Текст книги "Қарсақбай және қарсақбайлықтар"
Автор книги: Сағындық Қожамсейітов
Жанр: Документальная литература, Публицистика
Возрастные ограничения: +18
сообщить о неприемлемом содержимом
Текущая страница: 7 (всего у книги 23 страниц) [доступный отрывок для чтения: 8 страниц]
Қарсақбай қалашығы
Қарсақбай агротехникалық колледжінің негізін 1961 жылы ашылған №183 ауылшаруашылық кәсіптік-техникалық училищесі қалады. Ұлытау өңірі ауылшаруашылық кәсіпорындарының тапсырмасымен механизатор кадрларын дайындады. Оқу орынының аты Ресей, Молдавия, Украина, т.б. одақтас республикаларға жақсы танымал болды. 1984 жылы училище оқушыларға мамандықпен қатар жалпы орта білім бере бастады. Қарағанды облысы әкімдігінің 2012 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысына сәйкес бұл оқу орыны Қарсақбай агротехникалық колледжі болып қайта құрылды. 1961—2012 жылдары училищеден 13 мыңдай қыз-жігіт қалаған жұмысшы мамандықтарын алды, олардың ішінде одақтас республикалардан келіп оқып жүздеген жастар бар. Училище бітірген түлектер арасында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаттары, «Еңбек даңқы» орденінің ІІ, ІІІ дәрежесінің иегері Алпысбай Бөлішбаев, Еңбек Қызыл Ту орденді Гүлбану Сүлейменова, Еңбек Қызыл Ту және «Еңбек даңқы» орденінің ІІІ дәрежесімен марапатталған Сарғызов Балтабек, т.б. тұлғалар болды.
Кәсіптік-техникалық білім беру ардагері,
Қазақ КСР-ына еңбек сіңірген мұғалім
Салықов Бахадур
Агротехникалық колледждің оқу-тәжірибе кешені тоғыз ғимаратқа орналасқан, тәжірибелік егіс алаңы, шабындығы, жайылымы, шағын фермасы бар. Инженер-педагог кадрларының сапасы жақсы – жоғары, бірінші, екінші сыныпты мамандар. Төмендегі мамандық бойынша мамандар дайындауға лицензия алған: олар – фермер шаруашылығы, біліктілігі, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, автокөлік жүргізушісі, бухгалтер, автокөлікке техникалық көмек көрсету, жөндеу және пайдалану, біліктілігі, автосервис менеджері, ауыл шаруашылығын механикаландыру, есеп және аудит. Колледж, өндіріс кәсіпорындары, шаруа қожалықтары арасында әріптестік қарым-қатынастар арнайы келісім-шарттармен рәсімделген. Мүдделі кәсіпорындар, заңды тұлғалар колледждің жұмысшы-қызметшілердің біліктілігін арттыру жөнінде мүмкіндігін пайдалануға ықыласты болып отыр. Колледжді алғашқы бітірген мамандар жұмыс берушілерінің көңілінен шықты. Студенттердің көркемөнер, спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Баскетбол, волейбол, стол теннисі, грек-рим күресінен, кекушинкай-каратэден спортшы оқушылар халықаралық, республикалық, облыстық сайыстарда Ұлытау өңірінің, колледждің намысын лайықты қорғап жүр.
Қарсақбай аудандық коммунистік партия комитеті ауданның БК (б) П ұйымдары, кеңес органдары, одақтық және жергілікті шаруашылық құрылымдары Қарсақбай мыс қорыту зауытын Үкімет белгілеген мерзімде іске қосу, Жезқазған кенішін және Байқоңыр көмір ошағын қалпына келтіру үшін үлкен саяси-ұйымдастыру жұмыстарын іске асырды. Сауатсыздықты жою, балаларды оқуға тарту, халықты отырықшылыққа бейімдеу жөнінде көп жұмыс істелді. Сонымен қатар, коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің асыра сілтеушілік саясаты салдарынан ауыл шаруаларын ұжымдастыруда ірі қателіктер жіберілді, аштық жайлады, саяси қырғын-сүргін орын алды.
1926—1937 жылдары Қарсақбай аупарткомының бірінші хатшысы болып Қайырбек Дәулетбеков, Нұрмұхамедов, Шайхуддин Хасанов, Аббас Алифбаев, Қайсар Таштитов, Садықбек Сафарбеков, С.В.Шиленков, Павел Телелялевтар қызмет атқарды.
Қарсақбай ауданы 1928 жылы 17 қаңтарда құрылды. Ол Ақтөбе губерниясы, Торғай облысы көшпелі Қайдауыл, Қызылжыңғыл, Ақмола губерниясы Атбасар уезі Қарсақбай болыстарын біріктірді. Аудан аумақтық-әкімшілік жағынан Қызылорда округінің қарауына берілді.
1932 жылы 20 ақпанда құрылған Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында Қарсақбай ауданы қалды, ол 1936 жылы 20 шілдеде Қарағанды облысының қарауына берілді. 1939 жылы қазанда аудан аумағында Ұлытау ауданы құрылып, жеке шаңырақ көтеріп, бөлініп шықты. Бүкілодақтық атқару комитеті төралқасының 1940 жылғы 13 мамырдағы шешімімен алда тұрған Үлкен Жезқазғанды салу міндетіне орай Қарсақбай ауданының аты Жезқазған ауданы болып өзгертілді.
