Текст книги "Шежірем сыр шертсе"
Автор книги: Тажис Мынжасар
Жанр: Жанр неизвестен
Возрастные ограничения: +12
сообщить о неприемлемом содержимом
Текущая страница: 4 (всего у книги 29 страниц) [доступный отрывок для чтения: 10 страниц]
«Қайта жинап ел қылып,
Қалың Қазақ қонысын",– деген
өлең жолдары да қазақ қауымдастығының ертеден келе жатқандығын, бірақ тарихтың тар жол, тайғақ кешу кезеңдерінде Керей мен Жәнібек заманына дейін де осылайша бір емес, бірнеше рет ыдырап, қайта біріккен ұлыс болғандығын көрсетеді. Ал осы жырдың:
"Қырық мың үйлі қияттан
Қырық мың әскер қол алып,
Ақ қара бас ту алып,
Қызылбасқа жол алып,
Көшірем деп Қазанды
Бұл да күшті мол алып,
Қарамандай батырдың
Қабағына қар қатты,
Кірпігіне мұз қатты.
Қазанның естіп хабарын
Ұйқы көрмей түн қатты.
Ноғайлыны алды,– деп,
Сүйекке таңба салды,-деп,"
(Ақсауыт. Батырлар жыры. "Жазушы" баспасы. Алматы. І т. 29 б.).
өлеңдетер келесі шумақтары қияттың ұлы Қараманның қарақыпшақ Қобыландымен үзеңгі тіресіп, үмбеттеріне жатпайтын ортақ жау–қызылбасқа қарсы бірге аттанулары да бұл екі жұрттың ноғайлы жұртымен бір кездері жан ашырлық жақын, бір Қазақ ұлысында болғандығын көрсетеді. Ал келесі:
"Шәһзатты қазірет,
Жарылқаушы құдірет,
Қызылбас басқа,
біз–үмбет",-
( Бұл да сонда. І т. 51 б.).
деген жыр жолдары қызылбастардың (парсылықтар) бұлар сияқты Қазақ ұлысына кіретін түбі бір түркі тайпасы емес, ділі мен діні бөлек бөтен жұрт екендігін тағы бір аңғартады. Халқымыздың ұмытылмас ақиық, саңлақ ақыны Жұбан Молдағалиев өзінің көпке танымал, кезінде елұранымызға да арқау болған, тау суындай сарқыраған рухты өлең жолдарымен «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп қатулана жырлағанда қазақ халқының тап осылайша бірде бірігіп, бірде ыдырап, басынан сансыз көп қысылтаяң, қиын шақтарды өткізген тарихи жағдайын меңзесе керек.
Тарихтың дәл осындай сын сағаттарында Қазақияның құрамынан оның біраз ру-тайпалары біртіндеп шығып, жаңа қоныс іздеп, көшіп отырған. Кезінде черкестерге де, қарашайларға да, балкарларға да, құмықтарға да, ноғайларға да осылай істеуге тура келген. Бірақ біз жақсы білетін бір жайт Қазақияның құрамына бірі қалмай кіріп, басқа түссе баспаққа дегендей, басқалар көшіп жатса да олар көшпеген, сол бағзы заманнан осы күнге дейін атын да, затын да сатпай, атауы аңызға айналған қоныс орнын да өзгертпей, біздерге мен қазақпын деп жеткен бірден бір тайпалар дені алшын мен қыпшақ, қаңлы тайпалары екендігі ендігі жерде ешбір күмән туғызбайды. Жоғарыда келтірілген фактілер мен бұл рулар Қазақстанның сол кездегі Қазақияға қараған батыс, оңтүстік-батыс аймақтарын күні бүгінге дейін мекендеп отырғандығы соның айқын айғағы.
Сонымен Қазақияның қасиетті қарашаңырағы бүгінгі қазақтардың ішінде алдымен соларға бұйырып, ғасырлар қойнауынан бүгінге дейін оның атын, ділін, тілін сақтап, ошақтағы отын өшірмей жеткізу алдымен солардың еншісіне тиіпті, Қазақия құрамына алдымен кірген де, алдымен қазақ атанған да сол ру-тайпалар деуге әбден болатын сияқты.
