Текст книги "Қарсақбай және қарсақбайлықтар"
Автор книги: Сағындық Қожамсейітов
Жанр: Документальная литература, Публицистика
Возрастные ограничения: +18
сообщить о неприемлемом содержимом
Текущая страница: 1 (всего у книги 23 страниц) [доступный отрывок для чтения: 8 страниц]
Қарсақбай және қарсақбайлықтар
Сағындық Қожамсейітов
Мұхтар Бақытұлы
© Сағындық Қожамсейітов, 2023
© Мұхтар Бақытұлы, 2023
ISBN 978-5-0051-0508-0
Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero
Қарсақбай және қарсақбайлықтар
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында шығып отырған «Қарсақбай және қарсақбайлықтар» кітабы Қарсақбай мыс қорыту зауытын салу, өндірістік қуатын игеру және одан әрі дамыту тарихына арналған. Бұл – кеңестік шығыстағы қазан төңкерісінен кейін салынған тұңғыш металлургиялық кәсіпорын. Мұнда мыс кенін байыту, мысты балқыту өз заманындағы ең озық технология бойынша атқарылды. Қарсақбай зауытының тәжірибесі Балқаш, Жезқазған және Кеңес Одағының басқа ірі түсті металлургия кәсіпорындарын жобалағанда ескерілді.
Қарсақбайда қазақ ұлттық тұңғыш жұмысшыларының үлкен қауымы қалыптасып шыңдалды. Талай металлургтер әулеті «Қазақмыс» корпорациясында, оның ішінде Жезқазған мыс қорыту зауытында еңбегін жалғастыруда. Жұмысшылар, инженер-техниктер ортасынан аты бүкіл елімізге мәшһүр ғалымдар, ірі өндіріс ұйымдастырушылары, мәдениет және өнер саңлақтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері шықты.
Қарсақбай зауыты Қазақ елінің, Арқаның, Ұлытау өңірінің экономикалық және әлеуметтік дамуына игі ықпал жасады. Зауыт ұжымы жіберген жұмысшылар ауылда сауатсыздықты жоюға, ауыл шаруашылығын қалпына келтіріп дамытуға, шаруалардың тұрмыс жағдайы мен мәдениетін көтеруге қатынасты.
Бүгінде Қарсақбай мыс қорыту зауыты негізінде құрылған металлургиялық зауыт ырғақты жұмыс істеп тұр.
Қарсақбайлықтардың 90 жылдық даңқты жолы, ұйымшылдығы мен жаңашылдығы, жоғары өндірістік мәдениеті мен тәжірибесі бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін құнды мәдени-рухани қазына болып табылады.
Кітап жалпы оқырманға арналған.
«Қазақмыс» корпорациясының еңбек ұжымына
Қымбатты достар!
Қазақстанда тұңғыш қара мыс балқымасы алынғанына 70 жыл толған атаулы күнге байланысты шын жүректен жолдаған кұттықтауымды қабыл алыңыздар. Қарсақбай мыс қорыту зауытында болған бұл оқиға еліміздің кен-металлургия кешенінің негізі қаланғанын айғақтайтын мемлекетіміздің тарихындағы маңызды белес болды.
Осы жылдары Жезқазғанның металлургтері мен кеншілері еліміздің еңбек өмірбаянына даңқты беттер жазды, ал сіздердің кәсіпорындарыңыз Қазақстан индустрияның флагманы болып отыр.
Мұны Сіздердің жасампаздық жемісті еңбектеріңіз дәлелдейді. Күрделі экономикалық өзгерістер кезеңінде «Қазақмыс» корпорациясы шаруашылық жүргізудің нарықтық тетіктерін нәтижелі меңгеруде, өндіріске осы заманғы озық технологияларды еңгізіп жатыр, шетелдік әріптестерімен белсенді жұмыс жасап, ірі инвестицияларды тартуда.
Менің Сіздің кәсіпорында бірнеше рет болуына тура келді. Мен жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің жоғары іскерлік және творчестволық көңіл-күйіне, өндірісті жетілдіруге, жоғары нәтижелерге жетудің жолдарын іздеуге үнемі құлшыныста екеніне әрдайым көзім жетіп келеді.
Шын көңілден мерейтоймен құттықтаймын. Сіздерге жаңа жеңістер, амандық, барлық ұжым мүшелеріне денсаулық тілеймін.
Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев.
«Подробности» газеті, 1998 жыл 27 қазан.
Алғы сөз
Құрметті оқырман! Алдыңыздағы «Қарсақбай және қарсақбайлықтар» атты кітап Қазақ елінің кітапхана қорына тағы бір кірпіш болып орынын толтырып отыр.
Қазақ кең даласының жүрегінде орналасқан, талай тарихи оқиғалар мен ерекше дала мәдениетінің дамыған замандарға куә болған Ұлытау аумағында ежелден дамыған тіршіліктің бірі түсті металлургия болды. ХХ ғасырдың басында кен өндіріп мыс балқытудың жаңа ірі көлемдегі даму процессі басталды. Ол процесс Қумола өзенінің бойында Қарсақбайда басталып, жалғасы Үлкен Жезқазған кен-металлургиялық комбинат болып жалғасты.
