Электронная библиотека » Нурлан Кемешов » » онлайн чтение - страница 7

Текст книги "Төңкеріс. Пиесалар"


  • Текст добавлен: 4 августа 2017, 13:20


Автор книги: Нурлан Кемешов


Жанр: Драматургия, Поэзия и Драматургия


Возрастные ограничения: +18

сообщить о неприемлемом содержимом

Текущая страница: 7 (всего у книги 26 страниц) [доступный отрывок для чтения: 9 страниц]

Шрифт:
- 100% +

Әкім. Тогда оставим патетику в покое и приступим к делу. За сколько вы хотите купить то здание?

Васильев. Ну я, то есть мои спецы, подсчитали его остаточную стоимость…

Әкім. Меня не интересуют выкладки ваших спецов. Меня интересует, сколько вы можете выложить за эту пятиэтажку.

Васильев. Ну, скажем так: милионов пять я бы дал.

Әкім. Пять миллионов?! Да вы что – издеваетесь?!

Васильев. Хорошо – назовите свою цену. Поторгуемся.

Әкім. (горкомстройдың бастығының қағаздарын көтеріп) Вот, только перед вами здесь был начальник горкомстроя. Согласно его расчетам, только аренда первого этажа принесет двенадцать миллионов чистого дохода в год. Двенадцать миллионов в год! И это только аренда одного этажа!

Васильев. Я сомневаюсь. Но вы должны учесть и те средства, которые мне придется затратить на восстановление здания.

Әкім. Это само собой! По подсчетам спецов горкомстроя восстановительные работы обойдутся в десять миллионов. Грубо говоря, вы вернете затраченные деньги за два… от силы три месяца эксплуатации. Три месяца! Это же фантастика! А вы – «пять миллионов»!

Васильев. Хорошо, я согласен с вами. Теперь скажите, за сколько вы продадите здание?

Әкім. Шестьдесят миллионов.

Васильев. Шестьдесят?! Вы с ума сошли! Да я не имею сейчас свободных средств в таком объеме.

Әкім. Так я не требую их все сейчас. Можно разделить эту сумму на… скажем, на десять траншей. Вы можете выплатить их в течение двух лет?

Васильев. (біраз уақыт ойланып) Пожалуй… что да. Да, такие условия приемлемые. Значит, вы готовы заключить со мной договор?

Әкім. Да. Только у меня есть одно условие. Это очень конфиденциальный разговор. Дело в том, что мы в договоре купли-продажи укажем остаточную стоимость в пять миллионов. И на специальный счет вы перегоните именно эту сумму. А остальные пятьдесят вы заплатите наличными. Мне. А пять миллиононв я вам, так и быть, прощаю. Идет?

Васильев. (әкімге тесірейіп қарап алып) Идет…

Әкім. (орнынан тұрып қолын созады) Значит, договорились?

Васильев. (ол да тұрып әкімнің қолын қысып) Договорились! Когда и где мы подпишем договор?

Әкім. Здесь. Завтра.

Васильев. Отлично! Мне нравится ваша деловитость и оперативность, Басар Базарович. Только мне требуется неделя, для выделения тех пяти миллионов, которые я обязан буду перегнать сразу по заключении договора купли-продажи. Ведь так?

Әкім. Конечно! А как вы думали? Тогда я приготовлю договора, и в следующий понедельник я вас жду здесь. Пойдет?

Васильев. Пойдет.

Әкім. Ну, тогда до свидания. (Васильев кетеді; әкім столдың арғы жағынан шығып, темекі тұтатып ерсілі-қарсылы жүреді; терезеге жақындап келіп). Елу миллион… Иә, бұл жақсы келісім… өте жақсы келісім… (осы уақытта телефон шыр етеді де әкім дереу тұтқаны алады) Әлө? (арғы жақтан сөйлеген адамның сөзін тыңдап тұрып темекісін күлсалғышқа езіп сөндіреді де тек: «иә, иә, түсіндім, құп болады!» деп жауап қатып тұрады. Әңгіме бітісімен, тұтқаны аппаратқа қойып, өңі бұзылып кетіп селекторды басады) Шолпан!

Шолпанның дауысы. Иә, Басеке, тыңдап тұрмын.

Әкім. Дереу Мергенді тауып ал. Маған тез жетсін де!

Шолпанның дауысы. Жақсы, Басеке…

Әкім. (тағы бір темекіні тұтатып кабинетте ерсілі-қарсылы жүріп кетеді) Бәсе! Айттым ғой – мұнда бір гәп бар деп. Қайтіп қана эстрада жұлдызы тегін концерт қоймақшы…

Мерген. (кабинетке кіріп келіп, босаға жақта кідіріп қалады) Басеке, шақырттыңыз ба?

Әкім. (жұлып алғандай) Әлгі продюсерің қайда?

Мерген. Продюсер?

Әкім. Иә, иә, продюсер!

Мерген. Кетіп қалды.

Әкім. Қайда? Сен онымен шартқа отырдың ба?

Мерген. Иә… отырдым… сіз рұқсат бердіңіз ғой.

Әкім. Міне көрдің бе! Осыдан кейін сеніп көр адам баласына! Ол қу бәрімізді алдап кетті. Сездім ғой мен бұл істе бір гәп барын! Айттым ғой!

Мереген. Не болып қалды, Басеке?

Әкім. Әлгі Балханың жәй концертпен жүрмеген болып шықты. Жаңа ғана жоғарыдан бір көкей телефон шалды. «Жолатпа қалаңа Балханды!» дейді.

