бір шарты бар – өткен аптада жазған мақалаңдағы фактілер жалған болып шықты деп, Жазираның газеті арқылы әкімнен кешірім сұрайсың. Міне, содан кейін жұмысыңа да қайтып кірісесің, кітабың да шығады, сол кітабыңа да жақсы ставкамен гонорар аласың. Басекең айтады – егер соған арнап жазған дастан оған ұнаса, кітабыңды мемлекет сыйлығына ұсынуға көмек көрсетемін дейді.

Қалкен. Мына әкімнің ұяты жоқ екен. Жо-жоқ! Мен ондай сатқындыққа бара алмаймын! Бұл бос сөз.

Мерген. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланып) Менің міндетім – саған бастықтың талабын жеткізу. Ал арғы жағын өзің біл. Егер тиісті шешімге келсең – мен әрқашан көмекке келуге дайынмын. Тек телефон шалсаң болды. (Самалға) Ал, келін, сау бол. Мына Қалкенге ақылыңды айт. (шығып кетеді)

Қалкен. (Мерген отырған креслоға отыра кетіп, күлсалғышты столиктің бетімен итеріп жібереді) Алла сақтасын! Не боп барамыз өзі! Көрдің бе енді әкімнің сиқын? Жаңағы сөзді естігесін де сен соны жақтайсың ба?

Самал. Менің жақтаған-жақтамағанымда бірдеңе бар ма? Мәселе менде ме? Мәселе қазір саған тіреліп тұр.

Қалкен. Жоқ, сен айтшы – сен кімді, өзіңнің күйеуіңді қолдайсың ба? Әлде…

Самал. Қалкен! Менің қолдауымда не тұр? Саған ап-анық ультиматум қойылды – не сен әкімге көнесің, басыңды иесің, не ол сені құртады. Бітті! Сенде екі-ақ жол бар – енді біреуін таңда. Бірақ, ақиқатына келсек, бізде барлығы жоғы бір-ақ жол қалды. Басқа жолмен кетсең… қысқасы, мен сенімен ол жолмен жүрмеймін.


Қалкен тесірейіп Самалға қарап отырып қалады.


Самал. Немене соншама тесірейдің? Тесірейме! Мен өз сөзімді айттым. Арғы жағын өзің біл. Егер саған мен керек болсам, егер балаларың керек болса, егер саған жанұяң керек болса, онда көлденең, бізге қатысы жоқ жәйттерді таста да, отбасымыздың жағдайын ойла. Ана ұлыңның оқуын ойла, болашағын ойла!


Қалкен үнсіз қалады. Самал да үндемейді, «ойлан, Қалкен, ойлан!» дегендей. Осы кезде сыртқы есіктің қоңырауы шыр етеді. Қалкен жалт қарайды.


Самал. (орынан тұрып ауыз үйге беттеп бара жатып) Тағы қайсысы екен? (есік ашылған дыбыс, сосын біреу Самалмен амандасады) Сәлеметсіз бе? Жоғарлатыңыз.

Бейтаныс дауыс. Жоқ, рахмет. Мен кетемін. Мына хабарландыруды сізге апарып бер деді біздің бастық. Мына жерге, хабарландыруды алдым, таныстым деп қол қойыңыз. Сау болыңыз.

Самал. Сау болыңыз… (бөлмеге кіреді, хабарландыруды оқып келеді де бөлменің ортасында кілт тоқтайды) Міне, енді пәтерге де жетті кезек.

Қалкен. Қай пәтер? Бұл не қағаз өзі?

Самал. Мә, оқы. (қолындағы қағазды Қалкенге береді де орнына отырады)

Қалкен. (хабарландыруды оқиды) Самал Арынқызы, сіздің отбасыңыз әлеуметтік қолдау көрсететін отбасы қатарынан шығып қалды. Сіздің үш қана оқушы балаларыңыз бар, өзіңіз де, жолдасыңыз да, қызыңыз да жұмыс істейді. Ұлыңыз мектеп бітіріп жұмыс істеуге жарап қалды. Сондықтан осы аптаның аяғына дейін тұрып жатқан пәтерді босатыңыз. Ол пәтер әлеуметтік баспанаға мұқтаж көп балалы отбасылардың біріне беріледі.

Самал. Ал, енді не дейсің?

Қалкен. Не деуші ем? Шынында да, біздің енді әлеуметтік пәтерде тұратын құқығымыз жоқ.

