Электронная библиотека » Сағындық Қожамсейітов » » онлайн чтение - страница 2


  • Текст добавлен: 30 октября 2023, 14:22


Автор книги: Сағындық Қожамсейітов


Жанр: Документальная литература, Публицистика


Возрастные ограничения: +18

сообщить о неприемлемом содержимом

Текущая страница: 2 (всего у книги 23 страниц) [доступный отрывок для чтения: 8 страниц]

Шрифт:
- 100% +

– Маке, талай рет от ішінен, өлім аузынан аман қалдым. Сонда анамның айтқан аманаты, тілегі есімнен кетпеуші еді, – дейді майдан жолдарын еске түсіргенде.

Анасы баласын соғысқа аттандырып тұрып:

– Қарағым, «жалғыздың жаршысы құдай» деген. Алла тілеуімді берсе, сені қорғайды. Қатарыңнан қалмай азаматтық борышыңды өте. Маған алаңдама, қолыңнан келгенше аянбай еліңді қорға. Құдай көрісуге жазса, аман-есен ораларсың, – деп аманат айтыпты.

Алғы шепте жүрген жауынгерге небір қиын сәттерде анасының ақ тілеуі қуат берген секілді. Арбаға жегілген ат оққа ұшып, оқ-дәрі тиелген көлік от болып лаулап, аударылып жатқанда аман қалған Құлекеңді шындығында ананың құдіреті қорғаған.

– Соғыс аяқталып, елге аман-есен оралдым. Түн қараңғысында ауылға жетіп, жүрегім алып-ұшып, туған үйімнің есігін ашсам, анам Шаштыбике табалдырықтың бір бұрышында, тақыр тулақтың үстінде, бір уыс болып жатыр екен. Сөйтсем, қайран шешем мен аттанған күннен осындай ырым қылып, жылы орын, мамық төсектен безіп, жалаңаш тулақ үстінде, білегін жастық қылып тілеуімді тілепті. Ұлым көрген ауыртпашылықты бірге көтерейін деген ғой жарықтық.

М. Төрегелдин. «Мәдени мұра», Қарағанды, 1998


Әбілдинов Мұхамбетжан (01.12.1935, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай кенті) Қарсақбай зауыты орналасқан жердің иесі Қарсақбайдың шөбересі. Еңбек жолын 1951 жылы жергілікті поштада пошта таситын автокөлікте жүргізуші болып бастаған. 1952 жылы Қарсақбай зауытының автокөлік шаруашылығына слесарь болып жұмысқа қабылданды. 1954—1957 жылдары Кеңес әскерінің Архангельск қаласында әуеге қарсы қорғаныс күштерінің қатарында әскери борышын өтеді. 1958—1960 жылдары Қарсақбай кеңшарында жүргізуші болып еңбек етті. 1960 жылдан 1986 жылы зейнеткелікке шыққанға дейін Қарсақбай металлургиялық зауытында көлік жүргізуші болып абыроймен еңбек етті. Жұбайы Битенова Қолқоз екеуі бес ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген.


Әбілдинов Мұхамбетжан


Әбілдинов Сейтжаппар (1925, Ақмола губерниясы, Қарсақбай қалашығы – 1995, Жезқазған облысы, Сәтбаев қаласы) – КСРО-ның Құрметті металлургі (1972), Қарсақбай зауыты орналасқан жердің бұрыңғы иесі Қарсақбай Әуелбекұлының шөбересі. Төрт сыныптық білімі бар, әкеден ерте айырылған он бес жасар Сейтжаппар 1940 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытына қабылданады. Содан 1975 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін зауытта үзбей еңбек етеді. 1942 жылдан ОЭС-да көмір тасушы, 1955 жылдан металлургиялық цехта аға фурмашы, 1964 жылдан аға тиеуші болып істеді. С. Әбілдиновтың еңбек кітапшасы алғыстар мен ақшалай сыйлықтар алғаны туралы жазбалармен жайнап тұр. Ол «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» (1970), «Социалистік еңбек үздігі» төсбелгісімен және мемлекеттік грамоталармен марапатталған.

М. Бақытұлы


Әлиакпаров Қаппас (1918, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Терісаққан болысы). 1930 жылы анасы Қарсақбай зауытында жұмыс істеп жұрген ұлдарын жинап алып, «қысы жылы, жері құнарлы оңтүстікке көшейік» деп ой салды. 1932 жылы Мақтааралға баратындардың тізіміне ілегіп, Жосалы арқылы Шымкентке келді. Әлиакпаров фабрика-зауыт оқуы мектебінде радист мамандығын меңгерген. Шымкенте ауылшаруашылық техникумында оқып жүргенде 1939 жылы кеңес әскеріне шақырылған. ҰОС алғашқы айларында жау қолына тұтқынға түскен. Одан қашып шығады. 1943 жылы 3 ақпанда Ровно маңайында әрекет етіп жатқан атақты Д.Н.Медведевтің «Жеңімпаздар» партизан отрядына кіреді. Кеңес Одағының Батыры барлаушы-партизан Николай Иванович Кузнецовпен бірге қимыл жасаған. Берлинді алу үшін болған айқаста ауыр жараланған. Елге оралған соң Қарсақбай мыс зауытының өндірістік орындарында жұмыс істеген. 1962 жылы Жезқазған үй құрылысы комбинатында директордың орынбасары болып қызмет етті. І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, жауынгерлік және еңбектегі жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін медальдармен марапатталған. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.


