Электронная библиотека » Тажис Мынжасар » » онлайн чтение - страница 6

Текст книги "Шежірем сыр шертсе"


  • Текст добавлен: 20 сентября 2017, 12:22


Автор книги: Тажис Мынжасар


Жанр: Жанр неизвестен


Возрастные ограничения: +12

сообщить о неприемлемом содержимом

Текущая страница: 6 (всего у книги 29 страниц) [доступный отрывок для чтения: 10 страниц]

Шрифт:
- 100% +

Оның іскер тірліктері, тарих көрсетіп отырғандай, ол өлгеннен кейін жалғасын таппай, тоқтап қалған жоқ. Оның таудан аққан бұлақтың бұлау күшіндей елдікті, тәуелсіздікті, еркіндікті аңсаған өсиеттерін әрі қарай ұрпақтан ұрпаққа аманаттай аңыз етіп жеткізуші Бұқар, Асандай ақылгөй жыршы, жыраулар ел арасынан шығып жатты. Олар Керей менен Жәнібек сынды сұлтандар мен оларға бағынышты ұйымдасқан қалың жұрттың жігерін қайтпас күреске қайрақ тастай жанып, білеп келгендіктері белгілі.

Қазақтар «жүздік» әкімшілік-басқару жүйесіне ресми түрде негізінен Қасымханұлы Ақназар ханның тұсында көшірілді. Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Серғали Толыбеков өзінің «Қазақ шежіресі» атты кітабында бұл хан елін «үш жүзге» 1538 жылы бөлгенін айтады. Өзіне Моғолстаннан қосылған ру-тайпаларға «Ұлы жүз» деп, Ақорданың Сарыарқадан Шу өңіріне қоныс аударған ру-тайпаларына «Орта жүз» деп, ал Ноғай ордасынан бөлінген алшындарға «Кіші жүз» деп айдарлатып ат тағады. Әлбетте, олар «жүздерге» алып жатқан географиялық аймақтарына, тіл ерекшеліктеріне, тарихи тағдырларына, мәдени-тұрмысына, әдет-ғұрып, салттарына, шаруашылық кәсіптерінің біртекті, ұқсастығына орай осылай қайта жіктеліп, бөлінгендері анық.

«Ұлы жүз» бірлестігі Жетісу жерінде көне заманнан қоныстанып келе жатқан Шу мен Талас, Сыр мен Іле өзендерінің құнарлы кең алқаптарын иеленді. «Орта жүз» бірлестігі сайын Сарыарқа даласы мен соған иығы тиіп жатқан жақын жерлерді жайлады. «Кіші жүзге» Еділ, Жайық арасы мен Орал маңына дейінгі жерлер тиді. Әлбетте, билігіне қарай әр ханның кезінде бұл жерлер бірде қолдан шығып, бірде қайта иемделініп, бірде тарылып, енді бірде кеңейіп отырды. Сондықтан соғыс-түйіс жиі болып тұрған аумалы-төкпелі заманда пәлен жер түгендікі деп біржолата кесіп айту қиын еді. Бүгінгі менің жерім ертең өзгенің иелігіне айналып кетіп жатты. Бәрі шартты түрде кесіліп, белгіленіп отырды. Біз де шартты түрде айтып отырмыз.

Тілі дегеннен шығады, «үш жүз» жұртының сол кездегі тіл ерекшеліктері диалектілер түрінде күні бүгінге дейін сақталған. Мысалға, батыс қазақстандықтар бізге машық емес «қасқа», «нән», «не зат» сияқты сөздерді жиі қолданады. Сосын олар ауыз-екі тілінде «ұлы жүз» үйсіндері сияқты алыстан орап, майдалап сөйлемей, кісінің үлкен-кішілігіне қарамай «сен» деп турасынан тартып сөйлейтіндігін де айтып кетсе болады. Сол сияқты қызылордалықтарды да ән айту әуені мен ырғағына, терме тарту ерекшеліктеріне қарап, өзгелерден тез айырып, тани аласыз. Қарақалпақстан жақтан келген қазақтар тіліміздегі «мақұл», «жарайдының» орнына «боладыны» көп қолданады. Ал тойхана өткізерде жасайтын әдет-ғұрып, дәстүрлеріміз, ырым-жырым, жоралғыларымыз өзінше. Осы күндері балаларымыз үйленер болса, баратын жерінің салт-дәстүрін әлек-шәлек болып сұрастырып жатқанымыз. Алайда, бұл біздің бір ұлт ішінде құда-жекжат, құдандал болып, өзара түсінушілік, сыйластық, жарастық тауып, бір әкенің балаларындай тату-тәтті өмір сүріп, тұрмыс құрып жатуымызға кедергі жасап жатқан жоқ. Бұл сонау Қасым, Ақназар хандар тұсында да ұлт болып топтасып, өз мемлекеттігімізді құруға нұқсан келтірген емес.

Әулетімізде біразымыздың аналарымыз, нағашыларымыз, енді біразымыздың құда-жекжаттарымыз, ал өкше басып келе жатқан біраз өскелең ұрпақтарымыздың шаңырақ ұйтқысы, өмірлік жансеріктері–келіншектері жер жәннаты Жетісу мен шөбі шүйгін, суы салқын сайын Сарыарқа даласын мекендеуші «Ұлы» және «Орта» жүз, сондай-ақ кейбір жүздерге кірмейтін рулардан болғандықтан, осы жүздер мен сол рулар тобы хақында да һәм қысқаша болса да мағлұмат беріп, әңгімелеп, тіл сындырып кеткенді жөн деп таптық.