Сіздің назарыңызға ағылшын инвесторларының мыс өндірісі іргесін қалаған кезең, Кеңес үкіметінің индустрияландыру науқаны, ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі өзгерістер мен түсті металлургияны соғыстан кейін әрі қарай дамыту процесстері ұсынылады. Кітаптын басты кейіпкерлері атақты металлургтер, жоғары дәрежеге жеткен жұмысшылар, құрметке бөлеңген инженерлер, техниктер, т.б. мамандықтардың иелері.
Еліміз тәуелсіз индустриалды республика болып қалыптасуына түрткі болған түсті металлургия Қарсақбайда шыңдалып оңдалды. Зауытта жиналған өндірістік тәжірибе, мамандыққа шыңдалған жұмысшы тобы Қазақ елі мен Кеңес аумақтарында индустрияның дамуына өз үлестерін қосты.
Кітапта Қарсақбайда болған тарихи оқиғалар, өндірістік даму жолдарындағы қиыншылықтар мен жетістіктер, қазақ жұмысшылар тобының қалыптасуы, түсті металлургияға еңбек сіңірген металлургтер мен стахановшылардың еңбектегі ерліктері баяндалған.
Қарсақбай Жезқазған мыс кенін игеру кезінде сынақ алаңына айналды. Мұнда өндіріске қажетті инфрақұрылымның дұрыс пайдалануы, тұрғын-үй құрылысының тиымдылығы, жол қатынасының дамуы, адам капиталының сапасын арттыру, әлеуметтік өзгерістердің қатан-қысты табиғи ерекшеліктеріне сіндірілуі нешетүрлі жолдармен дамыды.
Ақпарат жинақталған кезде кітап авторлары елімізде болған тарихи оқиғалардың Қарсақбай зауытының жұмысына тигізген әсерлерді мүмкіндігінше тақырып түрде ашып, барлық оқырманның назарына қызықты және түсінікті етіп жеткізуге тырысты.
Сағындық Қожамсейітов.
І бөлім. Қарсақбай. Энциклопедиялық анықтамалығы
Айтбаев Әбдіхалық (1937, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Кішітау ауылдық кеңесі) 1956 жылы мемлекеттік Қарсақбай мыс зауытының байыту фабрикасына сусорғыш машинисі болып жұмысқа қабылданады, келесі жылы қарашада металлургиялық цехқа шихтшы болып ауысады. Өз мамандығының қыры-сырын зерттеп, жұмысының құпияларына қаныға береді. Шеберлік санаты өсіп, көп ұзамай аға шихтовшы болады. Қарсақбай мыс қорыту зауыты жұмысының тоқтауына байланысты жаңадан салыңған Жезқазған мыс қорыту зауытына жұмысқа шақырылды. Мұнда шихтовшы, түсті металлдарды құюшы, газ қондырғысын тазалаушы, жоғары санаттағы мыс балқытушы болған. Мыс өндірісіндегі 35 жылдық жұмысында өнімді, сапалы, берекелі еңбегі үшін оған 8 рет алғыс жарияланған. Коммунистік еңбектің екпіндісі. «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» медалімен марапатталған. «Социалистік жарыстың үздігі» төс белгісінің иегере.
Айтқұлов Әубек зауыттың күрделі құрылыс бөлімінде 1939 жылдан слесарь болып жұмыс істеген. Технологиялық құрал-жабдықтарды, механизмдерді құрастырудың күрделі жұмыстарын атқарады. Өндірістік тапсырманы жоғары сапада 160 пайыздан асыра орындауды әдетке айналдырған. Бірге еңбек ететін жас құрылысшыларға білгенін айтып, еңбек тәсілдерін іс үстінде көрсетіп отырады. Көпшілігі Қарсақбайдың алақаны алтын атақты құрылысшылар қатарына қосылған. Айтқұлов «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбек үшін» медалімен марапатталған.
Айтмұқанов Жұмабек (03.1937, Қарағанды облысы, Қарсақбай ауданы, Кішітау ауылдық кеңесі) жалпы орта білімімен үздіксіз ізденуі нәтижесінде Қарсақбай мыс қорыту зауытында ұзақ жыл инженерлік қызметті абыройлы атқарған азамат. 1953 жылы Қарсақбай кентінде орталау мектепті бітірген соң темір жол цехына жөндеуші болып орналасады. Өндірістен қол үзбей сол кездегі өзінің замандастары кешкі мектепте орта білім алады. Кеңес әскері қатарында әскери міндетін өтеп қайтады. Металлургиялық цехта жөндеуші, дәнекерлеуші, механик болып еңбек етті. 1973 жылдан зауыттың конструкторлық бюросының бастығы. 1979 жылдың басынан механикалық цехтың телім бастығы болып тағайындалған. Мыс қорыту зауыты өндірістік бағытын түбірінен өзгертіп, шойын балқытып, ірі қосалқы бөлшектерге дайындауға көшіп жатқан шақта құю-механикалық телімнің бастығы қызметіне келді. Қиын ауқыт еді. ҚазКСР түсті металлургия министрлігінің, Шымкент қорғасын, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттарының, ауыл шаруашылығы құрылыс кәсіпорындарының тапсырыстарымен қосалқы бөлшектер, темір торлар, басқа да өндіріске қажетті жабдықтарды құйды, механикалық өңдеу жұмыстарын жүргізді. Металлургия зауыт өнімдері «Қазақмыс» корпорациясының тау-кен, металлургия, құрылыс салаларының қажетіне сай келіп, сұраныс көбейіп отыр. Айтмұқанов коммунистік еңбек екпінді. Бірнеше жыл қатарынан түсті металлургия саласындағы социалистік жарыс үздігі төс белгісіне ие болды.