Әлиакпаров Қаппас


Әлменов Болат Жолмұханұлы (12.05.1968, Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) Қарсақбай металлургиялық зауытының техникалық жабдықтау бөлімінің жұмысшысы. Еңбек жолын 1989 жылы сәуірде зауытта газдыэлектрдәнекерлеуші болып бастаған. «Қазақмыс» корпорациясының жүйесінде істеп жүрген жұмысында Әлменов өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, өмірлік ынтасын телім мен зауыттың қоғамдық өміріне белсене жұмсайды. Оның еңбегін зауыт әкімшілігі бағалап бірнеше рет ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапаттаған.


Әлібеков Әкбай (1931, Қызылорда облысы, Қарсақбай ауданы, Айыртау ауылы – 2015, Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы) 1944 жылы 13 жасында Қарсақбай темір жолына көмекші жұмыстарға қабылданды. Уақыт өте келе токарь мамандығын меңгеріп алады. Ол кезде тар табанды жолға лайықталған паровоздар мен вагондар кеңес жағында шығарылмайтын болған. Істен шыққан тораптар мен бөлшектерді жергілікті жерде қолдан жасап шығаруға тура келді. Осындай жағдайда жөндеушілермен токарьлар бөлшектерді жасауда оңтайландыру әдісін қолданып, берік және алмастыруға ыңғайлы бұйымдар шығаруды игеріп алды. Осының нәтижесінде ХХ ғасырдың басында ағылшындар, кейін кеңес инженерлері алдырған паровоздар мен вагондар ұзақ жылдар қолданыста болды. Әлібеков зауытта қолы алтын, ойұшқыр аты танымал рационализатор да болды. Қарсақбай зауытының жабылуына байланысты Әлібеков 1975 жылдан Жезқазған мыс қорыту зауытында балқытушы болып істеді.


Әлібеков Әкбай


Әміралин Әбілқасен (1912, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы – 1991, Жезқазған облысы, Жезқазған қаласы) – Ұлытау өңірінен шыққан тұңғыш журналист. Қарсақбай ауданы «Қызыл Кенші», Ұлытау ауданы «Коммунизм туы» газеттерінде редактор, Қарағанды облысы «Советтік Қарағанды» газетінің бөлім менгерушісі болған. Жезқазған облыстық телерадиохабарларын тарату комитетінде бас редактор болып істеген. «Жамалым – жаным, амалым – наным», «Жөкей сот», «Май сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер» атты және басқа мақалалары мен фельетондары танымал болған. 1943 жылы Шашубай мен Болманның айтысын ұйымдастырған, өзі ақын Иманжан Жылқайдаровпен айтысқан. 1985 жылы Қарсақбай-Жезқазған өңірі өнеркәсібінің дамуы жайлы «Арқада туған алып» атты публицистикалық кітабын жазған. Қазақстан Журналистер одағынын алғашқы мүшелерінің бірі. Бірнеше медальдармен марапатталған.


Әубәкіров Мұханбетқали Смағұлұлы (19.12.1956, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай кенті) Қарсақбай орта мектебін бітірген соң еңбек жолын Қарсақбай металлургиялық зауыттың темір жол орталығында слесарь болып бастаған. 1980 жылы қаңтарда АТС-ке электромонтер болып жұмысқа қабылданды. 1980 жылдан 1998 жылға дейін зауыттың электр-қосалқы шаруашылығында көлік жүргізуші, кейін механик болды. 1999 жылдан осы күнге дейін көлік телімінде шебер болып еңбек етеді. Әубәкіров ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, зауыттың 85-жылдығына орай «Нива» автокөлігімен және басқа да зауыт әкімшілігі мен кент әкімдігінің бағалы сыйлықтармен марапатталған.


Бабасов Әлихан Гайнуллаұлы (1983, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) Мәскеу қаласындағы тау-кен университетін (2008) бітірген. Экономика мамандығы бойынша философия докторы (PhD) (2014), экономика ғылымдарының кандидаты (2012). Тау-кен инженері Бабасов еңбек жолын «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі жер асты кеніштерінде ауысым шеберлігінен бастады. Жас маман өндірісте бастамашылдығымен, іскерлігімен көзге түсті. Ауысым шеберлігінен жерасты телімінің техникалық жетекшісі, содан кейін «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігінің техникалық және инвестиция жобалау бөлімінің экономика жөніндегі маманы болып тағайындалды. 2014 жылдың қаңтарынан «Қазақмыс» корпорациясына қарасты бас жобалау институты техникалық-экономикалық бөлімінің бас маманы. 2012 жылы «Қазақмыс» Тобы конкурстік таңдау негізінде ұйымдастырған «Таланттарды дамыту» бағдарламасы бойынша «Үздік бизнестік жоба дайындау» номинациясынан жеңімпаз болды.