Қазақ жүздерін жете зерттеген өткен ғасырлық атақты ғалымымыз Мұхамеджан Тынышпаевтың әңгімеміздің басында атап кеткен «Қазақ руларының генологиясы» деген тарихи еңбегінде («Рух» газеті. № 6. 2001 ж.) келтірген ру-тайпалық бірлестіктер жөніндегі мәліметтері Қазақ Совет энциклопедиясының «Жүз» мақаласындағы деректерден пәлендей айырмашылығы жоқ (4 т. 521б.). Мұнда да қазақтар үш «жүзден» тұрады. «Ұлы жүзге»: Сарыүйсін, Қаңлы, Албан, Суан, Дулат, Жалайыр, Шапырашты, Ысты, Ошақты Сіргелі және Шанышқылы; «Орта жүзге»: Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ; «Кіші жүзге»: алшындардан тұратын 3 топ: Әлімұлы, Байұлы, Жетіру кіреді. «Ұлы жүз» қазақтары қазан төңкерісіне дейін-ақ қазіргі Талдықорған (Қаратал өзенінің сол жағы), Алматы, Тараз, Шымкент және Ташкент қалалары маңын; «Орта жүз» қазақтары Талдықорған (Қаратал өзенінің оң жағы), Семей, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау, Астана, Торғай, Қостанай (солтүстік-шығыс жағы), Жезқазған, Қызылорда (шығыс жағы), Шымкент (батыс жағы) қалалары мен Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы жерлерін; «Кіші жүз» қазақтары Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қызылорда (батыс жақ жартысы), Қостанай (оңтүстік-батыс жағы) қалалары мен Жамбыл облысы (солтүстік-батыс жағы) жерлерін мекендеді. Олардың тілінде де, тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарында да кейбір өзгешіліктердің бар екендігі жөнінде біз осының алдында айтып кеткенбіз. Енді осы үш жүз тарихына азды-көпті болсын тоқталып кетейік.


5 бөлім


ҰЛЫ ЖҮЗ ХАҚЫНДА


Сонымен «Ұлы жүз» жөнінде қысқаша баяндап кетер болсақ, аңыз бойынша олар бастауларын Майқы бидің Бақтиярынан өрбитін Үйсін батырдан алады. Одан –Абақ, Жансақал (Тарақ) дүниеге келеді. Абақтан–Ақсақал, ал Жансақалдан–Жалайыр. Бұл атау оған шашының екі жаққа жалданып, бөлініп туғандығына орай берілсе керек. Одан–Манақ, ал кейбір деректер бойынша одан–Шуманақ пен Сырманақ. Олардан–Орақты, Жазықты, Тарихты. Тарихтыдан ұл болмай, Орақтыдан–9 ұл, ал Жазықтыдан–3 ұл туғандықтан олардан тарайтын ұрпақтар кейін 12 ата Жалайыр деп аталып кетеді.       Сонымен Ақсақалдан Айдарлы мен Сақалды дүниеге келеді. Деректерде олар егіз, екеуі де батыр делінген. Нәмі абақтық Сақалды керей руының қызына үйленіп, түрлі себептермен солардың ортасында біраз уақытқа қалып қойғандықтан одан өрбитін ұрпақтар кейін абақ-керей аталып кетеді. Ал Айдарлы үйленген Уасила-Банудан әйгілі Қараша би туады. Қараша би үйсін тайпаларын бііктіріп, 100 мың әскерімен қытай басқыншыларына қарсы күресіп, сондай үлкен шайқастардың бірінде қаза тапқан батыр, қолбасшы. Аты алты алашқа мәшһүр атақты Байдібек би мен бауыры Байтулы (Байдулла) осы кісіден туған. Байтулыдан – Шақшам. Ендігі бір деректерде Қараша бидің бұдан басқа Жәнібек, Мәділбек деген де ұлдары болған. «Ұлы жүздің негізін құраған тайпалар Бәйдібектің балалары»,– деген тұжырымды Қазақ Совет энциклопедиясының «Үйсін» мақаласынан да ұшыратасыз (Алматы, 1977 ж., 11 т.,Үйсін, 401 б.).

Бәйдібек би ата-анасынан 3 жасында жетім қалып, жақын туыстарының қолында өсті. Шынтас байдың табынын бағып жүріп есейді. Байдың малын барымташы, жаулардан қорғаймын деп жүріп шабандоз, сайыскер, батыр, жауынгер болып қалыптасты. Сөйтіп жүріп ел арасында әділ шешен-би деген де атаққа ие болды. Оның сол кездері айтқан сөздері халық жадында қанатты сөздер, мақал, мәтелдер ретінде осы күнге дейін сақталып қалды. Бір деректер бойынша шамамен 1356–1419 жылдары өмір сүрді.

Бәйдібек би кейін келе табын-табын жылқылары, қора-қора ірілі-ұсақты малдары бар жұртқа сыйлы, құрметті, бақуатты, бай адамға айналды. Үш әйелі болды. Бірінші әйелі Арыстан бидің қызы Гүлжамал еді. Оны жұрт Сары бәйбіше деп атады. Екінші әйелі Қызыл бидің қызы Зеріп, ал үшінші әйелі тарихта "Домалақ ана" деген атпен әйгіленіп қалған, дала ақсүйегі саналатын қожаның қызы Нұрила ана еді. "Домалақ ана" деген ат оған бір қолының саусақтары доғалданып кеміс біткендігіне орай таңылған-ды.

