Электронная библиотека » Сағындық Қожамсейітов » » онлайн чтение - страница 8


  • Текст добавлен: 30 октября 2023, 14:22


Автор книги: Сағындық Қожамсейітов


Жанр: Документальная литература, Публицистика


Возрастные ограничения: +18

сообщить о неприемлемом содержимом

Текущая страница: 8 (всего у книги 23 страниц) [доступный отрывок для чтения: 8 страниц]

Шрифт:
- 100% +

78. Нұрымжанов Әбділда – шлак тасушы

79. Көшербаев Әбілқасым – шлак тасушы

80. Жапаров Баймағанбет – кішi дабылшы

81. Әшірбеков Асан – шлак тасушы

82. Жақсыбаев Батыр – шлак тасушы

83. Құстыбаев Әнібек – медолом

84. Сақауов Жүніс – концентрат беруші

85. Жұртаханов Қаражігіт – шлак тасушы

86. Үсенов Сейтжан – концентрат бepyшi

87. Жауғашев Әлиакпар – подкачик ПУО

88. Сегізбаев Омар – тиеуші

89. Смайылов Дәулет – шихта жинақтаушы

90. Жанғозинов Жұмабек – тиеуші

91. Мәмбетов Байқас – аспалы кран машинисінің шәкірті

92. Байжолов Қырғызбай – мыс тасушы

93. Мыңжасақов Бәйтен – мыс тасушы

94. Мыстанов Бөкіш – машинист

95. Рыбалко Михаил – машинист

96. Қондыбаев Қабыл – машинист кемекшісі

97. Досов Оспан – машинист

98. Дяченко Иван – машинист көмекшici

99. Баймағанбетов Балабай – машинист

100. Рыбалко Семен – машинист

101. Торғаев Жүніс – медолом

102. Рахаев Құрманкұл – майлаушы

103. Есенғабұлов Әбдусейіл – майлаушы

104. Смайылов Дүйсембек – шәкірт

105. Маханов Бекмағанбет – шәкірт

106. Нұрханов Мұқан – шлак тасушы

107. Сейтқазинов Төлен – тиеуші

108. Байтұрсынов У. – шихта жинақтаушы

109. Фомин Иван – цех бастығы

110. Лобачев Дмитрий – цех бастығы көмекшici

111. Сапожник Кранит – ауысым технигі

112. Голант Абрам – инженер

113. Белов Александр – инженер

114. Юмашев Павел Яковлевич – ауысым технигі

115. Кузнецов Матвей – конвертор шебepi

116. Гетман Емельян – конвертор шебepi

117. Гричушников Трофим – конвертор шебepi

118. Сальников Иван – конвертор шебepi

119. Солодкин Николай – пеш шебepi

120. Бакланов Степан – пеш шебepi

121. Тутков Григорий – пеш шебepi

122. Ребров Иван – пеш шебepi

123. Ловлчик Матвей – ПУО шебepi

124. Байзақов – тиеуші.


Металлургия цехының үздік металлургтері


Қарсақбай кәсіптік-техникалық білім беру оқу орындары. Қарқынды салына бастаған Қарсақбай комбинатының сұранысы 1926 жылы көктемде 3000 жұмысшыны, оның ішінде 1000—1500 толық және жартылай дәрежелі мамандарын құрады. Кадр тапшылығы құрылыстың бірінші күнінен-ақ сезілді. Себебі сырттан тартылған жұмыс күші түрлі қиындықтарға шыдамай, мамандардың келіп-кетуі көп болды. Ал жергілікті қазақтар техникалық мамандық түгілі орыс тілінен сауаттылығы өте төмен болған. Сондықтан комбинат басшылығына жұмысшылар қатарын қазақтандырудан басқа амал қалмады.

Қажетті мамандықтарды игеру мақсатында Қарсақбайда фабрика-зауыт оқуы ұйымдастырылды. Тек 1929—30 жылдары жұмысшы күшін дайындау жоспарына сәйкес төмендегі нәтижелер болды: 1929 жылы күзде дайындық тобына келген 40 адамның 38-і жалпы топтарға жіберілді. Оның екеуі техникумдерге шақырылды. Бригадалық оқу шәкірттерінің құрамы көбейтілді. Оқу забойларда 22 адам мамандық алды.

1930 жылдың шілде айында Қарсақбай комбинатының тау-кен өнеркәсіп шәкірттігі дайындық тобын 148 оқушы бітірді. Оның 111 қазақ, 20 қыз бала болды және 56 оқушы стипендия алып отырды. Бригадалық оқу жүйесімен 15 ағаш шебері, 16 темірші қамтылды, олардың 14 қазақ жігіті еді. Жеке тәжірибелі жұмысшылардан тәлім алған 10 токарь (1 қыз), 26 слесарь (11 қазақ), 6 электрдәнекерлеуші (2 қазақ, 1 қыз), 7 лаборант (3 қыз), бірден өндіріске тартылды.

1930 жылы 1 қантарда 3-і дайындау тобы ашылды. Жалпы жоғарыда аталған кезеңде ФЗУ-да 58 оқушы оқыды. Оның 47-і ер бала болса, 11-і қыз, 44-і қазақ, 14-і орыс.