Академик Қ. И.Сәтбаевтың музей-үйі 1969 жылы сәуірде академик Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай Қарсақбайда ұлы ғалым 15 жыл тұрған үй мемориалдық музей болып ашылды. Осылайша бүкіл қарсақбайлықтар үлкен шаңырақ санайтын киелі орын мәдениет ошағына айналды. Қ.И.Сәтбаевтың жеке мұрағатынан алынған, оның ұрпақтары жинақтап өткізген жәдігерлер мұражай қорының басты құндылығы. Музей экспозиясын құруға ғалымның қыздары Ханиса, Шәмшиябану, Мейіз Қанышқыздары көп еңбек сіңірген. Көрмелерде Қ. И.Сәтбаевтың өмірі мен қызметін жан-жақты көрсететін, өлкенің өндірістік тарихын сипаттайтын деректер, қолжазба құжаттар, минералдар үлгілері, ғалымның еңбектері, ол жайлы әдебиеттер мен әр жылдардағы баспа материалдары жинақталған. Кішігірім 5 залды қамтитын музей экспонаттары құндылығы, мазмұны жағынан ерекше бағалы. Ұлы академиктің киім-кешектері, күнделікті қолданған, тұтынған заттарына дейін қаз-қалпында сақталған. Ғалымның зайыбы Таисия Алексеевна Кошкина-Сәтбаева қысылған сәтте нан тақтай ретінде қамыр жаятын геологтың сызба столын көргенде уақыт тоқтап қалғандай, осы үйдің иесі қазір кіріп келетіндей әсер қалдырады. Негізгі қорды құрайтын 3 мыңға жуық жәдігерлердің барлығы дерлік түпнұсқа ретінде бағаланады.
1995 жылдан ғалымның музей-үйі Жездідегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі комплексінің құрамына енгізілді.
Зейпін Қазанбаева.
Ақдәулетов Нұркамал (01.01.1931, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Байқоңыр қалашығы – 23.01.2013, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кенті) – КСРО-ның Құрметті металлургі (1966). 1939 жылдан Байқоңыр орта мектебінде оқып жүріп, Сталин атындағы ұжымшарда егін егіп, торғай қорып, шөб шауып, мал бағумен соғыс жылдарындағы жастық шағын өткізеді. 1956 жылы ақпанда Кеңес әскерінің қатарында борышын өтеп, Қарсақбай мыс зауытына фурмашы болып жұмысқа қабылданады. 1961 жылдан конвертор телімінде шебер болып, 1981 жылы зейнеткерлікке шыққанына қарамастан, 1994 жылдың ақпанына дейін еңбек етті.
Н. Ақдәулетов екі мәртеден аупарткомының пленум мүшесі болып, аудандық және қалашық кеңестерге депутат болып сайланған. «Құрмет белгісі» (1976) орденімен, «1941—1945 Ұлы Отан соғыс жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Ерлік еңбегі үшін. В. И. Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» (1970), т.б. медальдар, төсбелгілер және грамоталармен марапатталған.
Сәуле Ақдәулетова.