«Мысты өңір», 2015 ж. 16 қазан, Серік Қуанышбайұлы.


Багреев Иван Григорьевич (1899, Ресей, Курск облысы, Щебек ауданы, Нещеголь селосы – ө.ж.б.) – 1935 жылы Москва түсті металдар институтын бітірген инженер-металлург. Жастайынан кеңес өкіметін қорғауға белсене қатысқан. Институт бітіргеннен кейін Москва облысындағы қалайы зауытында инженер (1935), Кыштым электролит зауытының директоры (1937), Пермь облысындағы Медногорск комбинатының директоры (1939), Орск никель комбинаты №2 цехының бастығы (1946). 1947 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытының директоры болып тағайындалған. Багреев директор болып істеген 1947—1955 жылдары зауыттың өндірістік қуаты 3 есе артты. Қарсақбай кентінде тұрғын үй құрылысы кең қанат жайды. Көшелер абаттандырылды, жаңадан скверлер пайда болды. Багреев Отан алдындағы қызметі үшін Ленин (1939), «Құрмет белгісі» (1942) ордендерімен, «Үздік еңбегі үшін» (1949) медалімен марапатталған.


Бағаналы ауданы Ақмола облысы, Атбасар уезі аумағында 1920 жылы 11 мамырда құрылды. Орталығы – Қарсақбай зауыты. Ол тікелей Атбасар уездік атқару комитетіне бағыныста болды. Оның құрамына 10 болыс енді. Олар – Айыртау, Айнакөл, Жаңа Сарысу, Жезді, Кеңгір, Құмқоңыр, Сарысу, Таранкөл, Ұлытау, Үлкен Жезді болыстары. Осы аралықта Балталы, Баршақұм, Қарабала, Қаракеңгір болыстары таратылған. 1921—1922 жылдары Үлкен Жезді, Айнакөл болыстары Жезді болысымен, Айыртау болысы Ұлытау болысымен, Таранкөл болысы Кеңгір болысымен бірікті. Әуелде ауатком төрағасы Хасен Қасқабаев болды. 1922 жылы 26 шілдеде Бағаналы ауданын таратқанда оның құрамында болған болыстар Ақмола губерниясының Атбасар уезіне берілді.


Байғорин Шәймен Байғараұлы (1932, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Ворошилов атындағы ұжымшар – 1989, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай қалашығы) 1956 жылы кеңес әскер қатарында әскери міндетін өтеп келісімен Қарсақбай мыс қорыту зауытында балқытушы болып еңбек жолын бастады. Кейін ауысым шебері, аға шебер, электр пеші бөлімінің бастығы болып 1982 жылы зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті. 1969 жылы Қарағанды облыстық Кеңесіне депутат болып сайланған. Ш. Байғорин сіңірген қажырлы еңбегін мемлекет жоғары бағалады. Ол Еңбек Қызыл Ту (1974) орденімен, «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100-жыл толуы құрметіне» (1970) медальдармен марапатталған.


Байжіқов Қаржан (1907, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, №8 ауыл – ө.ж.б.) 1928 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытының темір жол бөліміне отжағушы болып орналасқан. 1931 жылы металлургиялық цехқа қара жұмыскер болып ауысады. Өндірісте жүріп металлургтердің жүріс-тұрысына, мамандығының қыры-сырына, тұрмыс-тіршілігіне қаныға берді. 1932 жылы дабылшы, 1933 жылы кіші горновой, 1933 жылдан зейнеткерлікке шыққанша фурмовшы, аға фурмовшы, 1946 жылы аға конверторшы болып үздіксіз еңбек етті. Мінсіз қызметі және ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен (1949), «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Байзақов Хамзе (1896, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Ұлытау өңірі – ө.ж.б.) Қарсақбай мыс қорыту зауыты металлургия цехына 1929 жылы 22-желтоқсанда қара жұмыскер болып жұмысқа қабылданған. 1930 жылдың 16-сәуірінен тиеуші, 1932 жылдың 18-тамызынан горновой, 1938 жылдың 7-сәуірінен балқытушы. 1938 жылдың 11-шілдесінде ауысым шебері болып тағайындалады, 1949 жылдың 15-қарашасында балқытушы мамандығына қайта оралады. 1945 жылы КОКП мүшелігіне қабылданады. Байзақов Ұлы Отан соғысы жылдары ауысым шебері болса, оның кіші інісі байыту фабрикасында машинист, екіншісі флотатор, үшіншісі шарпу пешінде горновой, төртіншісі конвертор цехында фурмовщик болып жоғары өнімді еңбек етті. Байзақов Еңбек Қызыл Ту орденімен (1949), «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Байқоңыр көмір ошағы Қарсақбай кентінен оңтүстік батысқа қарай 60 км жерде орналасқан. Көмір өндірілген жер иесінің есімімен әуелі Шоқпар, кейін көмірлі аймақты 1905 жылы ағылшындарға жалға берген жамантымақ қыпшақ Байқоңыр байдың атымен аталған (Географические названия мира. Топономический словарь. М. Аст. Поспелов Е., 2001). Ағылшындар геологиялық барлау жұмыстарын қарқынды жүргізді. Бірнеше жылда қоңыр көмір қоры 714840 т жеткізілді. Бұл жылына 56500 т көмір өндірілсе, ол жылына 5000 т қара мыс беретін Қарсақбайды мыс қорытуға 12 жылға қамтамасыз ететіні анықталды. Сондықтан да зауыт Жезқазған мен Байқоңырдың тең ортасында дерлік Қарсақбай ашағында салынатын болды. Олардың арасы ұзындығы 120 шақырым тартабанды темір жолмен байланыстырылған.