Мерген. Жолатпа?! Түк түсінсем бұйырмасын!

Әкім. Мәселе мынада – әлгі Балхан жәй жүрмей саясатқа араласайын депті. Мына гостролінің мақсаты, күйеуінің депутаттыққа сайлануы үшін үгіт-насихат жүргізу.

Мерген. Үгіт-насихат? Күйеуіне?

Әкім. Иә! Өзің не – керең боп кеткенбісің? Оның күйеуі оппозициялық партия атынан мәжіліске депутат болып сайланбақ екен, ал Балхан өзінің абыройымен оны қолдауға шығыпты. Міне тегін концерттің құпиясы қайда!

Мерген. М-м… енді не істейміз?

Әкім. Әлгі продюсерді тауып алу керек. Қайда кеткенін айтқан жоқ па?

Мерген. Мәдениет сарайына барамын, концертке дайындық жүргіземін деді.

Әкім. (телефонның тұтқасын алып) Мәдениет сарайының нөмірі қандай еді?

Мерген. Төрт-отыз төрт-нөл бес. (әкім телефон шалады) Қап! Келісім-шартқа қол қойып қойғанымды қарашы!

Әкім. Тсс! (телефонға) Мәдениет сарайы? Бұл кім? Меңгеруші? Мен Басармын – әкіммін. Балхан Жүсіпованың продюсері бар ма? Ә, бер онда тұтқаны. … Уағалайкүм ассалам. Тыныштық. Шүкір. Ә, жәй ғой. Бір сұрақ бар, маған келіп кетсеңіз. Иә, дәл қазір. Мен өзімдемін. Жәй, жаңағы мәдениет бөлімінде отырған келісім-шартқа тағы бір түзеу енгізу қажет. … Бұл телефон арқылы сөйлесетін әңгіме емес, маған келіңіз, осы жерде саспай әңгімелесеміз. (тұтқаны қоя салады) Мен саған көрсетем келісім-шарт өзгертілмейдіні! Қарашы өзін, өзінен басқаны ақымақ деп санайды! (Мергенге бұрылып) Сен де ендігәрі көрінгенге елпілдей бермей сақ бол. Әйтпесе қазіргі заманда су түбіне кетесің, басыңнан айрыласың.

Мерген. Қайдан білейін… Балхан Жүсіпова келеді дегесін…

Әкім. (орнына отыра бере) Міне-міне! Балханның атын естісімен ақылымыздан айрыла жаздадық. Бұл оқиға бізге сабақ болсын.

Шолпан. (есіктен басын сұғып) Басеке, бір кісі келіп тұр, продюсермін дейді.

Әкім. Кірсін, жібер!

Продюсер. (кіріп келіп) Ассаламу ғалайкүм!

Әкім. Уағалайкүм ассалам. Жоғарлатыңыз. (продюсер жанына келіп орындыққа жайғасқаннан кейін) Әлгі келісім-шартыңызды бере тұрыңызшы, оқып шығайын. Мына кісі бір қателік жіберіпті. Бір түзету енгізу қажет.

Продюсер. (папкасынан шартты алып әкімге беріп жатып) Ол қандай түзету?

Әкім. (шартты оқымастан жыртып тастайды да қоқыс шелегіне тастап жібердеі) Мынадай түзету!

Продюсер. (орынан атып тұрып) Бұл не?!

Әкім. Бұл – концерттік зал берілмейді деген сөз! Бұл – осы ауданда концерт қоймайсың деген сөз!

Продюсер. Сіз ештеңе білмейді екенсіз. Концертті кім қоятынын білесіз бе? Балхан Жүсіпова!

Әкім. Енді қайтейін? Балхан Жүсіповаң құдай ма еді?

Продюсер. Сіз не?! Балхан Жүсіпованы білмейсіз бе? Ол…

Әкім. Түсіндірем деп әлек болма. Ол толған қатындардың бірі. Ал қатын болдың ба – бір жеріңді қысып жөніңмен жүр. Менің сенімен салғыласатын уақытым жоқ. Менің тірісімде бұл ауданда концерт қоя алмайсыңдар.

Продюсер. (не істерін білмей тұрып-тұрып, папкасын жауып, кетуге ыңғайланады) Жарайды. Көреміз – қоя аламыз ба, әлде қоя алмаймыз ба. Ал сіздің республика деңгейінде әйгілі әншіге концерт қоюға орын бермегеніңіз бүкіл халыққа аян болады. Сол кезде бармағыңызды шайнап қалмаңыз.

Әкім. Шайнамаймын! Ол үшін сен қам жеме. (продюсер кетеді; әкім селекторды басып Шолпанға) Жұмағалиді маған тауып бер. Дереу жетсін де.

Шолпанның дауысы. Жақсы, бастық.

Әкім. (Мергенге) Сен нағып тұрсың?

Мерген. Не істейін?

Әкім. Бар, мәдениет сарайына бар. Бүкіл клуб меңгерушілеріңді ескерт – жаңағы суайтқа клубтарын беріп қоймасын. Бастарын жұлып аламын!

Мерген. Құп болады! (кетеді)


Мерген кетеді – Жұмағали кіреді.


Әкім. Ә, келдің бе! Мені мұқият тыңдап ал. Сен қазір бүкіл мекемелерге телефон шаласың да менің мына бұйрығымды жеткізесің: егер де сол мекемелердің бір қызметшісі Балхан Жүсіпованың концертіне барса – жұмысынан айрылады. Түсіндің бе?