Бәйдібек бабаның Сары бәйбішеден 9, ал Зеріптен Жалманбет деген бір ұлы болды. Осы Жалменбеттің қоңырат тайпасынан алған Мелде би қызы Мапырашты (Жұпар) деген бәйбішесінен кейін Шапырашты, екінші әйелі–Мапыраштының сіңлісі Қарашаштан (Тұмардан) Ошақты, ал үшінші әйелі Сыландыдан–Ысты (Нұртай), ал одан–Жауатар, одан–Тілік, Ойық деген ұрпақтар дүниеге келді. Оның ішінде Ойықтан Қызылқұрт, Аузыүсіген (Жанкөз), Көкшекөз, Сәтек аталары өрбіді.       Сары бәйбіше Нұриланың толғағы ұстап жатқанда көреалмаушылықпен арнайы адам жіберіп, егер ұл туар болса нәрестені білдірмей өлтіруді тапсырады. Ол жіберген адамы нәрестені құрсақтан шығарып аларда басын қатты қысып, жарып жібереді. Бірақ құдайдың құдіретімен бала бәрібір тірі, аман қалады. Азан шақырып қойған аты Тілеуберді болғанымен ол кейін басының жарықтығына байланысты Жарықшақ деп аталып кетеді. Бір деректерде шамамен 1398–1475 жылдары өмір сүрген делінеді.

Нұрила ананың тегін адам болмағандығы аңыз әңгімелерде де айтылады. Ұлына пәленің қайдан келгендігін тез аңғарған оның наза, наразылығы ізсіз кетпейді. Сары бәйбішенің 9 ұлы бір шайқаста түгелдей опат болады. Әулетінің бұл тармағы тұқымсыз қалмауы үшін Бәйдібек баба құдайы шалып, сол үлкен жиында жалғыз қызы Алтыннан (Байтоқты) туған бір жиеніне ақсақал, жұрттың келісімімен жілік ұстатып, бата бергізіп, өзіне бала қылып асырап алады. Азан шақырып қойған аты Сыйлықсары болғанымен жұрт оны лақап атымен кейін Сарыүйсін атап кетеді.

Ендігі бір деректер нағашы жұртында өскен оны Ұшан деп те таратады. Бәлкім еркелетіп қойылған атау болуы мүмкін. Аңыз бойынша, Сарыүйсіннің әкесі бір талас-тартыстан кейін жұртына өкпелеп, үйсіндердің арасына көшіп барып, Бәйдібек бабаның қызын алған кіші жүз руының бірінен деген де болжам бар. Салт-дәстүрге берік қазақ қайсыбір отырыста болмасын мал басын алдымен Жалайырға ұсынып, ал ол болмаса, кезекті Сарыүйсінге беріп жүр.

Бәйдібек баба 1419 жылы қайтыс болып, бүгінгі Оңтүстік-Қазақстан облысына қарасты Бала Бөген деген жердегі Дөңгелек төбенің етегіне жерленеді. Соңғы жылдары ұрпақтары басына күмбездеп үлкен ескерткіш орнатты.

Нұрила ана 1424 жылы есейген ұлы Жарықшақты нағашысы Моғолстан ханы Уайсқа алып келіп таныстырады. Уайс хан Жарықшақтың терең білім алуына көмектесіп, Ташкент қаласындағы бір мешіттің имандылығына тағайындайды. Кейін Ташкент шаһарының әміріне кеңесші етеді. Соңынан оның бүкіл Жетісуды билеуіне көмектеседі. Жарықшақ оны ұзақ жылдар билейді. Сонда жүріп, Парсы сияқты үлкен мемлекетпен халықаралық қатынасты нығайтуға үлкен үлес қосады, сөйтіп ел билеу ісінде айтулы дарындылық танытып, зор даңқа ие болады.

Жарықшақтың екі әйелі болды. Бәйбішесі Тәуекелбибіден Албан, Суан туылды. Ал кіші әйелі, қожаның қызы Бибіфатимадан Дулат дүниеге келді. Ол көне түркі деректерінде Дулу, ал парсы жазбаларында Дуглат, Дукулат деп аталды. Қызайымынан туғандары өз жұртында қызай-наймандар деп аталып кетті.

Дулат Бұхараның Дәрілфі медресесінде дәрістеп, үлкен білім алады. Іле алатауына қарасты алқаптарды билеу мұра ретінде еншісіне тиді. 1452 жылы Есенбұға ханның көмегімен әкесінің орнына бүкіл Жетісуды билеуге қолы жетті. Бірақ анасының кеңесімен Жетісудың шығыс бөлігін бауырларына бөліп беріп, ал өзі оның тек батыс бөлігін ғана биледі. Дегенмен бұған разы болмаған бауырлары Албан мен Суан одан бөлініп, Көкше өңіріне қарай жылжыды. Кейін Албан қайтып оралғанымен, Суан сол жақта қалып қойды, ал біраз бөлігі тіпті Моңғол даласына өтіп кетті. Дулат 1426–1506 жылдар аралығында өмір сүріп, 80 келген жасында өмірден озды. Дулаттан: Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр деген 4 ұл тарайды. Бұлардың әрі қарай қалай тарқайтындығын білгісі келгендер оны шежіреміздің соңында берілген қосымша тараудан оқып, зейіндей алады


6 бөлім


ОРТА ЖҮЗ ХАҚЫНДА


Орта жүзден құдандалдығымыз арғын, тарақты руларымен бар. Арғындар тарихымызда аталатын Ұлы қоныс аудару жылдары Алтай өңірінен бірге көшіп келген өте көне, үлкен, белді рулардың бірі. Айтулы Сүйінбай ақынның қырғыз Қатағанмен айтысқанда айтатын: "Мынау тұрған арғыныңарғын деген сансызың. Жер түбіне кетесің ұстасаң оның тамырын",– деген жалынды жыр жолдары осы халыққа арналған.

