Текст книги "Шежірем сыр шертсе"
Автор книги: Тажис Мынжасар
Жанр: Жанр неизвестен
Возрастные ограничения: +12
сообщить о неприемлемом содержимом
Текущая страница: 10 (всего у книги 29 страниц) [доступный отрывок для чтения: 10 страниц]
Бәрі де Шөмен бабамыздың кең пейіл, үлкен жүректі, ақылды, даналығының арқасы екендігі даусыз. Бабамыздың бұл мінез-құлқын оның әйгілі ұрпағы, екі тілді де жетік меңгерген, 1864 –1865 жылдардан бастап бірнеше рулардың биі болған, кезінде Николай ІІ-нің 1894 жылы Мәскеуде өткізілген таққа отыру тойына қатысқан, халқының тілі мен ділін дамытуға, екі ел арасындағы байланысты дамытуға белсене атсалысқан, сол үшін де Түркістан генерал-губернаторы бұйрығымен алтын медаль мен иығына ілетін жібектен тоқылған Станиславский таспасымен марапатталған Бақа би Айбекұлының өзіне сәлем беруге келген Әлімнің Жетес биімен болған екі арадағы әңгіме-дүкенінен де жақсы аңғаруға болады.
Бақа би сол отырыста Жетес биге былай деп сауал қояды: «Әлім–Шөмен бірге туғаны рас қой, ағайынды адамдар бір-біріне қамқоршы болуы да керек. Шөмен атаның балалары момын, ешкімге залалы жоқ, ал Әлім атамның балалары бізге зорлық жасайды, малымызды қымқырып тұрады. Ағайынның осынысы дұрыс па?»,-дейді. Жетес би: «Әлім–Шөмен бірге туғанымен мінез-құлықтарының әртүрлі болуының себептері бар ғой. Анамыз Шөменді көтергенде құнан қойдың құйқалы етіне, ал Әлімді көтергенде қасқырдың етіне жерік болыпты деген сөздер бар. Мүмкін осы жағдай себеп болған шығар»,-депті.
Біз осы және жоғарыда айтылып кеткен жайлардан Шөменнің кісілікті сыйлаған, әділдікті, турашылдықты жақтаған, мал, дүниені адал еңбекпен табуды дұрыс санаған, мұқтаж жақындарына қолынан келсе қамқорлығын аямаған қайрымды, сабырлы жан болғандығын байқаймыз. Әйтпесе, ағасы Байсарының жетім баласы Бозаншар Әлімнің әпербақан алты ұлынан шетқақпайлық, зәбір көргенде өзгеге емес, Шөменге пана, қорған іздеп барғаны бекер емес ғой. Ол оның бетінен қақпайтын қайрымдылығын, білді емес пе? Шежіре айтпақшы, сонда Шөмен баба Әлім ұлдарының жүгенсіздігіне қатты қапаланып, ашуланған жоқ па? Бұл да оның имандылығы емес пе еді?
Шөмен бабамызды, міне, осындай сөзіне, дініне берік қырынан да тани білуіміз керек сияқты. Бүгінгі өскен, өркендеген кете руының қалыптасуына ол кісінің сіңірген еңбегі осындай. Мұны кетелер жағы білетін шығар деп ойлаймыз. Шөмекей ұрпағы мен қалың кетені бір-бірімен жақындатып, туыстастыратын да осы жайлар–Шөменнің кетелерге әкесіндей қамқорлық етуі, Шөмекей мен Төменқожа кетенің бір әкеден туған ағалы-інілі бауыр екендіктері.
Сыр ақыны Әлиакбар Жұматайұлының төмендегі «Шежіре өлеңіндегі»:
Баласы Қаракесек Әлім, Шөмен,
Болыпты бұлар үшеу Байсарымен.
Бозанша Байсарыдан жетім қалып,
Қайғырып, қаршадайынан шөккен Шөмен.
Асырайды Бозаншаны Әлім алып,
Еншілес еткен оны малын салып.
Әлімнің алты ұлымен сыйыса алмай
Шөменге жүрген екен қашып барып.
Бозанша қатарынан болды мықты.
Өзгеден өз күшімен озып шықты.
Бір күні тойға барып төбелесіп,
Әлімнің төрт баласын ұрып жықты.
Әлімге бұдан былай сыйыса алмай,
Шөменге қашып келіп паналаған.
Болыпты Байқожаның он екі ұлы,
Біледі, айта қалсам, әркім оны.
Әуелі Алтын, Жаппас,Серкешпенен,
Бұлардың Тана, Масқар тағы бірі.
Байбақты, Алаша мен Адай, Беріш,
Дей алмас бұл сөзімді ешкім теріс.
Ыстық пен Есентемір, тағы да Таз,
Бойынан Маңғыстаудың алған өріс.
Бұларды Байұлы деп атап кеткен,
Болған соң ұшан-байтақ, жері кеңіс.
Сәдірден тағы туды жеті бала,
Кердері, Керейтпенен болған аға.
Біріккен ауыздары ала болып,
Жайлайтын Сырдың бойын Табын, Тама.
Телеу мен Рамадан қатар көшіп,
Болмаған белгілі орын бұл арада.
Арқада Жағалбайлы жалғыз көшіп,
Жай болған Жайық деген үлкен сала.
Әлімнен алты бала желдей есіп,
Жүріпті жазы-қысы бірге көшіп.
Қапталын Қаратеңіздің мекен етіп,
Өрбіген осы арада өніп-өсіп.
Аттары балдарының Айнық, Шекті,
Тағы да деген Болат, Шіңгір депті.