Ақпанбетов Мырқы Асқарұлы (1933, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай кенті) Қазақ кен-металлургия институтын (1955) бітірген. Инженер-металлург. Еңбек жолын Қарсақбай мыс зауытында балқытушының көмекшісі болып бастады. Конверторшы, конвертор телімінің шебері, телім бастығы, металлургия цехы бастығының орынбасары, бастықтың міндетін атқарушы болды. 1964 жылы мыс зауыты партия комитетінің хатшылығына сайланды. 1972 жылы Жезқазған мыс қорыту зауытына жұмысқа шақырылып, жаңадан салынып жатқан күкірт қышқылы цехына бастық болып тағайындалды. Мырқы Ақпанбетов былай деп жазады: «1973 жылдың маусым айында Жезқазғанда ең алғаш рет күкірт қышқылы өндірістік жолмен алына басталды. Бұл біздің жезқазғандықтардың ғана қуанышы емес, бүкіл елдің қуанышы еді. Ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш жасайтын Жамбыл суперфосфат зауыты шикізатты басқа республикалардан алатын. Ол үшін көп шығын жұмсалатын. Енді оның жолы табылды. Зауыттың негізгі цехтарының барлығы іске қосылғаннан кейін күкірт қышқылы цехының қуаты да артты, оның екінші, үшінші, төртінші желілері іске қосылды. Жұмыс көлемі ұлғайды… Бізде металлургиялық газдан күкірт қышқылын өндіру 70% жетті, ал бұл көрсеткіш деңгейі Одақ бойынша 45% қана болатын». (Алматы. «Өлке» баспасы. 2004). Кейінгі жылдары зауыт бас инженерінің техникалық еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі орынбасары, бас технолог болып істеді. Республикалық «Қазақ тілі» қоғамы Жезқазған облыстық ұйымы басқармасы төрағасының орынбасары, Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған. «Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
Ақпарат, насихат жұмысы. 1931 жылы 7 қарашада Қарсақбай аудандық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесінің органы ретінде «Қызыл кенші» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Тұңғыш редакторы Ә. Тәжібаев, орынбасары Шалтай Оспанов, бөлім меңгерушісі Жұмағали Саин болды. Газет Қазақстанда қазақ ұлттық жұмысшыларын қалыптастыруда, түсті металлургияны және мал шаруашылығынн өркендетуде маңызды роль атқарды. 1940 жылы 3 маусымнан бастап Жезқазған аудандық газеті ретінде шықты. «Қызыл кенші» мыс қорыту зауытының өндірістіқ тынысы мен стахановтық қозғалыс жайлы жүйелі түрде жазды. Сонымен қатар «Әдебиет альманахы» атты бет шығарып, онда Тайжан Қалмағанбетов, Болман Қожабаев, Әбілда Тәжібаев, А. Райымбеков, т.б. туындылары жиі жарияланып тұрған. Газетте А. Хангелдин, Ә. Әміралин, Ғ. Алматов, Р. Көккөзов, С. Ыбыраев, С. Ниязов, Ә. Нысанбаев, С. Мырзатов, И. Жауыртаев, С. Аққошқаров, С. Кенебаев, Б. Сейітжанов, Ж. Мұқанов сияқты журналистер істеген. Газет 1957 жылы «Еңбек жолы», 1962 жылы «Октябрь туы», 1991 жылдан бастап «Жезді өңірі» аталды. 1997 жылы Жезді ауданының аумағы Ұлытау ауданына қосылғаннан кейін газет шығуын тоқтатты.
1931 жылғы 7 қарашадан 1955 жылдың 30 мамырына дейін «За медь» газеті шығып тұрды. Қарсақбай аудпарткомы мен ауаткомының газеті болды. Басылым дәстүрін аудандық «Красный Октябрь» (1958—59), «Больше меди» (1963—65), Жезқазған қалалық «Джезказганский рабочий» (1955—63,1965—73) газеттері жалғастырды. Негізін 1930-жылдары жауапты редакторлары Ф. Головин, Н. Бульин сияқты қазақ журналистикасының ардагерлері қалады. Соғыска дейінгі кезеңде Қарсақбай комбинатының директорлары В. И. Иванов, В. С. Гулин, қазақтын тұнғыш геолог-ғалымы, академик К. И. Сәтбаев газет жұмысына жиі қатысып, Қазақстан түсті металлургиясының тұңғышы мен кенді аймақтың тыныс-тіршілігі туралы мақалалар жариялап тұрды.
1932 жылы ақпан айынан бастап ақпарат таратушы құрал ретінде Қарсақбай радиостанциясы жұмысын бастады. Сол жылы тамыз айында радиостанцияға ауданның 9 ауылы қосылды. Бұл жұмыс аудан халқын бір ақпараттық кеңістікке жұмылдыруға жол ашты.
Радиостанцияның негізінде 1934 жылы жұмысшылар мен шаруалар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында Қарсақбай аудандық радио комитеті құрылды. Комитетке төменгі міндеттер жүктелді: а) орталық, өлкелік және жергілікті газет материалдарынан саяси ақпарат тарату; б) өндіріс және ауыл өмірінің жетістіктерін жарыққа шығару; в) өндірістік-техникалық рационализациялау мен жоспарлауды насихаттау; г) цехтағы жұмысты көрсету; д) көркем бағдарламаларды тарату. Радио комитет құрамына Хангелдин, Дәулетшин, Әміралин, Малчанов және Суляев кірді.
Дереккөз: Жезқазған қалалық МА қоры. М. Бақытұлы
Ақындар айтысы. Мыс қорыту зауытының 80 жылдығына байланысты 2008 жылы наурызда Жезқазғанда «Мыс бұлағын ағызған» деген тақырыпта екікүндік республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа елімізге аты танымал, ақтаңгер айтыс ақындары Айнұр Тұрсынбаева, Айтақын Бұлғақов, Бекарыс Шөйбеков, Айбек Қалиев, Ринат Зайытовтар мен қатар сахнаға жаңа шыққан жас айтыскер ұл-қыздарымыздың үлкен шоғыры келді. Ақындар Қарсақбайдың кешегісін, бүгінгісін, ертенгісін, өткен ғасырда мыс бұлағын ағызған еңбек батырларын, өндіріс жаңашылдарын, ғылым, мәдениет, өнердің жұлдызы жаңған майталмандарын жырға қосты. Қарсақбайды қайта түлету де өлең арқауына айналды. Айтыстың бас демеушісі «Қазақмыс» корпорациясы басқа сый-сияпаттарды айтпағанда жүлдегерлерге үш автокөлік тігуі ұлттық өнерімізге қолдау білдірудың жарқын үлгісі болды. Қазылар алқасы бас жүлдеге Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Маржан Есжанова лайық деп шешті.