Аудан алғашқы 15 ауылдық, 3 кенттік кеңестерді біріктірді, елді мекендер, ауыл-қыстаулар саны 746 болды. Жалпы жер көлемі 112715 км2, немесе әрбір шаршы километрге 0,3 кісіден келді. Өңірде 7436 жеке шаруашылық есепке тіркелген, 1928 жылы 60 мүшесі бар екі ұжымшар, 1929 жылы 500 мүшесі бар 3 ұжымшар есепке іліккен. Ауданда 1928 жылы 34243 жылқы, 79022 ірі қара, 48944 түйе, 364557 қой-ешкі, барлығы 526816 бас мал болды.
Қарсақбай ауаткомының 1928—1940 жылдардағы төрағалары Ақдәулетов, Шенеу Далабаев, Төртембаев, Жантасов, Рысбаев, Сейтен Иманбаев, Ақкөбеков, М. Қожбанов, Жөкебаев, Әбдірахман Бисалиев, Құрмансейіт Баймағанбетов, Бодық Есенов болды.
Қарсақбай ауданы партия ұйымының І конференциясы. Қазақстан өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бюросы 1926 жылы 24 сәуірде «Атбастүстімет» тресі басқармасы төрағасының баяндамасын тындады. Қабылдаған қаулысында ауданның ауыл шаруашылығының, халыққа білім беруді, мәдениет және денсаулық сақтау салаларын дамытуға бағытталған басқарма белгілеген шаралар дұрыс деп бағаланды. «Атбастүстіметтің» мәдениет орталықтарынан және Ақмоладан алыс орналасуына байланысты Қарсақбай өңіріндегі партия және кәсіподақ ұйымдарын жеке бөліп алып, оларды Қазақстан өлкелік партия комитеті мен кәсіподақтардың өлкелік комитетіне тікелей бағындыру ұсынылды.
Одан бұрынырақ 1923 жылы 6 наурызда Жезді, Кеңгір, Сарысу, Ұлытау болыстарын біріктіру есебінен Қарсақбай болысы құрылған еді. Оны ҚазАКСР орталық атқару комитеті 1923 жылы 19 сәуірде бекітті. Болыс Қарсақбай-Ұлытау аумағын толық қамтыды. Орталық – Қарсақбай зауыты болды.
1926 жылы 10—15 қазан күндері аудандық бірінші партия конференциясы болып өтті. Ол кезде есепте небәрі 73 партия мүшесі мен кандидаты тұратын. Олардың 15-сі шала сауатты, ал 47-сі сауатсыз еді. Тек 4 әйел партия мүшесі болды. Онда ұйымдастыру бюросының мамыр мен қазан арасындағы жұмысы туралы есебінен кейін Қарсақбай комбинаты кәсіпорындарын қалпына келтірудің қорытындылары және комбинат құрылысын өрістетудің міндеттері туралы комбинат директоры И. Деевтің баяндамасы тындалды. Қабылданған қаулыда аудан партия ұйымдары мен кеңес, шаруашылық активтерінің бүгінгі таңдағы өзекті және негізгі міндеттерінің ең бастысы Қарсақбай комбинатының құрылысын тез бітіріп, үкімет белгілеген мерзімде іске қосу болып табылды деп атап көрсетілді.
Конференция аудандық партия комитетін, аудан партия ұйымының тексеру комиссиясын сайлады. І аудандық партия конференциясы Қазақ АКСР орталық атқару комитетіне тікелей бағынатын аудандық атқару комитетін құру қажеттігі жөнінде пікірін білдірді.
Қазақ АКСР халық комиссарлар кеңесі (1927 жылы 19 ақпанда қабылдаған шешімі) аудан партия ұйымы І конференциясының ұсынысына сәйкес жоспарлау комитетіне аудандастыру науқанын күтпей Қарсақбай ауданын өз алдына жеке әкімшілік нысанға бөліп, орталық атқару комитетіне бағындыру мәселесін реттеуді тапсырды.
Сөйтіп, Қарсақбай енді тек комбинаттың орталығы ғана емес болыстың партия, кеңес, әкімшілік, мәдени және шаруашылық мекемелері мен ұйымдарын біріктіретін болашақ ірі өнеркәсіпті, мал шаруашылықты өңірдің саяси орталығына айналды.
Қарсақбай Әйбекұлы – шамамен 1831 жылы туып, 1888 жылы екінші рет қажылыққа Меккеге барып, кемемен келе жатқанда ауырып, өмірден озған. XVIII ғасырда өмір сүрген бағаналының атақты байы Мәйгелдінің шөбересі. Мал басы көп Қарсақбай одан ертерек орналасқан аманғұл ағайыңдармен мәмлесіп, Қумола өзенінің бойын, ішінде Екіаша құйған қыстағы бар, өз меншігіне алады. Екіашаның (Қостөбе) өзенге жақын бетіне үй-жайын, қора-қопсысын салады. Қарсақбай – біртоға, момын, қайырымды кісі болған. Кіндігінен он ұл өрген.