Төртқара, Қаракесек енді екеуі,
Байлықпен жаңғыртады жер мен көкті.
Сабаған салдарынан Бозаншаны,
Шөменмен қөпке дейін болған кекті.
Бұдан да Аспан, Бозғыл, туды Көнек,
Тоқа. Дөйт бір қатыннан тағы бөлек.
Дөйтінің тұқымы аз болғандықтан,
Қалыпты ұран аты «Дойт, Дөйт!».
Басқасы Төрт Шөмекей атақ алып,
Солардан біраз халық өсіп-өнед.
Бозанша қайратына жүрді бай боп,
Бой тіктеп, ержеткесін көңілі жай боп.– деген
(Т.Дайрабаев. Кете–Шөмекей шежіресі.
Алматы «Ана тілі», 1995 ж.,9 б.)
жыр жолдары да бізге Бозаншар мен Әлім ұлдары арасында орын алған, жоғарыда әңгімемізге арқау болған, қарым-қатынас пен мінез-құлық қайшылықтары жайлы сыр шашады. Сондай-ақ Шөмекей мен оның ұрпақтар хақынан да бірқатар ақпар береді.
Жоғарыда аты ауызға алынған Шөменнің ұлы Төменқожадан Томпақ, Сары тарайды. Сарыдан Асан, Жанбақты, Құлыс туады. Асаннан Қарабазар, Қарпық, Киікші тарайды, кейде бұларға Кедей ұрпағы да қосылып кетеді. Осы Сарының ұрпақтары ел ішінде ақкете аталып кетеді. Бұл Мақсұт Неталиевтің де (5 б.), Тынышбек Дайрабаевтың да (7 б.) аталмыш шежірелерінде осылай делінеді. Ендеше, жаңағы біздің Төменқожа да кетелердің қатарына кіреді деген топшылауымыз дұрыс болып шыққанын көреміз.
Тайқожа ұрпақтары да осылай аталатындығын жоғарыда тілге тиек еткенбіз. Ақкетелер сапы мен қатары осылай молайып, түрленіп отырды деп айтуға болады. Тайқожадан–Тұрсынбай, Қараш. Тұрсынбайдан–Нұртаза, одан–Мұңайтпас. Мұңайтпастан–Багадден, Жамаладден. Багадденнен–Шалқошқар, Байқошқар, Аққошқар. 1)Шалқошқардан–Бейімбет. 2) Байқошқардан–Ешімбет, Досымбет, Базаркелді. 3)Аққошқардан–Айдар, Әлмәмбет. Айдардан–Намазқұл, Дәулет, Болпыш, Көбек, Асан. Осы Болпыштан атақты Әжібай би мен Арал батыр дүниеге келеді. Әжібай бидің 9 ұлы болды. Солардың ішінен Балта, Сары, Жаман ұрпақтары «Жеті арыс Естек кете» деп аталды. М.Тынышпаевтың зертеу еңбегі мен Т.Дайрабаевтың шежілерінде айтылатын Ресейдің Ачинск қаласына тақау жерден ағатын Үлкен және Кіші Кет өзендері бойын мекендеген Кет естектері осы «Жеті арыс Естек кетелер» екендігі ешбір күмән туғызбайды. Қараштан–Алтыншы. Одан–Шүрегей.
Қаракете мен Ақкетенің шығу тарихы шамамен осындай. Әлімұлы бірлестігіне кіретін кейбір ата, рулардың бір-бірімен кірігіп, байланысып жататын ара жігін осылай ашар едік. Сонымен, Байсарыдан–Бозаншар, Майлыбай туатындығы, соңғысы әкесімен бірге соғысқа қатысып, сонда жастай қаза тапқандықтан артында ұрпақ қалдырмағандығы, Бозаншардан–Адамқожа тарайтындығы, Байсары Сәдуді жастау ұлына еншілес болсын деп асырап алғандығы туралы да жоғарыда айтып кеттік. Бұл жөнінде ақын, жазушы Қанатбай Елеусізұлының 2001 жылы Алматы қаласында «Жазушы» баспасынан шыққан «Шежіре-дастан» деген кітабында мынандай дерек бар:
Бозаншарға еншілес–Сәду деген,
Байсары бала қылып қадірлеген.
Сәдуден Сәбден туған, одан Ожырай,
Ешкім жоқ тегін бөліп жәбірлеген.
Мақсұт Неталиевтің «Кіші жүз шежіресінен де Сәду тегіне қатысты: «…ағайынды Асанқожа мен Алқожа жаугершілікте өледі де, Асанқожаның жесіріне Сәду және Салау деген екі ұл ілесіп келеді. Қыдырқожа бай оларды аса ұнатпаса керек, Сәдуді–көзі өткір әрі тіксінген ұсқынына қарап, «Ожырайған неме екенсің» деп, ал Салауды–үнемі бұт жағын ашып жүргендіктен «Бұтын жаппас» деп атаған екен дейтін аңыз бар. Содан ауыл-аймағы: «Ожырай-ожырай» деп өзін кекетіп, мұқата берген соң Сәду ашуланып, Сыр бойындағы нағашы жұртына қашып кетеді. Бай өзінен туған Алтын дейтін қызды Жаппасқа еншілес етіп, көшіп кеткен Ожырайдың (Сәдудің) жұртына апарып қондырады. «Ожырай кетсе орнына–Жаппас қонар жұртына» дейтін мәтел содан қалған деседі»,– деген қызғылықты деректерді ұшыратуға болады («Атамекен». 2002 ж. 8 наурыз. 5 б.).
