Электронная библиотека » Тажис Мынжасар » » онлайн чтение - страница 8

Текст книги "Шежірем сыр шертсе"


  • Текст добавлен: 20 сентября 2017, 12:22


Автор книги: Тажис Мынжасар


Жанр: Жанр неизвестен


Возрастные ограничения: +12

сообщить о неприемлемом содержимом

Текущая страница: 8 (всего у книги 29 страниц) [доступный отрывок для чтения: 10 страниц]

Шрифт:
- 100% +

Әлбетте, бұл пікірді бұларша кесіп айта алмаймыз. Өйткені өзге зерттеушілердің де осындай өзіндік тұжырымдары барын білеміз. Мәселен, алшындардың шыққан тегіне қатысты жоғарыда аты аталып кеткен Шәкәрім Құдайбердіұлының да айтқандары бар. Ол: «Бұрыңғы кезде Алақшын деген ел болған, қытайша Пома дейді, қырғызбен нәсілдес. Алшын сонан шыққан болар»,-дейді. Шәкәрімдей шежіреші, данакөз ақынның айтқандарын елеусіз қалдыра алмайтынымыз анық. Біздіңше әңгіме, оның көрші қырғыз халқымен «нәсілдес» деген сөзіне орай, транскрипцияға ұшыраған Алақшын сөзінен туындап отырған Алшын атауы жөнінде болып отыр. Қырғыздармен нәсілдес болсақ нәсілдес шығармыз. Өйткені тіліміз де, діліміз де, дініміз де, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміз де ұқсас ғой. Міне, мұны ақын атамыз беріп отырған тыңнан да өткен тың дерек деуге болады.

Алшын ұрпағының қырғыздармен байланысы барын өз еңбегінде М.Тынышпаев та қозғап кетеді. Бірақ ол сөзін: «Қашқардың оңтүстік-батыс, Алтай тауларының шығыс бөлігінде қазіргі кезге дейін Қырғыздың Қаркесек, Дойт деген рулары тұрады. Олар ежелден қөрші тұрып келе жатқан қандас ел», – деп бастағанымен ойын соңында,– «Сол сияқты қазақтың Кіші жүзінде де бар. Демек, бұл рулар бір-бірімен тығыз байланысты»,-деп түйіндейді. Бізге салса, бұл байланыстың шешімі әңгімеміздің басында тілге тиек еткен Ұлы қоныс аудару заманында болған көш-қонның астарында жатыр. Біз Қаракесек, Дойт рулары түрлі себептермен ұлы көшке ілесе алмай, Алтай баурайында бөтен емес, нәсілдес, туысқан халық қырғыздар арасында қалып қойып, соларға сіңісіп кеткен, жаңа өзіміз баяндап кеткен алшын Әлімнің үлкен ұлы Ұланақ-Қаракесек пен Шөменнің Шөмекейіне аға Дойт ұрпақтарының сынығы дегіміз келеді. Бұл қисынға келетін сияқты. Сонымен Байсары, Әлім, Шөмендер мен Байұлы, Жетірудың шыққан тектері жайлы бізге мәлімі әзірге осы деректер.

Төменде жоғарыда баяндалған Жайылханнан Бозғыл аталарына дейін тарқатылар ұрпақтар кестесін назарларыңызға ұсынамыз. Мұнда түсінік пен зерделеуге жеңіл болу үшін тікелей өзіміз тарайтын буындар еліміздің көк байрағы секілді ашық көгілдір түспен берілді. Бозғылдан тарайтын былайғы ұрпақтар кеңейтіліп, кейінірек 5-кестеде берілді.

Осы жерде бір айтып, ескерте кететін жайт, жоғарыда жазған деректерімізден де көріп отырған шығарсыздар, шежіределерде алшын деген дербес рудың жоқтығы, бірақ алшын деген рулар бірлестігінің бар екендігі. Төменде келтірген 1-кестеден байқаған боларсыздар, Жайылханнан өрбитін Алшын ру емес, жеке батыр адам. Сол Алшыннан Алау, оданҚұдияр, оданБайқожа, Сәдірқожа, Нәдірқожа, ал соңғысы Нәдірқожадан тарайтын Қайырбай-Қаракесек пен Қыдырбай-Байұлы, олардан өрбитін кіші жүздің Әлімұлы мен Он екі ата байұлы, сондай-ақ Жетіру рулар бірлестігі бар. Солардың құрамынан бармақпен басып, саусақпен санап, қанша көз майыңызды тауыса сүзе қарап шықсаңыз да алшын деген жеке-дара руды таппайсыз да, көрмейсіз де. Тек Он екі ата байұлынан жұрттың алтын, жаппас руларын шартты түрде біріктіріп, аракідік алшын–жаппас деп қосарлап атайтындықтарын ғана ұшыратасыз. Бірақ бұл жеке-дара алшын руы бар деген ұғым еместігі анық.

Келін түсірген бір беташарда, кейінірек оның құда күту отырысында да жиын басқарып жүрген асаба алған қызымызды алшын руынан деп өзеуреп қоймағасын іштей «Әу, алшын деген ру жоқ ғой, кіші жүздің бәрі алшын емес пе» деп ретін тауып құдадан оңашада: «Сонымен сіздер алшынның қайсысы боласыздар?»,– деп сұрағанымда шежіре, тарихты білетін жан екен, Он екі ата байұлынан екендіктерін және одан әрі қарай қалай өрбіп, тарайтындықтарын тәппіштеп, рет-ретімен айтып, түсіндіріп берді. Қайсы бірін айтасыз, асаба жігіт сияқты ру тарихын жете білмей сөйлейтіндер арамызда жоқ емес, бар. Тап алшын атасын өрбітуге келгенде айтсаң сөзге көнбейтін, білесің-ау демейтін басқа да мұндай мысалдар баршылық. Сондықтан, ағайын, мұндайда жаңылмас үшін ел аузынан естіп алған жалаң, жеңіл, жел сөзге емес, алдымызда өтіп кеткен шежіреші даналар айтып кеткен, қағазға жазып түсіріп кеткен, ғылыми негізделген шындыққа жүгінгеніміз абзал ғой демекпіз.