Алтыаяқов Байман (т.ж.б.-ө.ж.б.) – ұста, зергер. Қарсақбай кентінде туып-өскен. Алтын, күмістен әртүрлі әшекей бұйымдар жасаған. 1916 жылы Аманкелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі кезінде үлкен ұстахана басқарып, сарбаздарға арнап қылыш, найза, қанжар, мылтық, т.б. қару түрлерін соққан. Алтыаяқов Аманкелді батырдың өзі және сарбаздары ұстаған қарулардың түпнұсқасын жаңадан жасап Қазақ ССР Ғылым Академиясына жіберген. Осыған байланысты Қ. Сәтбаев «бұл қару-жарақтар белгілі бір тарихи дәуірдегі қазақ халқының жауынгерлік мәдениет үлгісін бейнелейді. Мұның қазіргі ҰОС кезіндегі маңызы да үлкен» деп жазды. Байекеңнен «Байман ұста емес, сайман – ұста» деген ұлағатты сөз қалған.
Алтыаяқов Байман
Аманқұлов Серік Айдарбекұлы (20.04.1955, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай кенті) – «Қазақмыс» корпорациясының филиалы Қарсақбай металлургиялық зауытының токарі. Еңбек жолын 1973 жылы зауыттың темір жол цехында машинист көмекшісі болып бастаған. 1976 жылы Кеңес әскер қатарында борышын өтеп келгеннен кейін зауытқа қайтып келіп, құю-механикалық теліміне токарь шәкірті болып жұмысқа қабылданды. Осы күнге дейін орнын суытпай тәжірибелі жұмыс атқарып токарьлардың бригадирі ретінде зауттың қарқынды жұмыс істеуіне мол үлесін қосуда. Аманқұловтың адал және қажырлы еңбегін «Қазақмыс» корпорациясы жоғары бағалады. Ол «Қазақстанның бірінші мысы» төсбелгісі және «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Асанбеков Қазыбай (10.04.1932, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Ворошилов атындағы ұжымшар – 19.02.2009, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кенті) соғыс жылдары бала кезінен ұжымшардың шаруасына араласқан. Еңбек жолын 1949 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытында жұмысшы болып бастаған. 1958 жылдан ұнтақтау-транспорттық цехында ұнтақтаушы, 1962 жылдан сол цехта өндіріс телімінің шебері, 1970 жылдан метеллургиялық цехта горновой, 1974 жылдан 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Қарсақбай металлургиялық зауытында балқытушы болып жемісті еңбек етті. Қ. Асанбеков Еңбек Даңқы орденінің, «1941—1945 Ұлы Отан соғыс жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» (1970) және басқа медальдар мен төсбелгілерінің иегері.
Асанов Жүсіп (1909, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Қаракеңгір болысы, №1 ауыл – ө.ж.б.) – ағартушы-ұстаз. Әке-шешесінен ерте айырылған ол әкесінің ағасының қолында тәрбиеленеді. Бастауыш мектепті (1925), Атбасар қаласындағы ауылшаруашылығы мектебін (1928), Қарағанды мемлекеттік мұғалімдер институтын (1951) бітірген. 1928—1941 жылдары қазіргі Ұлытау ауданының аумағында «Шашты» серіктестігінің №15 ауылында, Қарсақбай, Жезқазған кенттерінде бастауыш мектеп мұғалімі, әрі меңгерушісі, мектептегі мұғалімдік қызметімен қатар аудандық халық-ағарту бөлімі инспекторының міндетін қоса атқарды. 1941—49 жылдары Жезқазған аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болды. Кейінгі жылдары Рудник кентінде, Жезқазғанда орта мектеп, жұмысшы-жастар кешкі мектебін басқарды. Асанов Ұлытау – Жезқазған өңірінде тұрғындардың сауатсыздығын жоюға, білімін, мәдени дәрежесін көтеруге, тау-кен өндірісіне керекті білікті жұмысшылар, инженер-техниктер дайындауға үлес қосты.