1930—31 оқу жылдары өндірістік жұмыс күшін дайындау Қарсақбай ФЗУ-ң күшімен тез арада қолға алынып, кейбір қиындықтарға қарамастан қысқа мерзімде мамандырылған жұмысшыларды шығара бастады. 1935 жылы бұл мәселе толығымен шешіліп, комбинаттағы қазақ жұмысшыларының саны 70%-тен асты.


Қарсақбай ФЗУ-ның 1929—1930 оқу жылының оқушылары


1931—32 оқу жылы қосымша курстар еңгізілді. Оның ішінде металлургиялық зауыттың шеберлер мен жұмысшылардың кәсіби деңгейін жоғарлату курсы, байыту фабрикасының шеберлері мен жұмысшылардың кәсіби деңгейін жоғарлату курсы, булы машиналардың кочегарларының білімін жоғарлату курсы, тау-кен және құрылыс ондықтарын дайындау курсы. Сонымен қатар жергілікті қазақтардан слесарь, электржөндеуші, жонушы, темірші, есепші мамандықтары мен ағылшын тілін үйрену курстары және сырттан оқитындардың үйірмелері ашылды.

1931 жылдың қазан айынан бастап 1932 жылдың сәуір айына дейін Қарсақбай мектебінің оқушылар саны 2 есеге өсіп, 459 балаға дейін жетті.

1932 жылы ФЗУ қабырғасынан 25 слесарь, 7 электрик, 9 токарь, 30 горновой, 21 коллектор және 33 стропальщик оқып шықты. Сол жылы 30 байытушы, 70 бұрғылаушы, 30 машинистер, 135 кең қазушы, 30 бұрғылау шебері, 30 металлург жаңадан оқуға қабылданды.

1930 жылы мамандық тапшылығын жою мақсатында Қарсақбайда 100 орындық тау-кен техникумын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Қарсақбайдың 7-жылдық және қазақ мектептерінің түлектері өндіріс ошақтарының қақ ортасында орын алған жаңа техникумде 1932 жылдан бастап дуалды түрде кәсіби мамандық алуға қол жеткізді.

1940 жылы қазан айында Қарсақбай зауытының негізінде №22 ФЗО мектебі ашылды. Мектептің оқушылар контингенті 100 адамды құрады, оның ішінде келесі мамандықтар дайындалды: слесарь-40 адам, балқытушының көмекшісі-30 адам, флотатор көмкешісі-30 адам. Мектеп қарамағында 100 орындық жатақхана болды.

1943 жылдың қараша айына дейін мектеп екі есеге кеңейді. Оқушылар саны 250 адамға жетті, екі жатақхана іске қосылды. Шеберханалар бөлек ғимаратқа орналастырылып, көлемі кеңейтілді, кітапхана ашылды. Сол жылы екі жатақханада 180 адам тұрды.

Зауыттың көмегімен ФЗО мектебі жөндеу жұмыстарымен, оқулықтармен, құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіліп отырды. ФЗО басшылығы мектеп бітіріп зауытқа орналасқан түлектерінің жағдайын үнемі назарда ұстады.

Қарсақбай кәсіптік білім беру оқу орындары өндірістік кәсіпорындарын мамандармен қамтамасыз етіп, Үлкен Жезқазғанның білікті жұмысшылар тобын жасақтауда және Қазақ Кеңес республикасын индустрияландыруда зор нәтижеге ие болды.

Дереккөз: Жезқазған қалалық МА қоры. М. Бақытұлы


Қарсақбай кенттік әкімдігі республикамыздың Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының әкімшілік аумағында орналасқан. Аумағы Жезді, Ақтас, кенттері мен Жанкелді, Мыйбұлақ ауылдық аймақ жерлерімен шекараласады. Әкімдіктің орталығы 1911 жылы мыс қорыту зауытының негізінде қаланған Қарсақбай кенті. Әкімдіктің жалпы аумағы 618705 га, оның ішінде кенттің аумағы 2380 га, бау-бақша 25 га, шабындық 4505 га, ал жайылым 611820 га жерді алып жатыр. Климаты шұғылконтиненталды. Орта Азия шөлдерінен кедергісіз үрлеген ыстық жел мен Арктикадан басатын суық және ылғалға кедей антициклонның кесірінен ауа өте құрғақ және сол себепті су тапшылығы қатты байқалады. Қыс айлары аязды. Боран салдарынан қыраттар арасына қар жиналып, көктемде тау өзендерінің су тасқыны 5—7 күнге созылады. Әкімдіктің онтүстігіне қарай қар жиналуы азаяды. Жазы ыстық, жауын-шашын өте сирек. Қыс қарашаның үшінші он күндігінде басталып, наурыздың ортасында бітеді. Жаз 4—5 айға созылады. Жер сәуірдің аяғында көктеп, мамыр мен маусым айларында құлпырады да, шілдеде сарғайып, тамызда күйіп кетеді. Ұлытаудың арғы қанатымен салыстырғанда Қарсақбайда күн радиациясы жоғарырақ келеді де ылғалдық тапшылығын жоғарлатады. Ортажылдық ауа температурасы 5—70 С. Ең суық айыдың орта температурасы -13-15С, ал шілде айында +250 С. Қатты жел оңтүстік-батыстан жиі соғады, соның салдарынан қыста боран күшейіп, жазда шаңды дауыл тұрады. Жылдық жауын-шашынның орташа қалыңдығы 150 мм және оның жазғы мөлшері булану процесіне және өсімдіктердің сулануына жұмсалады.