1913 жылы сәуірде ағылшындар Жаңа Жезді болысы басқарушысынан Қарсақбай ашасын 30 жылға жалға алып, мыс қорыту зауытын салуға кіріскен. 1928 жылы Кеңестік Шығыстағы өз заманындағы әлемдік озық технологиялармен жарақталған Қарсақбай мыс балқыту зауыты пайдалануға берілді.
Аймақтық «Сарыарқа» газеті, №85, 5 мамыр 2008 жыл, Б. Байжантаев, Т. Мұқанов
Қарсақбай әйелдері мен қыздары тылдағы еңбек майданының алдыңғы шебінде қажырлы да нәтижелі жұмыс жасады. Бұл жөнінде «Қазақстанның түсті металлдар өнеркәсібінің жекелеген кәсіпорындардағы еңбек резервтері» тақырыбындағы КСРО Ғылым Академиясының Экономика Институтының ғылыми-зерттеу жұмысында былай деп жазады: «Зауыт жұмысшылары арасында әйелдердің үлес салмағы тым көп өсіп, 40 пайызды құрап отыр. Ал, Ұлы Отан соғысынан бұрын бұл көрсеткіш 7 пайыз болған еді. Мысалы, байыту фабрикасының ұжымында соғысқа дейін небәрі 5 әйел еңбек етсе, қазір олар жұмысшылардың 2/3 бөлегін құрайды. Көп реттерде олар майданға аттанған ерлердің орнын басқан, жұмыс жағдайында ешқандай өзгеріс болмаған. Солай болса да кейбір өндіріс буындарында әйелдердің еңбек жағдайын жеңілдету үшін бірқатар іс атқарылған. Бұрын көмір тәшкемен тасылса, енді оны аттың күшімен тасымалдайтын болған. Құю цехында қысқарылған жұмыс күні еңгізілген». (ОМА, қор-1728, Т-1, іс-8, бет 48).
Қапарова Кенжетай
1945 жылы зауыт өндірісінде 1519 адам жұмыс істесе, оның 507-сі, яғни әрбір үшіншісі әйелдер болды. 1943 жылы қарашада 677 әйел еңбек еткен еді. Соғыстың алғашқы үш жылында 628 әйел жұмысшы мамандығын меңгерді. Олардың 291-і қазақтар болатын. Зауыттың байыту фабрикасында мотор жүргізуші Әсия Белдинова, флотатор Вера Неплохова, теміржолда слесарь Қазбекова Бибісары аз уақытта мамандықтарын ұршықтай үйіріп, озаттарға қосылды.
Бұрын үй шаруашылығымен шұғылданған Заборовская, Мастиленко қысқа мерзімде курста оқып, мамандығына жетік электрик болды. Автокөлік жүргізуші мамандығын Горовая, Гомозова, Махамбетова, Алдабергенова, Қарағожина меңгерді. Көлік жүргізуші күйеуі майданға аттанғанда Қарағожина араға күн салмай көлік баранкасын ұстады. Надежда Пересыпкина 1941 жылы 18 шілдеде күйеуі әскер қатарына шақырылғанда сол күні фрезершы болып, күйеуінің станогын қабылдап алды.
Аяулым Қожамсейітова
Ағасы қолына қару алып, майданға аттанғанда оның оң жақта отырған қарындасы Қожамсейітова Аяулым оның орнына кран жүргізушілігіне сұранды. Тәжірибелі кран жүргізушісі Байқас Мәмбетовтан бір жеті үйреніп, өз бетімен жұмыс істеу құқығына ие болды. Ісіне риза болған металлургтер Аяулым мысты қазанға құйғанда аққұманнан шәй ағызғандай бір тамшысын шашып жібермей құятынын риза пейілмен ақжарқын көңілмен айтатын.
Қапарова Кенжетай орталық электр станциясының турбина цехының турбина машинисінің көмекшісі болып істеді. 10 жыл табан аударған жоқ. Қарқынды да тындырымды ісімен еңбек бәсекесінде ешкімге дес бермеді.
Әйелдер майданға аттанған күйеулерінің шаңырағын шайқалтпай, ата-анасына, бала-шағасына қамқор болып, жеңіс туы желбіренген күнді сағына күтті. Талайлары майданнан қара қағаз алып, қайғының қанын жұтты. Бірақ, қайыспады. Ел және жер берекесінің шәйегі болды. Қыз-келіншектер майдандағы бауырларына, әкелері мен ағаларына, жарларына, жас сарбаздарға сәлемдемелер, хаттар жолдап жатты. Қарсақбай өңірінен 5840 жылы киім, 37 тонна туған жердің дәмі жіберілді. Онан басқа ел болып, жергілікті өнеркәсіп комбинатын, артельдерді қоса алғанда 6120 қысқа тон, 2007 үйық, 7000 пима, 20000 жала қолғап дайындалды.
С. Қожамсейітов.
Қарсақбай байыту фабрикасы 1929 жылы өндіріске КСРО аумағында тұңғыш флотациялық технологиямен кен өндейтін фабрика болып іске қосылды. Тұңғыш рет мыс кеңтасын флотациялау және шарпу пешінде флотацияланған концентратты қорыту, тотыққан және аралас мыс рудасын байыту және қорыту технологиясы өмірге келді.