Мана әңгімеміздің арасында арқаның арғындары да алшындармен бірге Алтайдан асып келген ру-тайпа екендігін тілге тиек еткенбіз. Өйткені Алтайдан бізге дейін созылған Ресей жерінде сақталып қалған жағрафиялық топонимдерден оларға да қатысты аргу, яргу тәріздес қоныс атаулары ұшыратылған еді. Бірақ олар алшындармен бірге Алтайдан асқанымен, батысқа қарай жылжып, Қазақияны құруға қатысты ма, әлде көш басын сол арқа жеріне тіреп, сонда табан тоқтатып қалып қойды ма ол жағын біз білмейміз. Бұл жөнінде бізде ақпар жоқ.
Бірақ арғындардың Алтайдан асып, арқа жеріне жетіп, тоқтағандары жөнінде жазба деректер де бар. Арқадағы арғындар жөнінде атағы төрткүл дүниеге мәлім әйгілі жиһангер, ғалым Марко Поло да, шығыстанушы, Орта Азия мен Қазақстан тарихын жете зерттеуші белгілі ғалым Н.А.Аристов те жеткізе жазды. Ал аты шығыс елдеріне мәшһүр ғалым В.В.Бартольд еңбектері мен Қазақ Совет энциклопедиясында бұл турасында: "Тарихи мәліметтерде А. аты бірнеше түрде кездеседі: Ғын, Ғұн, Ақ Ғұн, Қара Ғұн, Аруғ-Ғун, Тағ-Ғун. Мұндағы Ақ-Ғун, Аруғ-Ғұн–екеуі бір мәнді сөз. Мұндай аттар ежелгі тайпалар арасында жиі кездеседі… Әл-Бируни мен Ауфидің көрсетуі бойынша, Ғұн (Құн) одан бұрын Алтай тауының төңірегінде, Обь өзені бойында болған. Кайы (Оғыз) тайпасының Батысқа қарай жылжуына байланысты Ғұндар да қозғалып, «Сары» деген жерге келіп орналасады. И. Маркварттың зерттеуі бойынша, бұл уақиға 7 ғ-да болған. Ғалымдар «Сары» деген жерді Монғолиядан, Қашғариядан, Түркмениядан іздеп таба алмаған. Ғұндардың Ертіс бойындағы қыпшақтарды ығыстыруына қарағанда, олардың келіп тоқтаған жері Сары [Арқа] екені байқалады. Ауфидің жазуы бойынша, бұл геогр. атау сол кезде-ақ қолданылған (Бартольд В.В., Соч., т. 5, с. 395). Дешті Қыпшақта (Сарыарқада) жасаған А-дар Қыпшақ тайпасымен көршілес отырады. Қазақ шежіресі де солай дейді",-делінген (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1972 ж. 1 т. 450–451 б.б.). Бұлар басқа жағын болмаса да арғындардың Алтайдан асып келгендігін дәлелдейтін деректер.
Бүгінде Ресейдің құрамына кіретін Алтай өлкесінен берілетін кабелді телеарна хабарларын тамашалай қалсаңыз, оның халқының түр-түсі, киім-киісі, той тойлайтын әдет-дәстүрі, шаруашылық тірлігі, мереке күндеріне арнап тігетін киіз үйлері, айтатын ән ырғақтары мен сөйлеу мәшіні біздікіне өте ұқсастығымен қатты таңқалдырады. Сөз жоқ, бұл сонау әлімсақ заманда Алтай жерінде қалып қойған өзімізге туысқан тайпалар жұрнағы екендігі дәлелдеуді қажет етпейді.
Ел арасында жиі айтылып жүрген «Алтайдың ар жағынан келген ару» деген Тынышбай Рақымның әні де кезінде сол жақтан келген туысқан ару қызға арналған әсем ән екендігі күмән туғызбайды. Бұл да біздердің, қазақтардың дені Алтайдан асып келген халық екендігімізді растайтын тағы бір дәлел.