Жұмағали. Т-түсіндім… ал бірақ…

Әкім. Бірағыңды қой! Ол Балханың концерт қоя алмас, қойуға жер берілмейді, сонда да ескертіп қойған жөн. Бүкіл мектептер мен колледждерге де телефон шал – мұғалімдер не өздері бармасын, не оқушылары мен студенттерін жібермесін. Ол үішін бастарымен жауап береді. Енді түсіндің бе?

Жұмағали. Түсіндім!

Әкім. Түсінсең – бар! Орында тапсырманы. Қалғанын қайтып келген соң айтамын. (Жұмағали кетеді; ол кетісімен әкім тағы да орынынан тұрып темекі тартпақшы болады, бірақ үлгірмейді – телефон тағы шыр етіп әкім тұтқаға жармасады) Әлө? Иә! Иә, тиісті шара қолданып жатырмыз. Иә, дәл сіз айтқандай. Иә-иә! Құп болады!..

Екінші көрініс

Саябақтағы концерттік ашық алаңқай. Ағаштан істелген қарапайым эстрадада тұрған музыканттар бір әуен бастап кетті. Үстінде әдемі концерттік көйлегі бар Балхан шығып микрофон алдына келіп тоқтайды. Тақтай орындықтарға жайғасқан көрермендер әншіні қол шапалақтап қарсы алады. Көрермендердің басым саны зейнеткерлер, кішкентай немерелерін ертіп келген апайлар мен әжейлер, бес-алты ағайлар мен атайлар да бар. Қалкен мен Жазира ең шеткі, ағаш тасасындағы орындыққа келіп жайғасады. Екеуінің назары сахнадағы әнші мен музыканттарда болғасын, өздерін аңдып жүрген детективты байқамайды. Детектив ағаш арасынан оларды бейнекамераға түсіріп жүр. Балханның белгісімен музыканттар аспаптарының үнін өшіріп, әнші бір әнді шырқап кетеді. Жазира мен Қалкеннің диалогы сол әннің фонында өтеді.


Жазира. Керемет! Бұл шынында Балхан Жүсіпова ма?

Қалкен. (күліп) Өз көзіңе сенбей тұрмысың?

Жазира. Сенбейін десем – дәл өзі, сенейін десем – Балхан мынадай жұпыны сахнада шырқайтын әнші ме еді? Мәдениет сарайынан орын табылмағаны ма?

Қалкен. Иә, мен де соған таңырқап тұрмын. Мүмкін сарайда концертті кешке қояр, ал мынау жәй әншейін, дайындық ретінде шығар.

Жазира. Әй қайдам! Және көрермен де аз. Оның өзі кілең қариялар. Оқушылар қайда? Осындай концертке бірінші боп жетіп келетін студенттер қайда?

Қалкен. Оқуда шығар. Бүгін демалыс емес, жұмыс күні ғой. Зейнеткерлерден басқасы жұмыста. Кешке көрерсің – мәдениет сарайы лық толып, ертеректеу қамданбасақ орынсыз қалармыз.

Жазира. Жақсы, солай-ақ болсын. Сонда неге бір де бір афиша жоқ? Сенің көзіңе бүгін афиша түсті ме?

Қалкен. Жоқ…

Жазира. Міне, көрдің бе…


Осы сәтте сахнаның жанына динамик-колонка, музыкалық орталықтары бар бір топ жігіт пен қыз келеді. Сосын батыстық ритмикалық әуен, әншінің де, музыка аспаптарының да үнін басып тастайды. Жігіттер мен қыздар билей жөнеледі. Балхан әнін тоқтатып билеушелерге ашулана қарайды. Әншінің продюсері әлгі жастарға жетіп барып бірдеңе дейді, олар бір қағазды продюсердің көзінің алдында бұлғаңдатып, ыржыңдап жауап қатады. Продюсер музыкалық орталықты сөндіріп тастайды, бір жігіт оны қайтадан қосады. Продюсер қайтадан сөндірмек болып ұмтылған кезде жігіт оны итеріп жібереді. Екеуі ұстасып қалады. Бұл жерге музыканттар мен концерт жүргізуші килігеді, оның үстіне жастар кірісіп кетіп, нәтижесінде кішігірім алыс-жұлыс орын алады. Осы жерде полиция бөлімінің бастығы полковник басқарған бірнеше полиция қызметкерлері келіп араға түседі. Музыканың үні өшеді.


Полковник. (продюсерге) Бұл не шу? Тәртіпті неге бұзасыңдар?

Продюсер. (ентігіп сөйлейді) Біз емес – мына жастар тәртіпті бұзған! Біз концерт қойып жатырмыз, ал бұлар ше бізге бөгет жасап тұр.

Полковник. Бұл жерде концерт қоюға рұқсат алып па едіңдер?

Продюсер. Жоқ. Енді мынадай жерге де рұқсат керек пе еді?!

Полковник. Әрине! Ал рұқсат жоқ па – аспаптарыңды жинап тайып отырыңдар. Мына жастардың дискотека құруына рұқсат қағазы бар, яғни, олар сендеге емес, сендер оларға бөгет жасап тұрсыңдар.


Балхан не істерін білмей, микрофонды колонканың үстіне қоя салып, жылап жібереді. Алақандарын бетіне басып сахнадан шығып кетеді, ал жастар күліп, ысқырып, қиқулатып шығарып салады.


Қалкен. Әй, бұлары несі ей? (орнынан атып тұрып полковниктің жанына жетіп барады, Жазира оның соңында) Бұл не деген масқара?! Сіз өзі бұл әншінің кім екенін білесіз бе? Бұл Балхан Жүсіпова!