ТЕГІМІЗДІ ЖАЙЫЛХАННАН БОЗҒЫЛҒА ДЕЙІН ТАРҚАТУ КЕСТЕСІ




1-кесте


9 бөлім


АЛТЫ АТА ӘЛІМ


Жоғарыда «Әлімұлы» құрамына кіретін Әлімнің үлкен ұлы, азан шақырып қойған аты Ұланақ–Қаракесек атасы жайлы азды-көпті болсын айтып кеттік. Оған Мақсұт Неталиев шежіресінен алынған қаракесек ақыны Қанатбай Елеусізұлының мына өлең жолдарын қосса да болады. Одан Ұланақтың неге Қаракесек аталу сырының бір ұшы көрінеді. Сонымен жыр шумақтары не дейді соған көңіл бөліп көрейік:


Айтайық Қаракесек–Ұланақты,

Атаның бауырында өсіп

бұла бопты.

Қария жас әйелден бала көрмей,

Әлімнің бір баласын сұрап апты.

Ұланақ деп ат қойған атасы оған,

Жас кезінде болыпты балбыр-болан.

Сасықбай деп атапты жанамалап,

Сасыған бай болар деп осы балам!


1.Ұланақ есімінің семантикалық мағынасына үңілер болсақ, біздіңше, ол асырап алып отырған балаға қойылғандықтан ұл анық өзімдікі деген мәтін ұғымынан туып отыр деп санаймыз. Ұраны–ақпан, таңбасы– «V Π Ω» қаріптерінен тұрады. Одан–Есіл, Тобыл тарайды. 1.Есілден–Үңгіт, Жолай. Үңгіттен–Табаншы, Естен, Жақау батыр. Жақау батыр 5 әйел алып, олардың ішінде қалмақ қызы Қасайдан 9 ұл көріп, ұрпағы кең жайылып кетеді. 2.Тобылдан–Арық пен Айнық. Арықтан–Шүрім, одан–Қоңыр. Ал Айнықтан–Бозқозы, Кегей. Бозқозыдан–Әлжан. Кегейден–Көшелек, Жаналы дүниеге келіп, ұрпақтары әрі қарай осылай тарай береді. Ұланақтың тұқымында би, батыр, бай-манаптар жеткілікті болған. Ірілері–Ақпан, Жақау, оның ұлы Қасаболат батырлар мен Бекежан, Құжыр, Көкен, Қарпық сияқты билер және Қосуақ, Таңатар, Бұрқан секілді байлар.

2.Жаманақ–Әлімнің келесі ұлының азан шақырып қойған есімі. Оның лақап аты–Шекті. Таңбасы–Ч·Vף. Мақсұт Неталиевтің шежіресінде: «Құдай берген өнердің арқасында тума-туыстары мен ағайын жұртын сөзбен ұстаған–билер мен шешендер, абыздар мен ақындар, шайырлар мен жыраулар, дәулетіне сәулеті сай асып-тасқан бай-манаптар тегі»,-деп келтіріледі. Шежірешілердің айтуына қарағанда Жаманақ асқар таудай әкесі Әлім дүниеден озғанда мыңнан аса үй тігіп, бүкіл жұртын жинап, есепсіз мал сойып, үлкен ас беріпті. Атын Жаманақ деп бір жағынан ырым-жоралғыларға байланыстырып, екінші жағынан ағасының есіміне ұйқастырып қойған болар деп ойлаймыз.

Түрлі шежірелерде түрліше айтады. Бірақ біз осы ел ақындары Қанатбай Елеусізов пен Манасбай Оралбаев жазған "Шежіре–дастанның":


Үлкені Жаманақтың–аты Шыңғыс,

Туғанда бар еді дейді аузында тіс.

Таңқалып үлкен-кіші әңгіме еткен,

Туысы бұл баланың–ғажайып іс!

Айтылған бұл әңгіме бұдан бұрын,

Атамыз есептеген: «Бұл жақсы ырым!»

Анамыз қыз көп туып… кеш көріпті

Өріс пен Баубектей соңғы екі ұлын.

Тұқымы үш баланың көп тарапты,

Айнала алып жатыр жарты алапты.

Жылқыға шек-шек теңбіл таңба салып,

Сондықтан туыстары: «Шекті атапты»,– деген


өлең жолдарына қарап, оның Шыңғыс, Баубек, Өріс деген үш ұлы болыпты деген деректерді негізге алдық (Атамекен газеті. 6 б. 26.03.2002 ж.). Бұлардың үшеуі де мыңғырған мал айдаған, бірінен бірі асқан бай болады. Жаманақтың Шекті аталуының сыры да, жаңағы өлең жолдарында айтылғандай, оның осы мал-түліктерінің есепсіз көптігіне байланысты шыққан көрінеді. Шежіреші Х.Мадановтың ұстамы бойынша (сонда 122 б.) шектіден үш бала–Өріс, Жақайым, Жанқылыш таратылады. Бірақ біз шектінің алғашқы М.Неталиев жазған баламасын ұстануға бейімбіз.                                           Табын-табын жылқыларды таңбалаудың оңай еместігі кімге болса да мәлім. Бұны жеңілдету үшін ол қыстан қалған мал майларын қазан-қазан етіп қайнатып, қастарынан шұбап өтіп жатқан жылқыларға ұзын шөміштермен шашуды тапсырады. Шашырап түскен май жылқылардың түгін күйдіріп, денелерінде әрқилы шек-шек таңба қалдырып кетеді. Содан жұрт олардың өздерін де, кейінгі ұрпақтарын да бұдан былай шектілер деп атап кетеді. Шектінің Әлім ұрпағындағы еңбір өсіп-өнген тұқым болғандығын ел аузында қалған «Шекті көп пе, шегіртке көп пе» деген қанатты сөздер де дәлелдегендей. Содан шығар олар Ақтөбеден Қызылордаға дейінгі ұлан-ғайыр елді мекендерді жайлап жатқан жұрт. Сондықтан біздің ол жөнінде жазарымыз да өзге аталықтарға қарағанда көп болып шықты.

