Текст книги "Қарсақбай және қарсақбайлықтар"
Автор книги: Сағындық Қожамсейітов
Жанр: Документальная литература, Публицистика
Возрастные ограничения: +18
сообщить о неприемлемом содержимом
Текущая страница: 6 (всего у книги 23 страниц) [доступный отрывок для чтения: 8 страниц]
Кенебаев Нарымбай
Өндірістік тапсырмалардың асыра орындалуына байланысты КСРО-ың «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, түсті металлургия министрлігінің және зауыт басшылығының мақтау қағаздарымен марапатталды.
Сейітбаттал Кенебаев.
Кеңгірлаг (СтепЛАГ) – Лагерь 1940 жылы 1 сәуірде жұмысын бастап 1957 жылы жабылды. 1940 жылы Кеңгір өзенінің жағасында «Жезқазған лагері және КСРО ІІХК ГУЛАГ-ның комбинаты» құрылды. 1943 жылы Үлкен Жезқазғанның бөлімдерінің бәрі ІІХК-ның қарауына беріліп, ол «ІІХК Жезқазған еңбекпен түзеу лагерь-комбинаты» деп аталды. 1947 жылы №4 Ерекше лагерь немесе СтепЛАГ деп аталды. 1942 жылы 1 қаңтарда лагерьде 140 тұтқын ұсталды. Сотталғандар негізінен кінәсіз жұмысшылар, колхозшылар, инженерлер, дәрігерлер және ІІХК тізімімен құрылысқа, шахталарға еңбек күші керек болғандықтан қамалған адамдар болды. Соғыстан кейін лагерьге 12 мың кеңес тұтқындарына 8 мыңға жуық соғыста қолға түскен немістер мен жапондықтар келіп қосылды. Лагерь төрт негізгі бөлімшеден тұрды: Кеңгір, Жезқазған, Жезді және Қарсақбай бөлімшесі.
Классендер әулеті Қарсақбай мыс қорыту зауытының байыту фабрикасынан бастау алады. Әулет басы Классен Карл Карлович 1929 жылы туған. 1945 жылы Қарсақбайда фабрика-зауыт мектебін бітірген. 1945—1963 жылдары байыту фабрикасында классификаторшы болып істеген. Техникалық сауаты мықты, ісіне байсалды жігіт болды. 1960 жылдың қараша-желтоқсан айларында К.К.Классеннің озат тәжірибе мектебі жұмыс істеді. Онда өз қалауымен 20 классификаторшылар мен флотаторлар оқыды. Озат байытушының жұмыс әдістері мен тәжірибесін оқып-үйрену концентраттың көлемі мен сапасын жақсартуға қолайлы әсерін тигізді. 1963 жылы Қарсақбай байыту фабрикасының жабылуына байланысты К.К.Классен Жезқазғандағы №2 байыту фабрикасына жұмысқа ауысып, мұнда 2007 жылы зейнеткерлікке шыққанша үзбестен технологиялық ауысымның бригадирі болып еңбек етті. «Құрмет белгісі» орденімен (1962), «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қазақ КСР-інің құрметті металлургі. Жұбайы Валентина Тихоновна Казазаева, екі ұл, бес немересі, екі келіні Жезқазған байыту фабрикаларында әулеттің данқын сақтап, жемісті еңбек етіп жүр. Әулеттің байыту кәсіпорындағы еңбек өтелі 320 жыл.
Классендер әулеті
Князев Николай Сергеевич (1928, РКФСР, Орынбор облысы, Курманаевск ауданы, Тарпановка селосы – 2003, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кенті) 1936 жылы отбасымен Қазақстанға қоныс аударып, Қарсақбай жұмысшы кентіне келді. 1937—1945 жылдары №3 Қарсақбай орта мектебінде білім алды. Еңбек жолын Қарсақбай геологиялық барлау партиясында қатардағы жұмыскер болып бастады. 1955—1965 жылдары Целиноградтағы жол қатынасы техникумын сырттай оқып бітірді.
Князев Николай
1965 жылдан бастап №3 Қарсақбай орта мектебінде еңбек және алғашқы әскери дайындық пәнінің муғалімі болып істеді. №3 Қарсақбай орта мектебінде еңбек тәрбиесі және болашақ Отан қорғаушыларды даярлау патриоттық тәрбие бағытында Н.С.Князев «Қызыл ізшілер» клубы мен «Жауынгерлік даңқ» залын ұйымдастырды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде ғылыми қызметкер болып еңбек етті, туған өлке тарихын жинақтау, насихаттау бағытында жұмыстар атқарды. Әсіресе, Қарсақбай өндірістік аймағы мең тарихы, ардаяр металлургтер және академик Қ.И.Сәтбаев ғұмырнамасына қатысты деректер зерттеп толықтыруға көп еңбек сіңірді. Н.С.Князев жинақтаған жәдігерлер бүгінде музей көрмелері мен экспозицияларында қамтылған. Н.С.Князев 2003 жылы қайтыс болып, Қарсақбайда жерленді.