Бүгінгі Қарсақбай


2009 жылы жүргізілген санақ бойынша Қарсақбай кентінде 1668 адам (889 еркек және 779 әйел) тіркелген.

Әкімдіктің басты экономикалық негізі – Қарсақбай металлургиялық зауыты. «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің тапсырысы бойынша зауыт шойыннан қажетті қосалқы бөлшектерді құйып шығарады. Төңіректе 34 ауылшаруашылық қожалығы бар.

2014 жылдан бастап Қарсақбай темір жол станциясы жаңадан іске қосылған Жезқазған-Бейнеу магистралінің бір нүктесі ретінде жұмыс істей бастады.

Білім беру жүйесіне «Балдәурен» балабақшасы, Жамбыл Жабаев атындағы №15 орта мектеп, агротехникалық колледж кіреді. Қарсақбайдағы отбасылық дәрігерлік емхана жергілікті тұрғындармен қоса Пионер, Байқоңыр және Қарақұм ауылдарына медициналық қызмет көрсетеді. Мәдениет сарайы, пошта, қоғамдық монша және мешіт бар. 1920-жылдары салынған Зубтың саябағы мен Қумола тоғаны, ІІ дүниежүзілік соғыс жауыңгерлеріне арнап салыңған парк Қарсақбайдың сәнін келтіреді.


Қарсақбай кентіндегі әуесқой драма театры 1929 жылы күзде шымылдығын көтерді. Оның жаны есеп қызметкерлері ерлі-зайыпты Дмитрий Михайлович және Виктория Ивановна Полшковтар болды. Әуесқой артистер жұмысшылар, мұғалімдер, қызметшілер күн-түн демей, өздерінің бос уақыттарын ойын-сауық әзірлеу ісіне жұмсады. Бірінші рет А.П.Чеховтың пьесасын сахналады. В. Шекспирді, кеңес драматургтерінің шығармаларын қойды. Бұл театр өңірде өмір сүре бастаған үлкен мәдениеттің алғашқы ошағы болды, бірте-бірте осында көркем өнерпаздар үйірмелері ауылдарда («Бірлік» ұжымшары) көптеп бой көтерді.


ФЗУ драматургиялық үйірімінің мүшелері


Қарсақбай кентіндегі мешіттің салтанатты ашылуы 2008 жылы 31 қазанда өтті. Қазан төңкерісінен кейін мұсылмандар Аллаһ үйінен айырылып қалған еді. Мешітті салуға демеуші болған өнерімен әлемге танылған жерлесіміз Қыдырәлі Болманов. Қолға алған сауапты істі қарсақбайлықтар қолдап, қолдан келген көмегін жасады. Металлургиялық зауыт, кәсіптік мектеп, басқа да ұжымдар сеңбілікке, жексенбілікке шығып, құрылыста жұмыс істеді. Бірқатар игі жақсылар мешітті орталық жылу жүйесіне қосуды, аумағын көріктендіруді, байланыс, тоқ, су жеткізіп беруді ұйымдастырды. Күмбезді мешіттің биік мұрасы соғылған, ішкі аумағы кең, еденіне кілем төселген, ішіне жүз қаралы адам сияды. Мешіттің бас имамы Өмірзақ Бозаев.


Қарсақбай кентіндегі мешіт


Қарсақбай қыраты – Ұлытау-Кішітау тау сілемдерінің жалғасы. Екеуінің арасын Бұланты – Білеуті өзен аңғары бөліп тұр. Қыраттың орташа биіктігі – 500—600 метр, шыңдарының ішіндегі ең биігі – Қарамола тауы (644 метр). Қырат батыс, шығыс, оңтүстік бағыттарда созыла келе бірте-бірте аласарып, жазық далаға ұласады. Оның Торғай қолатына қосылатын батыс беті өзен аңғарларымен көп тілімделген. Осы өңір аудан жеріндегі өзендер жүйесі айтарлықтай дамыған аймақ болып табылады.


Қарсақбай мыс балқыту зауытының реконструкциялау және кеңейту 1929 жылы басталды. Оның бірнеше себептері болған еді. БК (б) П Орталық Комитеті 1929 жылғы 29 шідедегі шешімімен Қазақстанға 1934 жылы Одақтың мысқа деген сұранысының 25 пайызын қанағаттандыру міндетін қойған еді. Жылдар өте мұның жеткіліксіздігі анықталды. Сондықтан да Қазақстандағы бірден-бір мыс зауытына өндірістік мүмкіндігін 1931 жылға дейін үш есе арттыру жөнінде шұғыл тапсырма берді. Екіншіден, пайдаланылатын кендегі металдың үлесінің 1,5—2 пайызға дейін төмендеуі байыту фабрикасының қуатын 2—2,5 есе арттыруды талап етті. Оның ізімен металлургия, тау-кен, көмір өндірісі, транспорт, энергетика салаларындағы берекесіздік аяққа тұсау болатындығы байқалды. Қарсақбай зауыты 1928—29 жылдары 2223 тонна қара мыс берсе, енді 1929—30 жылдары 5000 тонна, 1930—31 жылдары – 5600 тонна, жалпы бірінші бесжылдықта 29029 тонна мыс өндіру жоспарланды. Мұнымен қатар жаңадан қосылған кәсіпорынның жобалық қуатын игеру үлкен кедергілермен жүрді.