Самал. Мүмкін бізде жалпы ешқандай пәтерде тұратын құқығымыз жоқ шығар? Сеніңше, біз тек үңгірде тұруға хақтылы шығармыз!

Қалкен. Кім саған үңгірде тұр дейді? Жалға беретін пәтер қарастыру керек. Бүгінгі газет қайда? Әкел, оқиын, мүмкін бірдеңе табылар.


Самал басқа бөлмеге барып газет әкеліп береді.


Самал. Жалға беретін пәтердің ақысы жанып тұр. Айына отыз мыңнан төмен сұрамайды. Оған ақша қайда?


Қалкен газетті көзімен шолып жатып бірдеңе деп міңгірлейді. Сыртқы есік ашылғаны естіледі, пәтерге біреу кіреді.


Қалкен. (елең етіп) Тағы кімді жіберді екен Басекең?

Самал. Алма шығар, бөтен біреу есікті қалай ашпақ. Алма!

Алма. (бөлмеге кіреді, көзінде жас) Мен ғой. (сыртқы киімімен шешесінің жанына сылқ етіп отыра кетеді)

Самал. (оның бетіне үңіле) Әй, саған не болған? Біреу ренжітті ме?

Алма. Ешкім ренжіткен жоқ. Тауарымнан айрылдым.

Самал. Айрылдым? Қалай… айрылдым? Контейнеріңе ұры түсті ме?

Алма. Жоқ. Прокуратура мен санэпидстанциядан кісілер келіп бүкіл тауарларды актылап, контейнерге мөр басып жауып кетті.

Самал. Иә, оларға не керек?

Алма. Білмеймін… (көз жасын сүртіп жатып) «Тауарларыңның құрамында улы қоспалар бар, халықты уландырып жүрсің» – деп акт салды. «Мен бұл тауарларды істеп шығарған жоқпын ғой. Әне – бүкіл базардағы саудагерлердің тауарлары осындай. Сонда мен ғана қылмыскер болғанмын ба?» – деп едім, прокуратурадан келген кісі: «Басқаларда нең бар. Өзіңнің жайыңды ойла. Ана әкеңнен көр – соның кесірі тиіп тұр саған» – деді. Мен түк түсінбеймін – менің тауарларыма папамның қандай қатысы бар?

Қалкен. (газетті столға тастай беріп) Ох, оңбаға-ан!

Самал. Сенің тауарларыңа әкеңнің қатысы жоқ. Сенің әкең жәй жүрмей әкімнің өзімен жауласып жүр, әлгі прокуратураң соның әмірін орындап отыр. (Қалкенге) Енді не істемексің?

Алма. (сұрақ өзіне қойылды деп ойлап) Білмеймін. Міне, ертеңгі сағат тоғызға повестка беріп кетті. «Егер тауарларыңда улы қоспалар табылса, үстіңнен қылмысты іс қозғаймыз» – деп кетті әлгі прокуратураның қызметкері.

Самал. Әрине, ол улы қоспалар табылады. Қазіргі тауарлардың құрамында не жоқ? (Қалкенге) Не істемексің деймін? Мына қызыңды соттатып жібермексің бе? Неге үндемейсің?

Қалкен. Соттай алмайды! Жәй… қорқытып отыр да. (Алмаға) Сен қорықпа. Мен ертең сенімен бірге барамын. Тапқан екен қорқытатын адамды. Біз заң білмейді деп ойлайды ма өздері?!

Самал. (айғайға басып) Әй! Заңның не қатысы бар? Табады олар қолданатын заңды. Сотталып түрмеге түспесе де, бұл қыз бүкіл тауарынан айырылады. Және бәлен мың теңге айыппұл төлеткізеді. Қайдан аласың ақшаны?


Бірер уақыт бәрі үндемей қалады.


Алма. Папа… шынында да бізге әкім өшігіп жүр ме? Әлгі прокуратураның қызметкерінің сөзі соны айтып тұр ғой. Ол әкім бізге неге тиіседі?