Колбасов Николай Илларионович (21.12.1911, Ақмола облысы, Сандықтау ауданы, Максимова селосы – 21.9.1943, Украина, Полтава облысы, Дробиновка селосы) – Кеңес Одағының батыры. 1942 жылы қазанда Кеңес әскері қатарына шақырылғанға дейін Колбасов Қарсақбай темір жолында жұмыс істеді. Ол Курск – Орел ұрысында командирлік іскерлігі мен жауынгерлік ерлігін көрсетті. 1943 жылы 7 шілдеде Белгород бағытындағы ұрыстарда Колбасовтың взводы зеңбіректерін ашық позицияға шығарып, немістердің 70 «Пантера» танкісімен жекпе-жек ұрысқа кірісіп, жаудың 17 танкісіне оқ жаудырып, бірқатарын шығынға ұшыратты. Осы ұрыста жау взводтың расчетін қатардан шығарды. Колбасов жалғыз өзі әрі нысанашының, әрі оқтаушы мен снаряд тасушының міндетін атқарды. Жаудың 4 танкісін, 100-ден астам әскерін жойды. Колбасов Украинаны азат ету үшін болған соғыста ерлікпен қаза тапты. 1944 жылы 22 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Н. И.Колбасовқа Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Қарсақбай кентінде, Сәтбаев қаласында Колбасов атындағы көшелер бар.
Колбасов Николай
Комиссаров Александр Кириллович (т.ж.б.-ө.ж.б.) мемлекет меншігіне алынған Қарсақбай зауыты, Жезқазған және Байқоңыр көмір ошағындағы қымбат жабдықтар мен машиналардың толықтай сақталып, талан-таражға ұшырамауын ұйымдастырушы болды. Өзі жоғары білікті слесарь. Комиссаров жасы ұлғайып, зейнеткерлікке шыққан соң өз еркімен жастарды жаңа кәсіпке бейімдеуде өте нәтижелі жұмыс жасады. Оның мектебінен 70-ке жуық жасөспірім шыққан. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Комиссаров коммунистер индустрияландыру съезі атаған БК (б) П ХVІ съезінің делегаты болды.
Комиссаров Александр
Көбенов Қосшыбек (1911, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Құба ауылы) – елге ұран болған батыр бабамыз Бабыр бидің немересі. Жақсының жақсылығын айт дегендей үлкенге іні, кішіге аға, туған-туыс, құрбы-құрдастарына, жолдас жораларына құрметті сыйлы болған жан еді. Біз осыдан алпыс жыл бұрын қосылып отау көтердік. Осы уақытта қатты сөзге келіп, ренжіскен күндеріміз болмаған екен. Отағасы 18 жасында Қарсақбай мыс зауытына дробильщик болып жұмысқа орналасты. Арада 4—5 ай өтпей бригадир болып тағайындалды. Ол уақытта техника дамымаған кез еді, барлық жұмыстар адам күшімен атқарылатын. Бригадир болып күніне 30—40 вагон кентасты түсіріп, сол тасты балғамен үгіткен. Өз ісінің шебер маманы болатын. Тас үгету кезінде көзіне зақым келсе де 1929 жылдан 1965 жылға дейн Қарсақбай мыс зауытында жұмыс істеді. Бірнеше рет Қазақстан КП Қарсақбай, Жезқазған аудандық партия комитеттерінің мүшесі болған. Жоғары еңбек өнімділігіне жеткені үшін, өзінің техникалық және жалпы білімін көтергені, тұрмыста және өндірісте үлгілі тәртіп үшін 1964 жылы 13 желтоқсанда «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағы берілді.
Көбенов Қосшыбек
Отан алдындағы еңбегі лайықты бағаланды. 1946 жылы 26 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының шешімімен «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі торалқасының шешімімен 1965 жылы 17 шілдеде Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген металлург құрметті атағы берілді.
Бір аулеттін ағасы
Асылдан болған жағасы
Артық сөзді айтпайтын
Аузында еді-ау тобасы
Жақсыдан туған азамат
Алладан болсын салауат
Әулие пірім қолдасын
Иманын болсын жолдасың.
Көбенова Ақыш
Көбенов Малшыбай (1910, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Құба ауылы) – уату-тасымалдау цехының решетка жанындағы жұмысшы, содан кейін бригадирі. Жастайынан ауылда қара жұмыс істеп, қарды бұзып, жылқыға тебін ашқан Көбенов ауыр жұмысқа төзімді, әрі қарулы болатын. Жоспарын асыра орындауды дәстүрге айналдырған бір мысал. 1961 жылдың нормасын 155 пайыз асыра орындаған. Осылай социалистік жарыстың жеңімпазы талай рет ақшалай-заттай сыйлыққа ие болып жүрді. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. «Социалистік жарыстың үздігі» төсбелгісінің иегері.