Сонымен сөзімізді түйіндерде жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйене отырып, көне Қазақияның қарашаңырағы кезінде одан бөлініп кеткен бүгінгі черкес, қарашай, құмық, балкар, кабарды, абазиндер емес, одан қалған тәбәрік–Қазақияның байырғы қазақ атын бүгінге дейін ұмыттырмай жеткізген, кейін ұлы жүз–Үйсін, орта жүз–Арғын, кіші жүз–Алшын деп үш тарау ел болып біріккен біздер, бүгінгі қазақтар дегіміз келеді.
Бөліп-жарып айтатын несі бар, қазақпыз деп отырған осы алшындар мен Жетісу, Сарыарқаны ес білген ежелгі кезден мекен еткен ұлы және орта жүз тайпалары қазақтығымыздан бұрын да бір кездері шекарасы Алтайдың арғы жағынан Каспий жағалауына дейін созылған, тілі де, ділі де, салт-дәстүрі де бір, атақты Фирдоуси «Шаһнамасында» жырлаған, әйгілі Апрасиаф (Алып тұлға) баһадүр билеген Ұлы Тұран мемлекетін құраушы, о бастан-ақ туысқан, түркі қандас, бір ұлыстың жұрттары болғандығы еш талас тудырмайды. Қазахия, біздіңше, осы Тұран мемлекеті ыдырағаннан кейін құрылған Түрік, Шығыс Түрік, Батыс Түрік, Түркеш қағанаты секілді көп бірлестіктердің бір сынығы.
Қазақтың біртуар, мұзбалақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың атақты «Түркістан» атты өлеңінің мына жалынды жолдары да байырғы қазақтардың Ұлы Тұраннан қалған қарашаңырақ екендігін айғақтайтын жыр тармақтары екендігінде дау жоқ:
Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па?
«Түркістан». Шығармалары. "Жазушы" баспасы. Алматы. 1989 ж., 173 б.
Сонымен жоғарыда келтірілген деректер, оның ішінде Қазахия құрамына кірген көне ру-тайпалар атауының бүгінгі қазақ елі құрамындағы заманауи ру-тайпалар атымен сәйкес келетіндігі, солардың ру-тайпалық таңбалары мен бүгінгі біздердің ру таңбаларымыздың бір-біріне судың егіз тамшысындай ұқсастығы көне Қазақ ұлысы мен бүгінгі Қазақ мемлекетінің туысқандығын танытатын, ежелгі «Қазақия» өзге мемлекет емес, бір кездері өз бабаларымыз құрған ел, біз ұлт атауын содан алып қалғандығымызға айғақтайтын бұлтартпас дәлелдер.
Ендеше, «Қазақия» еліміздің сонау замандардағы бастау бұлағы болса оның тарих аренасынан алғаш көрінген уақытының да біздер үшін аса маңызды дата екендігі өз-өзінен түсінікті. Бұл Қазақстан кеше ғана құрылған мемлекет емес, мыңжылдық тарихы бар көне өркениетті ел екендігін растайтын дерек. Бірақ мұның байыбына барып, ойланып жатқан шенеунік, ғалымдарымызды көрмедік.
Оларға бәрібір сияқты. Тіпті кейбіреулері бұл мәселені шешуге келгенде кежегелері кейін тартып жүр. Тарих ғылымының докторы, профессор Зардыхан Қиянатұлының «Біз тарихтан қазақтың өз орнын іздеп жүрміз» деген «Жас алаш» газетінің 2005 жылғы 112 нөмірінде берген интервьюнде: «Қазақтың тегін сақтардан бастап қарастырған дұрыс дегенді қытайлық ғалымдар айтып келеді. Моңғолдар біздің халықты ХII ғасырда-ақ «Қайсақтар» деп атаған, қазір де солай ойлайды. Өзіміздің қазақ тарихшылары Қазақ мемлекеттілігін 1465–1466 жылдардан асыра алмай жүр, қайсыбірі тіптен асырғысы да келмейді», - деп таусыла сөйлеуінің түп төркіні, міне, осында жатыр. Ғалымның мұнысын қазақ атауы мен тарихының өте әріден бастау алатындығын әлі күнге дейін мойындамай келе жатқан билік пен ресми ғылыми орындарға деген қынжылысы, өкініші, жанайқайы деп түсінуге де болады.