Полковник. Е! Балхан болса не – тәртіп бұзу керек пе?

Қалкен. Тәртіпті бұзған мына боқмұрындар! Ал Балхан Жүсіповадай эстрада жұлдызы тегін концерт қойғанына қуанудың орнына сіз оны қуып тұрсыз. Бұны қалай түсін дейсіз?

Полковник. Қалай түсінсең олай түсін! Жұлдыз болсын – болмасын, тәртіп барлығына бірдей. Балханың түгілі Алла Пугачева келсе де мен оның тәртіп бұзуына жол бермеймін. Бітті әңгіме!

Жазира. (Қалкеннің жеңінен кері қарай тартып) Қалкен, кеттік, көрмеймісің – бұл кісімен сөйлесу бекер іс. Кеттік!

Полковник. Иә, иә, кет, жөніңмен жүр.

Қалкен. (Жазираның тартуымен шегініп жатып) Сіз бұл ісіңіз үшін әлі жауапқа тартыласыз. Мен бұл істі жәй қалдырмаймын.

Полковник. Бар, бар, қырып ал! Мен қызметтегі адаммын. Мен тек бұйрық орындаушымын. (полиция тобының командиріне) Ал, мен кеттім. Байқа, тағы бір ши шығып жүрмесін. Барлығы тарағанша кетпеңдер, ал әртісттерден көз жазып қалма – тағы бір жерде концерт қойып жүрмесін. (кетеді)


Көрермендер тарай бастайды да, көп ұзамай орындықтарда бірі де қалмайды. Балханның музыканттары аспаптарын жинап кетеді, олардың соңынан полиция қызметкерлері аттанады. Жастар да колонкалары мен музыкалық орталықтарын арқалап жоқ болады. Алаңқайда тек Қалкен мен Жазира қалады


Жазира. Мен бірдеңе түсіне бастадым. Мұның бәрі әлгі жаңадан келген әкімнің ісі. Бұл жастар да, полиция қызметкерлері де соның бұйрығын орындап жүр.

Қалкен. Ол әкімнің Балханда не құны бар? Неге оның концерт қоюына кедергі жасайды? Балхан орысша ән шырқамайды. Керісінше, нағыз дәстүрлі қазақ әндерін айтады. Қай жылда бір эстрада жұлдызы келгеніне қуанбай ма?

Жазира. Бұл бір түсініксіз нәрсе. Бірақ мұның бәрі сол әкімнен шығып тұрғанында менің күмәнім жоқ. Кім білсін, мүмкін Балханда кегі бар шығар.

Қалкен. Қандай кек болушы еді? Жалпы, әкім мен әнші арасында қандай іс болуы мүмкін?

Жазира. Қайдан білейін. Қай заман болмасын, билік пен өнер адамының арасында бір кикілжің табылады. Жаяу Мұса мен Мұстафаны есіңе ал. Ал сен өзің ше? Әкім келмей жатып ақын оған қарсы шыққан жоқ па!

Қалкен. Әкімге қарсы шыққан ақын емес – журналист.

Жазира. Жоқ, ақын. Мүмкін журналист, әсіресе әкімнің қоластындағы журналист, үндемей де қалушы еді, бірақ ақын ешқашан әділетсіздікке жол бермейді. Берсе – ол ақын емес.

Қалкен. Мен ең әуелі журналистпін. Ал ақынмын ба, жоқ па…

Жазира. Жоқ, Қалкен, сен ең әуелі ақынсың. Нағыз ақынсың. Мүмкін журналист жаңағы жерде жанжалға кіріспес еді, журналист әрі кетсе оқиғаның оқырманға айқын жетуін қамтамасыз етеді. Ал нағыз ақын мұндай әділетсіздіктің жанынан өте алмайды, ол үндемей қала алмайды.

Қалкен. Сен шынында да мені нағыз ақын деп санайсың ба?

Жазира. (Қалкенді құшақтап бетінен сүйеді) Әрине! Сен нағыз ақынсың. Қалкен-ай, мен саған емес, ақынға ғашық болғам. Міне – енді сенсіз бір де күн сүре алмаймын. Менің газетіме жұмысқа кірсең біз әрдайым бірге болар едік. Неге сен келіспей тұрсың? Әлде мені сүймейсің бе? Мүмкін сенің махаббатың махаббат емес – жәй тек ақындық, серілік шығар? (Қалкеннің қабағын шытқанын көріп күліп жібереді) Ойнаймын, ренжіп қалдың ба? Ал, егер шын сүйсең – көрсетші махаббатыңды. (еріндерін тосады – Қалкен сүйеді, сосын екеуі құшақтасып ұзақ сүйіседі – детектив олардың жанына жақын келіп камераға түсіріп тұр)

Қалкен. Білесің бе, Жазира, Самал сондай қызғаншақ. Және ол бірдеңе сезіп жүрген сияқты. Ақырғы кезде өзі маған шүйіліп алды. Сенің редакцияңа кірмей-ақ газетің үшін мақала жазып жүре берcем болмай ма?

Жазира. Мен сені сағынамын. Мен енді сенсіз бір минут та отыра алмаймын. Не жазып, не қойғанымды білмеймін. Соның салдарынан өткен номірде бір ірі қателік те жіберіп қойыппын. Масқара бола жаздадым.

Қалкен. Бір жақсы журналист қарастырсаңшы. Бәріне жалғыз өзің үлгірмейсің ғой.