1) Шыңғыстан–Жақайым туады. Одан 5 ұрпақ дүниеге келеді. Олар: Ақбура, Тоқбура, Ағыс, Көгіс, Бидас. Ақбурадан–Асан, одан–Ізбас, Итай, Есен, Шеру, Дәулет, Шағыр, Қосқұлақ тарайды. Тоқбурадан–Берденқұл, одан 5 ұл: Мырзатөс, Жаманша, Балталы, Келіс, Дәулет (Игілік) дүниеге келіп, олардан 15 ұрпақ жалғасын табады. Ағыстан–Жәнібек, одан–Құлмамбет. Келістен–Қожас, одан–Байғара, Теке, Баби, Сырлыбай, Жамансары. Мұндағы Сырлыбай жыр-дастандағы әйгілі сұлу Жібек пен оның 6 ағасының әкесі. Бұларды жұрт бес Қожас деп атайды. Ал Көгістен–Келімбет, Бәйімбет, Тұрсынбай туады, одан–Көшімбет, Қартамбай, Мәлік. Сөйтіп бұл үш ұрпақтан 5 бала: Ораз, Наурыз, Шыбынтай, Байшағын, Быламық тарайды. Келімбеттен–Атымтай, Дандай, Бәселек, Бостай. Бәйімбеттен–Андағұл, Баулық, Ақтеке, Жәдік. Андағұлдан–Боқан сопы, одан–Арғынбай, одан–Сыланбай, одан–Нұрпейіс, одан–Керім, Мәжім, Қали. Керімнен–әйгілі халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов.

Тараздағы Жақайымнан тарайтын біз білетін бір ұрпақ–Жаңа Жамбыл фосфор зауытында білдей бір үлкен цех бастығының орынбасары болып істейтін Балымбетов Акбар деген ініміз. Әкесі Сламбай–Балымбеттен, ол–Күдербайдан, ол–Мыңжасардан, ол–Қаржаудан, ол–Меңдібайдан, ол–Итемгеннен, ол–Ораздан. Ал Ораз болса жоғарыда келтірген Жақайымның төртінші ұлы Көгістің Тұрсынбайынан (лақап аты Торжымбай) өрбитін Көшімбет, Қартамбай, Мәліктердің бірінен тарайтын ұрпақ.

Акбар Тараздың химия зауыттарында сонау 1980 жылдардан бері істеп келеді. Жұбайы Гүлнәзбен қосылып Алтынбек, Әнуәр, Айдар дейтін алтын асықтай үш ұл өсіріп, бүгіндері үлкені Алтынбекті үйлендіріп, немере күтіп отырған үлгілі отбасы. Екінші ұлы Әнуар әке жолын қуып, ол да осы зауытта істеп жүр.

Шектінің екінші бір ұрпағы–зауыттағы 2 цех бастығының орынбасары Рысқұлов Рзадин Баймұратұлы. Ол зауытта 1984 жылдан бері істеп келеді. Рзадин Жақайымның екінші ұлы Тоқбурадан туған Берденқұлдың баласы Келістен тарайтын Қожастың үшінші ұлы Текеден өрбитін буын. Текеден–Айтуар, одан–Ескене, одан–Шомат, одан–Тасболат, одан–Рысқұл, одан–Көшәлі, одан–Баймұрат, міне содан–Рзадин. Осы шектінің Алтынбайынан алған келіншегі Балқияш екеуі Мөлдір, Данияр деген ұл-қыздарын тәрбиелеп, өсіріп отыр.

2) Өрістен–Айдарбек, Есенәлі, Бөлек. Өрістің бірінші ұлы Айдарбектен–Алтынбай, Күлік, Ардана, жеңгелей алған Жанбибіден Тотыран туады. Алтынбайдан–Түйте, одан–Сары, Андағұл. Сарыдан–Андабай, Жаманша. Андағұлдан–Көнсадақ. Күліктен–Әлімқұл, Берше, Тоқас, Жанбай. Әлімқұлдан–Жаманкөз, одан–Нияз, ендігі бір шежірелерде Лекер, Бөшке, Болат, Ботай бар. Нияздан–Жаманке, Сары. Жаманкеден–Қожеке, одан–Бекетай, одан–Мұрат, Сыдық. Бершеден–Асан, Ақпан, Көшубай, Жұмағұл, Жаңабай. Тотыраннан–Ақ (Құтым), Қара(Тұрсын). Ақтан–Құттыбай, Жақсылық, Шоң. Қарадан–Бөрітаз, Өмір, Ақыл. Арданадан–Кішей, Балтық. Кішейден–Андажар, Қожамжар. Балтықтан–Есенәлі, Дәулет, одан–Тоқтамыс, Қараша, Байбек, Мәңкі, Мәмбет. Өрістің екінші ұлы Есенәліден–Палуан мен Кішкене өмірге келеді. Палуаннан–Жәнібек, Дәулет, Байсейіт, Қожамберді. Кішкененің бәйбішесінен–Жиеней, Жолшора, Асан, Үсен туады да, тоқалынан–Құрманай, Құттық дүниеге келеді.