Осыдан барып Қыдырқожа ұрпағынан тарайтын «Он екі ата Байұлындағы» Алтын, Жаппас аталары Сәдуге туыс екендігі шығады. Ал қашып барған Сәдуді Байсары өзіне сол кездері жақын тартып, асырап алғандығы белгілі. Демек, Сәдуден тарайтын «Әлімұлындагы» ожырай кетелер түбі «Он екі ата Байұлынан» екендігін ескертіп кетпекпіз. Ал Адамқожаның Қарасынан кімдер тарайтыны жоғарыда айтылды. Ожырай кетеден–Жәлімбет, Жәрімбет.1)Жәлімбеттен–Мырза, Бейімбет. Мырзадан–Рысқұл, Қайдос, Құттымбет, Жамбай, Жолдыбай, Әжімбет. Рысқұлдан–Құдайсүгір, Дәулетімбет, Қалыбек. Одан–Тайсоймас, Қойсоймас, Әди, Тіней. 2) Жәрімбеттен–Құрманқожа, Төлен, Алдияр, Бөтеке. Құрманқожадан–Темірәлі, Қалқаман, Сейтек, Бекбау. Төленнен–Есенғұл, Ырсай, тағысы тағылары солай болып кете береді.
Ендеше, Бозаншар, Тайқожа, Төменқожадан кейін Әйтеке би айтқан төртінші кете–осы Бозаншардың еншілес інісі Ожырай кете аталған Сәду деп санаймыз. Сәдудің ұлы Сәбден де, оның ұрпақтары да бірқатар шежірелерде көбіне-көп өз аты емес, осы ныспымен аталады. Оны жоғарыдағы өлең жолдарынан да көріп отырмыз. Кетені таратуда кемшіліктер кетсе, кете нағашыларым жиендерін айыпқа бұйырмай, кем-кетік жерлерін өздері түзетіп, толықтырып алар деп ойлаймын. Біздікі жалпы мағлұмат беру ғана еді.
Исатай–Махамбет көтерілісінің жалынды жаршысы, атақты жырау, шежіреші Шернияз Жарылғасұлы (1817–1881) кетелерді кезінде «Үш таңбалы кете» деп атағандығына орай оларды үш атадан таратқысы келетіндер де бар. Мұндай тұжырым ұстануға өз шежірелерінде Мақсұт Неталиев те, Тынышбек Дайрабаев та кетәрі емес. Бірақ бұл біраз бұрын біз айтқан хан сайлауында төрт кетені қосып, «Кіші жүздің» атынан санап тұрып 33 шар тастатқан Әйтеке би жөніндегі тарихи дерекпен сәйкес келмей қалатындығы анық. Мәселен Т.Дайрабаев өз шежіресінде бұл туралы: «Оны атақты ақын (Ақкете) Шернияз Жарылқасынұлының (1807–1867) Сырым батырдың ұлы Қазы бидің зорлығына шыдамай айтқан мына өлеңінен байқауға болады:
…Алдыңа арым жібермен,
Үш таңбалы Кетенің
Тұқымы бітіп, қырылмай…
Осындағы «үш таңбалы» дегенде мән бар. Бұл бір анадан–үшеу, үш атадан үшеу екенін мегзейді»,– деп кете аталарының санын үш дегісі келеді. Біздіңше бұл жаңсақ пікір. Топшылауымызша, бұл жерде Шернияз ақын Әйтеке би айтқан Ожырай кетені қосқандағы төрт кетені емес, өзімен қандас, жақын, бір анадан туған, бұл үшін жан беріп, жан алысатын үш әйгілі кетені айтып отыр. Бұдан кетелер саны жалпы үшеу екен деп қалмау керектігін айтқымыз келеді. Өйткені Әйтеке бидің кезіндегі 4 ата кете 200 шамалы жылдан кейін Шернияз ақынның заманында көбеймесе, үшеу болып кемімеуі керек еді ғой деп ойлаймыз.
Т.Дайрабаев шежіресінде Шернияздың туған, өлген жылдарын да дұрыс көрсетпейді. Энциклопедиялық ғылыми деректерге жүгінер болсақ ол жоғарыда біз түзетіп бергендей басқаша болуы керек. Бұл ретте біздер Т.Дайрабаев тұжырымына да, одан екі ғасыр бұрын өмір сүрген Шернияз мәліметтеріне де емес, қай жерде, кімнің қатысуымен өткені белгілі хан сайлауында кімнің кімдердің атынан нақтылы қанша шар салып, дауысқа қатысқандығын растап беретін, мөр басылып, бекітілген көне қаттама қағаздар мен цифрлармен сөйлейтін «Кіші жүздің» аты алты алашқа әйгілі төбе биі Әйтеке биге қатысты айтылған мұрағат ақпарына көбірек сенуге бейімбіз. Мұны тәппіштеп айтып отырған себебіміз кетенің үш ата емес, о баста төрт атадан тарағанын кейінгі ұрпақ кейбір шежірешілердің осылай мәселеге терең бойламай, үстірт айта салған деректеріне сүйеніп шатастырып алмаса екен деген ниет.
Т.Дайрабаев шежіресінде кетелердің ақ, қара, ожырай деп аталу төркініне қатысты: «Бозаншардың түрі қара, Тойқожаның түрі ақ болғандықтан, жеңгелері аттарын атамай, бірін қара, бірін ақ кете деп атап кетіпті деген…» ( 7-б.), сондай-ақ: «Тағы бір деректе Кетенің 2 баласы істі болып, бірі ақталып, бірі қараланып, содан Қаракете, Ақкете аталынды десе, Ожырай кете орынсыз мінез көрсетіп, ожырайғандықтан да, «Ожырай» аталыпты делінеді. Қайсысы болса да қисынға келеді» (8 б.) дейді. Ал бұған біздің таласымыз жоқ, солай болса, солай да шығар.