Комбинаттың инженер-техниктері, мыс өндірісімен ертеден таныс байырғы жұмысшылар құрал-жабдықтарды, технологияны жетілдіру жөнінде ұсыныс бере бастады. Байыту фабрикасының меңгерушісі И.А.Стригиннің ұсынысымен кен көп өңдеу үшін фабрикада жаңа секция салынды, үшінші «Марси» диірмені орнатылды, ескі флотомашиналар жаңа флотомашиналармен ауыстырылды. Кентасты уақтау бөлімі жаңғыртылды. Цехтың жыл бойына 330 күн жұмыс істеу жағы қарастырылды. Нәтижесінде байыту фабрикасының кен өңдеу қуаты 250 тонна орнына 550 тоннаға жетті. Екінші мысал, Қарсақбай шарпу пешінің ұзындығы 5 метрге созылып, еңсесін 65 сантиметр биіктету кейін жұмыс үстінде ол мыс өндірісінің әлемдік практикасы және соңғы ғылым жетістіктерінің негізінде салынған өз заманындағы жоғары өнімді үздік технологиялық агрегат екенін көрсетті. Зауыт алғашқы айларда электр қуаты сұранысын өзінің дизель, газомазут шығаратын қондырғылар күшімен шешті. Жалпы алғанда, Қарсақбай комбинатын реконструкциялауға мемлекет 1933 жылғы 1 қаңтарына дейін 12 млн рубльге жуық қаржы бөлсе, 1933 жылы 23,4 млн рубль, ал 1935 жылы 31,3 млн рубль қаржы бөлді.

КСРО Халық комиссарлары кеңесі мен БК (б) П орталық комитеті 1938 жылғы 11 ақпанда Қарсақбай мыс комбинатын жаңа қалпына келтіру және өндірістік қуатын кеңейту туралы арнайы қаулы қабылдады. Онда іске асырылатын ірі өндірістік-техникалық шаралар, олардың көлемі мен мерзімі нақты белгіленді. Белгіленген шараларды іске асыру зауыттың өндірістік қуатын екі есе арттыруға мүмкіндік беретін еді. Ұлы Отан соғысына дейін тек Қумола бөгенінің құрылысы, №2 шарпу пешін жаңа қалпына келтіру толық аяқталды.


Қарсақбай мыс қорыту зауыты – Кеңестік Шығыста іске қосылған бірінші металлургиялық кәсіпорын. Зауыт 1928 жылы 19 қазанда тұңғыш қара мыстың балқымасын берді. Кеңестер Одағының металлургия өнеркәсібіндегі алғашқы шихта дайындайтын цех, мұнымен қатар көмір тозаң фабрикасы, шарпу пеші, металлургиялық пештің толық кешені қысқа мерзімде салынды. Ауа айдайтын қондырғы, конверторлар, басқа да технологиялық жабдықтар құрастырылып, тұғырларына орнатылды. Зауыттың іске қосылуына орай «Атбасцветмет» тресі басқармасының төрағасы К.И.Бронзос зауыттың ерекше маңызы елімізде кеннен өндірілетін мыстың 25 пайызға жуығын өндіретінінде деп жазды. 1929 жылы мамырда Кеңес Одағының тарихында тұңғыш флотациялық-байыту фабрикасы іске қосылды. Оған дейін зауыт құрамында 10—13 пайыз металл бар кенді пайдаланды. Енді жаңа фабрика зауытқа бойына 40 пайыз металл жиған мыс концентратын жіберіп тұрды.


Қарсақбай мыс қорыту зауыты


Зауыт жұмыс істей бастағаннан зауыт пен фабриканың, кеніштердің өндіріс қуаттарының біріне-бірі сәйкес келмейтіні анықталды. Одақтық мемлекеттік органдар Қарсақбай комбинатын қайта құру, өндіріс қуаттарын ұлғайту және кәсіпорынның кейбір объектілерінің құрылысын аяқтау туралы қаулы қабылдады. Түпкі мақсат ретінде бұрынғы жобаланған 5000 тонна орнына мыс балқытуды екі есе көбейтіп, он мың тоннаға жеткізу ұйғарылды.

Москва түсті металдар және алтын институтының соңғы курсында оқып жүргенде арнаулы жолдамамен байыту фабрикасына меңгеруші болып келген И.А.Стригиннің ұсынысымен байыту фабрикасына жаңа секция қосылды. Жас инженер Михаил Мухачевтің (Қ. Сәтбаев М. И.Мұқашов деп жазды) шарпу пешінің өндірістік қуатын арттырудың бірден-бір төте жолы пештің ұзындығын 5 метрге созып, еңсесін 65 сантиметрге көтеруді ұсынды. Бұл кезде практиктер пештің биіктігін төмендету жағында еді. Ұсыныс қабылданып, іске асты. Жұмыс үстінде ол мыс өндірісінің әлемдік практикасы мен ғылымның соңғы жетістіктері негізінде салынған өз заманындағы үздік технологиялық агрегат екенін танытты. 1940 жылы табанының көлемі 214 ш.м. екінші шарпу пеші салынып, іске қосылды. Зауыттың өндірістік қуаты 1941 жылы 7828 т, 1951 жылы 10207,2 т, 1955 жылы 20963,7 т, 1972 жылы – 36414,25 т болды.