Осындағы Кішкененің Жолшарасынан тарайтын ұрпақтардың бірі Манас Убайдуллаұлы 1998 жылы Қарақалпақстаннан елім, бабалардың кіндік қаны тамған жерім деп туған топырағы–Қазақстанға қайта оралып, Тараз қаласына табан тіреген. Осындағы бауырының қолұшын беріп, көмектесуімен шағын аудандардың бірінен пәтер алып, қаладағы аты әйгілі химия алыбы–Жаңа Жамбыл фосфор зауытына жұмысқа орналасып, осы күнге дейін оның басқармасында ревизорлық-есеп жұмыстарына жетекшілік етіп келеді. Жұбайы Гүлстанмен Алматы қаласында жоғарғы дәрігерлік оқуды бітірген Құндыз және Тараздағы Айшолпан сиқты қыздарды, әке жолын қуып, Алматының экономикалық есеп-қисап оқуын тамамдап, қызметке кіріскен Азамат секілді ұлды тәрбиелеп шығарды. Манас жоғарыдағы аталарынан төмендегіше тарайды.

Жолшарадан–Хұдияр, одан–Тасболат, одан–Ашабай, одан–Байсау, одан–Көкек, одан–Көшпен, одан–Құттымұрат, одан–Убайдулла, одан–Рамазан, Дәулетмұрат, Манас, Рахманберді өрбиді. Рамазаннан–Романбек, Асылбек, ал Дәулетмұраттан–Ахметбек, Болат, ал Болаттан–Диас, Дидар, Данияр. Манастан–Азамат, ал Рахманбердіден–Руслан, Сұлтан. Руслан біздің бала Марленмен жасты, біраз уақыт бір аулада аунап-қунап өсті.

Шектінің Өрістен тарайтын, айтпай кетпеске болмайтын ендігі бір келісті ұрпағы–кезінде Жаңа жамбыл фосфор зауытының Конструкторлық-жобалау бөліміне жетекшілік еткен, жұмысынан бөлек суырып салма ақын, әрі домбырамен күмбірлетіп күй тарта, құйқылжыта ән сала алатын әнгер, дастарқанымызды талай рет басқарып берген шешендігі бар, қазір қызметін оңтүстік астанамыз Алматы қаласына ауыстырғанымен үнемі хал-жағдайымызды сұрап, хабарласып тұратын Мейірхан Әбдірахманұлы Жалғасбаев деген ініміз. Ол Өрістің бірінші ұлы Айдарбектен өрбиді. Одан–Ардана, одан–Кішей, одан–Меңді (Қожамжар), одан–Әлдеберді, одан–Есенаман, одан–Қуат, одан–Тайқара, одан–Қарымбай, одан–Барақ, одан–Сары, одан–Әбдінағи, одан–Әбдірахман, одан–Мейірхан болып тарайды. Әкесі нағашыларының қолында өскендіктен Жалғасбай деген аты-жөнін солардан алған. Мейірхан келіншегі Гүлзада екеуі Айнұр, Ләйлә атты екі қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған үлгілі отбасы.

Шектінің үшінші бір ұрпағы–зауыттың 23 цехында бірі цех бастығының орынбасары, ал кішісі колонна бастығы болып істейтін Тәмбетов Әбдіқали мен Алдоңғаров Әбдіқадыр деген жігіттер. «Отырған қыз орнын табады» демекші, Әбдіқали 1978 жылдың қазан айынан бері ауыспастан зауыттың сол бір цехында істеп келеді. Ал Әбдіқадыр зауытта 1978 жылдың жазынан бастап істегенімен, сол жылы органдарда жұмыс істеймін деп қызметін ауыстырды. Бірақ 2002 жылы қайта оралып, содан бері зауытта үзбей еңбек етіп келеді. Олар Өрістің екінші ұлы Есенәліден туған Кішкененің Асанынан өрбитін ұрпақтар. Асаннан–Құдайберді, одан–Сойырғас, одан–Байжігіт, одан–Бесеу, одан–Секенбай, одан–Ақманбет, одан–Мырман, одан–Серғазы мен Нұрғазы, солардың бірінен–Матығұл, одан–Көбек, одан–Шебек, одан–Абыла, одан–Жақсылық, одан–Алдоңғар, Мұқан, Таңбет. Алдоңғардан–Ысқақ, Аюп, Жақып, Сақтар. Осындағы Ысқақтан–Сағидолла, одан–Әбдіқали мен Әбдіқадыр. Бір шежірешілер Ысқақтан Қуандық, Қуанышбай мен Бақтыбайды өрбітіп, солардың бірінен барып Сағидолланы таратып жүр. Бірақ бұл, Сағидолла ұрпақтарының айтуы бойынша, жаңсақ пікір.

Әбдіқали шектінің Өрісінен туған Күліктен өрбитін келіншегі Майра екеуі Ардақ, Әбдали, Венера, Гүлзия атты екі ұл, екі қызды балиғатқа жеткізіп отырған ата-ана. Екінші ұлдары Әбдали Жаңа Жамбыл фосфор зауыты басқармасының жабдықтау бөлімінде инженер болып істейді. Ал Әбдіқадыр қаңлы руынан алған келіншегі Ләззат екеуі Сағидолла, Лаура, Айғаным деген ұл, қыздарды өсіріп отыр.

Әбдіқалидың Әбдәліұлы Таңбетов аталып жүрген себебі–Таңбет ерте қайтыс болады және артында қалған жалғыз ұлы Әбдәли де сонау сұрапыл соғыс жылдары майданда шейіт болады. Сөйтіп соңдарында ұрпақ қалмай бара жатқан соң олардың атын өшірмеу үшін әулет үлкендері Әбдіқалиға Таңбет пен оның ұлының аты-жөнін береді.