Т.Дайрабаев шежіресі көп еңбекті талап еткен үлкен дүние екендігі сөзсіз. Оған күмән жоқ. Ол сияқты ру-жүз шежірелерін жинап жазып жүрген жандар бүгінде шамалы, саусақпен санарлық ғана. Ол тек шежіреші ғана емес, әрі ақын, әрі жазушы, әрі тарихшы, әрі этнограф, еліне еңбегі сіңген қайраткер. Бұл сияқты азаматтардың арамыздан шыққандығына, әлбетте, қуанып, Аллаһқа шүкіршілік айтамыз. Бірақ артықшылықтарымен бірге жазуында кеткен осындай бір ішнәрә кемшіліктерін көре тұра айтпай кету бізге қиын. Бәлкім, үндемес пе едік, бірақ кейінгі жазуларынан бұдан басқа да бірқатар кем-кетік жерлерін көріп, шежіре жазу үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететіндіктен тоқтай алмадық.
Мәселен, Келте тонды Келменбет шежіресін алсаңыз, Келменбеттің баласы Әлдеберлі есімін оның лақап аты деп береді. Онда бүгінгі біздердің аталарымызды таратуында да кемістіктер кетеді. Қалабай бабаны Әлібек, Мырзабай аталарымызбен қосып үш ағайынды етіп көрсететін, оларды Әділдің екінші ұлы Бұқардан таратып, ал Қалабайдың туған інісі Өтепті Әділдің бірінші ұлы Сұңқардан тарататын, сөйтіп екі атаның туыстығын бір буынға алыстатып тастайтын жерлері бар. Бұл жеті атамызды тура санап, туысқаншылығымыздың ара жігін дұрыс ажырата білуімізге мүмкіндік бермейтіндігі мәлім. Тап қазір қыз беріп, қыз алысайын деп жатқан әрине ешкім жоқ, бірақ кім білсін, алда-жалда кейінгі ұрпақтарымыздың арасында ондай жағдайлар туа қалса, мұның туысқаншылығымызға нұқсан келтіріп, орны толмас үлкен олқылықтарға алып келетіндігі әбден-ақ мүмкін. Оның шежіресінде сондай-ақ Өтептен тарайтын Шәдек ағамыздың, Қалабайдан тарқайтын Әлмахан көкеміздің, Қылышбай ағамыздың аттары да дұрыс берілмейді. Бірақ бұлар жалпы алғанда оның шежіресіне пәлендей бір үлкен нұқсан келтіріп тұр деп айта алмаймыз. Қай-қайсымыз болсын, алдымен соныкіндей шежіре жазып алайық дегіміз келеді.
12 бөлім
ШӨМЕКЕЙ
Шөмекейлік Келте тонды Келменбет ұрпақтарының есімі аузымызға тегіннен-тегін түспеген шығар деп ойлаймыз. Ендігі әңгіме кезегі «Әлімұлы» бірлестігіне кіретін соңғы аталық Шөмекей бабамыз хақында болмақ. Өз бабамыз болғандықтан еркін, көсіле жазу үшін әдейі әңгіменің соңына ысырып келдік. Шөмекей жоғарыда баяндаған кете әулетіне қамқоршы, қорған бола білген Шөмен бабамыздың бәйбішесінен туады. Ағасы Дойттың атын неге ұран қылғандығы жөнінде әңгіме арасында айтып кеттік. Таңбасы: Ω─V қаріптерімен кескіндес. Бірақ толық таңбасы кейінірек, Тамға тақырыбына жеткенде берілмек.
Шөмекей атасы мен атауының шығу тегі жөнінде филология ғылымдарының докторы, шежіре зерттеуші Әбілбек Нұрмағанбетұлы өзінің «Қазақ ру, тайпалары атауының төркіні» деген үлкен мақаласында былай дейді: «Шөмен, Шөмекейге сәйкес ру аттарын қытай жазба ескерткіштерінен де көреміз. Ғұндардың ұрпақтарына саналатын рулар ішінде Чуми, Чубандар бар (Гумилёв Л.Н. «Древние тюрки». М., 1967. 214-б.). Бұлардың қай-қайсысы болса да дыбыс құрамы жағынан Шөменмен барабар. Әсіресе, соңғы «чу-бань» атауы «шөмен» болып өзгеруге бейім. Ал Шөмекей тайпасы болса, ол шежіредегідей Шөменнен тумай, ерте кездердің өзінде-ақ Шөменмен қатар көрінеді. Бірақ екеуінің туыстас екендігі туралы дерек те бар. VII ғасырда (641 ж.) Юкук ханға бағынғандар ішінде оңтүстік Тарбағатайда орналасқан Чумугунь руы болған (Гумилёв Л.Н. Сонда. 217-б.).
Қытай деректерінде кездесетін VII ғасырдағы Чумугунь руын Н.А.Аристовтың Кіші жүздегі Шөмекеймен сәйкестіруін («Заметки…», 78-б.) қолдаймыз.
Ертедегі Чумиге сәйкес руды саха халқының құрамынан да табамыз. Оларда бұл Чумет болып көрінеді. Мұндағы соңғы «т» дыбысын моңғол тіліндегі көптік жалғауы деп танысақ, Чуми руынан айырмасы жоқ десе де болғандай. Біздің ойымызша, сахалардағы Чумет–Кіші жүздегі Шөмен, Шөмекейімен тамырлас. Мұны құптарлықтай тағы бір дерек–Шөмекей ішінде Бақшақ деген ру бар. Дәл осы ру саха халқында «Бахчакы» болып та аталады (Пекарский Э.К. «Словарь якутского яз.», І том, 414-б.).