Көккөзов Мәйгел (1901, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы) Қарсақбай мемлекеттік мыс қорыту зауытының стахановшы металлургі. 1918—1927 жылдары Ақмола губерниясы, Атбасар уезі, Қарсақбай болысы, №4 ауылда Тілеубаев байдың жалшысы. Өзінің шаруашылығында еңбек етеді. 1930 жылдан Оңтүстік Қазақстан облысы Қарсақбай ауданы мыс қорыту зауытта тиеуші, 1932 жылдың наурызынан аға горновой, 1935 жылдан балқытушы, 1938 жылдан ауысым бастығы. 1944 жылы Көккөзов Мәйгелді комбинаттың «Ұлытау» кеңшарына телім бастығы етіп жіберіледі. Тәжірибесі бойынша балқытушы. 1936 жылы шала сауаттылар мектебін бітірген. 1945 жылғы 5 қаңтардан коммунистік партияның мүшесі. Зауытта істеп жүргенде «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Ұлы Отан соғысы жылдары ең жауапты телім балқытушылар ауысымдарын коммунистер Көккөзов, Манукян, Питерский және комсомол мүшесі Лобанов басқарды, 1941 жылы 17 қыркүйекте М. Көккөзовтың ауысымы 152 тонна штейн берді, ертеңіне бұл рекордты көрсеткішті 5 тоннаға артты.
Көккөзов Мәйгел
Краличкин Иван Ресейден Қарсақбай мыс зауытының құрылысына келген шебер-клепальщик. Ол қазандықтарды шегеледі, темір құрастырмаларын бекітті, тартабанды темір жолдың құрылысына қатысты. Замандастары «бүкіл зауытты шегелеп шықты» деп есімін құрметпен атайтын. Краличкин ондаған қазақ жігіттерін темірді шегелеуге үйретті. Зауыт құрылысындағы ерен еңбегі үшін Бүкілодақтық Орталық атқару комитеті Краличкинді Еңбек Ері атағын беріп, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттады.
«Жезказган – город меди», изд. «Наука» КазССР, Алматы, 1966 г.
Кржижановский Глеб Максимилианович (12.12.1872, Самара қаласы – 31.03.1959, Москва) – кеңестік мемлекеттік және партия қайраткері, энергетик-ғалым, академик, КСРО ҒА вице-президенті, әдебиеттанушы, кеңестік экономист, Социалистік Еңбек Ері, КСРО ОАК-ң 1—7 шақырылымының мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1-і шақырылымының депутаты, БК (б) П ОК-ң мүшесі (1903—1905, 1924—1939). 1894 жылы Санкт-Петербург технологиялық институтын үздік бітірген. 1907—1909 жылдары «Электр жарығы қоғамында» жөндеуші, инженер, меңгеруші. 1909 жылы «Электр тоғының табиғаты» атты бірінші ғылыми-техникалық еңбегін жазды. Қазан төңкерісінен кейін Москваның энергошаруашылығын қайтадан қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. 1920 жылы ақпанда бүкіл Ресейді электрлендіру бағдарламасын дайындау жөніндегі мемлекеттік Комиссияның (ГОЭРЛО) төрағасы болды. 1921—1923, 1925—1930 жылдары Мемжоспар комитетінің бірінші төрағасы.
Кржижановский Глеб
Жезқазған мысты кен орынында геологиялық барлау жүргізу жұмысы Ленинградтағы Геологиялық комитетке жүктеліп, ол тек жаз айында 2—3 бұрғылау станогымен мардымсыз іс тындырып жүрген. Сондықтан Мәскеудегі Қазақстан өкілдігінің жәрдемімен Қ. Сәтбаев 1929 жылдың қысында Госпланның төрағасы академик Г.М.Кржижановский қабылдауында болады. Ол қалыптасқан суы аз, дәлелді сөзбен, нақты жағдайды баяндап береді. Г.М.Кржижановский нақты шешім шығарады. Біріншіден, геологиялық барлау жұмысын Қарсақбай комбинатының өзіне жүктелді. Екіншіден, Сәтбаевтың вариантында қажетті қаржы бөлінеді. 1929 жылдың өзінде тұрақты бұрғы станоктарының саны 4-ке, 1930 жылы – 10-ға, 1931 жылы – 15-ке, 1922 жылы – 20-ға жетеді.
М. Бақытұлы
КСРО Ғылым Академиясы қазақстандық базасының ғылыми сессиясы 1934 жылы 10—15 қараша күндері Москвада өтті. Онда Үлкен Алтай мен Үлкен Жезқазғанның өндіріс күштерін дамыту туралы мәселе қаралды. Үлкен Жезқазғанға байланысты негізгі баяндаманы геолог Қаныш Сәтбаев, Жезқазғанның кендік және структуралық аймақтары туралы Қарсақбай комбинатының аймақтық геологы Сергей Бөкейханов, Жезқазған кенін қорыту тәжірибесі туралы Қарсақбай комбинатының бас инженері Иван Стригин, т.б. баяндамалар жасады. Пайдалы қазбалар секциясының жұмысына академик А.П.Архангельский төрағалық етті, оған академик В.А.Обручев қатысты. Мәжілісте 250-ден астам кісі мінбеге көтерілді.