Кішкененің Жиенейінен–Әлмәмбет, Құттыққожа, Құдайқұл, Әуез. Әлмәмбеттен–Қойлыбай, Қораз. Қойлыбайдан–Үмбет, Қарабай. Қораздан–Бабас, Шақа, Жаманқара, Тата. Құттыққожадан– Қадірберді, Тәңірберді (келіндей алған Тоғайкүлден). Қадірбердіден–Жәдігер, Қарабас, Бүркітбай. Тәңірбердіден–Кәлібек, Жаңбыршы, Жарыпалды (Мәйтік) Едірен. Құдайқұлдан–Әлдеберді, одан–Жұмалақ, Сауғабай, Шақабай, Боранбай, Тілемес, Маңдай.

Кішкененің Құттығынан–Майдан, Қайдауыл, Алдияр, Кенжеғұл, Домақ. Майданнан–Құлжаман, Әлмен, Қожамұрат, Төгелек. Құлжаманнан–Киікбай, Егей. Киікбайдан–Өтеген, Нұрымбет, Жаман. Өтегеннен–Бекбауыл,, Жанай батыр, Қожа, Жайлау, Тоқпан, Тілеу. Нұрымбеттен (Нұрмұхамед) – атақты Жанқожа батыр, Ақмырза, Жауқашар, Бек, Шөме.

Жанқожа батыр қазақ елін Хиуа, Бұқара, Қоқан хандықтарының басқыншы әрекеттерінен жан аямай қорғаған, 1856 жылы ақ патшаның отаршылдық саясатына қарсы көтерілген Сыр қазақтары қозғалысына басшылық еткен халық батырларының көрнекті өкілі. Әңгімеміздің басында тілге тиек етіп кеткен Жанқожа батыр шежіресінің авторы. Одан– Итжемес, одан–Айтуған, Ерқабыл.

Кішкененің Асанынан–Өтеп, Құдайберді, Қожамберді, одан–Самырат. Құдайбердіден–Сойырғас. Өтептен–Құттыбикен, Пышай, Тайман (Таймас), Сырлыбай, Мықтығұл, Дәулетияр, Баймырза, Мәметек, Қожаберген.

Кішкененің Құрманайынан–Қожет, Құлбатыр, Қосай батыр, одан– Шалабай батыр, Итемен би, Еңсеп. Қожеттен–Мықтыбай, Олжабай.

3)Баубектен–Темірбақты, Көкбөрі, Жанқылыш. Темірбақтыдан–Балапан, Мыңсейіт, Алакөз, Шүйіт. Көкбөріден–Қаражан, Қасай. Жанқылыштан–Қазбансыр, Ақбансыр. Қазбансырдан–Ұлтарақ, Құлтас. Ақбансырдан–Жайын, Қожай, Құлқара, Шөжей. Жайыннан–Сыбаншы, Рсымбет, Есенгелді, Андақұл. Қожайдан–Қайыпберді, Тәңірберді. Құлқарадан–Ақтұмсық. Құлтастан–Қарабас, Итемген, Наурыз. Ұлтарақтан– Мәмбетқұл, Төртұл, Оразкелді.

Біз Шекті шежіресінен тек олардың үлкен аталары мен тек кейбір етене жақын, жақсы білетін бергі ұрпақтары жөнінде ғана қысқаша мәліметтер бердік. Әйтпесе шежірелерде шектіден тарайтын ұрпақ саны 7 мыңнан асып жығылатын көрінеді. Олардың бәрін біз әрине тізіп бере алмадық.

4) Мәку Шектінің асырап алған төртінші ұлы. Ендігі әңгімеміз сол жайында болмақ. Қожаберген–Отарбай әулетінің жыршысы Алмат қария деректерін сүйенер болсақ, Мәку інісі Сөремен жаугершілік заманда бас сауғалап елден қашып шығады. Жолай інісі Сөре табын жұртына кездесіп, сондағы бір байға жалданып жұмыс істеуге қалып қояды. Еңбегіне алған оның бір жаман қара тоқтысы кейін мыңғырған отар-отар қойға айналса керек. Сөйтіп оның тұқымы Қарақойлы табын атанып кетеді. Ал Мәку болса сол жүрген бойы шектінің Шыңғысына тап болып, соның қолында қалып еңбек етеді. Содлан кейін жұрт оны Қалу атап кетеді. Тірлігіне риза болған Шыңғыс оны көп ұзамай қолына жілік ұстатып, жұртқа балам деп жариялайды. Сосын орта жүздің қаракесегінен Зеріп атты ақылды, сұлу қызды алып береді. Бірақ көп ұзамай ол науқастан қайтыс болады. Аяғы ауыр Зеріп жесір қалады. Ол ішінде қалған баланы туғаннан кейін Шыңғыс Мәкудің өсиеті бойынша оның атын Бөлек деп қояды.

Бұдан кейін Зеріпті әмеңгерлікпен бата беріп Өріске қосады. Бөлектен Айт, Бұжыр, Алатай туады. Сөйтіп әке батасына лайық, Алатай болмаса, қалған екеуінен көп болып тараған ұрпақ ат түгіндей қаулап өсіп кетеді. Бір кезде 3 шекті (Шыңғыс, Баубек, Өріс) деп аталған ел Бөлектің осы ұрпақтарымен бірге енді 5 шекті деп аталып кетеді.

Айттан–Тілеу батыр, Қабақ, Шоң, одан–Шағыр туады. Бірақ бұл рудың адамдары Тілеу, Қабақпыз деп бөлініп жатпай, өздерін бір жұрт, Тілеуқабақпыз деп атайды. Халық жазушысы Тахауи Ахтанов осы Айт тұқымының бірінен өрбиді. Ал Бұжырдан–Назар, Шүрен, Жекей дүниеге келеді. Осы Бұжыр атасынан беріде еліміздің мәдениеті мен ғылымын көкке көтерген атақты Ахмет пен Құдайберген Жұбановтар ((М.Неталиев.«Кіші жүз шежіресі». Атамекен газеті. 5 б. 10 сәуір 2002 ж.)шықты.