Қарсақбай мыс зауыты Үлкен Жезқазғанын ғылыми-зерттеу және сынақ полигоны болды. Оның байыту фабрикасында Кеңес Одағында тұңғыш рет профессор Мостовичтің тотыққан мыс кенін өңдеудің прогрессивтік әдісін ойдағыдай игерді. Тотыққан және аралас мыс кен тастарын өңдеудің тәжірибеде өзінің артықшылығын көрсеткен жүйесі Жезқазғандағы №2 байыту фабрикасының бірінші секциясын жобалағанда өндіріске енгізілді. 1956—1957 жылдары конвертор газының тозаңынан рений және басқа да бағалы, сирек металдарды айырып алу технологиясы жұмыс істей бастады. 1957 ж. 24644 т қара мыс, оның ішінде 23,17 т күміс шығарылды.

Қарсақбай мыс зауыты 1975 жылғы 1 шілдеге дейін жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде 1 млн тоннаға жуық мыс берді. Зауыттың артында тау болып үйілген 2 млн тонна шлак қалды.

Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатын 1925—1938 жылдар аралығында мынандай өндіріс ұйымдастырушылары, білікті инженерлер басқарды: Иван Васильевич Деев (1925 жыл, шілде – 1926 жыл, желтоқсан), Рудольф Анисович Дрейман (1926 жыл, желтоқсан – 1929 жыл, тамыз), Иван Никитич Филипенко (1929 жыл, тамыз – 1930 жыл, қаңтар), Тимофей Рыжов (1930 жыл, сәуір – 1931 жыл, шілде), Василий Иванович Иванов (1931 жыл, қазан – 1935 жыл, шілде), Виталий Степанович Гулин (1935 жыл, шілде – 1938 жыл, қазан). Қарсақбай мемлекеттік мыс қорыту зауытының директорлары – Марк Евсеевич Богатырев (1938 жыл, қараша – 1940 жыл, қаңтар), Николай Дмитриевич Ефанов (1940 жыл, қаңтар – 1941 жыл, шілде), Василий Петрович Шиленков (1941 жыл, шілде – 1942 жыл, қазан), И.С.Шитиков (1942 жыл, қазан – 1943 жыл, қаңтар), Леонид Михайлович Леонов (1943 жыл, қаңтар – 1947 жыл, шілде), Иван Григорьевич Багреев (1947 жыл, тамыз – 1955 жыл, маусым), Ювеналий Прокопьевич Купряков (1955 жыл, маусым – 1960 жыл, шілде), Қуанышбек Бексұлтанов (1960 жыл, тамыз – 1963 жыл, қараша), Төлеген Мұсаұлы Абдрахманов (1963 жыл, желтоқсан – 1973 жыл, наурыз), Қадер Мәткенов (1973 жыл, наурыз – 1975 жыл, шілде).


Қарсақбай мыс қорыту зауытында алғашқы қара мыс 1928 жылы 19 қазанда алынған. Бұл кеңес елін социализмге бір қадам жақындатқан тарихи оқиға еді. Зауыт құрылысы қарқынды жүріп, небәрі екі жарым жылда аяқталса, ал оған қажетті маман жұмысшылар дайындау артта қалып қойды. Сондықтан да сырттан шақырылып алынған білікті мамандар бірінші мыс балқымасын алу құрметіне ие болды. Мыс балқыту процесін кен тиеп, қара мыс алғанға дейінгі жұмыс тізбесіне Москваның жоғары техникалық училищесінің түлегі цех бастығы Н.А.Бахарев тікелей басшылық етті. Шарпу пешінен штейн алуды Оралдан шақырылған Поздняков, №1 конверторда мыс балқытуды Спасскіден келген шебер Павел Яковлевич Юмашев мінсіз іске асырды.


Қарсақбай мыс қорыту зауытында құйылған қара мыс


Бірінші мыс балқымасын алуға жергілікті жас жұмысшылар Өсербей Үдербаев, Дмитрий Мамонтов, Тихон Казазаев қатысты. Горновой, фурмашылар орындарында тұрып, өздеріне жүктелген міндетті көңілдегідей орындады.

1928 жылы 1—5 қараша күндері Қызылорда округінің бірінші партия конференциясы өтті. Оған Қарсақбай мыс комбинатының жұмысшысы делегат Шишкин өңделген Қарсақбай мысын сыйлыққа тартты.


Қарсақбай металлургия зауыты Қазақ КСР Түсті металлургия министрлігінің шешімімен жұмысын тоқтатқан мыс қорыту зауытының негізінде 1975 жылы шаңырақ көтерді. Оның құрамында құю-механикалық телімі, тәжірибелік сынақ бөлімшесі болды.


Қарсақбай металлургия зауыты


Жаңа эксперименталдық өндірістің құрылысына 16 млн рубль, ғылыми-зерттеу шараларына 600 мың рубль бөлу жоспарланған. 1984 жылдың 20 қарашасында жаңа өндірістің бірінші кезегі пайдалануға берілді. Кәсіпорын жыл сайын 4,5 мың тонна шлакты өңдеп, 2 мың тоннадай өнім өндіретіндей қуатқа ие болды. Өңірге аса қажет жоғары сапалы шлак мақтасы, сүттей мырыш сырының тәжірибелік үлгісі алынды. Одан әрі жылына 30 мың тонна шлак өңдейтін өндірістің екінші кезегінің құрылысы «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан қаржы бөлінбегендіктен тоқтады.