Сессия соңғы күні қабылдаған қаулысында Жезқазған кенінің орасан зор мол қорын игеруге Қарсақбай заводы мүлдем жарамсыз, сондықтан, еліміздің мысқа деген ділгірлігін тез арада қанағаттандыру үшін үшінші бесжылдықта Үлкен Жезқазған мыс қорыту комбинатын тыңнан салу керек деп қадап көрсетті. Осы бір құжатта Жезқазғанның болашағын түпкілікті шешуге арналған бір ұсыныс болды. «Бұл ауданды тезірек игеру үшін, – деп жазылған онда, – Жезқазған – Балқаш – Қарағанды теміржолын салу керек».
Сессия КСРО Жоспарлау комитетінен, қатынас жолдары наркоматынан түсті металлургия, геологиялық барлау бас басқармаларынан, одақтық, басқа да ведомстволардан сессия қорытындыларын қарауды және Жезқазғанға байланысты іздестіру және зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 1935 жылы бақылау цифрларында тиісті қаражат бөлуді өтінді. Сөйтіп, Жезқазған Кеңес одағындағы ең ірі тау-кен орыны екенін ғылым және өндіріс білгірлері мойындады.
«Большой Джезказган». Сб. материалов по проблеме
комплексного изучения и освоения природных ресурсов
Джезказган – Улытауского района, Л., 1935.
КСРО Ғылым Академиясының Орал мен Батыс Сібірдің, Қазақстанның қорларын елді қорғау мұқтажына жұмылдыру жөніндегі комиссиясы (1942—1945) ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары КСРО-ның табиғи қорларын елдің қорғаныс мұқтажына тиімді пайдалануда ғалымдардың күштерін біріктіру үшін құрылды. Инициаторы және төрағасы КСРО ҒА-ның президенті, академик В.Л.Комаров (ресми емес аты Комаров комиссиясы) болды. 1942 жылдың сәуірінен бастап комиссия Оралдан басқа Батыс Сібір мен Қазақстанның қорларын зерттеумен айналысты. ҒА ғалымдарымен бірге Қазақ бөлімшесінің Қ.И.Сәтбаев басқарған ғалымдары тығыз ынтымақта жұмыс істеді. 260 экспедиция пайдалы қазбаларды іздестірді. Қазақстан геологтары марганец, темір, түсті және сирек кездесетін металдар, отын және құрылыс материалдары шикізаттары кен орындарын барлады. Қараганды обл-нда Кентөбе – Тоғай, Атасу, Қарсақбай темір кеңдерінің орындарына экспертиза жүргізілді. Осының негізінде И.П.Бардин басқарған ғалымдар тобы Самарқан (қазіргі Теміртау қ.) кентінде толық өндірістік циклді Қазақ металлургия зауытының құрылысын бастау жөнінде ұсыныс жасады. Комиссия мыс комбинаттарының өндірістік қуаттарын арттыру жөнінде ұсыныстар берді. Балқаш пен Жезқазғанға құрамында акад. А.А.Байков, Брицке, КСРО ҒА-ның корр. мүшесі Чижиков және П.Ф.Антипин бар ғалымдар тобы жіберілді. Комиссияның түсті металлургия кәсіпорындарының қуаттарын ұлғайту (соның ішінде Қарсақбай зауыты бар) жөніндегі шаралары республика үкіметіне ұсынылып, Мемлекеттік Қорғаныс комитеті мен КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетіне жолданды. Казақ КСР-інің табиғи байлығын анықтаудағы ерекше сіңірген еңбегі үшін академик Комаровка Казақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді.
Кузнецов Матвей Иванович (т.ө.ж.б.) – конвертордың үздік шебері. Оны кеше ауылдан келген қазақтың металлург жігіттері пір тұтты. Кузнецов 1927 жылы зауытқа қара жұмыскер болып түсті. Металлургиялық цехты көппен бірге қолдан тұрғызды, дөкей-дөкей агрегаттар мен станоктарды орнатып, құрастыруға қатысты. Сөйте жүріп, мыс балқыту пешінің жұмыс технологиясына қанықты. Қазақ тілін меңгерді, ауылдан келгендерді отты мамандықтын қыры-сырына үйретеді. Үшінші жылы конвертор шебері болып шығады. Өзінің ізімен 3 қазақ жігітін кіші фурмашы, балқытушының көмекшісі, шихта тиеуші етіп шыңдап шығарды. Кузнецов жайдарлы, ақкөңіл, үсті-басына шаң жұқтырмайтын таза, нағыз сары орыстың өзі еді. 1938 жылы «халық жауы» деп атап, жазықсыз түрмеге жапқанда оның арашасы қазақ жігіттері болып, ГПУ-дың қанды қолынан аман алып қалған.