Тілеу 1680 жылы Түркістанда өткен кілең ығай мен сығайлар, ел жақсылары жиналып, үлкен жиында Жәңгірұлы Тәукені ақ киізге көтеріп хан сайлаған іс-шарғыда ортаға шығып, көшелі сөз сөйлеген текті батыр. 1681 жылы 7 мың қолмен Тәуке ханның алдынан өтіп, ел тәуелсіздігі үшін болған Сайрам соғысына қатысып, 1684 жылы 54-тер шамасында ерлікпен қаза тапқан жан. Оның бәйбішесінен–Есіркемес, Әлдеберді, Жолдыаяқ, екінші әйелінен–Жақсымбет.Үшінші әйелі қырғыз Ақкісінің қызы Сұлудан – елдің атақты ойшыл, ақын-жырау, шешені, қоғам қайраткері Мөңке би дүниеге келді. Мөңкеден–Оразалы, Қыстаубай, Орман, Орыс, Бозай туылды.

Айттың Қабағынан–Қангелді, Жангелді, Төлес, Аралбай, Беке. Қангелдіден–Пұсырман, Қалдыбай, Шіңгір, Жолдыбай, Қайыпберді, жеңгелей алған Тілеудің Сұлуынан–Сарша. Қайыпбердіден–Айбек, одан– «Қыз Жібек» дастанындағы атышулы Бекежан батыр. Жангелдіден– Жапалақ, Құттыбай, Рай, Төлес.

Мәкудің (Қалыстың) өз тұқымына келер болсақ, арғы тегі– Құттықия, одан–«Дешті қыпшақ», «Татар елі» мен «Алтын орда» билеушісі атақты Едіге батыр, одан–Аббас, одан–Шәдіре, одан–ағайынды: Ноғай ордасын билеуші сайыпқыран Мұса мен Астрахан хандығын билеуші Жаңбыршы, ал Мұсадан–Сидақ, Орақ, Мамай, Алшағыр болып келеді екен. Мамайдан–Мәку (Қалыс), одан–Бөлек, одан–Айт,       сөйтіп жалғаса бермек.

Содан болар, бұл тұқымнан қазақтың Айтұлы Тілеу, сосын Қалдыбай, Жолдыаяқ, Тайлақ сияқты, ерліктері дастан-жырларға арқау болған көк бөрікті Көтібар, Есет, Арыстан, Бақтыбай, Бекет, Ерназар, Елтезер, Жәлімбет, Қарағұл, Әзберген, Мәуміт, Жарас, Байдалы тәрізді атақты батырлары мен Саршонай, Нияз, Қараша, Құдас сынды белгілі билері мен Қазанғап секілді аты алты алашқа әйгілі күйшісі шықты.


Шектіден шыққан екі үлек,

Дүмпиген жаратылысы туған бөлек.

Көтібар–алмас қылыш, ел тірегі,      

Қайдауыл сағы сынбас, қазан жүрек,-деген


жыр жолдары соларға арналған («Қазақстан әйелдері» журналы. 1991 ж.).

5.Айнық–Әлімнің үшінші ұлы. Шежіре одан жалғыз бала–Сарбас туған

дейді. Себебі ертерек қайтыс болып кетеді. Кейін марқұмның әйелін Әлімнің

өзге ұлы Тегінболат әмеңгерлік жолмен жеңгелей алып, оның ұлын өз ұрпағындай көріп өсіріп, тәрбиелейді (Х.Маданов. «Кіші жүз шежіресі».

Атамұра–Қазақстан». Алматы. 1994 ж. 119 б.). Сарбастан тарайтын ұрпақтың бірі–жұртқа танымал Ерімбет жырау.

6.Тегінболат–Әлімнің төртінші ұлы. Лақап аты–Қарасақал. Тегінболат бозбала болса да ертелеу мұрт, сақал қоя бергендіктен жұрт оны кезінде осылай атап кетсе керек. Байсары қайтыс болғаннан кейін Әлімге жеңгелей шыққан оның кіші әйелі Кетебикеден туады (Мақсұт Неталиев. «Кіші жүз шежіресі». Атамекен газеті. 5 б. 8 наурыз 2002 ж). Одан Пұсырман мен Шіңгір деген 2 бала дүниеге келеді. Олар Сарбаспен қосылып үшеу болып, «Әлімұлы» бірлестігіне «Λ├» таңбалы, «Аллажар» ұранды Қарасақал деген атпен кіреді. Сондықтан бұл ат онда бір адамның емес, екі кісі ұрпағының ортақ атауы болып саналады. Осы орайда, жоғарыда атап кеткен, қарасақал Ерімбет жыраудың:

Әлімде алты жүйе, бес Шекті көп,

Айтатын әдетім жоқ сөзімді ептеп.

Екеуі алты Әлімнің–Қарасақал,

Ішінде бізді айтады Сарбасы деп,-деген


жыр тармақтарын мысалға келтіріп кетуге болады. Атақты Тұрмағанбет жыршы осы Ерімбет жыраудың шешендігіне тәнті болып, оны былайша суреттепті:


Қарасақал Ерімбет –

Құтқармас құсты лашындай.

Шабысына шаң ермес,

Жортқанда ұшар жасындай.


Айнықтың Сарбасынан–Бақтыберді, Бұла. Ал Бақтыбердіден–Әлібек, Медет туады. Әйгілі Ерімбет жырау осы Медет ұрпақтарынан тарайды. Оның Құлақмет, Ерфайыз сияқты тағы басқа да ұлдары болады. Бұладан–Назым, Баукен, Ақша дүниеге келеді. Олардың келесі ұрпақтары әрі қарай осылайша жалғаса береді.

Тегінболаттың Пұсырманынан–Жансүгір, Шағай, Алау, Жәдігер, Ноғай тарайды. Ал Шіңгірінен–Андабай, Қасым, Ырысалы, Жарболды, Ботан туып, әрі қарай ұрпақтарын жалғастырады.