Қазақ халқы құрамындағы ру, тайпалардың басқа да халықтар ішінде кездесетіні сияқты Шөмекейдің өзі де содан өрбіген деп саналатын кейбір ру, тайпалардың ізі табылмайды емес. Мысалы, Бендер уезіндегі гагауз елді мекендерінің ішінде–Чишмекюю атауы бар (Мошков В.А. «Гагаузы…», №1, кн. XL IV 7-б.). Бұл атауды Шөмекеймен сәйкестіруге болады. Шөмекей тайпасының бір руы Аю. Мұның Орта жүздегі арғындар ішінде барлығын былай қойғанда, Башқұрт халқының Усерген руында да кездесетіндігін еске саламыз (Назаров П.К. «Этнографии башкир». «Этнографические обозрения» М. 1890, №1, кн. IV, 170-б.). Тіпті тұңғыс-мәнжу тобындағы халықтардың ішінде Чомохоғил руы кездеседі («Срав. сл. Тунг.-манч.языков». т.П. 406-б.).
«Шөмекей» атауының тұңғыш мағынасы нені аңғартатындығы жөнінде пікір айтушылар жоқ емес. Пікірдің дұрыс, бұрыстығы жөнінде төрелік айту қиын. Дегенмен, «шөмекей» сөзіне ұқсас тұлғалар басқа түрк, моңғол тілдерінде нендей мағынаға нұсқайтындығын мынадан аңғарамыз: башқұрттарда: «сөмөкәй» – өзен арнасындағы шұңқыр жер, тұңғиық («Баш.– рус.сл.», М. 1958); ноғайша: шомака–1.ас құятын ожау, шөміш, бақыраш («Ног..-рус. сл.», М. 1963); саха тілінде: суме–жілік майы; бурят тілінде: дәл осы мағынаны– «сэмэгэн» тұлғасын бере алады; моңғол тілінде: чуме–дән, чумуге– жеміс ішіндегі сүйек, дән, өзек мағыналарында қолданылады (Пекарский Э.К. «Словарь якутского яз.», т. П. 2392– б.); тұңғұс-мәнжу тілінде чэмэ–дән (Жоғарыда аталған сөздік, т.П. 421-б.).
«Шөмекей» сөзімен тұлғалас бұл көрсетілгендердің ішінде біздің көңілімізге қонымдысы және тайпа атауына сәйкестіруге жақыны–моңғол тіліндегі «чуме», «чумуге» дыбыстық құрамдағы сөздердің мағынасы. Өйткені бұл мағына бірнеше рудың басын қосып, ұйтқы, өзек саналатын Шөмен немесе Шөмекей тайпасының сипатына сәйкес те лайықты. Сөйтіп, Шөмекей–тайпа атауының тұңғыш мағынасы–дән, өзек ұғымын түсіндірген деген жорамалға ерік бердік» («Ана тілі» газеті. 27.05.2005 ж.). Осы орайда Шөмекей атауының алдағы келтірер деректерімізде шумекей, чомекей, чумекей, чюмекей, чумякей, чоман, чумань, чумугун, шөмен, шумын, шумуғұн деп түрліше атала беретіндігін еске сала кетпекпіз.
Шөмекейлердің 7 ғасырда Шумын, Шумуғұн аттарымен Шу өзенінің батыс жағындағы жерлерді мекендегенін, 654 жылы қара қытайлармен болған жан беріп, жан алысқан үлкен қанды шайқаста біразының қырылып кеткендігін, ал 700 жылы Батыс Түрік қағанатының құрамында жүргенде сандары қайта өсіп, 40 мың жауынгерге жеткендігі туралы өзінің «Кете–Шөмекей шежіресінде» зерттеуші Тынышбек Дайрабаев та біраз мәліметтер береді. Мұны ол әңгімеміздің басында тілге тиек еткен, өзімізге белгілі ғалым М.Тынышпаевтың «Қазақ руларының генеалогиясы» деген танымал еңбегіне сүйене отырып бергендігі көрініп тұр. М.Тынышпаев онда былай дейді: «В середине 6 века Семиречье было завоевано тюрками, вышедшими из Алтая. По китайским данным в 7 веке к западу от р. Чу жили поколения чумынь, чумугунь. В 654 году китайцы напали на чумугунь, разрушили столицу их, убили 30 тысяч чумугунов… Около 700 годов у западно-тюркского хана было 40.000 войск из племени чумугуя. В 724–744 г.г., потерпев поражения от соединённых сил уйгуров и карлуков, чумугии бежали на запад.
В книге «Диуан лугат ат-турк», написанный в 1073 году, почти одновременно с «Кудатку-блик» (1069 г.) на берегах р. Чу упоминается племя чеклы.
У группы каракесек (алимулы, чомекей и кете) старинный уран (боевой клич) – доит; один из подродов алима–чекты (или чеклы). На юго-запад от Кашгара в восточной части Алайских гор в настоящее время проживают кара-киргизи – роды каракесек, тоит; с давних пор живут рядом и по преданиям, родственны.
Таким образом, каракесек и доит (тоит) встречаются одновпеменно у киргиз младшей Орды и у кара-киргиз, причём эти наименования и там и тут тесно связаны. Отсюда можно сделать такой вывод: среди тюрок пришедших из Алтая на берега р. Чу в середине 6 века были роды чумен и чумекей, от которых могла получить своё название р. Чу. (Заметим кстати, что на Алтае, южнее Телецкого озера есть река Чу или Чуя, Чуйская степь и Чуйские белки.Эти географические названия находятся вблизи р. Черкиш, о которой было сказано выше).