Жезқазған мысын байыту амалдарын алғашқы болып ағылшын инвесторлары іздеген. 1912—1913 жылдары кентас сынамаларын шетелде «Минералс Сепарэйшн» фирмасы жүргізіп, нәтижесінде Дейстер шламды және құм концентраттық стөлдерде кентасты гравитациялық әдіспен байытатын фабрика жоспарланды.
Іске қосылған Қарсақбай байыту фабрикасының ұнтақтау бөлімінде Блэк және Саймонс ұнтақтаушылары, үгіту бөлімінде Марси және Крупп диірмендері, флотация бөлімінде №21 Фаревольд флотомашинасы пайдаланылды.
Өнімділікті арттыру мақсатында байыту фабрикада ескі қондырғыларды ауыстыру, жаңа схемалар мен жұмыс тәртібін еңгізу арқылы бірнеше рет реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Марси мен Крупп диірмендері «Алмес-Чалмерс» фирмасының диірмендеріне, ал одан кейін кеңестік УЗТМ 1,5х2,0 диірменіне айырбасталды. №21 Фаревольд флотомашинасы пневмомеханикалық Вейяингке, кейін Механобр-5 пен Механобр-6 машиналарына ауыстырылды.
Қарсақбай байыту фабрикасының өндірістік тәжірибесі негізінде Балқаш және Жезқазған байыту фабрикалары жоспарланды. 1963 жылы №2 Жезқазған байыту фабрикасы іске қосылып, Қарсақбай байыту фабрикасы өз жұмысын тоқтатты.
М. Бақытұлы
Қарсақбай болысы – Ақмола губерниясы, Атбасар уезі құрамында 1923 жылы 6 наурызда құрылған болыс. Оның аумағында таратылған Жезді, Кеңгір, Сарысу, Ұлытау болыстарының аумағы енді. Болыстың орталығы болып Жезқазған кеніші белгіленген. Болаткомның тұңғыш төрағасы Әбдіраш Әлібаев. Қазақ ОАК-нің мүшесі. Кейін партия-кеңес қызметтерінде болды. 1925 жылы болыс атқару комитетінің төрағасы болып Болысбек Хасенов тағайындалды. Ол Қарсақбай мыс қорыту зауытының құрылысы қызып тұрған кезде комбинаттың шешуші өндірістік буыны мал көлігі саласын басқарады. Әлібаев және Хасенов сауатты, қажырлы іскер жастар еді. Көшпелі ауылдың қыс қыстауын, жаз жайлауын, халық-ағарту ісін, медициналық қызметті мүмкіндіктеріне қарай біршама ұйымдастырды. Қарсақбай зауытын жүргізуге үлес қосты. 1928 жылы 17 қаңтарда жаңадан ұйымдастырылған Қарсақбай ауданының құрамына кірген үш болыстың бірі Қарсақбай болысы.
Хасенов Болысбек
Қарсақбай геологиялық кеңсесі 1924 жылдан бастап Ұлытау өңірінде барлау жұмысын жүргізген. Геологиялық топтың жетекшісі Иван Степанович Яговкин болды. 3-жылдық жұмыс нәтижесінде ағылшындардың 235 ұңғыма бұрғылағандары анықталып, салынып жатқан Қарсақбай зауытына 30 жылға жететін мыс кені бар екені нақтыланған.
1929 жылы Қарсақбай мыс комбинаты мен «Атбастүстімет» тресі біріктіріліп, Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинаты шаңырақ көтерді. Одақтық органдар геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуді комбинаттың өзіне жүктеді. 1929 жылы 19 сәуірде жаңа комбинаттың бас геологы және геологиялық бөлімнің бастығы болып Қ. Сәтбаев тағайындалды. Комбинаттың геология бөлімі кейін геологиялық барлау кеңсесі болып қайта құрылды.
Жезқазғанның кентасында орташа есеппен мыстың көлемі 1,9% деп белгіленді. 1935 жылы берілген қорытындысы бойынша Жезқазғанда 900-ден астам ұңғыма бұрғыланып, 1000-нан астам өңдеу барлаулары жасалған. Сол жұмыстардың арқасында Жезқазған кенішінде 1,97 проценттік кентастың құрамында бар 1136 мың тонна мыс бар екені анықталған. Кентастан металды 75 проценттік алыммен есептегенде одан 852 мың тонна мыс алу мүмкін болды. Сондықтан сол кездегі жылына 7 мың тонна мысқа негізделген Қарсақбай зауытының орынына жылына 85 мың тонна мыс қорытатын кәсіпорын салу сұранысы туды.
Жезқазған геологиялық партия
1957 жылы кеңсе Жезқазған кен барлау экспедиясиясы болып қайта қалыптасты. Экспедиция Қарағанды облысының оңтүстік-батысындағы 100 мың км2 жерді барлау мақсатында құрылған. Бұл экспедиция көп жылдық жұмысында мыс, қорғасын, мырыш, марганец, көк асбест пен судың, тағы басқалары қазбалы байлықтың бай қорларын ашты, әрі шөлейт ауданда жерасты суларының бірнеше дариясын тауып барлап, өнеркәсіп торабының, ауылдың тіршілік нәріне қажетін толық өтейтін қорды анықтады. Экспедиция Жезқазған кен-металлургия комбинатына қажетті көлемде қазба кендер қорымен қамтамасыз етті. Экспедиция ұжымы КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының жарлығымен Қазан төңкерісі орденімен (1966) марапатталды.