Байқоңыр көмір ошағында 1911 жылы 200-дің үстіне жұмысшы болды. 1911—1917 жылдары 34419 т қоңыр көмір өндірілген. Оны негізінен Қарсақбай, Жезқазған және Байқоңыр кенттерінің тұрғындары, жергілікті өндіріс отын ретінде жақты. Ұлы Отан соғысы жылдары көмір өндірісі бірнеше есе артып, жылына 130 мың тоннаға дейін жетті. Жезқазған өнеркәсіп ауданы көмірмен жеткілікті қамтамасыз етілді. Көмір ошағында орта есеппен 650—790 адам жұмыс істеді. Қарсақбай мыс қорыту зауыты іске қосылғанда 1937 жылы Қарағанды-Жезқазған темір жолы арқылы Қарағандының жоғары қызулы тас көмірі жеткізілгенше Байқоңырдың көмірін пайдаланды. Байқоңырда көмір өндіру 1961 жылы тоқтады.


Байқоңыров Өмірхан Айтмағанбетұлы (14.9.1912, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы – 15.3.1980 ж., Алматы) – техникалық ғылымдар докторы (1972), профессор (1959), Қазақ ҒА-ң академигі (1962), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері (1971). Әкесі Айтмағанбет Қаракеңгір бойынан көшіп келіп, жаңадан салынып жатқан Қарсақбай мыс қорыту зауытының құрылысына жұмыскер болып кірген. Ұлы Өмірхан ағаш шеберінің оқушысы. Күн тәртібінде жас қазақ жұмысшыларын дайындау өткір тұрды. Еңбекқор, білімге құмар жас жігіт Қарсақбай фабрика-зауыт мектебін бітіреді. Содан кейін Қарсақбай геологиялық кен барлау кеңсесінде коллектор болып істейді. Бірде Өмірханның әкесін Қ. Сәтбаев шақырып, былай депті: «Алеке, сіздің ұлыңыз жақсы азамат болып өсіп келеді. Ақылды, ойлы жігіт, бастамашыл және іздемпаз азамат болып өсіп келеді. Оқуы керек. Ол кәсіптік мектепте оқып жүрген соңғы жылдары тамаша бұрғышы болды, оқу бітіргеннен кейін үздік коллектор. Алайда табиғатынан дарынды баланы ұстай беруге болмайды, оқыту керек. Сіз, Айтмағанбет аға, келісіңіз, мен батырыңызға Қазақ кен-металлургия институтына түсуге ұсыныс-жолдама беремін. Менің мына сөзімді ұмытпаңыз, түбі қарсақбайлық коллектор академик болады». Айтекең де Қаныш Сәтбаевтың ақылымен келіседі. Ө. Байқоңыров 1935 жылы Қазақ кен-металлургия институтына оқуға түседі. 1940 жылы институтты бітіріп, тау-кен инженерінің дипломын алады. Өзіне етене жақын Жезқазғанға оралады. Әлі де сонда еңбек етіп жүрген және осы уақытта есімі Одақ, Қазақ еліне кеңінен танымал болған Сәтбаевпен қызметтес болады. 1941—1952 жылдары Жезқазған кен басқармасында басшылық қызметтер атқарған. 1952—1962 жылдары Қазақ кен-металлургия институтының басшысы. Негізгі ғылыми еңбектері жер астында кен қазу жұмыстарын кешенді механикаландыруға, қазба орындарының сейсмикалық қауіпсіздігін және тау-кен жыныстарының физика-механика қасиеттерін зерттеуге, т.б. арналған. Ол жер астынан кен алу жүйелерінің матрицалық жіктелімін және оларды үйлесімдендірудің геометрикалық тәсілін жасады. Сондай-ақ кен өндірудің техникалық-экономика тиімділігі жоғары кенүңгірлік жүйемен шапшаң бұрғылаудың жаңа тәсілін тауып, өндіріске енгізген. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған. Жезқазған университетіне аты берілген.