Құю-механикалық телімі жаңғырту жұмыстарынан кейін шойын қорытып, оны өңдеуді техникалық талапқа сай игеріп отыр. Кен-металлургия өндірісінің техника, құрал-жабдықтарына қажетті 200-ден астам қосалқы бөлшектерге шойын құймалар шығарады. Оның өнімдеріне корпорацияның тау-кен, металлургия, металл өңдеу кәсіпорындарынан, Шымкент қорғасын зауытынан, Қарағайлы, Қайрақты комбинаттарынан сұраныс болды. Сонымен бірге мұнда қабырғалық құрылыс материалдарын шығару жолға қойылған. Орта және кіші кәсіпкерлік қанат жайып келеді. Мұның өзі кенттің маман металлургтерін, инженер-техниктерді, қыз-жігіттерді жұмыспен қамтуға қолайлы жағдай туғызды.


Қарсақбай су ресурстары. Қарсақбай айналасында жер бетінде кең таралған су көзі Қумола, Бала Жезді және Білеуті өзендерімен толығады. Өндірістік және ауыз су мақсаттағы су жиналымды Қумола бөгені қамтамасыз етеді. Қарсақбай тұрғындарын мыс қорыту зауыты істеп тұрған жылдары ауыз сумен Шотыбас жер асты суының Қумола телімі қамтамасыз етті. (Толығырақ «Шотыбас жер асты суы» мақаласын қараңыз). Сондай-ақ жер асты сулары жарықшақтық метаморфтық протерозой жыныстарында жиналады. Қарсақбай көтерілімінде хлоритты және слюда сланцы, қышқыл құрамды порфиритоидтер, кварциттер мен мраморлар кең тараған. Осы жыныстардың сулылығы қатты метаморфты болғандықтан кеуектілігінен айырылған және гравитациялық суды ұстап тұру қабілеті жоғалған. Сонымен бірге, сулылықты сақтап қалу тек олардың желдетіп шығару аймағындағы жарықшақтығынан тәуелді. Метаморфтық сланцтардағы жарықтардың қуаттылығы орташа көлемде 10—15 м, порфироиттарда – 20—25 м, кварцит пен мраморда – 5—10 м, ал омырылу зоналарында 50 метрден жоғары болады.

Жер асты сулардың жатқан тереңдігі 50 м дейін жетеді, ал қырлардың аяқ жақтарында 10—15 м. Су үсті көбіне тынық. Қысымы жоғары жер асты сулары сирек кездеседі. Судың жылжуы солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған. Жер қыртысының бөлшектелуінің арқасында жер асты суларының дренаждығы күшейіп, ұсақ қыр-жоталардың бауырында бұлақтар көп кездеседі. Бұлақтардың шығымы өте әлсіз (0,02—0,2 л/сек). Породаның су сүзу коэфициенті тәулігіне 1 метрдің ондық және жүздік үлесін ғана құрайды. Жер асты ағымнан жылдамдығы оңтүстікке қарай бәсендей береді. Судың тұщылығы солтүстікте басталып, минералдылығы онтүстікке қарай көбейеді де, Білеутінің маңайында 1,5—2 г/л дейін жетеді.

Дереккөз: Гидрогеология СССР. Том ХХХІV. (Карагандинская область). «Недра», Москва. 1970. М. Бақытұлы


Қарсақбай темір жол станциясы Жезқазған – Сексеул – Бейнеу трансконтиненталды темір жол магистралінің бойында, Қарсақбай кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 4 км жерде орналасқан. Станция ең алғаш 2012 жылдан бастап «Жол жөндеуші» ЖШС-нің күшімен салынып, 2014 жылы тапсырыс иесі «Қазақстан темір жол» ҰК» АҚ-на өткізілген. Қарсақбайдың тумасы Баяхмет Жалғас басқарып отырған станцияда 40 адам еңбек етеді, оның ішінде қарсақбайлық жұмыскерлер саны 30 адамды құрайды. Станция жұмыс жасауға толық заманауи жағдайымен қамтамасыз етілген. Составтардың қозғалысын қадағалау жұмыстары толық автоматтандырылған және электронды түрде орталықтандырылған байланыс арқылы басқарылады. Станция күніне 7—8 жүк пойызын өткізеді, сонымен қатар Қызылорда – Жезқазған бағыттындағы жолаушылар пойызы бар. Станцияны улкейту, пойыздар санын көбейту, жүк-қоймаларын салу, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компания басшылығының басты назарында.