Қарсақбайда болған шетел мамандары. Индустриаландыру басталғалы мемлекетте түсті металдардың тапшылығы айқындалды. Одақтық «Атбастүстімет» тресі құрылып, оған Қарсақбай комбинатын қалпына келтіруді 2 жылда аяқтау міндеттелді. Өндірісті сауатты ұйымдастыруға және білікті маман тәрбиелеу мақсатында шетелден мамандар тартылды. Қарсақбай өндірісінің құрылысына тозаң-көмір отын бойынша маман, ағылшын инженері Чарльз Гансен «Фрэйзе-Чалмес» фирмасының ұсынысымен осы фирманың Қарсақбайға жеткізген Хольбек жүйесінің жабдығын орнату үшін шақырылды. Бұл металлургиялық пештерді тозаң-көмір отынмен қыздыру жүйесі КСРО-да бірінші рет орнатылып жатқандықтан, кеңес аумағында қондырғының тілін білетін маман жоқ еді. Американдық флотация маманы инженер-конструктор Ген Ларэвэй дүние жүзіне белгілі Юта штатындағы Солт Лэйк Сити қаласындағы «Дженерал Инжиниринг» компаниясының ұсынысымен КСРО-дағы тұңғыш флотациялық фабриканы іске қосу үшін келді. Инженерлік компанияның жіберген тағы бір маманы «Марси» диірменін орнықтыру, «Оливер» фильтрлері және «Дорра» тығыздатқышының шебері Франк Вудс еді. Олармен қоса Қарсақбайда неміс инженері Э. Циммер жұмыс жасады. Қарсақбайға мазут жеткізу қиындығы шарпу пешіне көмір тозаңын пайдалануға мәжбүрледі. Кеңес еліне бұл салада маман жоқ болғандықтан, осы шаруамен тау-кен инженері Бельдонның басшылығымен ағылшын мамандары Таплин және Лейкок айналысты. Қондырғыларды орнатуға және зауыт пен фабриканы іске қосуға қатысуы жергілікті орыс инженерлер мен техниктерге бірге істеген жұмыс барысында көптеген әдіс-тәсілдерді игеріп, шетелдіктердің келісім-шарт мезгілі біткенше басқа жақтан маман шақыруға мұқтаждақты толық жоюға мүмкіндік тудырды. Олардың тәжірибесінің арқасында жергілікті инженер мамандары өсіп, өндіріске мол пайдасын берді. Олардың қатарында, Трушлевич, Сосновский, Симонов, Тощева, Сухоцкий, Бабин, Соковин, Бунин, Звягин секілді фабриканы одан әрі жетілдіріп, өндіріс қарқынын арттыруға үлес қосқан инженер мен техниктерді атап өткен жөн.
Дереккөз: Жезқазған қалалық МА қоры. М. Бақытұлы
Қарсақбайдағы электр станциясында апат. Зауыт тарихында әрқилы қайғылы оқиғалар да кездесті. Талай жігіттер опат та болды, мүгедек те болып қалды. Соның бірі – 1947 жылы қарашада кәсіпорынның электр станциясында болған апатты мысалға келтірейік. Жұртшылық Жезқазған мыс кен орнының ашылғанына 100 жыл толуын салтанатпен мейрамдауға дайындық үстінде еді. Мерекелік шаралардың саны көп, ауқымы кең болатын. Кенет Қарсақбайдың орталық электр станциясында ғаламат жарылыс болып, біраз өндірістік залдар қирады. Өрт шықты, цехтың жабындысы жанып ортасына түсті. Бұл оқиға жөнінде біраз жыл үнсіздік орнады.
№6 қазандықтағы жарылыстан оның ғимараты, 4 турбогенератордың машина залының жабығы, байыту фабрикасы мен суды химиялық тазарту қондырғылары ішінара қирады, 5 қазандық бүлінді. Апаттың салдарынан 17 кісі опат болды, екі кісі ауыр жараланды, екеуі жеңіл жарақаттанды. Жалпы алғанда апаттан төрт миллион сом шығын келді.
Қайғылы оқиғаны баяндаған құжатта оның кейбір инженер техниктер мен жұмысшылардың өз міндеттерін орындауға салақ қарағандығының салдары деп қорытынды жасалған.
Алайда апатта опат болғандардың есімдері соңғы уақытқа дейін белгісіз болып келді. Тек, жақында ғана Жезқазған қаласы мемлекеттік мұрағатының қорынан осы қаралы тізімі табылды, оның өзі толық емес. Бұл қайғылы оқиғаның құрбандарының тек қана 13-інің ғана аты-жөні белгілі болып отыр. Олар:
Түбеков Садық – жұмысшы
Маценко Григорий Яковлевич – жұмысшы
Шмельцер Паул Климентьевич – жұмысшы
Лаубаган Виктор Федорович – жұмысшы
Штромбель Мария Севостьяновна – қарауылшы
Шайтнель Термина Иягоновна – жұмысшы
Усенова Қалампыр – мотор жүргізуші
Докусева Висарди – жұмысшы
Айдабеков Насып – техник
Бұқарбаев Арыстан – кочегар
Есбулатова Заман – жұмысшы
Жалмағанбетов Мәлік – электрик
Кох Андрей Егорович – жұмысшы
Іздестіру кезінде төрт жұмысшының денесі табылмады. 2008 жылы Қарсақбай металлургиялық зауытының қабырғасына мәрмәр тастан апатта қаза тапқандарға арналып ескерткіш тақта орнатылды.