В течение 2 веков (550–740) на берегах р. Чу они составляли ядро западно-тюркского государства и в 742–744 годах уйгурами и карлуками были разрезаны на 2 части – большая часть бежала на запад, меньшая через горы ушла в Кашгарию. Киргизсая группа, повидимому всё время жила в низовьях р. Сыр-Дарьи и к востоку от Аральского моря".
Т. Дайрабаев ғалым сөзін әрі қарай: «Шу бойына алтыншы ғасырда келген түркілер Шөмен немесе Шөмекей рулары еді, Қаракесек тобы (Кете–Шөмекей) XV–XVI ғасырларда Сырдарияның төменгі ағысында өмір сүрсе керек. Бертін келе Орал, Торғай, Сырдария облысының Қазалы, Перовск уездерін мекендепті. Қазір бұл аталықтың ұрпақтары Қарақалпақстанда, Өзбекстанның Бұқара, Науаи облыстарындағы Тамды ауданында да өмір сүруде. Қазіргі көшіп-қону кезінде олар Қазақстанның барлық өңіріне қоныстанды деуге болады.
Жалпы, Шөмекей руының арғы тегі түркі тілдес халықтармен бірге өмір сүрген»,-деп жалғастырады.
Енді Шөмекейлер туралы Қазақ Совет энциклопедиясы не дейді екен, соған жүгініп көрейік. "Шөмекей–көне түркі тайпасы. Қазақ шежіресі бойынша, Әлімұлы бірлестігіне жатады. Одан, Аспан, Бозғыл, Көнек, Тоқа аталары өрбіген. Жазба деректерге қарағанда, қазақ халқының негізін қалыптастыруға қатысқан ежелгі тайпалардың бірі. Н.А. Аристов, Г. Грумм-Гржимайло шығыс жазбаларына сүйеніп, 6 ғ-да Барлық пен Тянь-Шань аралығын мекен еткен Шу тайпаларының құрамындағы Чумугунь деген байламға келген. Қытай жылнамасындағы дерек бойынша, 654 ж. қытайлар Шу бойындағы Чумугунь, Чумынь тайпасына шабуыл жасап, 30 мың адамын өлтірген. Бұл тайпалар Батыс-Түрік қағандығының құрамында еді. Ал 6–7 ғ-да Чумугунь Дулат тайпалар бірлестігі Үрбінің (Юебань) құрамындағы ел болғаны белгілі. Т.А Жданконың зерттеуінде Ш-дің Тәнке тармағы Қарақалпақтың құрамында бар. Бұдан Аппа, Құйын, Айтеке, Шеруші рулары тараған. Ш. Ұлы Окт. революциясына дейін Қазалы у-індегі Сырдың төменгі сағасын 5.646 түтін, Перовск у-нің солт.-шығ. жағын 610 түтін, Ырғыз у-нің шығ. Жағындағы Кенжеқара, Тәуіп, Аманкөл болысын, Ақтөбе у-нің шығ. жағын мекен еткен. Ұраны–Дойт" (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1978 ж., 12 т., 278 б.).
Жоғарыда М. Тынышпаев еңбегінде Шөмен, Шөмекей руларының Шу өзені бойын мекендегендігі, өзен аты осы рулар атынан туындап отырғандығы айтылды. Шындығында, Шөмен, Шөмекей атаулары көне түркі, шағатай тілдерінде Шумын, Шумугун немесе Шумугуй деп дыбысталатын болса, өзеннің осы сөздердің алғашқы буынымен Шу аталуы таңғаларлық жай емес екендігі белгілі. Бірақ бізге маңыздылығы оның қай жылдардан бастап осылай атала бастағандығы. Өйткені бұл арқылы аталмыш алқаптың қай кездері бабаларымызға тиесілі болғандығын, осыған орай олардың осы атпен тарих сахнасына қай мезгілдері шыққандығын, қай уақыттарда жасағандығын анықтауға болады. Жоғарыда М.Тынышпаев мұны 6 ғасырдың ортасы деп отырғандығын айтып кеттік. Дегенмен, мәселе әрі қарай да терең де толығырақ зерттеуді қажет ететіндігі анық.
Қазақ Совет энциклопедиясында Шу өзені хақында мынандай деректер беріледі: «Шу–Қырғызстан мен Қазақстан жеріндегі өзен. Ұз.1186 км, су жин. алқабы 38400 км2. Тянь-Шань тауынан басталатын Жуанарық және Қашқар ө-дерінің қосылған жерінен Ш. аталады» (Алматы. 1978 ж. 12 т. 290 б.).
«Шу» атануына байланысты ел аузында айтылып жүрген аңыздардың бірі–өзен ит тұмсығы өтпейтін ну қамысты болыпты да, осы өңірдің тентек бораны мен долы желі ұйтқи соққан кезде олар қатты сусылдап шу шығарады екен, содан Шу аталып кетсе керек. Екіншісі–өзен Еренқабырғадан (Тянь-Шань тауының бұрынғы атауы) буырқанып-бұрсанып, шулап бастау алатындықтан жұрт солай атап кеткен көрінеді. Әлбетте, бұл аңыздар шындықтың ауылынан алыс екендігі анық. Біздіңше, шындықты анықтау үшін тарихи деректерге жүгінгеніміз абзал сияқты.