Сонымен қорыта айтар болсақ, М.Тынышпаев қазақ халқының тамырын тарих атасы деп тегін аталмаған сонау көне Геродот (б.з дейінгі 490–425 жылдар аралығында өмір сүрген, скифтер (сақтар) туралы алғаш рет көлемді, жүйелі еңбек жазған көне грек тарихшысы) пен Страбон (б.з дейінгі 64–б.э. 24 жылдар аралығында өмір сүрген көне грек географы, тарихшысы) заманына дейін жеткізсе, тюрколог-ғалымдар З.Қиянатұлы мен Т.И.Сұлтанов, С.Г.Кляшторный, тарих зерттеушісі А.Айзахметовтар, керек десеңіз, оларды Қазақия дәуірінен де әрі асырып, сонау біздің заманымызға дейінгі әлімсақ дәуірде өмір сүрген қайлар мен сақтар кезеңінен өрбіткісі келеді. Егер дәлелдері ғылыми тұрғыдан нанымды, ойға қонымды болып шығып жатса несі бар дегіміз келеді.
Қазақия жөнінде бұл келтірген деректеріміз толық емес екендігі анық. Шама-шарқымызша ғана жаздық. Біздіңше, мұнымен, жоғарыда айтпақшы, Қазақияның атын атап, түсін түстеп бере алар маман ғалымдар, оның ішінде ғылыми деректерге сүйене отырып, оның аяқ тіреп, шатыр тіккен, жамбасы тиген ата қонысы бүгінгі қазағымның кең байтақ, сайын сары даласының қай жерлерін кесіп өткендігін дұрыс нобайлап, сызып бере алатын тарихшы-картографтар да айналысқаны жөн ғой деп ойлаймыз. Әзірге жоғарыда келтірілген зерттеу деректеріне сүйене отырып, қазақтардың түп негізі мен атауы, жоғарыда айтып кеткендей, берісі IV–VII ғасырларда Ұлы қоныс аудару заманында Алтай баурайынан көшіп, Дешті Қыпшақтың батысын, Қара теңіз бен Каспий теңізі аралығын мекендеген Қазақия тайпаларынан, ал арысы біздің заманымызға дейінгі кайлар мен сақтар, Апрасиаф пен Дарийлердің кезіндегі косоктардан тарайды деп айтуға толық негіз бар. Демек, әңгімемізді тамамдай келе, біздердің бүгінгіше қазақтар деп аталуымыз ең кемі осы кездерден басталады дегіміз келеді.
Өкінішке орай, үлкен зерттеуші, тамаша жазушылардың бірі, Қазақ Совет энциклопедиясы редакциясында оның қазақ тарихы бөлімін ұзақ жылдар жемісті басқарған, кезінде қызметтес ұстазым да болған марқұм Байұзақ Қожабековтің кейін жазған "Қазақия" (1999 ж.) кітабын, ауыл шалғай, уақыт тапшы демекші, дер кезінде қолға түсіріп, саралай алмадым.
Қазақ атауының шығу тегіне қысқаша болса да тоқталып кеткесін, ендігі жерде Сол Қазақияның жұрнағы–қазағымның басын қайта қосып, бүтіндеп, оны бүгінгі ұлт, мемлекет дәрежесіне жетерліктей етіп өзінің тарих атты тай қазанында сомдап шығарған әлеуметтік-саяси процесс барысы туралы айтпай кетпеске болмайды. Ол–қазақ хандығы жайлы әңгіме. Қазақ тарихы қазақ хандығынсыз сыңаржақ дүние іспеттес. Өйткені қалай қазақ болғанымызды білгеннен кейін, қалай қазақ мемлекетін, қалай оның алтын ұя бесігі–қазақ ұлтын құрғанымызды да білуіміз керек емес пе? Ендеше, әңгімеміздің ендігі алтын арқау, күміс қазығы қазақ хандығы мен ұлтының қалыптасу процесі жайлы болмақ.