Кузнецов Матвей
Купряков Ювеналий Прокопьевич (1926, Ресей, Иркутск облысы, Качуг ауданы, Верховенск селосы) – түсті және бағасы металлдар бойынша инженер-металлург. Иркутскі тау-кен және металлургия институтын (1948), Норильск кен-металлургия комбинаты саяси бөлімінің кешкі марксизм-ленинизм университетін (1952) бітірген. Оқу бітірген соң Норильскі кен-метталургия комбинатының никель зауытында аусым бастығы (10.1948—10.1949), мыс зауытында бөлімше бастығы (10.1949—11.1951), кейін мыс зауытының балқыту-рафинациялау цехының бастығы. Купряков (06.1955—07.1960) Қарсақбай мыс қорыту зауытының директоры болды. Ол зауытты техника жағына қайта жарақтандыру, мыс балқыту технологиясын жетілдіру бағытында біраз шараларды іс асырды. Мыс балқыту 1955 жылы 1954 жылмен салыстырғанда 1,6 есе өсті. Шарпу пеші табанының әрбір шаршы метріне 1,87 т. Штейн алынды, ал тәулікке беретін жоспар 1,2 т болатын. Металлургтер кентінде тұрғын үй, басқа да мәдени-әлеуметтік нысандардың құрылысы кең қанат жайды. Купряков кейін Өзбекстандағы Алмалық кен-металлургия комбинатының директоры болды.
Күсенов Қабжан (1936, Қарағанды облысы, Қарсақбай ауданы, Ұлытау ауылдық кеңесі – 2010, Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы) – инженер-технолог. Ресей Федерациясындағы Магнитогорск тау-кен металлургия институтын (1967), Алматы Жоғарғы партия мектебін (1982) бітірген. Еңбек жолын 1954 жылғы қазанның бірінші жұлдызында Қарсақбай мыс балқыту зауытында бастаған. Жезқазғанда бірінші байыту фабрикасының алғашқы кезегі іске қосылғанда білікті жұмысшылар қатарында Күсенов Қарсақбайдан жаңа кәсіпорынға жұмысқа жіберілген. Мұнда қатардағы байытушыдан Кеңес Одағындағы ірі байыту фабрикасының директорлығына дейін өсті, фабриканы 10 жылдан астам басқарды. Қалалық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары (1976—1977), Жезқазған кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы (1977—1985). ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы. Мемлекеттік марапаттары бар.
Күсенов Қабжан
Қазақ КСР Ғылым Академиясының біріккен көшпелі ғылыми сессиясы Жезқазған қаласында 1961 жылы 25 наурыз бен 1 сәуір аралығында өтті. Біріккен ғылыми сессияны Қазақ КСР-нің Ғылым академиясы, Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі, Қарағанды Халық шаруашылығы кеңесі және Жезқазған кен-металлургия комбинаты ұйымдастырды. Сессияның негізгі міндеті Жезқазғанда атқарылған жұмыстарды қорытындылау Үлкен Жезқазғанды дамытудың басым мәселелерін талқылау және Жезқазған – Ұлытау өңірі өндіргіш күштерін одан әрі дамытудың перспективалары мен шараларын қарау болды. Оған 100-ден астам одақтық және қазақстандық министрліктердің, жобалау және ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, олардың ішінде КСРО және Қазақ КСР Ғылым академияларының алты мүшесі, сегіз корреспондент-мүшелері қатысты. Сессияның барлық мәжілістерінде 175 баяндама тыңдалды, олар негізінен геология мен металлогенияға, тау-кен өндірісіне, металлургия мен байытуға, энергетикаға, су шаруашылығына, құрылыс, транспорт, ауыл шаруашылығы, денсаулық қорғау ісіне арналды.
Біріккен ғылыми көшпелі сессиясы Жезқазған – Ұлытау өңірін дамытудың күрделі проблемаларын жан-жақты саралап, оны оңтайлы шешудің нақты қадамдарын анықтап берді. Мысалы, жер астында тау-кен өндірісіне өздігінен жүретін техниканы белсенді енгізіп, өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігін арттыру, геологиялық барлау ісін ашылған кен орындарымен қатар жаңадан мыс, темір кен орындарын іздестірумен тығыз ұштастыра жүргізу, өңір тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен барынша қамтамасыз етуге бағыттау, т.б.
Біріккен сессия қабылдаған қауылда Қарсақбай фабрикасында өндірістік көлемде тотыққан мыс кенін Мостовичтің әдісі бойынша өңдеу Златоус кен орнының тектес кентастар үшін қанағаттанарлық көрсеткіштер алуға мүмкіндіктер туғызғаны атап көрсетілген. Қарсақбай фабрикасы Беловскі телімінің тотыққан кенін өңдеуде сынақты жалғастыруға кіріскелі отыр. Сессия Гипцветмет институтына Мостовичтің әдісі бойынша Беловскінің кентасын байытуға қажетті жұмыс тәртібі мен технологиялық схемасын алдын-ала жасап беруді ұсынды.