Байманов Мұхамбет (1924, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Қарсақбай болысы, Қарсақбай кенті – 2001). 1939—1942 жылдары ұжымшар мүшесі. 1942—1945 жылдары ІІ дүниежүзілік соғысқа белсене қатысқан. Бірінші Украин майданында Харьков облысын, ІІ Прибалтика майданында Литва, Эстония, Латвия республикаларын азат етушілер қатарында болған. Рига қаласын жаудан босатуда көрсеткен ержүректілігі және тапқырлығы «Ерлігі үшін» медалімен атап өтілген. 1945 жылы 24 маусымда Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан. Әскерден оралғаннан кейін 1950—1980 жылдары еңбекшілер депутаттары Жезді кенттік атком төрағасы, Ұлытау ауаткомның бөлім меңгерушісі, Жезқазған банкілерінде қызметкер. І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, 10 медальмен марапатталған».

Менің әкем жайлы «Ұлытау. Ұлытау ауданы» энциклопедиясында осындай ақпарат басылған екен. Батыр, епті, алғыр кісі болған. ІІ Прибалтика майданының құрамындағы саперлер бөлімшесінде өмір мен өлім арасында жүріп, жауынгерлік міндетін мінсіз атқарған. Осыны бағалаған дивизия командирі оны 1944 жылы 14 желтоқсанда Москва қаласында екі жылдық офицерлер курсына жібереді. Осы жылы әскери-техникалық мектепке оқуға қабылданады. Үздік оқиды, қатаң тәртібімен көзге түседі. Кеңес әскерінің офицері болуды армандаған. Мектеп бастығы генерал-майор Медведов Отан үшін қанын төккен жауынгерді Москвада 1945 жылы 24 маусымда өткен Жеңіс парадына қатысуды ұсынған. Осылай Ұлытау өңірінен Жеңіс парадына қатысқан жалғыз жауынгер болу бақытына ие болды.

Мен әкемнің алпыстан асқан шағында дүниеге келген екем. Атымды Аңсаған қойыпты. Балалық шағымда мойынына мінгізіп, еркелетіп өсірді. Мен де әке жолын қуып, тәуелсіз Қазақстанның әскері қатарында болуды мақсат еттім. Қазір ұлттық гвардияның құрамында қызмет етемін.

Аңсаған Мұханбетұлы, аға лейтенант.


Баймендинов Ермағамбет (1895, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы—ө.ж.б.) Қарсақбай мыс қорыту зауытындағы еңбек жолын 1930 жылы құрылыс цехында қара жұмысшы болып бастаған. 1933—1934 жылдары металлургиялық цехта вагонет жылжытушы болып еңбек етті. 1934—1935 жылдары кен бұзушы болды. 1935—1937 жылдары горновой, ал 1937—1952 жылдары аға горновой болып еңбек етті. 1952—1954 жылдары Қарсақбай темір жолына қазаншы болды. 1954 жылы өз еркімен күрделі құрылыс бөліміне жұмысшы болып ауысты. 1956 жылы 31 мамырда ІІ топ мүгедектікке шығуына байланысты жұмыстан босатылған. Е. Баймендинов өзін адал және білікті жұмыскер ретінде танытты. Ай сайынғы берілген жоспарды 110—115% асыра орындап отырған. Металлургиялық цехтің қоғамдық жұмыстарында белсенділік танытқан. Жасына қарамай сұрапыл соғыстың қиын кезінде зауыттағы ең ауыр жұмысты өзіне алып, тәуліктік норманы орындай алмаған кезі болмаған. 1946 жылы «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдардағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Баймендинов Жүнісбек (1905, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы– ө.ж.б.) еңбек жолын 1934 жылы Қарсақбай орталық электр станцияда қара жұмысшы болып бастады. 1935 жылы зауыттың Кен алаңыда жүк тасушы болып ауысты. Сол жылдың тамыз айында өз еркімен жұмысты тастап кетті. Бірақ, екі айдан кейін қайтып жұмысқа шақырылып, 1935—1936 жылдары сол Кен алаңында жұмысшы болып істеді. 1936—1940 жылдары электр станциясына шуровшы, 1940—1941 жылдары Қарсақбай темір жолында от жағушы болды. 1941—1947 жылдары ОЭС-да компрессор машинисінің көмекшісі. 1947—1950 жылдары сол жерде тіркеуші. 1950—1951 жылдары күл тасушы. 1951—1955 жылдары жүк түсіруші. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Баймұхамедұлы Мұхамедия (1902, Орынбор облысы, Торғай уезі, Қызылжыңғыл болысы, Білеуті өз. Бойы – 1984, Жезқазған облысы, Жезқазған қаласы) – дін қайраткері. Әкесі Уайсұлы Баймұхамед (Баймен аталып кеткен) арабша білімі бар кісі болған. Қарнақ медресесін бітірген. Шешесі Достәуірқызы Рахия да арабша білімді болған. Мұхамедия 14 жасына дейін ауылда өз атасы Уайс қажыдан, Әубәкір қажыдан, әкесі Баймұхамед молдадан арабша білім алған. 14 жасынан 22 жасына дейін Жаңақорғанның «Ақтас» мешітіндегі медреседе оқып, оны үздік бітірген. 1937 жылға дейін ауылы Өзкентте араб тілінен сабақ берген. 1937—1941 жылдары Жезқазған аудандық төлқұжат столының бастығы. 1941 жылы Ұлытау аудандық қаржы бөлімінің бастығы, 1944—1949 жылдары осы ауд. тұтынушылар қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарған. 1949 жылдан Қарсақбай теміржол станциясында еңбек етті, сол жерден зейнеткерлікке шықты. Енді өмірін Алланың ақ жолын, мұсылмандықты, ислам өркениетін түсіндіріп, насихаттауға арнады. Атеистердің айла-шарғы құйтырқы әрекеттеріне қарамастан сенімінен қайтпады. 1983 жылы 6 мамырда Жезқазған қаласында алғашқы мешітті ашты. Ол мешіт Комбинат елді мекеніндегі Дайрабай деген кісінің үйінде орналасқан. Мұхамедия қожа діни бірлестіктің жиналысында тұңғыш ашылған Жезқазған мешітінің имамдығына сайланды.