Қазақ Совет энциклопедиясында: "Арғын – Ота жүз құрамына кіретін алты арыс елдің ең көбінің бірі… Арғынның бірінші бәйбішесі Ергүлден–Мейрам, оның балалары: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек. Қыздан туған жиені Тарақты–А-ның «ноқта ағасы» деп аталады. Екінші бәйбішесі Момыннан төртеу: 1) Ақсопы, оданҚанжығалы, Тобықты; 2) Қарасопы, одан–Бәсентиін, Қарауыл; 3) Сарысопы, одан–Атығай; 4) Тәнбіссопы, одан–Сарыжетім, Шақшақ. Момыннан тараған бұл ұрпақ «Жеті Момын» деп аталады. Ғылми жағынан көзге ерекше түсетін жай – А. тайпасының елдік аты (этнонимі). Ол бізге ежелгі заманда жасаған Ғұн (Ғын) елінің атын еске түсіреді. Сол елдің аты осы А. тайпасында сақталған деуге болады…

Тарихи мәліметтерде А. аты бірнеше түрде кездеседі: Ғын, Ғұн, Ақ Ғұн, Қара Ғұн, Аруғ-Ғұн, Тағ-Ғұн… Мұндағы "Ақ", "аруғ" (арық) сөздері "таза", "ару" деген ұғымды көрсетеді. Ерте кезде тайпаларды біріктіріп, оған басшы болған оқтарды осылай атайтын болған… А-дарды және оның құрамына кірген Басымылды (Басым елі) оңт. пен солт. Тайпаларының араласунан шыққан ел деп бірінші айтқан – франц. ғалымы Дюканже. Бергі кезде бұл пікірді Н.А.Аристов пен В.В.Бартольд те жақтады. Осындай ойды 13 ғ-да Марко Поло да айтқан. Қашғария өлкесін, Жетісу, Алакөл өңірегін аралап жүріп, ол былай дейді: «Бұл жерде Арғон дейтін ел бар. Олар екі атаның араласуынан құралған. Ислам дінін қолданады. Түрі сымбатты, өздері ақылды, сауда істейді. Керей Уан ханның жерін қоныстайды». Автордың айтып отырған жерлері–Ертіс бойы, Шыңғыстау, Қарқаралы даласы, Аякөз төңірегі", -деп жазылған (Алматы. 1972 ж.. 1 т. Арғын. 450451 б.б.).

Тарихта аттары қалған әйгілі Қотан жырау, оның әрі батыр, әрі би ұлы Ақжол, атақты шақшақ Жәнібек, Абылай ханмен жоңғар басқыншыларына қарсы иық тіресе соғысқан, оның жауынгер серігі қанжығалы Бөгенбай батыр, аты алты алашқа әйгілі Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы осы жұрттың түлектері. Осындағы арғынның Мейрамынан өрбитін Қаракесектен бастау алатын бір тармақ Бошан ұрпақтары. Одан–Машай, одан–Бораншы, одан–Тілеулі, одан–Кәрсөн (Керей немесе Қарсан, Қарсын), одан–Тәңірімберді, одан–Бекназар, одан–Таныбай батыр (Түркістанда Қожахмет Яссауи мавзолейі іргесінде жерленген), одан–Бапақ, одан–Пұшан, одан–Шыңғысбай, одан–Байғон, одан–Мұқашбек, одан бүгін біз білетін, зауытта бірге еңбектеніп жүрген Жобалайбек ұрпақтары тарайды.

Осы ретте бір айта кететін жайт, арамызда ғылыми деректерге терең бойламай, мәліметтерін қайдан алғандарын өздері де анық білмейтін, жаңағы біз тілге тиек еткен тарақты мен тобықтыны арғын емес деп көпе-көрнеу босқа даурығушылар бар.

Жоғарыда айтып кеткендей, Тарақтының қыздың баласы, жиен екендігі рас. Бірақ қалың арғын бас қосқан үлкен жиында дәстүр бойынша боз биені сойдырып, қолына жілік ұстатып, өз баламыз деп атағасын, ал кейін аз болғандай оны жай емес, арғынның «ноқта ағасы» деп жариялағасын оны бүгін арғын емес деп қалай айтпақпыз. Әлде ертеде өтіп кеткен ақсақалдар бас қосқан сол алқалы жиын шешіміне сенімсіздік білдіріп, оны бүгін жоққа шығаруымыз керек пе екен? Әуелі, бақадай басымызбен, тұрымтайдай тұсымызбен талай ғасырлар өтіп кеткесін өйтуге бүгін біздің қақымыз бен құқымыз бар ма екен, соны ойланбаймыз ба? Ұлы жүзде жалайыр жоқта бас ұстайтын сарыүйсін де, кіші жүзде адай да осындай қыздың балалары. Бірақ соған қарап оларды ешкім ұлы жүз немесе кіші жүз емессің деп айтып жүрген жоқ ғой. «Аспанда құдай, ортада адай, жерде мұнай» дейтін адуынды адай ағайындарға кіші жүз емессің деп бетіне басып айтып көріңізші, не дер екен сізге.