Жазира. Ба-аяғыда қарастырып қойғанмын! Өте жақсы журналист. Оған жақсы жалақы да тағайындап қойдым. Тек өзі келісімін бермей жүр. Бірдеңеден қорқады білем…

Қалкен. Ол кім өзі? (пауза) Ә! Мені айтып тұрсың ба?

Жазира. (күледі) Жоқ, сенің артыңдағыны.

Қалкен. (артына бұрылып детективты көзі шалып қалады, детектив ағаштың артына жасырынады) Әй, анау кім өзі?

Жазира. (ол да бірдеңені сезіп орнынан тұра беріп) Не?.. Қалкен, бізді біреу аңдып жүр. Мен әлгі кісіні бағана, саябаққа кірерде көзім шалып қалған.

Қалкен. (тұра келіп) Аңдып жүр?!

Жазира. Иә, бізді бейнекамераға түсіріп жүр.

Қалкен. Қап бәлем, тоқтай тұр!


Қалкен детективтың соңынан қуып береді, детектив қаша жөнеледі. Жазира былай қарай шығып олардың соңынан қарап тұрады. Біраз уақыттан кейін бейнекамера ұстап Қалкен қайтып келеді.


Қалкен. (ентігіп сөйлейді) Қашып кетті… Міне, камерасын тартып алдым… Танымайтын біреу… Бұл кім болды екен, ә?

Жазира. (бейнекамераға қарап) Мынаны қара – су жаңа цифрлы камера! (Қалкенге) Танымаймын деймісің? Мен де бұрын көрген емеспін. Әлгі әкімнің адамы болмаса…


Осы уақытта балалардың күлкісі, дабдырлаған дауыстары естіледі.


Самалдың дауысы. Балалар, бері жүріңдер! Жасұлан! Қойсаңшы қылжақты…

Қалкен. (орындыққа отыра берген жерінен қайта көтеріліп) Самал?! Жазира, бұл Самалдың дауысы ғой! Ол қайдан келіп қалды?


Жазира ағаш арасына жасырынады. Алаңқайға Самал келеді. Оның жанында оқушылар бар. Самалдың қолында ағаштың бұтағын кесетін қайшы, балалардың қолдарында тырмауыш, күрек, с.с. құралдар. Балалар Қалкенмен жамырап амандасып жатыр.


Самал. Қалкен?! Сен мұнда не ғып жүрсің?

Қалкен. (артына қарағыштап) Жәй әншейін… өтіп бара жатып… сенің дауысыңды естіп… Ал сендерді не – басшылық жіберді ме?

Самал. Иә. Директор жіберді. Аяқ астында осы жерді жинау керек болыпты.

Жинаса жаз бойы не бітірген? Әйтеуір бір сарсаңға салып қою оныкі!

Қалкен. Ал мен енді бәрін түсіндім. Директорың жаңа әкімнің бұйрығын орындап тұр.

Самал. Қайдағыны қайдан айтасың! Әкімнің осы саябақтан басқа жұмысы жоқ па?

Қалкен. Жоқ болып тұр ғой…

Самал. Жә, қайтесің оны! Сен өзің не бітірдің? Жұмыс қарастырдың ба?

Қалкен. (тағы да артына көз тастап) Қарастырдым…

Самал. (Қалкен қараған жаққа көз тастап) Артыңа неге қарағыштай бересің? Біреу бар ма?

Қалкен. Ешкім де жоқ. Кім болуға тиісті?

Самал. Қайдан білейін, жаңа жаныңда біреу тұрған сияқты да… бір келіншек пе… қыз ба… Қолыңдағы не?

Қалкен. (қолында бейнекамера бар екені есіне түсіп түрі бұзылып кетеді) Бұл ма… бұл… бұл бейнекамера.

Самал. Бейнекамера? Оны қайдан алдың?

Қалкен. Қайдан? М-м… бұл менікі емес…

Самал. Әрине сенікі емес – қайдан келсін саған мұндай бейнекамера! Сонда кімдікі? Әкелші көрейін. Не түсіріп едің?

Қалкен. (жаман сасады) А! Ештеңе емес…

Самал. (қолын созып камераға жармасады) Әкелші, көрейін! Саған не болған өзі!

Қалкен. Несін көресің? Бұл жарамай қалған камера… сынып қалды… жарамайды (камераны жанында тұрған урнаға тастай салады) Жарамайтын камера.

Самал. (күйеуінің бұл қимылына таңырқап) Бұның не? Жарамаса да біреудің камерасын қоқысқа тастауға бола ма?

Қалкен. Енді не қылайын? Бәрібір жарамайды…


Бір бала урнадан камераны алып шығып, басқалар оны қоршап алады.


Бір оқушы. Бұл камераны оңдап алуға болатын шығар…

Екінші оқушы. Кәне, берші, көрейін несі сынғанын. Дискісі бар ма?

Үшінші оқушы. Жоға! Мұндай камерада диск болмайды, флешка болады.

Қалкен. (оқушының қолынан камераны жұлып алады да флеш-картасын қалай аларын білмей біраз әлектенеді) Мұның флешкасы қалай алынады?

Үшінші оқушы. Әкеліңіз, ағай, алып берейін. (Қалкен камераны береді – бала аспаптың бір жерінен флешкасын алып камерамен бірге ұсынады) Міне…

Қалкен. (флешканы қойын қалтасына салып алады да бейнекамераны балаға қайтарып береді) Ала бер, камера маған керек емес. (оқушылар уласа-шуласа әлгі баланы қоршап алып оның олжасын қызықтап дабдырласып жатыр)

Самал. Бұл флешкада не бар?