Байтасов Рахымбек (1908, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Ұлытау болысы – 1982) 1927 жылы Жезқазған кенішінде жұмыскер. Қарсақбай байыту фабрикасында электр монтері, ауысым бастығы, фабрика бастығының орынбасары. 1931—1932 жылдары Свердловскідегі кен-металлургия институты жанындағы өнеркәсіп академиясының тыңдаушысы. 1939 жылы Жезқазған аудпарткомының бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1940 жылы Жезқазған аудпарткомының кадрлар жөніндегі хатшысы, 1943 жылдың мамырынан 1945 жылдың сәуіріне дейін еңбекшілер депутаттары Жезқазған аудандық кеңесі атком төрағасы. Кейін Кеңес Одағындағы ең үлкен «Байқоңыр» қой кеңшарының директоры болды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Ерлік еңбегі үшін» медалімен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған.


Балбырауын темір кені – Қарсақбай кентінен оңтүстікке қарай 5 км жерде орналасқан кен орыны. Барлау жұмыстары 1931—1949 жылдары Қ. Сәтбаевтің басқаруымен жүргізілген. Горизонтта 30-ға жуық кен денелері бар, олардың өлшемдері әр түрлі: бірнеше метрден 5 км-ге дейін жетеді. Ұсақ түйіршікті кварц және гематит агрегаттарынан тұратын темір-кварцит кентасындағы Ғе мөлшері 40%-ке жетеді. Барланған қоры 125,5 млн. т, оның 80%-ін ашық әдіспен өндіруге болады. Кенді байыту технология жоқтығынан Балбырауын темір кені игерілмей келеді.

«Ұлытау. Ұлытау ауданы» энциклопедия. Астана, 2018. 151-бет.


Балқыбаев Әбдірасыл (1931, т.ж.б. – 2010, Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы) Қарсақбай фабрика-зауыт мектебінде оқып, жөндеуші, флотатор мамандықтарын меңгеріп шығады. 1948 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытының байыту фабрикасына әуелі классификаторшы, кейін диірмен машинисі болып тағайындалды. Табиғатында сөзден гөрі еңбекке бейім жас жігіт бұл жұмысты қысқа мерзімде игеріп, дөңгелетіп әкетті. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Жезқазғанда қуатты байыту фабрикасы салынып, Қарсақбайдағы фабрика өз жұмысын тоқтатты. Балқыбаев Жезқазғанға жұмысқа шақырылды. Жезқазғандағы байыту фабрикасындағы өндіріс технологиясы Қарсақбаймен салыстырғанда күрделі екен. Сондықтан да ішінде Балқыбаев бар бірнеше қарсақбайлық жігіттерді Балхаштағы комбинатта өндірістік тағлымдамадан өткізуге жіберді. Бұл жылы көп нәрсеге көзі қанығып, үйреніп, біраз нәрсені ой сарабынан өткізіп, көңілге түйіп қайтты. Жезқазған байыту фабрикасында да диірмен машинисі болып істеді. 1988 жылы зейнеткерлікке шыққанда осы мамандық бойынша еңбек өтелі барлығы 40 жыл болды.