3 бөлім
ҰЛТТЫҒЫМНЫҢ ҰЛЫ БЕСІГІ – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫМ
Қазағым тарихын білмейтін тексіз, жеті атасын білмейтін жетесіз емес. Біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда бара жатырмыз деген ежелден келе жатқан ескі сауалға әрқашан ежіктемей тура жауап бере алуымыз үшін өз шежіреміз туралы әңгімелемес бұрын алдымен қазағымның қасиетті қарашаңырағы, ұлттық мемлекеттілігіміздің тұңғыш белгісі – Қазақ хандығының құрылуы жайлы айтып кетуді жөн көрдік.
Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған көшпелі қазақ тайпаларына сайыпқыран Әбілхайыр хан басқарған «Көк ордадан» бөлініп шығуға 1456–1457 жылдары ғана мүмкіндік туды. Бұл үшін олар Сығанақ қаласы төңірегіндегі «Көкқашан» деген жерде мұздай қаруланған хан ләшкерінің тас-түйін бекінген жоңғар қонтайшысы Үз Темір әскерінен оңбай, ойсырай жеңіліп, әлсіреп қалған тұсын ұтымды пайдаланып кетті.
Ешбір билеуші ешкімді ешқашан қан-төгіссіз өз еркімен босатып жібермесе керек. Сансыз көп жансыздары мен тыңшылары бар қанқұйлы, айлакер Әбілхайыр хан мен оның өзге жақтастары қос сұлтан мен олардың төңірегіне топтаса бастаған жұрт пиғылын білмей қалды деу әсте қиын. Олар білмеді емес, бұрыннан-ақ біліп келді. Бірақ іштен шыққан жау жаман демекші, қан мен тегі бойынша ұйымдасып үлгерген топтың күшін сезінгендіктен оларға ашықтан-ашық қарсы шығып, істі өз қолдарымен асқындырып, насырға шаптырып алғысы келмеді деп санаймыз. Кейін бұлар бөлініп, ауа көшкенде де «болар іс бәрібір болмай қоймады» дегендей соңдарынан әскер шығарып, қумағандықтары содан шығар деп ойлаймыз.
1456 жылы Әбілхайыр ордасынан үдере көшкен қазақтарды Моғолстан ханы Есенбұға құшақ жая қарсы алды. Не дос, не жау екендігін білмейтін мекенге қазақтардың әй-шәй жоқ баса-көктеп бара қоймайтындығы, мұндайда жер иесінің ашық қабақ танытатын келісімі керек екендігі бесенеден белгілі. Өйтпейінше бұл – өзгенің жерін басып алу, тартып алу, соғыс деген сөзбен парапар түсінік. Демек, бұл – жоғарыда ғалымдарымыз біліп айтып кеткендей, Керей, Жәнібек сұлтандар мен Есенбұға хан арасында көшіп-қону мәселесіне қатысты ертеден-ақ елшілік жүріп, бұрыннан-ақ екі жақтық келісім-шарт жасалып, белгілі дайындық жұмыстары болғандығын, Қазақ хандығын құру тосын емес, ілгеріден ойластырылған іргелі іс-шара екендігін аңғартады.
Бұдан байқайтынымыз Қазақ хандығын құру бір күннің емес, талай ғасыр аңсалып, айтылып, талай би мен көсемдердің ақ арманына айналып келген іс екендігі. Бақтарына қарай ол жоғарыда аттары аталған қос сұлтанның уақытына дөп келіп, солардың еншісіне тиген баянды іс болды. Бұл дегеніңіз, тағы да қайталап айтамыз, қазақ атауымыздың қашып-пысып жүріп алған «қашақ» сөзінен емес, әріден келе жатқан әсілі қазақ деген түп ныспымыздан алынған атау екендігін тағы бір дәлелдеп кетер жай.