ШӨМЕКЕЙЛЕР МЕН ШУ ХАҚАН
Осы орайда журналист-зерттеуші Жақан Тайжанұлы Қожағұловтың 2004 жылы 13 қаңтарда «Ақжол» газетінің 6-санында жарияланған «Шу» атауы қайдан шыққан?» деген көлемді мақаласы бұл мәселені шешуімізге көмектесе алады деп ойлаймыз. Ендеше, осы материал мәліметтеріне көңіл аударып көрейік. «Иә, көне заман авторларының деректеріне қарағанда V ғасырда Шу мен Амудария алқабын исседондар (скифтер) қоныстанған. Дәлірек айтсақ, бұл жайында сол кездегі Аристей, Птоломей де деректер қалдырған. Қытай шежіресіне сүйенген берідегі ғалымдар (А.Бернштам, Ғ.Мұсабаев, Қ.А.Ақышев, Г.А.Кушаев) мұны үйсін тайпасы деген болжам айтады»,– дейді зерттеуші.
Шындығында да исседондар мен үйсіндер сөздерін салыстырып қарайтын болсаңыз, бұлардың дыбысталуында ұқсастық бар екендігін, бірі екіншісінің транскрипциясы болуы мүмкін екендігін айыру қиын емес. Жоғарыда ғалым М.Тынышпаевтың да, шежіреші Т.Дайрабаевтың да, энциклопедия материалдарында да чумынь, чумугунь жұртының өзге туысқан түркі тайпаларымен, үйсін, оның ішінде дулу (дулат) руларымен іргелес, аралас тұрғандықтары туралы айтылады. Сондықтан Шу мен Амудария алқабын үзілді-кесілді тек шөмекейлерге тиесілі жер деуден, әрине, аулақпыз. Бұл деректердің біз үшін құндылығы–аталмыш шумындардың ұйғырларға да, қарлұқтарға да, үйсіндерге де, дулаттарға да жатпайтын өзге, дербес жұрт екендігін ашып көрсетуінде.
Мақаладағы: «Франция королі IX Людовик мәмлегерлікпен жіберген Вильям Рубрук 1233 жылдың күзінде осы Шу жеріне табан тірейді. Осыдан сәл кейін қос өрімдей қос өзенді Рим папасы IV Иннокентий аттандырған итальяндық Плано Карпини кесіп өтті»,-дейтін деректерге сүйенер болсақ, Шу атауының 13 ғасырда-ақ белгілі болғандығын көреміз.
Ал егер автордың: «Мұхаммед Хайдар бабамыз өзінің „Тарих-и Раши-ди“ атты кітабын 1544−1546 жылдардың шамасында Кашмирде жазған. Осыған қарағанда, біздің өлкеміз бен өзеніміздің „Шу“ деп аталуы 1253 жылғы француз мәмлегері Вильям Рубруктың жолжазбасынан да, Қозыбастағы 1456 жылы Қазақ хандығы тұсауының кесіліп, бөрілі байрағы көтеріліп, Керей сұлтанды хан көтеруден де әріде жатыр",– деген сөздеріне көңіл бөлер болсақ, «Шу» атауының 13–15 ғасырлардан бұрын да мәлім болғандығын аңғарамыз.
Ғалымдарымыз Қ.Бекетаев пен Ә.Ибатовтар қазақ тіліне ықшамдап аударған, Баласағұнда дүниеге келген, барсаған руынан шыққан ортағасырлық атақты, оқымысты тарихшы Махмуд Қашқаридің 1029−1038 жылдары жазған «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі тілдерінің лұғаты») атты ғылыми еңбегінің «Түркі халықтарының мекен-жайлары мен тау-теңіздері» деген бөлімінде жазылған: "Шу–Баласағұнға жақын шаһар",-деген жолдар осы ойымызды қуаттайды. Демек, бұдан «Шу»этнонимі XI ғасырларда да белгілі болғандығы анық.
Ж.Т.Қожағұлов мақаласында айтылатын: «Оны айтасыз, XI ғасырда жарты әлемді жаулап алуға аттанған шығыстың қаһарлы хақаны Шыңғыс тұсында күні ертеңгі қатерлі шапқыншылықтан қауіптеніп, мәмлегерлікпен Қарақорымға аттанған батыс елшілері де тұла бойы тұнған байлық–жер жәннаты Шу мен Таласты көріп таңдай қағысқан»,-деген жолдар да осы ойымыздың үдесінен шығады.
Ал, автордың: «Сатұқ, Боғра-хан негізін қалаған Қарахан мемлекеті де 940–1212 жылдар аралығында Амудария мен Сырдарияның төменгі ағысынан бастап, шығысында Жетісу мен Қашқарға дейінгі өлкеде екі ғасыр бойы билігін жүргізді… Аталған іргелі мемлекеттің де астанасы, мәдени орталығы әуелде Қашқар, кейіннен осы Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласы (қазіргі Шу ауданы, Баласағұн ауылы) болған»,-деген жазу жолдары Шу өзені топонимі мәшһүр болған уақытты 10 ғасырдың басына қарай ысырып тастайтындығын көреміз.
Ал зерттеуші, ғалымдар В.В.Востров пен М.С.Муканов қазақ ру-тайпалары тамғаларын салыстыра қарай отырып былай дейді: «Как известно, племя чу-му-гунь входило в VI–VII вв. в союз племён дулу, которые являются предками дулатов (Старший жуз), однако ни тамговые знаки рода чумекей, ни их уран не свидетельствуют о их родстве. Вместе с тем основная тамга чумекей (по Аманжолову) или (по Гродекову и Тынышпаеву) аналогична (особенно первая) с общей алшинской тамгой. Это свидетельствует о том, что род чумекей входил в состав алшинов очень давно»,-дейді. Өзге деректерге сүйенер болсақ, бұл айтылған тұжырымдардың жаны бар.