Балқыбаев Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Балтабаев Байжан (1910, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Бала Жезді – ө.ж.б.) Еңбек жолын 1932 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытының металлургиялық цехында қара жұмысшы болып бастаған. 1932—1934 жылдары Орталық электростанциясында шуровшы. 1934—1936 жылдары Қарсақбай темір жолында жұмысшы. 1936 ж. металлургиялық цехке жұмысшы болып ауысты. 1936—1937 жылдары сол цехте жүк тиеуші. 1937—1939 жылдары кіші горновой, ал 1939—1946 жылдары аға горновой болды. 1939 жылдан бастап БК (б) П мүшесі. Алдына қойылған еңбек жоспарын күн сайын орташа 107% орындап отырды. Қарсақбай мыс қорыту зауытында Б. Балтабаевтың адал еңбегі жоғары бағаланды. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен, бірнеше рет ақшалай сыйлықтармен марапатталған.


Бапов Әйтен (1920, Қостанай губерниясы, Торғай уезі, Қайдауыл болысы, №5 ауыл – 1986) – ІІ дүниежүзілік соғысының ардагері. 1944 жылдан бастап Қарсақбай кенттік кеңесі атком төрағасы, кейін Қарсақбай мыс қорыту заводының кадр бөлімінің бастығы, Қарсақбай МТС-да, «Байқоңыр» кеңшарында партком хатшысы, «Шеңбер» кеңшарының директоры қызметтерін атқарды. 1976 жылдан өмірінің соңына дейін «Жайремтяжстрой» тресінің кадр бөлімінің бастығы. Бапов І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, медальдармен марапатталған.


Бәйменов Әлихан Мұхаммедияұлы (1959, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай кенті) – мемлекет және қоғам қайраткері, Техника ғылымдарының кандидаты (1988), доцент (1991). Жаратылыстану ғылымдары Ұлттық Академиясының мүшесі. Қарағанды политехникалық институтын (1981) бітірген. 1981—1992 жылдары ҚарПТИ Жезқазған филиалында ассистент, аға оқытушы, доцент, Жезқазған тау-кен технология институтында деканның орынбасары болып істеді. Кейін әкімшілік-басқару жұмысына ауысып, Жезқазған облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 1995—1999 жылдары ХІІІ шақырылған ҚР Жоғары кеңесінің депутаты. 2003—2007 жылдары ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, 1997—1998 жылдары ҚР Еңбек министрінің орынбасары, бірінші орынбасары, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1997—1998 жылдары Премьер-министр кеңсесінің жетекшісі. 1998—1999 жылдары Президент Әкімшілігінің жетекшісі болды. 1999—2001 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2011 және 2014 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы. 2001 жылдан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігі саяси кеңесінің мүшесі, «Ақжол» демократиялық партиясының тең төрағасы – саяси атқару комитетінің төрағасы болды. Ә. Бәйменов 2014 жылғы қыркүйектен мемлекет қызмет саласы бойынша өңірлік хаб басқарушы Комитетінің төрағасы. «Ұлытау» қоғамдық қозғалысына жетекшілік (1989) етті. Тоғызқұмалақ бойынша халықаралық және республикалық федерациялардың президенті. Бірқатар ғылыми, ғылыми-көпшілік және әдеби-көркем шығармаларының авторы.


Бәтеев Қарабек (15.01.1912, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Қарсақбай ауылы – 19.03.1996, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) еңбек жолын 1939 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытында жүк тиеуші болып бастаған. 1944 жылдан откатчик, 1951 жылдан ҚТЖ-да слесарь, 1953 жылдан вагон бақылаушы, 1963 жылдан 1967 жылғы 7 шілдеде зейнеткерлікке шыққанға дейін вагон депосында бригадир болып еңбек етті. Қ. Батеевтің еңбек кітапшасы жұмысына жауапты қарағаны үшін алғыстар мен ақшалай сыйлық алғаны туралы жазбаларға толы. Ол 1943 жылы соғыс қажеттілігіне атқарған нәтижелі жұмысы үшін стахановшылардың қатарынан көрінді. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жалдарындағы ерең еңбегі үшін» (1946) медалімен, «Коммунистік еңбегінің үздігі» (1966) төсбелгісімен және мемлекеттік грамоталармен марапатталған.


Бегімбетов Әбдібай (1917, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Қарсақбай елді-мекені – 1998, Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы) Ұлы Отан соғысының майдангері. 1939 жылы кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Ақфиндермен, фашистік Германиямен, милитаристік Жапониямен соғысуға қатысты. Елге 1947 жылы оралғаннан соң ұжымшар партия ұйымының хатшысы, ұжымшар басқармасының төрағасы болып сайланған. 1952 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытына жұмысқа түседі. Металлургия цехында аспалы кран машинисі, балқытушы болып еңбек еткен. Өндірісте тапсырманы жыл сайын 102% асыра орындап отырған. Мінезі баладай ақкөңіл, ешкімнің бетін қайтармаған, жұмыс орынында жауаптылығымен, біліктілігімен көзге түскен. Өз мамандығына оннан астам жас жігітті үйреткен. «Ерлігі үшін» (1943), «1941—1945 Отан соғысы жылдарыфашистік Германияны жеңген үшін», «Жапонины жеңген үшін» медальдарының иегері. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған.