Есенбұға хан қазақтарға жайлау үшін батыс Жетісудан Шу, Талас өзендерінің алқабы мен Қозыбасы аймақтарын бөліп берді. Тап осы жерде іргесі қаланып, еңсесі көтерілген елге тұңғыш рет «қазақтар» атауы қолданылғандығын біз 16 ғасырдағы тарихшы Уасифи деректемелерінен оқып-біліп отырмыз.
Әлбетте, моғолдарға қазақтармен төсекте басы, төскейде малы қосылған көрші болу ниетінің астарында Дешті Қыпшақ хандарымен жиі болып тұратын басқыншылық соғыстарда оларды қалқан ретінде ұстағысы келген саяси сыр жатқандығы да белгілі еді.
Бұл ниетті баянды етуге Жүніс сұлтан таққа таласқанда қос сұлтанның Есенбұғаны барынша қолдап, қолдарынан келгенше оған көмектескендігі, сөйтіп араларында сенім мен достық қарым-қатынастар қалыптасқандығы өз септігін тигізбей қоймады.
Сығанақ шайқасы мен қазақтардың Моғолстан жаққа тап осы 1456 жылдары үдере көшкендіктері туралы 1983 жылы жарық көрген Қазақ ССР тарихының «Көне заманнан бүгінге дейін» деп аталатын 2 томының 188-бетінде де айтылады. Бұл цифрлар белгілі қытайлық тарихшы, ғалым Нығымет Мыңжанның 1987 жылы Қытайдың Шыңжан қаласында «Қазақтың көне тарихы» деген атпен жарық көрген зерттеу еңбегінде де тілге тиек етіледі. Өзіміздің отандық жазушы, тарих зерттеушісі, көпшілікке танымал, атақты «Аласапыран» романдарының авторы Мұхтар Мағауин де 1993 жылы «Жұлдыз» жұрналының № 12 санында жарық көрген «Қазақ тарихының әліппесі» деген зерттеу мақаласында, кейінірек баспадан басылып шыққан «Қазақ хандарының ғұмырнамасы» атты кітаптарында да осы датаға тоқталады.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қуандық Есенғазы да біз бұрынырақ айтып кеткен өзінің 2014 жылы 11 қарашада "Жас алаш" газетінің 89 нөмірінде жарық көрген «Өз ұлтыңның тарихын бұрмалау–өз әкеңді өзің ұрып өлтіргенмен бірдей» деген мақаласында осы пікірді ұстанады. Ол онда: "Орта ғасырлық атақты тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулатидың куәландыруы бойынша, бұл оқиға 1456 жылы болған. Осы 1456 жыл, жаратылысынан еркіндік аңсаған, қазақ жұртын бастаған Керей мен Жәнібектің жаңа бір ұлыстың дербестігін жариялаған ерекше оқиға–қазақ деген атауды иемденген халқымыздың тарихындағы маңызды құбылыс, жаңғырған қазақ этносынан тұратын мемлекеттің дүниеге келген мезгілі болды,-дей келе,тарихшы, жазушы М.Мағауинге қатысты: «Кейінгі зерттеушілер 1456 жылды, тіпті бұдан соңғы кезеңдерді атап жатады. Бұл тарихшылардың пайымдауынша, қазақ ордасының ту көтеріп, ірге бекітуі тек Әбілқайыр кенеттен қайтыс болған соң ғана жүзеге асқан сияқты.Осыған дейінгі ұзақ он екі жыл тепе-тең күрес үстінде өткені есепке алынбайды. 1465–1470 жылдар–хандықтың құрылған емес, нығайған уақыты, халықтың өз тәуелсіздігін емес, көрші жұрттарға біржола танылған мезгілі. Түптеп келгенде, мұның бәрі қазақ тарихының бастауын мүмкін болғанынша кейіндету талабының бір көрінісі ғана»-деген Мағауиннің тұжырымы сол кездегі тарихи оқиғаларды зерттеген өзге де тарихшы-ғалымдардың пікірлерімен үндес",-деп баяндап кетеді.