Сол сияқты біз білетін тарих, шежіреден әкесі мен анасы анық белгілі арғынның тобықтысын да қай дерекке сүйеніп бөтен дейтіндері түсініксіз. Ондайларға сонша білгір болсаңдар тарақты мен тобықтының әке-шешесінің атын атап, түсін түстеп, қайдан, кімнен тарайтындықтарын, егер олар алты арыс орта жүзге кірмесе, онда қай жүзге, оның қай ру-тайпасына қарайтындықтарын анық айтып берер, қарсы қояр уәждерің қайсы демекпіз? Әлде олар жүздерге кірмейтін рулардан ба екен? Ондай да дәлелдері жоқ. Ендеше, алдымен ғылыми негізі бар дәйекті деректерді тауып алып ұсыныңыздар дейсіз. Ал ондайларыңыз болмаса, онда несіне сонша қызылкеңірдек болып босқа дауласып, таласасыздар, әлде бұл «атың шықпаса жер өрте» дегеннің кебі мен кері ме екен дегіміз келеді. Ал негізі тарақты мен тобықтының арғын екендігін не еместігін олардың өздерінен басқа кім айтып, кім шешпек? Өзге ешкімге ондай құқық берілмесе керек. Менің бабаларым арғынның тобықтысынан деп сөйлейтін ұлы Абай мен ол турасында «Абай жолы» атты өлмес туынды жазып кеткен ұлы Мұқтардан артық оны кім білмек?

Тобықтының Арғын тайпасының үлкен руы екендігі, ұраны–арғындікіндей Ақжол, таңбасы қоскөз – екендігі Тобықты" мақаласында да жазылған (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1977 ж. 11 т. Тобықты. 70 б.).

Реті келіп тұрғасын айта кеткен жөн шығар, кейде Елбасы есептерінде еліміздің алдыңғы қатарлы кәсіби орындары санатында ауызға алып жүрген, сонау тоқырау жылдары қолдан-қолға өтіп, жоқ болып, жойылып кетуге шақ қалған өзім істейтін химия алыбын өз қолына алған, сөйтіп қайраңнан шығарып, аман сақтап қала алған, содан бері оны үзбей, үздік басқарып келе жатқан, Мұқаш Зұлқарнайұлы Ескендіров осы арғын халқының түлегі. Аты әлемге мәшһүр әскербасы Ескендір Зұлқарнайын кезінде жарты әлемді жаулап алса, Ескендір Зұлқарнайұлы Мұқаш өзі өндірер өніммен бүгінде бүкіл әлемді жаулап алып, елінде Ер атанып, төсіне Алтын жұлдыз тағып отыр.

Сапалы өнімдері үшін 1994 жылы Испания өнеркәсіпшілері мен бизнесмендері Ассоциасынан «Алтын Арка», 1995 жылы Данияның Копенгаген қаласында «Алтын Глобус», 1998 жылы Мексикада «Гауһар Жұлдыз» жүлделерін, ал 2007 жылы       сапа саласындағы қолжеткен жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алған, жыл сайын өтіп тұратын түрлі Халықаралық көрмелердің алтын, күміс, қола жүлдегерлері саналып жүрген «Қазфосфат» компаниясының сары фосфоры мен одан өндірілетін өзге қосалқы өнімдерді Азия ғана емес, тіпті Еуропа да емес, Америка материгінен, тағы басқа да шалғай елдерден алушылар баршылық.

Компания филиалы болып табылатын зауыт кәсіподақ комитетін де көп жылдардан бері жұмыскерлер қамын жеп жүрген осы арғын руынан өрбитін ұлан Шахтыбай Жобалайбекұлы Байғанов басқарады.

Зауыт қабырғасы көтеріле бастаған сонау 1977 жылдан бүгінге дейін қатарымызда қажырлы еңбек етіп келе жатқан, зауыттағы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының бірден-бір лауреаты, 1983 жылдары зауыт жұмыскерлері арасынан алғаш болып «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, біраз жылдардан бері цех бастығы болып істейтін дастарқандас дос-жолдасымыз Сәлімбаев Сәкенғали да осы жұрттың өкілі. Жақсы, жақын білетіндерім жайлы ғана айтып отырмын.

Ал енді көне Дешті-Қыпшақ жерін мекендеген қыпшақтарға келер болсақ, оларды көптігіне орай «90 баулы қыпшақ» дейді. Қазақ Совет энциклопедиясынан:"Қыпшақ (Европада–кумандар, Россияда–половцы) – қазақ халқының құрамына енген ежелгі ірі тайпалардың бірі. …Араб, парсы зерттеушілері сол кезде Қ-тарға бағынған түрік тайпаларының бәрін Қ. деп есептеген. …Шежірелердің көбі Қ. руларын былай ажыратады: Қ-тан Сүлімалып, одан Көбекалып (Ақ Көбекалып), одан Мүйізді, одан Сарыабыз. Осы Сарыабыздан бес таңбалы Қ. (Бұлтың, Торы, Ұзын, Көлденең, Қарабалық) өсіп-өнген… М.Мұқановтың айтуынша, Сарыабыздан Қарақыпшақ, Қытайқыпшақ, Құланқыпшақ, Торықыпшақ рулары тараған…