Қарсақбайдың комсомол-жастары 1926 жылдың 1 қазанына төрт комсомол ұйымына бірікті, олардың біреуі Кеңгір өзені бойындағы №1 ауылда құрылған. Комсомол қатарында 92 қыз-жігіт болса, оның 74-і Қарсақбайда, 12-ісі Байқоңырда, 6-уы Жезқазғанда еңбек етті. Комсомол мүшесі 14 қыздың ішінде тек қана бір ғана қазақ қызы болды. 83 жасөспірімнен тұратын екі пионер отряды жұмыс істеді, оның ішінде қазақтар 32, орыстар 51 адам болған еді.
1926 жылы 28 қазанда Қарсақбай аудандақ партия комитетінің бюросы аудан комсомол ұйымының бірінші конференциясын өткізу жөнінде ұйымдастыру бюросын құрды. Оның құрамына комсомол белсенділері Мотыгин, Симова, Антонов, Серікбаев, Исқақов кірді. Өлкелік партия комитетінің жолдамасымен келген Хаджабаев аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
Жастардың саналы бөлегі зауыт құрылысында, тұрмыс мәдениетін көтеруде, жаппай сауатсыздықты жоюда үнемі алдыңғылар ішінен табылды. Комсомол ұйымының, әрбір комсомол мүшесінің беделі үлкен болды. 1926 жылдың қазанынан 1927 жылдың наурызына дейін зауыт комсомол комитеті комсомол мүшелігіне 70 қыз-жігітті қабылдады. Қазан төңкерісінің 15 жылдығы қарсаңында өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындарында 953 комсомол мүшесі жұмыс істеді. Зауытта үш екпінді комсомол бригадасы, электромеханикалық цехта бір екпінді жастар бригадасы, бір шаруашылық есептегі комсомол-жастар паровозы, Жезқазған кенішінде 24 комсомол мүшесінің бас қосқан бір оқу-өндірістік шахтасы жоғары өндірістік көрсеткішке жетіп отырды.
Қазан төңкерісінің 15 жылдық мерекесі күні Қарсақбай комсомол-жастары жаппай сенбілікке шығып, жігері жалын атқан 250 жас шарпу пешін жөндеуде біраз шаруаны еңсеріп тастады. Комбинаттың негізгі цехтарында (зауыт, Байқоңыр көмір ошағы, байыту фабрикасы, электр станциясы, Жосалы) жастардың үлес салмағы 24 пайызға жетті. Тікелей станокта, агрегатта, машинада, забойда еңбек ететін комсомол мүшелері 300-ге тақады. Электр станциясындағы комсомол ауысымы электр қуатын өндіру жөніндегі тапсырманы 100,25 пайыз асыра орындады, әр киловат-сағатқа 30 гр көмір үнемдеді. Комсомолец Скачков жетекшілік ететін паровоз жөндеушілер бригадасы тапсырманы қазанда 239%, қарашада 259% асыра орындады. 76 га жерге арнайы комсомол егістігі себілді. Жергілікті фабрика-зауыт мектебінде 476 оқушы болса, оның 407-сі комсомол мүшесі екен. Әскери өнерге үйрететін әскери лагерь ұйымдастырылды. Ауданда бар сауатсыз 112, шала сауатты 149 комсомол мүшесінің сауат ашу, бастауыш сынып көлемінде білім алуы ұйымдастырылды. Сауат ашу, шала сауаттылар мектептеріне қаржылай көмектесу үшін комсомолдық сенбіліктер, жексенбіліктер ұйымдастырылды.
Аудандық комсомол комитетінің бастамасымен 1935 жылы 1 маусымда комбинат жастар ұйымымен бірлесіп техникалық емтихан тапсырушылардың үздіктеріне байқау жариялады. 500 рубль сыйлық қорын құрды. Үздіктер Москва, Ленинград қалаларындағы ірі өнеркәсіп орындарына экскурсияға жіберілді. Байқаудың ықпалы күшті болды. Маусымның өзінде техникалық экзамен тапсырған 76 комсомол мүшесінің 42-сі үздік, қалғаны жақсы деген баға алды.
Комсомол ұйымдары тұрмыс мәдениетін көтеруге ерекше маңыз берді. Тұрғын үйлердің санитарлық жай-күйіне байқаулар, сенбіліктер, тұрмыс мәдениетіне байланысты комсомол конференцияларын өткізді. Көркем өнерпаздар үйірмелері, оған қатысушылар саны күрт өсті. Дене шынықтыру және спорт қозғалысының өрісі кеңейе бастады.