«Большой Джезказган». Изд. АН КазССР, Алматы, 1966 г.
Қазақ КСР мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкерлері құрметті атағы еліміздің дамуына үлес қосқан, жоғары экономикалық көрсеткіштерге жеткен бастамашыл, қажырлы, өнімді еңбектің үлгісін көрсеткен қарсақбайлықтарға Қазақстан Республика Президентінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен берілген. Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген металлургтер: 1964—1975 жылдары – Әбдірахманов Төлеген Мұсаұлы, Бексұлтанов Қуанышбек, Жанділдинов Сейт, Жеңсікбаев Жүрсін, Көбенов Қосшыбек, Қоштаев Даяр, Ли Моисей, Мәткенов Қадер, Мейрамов Оразалы, Муцаев Ассрудин, Нұрғалиев Әлкебай, Нұрғалиева Несібелді, Отарбаев Қойшығара, Рысбеков Қайырбек, Сансызбаев Сейтқали, Сейітов Сейітқасым, Таймағанбетов Байбосын, Төребеков Сияр. Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген өнертапқыштар және рационализаторлар: 1965—1970 жылдары – Тұрсынов Махмұд, Малых Иван Васильевич. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімдері: 1945 жылы – Сазонтова Мария Васильевна; 1967—1987 жылдары – Ахметов Баһадүр, Әбдірахманов Сираж, Дәуітов Баттал, Құсайынов Ілияс, Черкасова Валентина Матвеевна. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері: 1998 жылы – Мәткенов Қадер Мәткенұлы.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС – Қазақстанның алдыңғы қатарлы тау-кені және металлургия компаниясы. Компания Штаб-пәтері Лондон мен Алматыда орналасқан. Компанияның негізі Қарсақбай мыс зауыты іске қосылған кезде 1928 жылы қаланды. 1992 жылы «Жезқазғантүстіметалл» атауымен акционерленді. 2005 жылы қазанда Лондонның қор биржасына шықты. 2008 жылы компания акционерлері – директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Ким (45,76% акция), орындаушы директор Олег Новачуг (6,53%). Kazakhmys plc-тың 14,99% «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры» Акционерлік Қоғамына тиесілі. Kazakhmys plc-ның директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Ким сонымен қатар ENRC Kazakhstan Holding BV компания акциясының 25%-ын сатып алу опционына ие. 2007 жылы компанияға тиесілі мыс кені – дәлелденген 700 млн тоннаны, ал шамамен алғанда – 2 млрд тоннаны құрайды. Kazakhmys Plc-тың негізгі еншілік мекемесі – «Корпорация Казахмыс» ЖШС – Қазақстанда 19 жер асты мыс кені мен 2 металлургиялық комбинаты бар. Kazakhmys Plc сонымен қатар Германияда мыс өнімін шығаратын МКМ мекемесіне иелік етеді. Kazakhmys Gold (Kazakhmys Plc-тың еншілік мекемесі), Қазақмыс ПЛС – пайдалы қазба байлықтарын өндірумен айналысатын, негізгі қызметін Қазақстанда және жақын аймақтарда атқаратын, Ұлыбританияда тіркелген халықаралық компания. Мыс өндіру бөлімшесінің өндірістік алаңқайлары Қазақстанның барлық аймақтарында орналасқан, оның ішінде 15 карьер мен жерасты кендері, 10 кен байыту фабрикасы және 2 мыс балқыту кешені де бар. Мыс болімшесінің иелігінде көмір шахталары мен электр станциялары бар. Бозшакөл және Ақтоғай деген екі ірі өндірістік жобалар іске асырылуда. Қазақмыс Қазақстандағы ең ірі электр станциясы Екібастұз ГРЭС-1-ің 50 пайыз акцияларының иесі. Топ сол станция мен иелігіндегі бірнеше ТЭЦ-терді меңгеру арқылы Қазақстандағы электр қуаты ұсынымының 20 пайызынан астамын меңгереді.
«Жезқазғантүстімет» ӨБ-інің кеңсесі
Қайдауылов Хамит (1924, Ақмола облысы, Қарсақбай болысы, Қарсақбай елді мекені – 1989, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Жезді кенті) – ІІ дүниежүзілік соғыс ардагері, Берлин үшін болған ұрыстардың қаһарманы, қаржыгер. Қарсақбай фабрика-зауыт шәкірттігі мектебінде оқып, флотатордың көмекшісі мамандығын алған. Бірақ еңбек жолын бастамай өз еркімен 1942 жылы Отан қорғауға аттанады. 1942—1943 жылдары атқыштар полкінің мектебінде курсант, кейіннен Беларусь майданында атқыштар взводының командирі болады. Қайдауылов Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағанбетовтың батальонының құрамында ерлікпен шайқасқан. «Берлинді шабуылдауда Есжанов, Сьянов, Қайдауылов, Тұрарбеков сияқты жауынгерлер ерлікпен шайқасты» деп атап көрсетілген орта мектеп оқулығында (Қазақ ССР тарихы, 10 класс. «Рауан», А., 213-бет). Майдан даласындағы ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «За отвагу» және басқа медальдармен марапатталған. Қайдауылов соғыстан оралғаннан кейін жиырма жылдан астам Жезқазған, кейін Жезді аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі болды.