Қ. сөзінің шығуы жайында әр алуан жорамал, аңыздар бар. Мыс., Рашид ад-Дин Қ. сөзін «қабуқ» (қабық, іші бос қуыс ағаш) деген ұғымнан пайда болған дейді. Оғыз қаған бір жорықтан қайтып келе жатқанда, ағаш қуысында жаңа ғана босанып, ұл туған әйелді кездестіреді де, ұлды асырап алып, атын Қыпшақ қояды. Өскесін Қ. атақты батыр, қолбасшы болып, ел билейді. Одан тараған ұрпақтар Қ. аталып кетеді. …Бірақ мұның бәрін мәселенің толық ғылми шешімі деуге болмайды. …Қ. тарих сахнасына Ертіс бойында өмір сүрген Қимақ мемлекетінің (9–11 ғ.) ыдырауына байланысты шықты…

Ол тұста Қ-тар Орта Азияны, әсіресе Сырдария бойын, Еділ мен Дон арасын, Кавказ бен Қырым тауларын, Солт. Каспий даласын, қазіргі Қазақстанның орт. аудандары мен солт. бат. аймағын жайлады. Бүгінде олар көбіне Ақтөбе, Қызылорда, Оңт.-Қазақстан облыстарында шоғырланған…

Қ-тар ұраны–Ойбас, таңбасы–екі тік сызық ІІ (қос әліп)",– деген жазу жолдарын оқуға болады (Алматы. 1975 ж. 7 т. Қыпшақ. 102–104 б.б.).

Қыпшақтар Орта жүз құрамындағы тайпа. Олардың аталарын өзбек халқы сияқты өзге түркі жұрттарының ішінен де молынан ұшыратуға болады. Қарақыпшақ сапынан аты жыр, аңыздардан жақсы белгілі атақты қарақыпшақ Қобыланды батыр мен оның 12-буыны – есімі әліге дейін ел аузынан түспейтін, аты әлемді дүркіреткен әйгілі палуан, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов шықты.

Ал қоңыраттарға келер болсақ, ол–қаһарымен төрткүл дүниені тітіреткен, жер-жаһанның жартысын жаулап алушы әйгілі Шыңғысханның анасы Аяулым мен әйелі Бөрте дүниеге келген, сондай-ақ аты көне қиссалардан ертеден-ақ елге белгілі атақты Алпамыс батыр тарайтын көне ру. Қазақ Совет энциклопедиясында: "Қоңырат–Орта жүз құрамындағы тайпа. Қазақ шежіресі бойынша, Көтенші, Көктіңұлы деген екі бірлестікке бөлінеді. Көтеншіден Саңғыл, Сүйімбай, Сүттібай, Аққошқар, Амантай, Жаманбай; Көктіңұлынан Байлар, Жандар, Оразкелді, Қарасирақ, Тоқболат, Құлшығаш, Алғи рулары тарайды. …Қ. Қазақстан мен Орта Азия жеріндегі түркі тілдес жергілікті тайпалармен араласып, қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз халықтарының құрамына еніп, сіңісіп кетті. Қ. тайпасының ортақ таңбасы–Ғ «босаға таңба», ұраны–"Алатау", «Мүкамал»,– деп жазылған (Алматы. 1975 ж. 6 т. Қоңырат. 601 б.).

Ал керей мен найман жұрты аты жоғарыда аталған ұлы жорықшыдан көп бұрын қалыптасқан, оған бағынбаймыз деп онымен сан рет соғысып, үлкен қарсылық көрсеткен жауынгер, өркениетті мемлекеттердің бірі.

Қазақ Совет энциклопедиясында:"Найман–қазақ халқының құрамындағы ірі тайпалардың бірі. …Н-дар 12 ғ-да Ертіс пен Орхон ө-дерінің аралығын қоныс еткен түркі тайпаларынан саяси мемл. бірлестік құрды. Н. ұлысы Шығ. Қазақстан мен Бат. Монғолстан алып жатқан Алтай мен Хинган таулы өлкесіне орналасты. …Шежіре деректеріне қарағанда, қазақ халқының құрамындағы Н-нан Терістаңбалы (кейде Елата), Сарыжомарт (Ергенекті Найман), Төлегетай деген үш үлкен рулар бірлестігі тарайды. Терістаңбалыдан: Мәмбет, Рысқұл. …Сарыжомарттан: Балталы, Бағаналы, Көкжарлы, Бура, Қаратай. Төлегетайдан: Қаракерей, Мұрын, Төртуыл (кейбір мәліметтерде), Матай, Аталық (кейбір деректерде Кенже), Садыр. …Ал Н-ның ортақ таңбасы–γ (бақан), соңғы ұраны–Қаптағай",-делінген (Алматы. 1976 ж. 8 т., Найман. 261–262 б.б.).

Бұл тізімді біз білгенімізше толықтырар болсақ, Мұрыннан–Байыс, одан–Жанболат, одан–Даулет, одан–Әжіғұл. Осы Әжіғұлдан тарайтын кейінгі ұрпақтар: Айдар, одан–Күшіген, одан– Тұрдыбек, одан–Шөтіке, одан–Әубәкір, одан–Қарағаз, одан– Әмірзада. Қаракерейден тарайтын ұрпақтар ішінде әйгілі Қабанбай батырдың інісі Байжігіттен–Қайқы, одан тарайтын ұрпақтардан бізге мәлімі–Түсіпжан, одан–Рақымбай, одан–Жұмабек, одан–Есдәулет, Қанат, Санаттар. 17–18 ғасырларда жоңғар басқыншыларына қарсы күресте аттары шыққан Қабанбай, Қаптағай, Бөрібай батырлар мен атағы үш жүзге мәлім болған Ақтайлақ би, Сабырбай, Қуандық, атақты Сара ақындар осы найман руынан шыққан.