Асанов Жүсіп
Атбасар түсті металдар тресі (Атбасцветмет) – 1925 жылы 10 маусымда Еңбек және Қорғаныс кеңесінің арнаулы қаулысымен ұйымдастырылған. КСРО Халық шаруашылығы Жоғарғы Кеңесіне қарасты Главметалл басқармасының өндірістік-аумақтық құрылымы. Трест құрамына Спасск комбинаты, Қарағанды көмір кендері, Өспен мыс кеніші, Спасск мыс қорыту зауыты беріледі және салынып жатқан Қарсакбай мыс зауыты, Байқоңыр қоңыр көмір кені, Жезқазғандағы мыс кеніштері қаратылады. Трестке осы өңірдегі Қарсақбай мыс зауытын қайта салып, жедел мерзімде іске қосу жүктелді. Соған орай тиісті қаржы, тасымал құралдары және жабдықтар босатылды. Бірақ тасымал құралы негізінен ат пен түйе қомы болып қалды, жұмыскер күші де сайын даланың негізгі тұрғындары арасынан қабылданды, тек инженер-техниктер ғана КСРО-ның әр түкпірінен, шетелден шақырылды. Трестің басқармасы 1925—29 жылдар аралығында Мәскеуде, Рождественка көшесіндегі 8-үйде орналасты. Трестің басқарма құрамына Н.С.Дыбец (төраға), И.И.Левинсон, Л.И.Игнатьев және Қазақстан өкіметінің өкілі 1926 жылы 1 қарашадан Қ.И.Сәтбаев кірді. Кейінірек басқарма төрағалығына К.И.Бронзос сайланды. 1927 жылы 8 ақпанда трест басқармасының мәжілісінде Қ. Сәтбаевтың шұғылданатын жұмыс көлемі анықталды. Оған тау-кен және геология мәселелерінің техникалық жағына, еңбек экономикасы мен қазақ жұмысшыларының тұрмысына қатысты мәселелерге, олардың мамандығын, жалпы және кәсіптік – техникалық оқытуға және т.б. басшылық ету жүктелді. 1929 жылдың күзіне таман «Атбасцветмет» тресінің басқармасы таратылып, оның орнына жеке басқару жүйесі еңгізілді. Көп ұзамай трест пен Қарсақбай мыс комбинаты біріктіріліп, Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинаты құрылды.
«Атбаcтүстімет» тресінің басқарма мүшелері
Ахметов Досмағанбет (1905, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Ұлытау өңірі – ө.ж.б.) Қарсақбай мыс қорыту зауытының байыту фабрикасында отыз жылға жуық еңбек еткен. Бастауыш білімі бар. Коммунистік партияның мүшесі. Байыту фабрикасына қара жұмыскер, подкатчик, фильтровщик, классификаторщик, флотатор, слесарь болып істеген. Өндірістің барлық буынында жетекші мамандықтардың бәрінде маңдай терін төгіп, мол тәжірибе жинақтаған. Ахметов 1943 жылы қарашада ауысым шебері болып тағайындалып, бұл жауапкершілігі үлкен міндетті зейнеткерлікке шыққанша абыройлы атқарған. Цех ұжымын өндірістік тапсырманы орындауға және асыра орындауға жұмылдыра білген дарынды ұйымдастырушы ретінде танылды. Еңбек Қызыл Ту орденімен (1949), «1941—1945 Ұлы Отан соғыс жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен, «Кеңестік Қазақстанға 20 жыл» төсбелгісімен марапатталған. Түсті металлургиядағы социалистік жарыстың үздігі.
Ахметов Мақпұл, Сәтжан – Ұлытау өңіріне танымал ерлі-зайыпты тұлғалар. ХХ ғасырдың 10—20 жылдары Ақмола облысы, Атбасар уезі, Қумола, Дүйсембай өзендерінің бойында дүниеге келген. Екеуі де 1939 жылы Жезқазған кенішінде шахтада жұмыс істеп жүргенде күлкі-көңілдері жарасып, отау көтереді. 1941 жылы Мақпұл байыту фабрикасынада, Сәтжан орталық электр станциясында жұмыс істейді. 1956 жылы СОПК мал шаруашылығы өнімдерін өндіруден АҚШ-ты қуып жетіп, басып озу туралы ұран тастайды. Аудандық партия комитеті біраз зауыт жұмысшылар-қызметкерлерін, олардың ішінде Ахметовтер бар жаңадан құрылып жатқан «Қарсақбай» кеңшарына жұмысқа жібереді. Ерлі-зайыптылар бір отар қой алады. Қозыны егіздетіп, қойды семіздетіп, жоғары өндірістік көрсеткіштерге жетіп, социалистік жарыста әрдайым алда жүреді. Отағасы Мақпұл зейнеткерлікке шыққанда, аға шопан таяғын жұбайы Сәтжан алады. Екеуі де Еңбек Қызыл Ту ордендерімен (1966, 1973), Мақпұл «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» (1971), Сәтжан «Ерлік еңбегі үшін» (1976) медальдарымен марапатталған. Коммунистік еңбек екпіндісі Сәтжан Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері Көрмесінің Бас Комитетінің қола, күміс, алтын медальдарымен марапатталған. Ахметов Мақпұл 1990 жылы, Сәтжан 2009 жылы дүниеден өтті.