Қалкен. Ештеңе емес.

Самал. Қалай ештеңе емес? Ештеңе болмаса несіне қалтаңа салып алдың?

Қалкен. Самал, бұл флешкада… бұл флешкада… Оны әзірше айта алмаймын -ол құпия.

Самал. Құпия дейсің – ал өзің жаңа ғана камерамен бірге урнаға тастай салдың. Мұны қалай түсінуге болады?

Қалкен. Самал, сұрама, мен оны саған айта алмаймын.

Самал. Неге?

Қалкен. (ашулана бастап) Неге-неге! Осы сенің сұрақтарың біте ме? Саған бәрін білу керек, ия! Ал мен кейбір ақпараттың құпиясын саған да аша алмаймын. Ұмыттың ба? Мен журналистпін!

Самал. (біраз уақыт Қалкенге тесірейіп қарап тұрып, басын шайқайды) Жұмыссыз жүріп журналистпін дейсің.

Қалкен. Жұмыссыз жүрген жоқпын.

Самал. Сонда не? Жұмыс таптың ба?

Бір қыз бала. Апай, біз осы жерге бейнекамераны тамашалауға келдік пе?

Самал. Балалар! Кәні, беріңдер маған камераны. Бұл сендерге ойыншық емес, өзі біреудікі екен. Жұмысқа кірісіңдер. (балалар камераны оған табыс етеді)

Екінші қыз бала. Апай, қайшыңызды бере тұрыңызшы – ана ағаштың бұтақтары сынып қалыпты, соны қырқып тастайын.

Самал. Мә. Абайла – саусақтарыңды бірге қырқып тастама.

Бірінші қыз бала. Апай, ағаштардың түптерін қопарайық па?

Самал. Әрине. Бірақ байқаңдар – тамырларына зақым келмесін.

Екінші қыз бала. Апай, Жасұланға айтыңызшы – бұрымымнан тарта бермесін. (артында тұрған балаға қайшысын сартылдатып ұмтылады) Жасұлан! Айтпады деме – қолдарыңды қырқып тастаймын!

Самал. Әй Жасұлан! Қойсаңшы енді! Өзің не ғып тұрсың? Тырмауышың қайда?

Қалкен. Ал мен кеттім, сендерге бөгет болмайын. Кешке үйде сөйлесерміз.

Самал. Тоқтай тұр! Кетпе. (балаларға) Балалар, уламай-шуламай жұмыстарыңды істей беріңдер. Мен ағаларыңмен сөйлесіп алайын. (Қалкенге) Жүр, мына орындыққа отырып сөйлесейікші, күні бойы тыпырлап аяғым талды.


Самал мен Қалкен орындыққа отырады да оқушылар жұмысқа кіріседі.


Самал. Сонымен, жұмыс таптың дедің бе? Қай жерге орналастың?

Қалкен. Аудан тынысына. Оның бас редакторы мені жұмысқа алатын болды. Ертеңнен бастап жұмысқа кіріспекпін.

Самал. Аудан тынысы? Тоқтай тұр… оның иесі әлгі Жазира емес пе еді!

Қалкен. Иә… сол. Ертең жұмысқа шық деді. Жақсы жалақы тағайындайтын болды.

Самал. М-м… Басқа жұмыс болмады ма? Жазираның күйеуі кісі өлтіріп сотталып кетпеп пе еді!

Қалкен. Мені оның күйеуі жұмысқа қабылдайын деп тұр ма? Осындай сөз не керек? Сосын біздің қалада бары-жоғы екі-ақ газет.

Самал. Газеттен басқа жұмыс жоқ па?

Қалкен. Қандай жұмысты айтасың? Менің мамандығым журналист. Әлде қара жұмысқа салайын деп пе едің?

Самал. Жоқ… кім саған қара жұмыс істе деп тұр. Тек… тек сол Жазираны сұханым сүймейді. Өзі сондай тәкәппар, өркөкірек.

Қалкен. Оның өзінде нең бар! Біз оны баламыздың кіндігін кесуге шақырайын деп тұрмыз ба? Газетіне жұмысқа алатын болды, жалақың жаман болмайды дейді – одан басқа не керек?

Самал. Сол өзіңнің бұрынғы жұмысыңда жүре берсең не етер еді…

Қалкен. Мен ол жұмыстан кетейін деп кеттім бе! Шығарып тастаған жоқ па!

Самал. Мен Мақпалмен сөйлестім. Ол бәріне сен өзің кінәлісің дейді. Жаңадан келген әкімге қарсы шығыпсың ғой.

Қалкен. Иә… бірақ сен мені кінәлауға асықпа – сол жерде қарсы шықпасқа болмады. Сергей Андреевичты қазақша сөйлемейсің деп орынан алып тастады. Сол дұрыс па?

Самал. Дұрыс болса, дұрыс шығар. Қазіргі заманда кез келген қызметкер мемлекеттік тілді білуге тиісті. Және де ол кісі зейнеткерлікке шығатын жасқа жетті. Кәрілер кетеді, жастар олардың орнын басады. Онда тұрған не бар?

Қалкен. Зейнеткерлікке шығуға әлі үш жылы бар, енді қайда бармақшы? Жаңа әкімнің кесірінен жақсы зейнетақыдан құр қалады енді. Қырық жыл үздік жұмыс істегені не керек, ақырғы үш жылдың жалақысы бойынша тағайындалмай ма зейнетақы!