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының төрағасы Жарылқасын Боранбай да өзінің «Қасиетіміз де, қастеріміз де–Қазақ хандығы» деген мақаласында ашық айту–ардың ісі деп осы пікірді ұстанады («Ана тілі» газеті. № 29. 21–28.07.2011 ж.).
Сондықтан Қазақ хандығы құрылып, қазақ мемлекеттілігінің іргетасы қаланған жылдар деп бірауыздан осы жылдар алынып жүргендігін айту керек. Тарихтың тай қазанында қазақтың жаңадан ұлысты ұлт болып қалыптасуы тап осы кездері басталды. Бірақ, жоғарыда айтпақшы, өзге бірқатар ғалымдарымыз Мұхаммед Хайдар Дулатидің атақты «Тарих-и Рашид-и» атты кітабында Керей ханның Шу бойына көшкен уақыты Хижра жыл санауымен 1465 жыл деп көрсетілген деп қоймай жүр. Олар Мұхаммед Хайдар Дулатидің сол «Тарих-и Раши-диінің» тағы бір жерінде 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға дүниеден озғаннан кейін ішкі феодалдық алауыздықтарға байланысты олардың жұрты жиі-жиі қазақтар жағына өтіп кетіп отырғандығы, Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан кейін оның да біраз ру-тайпалары Жәнібек ханға қосылып, қазақтардың саны 200 мыңға жеткендігі туралы жазылған деректерді ескергісі де келмейді. Сөйтіп қазақ хандығының 550 жылдығын 2015 жылы күзде атап өтеміз деп отыр. Бұған не дейсіз.
Осы ретте қазақ мемлекеттігінің қалыптасу мерзімін кейінге шегере бергеннен не ұтып, не өндіреріміз белгісіз. Бірақ осылай дей отыра жоғарыда келтірілген көп фактілерге қарамастан қазақ мемлекеттілігінің мерей тойын дауласа бермей, «көппен көрген ұлы той» деп биыл жақсылап, бірлесе өткізуге бармыз. Сөйтіп тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған бастаған бірқатар ғалымдар тобының мемлекет құру, оны қалыптастыру бір жылда бола қалатын іс емес деген пікіріне амал жоқ қосылмақпыз (Ғазиз Құрмашұлы. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. «Ана тілі» газеті. №46. 2014 ж.).
Біздер осы айтып отырған қуатты Қазақ хандығының тарихына құрметпен қарап, оның құрамында бастан өткерген қиын да қилы кезеңдерді, тар жол, тайғақ кешулерді ұмытпай еске алып, ұрпағымызға тәлім-тәрбие үшін әркез айтып отыруымыз керек деп ойлаймыз.
Ендеше осы хандық тарихына қысқаша болса да шолу жасап, оның ел басқарған тұтқалы да тұлғалы, қадір тұтар құрметті ұлдары жайлы тәппіштеп болмаса да, шама-шарқымыз жеткенше там-тұмдап болсын мағлұмат беріп кетуді жөн деп санаймыз.
Халық алдымен ақ киізге көтеріп, жасы үлкен деп Жәнібекке немере ағайын болып келетін Керейді хан сайлады. Абайға немере іні, халқымыздың ұлы ақыны, жазушыларының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы жазған шежіреде Керейдің азан шақырып қойған аты Шаһкерей деп аталады. Ақын өз атының да Шаһкерім екенін осында жазады. Қазақ хандығының ұзын-сонар тарихы, міне осы Шаһкерей ханның кезінен басталады.