Ұлы Отан соғысы жылдары Қарсақбайдың комсомолец-жастары Отанға шексіз берілгендікті шынайы сүйіспеншілік сезімді, кәсіптік біліктілікті көрсетті. Соғыс жылдары 1461 комсомол мүшесі майдаңға аттанып, қиян-кескі айқасқа қатысты. Ұлы Отан соғысы қарсаңында есепте тұрған комсомолдар саны осы шамалас болатын. Осы сындарлы жылдары комсомол қатарына кіруші жастар көп болды. 1942 жылы өндірісте небәрі 4 комсомол-жастар бригадасы жұмыс істесе, соғыстың аяғында олардың саны 35-ке жетіп, 1267 жас қыз-жігіттерді біріктірді, олардың ішінде 779 комсомол мүшесі еңбек нәтижесіне қарай жалақы алатындар (сдельщиктер) болды. Жастар жоспардан тыс айырылған 300 тоннадай мысты сталиндік қорғаныс қорына қосты.
Қарсақбай комбинаты комсомол ұйымының түлегі токарь Базыл Тоқбергенов Қарағанды облыстық комсомол ұйымының бірінші хатшысы, бірінші сайланған ҚазКСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Темір жол жұмыскері Қасым Мырзатов облыстық комсомол комитеті жұмысшы-жастар бөлімінің меңгерушілігіне шақырылды. Байқоңыр көмір ошағының жұмыскері, комсомол мүшесі Шопан Қонысбаев кейін Алматы қалаткомының төрағасы, КСРО Жоғары Кеңесіне депутат болды. Әр кезеңде комсомол қатарында болып, құрыштай шыңдалған қатарының алдында жүрген аға пионер вожатый Нюса Тетюкина, металлургтер Ыбрай Құлжанов, Мұзапар Жүсіпов, Төлеубай Тілемісов, Алданыш Орынбаев, т.б. есімдерін атауға болады.
Қарсақбай-Жосалы алып – салмалы темір жолы – Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Жосалыдан Қарсақбайға тартылған жол. 1914 жылы 14 қарашада ағылшын алпауыттары Қарсақбайда салынатын мыс зауытына ауыр техника жабдықтарды темір жолмен біржола жеткізіп алмақ болып, бес паровозға 278 вагонды тіркеп, ұзындығы 2 жарым шақырымға созылған поезд құрамын жасақтайды. Вагондарға Қарсақбай мыс зауытының құрылысына қажетті өндірістің құрал-жабдықтары мен технологиялық қондырғылар, керек-жарақ темір, соның ішінде болашақта салынатын Жезқазған-Қарсақбай-Байқоныр 120 шақырымдық тартабанды темір жолдың рельстері тиелген. Керуеннің алдынан 13 км жерге шпал төсеп, рельс тартып отырады. Поезд сол жолмен жүріп өтеді де, шетіне жетіп тоқтайды, поезд құрамының арт жағында қалған темір жолды жинап алып қайтадан алға төсейді. Жолды алып салуға жергілікті қазақтар жұмылдырылды. Табиғат «қырсығына» толы бұл «сапарда» қызметін атқарып жүрген қазақ жұмысшыларын азық-түлікпен қамтамасыз етуі ақсап, бірнеше рет ереуілдер орын алды. Оған қоса 1916 жылдың дүрбелені басталып, қазақтар түгел жұмыстарын тастап, ұлт-азаттық қозғалыстың сапына қосылды. Бірақ, бұл қиындықтар ағылшындарды көздеген мақсаттарынан тайдырған жоқ. Керуен 430 км жерді 3 жылда жүріп өтіп, зауыт жабдықтарын Қарсақбайға 1917 жылы қазанда жеткізеді. Тар табанды т.ж. салу Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайында «Жосалы жолы» диорамасында бейнеленген. Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайында Қарсақбайда қолданыста болған соңғы поездардың бірі экспонат ретінде сақтаулы.
Қарсақбай-Жосалы алып-салмалы темір жолы. Жезді тау-кен және балқыту ісінің музейіндегі экспозицияның көрінісі.
Қарсақбай – Жосалы арасындағы қаражол 1925—1926 жылдары істей бастады. 18 бекет салынды. Жауын-шашында, боранда керуеншілер, автокөлік жүргізушілер, жолаушылар паналайтын арнаулы үйлер көтерілді, құдықтар қазылды, көліктер үшін мал азық және жанармай қоры жасалды. Ағылшындар бір жылда 300 мың пұт жүк жеткізуге қабілетті болса, Қарсақбай комбинаты 1926 жылы 400 мың пұт, 1927 жылы 600 пұт жүк тасымалдады. Тұтас паровоз тиелген платформаны жүк автомашиналары небәрі 10 күн ішінде Қарсақбайға әкеліп түсірді. 1926 жылы құрылыста 20 автокөлік, 250 түйе болды. Жергілікті халықтан 12 мың түйеге дейін жалдау жоспарланды.
Елді аштық жалмап, малды тәркілеу салдарынан жұрт түйелерді де союға мәжбүр болды. Жүк тасу бойынша 1930 жылы жазда түйе басы жетіспегендіктен алға қойылған жоспардың толық орындалуы жетіксіз болды. Мысалы, маусымда 1000 тонна жүк тасу межеленсе, оның 963 тоннасы ғана жеткізілген. Жүкті жеткізуге 2180 түйе пайдаланылған. Түйе арбаның жетіспеушілігі жұмысқа үлкен кедергі болды. Шеберханаларда арбаларды жөндеуден өткізу жұмыстары өте баяу болды. Оның үстінен Қазалы мен Қарақұм өңірлері түйешілер одақтары жіберуге уәде еткен 2000 түйе Жосалыға келмей қалды.