Самал. Кім тиісіп тұр бізге! Әкең өзі тиіскен сол әкімге құрттанып! Әй, оның да кеудесінде жаны бар шығар! Қалай деп ойлайсың – бір ауданды басқарып тұрып, қалай ол өзінің беделін қорғамайды? Оның орнында кез келген адам сөйтеді! Қолындағы бар билікті пайдаланып бағады. Ал, енді істеп көр оған! Сотқа бар, заңға жүгін – не бітіресің? Кімді жақтайды сол сот? Сені ме? Әлде бүткіл бір ауданның әкімін бе? Неге сен төрт аяғын тіреп алған есектей тұғырланып алдың? Неге сен айдай анық нәрсені түсінгің келмейді? Түсініп тұрсың сен бәрін, кім болсаң да сен ақымақ емессің. Тек тәкәппарлығың, кеудең жібермей тұр. Сол тәкәппарлығыңның құрбандығына біздің бәрімізді шалайын деп тұрсың. Қызыңды да, ұлыңды да. Өзім жөнінде сөз де қозғамайын.

Алма. Папа, егер мамамның айтқаны шын болса… бірдеңе ғып… келісіп сол әкіммен… қайтарып берші тауарымды. Мен жаңа-жаңа кредитімді төлеп болып, енді өзім шет елге, Қытай мен Түркияға шығып тауар әкелем деп армандап жүргем. Бүгін сол арманымның күл-талқаны шыққандай болды. Үш жыл бойы бір де теңге артық өзіме жұмсамай еңбектендім, тезірек кредитімнен құтылайын, тезірек шет елге баратын қаражат жиып алайын деп. Енді тауарымнан да, біраз жиған ақшамнан да айырылайын деп тұрмын. Егер сотты болсам не қалады сол ақшадан?

Самал. Айт, айт бәрін әкеңе! Мүмкін жететін шығар санасына. Осының бәрі ол үшін сөзге тұрмайтын ұсақ-түйек бірдеңе сияқты.

Қалкен. Кім ұсақ-түйек дейді?! Мен бәрін түсініп тұрмын. Әкім қолындағы бар тетіктерді пайдаланып, қоластындағы қызметкерлердің барлығын маған қарсы айдап салып тұр. Оның мақсаты менің қарсылығымды талқандау. Өйткені дәл қазір біздің қаламызда оған қарсылық білдіріп отырған бір-ақ адам қалды – ол мен. Жұрттың бәрі біздің шайқасымыз немен тынады екен деп, демін ішіне тартып аңдып отыр. «Кім жеңеді?» Жоқ! Олай емес! Мәселе тіпті бізде емес! «Не жеңеді?» Міне, қандай сұрақ халықты толғандырып тұр! Не жеңеді? Ақиқат па? Әділеттік пе? Сөз бостандығы ма? Адамдар арасындағы теңдік пе? Ұлттар арасындағы теңдік пе? – Әлде жалған ба? Әділетсіздік пе? Теңсіздік пе? Не жеңеді? Және мынадай сұраққа жауап күтіп отыр сол адамдар: «Біздің қоғам қандай? Шынында да, жоғарыдан радио, теледидар, газет-журнал арқылы айтылып жатқандай ашық, демократиялық, прогресстік қоғам ба, әлде теңдік жоқ, сөз бостандығы жоқ, қатыгездік пен өтірік, сыбайластық пен жемқорлық билеген қоғам ба?» Міне мәселе қайда! Мәселе менде емес, мен тек біздің адамдардың, жүздеген жерлестеріміздің ақырғы үмітімін. Енді мен басымды исем, егер айтқан сөзімді қайтып алсам… арғы жағын ойлағым да келмейді.