Қаламбаев Есмағанбет (1909, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы) 1935 жылдың мамырынан Қарсақбай мыс қорыту зауытының металлургиялық цехында тиеуші, 1939 жылдың 10 қазанынан шарпу пешінде аға горновой. 1937 жылы жалған жаламен тергеуде болып, қылмыс жоғына байланысты 1939 жылы толық ақталған. Сауатты. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін», «Ерлік еңбегі үшін» (1949) медальдарымен марапатталған.
Қалдыбаев Әбдібек (1907, Ақмола обл., Атбасар уезі, Талап ауылы – 1964, Қарағанды обл., Жезді ауд., Қарсақбай кенті) еңбек жолын Қарсақбай мыс зауыты темір жолының станциясында паровоз машинисінің көмекшілігінен бастаған. Қызылорда қаласында кеңес-партия мектебін (1934), жартыжылдық заң мектебін (1940) бітірген. 1938 жылы Қарсақбай аудандық прокуратурасының халық тергеушісі. 1939 жылы Қарсақбай ауданынан бөлініп шыққан Ұлытау аудандық прокуроры болып тағайындалды. Жаңа ауданның қалыптасуына, азаматтардың құқығын қорғап, заңдылықты қамтамасыз ету жолында жемісті еңбек етті. Кейін еңбекшілер депутаттары Қарсақбай кенттік кеңесі атқару комитеті төрағасы болды. Мемлекеттік марапаттары бар.
Қалдыбаев Әбдібек
Қалдыбаева Алма (31.12.1940, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай кенті) 1959—1960 жылдары Қарсақбай металлургия зауытында отжағушы болып еңбек етті. 1963 жылы бөлшектегіш металлургия цехында, 1965 жылы ОТК бөлімінде салмақ өлшеуші болып істеді. 1975—1988 жылдары су құбырын хлорлау, тазарту бойынша 2-ші дәрежелі маман ретінде жұмыс атқарды. 1987 жылы 3 наурызда халық депутаттары кеңесімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 1993 жылы 22 ақпанда зейнетке шықты. 2017 жылы 20 қыркүйекте «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-дегі көп жылғы адал еңбегі үшін «Құрметті еңбек ардагері» атағын иеленді.
Қалмағанбетов Жәлел Шубайұлы (18.03.1934, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай кенті) Қарсақбай орта мектебін күміс медальмен тамамдайды. М.И.Калинин атындағы Москва алтын және түсті металдар институтын (1955), КПСС Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебін (1973) бітірген. 1955—1969 жылдары Қ.И.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының кеніштерінде кен шебері, телім, бөлім және карьер бастығы болып еңбек етті. Кәсіподақ және партия комитеттерінің жауапты қызметкері. Жаңадан құрылған Жезқазған облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы (1973), Жезқазған облпартком хатшысы (1975). 1977—1980 жылдары Қазақстан Компартиясының Орталық комимтетінің ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, 1980—1988 жылдары Қарағанды облпарткомның екінші хатшысы. Кейін Жезқазған облатком төрағасының орынбасары, зейнеткерлікке шыққанша облыс әкімінің орынбасары. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі рет депутат, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланған. КПСС XXVII съезінің делегаты. Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту (1971, 1977), «Құрмет Белгісі» (1966) ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Қалмағанбетов Жәлел
Қор-1, тізімдеме-14, іс бірлігі-21, 3-4-беттер.
Қалмағанбетов Садан (Сәдуақас) (1934, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Пионер (Майтөбе) ауылы – 1998, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кенті). Әкесі Баймағұз 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталып кеткен соң жастайынан ересектермен қатар ұжымшардың жұмысына араласады. ІІ дүниежүзілік соғысынан кейін №1 Қарсақбай орта мектебінде үзіліп қалған оқуын жалғастырды. 1959 жылы Қарағанды медициналық институтын тәмамдап, Қарсақбайдағы аудандық орталық ауруханада дәрігерлік еңбек жолын бастайды. 1964 жылы Жезқазғандағы №1 қалалық ауруханада оташы дәрігер, хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Өмірінің соңғы жылдарында Қарсақбай кентіне оралып, отбасылық-дәрігерлік амбулатория ұйымдастырды.
Зейпін Қазанбаева.