Ахметов Мақпұл, Сәтжан
Ахметов Смайыл (1896, кәзіргі Қарсақбай кенттік округі – ө.ж.б.) – атақты мыс балқытушы-металлург. Еңбек жолын 1926 жылы Қарсақбай темір жолының құрылысында жер қазушы болып бастаған. 1928 жылы металлургиялық цехте тиеуші. 1930 жылы сол цехте горновой. 1932 жылы аға горновой. 1937 жылы бастап балқытушы, кейін шебер болды. 1939 жылы сталиндік қуғын—сүргіннің уысына ілініп, ІІХК әскери трибуналының тергеуі кезінде ақталып, тұтқыннан босатылып шықты. 1939—1951 жылдары 5 разрядты шихташы, мыс балқытушы. Зауытта жыл сайын жұмыс нормасын 105—108% орындап отырған. Әсіресе ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде аянбай тер төккені жоғары жақтан бағалаңған. «Социалистік жарыстың үздігі» (1943) төсбелгісінің иегері. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен (1946), Еңбек Қызыл Ту орденімен (1949) марапатталған.
Ахметов Смайыл
Ашаршылық нәубеті. 1931—1932 жылдары төңірек тұрғындарының назары Қарсақбайға ауды, ағайын-ауыл болып зауыт жұмыс істеп тұрған өндірісті мекенге шұбырды. Бірақ, Қарсақбайдың өз жағдайы онша емес болатын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шиленков атап көрсеткендей, «қазірдің өзінде кедейлердің бір бөлегінің жағдайы өте ауыр. Соның салдарынан аштықтан бірқатар кісі өлімі болды». Бұл жағдайды аудан прокуроры Мычиннің аудандық партия комитетіне 1932 жылы 5 қазанда жолдаған хаты айқындай түсті. «Азық-түліктің жоқтығынан түрмеде отырғандардың апатты жағдайын сіздерге хабарлаймын. Соңғы уақытта кісі өлімі көбейді. Түрмедегілердің барлығы төсек тартып жатыр. Құр сүлделері қалды. Келешекте жағдайдың оңалатынына үміт жоқ», – әңгімені көңілсіз аяқтаған ол. Бұның үстіне шыбын жанына дауа іздеп әртараптан келгендер бар. Тек Батпаққарадан аш-жалаңаш 6000-дай адам жеткен. Аудандық партия, атқару комитеттері аш тобырларды сақтап қалу үшін ауданның қорынан мүмкіндігінше азық берді, ағайын туыстары да аянып қалған жоқ. Сонымен қатар 1000 отбасын сұраған Мақтаарал ауданына баруға келіскен 572 кісі 1932 жылғы жазда комбинаттың автокөліктерімен Жосалы станциясына жеткізілді. Мұндай автокөлік керуені жалғаса берді.
Көшелерде ата-анасыз, туған-туыссыз қалған балалардың тағдыры қарсақбайлықтар үшін сын болды. Балалар колониясы, балалар үйі, балалар коммунасы, аналар мен балалар үйі, балаларды қабылдау үйлері ашылып, 600-дей панасыз балалар мемлекеттік кәсіпорындардың, ұжымшарлардың қамқорлығына алынды. Олардың жартысынан астамы Қарсақбайдың өзінде орналасты. Әрине, панасыз балаларды түгелдей қамқорлыққа алуға жағдай болмады. 1930—1932 жылдары жетімдер үйлеріне орналастыру үшін бірнеше жүздеген бала Қызылорда қаласына жеткізілді.
С. Қожамсеиітов.
Әбдірахманов Сираж (1915, Орал облысы, Казталовка ауданы – 1981) – ұстаз. Орал пед. институтын (1939) бітірген. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 1938—1941 жылдары Қарсақбай орта мектебінің директорының міндетін, ал 1940—1941 жылдары Қарсақбай орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі және аудандық оқу бөлімінің мектеп инспекторы міндеттерін қоса атқарған. 1966 жылы өзінің еңбек жолын бастаған №1 Қарсақбай орта мектебінің директоры болып тағайындалып, өмірінің соңына дейін жауапты міндетті ойдағыдай атқарды. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі (1980). Әбдірахманов өнегелі өмірі мен азаматтық ұстанымы ұстаздық кәсіпті таңдаған бірнеше буын ұрпақ үшін мектеп болып қалды.
Әбдірахманов Сираж
Әбдірахманов Төлеген Мұсаұлы (1933) – инженер-металлург, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген металлургі (1973). Қазақ кен-металлургия институтын (1955) бітірген. 1955—1963 жылдары Қарсақбай мыс қорыту зауытында жұмысшы, ауысым шебері, металлургия цехы бастығының орынбасары, кәсіподақ комитететінің төрағасы, партбюро хатшысы болып істеді. 1963 жылы мыс қорыту зауытының директоры болып тағайындалды. 1973 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинатының партком хатшысы болып сайланды. 1973—1983 жылдары Жезқазған мыс қорыту зауытының бас инженері, зауыт директоры, 1990 жылдан «Қазақмыс» корпорациясы президентінің кеңесшісі. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1986), Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.