7.Тайқожа–Әлімнің Тегінболатпен бірге Кетебикеден туған бесінші ұлы. Мұны жоғарыда айтылған Мақсұт Неталиев шежіресіндегі: «Байсарының кіші әйелі Кетебике өте сұлу әрі ақылды болған деседі. Ол екіқабат кезінде күйеуі қайтыс болады да, ел-жұрты оны Байсарының тетелес інісіӘлімге некелейді. БұданТегінболат пен Тайқожа туады. Әлім де ерте қайтыс болыпты, сосын Кетебике Шөменге тиеді. Бұдан Төменқожа туады»,-деген үзінді жолдарынан байқауға болады. Ел аузында кете Байсарының баласы «Бозаншардың түрі қара, Тайқожаның түрі ақ болғандықтан жеңгелері аттарын атамай, бірін қара, бірін ақ кете деп атап кетіпті деген де сөз бар»-, дейтін де деректер ұшырасады (Тынышбек Дайрабаев. «Кете–Шөмекей шежіресі». Алматы. «Ана тілі». 1995 ж. 7 б.).

Ақкете деп аталатын Тайқожадан–Тұрсынбай, Қараш, ал Тұрсынбайдан–Нұртаза, ал одан Мұңайтпас дүниеге келеді. Қараштан–Алтыншы, одан Шүрегей. Шүрегейден–Мамат, Түйте, Қалқаман туады.Түйтеден–Әнет. Қалқаманнан–Саспан, Соқай. Саспаннан–Айшора, Байшора, Жаншора, ал Соқайдан–Өмілдірік туады. Исатай–Махамбет көтерілісіне белсене қатысқан атақты Жарылғасұлы Шернияз ақын, 9 ұлының бірі–Борсайға Есет батырдың ақылды, ару қызы Ботагөзді алып берген, ел аузында әділдігімен аты қалған Әжібай би осы Тайқожаның ұрпақтары. Ол «Әлімұлы» бірлестігіне Әйтеке би айтатын 4 кетенің бірі болып кіреді. Бұл жөнінде кете атасын талдағанда тағы айтып кетеміз.

8.Қарамашақ– Әлімнің алтыншы баласы. Лақап аты Төртқара. Ұраны–Айыртау, таңбасы– «Λٮ қарпі. Қарамашақ ныспысының астарында өзгеріліп дыбысталған массагеттер (кара+машак/масак(ет) атауының жатуы мүмкін екендігі жөнінде бұрынырақ әңгімелеп кеттік. Ал Қарамашақ «Төртқара» деп Оразкелді, Ораз, Жаншұқыр, Қараш деген 4 ұлына қатысты аталып кеткенге ұқсайды. Ел аузында бұған байланысты айтылған мынадай аңыз әңгіме бар: «…бір елде аруақтарға ас беріліп жатса керек. Әр үйге табақ тартылайын деп жатқанда алыста сағыммен бұлдырап төрт қарайған көрінеді. Ас иесі: «Сәл сабырлай тұрыңыздар, бұлар көлденең көк атты болса да, кім біледі, баталары қабыл болып жүрер»,-деп табақты кідірте тұрған көрінеді. Әлгі қалт-құлт етіп жеткендер – төрт қара бала болып шығады». Әрине бұлар Қарамашақтың балалары болып шығады.      Ас беруші мен сол ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайлары бұдан кейін көп ұзамай күрт оңалып кеткенде, ырымшыл жұрт мұны Аллаһ қабыл қылған ауыздары дуалы сол төрт бала берген батаның арқасы деп санайды. Сөйтіп ел бұдан былай оларды да, олардың ұрпақтарын да көрген жерлерінде осы жайға орай Төртқара деп атап кеткен.

Осы төрт баладан кейін шындығында қасиет дарыған, еліне әйгілі көп ұрпақтар туып таралды. Әулие дерлік Ораз баба, тақуалығымен тамам көпке танымал Сейітқұл би, атақты Жалаңтөс батыр, аттары алты алашқа белгілі Ақша, Әйтеке билер мен тағысын тағылар тікелей осы төрт баланың ұрпақтары. Шектімен қатарласа ең көп тарағаны осы Төртқара ұрпағы болды. Олар жөнінде төменде кеңірек айтпақпыз.

1.Оразкелдіден–Бөген, одан Добал (Тәлтекем) туады. Добалдан барып үш тәлтекем атанған Олжай, Сапай, Құлтаба дүниеге келеді (Х.Мадановтың шежіресінде олар Олжабай, Сапар, Құлас деп те аталады. 125 б.).

2.Ораздан бір шежіреде–Алатау, одан–Оразымбет, Бақшақ. Ал ендігі бір шежіреде бұл үшеуі де Ораздан тарайды. Деректерге сүйенер болсақ алшынның «Айыртау» ұранды Төртқарасынан шыққан, қазақтардың арасынан бірінші болып үш рет қажылық жасаған Ораз баба (1299–1385) кезінде мемлекет басқару ісінде атақты Әмір Темірдің жеті кеңесшісінің бірі болыпты. Тек Азия мемлекеттерінің ғана емес, еуропа елдерінің, атап айтса Испания королі Генрих III-нің елшілерімен болған кеңестерге де жиі қатысып, олармен дастарқандас, сырлас болса керек. 1370 жылы оған бала оқыту үшін әрі мешіт, әрі медресе ретінде 16 қанат 7 ақ киіз үй тігіліп беріледі. Ораз баба оны «Ақ мешіт» деп атайды. 1817 жылы Сыр бойындағы сол «Ақмешіт» ауылына қорған салған Қоқан ханы Ораз баба құрметіне оны «Ақмешіт» қорғаны деп атайды. Сөйтіп қазіргі Қызылорда қаласының негізі осылай қаланса керек" (Алматы. «Мұсылман» журналы. № 2, 2008 ж. «Айыр тілді Әйтеке». 7–8 б.б.).