Ал керей руына келер болсақ: "Керей–орта жүз құрамындағы негізгі тайпалардың бірі. Шежре деректеріне қарағанда, ол Абақ К. (қ.Абақ Керей) және Ашамайлы К. (қ.Ашамайлы Керей)      деп аталатын екі үлкен тармақтан тұрады. …Көне тарихты зерттеушілер К-лерді ертедегі керейттердің (қ. Керейт) ұрпағы деп санайды. …Рашид ад-Дин, Әбілғазы Баһадүрхан, Х.Ховорс, С.Аманжолов т.б. оны ежелгі түрік тайпаларынан таратады.

Тарихи жазба деректемелерде К-лер б.з-дың 9 ғ-ынан белгілі. …К-лер ол кезде Онон, Керулен, Селенгі және Аргун өзендерінің бойын мекендеп, жеке мемл. құрған. Мәдениеті жоғары болып, көне түркі жазбаларын пайдаланған…

К-лер ұлан байтақ территорияға тарап, бірқатар түркі тілдес халықтарға сіңісіп кетті. Олар–өзбек халқының Кенегес тайпасындағы Абақлы және Ашамайлы, қарақалпақ халқының Қоңырат арасындағы Ашамайлы рулары. Абақ-Керей руы тубалардың, Қырым татарлары мен башқұрттардың құрамында да кездеседі. К-лердің дені қазақ жерінде қалып, Орта жүздің Керей тайпасын құрады. Найман тайпасының Қаракерей руы, Кіші жүздің Төлеу руындағы Керейт атасы–ежелгі К. тайпасының ұрпағы. К-лердің ұраны–Ошыбай, Ашамай, таңбасы–×",– деп баяндалады (Бұл да сонда. Алматы, 1974 ж. Керей. 5 т. 390 б.). Әкелі-балалы, ерен еңбектері үшін Социалисті Еңбек Ері атанған Қабаш Қозыбаев пен ұлдары, шежіремізде еңбектерінен үзінді келтіріп, сілтемелер жасаған, президент кеңесінің белді мүшесі болған, тарихшы, академик ғалым Манаш пен Қазақстан журналистер Академиясының күні бүгінге дейінгі төрағасы, тарихшы, ғалым, жазушы, журналист Сағымбай Қабашұлдары осы керей жұртынан.

Ал уақтар жайлы онда былай делінген: "Уақ– Орта жүз құрамына кіретін тайпа. Шежіре бойынша: Шоға, Сарман, Байназар, Сарыбағыш, Сіргелі, Еренші, Әлімбет, Бидалы, Жансары, Баржақсы, Шәйкөз руларына бөлінеді. Мұның соңғы төртеуін Ергенекті У. деп те атайды. Қазақ әңгімелері мен шежіре деректерінде У. аталарының бірі ретінде әйгілі Еркөкше батыр мен оның ұлы Ер Қосай батырдың аттары аталған. …Қазақ арасына кең тараған аңыз бойынша У. Керей тайпасымен туыстас. У-тың арғы атасының анасы ері Жаубасар өлген соң бір жылдан кейін әмеңгерлік әдет бойынша оның ағасы Ойшыбайға (Керейдің әкесі) тиеді. Сондықтан да У. Керейдің інісі болып есептеледі. Керей мен У-тың аталастығының тағы бір айғағы, олардың рулық таңбасының ұқсастығы, яғни «Ашамай таңба»(×) екеуіне де ортақ. У-тың алғашқы ата мекені Қазақстанның солт. шығысы мен Монғолияның батысы болса керек. Қазақ жеріне жоңғарлардың баса-көктеп еніп, алға жылжуының салдарынан У-тар өзінің ата мекенінен ығысып, солт. Тобыл және Үй ө-деріне, батыста Торғай өлкесіне, ал оңт. Арал теңізінің жағалаулары мен Сыр бойына да жетті. …20 ғ-дың басында Кіші жүздегі У-тың аздаған тобы Торғай обл-ның Ақтөбе және Ырғыз у-дерінде бытырап қоныс тепті. …Ұраны–Жаубасар, Бармақ, таңбасы–П× (босаға, ашамай) (Бұл да сонда. Алматы. 1977 ж. 11 т. Уақ. 271272 б.б.).