Самал. Енді мүлдем жұмыссыз қалтырмайтын шығар о кісіні! Қалай болғанда да әкімді түзететін сен бе едің? Сен сол жиналысқа тек корреспондент ретінде қатысқан жоқпысың? Сенің со жерде басшылардың сөзіне килігетін ешқандай құқығың да болған жоқ. Мақпал маған бәрін айтып берді. Сен, өзгесін былай қойғанда, журналисттік этиканың ережесін бұздың. Сондықтан ол сені алып қала алмапты.

Қалкен. Сондайда бәрі этикашыл бола қалады екен! Ал қырық жыл білім саласында аянбай еңбек еткен адамды болмашы айып тағып жұмыстан шығарып тастағаны қандай этикаға жатады?

Самал. Мемлекет тілін білмегенін «болмашы айып» деймісің?

Қалкен. Мемлекет тілі, мемлекет тілі! Сен шынында да сол әкім мемлекет тіліне жаны ашып тұр дейсің бе? Ол тек бір сылтау емес пе! Сергей Андреевич со жерде қазақша сайрап тұрса да оған басқа бір айып тағып жұмысынан босатушы еді әлгі әкімің. Өйткені оның мақсаты орыстарды қуу. Ол бүкіл мектептерді қазақ тіліне аударамын дейді. Сен түсінуге тиістісің – қандай қасіретке сол мектептердің ұшырайтынын. Онда тек қана орыстардың балалары оқып жүрген жоқ, қаншама қазақ балалары бар. Балалардың тағдырын ойлап отырған біреу бар ма?

Самал. Олардың тағдырына не болады екен? Сен де қайдағыны айтасың осы!

Қалкен. Мына мені алшы – мен кезінде қазақ мектебінде оқуымды бастадым. Бесінші кластан әрі қарай орыс тілінде оқуға тура келді. Енді міне – мен өзім білмеймін, мен қазақпын ба, әлде орыспын ба.

Самал. Енді міне өзің де мойындадың ғой – әлгі жаңа әкім соны ойлап отырған жоқ па! Қазақтың балалары қазақ болсын деп, қазақша сөйлесін деп, өзінің ана тілін жақсы білсін деп.

Қалкен. Жоқ, сен түсінбейсің! Өзің ойлашы – сол қазақ балалары 8—9 жыл орысша оқып келіп, ендігі қалған екі-үш сыныпты қазақ мектебінде бітірмекші. Сен шынында да сол балалар аяқ астында ана тілін игеріп кетеді деп ойлайсың ба?

Самал. Толық игермесе де бірдеңе үйреніп қалар. «Ештен кеш жақсы» демекші.

Қалкен. Жоқ, бұ жерде мұндай мақал орынсыз. Қазір орысша оқып жүрген балаларға оқуын орысша бітіруіне мүмкіндік беру керек. Және де орыс мектептерін мүлдем жауып тастауға болмайды. Орыс немесе орыс тілдес балалардың білімді өз ана тілінде алуына құқығы жоқ па? Біздің ана тіліміз ана тілі де, олардың ана тілдері не – бос сөз бе? Біреудің ана тілін сыйламай қалай сен өзіңнің ана тіліңді сыйлатпақсың? Осыны сол сенің әкімің ойлады ма?

Самал. Ол неге менің әкімім?

Қалкен. Сен соны жақтап тұрған жоқсың ба!

Самал. Жақтаймын! Мен оның орнында отырған кез келген адамды жақтаймын. Өйткені ол – әкім! Ол сол қызметке жоғарыдан тағайындалған.

Қалкен. Әй, оның осы ісін жоғарғы жақ нұсқап отырған жоқ шығар. Керісінше – біздің үкімет басшылары да, президентіміз де ұлтаралық қатынаста өзара сыйластықты, бүкіл ұлттардың мүдделерін қорғауға шақырады. Біздің жаңа әкім өз бетімен сол саясатты бұрмалап отыр.

Самал. Қайдан білесің кімнің қандай саясатты жүргізіп отырғанын? Екеумізге сол саясатқа араласатын не бар? Әкім үкімет адамы, не істесе де үкіметтің алдында жауап береді. Егер ұлтаралық қатынастарға кесірін тигізсе орнынан бір түсер.

Қалкен. Ойбай-ау! Ол орнынан түскенше ауданымыздың қоғамы не болмақшы?! Ал егер түспеше ше?

Самал. Түспесе түспей-ақ қойсын. Біздің онда не жұмысымыз бар?

Қалкен. Міне осындай көзқарастың кесірінен біз осы күнге дейін оңбай жүрміз. Үкіметтің ішкі саясаты біздің жұмысымыз емес, сыртқы саясаты да біздің жұмысымыз емес, парламентіміз қандай заң қабылдап жатыр – ол да бізге керек емес, сол заңдар жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па – оны біз қайтеміз? Сонда бізге не керек? Ертең, жаман айтпай жақсы жоқ, тоталитарлық режим орнап қалса кімді кіналаймыз? Әрине, басшыларды! Ленин оңбаған, патшаны құлатып, ежелден келе жатқан ата заңымызды құртқан, Сталин мен Голощекин де оңбағандар, қазақтарды қырып, Қазақстанды үлкен бір концлагерге айналдырған, Хрущев те – біздің солтүстіктегі жерлерімізді Ресейге қоса жаздап, «тың игереміздің» сылтауымен біздің жерімізді орыстарға толтырған. Брежнев те былшыл қырт, қазақ мектептерін орысшаға аударып бізді орысқа айналдырған. Горбачев пен Колбин қазақтың жастарын қырып-жойып, соттап, қудалап, жоғарғы оқу орындарын орыстардың балаларына толтырған. Әрине, біздің бүкіл қасіретімізге солар кінәлі. Ал біз сонда қайда жүргенбіз? Неге біз, халық болып, қоғам болып сол оңбағандарға, олардың саясатына қарсы шықпадық? «Ол біздің жұмысымыз емес!» – міне, сенің жаңағы сөзің біздің халықтың аузынан, қай заманда болмасын, түскен емес.