Алма. Папа, мүмкін мен сондай қараңғы шығармын. Бірақ жаңағы айтқаныңның бірін де түсінбеймін. Меніңше, ешкім жаңағы айтқан мәселелер жөнінде бастарын қатырып ойланып жатқан жоқ. Мен білетін қарапайым адамдар, жанымдағы құрбыларым – солардың неден бастары қатып жүр? Қандай мәселелер оларды толғандырып жүр? Күнделікті күн көріс, табыс… балаларының киетін киімі, ішетін асы. Біреуінің күйеуі арақ ішіп маскүнемдікке салынып барады, соған қандай ем табуға болады? Екіншісінің күйеуі басқа әйелді ұнатып жүр, соған кетіп қалмасы үшін не істеу керек? Үшіншісінің қызы бір ұрымен қосылып, сол күйеу баласы ұрлықпен ұсталып сотталайын деп отыр, оны қалай алып қалуға болады? Және алып қалу керек пе, әлде күйеуінен айырып алған жөн бе? Төртіншісінің ер баласы бұзақы жігіттердің бандасына кіріп үйден безіп кетті, қалай оны сол «достарынан» ажыратып үйге қайтарып алуға болады? Бесіншісі… тағы, тағысы, сол сияқты толып жатқан шешуін күтіп тұрған сұрақтар бастарын қатырып жүр менің жанымдағы құрбыларымның. Ертең менімен бірге базарға барып сөйлесші солармен, «сендерге сөз бостандығы керек пе?» деп сұрашы, – «Ол не?» – дейді. Өйткені олар, онсыз да ауздарына келгенін шатады. «Демократия керек пе сендерге?» – десең, «Басты қатырмашы!» – дер, одан да сорақы сөзді бетіңе былш еткізбесе. Меніңше, жаңағы айтылған сөздердің бірі керек емес біздің халыққа. Міне, менің пікірім. Иә, мүмкін мен қателесіп тұрған шығармын, бірақ мен күнделікті өмірден көріп, естігенімді айттым. Ал қалғанын өздерің біліңдер, мен сендердің ұрыс-керістеріңе араласқым келмейді. (ауыр күрсініп орнынан тұрады) Кеттім, жатамын – шаршадым бүгін. (кетеді)


Қалкен Самалға қарайды. Самал екі қолын екі жаққа жаяды. Қалкен төмен қарайды. Солай біраз уақыт үнсіз отырады. Сосын телефонның тұтқасын алып кнопкаларын басады.


Қалкен. Алло… Жазира?

Жазираның дауысы. Қалкен?! Сен… сен…

Қалкен. Иә, менмін. Мен… сенің газетің арқылы, өткен жолғы мақаламдағы фактілерді жалған деп мойындап… әкімнен кешірім сұрайын деп едім. Қашан келуге болады редакцияңа?


Жазира үндемейді.


Қалкен. Жазира! Естіп тұрсың ба?

Жазира. Естіп тұрмын… (өксіп жылап жатқаны естіледі)

Қалкен. Ертең тоғызға қарай келемін… орныңда боласың ба?

Жазираның дауысы. (сөздерін өксікпен араластыра) Ә-әй, арысым-ай!.. Бір сен едің… соққан дүлей дауылды керек қылмай төтеп тұрған алып емендей… Сені де құлатты ма?.. Енді не болдық?… (тағы да жылайды)

Қалкен. (телефонның тетігін басады да тағы біреудің нөмірін теріп алады) Алло! Мен… Қалкенмін. Ертең… жаңа өлең… ода әкелемін. Орныңызда боласыз ба?

Мергеннің дауысы. Бәрекелді! Міне нағыз ақылды жігіттің шешімі! Әкел, әкел, мен тосамын. Сен үшін есік ашық, сені тосып түні бойы отыруға дайынмын…


Қалкен тұтқаны тастай береді. Екі алақанымен бетін басып төмен қарап қатып қалады. Самал аяқтарын ақырын басып бөлмеден шығып кетеді.


Қалкен. (басын көтеріп залға қарап) Міне, өмір прозасы дегеніңіз осы… бұл проза басталысымен поэзиямен қоштасуға тура келеді. Көпшілік поэзияны ұйқас жазылған сөйлемдер жинағы деп біледі. Ал ол олай емес. Ұйқас сөйлемдерден құралған шумақтар – ол поэзияның сыртқы пішіні. Ал нағыз поэзия, нағыз ақындық – ол өміріңді өзің ойлағандай, өзің жоспарлағандай, өзіңнің еркіңмен бағдарлап сүріп өткеруіңде. Ондай өмір тек нағыз ақындардың еншісіне беріледі. Және де сол ақындар поэзияның биік шыңына қымбат баға төлеп шығады. Мен сол биік поэзияның шыңына шыға алмадым. Мен төменде жер бауырлап қалдым. Сондықтан… сондықтан мен енді өзімді ақын деп санай алмаймын. Өлеңдер жинағым да жарық көрер… мүмкін, сыйлықтарға да ие болар. Бірақ, мен ақын емеспін. Енді ақын емеспін. Мен енді тек ұйқас сөйлемдер құрастырушымын. Иә, тек өлең шумақтарын құрастырушымын…

Внимание! Это не конец книги.

Если начало книги вам понравилось, то полную версию можно приобрести у нашего партнёра - распространителя легального контента. Поддержите автора!

Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9
  • 0 Оценок: 0

Правообладателям!

Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?


Популярные книги за неделю


Рекомендации