Әбдірахманов Төлеген
Әбиев Білал (1900, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Ақтұма ауылы – ө.ж.б.) 1917 жылдан Атбасар ауданының Құлымбай ауылында малайлық еткен. Қарсақбайда болған Сабит Мұқанов Білал Әбеевтің үйінде бірнеше күн болады. Ерлі-зайыпты жастар Білал мен Қасым жөнінде жылы лебізбен жазады. Әбей зауытта көсеуші (кочегар болып істейтін). «Қазақша шығатын газет, журналды көп қарайтын оның жап-жақсы сауаты бар» – деп атап көрсетеді. (С. Мұқанов. «Есею жылдары». 3-ші кітап. Алматы, «Жазушы» баспасы. 1970, 340-бет). 1926—1934 жылдары Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатының Жезқазған кенішінде кен қазушы, кеніш басқарушысының орынбасары, мыс қорыту зауыты партия комитетінің хатшысы. 1936—1937 жылдары Алматыдағы марксизм-ленинизм институтының тыңдаушысы. 1937 жылы марксизм-ленинизм институтының екінші курсынан Байқоңыр көмір кенішінің партком хатшы қызметін атқаруға арнайы жіберілген. 1938—1940 жылдары Қарсақбайда, Қарағанды қаласындағы Сталин аудпартком бірінші хатшысы. Мемлекеттік марапаттары бар.
Әбсаттаров Бектай Әшірбекұлы (1923, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Қарсақбай кенті – 29.09.2002) – ІІ дүниежүзілік соғысының ардагері. Еңбек жолын Қарсақбай мыс зауытында бастаған. 1942 жылы 17 маусымда өз еркімен майданға аттанған. Солтүстік-Батыс майдандағы артиллерия батальонының құрамында Курск доғасындағы ұрыстарға, Берлинді алуға қатысқан. Аумақтық партия органдарында, қалалық және ауылдық сауда жүйесінде жауапты қызметтер атқарған. І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте Қызыл жұлдыз, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің және бірнеше медальдардың иегері. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.
Әбсаттаров Бектай
Әбуов Бақ (1906, Ақмола облысы, Кеңгір болысы – ө.ж.б.) – Қарсақбай мыс балқыту зауытының күрделі құрылыс бөлімінің атақты пеш салушысы. Зауытқа 1928 жылы келген. 1930 жылға дейін қара жұмысшы болып істеп жүріп, ерен еңбегімен көзге түскен. Пеш салу және тас қалау ісі бойынша шәкірттікке ұсынылған. 1930 жылдан бастап пеш салушы және тас қалаушы болып, он жылдан астам уақытта жоспарды асыра орындап, өнім сапасын арттырып отырған. Сондай-ақ, 1940 жылы 9 ай ішінде Әбуов жоспарды 155% орындаған. Өмірінің соңғы жылдары Ұлытау ауданының «Қаракеңгір» кеңшарының құрылыс телімінде қалаушы болып еңбек етті.
Әбілдинов Құлмағанбет (1914, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы – 2003, Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы) Қарсақбай зауытының мыс балқыту телімінде металл балқытатын конверторлік пештердің жөндеуші-шебері болып еңбек етті. Өндірістің қалыпты жұмыс істеп, сапалы өнім шығаруға маңдай терімен үлес қосқан Құлмағанбеттің еңбектегі ерлігін көргендер әлі күнге дейін таңдай қағады. Металды балқыту температурасы өте жоғарғы екені белгілі. Сол пештерді суытуға уақыт өткізбеймін деп, құлаған кірпіштерін, от камерасына дем беретін ауа үрлегіш көздерін қып-қызыл пешке кіріп жөндегенін көргендер аз емес. Мұндайда Құлекең үстіне әлсін-әлсін суық су құйғызып тұрып жұмыс істейді екен.
Қ. Әбілдинов кешегі өткен майданда да сондай ерлік көрсеткен жауынгер. Ыстық пеште жұмыс істегенде шоқ ұшқыны, металл қорытпасының тамшысымен шұрық-шұрық тесілген, киізден тігілгін киімдерін мұражайға экспонат ретінде тапсырды. Оны қабылдап алған ғылыми қызметкерлер «Аға, киіммен өртеніп кетпей қалай аман қалғансыз?» деп таң қалды. Құлекең болса «Е, қарақтарым-ай, біз бұл киіммен бірнеше рет жанып тұрған пешке кіргенбіз» дейтін көрінеді жайбырақат қалпында. Бір бұл ғана емес, ол қолына түскен, мұражайға лайық деген дүниенің бәрін жасына қарамай, сонау Қарсақбайдан өз қолымен әкеп беріп жүрді. Өзінің киген тақиясы, тымағы, қурайдан қиып жасап тартқан сыбызғысы, қынабына салып жүретін пышағына дейін табыс етті. Қ. Әбілдиновтың өз өмір тарихында да ғибратты естеліктер жеткілікті. Ұлы Отан соғысында алдыңғы шепте майданға қатысып, 76 мм зеңбіректерге ат арбамен снаряд тасушы болған. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз: фашистердің қарсы алдында, снаряд тиеліп келе жатқан арба нысанаға ең бірінші ілігетіні түсінікті.
Правообладателям!
Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.Читателям!
Оплатили, но не знаете что делать дальше?