Самал. Тү-ү! Осы сенің не ауруың бар – кез келген жәй әңгімені бір лекцияға, диспутқа айналдырып жіберетін? Маған керегі – менің күйеуім, балаларымның әкесі жұрт сияқты тұрақты жұмыс істеп үйге жақсы ақша әкелгені. Сенің бастапқы міндетің – отбасыңның жағдайын ойлау. Ал сен ше – тұтас бір қоғамның, мемлекеттің жағдайын ойлайсың. Ол не керек саған? Мемлекеттің жағдайын ойлайтын адамдар бар, жететін, сенсіз де бірдеңе қылып басқарады. Ана қызың мектеп бітірісімен базарда сатушы болды. Енді бүкіл қалған ғұмырын «базарная баба» боп кешпекші.

Қалкен. Ол қыз мектепте оқып жүргенде несін ойлады? Өзі ғой ешнәрсеге талпынбағаны. Мектеп бітірісімен «мен жоғарғы білім алғым келеді» – деп аузын ашты ма? Жоқ! «Мен саудагер боламын» – деді де базарға бір-ақ кірді.

Самал. Жарайды, ол қыздікі солай-ақ болсын. Жарайды, енді тұрмысқа шығып өзінің отбасын құрар. Ал ана ұлды не істейміз?

Қалкен. Ұлға не болыпты?

Самал. Не болғаны несі! Мектеп бітіріп жатқан жоқ па! Әлде оны да базарға тығайын деп пе едің?

Қалкен. Мен ешкімді базарға тыққан жоқпын. Базарда да адамдар жұмыс істейді. Егер ол ұлдың қабілеті басқаға жетпесе – барсын базарға. Ал базарда сауда жасау үшін де бас керек.

Самал. Әй, ол ұлдың оқуы жақсы! Сен олай жалтақтама! Бүкіл мұғалімдер бір ауыздан: «Ұлыңды оқыт – одан бірдеңе шығады» деп жамырап жүр. Қайратты оқыту керек.

Қалкен. Оқысын – оқығысы келсе! Мен оған қарсы емеспін ғой.

Самал. Сенен сонда не – тек осы сөзің ғана қажет пе? Оқу үшін қаражат керек. Көп қаражат. Менің жалғыз жалақым неге жетеді? Сенің болашағың бұлыңғыр. Сен әкімге қарсы шығарда сол балаңның оқуын ойладың ба? А?! Қайдам! Саған ол керек жоқ! Сен өз басыңның қамын ғана ойлайсың.

Қалкен. Сонымен мен өзімді ғана ойлаймын екен! Әй, егер де сол шын болса мен сол жерде, әкімнің кабинетінде үндемей отырмаймын ба! Нем бар сау басыма сақина тілеп? Әкімді өзіме ерегестіріп, жұмыстан айрылып қайтер едім? Мен қоғамды ойладым, халықтың жағдайын ойладым, балалардың жағдайын!

Самал. Ал сол халық саған алғысын айта ма? Жоқ! Керісінше, жұрт саған күліп жүр. «Әлін білмеген әлек!», «Дөкөйлермен тайталасып несі бар еді – бар бітіргені жұмысынан айрылып қалды!» – деп жүр.

Қалкен. Айта берсін ауызына келгенін ақымақтар!

Самал. Жақсы, солар-ақ ақымақ болсын. Сонда неге «Қалкендікі дұрыс, ол біздің бәріміздің мүддемізді қорғап жүр» – дейтін бір де бір адам табылған жоқ? Әлде бүкіл адамдар кілең ақымақтар ма? Мүмкін керісінше – сен өзің ақымақ шығарсың?

Қалкен. (қызарып кетіп) Ал сен кімсің сонда? Сен ақылды болсаң неге ақымақпен тұрмыс құрып жүрсің?

Самал. Кім мені ақылды дейді? Ақымақпын! Ақымақпын! Ақылды болсам осы күнге дейін сенімен итшілеп жүрем бе? Баяғыда кетіп қалушы едім ғой. (көзіне жас алады)

Қалкен. Әне басталды! Мен былай сөйлесе алмаймын. (орындықтан тұрып, кетуге ыңғайланып) Ал мен кеттім. Тый көз жасыңды! Балалар қарап тұр. Ертең айтып жүрер – «жаман ағай екен – апайымызды жылатты» – деп. Ештеңе етпес, ертең ақ жұмысқа шығамын. Және де әлгі кітабым шықса гонорар аламын. Сосын жібереміз Қайратты оқуға, ол үшін қам жеме. (кетеді)

Самал. (көз жасын сүртіп, орнынан тұрып балалар жаққа бет алып бара жатып) Жарайды, бір жөні болар. Осыдан басқа бізде айтарлық сөз бар ма…


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 | Следующая
  • 0 Оценок: 0

Правообладателям!

Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?


Популярные книги за неделю


Рекомендации