«Түйе тресінің» ең маңызды көлігі
1930 жылдың қыркүйегіне берілген жоспар бойынша 1900 тонна жүк тасымалдау керек болды. Оған тамыздан қалған 950 тонна қосылды. Ол үшін 9424 түйе қажет еді, ал қолда бар түйенің саны 5250 бас қана болды. 1930 жылы тамызда түйелерге қосымша шетелдік «Заурер» жүк автокөліктері пайдаланылды. Бірақ, оның әрбір үшіншісі дала жолының қиындығынан жиі жөндеу жұмыстарына тұрып қалды. Бұл мәлімет Қарсақбай – Жосалы тас жолында жүк тасымалдауда түйе күшінің маңыздылығы өте жоғары болғанын көрсетеді.
Қарсақбай зауыты металлургия цехының жетекші жұмысшы мамандық иелерінің 1932 жылғы 1 тамыздағы тізімi:
1. Иванов Андрей – балқытушы
2. Марусенко Афанасий – балқытушы
3. Дәуітбаев Батырбек – аға горновой
4. Баймағанбетов Әлімғазы – аға горновой
5. Хлопотов Гаврил – аға горновой
6. Казазаев Тихон – балқытушы
7. Рубайло Иосиф – аға горновой
8. Боранбаев Сыздық – кішi горновой
9. Золотько Иосиф – кішi горновой
10. Самаргин Трофим – тиеуші
11. Максюков Петр – кішi горновой
12. Ульянов Алексей – кішi горновой
13. Бородин Федор – кішi горновой
14. Өтемісов Қазбек – аға дабылшы
15. Елеукенов Ерқұс – кішіi горновой
16. Ахметов Смайыл – кішi горновой
17. Чудин Александр – машинист
18. Щербаков Мирон – слесарь
19. Досанов Мұхамеджан – кран жүргізуші
20. Бородин Николай – кран жүргізуші
21. Глинский Петр – кран жүргізуші
22. Глинский Иван – кран жүргізуші
23. Наурызбаев Әбдірахман – кран жүргізуші
24. Суровцов Дмитрий – тас қалаушы
25. Хлыстова Дария – мотористка
26. Наурызбаев Әлмаганбет – кішi фурмашы
27. Куприн Дмитрий – кішi горновой
28. Матвиевский Влас – кішi горновой
29. Тынынбаев Абзалбек – тиеуші
30. Есқаринов Жаңаберген – аға дабылшы
31. Үдербаев Өсербай – аға фурмашы
32. Милованов Сергей – аға фурмашы
33. Түсіпов Байғазы – аға фурмашы
34. Бөрібаев Сембай – кішi фурмашы
35. Жүсіпов Мұзафар – кішi фурмашы
36. Заикин Семен – кіші фурмашы
37. Копнов Василий – кішi фурмашы
38. Жылқыайдаров Әбдікәрім – кішi фурмашы
39. Бажіков Қожахмет – кішi фурмашы
40. Ниязов Әбілкайыр – кішi фурмашы
41. Оспанов Құндақбай – аға фурмашы
42. Востров Федор – аға дабылшы
43. Жұпарбаев Оспан – аға дабылшы
44. Қазбеков Батырбек – кішi дабылшы
45. Бурлуцкий Степан – кішi фурмашы
46. Есқаринов Өсер – тиеушi
47. Отарбаев Асан – кішi дабылшы
48. Мизамбаев Айтмағанбет – кішi дабылшы
49. Мәкішев Шоқдан – кішi дабылшы
50. Рафиков Сүлеймен – кішi дабылшы
51. Бекмағанбетов Құрманәлі – кішi дабылшы
52. Көккөзов Мәйгел – тиеушi
53. Нұрмағанбетов Досмағанбет – тиешi
54. Қожаков Смагұл – тиеушi
55. Әлмаганбетов Нұрман – тиеушi
56. Байтөбеков Әбдық – тиеушi
57. Жанұзақов Күнеділ – тиеушi
58. Қаратаев Көпей – тиеушi
59. Қандауылов Тұякбай – тиеуші
60. Бейісов Смайыл – тиеуші
61. Үдербаев Көшербай – тиеушi
62. Жабаев Қадыр – тиеушi
63. Досманов Тайжан – подкачик
64. Нұрқанов Шақан – медолом
65. Қаржаубаев Төлебай – тиеушi
66. Барбосынов Тәжікбай – медолом
67. Оразбаев Т. – медолом
68. Мыстанов Жолдыбек – медолом
69. Аяпбергенов Әбділ – медолом
70. Әлібаев Әукен – медолом
71. Қазбеков Ахмедия – аға жұмыскер
72. Баймағанбетов Молдабай – майлаушы
73. Сейтжанов Камал – подкачик
74. Көмекбаев Қасымбек – медолом
75. Дүйсенов Байбосын – көмір салушы
76. Жанұзаков Әбжамал – көмip салушы
77. Баймолдин Әбділда – көмip салушы
Правообладателям!
Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.Читателям!
Оплатили, но не знаете что делать дальше?