Бейсекбаев Әбдіраман (1909, Ақмола облысы, Атбасар уезі) – Қарсақбай байыту фабрикасында аға фильтровщик. Уақтау цехында 1930 жылдың 31 желтоқсанынан откатчик болып еңбек жолын бастады. 1933 жылдың шілдесінен байыту фабрикасында фильтровщик. Тәжірибелі байытушыны 1938 жылы шілдеде жобалық қуатын игеруде үлкен қиыншылық көріп отырған Балқаш байыту фабрикасына мамандығы бойынша жұмысқа жіберілді. Ол мұнда 1 жыл 7 ай 18 күн еңбек етті. Қарсақбайдың атын ақтады. 1940 жылдың 4 мамырынан зейнеткерлікке шыққанша Қарсақбай байыту фабрикасында аға фильтровщик болып еңбек етті. Еңбек Қызыл Ту орденімен, «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін», «Ерлік еңбегі үшін» (1950) марапатталған.


Бексұлтанов Қуанышбек (12.05.1928, Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, «Қызыл егіс» ауылы – 1996) – инженер-металлург. Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. 1948 жылы Зеренді ауылдық мектебін басында қазақша, кейін орысша оқып, бітіріп шыққан. 1948 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтына түсіп, оны 1953 жылы түсті, сирек және асыл металл металлургиясының инженер-металлургі мамандығы бойынша бітірген. 1953 – 1954 жылдары Қарсақбай мыс қорыту зауытының байыту фабрикасында ауысым шебері. 1954 – 1956 жылдары байыту фабрикасының технологы. 1956 – 1957 жылдары Қарсақбай мыс зауытының ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығы. 1956 жылдан бастап КОКП мүшесі. 1957 – 1958 жылдары қайтадан байыту фабриканың технологы болды. 1958 – 1959 жылдары Жезді марганец кеніші партбюросының хатшысы. 1959 – 1960 жылдары Қарсақбай мыс зауыты партбюросының хатшысы. 1960 жылы 29 шілдеде Қ. Бексұлтанов Қарсақбай мыс зауытының директоры Купряков Ю. П. ғылыми жұмысқа ауысуына байланысты оның орнына директор болып тағайындалды. Зауыт директорлығына әріптесі, әрі тұңғыш қара домалақ қазақ баласы тағайындалғанын қарсақбайлықтар тәубе десіп, қушақ жайып, мақұлдап қарсы алды. Оған тағы бір себеп бар. Куанышбек қарапайым халық тілегіне сергек, өз ісінің білгірі, екі сөйлемейді, гуманитарлық салада да білімі терең, насихатшы. Осының заңды көрінісі оған Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағы берілген.

Жезқазған кен-металлургия комбинаты партком хатшылығына сайланды. Жезқазған мыс зауыты іске берілгенде шихта дайындау цехына бастық болып ауысты және бұл қызметті зейнеткерлікке шыққанша атқарды. КСРО-ың орден, медальдарымен марапатталған.

Дереккөз: «Жезқазғантүстімет» ӨБ архив қоры. М. Бақытұлы


Бектепберген ұста Үдербайұлы (1870, Торғай уезі, Қайдауыл болысы, Терісбұтақ өзенінің бойы – 1922, Қарақұм) – ұста, Амангелді Имановтың ағасы. Ауыл молдасынан және өз анасынан сауатын ашқан. Киіз үйдің шаңырағын, уық, керегесін, шана жасаған. Қарсақбай, Байқоңырға барып, өндірісте еңбек еткен. 1916 жылғы Торғай көтерілісікезінде Балықтың қарасуында ұстахана ұйымдастырып, қару-жарақ соғатын және жөндейтін ұсталар тобын басқарған.


Биназаров Қазыбай (18.02.1936, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай кенті) – КСРО түсті металлургия саласының құрметті металлург (1978). Жамбыл Жабаев атындағы алтыжылдық мектепте орташа білім алған. Еңбек жолын 1953 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытында токарьдын шәкірті болып бастаған. 1954 жылдан Қарсақбай темір жолында кочегар, 1959 жылдан машинист көмекшісі, 1961 жылдан темір жолдың бас кондукторы болды. 1975 жылдан 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Қарсақбай металлургиялық зауытының құю-механикалық телімінде дайындаушы, шихтовшы, ұста болып абыройлы еңбек етті. «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100-жыл толуы құрметіне» (1970), «Ерлік еңбек үшін» (1981) медальдарымен марапатталған.


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 | Следующая
  • 0 Оценок: 0

Правообладателям!

Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?


Популярные книги за неделю


Рекомендации