Қарсақбай темір жол станциясы


М. Бақытұлы


Қарсақбай темір жолы – Қарсақбай мыс қорыту зауытын Жезқазған мыс кен орыны мен Байқоңыр қоңыр көмір ошағымен байланыстыру үшін салынған тар табанды темір жол. Құрылысты 1913 жылы ағылшын инвесторлары жер қазу жұмыстарымен бастаған. Бірақ, оларға екі саяси жағдай кедергі келтірді. І дүниежүзілік соғыс басталып, соғысқа маман орыс жұмыскерлері шақырылды. Екі жылдан кейін қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталып, күллі қазақ жұмысшылары саймандарын арқалап істеп жүрген жұмыстарын тастап кетті. Тура сондай жағдай зауыт құрылысында, оның ішінде Қарсақбай темір жолын салуға арналған рельстерді, қажетті құрал-жабдықтарды әкеліп жатқан алып-салмалы темір жол керуенінде де орын алды. Қазан төңкерісінен кейін темір жол құрылысы біржола тоқтады. Қарсақбайға 1917 жылы қазанда жеткізілген рельстерді ағылшындар төсеп үлгермеген. Кеңес үкіметі шетелдіктерді Ұлытау даласынан қуып, күллі өндірістік меншігін тәркілеп ұлттандырып алды. Ағылшындардың үлгергені тек станция үйлерін тұрғызғаны еді. Қарсақбай ревкомы 1918—1925 жылдары рельстерді күзетіп, сақтап қалған. 1925 жылдан бастап Қарсақбай комбинатының құрылысымен қоса темір жол салу жұмыстары қайтадан жанданды. 1927 жылы депо жөндеу жұмыстарынан өткізіліп, Қарсақбай тар табанды темір жолы өз жұмысын бастады. Темір жол екі телімнен құралды: 60 шақырымнан тұратын Қарсақбай – Байқоңыр және 58,5 шақырымға созылған Қарсақбай – Жезқазған темір жолдары. Жезқазғаннан мыс кентасы, ал Байқоңырдан қоңыр көмір тасылды. 1939 жылы Жезқазған – Жарық темір жолы салынып бітісімен, Қарсақбай темір жолымен Жезқазғанға қорытылған қара мыс тасылды. Жезқазған мыс зауыты толық іске қосылғаны себептен 1971 жылы 1 шілдеде Қарсақбай зауыты жабылысымен тар табанды темір жол өз жұмысын тоқтатты.


Қарсақбай темір жолы депосының жөндеу шеберханасы


Дереккөз: Жезқазған қалалық МА қоры. М. Бақытұлы


Қарсақбай темір кендері тобы – Қарсақбай – Ұлытау синклиналдық ойпатының батыс бөлігіндегі темір кентасты аймақта орналасқан. Бойлық бағытта 200 км-ге дейін созылған және батысқа қарай 60—70° бұрышқа көлбеулене жатыр. Осы құрылымда аса күшті, күрделі қатпарлықтар пайда болған. Негізінен кварциттерден, жасыл түсті туфтекті, кварц-серицитті және кварцхлоритсерицитті тақтатастардан тұрады. Темір кентастары Қарсақбай шоғырының темірлі кварциттерінде шоғырланған. Қарсақбай темір кендері тобындағы 7 кеннің ішіндегі бастылары – Балбырауын темір кені мен Керегетас кені. 100 млн. т-дан астам Балбырауын кенінде 7 кентас танабы (жалпы ұзындығы 5 км, ені 300 м-ге дейін), қоры 500 млн. т-дан астам Керегетас кенінде 5 кентас танабы (ұзындығы 200 м-дей, қалыңдығы 200 м-ге дейін) бар екені анықталды. Мұндағы кентас минералдары – гематит, мартит, магнетит. Бейкентас минералдары – кварц, серицит, хлориттер, кальцит, гипс. Минералдық құрамына қарай Қарсақбай темір кендері тобының кентасы кварцты-гематитті (басқалардан басымы), кварцты гематитті-мартитті, мартитті болып келеді. Кентастағы темірдің орташа мөлшері 34—37%. Қоспалары: кремний тотығы (21—46%); күкірт (0,05—1,5%); фосфор (0,1—0,3%). Кентасты байытудан алынған концентраттардағы темір мөлшері 54—60%.


Қарсақбай электр орталығы Қарсақбай комбинатының өндірістік нысандарын электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында салында. Станцияға қажетті құрал-жабдықтар Жосалы темір жол станциясынан комбинаттың құрылысы басталған бірінші күндерінен-ақ жедел жеткізілді. Орталық электр станция 1926 жылы салынып бітті. Тұрғын үйлерге электр жарығы берілді. ОЭС-мен қатар Қарсақбай-Жезқазған өндіріс объектілерін Жезқазған дизельді электр станциясы электр қуатпен қамтамасыз етіп отырды. 1943 жылдан бастап Қарсақбай ЭС электр қуаты Кеңгірдің бойында басталып кеткен үлкен құрылысқа және Жезқазғандағы І дәрежелі шахталарының тұтынушыларына беріліп отырды. Тек 1956 жылы сұранысы азайғандықтан Қарсақбай ОЭС консервацияланды.

Дереккөз: Жезқазған қалалық МА қоры. М. Бақытұлы


Қарсақбай электр орталығының бастығы – Шпак


Қарсақбай ІІ-дүниежүзілік соғысы жылдары. 1941 жылы 22 маусымда Германия фашизмі сұрқиялықпен, алдын ала соғыс жарияламастан, тұтқиылдан Кеңес Одағына кең көлемде шабуыл бастады. Кенеттігі сондай, кеңес әскерлерінің қуатты күштері басын қосып жинақталып, қарсы айқасқа шыққанда жау Украинаның, Белоруссияның, кеңестік Балтық елдері аумағының біраз өңірін басып алды. Бірінші күннен басқыншылардың КСРО-ны әлемдік картадан құртып, халықтарын құл етуді көздеген мысық тілеуі жыртқыштық саясаты әшкере болды.