Осы орайда олардың: «В этой связи некоторый интерес представляет несколько наивное представление А.Левшина о происхождении этого рода. Он пишет: «Чумякейский род Меньшей орды полагает, что он прежде не принадлежал к киргиз-казахам… и получил своё название от хана своего Чумякея, который во вражде с Чингисом отложился от него и пришёл с привержанцами своими в места, ныне занимаемые Средней ордою. Потомок его Аюсрым, завледев окрестностями реки Сарысу, отдал единственную свою наследницу-дочь в замужество за сына Алима (родоначальник Алимулинского поколения), отчего и подданные его соединились с киргиз-казахами»,-деп А.Левшинге айтылған сыни пікірлеріне толық қосыламыз (Интернет. Ру (род) – Шомекей / История происхождения рода / Asekbook Ас Кос. 29.03.2011. Просмотров (10032). Метки: история происхождения рода).
Ал Ж.Т.Қожағұловтың: «Қытайдың ұлы тарихшысы Сыма Цянь бір дерегінде: «Шу–бір үлкен қала. Күнбатыста, Қытайдан алыс жерде тұрады, маңайы шөл. Онда тұрушылар өзінің әдеті, заңы бойынша мал өсіретін жүндер (ғұндар)»,-деген мәтін жолдары (Сыма Цянь. Тарихи жазбалар. 40 тарау) Шумындарды б.з. 55–93 жылдары өмір сүрген әйгілі ғұндар дәуіріне дейін жылжытып тастайды Бұлай дейтін себебіміз, қытай тарихшысы тілге тиек етіп отырған Шу қаласын мекендеуші ғұндар, яғни Шу+ғұндары сөзін талдай келе оның транскрипцияға ұшыраған Шумын+ғұндары және одан өрбитін Шумуғұндар сөздерімен астарлас екені еш талас туғызбайды. Ал осы «ғұн» сөзімен аяқталатын Шумуғұн сөзі түркі тіліндегі "ш" дыбысын "ч" деп сөйлеуге бейім орыс деректерінен алынған Чумугун сөзі емей немене дегіңіз келеді. Мәселен олар күні бүгінге дейін Шу өзені мен Шу, Шымкент қалалары, Шоқан, Шыңғыс, тағы басқа осындай жер, су, адам атауларын ауызекі тілде "ч" деп сөйлеуден бір танбайды ғой.
Сонымен бұл деректер бойынша шөмекейлерді атақты ғұндар ұрпағынан бастау алады деп те тұжырымдауға болады. Осы деректерге сүйене отырып, чумынь, мен чумугунь жұртын түрлі халықтардың аузында түрліше дыбысталып жүрген бір ру-тайпаның атауы деп те санағымыз келеді.
Ал егер осы мақаладағы белгілі шығыстанушы тюрколог ғалым, орыс этнографы, археологы В.В.Радловтың: «Шу қаласы салынғанда Сайрам, Талас, Баласағұн қалалары жоқ болатын»,-деген анықтамасын негізге алар болсақ, Шу этнонимінің тарихын тіпті 2000 жылдан әріге асырып тастауға болады. Өйткені ғалымның мұндағы Талас қаласы деп отырғаны бүгінгі Тараз қаласы. Ал Тараздың 2000 жылдық мерей тойын 2002 жылы бүкіл ел болып дүркіретіп тойлағанымыз кімнің болса да есінде.
Ғұндар атауы сөз болғасын айта кетейік, жоғарыдағы Баласағұн атауына қатысты өз жанымыздан қосарымыз–Баласағұн сөзі Баласы+ғұн, яғни ғұн баласы деген тіркес этимологиясынан шықпады ма екен деген ой. Егер солай болса, бұл Шу+ғұндарының ұрпағы болып саналатын Баласағұн алқабын мекендеген қалың жұрттың та шөмекейлерден екендігін дәлелдейтін тағы бір тың дерек болмақ.
Жоғарыда зерттеуші Жақан Тайжанұлы Қожағұлов айтпақшы, ортағасырлық атақты оқымысты, тарихшы Махмуд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінің келесі бір «Түркі халықтары мен тайпалары» деген бөлімінде «Шу» этнонимінің шығу төркініне қатысты тағы мынандай бағалы да қызғылықты мағлұматтар беріледі: "Зұлқарнайын Самарқандтан өтіп, түркі шаһарларына жол тартқанда түркілердің Шу есімді жас хақаны бар еді. Ол көп қосынға ие болатын. Баласағұнға жақын Шу қорғанын салдырып, өзі басқаратын. Осы қорғанның алдында күн сайын бектердің құрметіне үш жүз алпыс мәрте барабан соғылатын. Бұқаралары одан: «Зұлқарнайын жақындап қалды. Онымен соғысамыз ба, қандай жарлық бересіз?»,-деп сұрайды. Бұл кезде хақан Шу Хожент өзенінің бойына қарауыл қойып, Зұлқарнайынның сол өзеннен өтер уақытын хабарлап тұру мақсатымен шолғыншы топ – қырық тарханды жіберген екен…Зұлқарнайын өзеннен өтіпті. Шолғыншылар оның өзеннен өткенін сол түні-ақ хабарлапты. Хақан дереу дабыл қағып, түн ортасында шығысты бетке ұстап, жолға шығыпты…
Внимание! Это не конец книги.
Если начало книги вам понравилось, то полную версию можно приобрести у нашего партнёра - распространителя легального контента. Поддержите автора!Правообладателям!
Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.Читателям!
Оплатили, но не знаете что делать дальше?