3.Жаншұқырдан–Сабытай, одан Базар, одан–Милық, одан–Қасым, Торым, Қойлыбай туады.

4.Қараштан–Ақпан, Тоқпан. Ақпаннан–Көзгене, Құламан, Құлтас, Шынтас (Ақкиіз) тарайды. Ал Тоқпаннан–Шобан, Тоғамыс, Сейітқұл. Сейітқұлдан–Ақша би, Сейтімбет, Төлеп (Сары бәйбішеден), Қоян (Қожамқұл), Түрікмен, Дүйсеней, Жалаң, Матай (Қаса тоқалдан) әрі қарай ұрпақ жалғастырушылар болды.


10 бөлім


ТӨРТҚАРАНЫҢ АЙТУЛЫ ҰЛДАРЫ


1. ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР


Жоғарыда Сейітқұл бабаның кіші әйелінен таратып отырған Жалаң атты ұрпақ тарихымызда айтулы із қалдырған Жалаңтөс баһадүр. Х.Мадановтың «Кіші жүз» шежіресінде: «Жалаңтөс батырдың шын аты Жалаң екен, ол кісі жауға шапқанда төсін ашып ұмтылатын болғандықтан, оны жұрт Жалаңтөс батыр деп атап кетіпті»,-деген жолдар бар. Сейітқұлдың кіші әйелі Қаса деп отырғанымыз Қаракемпір (Х.Маданов.«Кіші жүз шежіресі». Атамұра–Қазақстан». Алматы. 1994 ж. 160 б.).

Сейітқұлдың Ақшабиінен 9 шамалы ұл тарайды. Солардың ішінде Байбектен Кіші жүздің айтулы төбе биі Әйтеке би дүниеге келеді. Шежірелерге сүйенсек Сейітқұл 1581 жылдың жазында жұтқа ұшырап, Нұрата, Қызбибі тауларының етегін жайлаған, Ходжент қаласында құлшылық еткен Кіші жүз ханы Жәдікұлы Шығайдың бас биі болады. Оған ілескен алшынның 40 шаңырағы Нұрата, Қызбибі, Самарқан, Жизақ, Ақтау, Қызылқұм, Тамды төңірегіне қоныстанған көрінеді. Сейітқұл өзінің қара қылды қақ жарған әділдігімен, дін жолындағы адалдығымен тек осы жұртқа ғана емес, өзімен көршілес өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен жұрттарында да үлкен құрметке ие болады. Сөйтіп ол көзі тірісінде-ақ әулие атанып кетеді. Сейітқұл баба Нұрата қабірстанында жерленеді.

Оның бейіті өзбек ағайындардың Науаи облысындағы қазақтар зиратында Әйтеке би және оның ұрпақтарымен бірге жатқандығы туралы 1993 жылы арнайы тапсырмамен бейітті іздеп шыққан кіші жүз қазақтары–Қарақалпақстан және Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі, Қарақалпақстанға Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ғылым кандидаты Жұбатқан Мұратбаев пен қызылордалық зерттеуші, жазушы Қойшиев Өтеген Әбілдәұлы айтып келді. Науаи облысы әкімінің орынбасары Фахреддиновпен, Нұрата мешітінің имамы Муминжан Атаевпен жолығып, әңгімелескеннен кейін имамның ұлы Сайджан оларға Сейітқұл баба, Әйтеке би және олардың ұрпақтары жатқан жерді көрсетеді. Айтулары бойынша, бабалары Абдрасул ишан Сейітқұлдың замандасы болыпты. Оның тақуалығы мен ел арасындағы ізгі, адамгершілік қасиеттеріне қатты тәнті болған ишан Сейітқұл баба қайтыс болғанда өз есебінен 1000 адамға қонақасы беріп, жерлеу шығынын түгелдей бір өзі көтерсе керек.

Айтуларына қарағанда, бейіттің алдынан қарағанда оң жағында Ораз қажының, Тоқпанның, ал сол жағында Бәйбектің, Сейітқұл бабаның аяқ жағында Әйтеке бидің қабірі орналасыпты. Бейітті қазақы там үлгісінде саз балшықтан Абдрасул ишанның ұрпақтары салып, сыртын ылғалға берік болу үшін күйдірілген құммен сылапты. Сөйтіп осыған дейін өздері жөндеп, күтіп келіпті. 1929 жылы бейіттердің басына қойылған құлпы тастарды қызыл большевиктер ауылдық кеңес үйлерінің іргетасын қалау үшін алып кетіп, пайдаланған көрінеді (Мұсылман журналы. № 2, 2008 ж. 3–4 б.б.).

Сейітқұл бабасы әулие атанып, аты дүркіреп шыққан жылдары Жалаңтөс баһадүр 5 жастағы бала екен. Бірақ зерек, алғырлығымен Бұхара ханы өзбек Дінмұхамедтің көзіне түсіп, оның «өкіл баласы» ретінде қолында тәрбиеленеді. Ол 14–15 жасында-ақ ержүрек батылдығымен, дау-жанжалдарды өршітпей тез шешіп, билік айта алатын дарындылығымен белгілі бола бастайды.

Сейітқұл баба дүниеден озғаннан кейін оның орнын қаһарман, батыр ұлы әрі дарынды шешен Жалаңтөс баһадүр басады. Ол билігін тек өзінің алшын руларына ғана емес, ондаған жылдар бойы Самарқан қаласы мен оның уәлаяттарына да жүргізеді. Ағасы Ақша биді Ходжент, Қоқанд иеліктерінің билеушісі етіп қояды. Ол дүниеден өткеннен кейін бұл иеліктерді өз билігіне қосып алды.


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 | Следующая
  • 0 Оценок: 0

Правообладателям!

Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?


Популярные книги за неделю


Рекомендации