7 бөлім


ЖҮЗГЕ КІРМЕЙТІН РУЛАР ХАҚЫНДА


Ауыз-екі тілімізде қалың жұртшылық жүзге кірмейтін руларға қазақ халқының арасына ислам дінін насихаттап, енгізуді көздеп келіп, қалып қойған араб миссионерлері ұрпақтарын, ежелден халқымыздың хандары сайланып келген Шыңғысханнан тарайтын сұлтандар әулетін – төрелерді, сосын солардың төңірегіндегі қызмет етуші төлеңгіттер тобын жатқызып келді. Мәселен, белгілі шежіре зерттеушісі Сайдаққожа Жүсіпұлы «Жүзге кірмейтін қазақ рулары» деген еңбегінде қожалар жөнінде төмендегідей мәліметтер береді: «Қожа тайпасы үш жүзге кірмейтін тайпалар ішіндегі ірі топтарының бірі. Бұл тайпа әртүрлі құрама рулардан құралған. Қожа деген сөз араб тілінен аударғанда „ағартушы“ деген мағынаны білдіреді. Ал парсылар билеуші әмірлерді қожа деп атаған. Сондай-ақ оқыған оқымыстыларды жергілікті халық қожа деп құрметтеген.Ол оқымысты–ағартушылардың арасында жергілікті тайпалардан шыққандар да болған» («Ана тілі» газеті. 5 б. 15 сәуір, 2005 ж.). Осылай дей келе қожалардың ішіндегі аға буынға кезінде пайғамбарымыздың сахабасы, кейін екінші халиф болған әйгілі Омар бин Хаттаб, белгілі дін уағыздаушылары Шайхы Бұзырық, оның ұлы хазірет Аиуб Әмин, оның жолын ұстаушы ұлы Гирамад Әзиз шыққан Саид тобын жатқызады.      Гирамад Әзиз VIII ғасырдың ортасында араб әскерімен Түркістан жеріне келгені белгілі. Бұл дін үшін болған мұздай қаруланған араб пен қарақұрымдай қаптаған сары шерік киген қытай әскерлерінің арасында 751 жылы болған әйгілі Атлах шайқасының қарсаңы болуы да ғажап емес. Жұртқа өз еріктерімен де, күшпен де ислам дінін енгізе алмаған арабтар, кейін өз нәтижесін берген тәсілмен, мешіт, медреселер салып, ислам дінін ақырын, асықпай уағыздай бастайды.

Сайдаққожа Жүсіпұлы мақаласынан әрі қарай: «Сол бір дін уағыздаушы Гирамад Әзиздің ұрпақтары Баба Туклас пен Ысқақ Баб қазіргі қазақ халқының арасында өмір сүрген адамдар. …Ысқақтың мешіт-сағанасы Баба Ата қаласында әлі сақтаулы тұр. Оның ұрпақтары Арыстан Баб пен Қожа Ахмет Яссауи де тарихқа белгілі адамдар. Саид тобына қазіргі қожа рулары Сеид, қожа, Аққожа, Диуана қожа, Қылышты қожа, Қырық садақтар кіреді»,– деген шежіре жолдарын тауып оқуға да болады. Мұнда сонымен қатар қожалардың пайғамбар әулеті болып саналатын Қорасан тобы, төрелермен қаны араласқан Бақсайыс тобы, Жүсіп қожа, Түрікпен қожалар жайлы мағлұматтар беріледі.

Ал төрелер туралы айтар болсақ, Дешті-Қыпшақ пен қазақ даласына билік етіп, ұлыс хандығын құрған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ұрпақтары халық арасында әлі күнге дейін өздерін төрелерміз деп атайтындықтары белгілі. Қазақтар қарадан ешқасан хан сайламаған. Тарихымыздағы қазақ хандығының шаңырағын көтерген Керей мен кемеңгер әз-Жәнібек, елдің іргесін созып, кеңейткен қасқа жолды Қасым мен данышпан Тәуке, олардан кейінгі, аттары алты алашқа аян қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жоң-ғарлармен жан аямай соғысқан сайыпқыран Әбілқайыр мен ұлы Абылай, ақ патшаның бодандық саясатына қарсы он жыл бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей жанкешті күрес жүргізген оның жүрек жұтқан немерелері Кенесары хан мен Наурызбай сұлтандар, кіші жүздің соңғы Жәңгір ханы, қазақтың тұңғыш ағартушы-ғалымы Шоқан Уәлиханов, Алаш-Орданың үкілі жетекшілерінің бірі Әлихан Бөкейханов, оның жанқияр, тынбас күрескерлері Сыздық, Әзімхан Кенесариндер, халық арасына аты кең тараған, әйгілі күйші, сазгер, домбырашы Дәулеткерей, ұлттық медицина университетіне есімі берілген атақты ғалым Санжар Асфендияров, қазақтың үлкен гидролог ғалымы, Мәскеу митрополитенін салуға атсалысып, сіңірген еңбегі үшін оның тас қабырғасына аты өшпестей болып қашап жазылып қалған Натай Әзімханұлы Кенесарин, Республикамыздың мемлекеттік елтаңбасын жасап берген, сырт жұртшылыққа да есімі кең танымал сәулетші Шота-Аман-Ыдырысұлы Уәлиханов, бәрі, бәрі Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары екендігі баршамызға мәлім.

Төрелерміз деп өздерін тек бұлар ғана емес, Шыңғысханның өзге ұлттар құрамындағы ұрпақтары да «бабамыз нұрдан жаралған» деп өздерін дала ақсүйектері санатына жатқызады (Д-р. Эренжен Хара-Даван–Чингис-хан как полководец и его наследие. Алматы. Из-во "КРАМДС–Ахмед Яссауи. 1992 г.) Ал төлеңгіттер жайлы айтар болсақ, Зайыр Сәдібеков өзінің «Қазақ шежіресінде» бұл туралы:«Қазақ сұлтандары мен хандарының көрші-қолаңы, малайлары мен шабармандарынан тараған ру. Бұлардың көпшілігі ертедегі жаугершілікте қолға түскен әр түрлі ұлттардың адамдары. Солар өз ара бір-біріне қыз беріп, қыз алысып Төлеңгіт руымыз деп өздерінше аталып кеткен. Төлеңгіт руы қазаққа не үш жүзге жатпайды. Төлеңгіттер Орал облысының Орда ауданын мекендейді»,-деп жазған (Төлеңгіт руы. 8 б.).


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 | Следующая
  • 0 Оценок: 0

Правообладателям!

Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?


Популярные книги за неделю


Рекомендации