Қалмағанбетов Тайжан (1879—1937) – қазақ төкпе ақыны, әнші, композитор. Үкілі Ыбырайдың туған жиені. Сыбызғы мен сырнайды, қобыз бен домбыраны бірдей тартқан. Жастайынан Арқаның Ақан сері, Біржан, Шәрке сал, Сегіз сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай тәрізді әнші, ақындарының репертуарын игеріп, өзі де ән шығарып айтуға дағдыланған. 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысқа үн қосып, Аманкелді сарбаздарын жырлады. Қазан төңкерісінен кейін жаңа құрылысқа, Жезқазған, Қарағанды, Қарсақбай сияқты өндіріс ошақтарына өлең, жыр арнады. 1926 жылы Шеген, 1930—1936 жылдары Болман, Иманжан тәрізді арқаның белгілі ақындарымен айтысқа түскен. А.В.Затаевичке бірнеше ән жаздырған. 1934—1936 жылдары халық өнерпаздары республикалық слеттеріне, 1936 жылдары Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне қатысқан. Онкүндік кезінде Қазанға арналған толғау жырлары орыс тіліне аударылып, одақтық газеттерде жарияланды. «Ленин мавзолейіне», «Сүйікті Серго», «Тайжан әні», «Ыбырайға» деген ән-термелері күйтабаққа жазылды. Тайжанның көптеген әндері кезінде жазылып алынбаған. Кейбір шығармалары ақындардың жалпы жинақтарында, газет-журналдарда, «Қазақтың 1000 әні», «Пернедегі термелер» кітаптарында жарияланды. Арқа өңіріне белгілі өлкетанушы Сүтемген Бүкіровтің жинақтауымен Тайжанның «Ой ағысы» атты жинағы 1984 жылы жарық көрді. Жинаққа ақынның отыз өлеңі, үш қысқа айтысы енді.
Қалмағанбетов Тайжан
Қантарбаев Шоқай (1911, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы – 2000, Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы) – Қарсақбай мыс қорыту зауыты металлургиялық цехының буровшысы. Шала сауатты. Еңбек жолын Шымкенттегі қорғасын зауытында тиеуші болып бастаған. 1935 жылы мамырда Қарсақбай мыс балқыту зауытына жұмысқа ауысады. Бастапқыда горновой, 1940 жылы буровшы болған. Цехта жұмыс істеген жылдары өзін өнегелі жұмысшылардың бірі екенін көрсетті. Жұмыс тапсырмасын үнемі асыра орындап отырды. Қоғамдық жұмысқа белсене қатысты. Еңбек Қызыл Ту орденімен, «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Еңбекте үздік шыққаны үшін» (1949), «Ерлік еңбегі үшін» (1950) медальдарымен марапатталған.
Қантарбаев Шоқай
Қарсақбай – Ұлытау ауданындағы кенттік округ орталығы. Аудан орталығынан оңтүстікке қарай 110 км жерде, Қумола өзенінің бойында орналасқан. Кенттің негізі мыс қорыту зауытының салынуына байланысты қаланды. Мұнда зауыт құрылысшылары, металлургтері, энергетика, байланыс, медицина, халық-ағарту қызметкерлері тұрған. 1932 жылы 11 наурызда Қарсақбай елді мекені жұмысшы қалашығы мәртебесін алды. Отызыншы жылдары Қарсақбай өңіріміздің белгілі мәдени орталығына айналды. 1932 жылы қыркүйекте тау-кен және металлургия техникумы ашылды. Өнеркәсіп жастарының шәкірттік мектебі негізінде фабрика-завод оқуы ұйымдастырылып, онда мыс комбинатының зиялы тобы Қаныш Сәтбаев, Сергей (Үгедей) Бөкейханов, инженер Иван Стригин, Мұхтар Жанғалин, т.б. сабақ жүргізді. Осында Үлкен Жезқазған, Балқаш, «Казполиметалл» өндірістік бірлестігі үшін жоғары білікті маман жұмысшылар дайындады. 1939 жылы Қарсақбайдың тұрғындарының саны 19 мың болды. 1962 жылы Жезқазған, Ұлытау аудандары таратылып, селолық Жезді ауданы құрылды. Аудан орталығы Қарсақбайдан Жездіге көшті. Қарсақбай кентінің тұрғындар саны 1,7 мың адам (2015). 6 көше бар – Р. Байтасов, Болман ақын, И.В.Деев, Жосалы, Қ. Мәткенов, Қ.И.Сәтбаев атындағы көшелер. 2010 жылы 1931—1933 жылдары күштеп ұжымдастыруға қарсы көтеріліс құрбандарына арналған ескерткіш орнатылды. Кентте «Қазақмыс» корпорациясының Қарсақбай металлургиялық зауыты, Агротехникалық колледж, Жамбыл Жабаев атындағы №15 жалпы білім беру мектеп, емхана, «Балдәурен» балабақшасы, №58 өрт сөндіру бөлімі, академик Қ.И.Сәтбаев мұражай-үйі, кітапхана, Қазақ поштасының бөлімі, Қазақтелеком АҚ-ның бөлімі, монша, мешіт, жеке сауда орындары, полиция бөлімі, жазғы саябақ, шлакты қайта өндеу өндірісі бар. Жезқазған-Бейнеу темір жол станцияларының бірі осында орналасқан.
Правообладателям!
Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.Читателям!
Оплатили, но не знаете что делать дальше?