Бүкіл Кеңес елімен қатар қарсақбайлықтар да жұдырықтай тастүйін болып, қаһарына мініп, жауға қарсы көтерілді.

«Фашист басқыншыларының кеңірдегіне от шашқан қара мысты лықылдата құямыз!», «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деп шешті Қарсақбай мыс зауытының металлургтері, балқытушылары, транспортшылары 1941 жылы 22 маусымдағы митингіде.

КСРО түсті металлургия министрлігі жүйесінде соңғы жылдары іске қосылған алып зауыттардың қатарында Қарсақбай шағын кәсіпорын болып көрінетін. Бірақ, оның кісі назар аударарлық байсалды тұлғасы басқалармен салыстырғанда ерекше тұрды. Мәселен, зауыт 1943 жылы бүкіл Португалияның 1940 жылғы өнімінен көп қара мыс берді. Немесе оның жалпы мыс көлемі сол кездегі Болгарияның, Қытайдың барлық мыс балқымасынан 4 есе асып түсті.

Осы сындарлы сәтке Қарсақбай жерінде шеберлігі жоғары, саналы, жауапкершілік жүгін түсінетін отаншыл жұмысшылар мен инженер-техник кадрлары қалыптасқан еді. Бір мысал. Анау ағылшындар уақытында жұмыс істеген Хамза Байзақов мыс қорыту цехында ауысым шеберіне дейін көтерілді. Оның кіші інісі байыту фабрикада машинист, екіншісі – флотатор, үшіншісі – шарпу пешінде горновой, төртіншісі – конвертор цехында фурмовшы болып істейді.

1941 жылы 16 тамызда осы жылдың соңғы ширегі мен 1942 жылды толық қамтитын елдің шығыс аймақтары бойынша әскери-шаруашылық жоспары қабылданды. Жұмыс уақыты ұзартылды, еңбек демалысы кейінге қалдырылды. Зауытта ауысымды өткізудің және қабылдаудың қатаң тәртібі еңгізілді. Металлургтер жұмыстың басталатын уақытынан 20—30 минут ерте жиналады, тізіліп қатарға тұрады, жұмысшыларды түгендеу жүргізіледі. Сонан соң ауысым шебері цех бастығына ауысымдық майдандық өндіріс тапсырмасының орындалысы жөнінде рапорт береді. Істің жайы нақты тексеріледі, аяқталмаған шаруаны жұмыстан тыс қалып бітіру талап етіледі. Жұмысқа түскелі отырған ауысым мүшелері алдына нақты міндеттер қойылады.

Соғыс жағдайында Қарсақбай зауытының 1941 жылғы мыс балқыту жоспары 11 пайызға арттырылды. Зауытты қайта жетелендіру күрделі қаржысыз, шаруашылық әдіспен жалғастырылатын болды. Өндірісті басқарудың жаңа схемасы енгізілді. Әкімшілік басқару аппараты едәір қысқарды, әрбір өндіріс жетекшісінің міндеті нақты белгіленді. Мамандықтарды оңтайландыруда көп жұмыс істелді. Жұмыс орнын жиыстырып, келесі ауысымға дайындау негізгі маман жұмысшыларға жүктелді. Жөндеушілер мен электриктердің, паровоз машинисі көмекшісінің, отжағушының, көмір тиеушінің міндеттері біріктірілді. Ауысымдық конвертор шеберлерінің қызметін ауысым бастықтары қоса атқаратын болды. Ағымдағы жөндеуге мамандырылған цех жабылды. Біраз мемлекет қаржысы үнемделіп, өндіріс дамытуға жұмсауға жағдай туды.

Ерлер майданға аттанды. Бір жеті ішінде зауыттың дирекциясы мен партия комитетіне жүзден астам әйел келіп шофер, тракторшы, слесарь, электромонтер мамандығын меңгеруге тілек білдірді. Бірнеше балалар бақшасы ашылды.

Тамыздың бірінші жартысында конверторшы коммунист Абдықадыр Ниязов алты рет қатарынан шапшаң балқыма берді. 1941 жылдың өзінде конверторшы Камен Сейтенов шапшаң ауыр балқыма беру әдісін игерді. Ол соғыстың екінші айында конвертордың жобалық қуатын 15 пайыз, артынша қыркүйекте 40 пайыз арттырған бірінші металлург еді. Ертеңінде Совинформбюро оның бұл еңбек ерлігін бүкіл әлемге әйгі етті.

Озат конверторшылардың тәжірибесі көпшіліктің игілігіне айналды.

Тамыз айында зауыт ұжымы айлық жоспарды тұнғыш рет орындап шықты. Сөйтіп, соғыстын алғашқы үш айында оның өндірістік көрсеткіштері шихта балқытудан 46,6 пайыз, кен өндеуден 19 пайыз, концентрат шығарудан 39,5 пайыз, жүк тасымалынан -46,4 пайыз артты.

Внимание! Это не конец книги.

Если начало книги вам понравилось, то полную версию можно приобрести у нашего партнёра - распространителя легального контента. Поддержите автора!

Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8
  • 0 Оценок: 0

Правообладателям!

Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?


Популярные книги за неделю


Рекомендации