Бірақ бірер жыл болмай науқастанып, дүниеден қайтқан соң хандық тізгіні енді немере інісі Жәнібекке тиеді. Жәнібек оның лақап аты, ал шын есімі–Әбу Саид еді. Халқы құрметтеп оны кезінде Әз-Жәнібек деп те атаған. Бұл хандардың тегін тарқатар болсақ, арғы бабалары–Шыңғыс хан, одан–Жошы, одан–Тоқай-Темір, одан–Өз-Темір, одан–Қожа, одан–Бәдіғұл, одан–атақты Ұрыс (Орыс) хан. Оның 7 ұлының үлкені–Тоқтақия хан, ортаншысы–Құйыршық хан болса, Тоқтақиядан–Болат хан, одан–Керей хан, ал Құйыршық ханнан–Барақ хан, одан барып–Жәнібек хан дүниеге келді. Сөйтіп бұлар үшінші атадан табысатын туыстар еді. Қазақ хандығы халықаралық аренада тұңғыш рет ел, мемлекет болып тап осы хан жүргізген шебер дипломатияның арқасында ғана танылып, қалыптасты, күшейді.
15 ғасырдың 70 жылдары Шығыс Дешті Қыпшағы үшін жүргізілген соғыстар салдарынан қазақтардың шекарасы бірде кеңіп, бірде тарылып отырған. Әйтсе де, қыпшақ, найман, қаңлы, керейіттер сияқты жаңа этникалық топтардың үзбей қосылып отыруына байланысты халқының саны молайып, нығая берді. Кейінгі жорықтарында этникалық жеріміз деп санайтын Сырдария бойындағы Отырар, Созақ, Сауран, Сығанақ, Түркістан қалаларын өздеріне қаратты. 80–90 жылдары қазақтың үшінші ханы Керейұлы Бұрындық ханның кезінде де бұл қалалар үшін соғыс толастамады. Қазақтардың Дешті Қыпшақ жеріне иелік етуі нығая түсті. Қазақ хандығы өз құрамындағы тайпалардың этникалық жерлерін 16 ғасырдың басында шамалы уақыт билік еткен Жәнібектің үлкен ұлы Әдіктен кейін таққа отырған қазақтың бесінші ханы Қасымның дарынды, көреген басшылығының арқасында түгелге дерлік қайтарып алды. Сөйтіп шекарасын батысындағы Жайықтан оңтүстік-батысында Сырдария жағалауларына дейін созып, солтүстігінде Ұлытау мен Балқаштан әрі асырып жіберді де, оңтүстік-шығысында Жетісудың Шу, Талас, Қаратал, Іле өзендері алабын өзіне бағындырды.
Қазақ хандығының шекарасы барынша кеңейіп, мейлінше күшейген, халқы мамыражай өмір кешкен кезі қазақтың осы көреген, ақылды, шебер дипломат, дарынды да батыл әскери қолбасшы Қасым ханы билік еткен тұста болды. Деректер оның кезінде қазақтар саны 1 миллионнан асып жығылғанын айтады. Ол тек соғыстар жүргізумен ғана шектеліп қалмай, ел қамы үшін басқару, заң, сот жүйесін жетілдіру мақсатында түрлі реформалар енгізгені белгілі. Әйгілі «Қасым ханның қасқа жолы» дейтін өмірдің түрлі жақтарын қамтитын заңдар жиынтығы сол кезде шықты. Хандық өзін біртұтас мемлекет деп, халық өзін толыққанды ұлт деп тап осы кезден сезіне бастады.
Бірақ Қасым ханнан кейін Қазақ хандығында құлдырау кезеңі басталды. Сұлтандардың билікке таласқан алауыздығы салдарынан 1523 жылы тақ мұрагері Мамаш хан мерт болды. Билік Қасымның немересі Таһир ханға ауысқанымен ол етек алып кеткен алауыздықты тоқтата алмады. Ноғай Ордасымен арақатынасын шиеленістіріп алып, ішкі билік жағдайын одан әрі асқындыра түсті. Осы кезде жеке басының қаталдығынан жәбір көрген көпшілік, жығылған үстіне жұдырық дегендей, оны тастап көше бастады. Нәтижесінде Таһир хан хандықтағы үстемдігінен айрылып, Жетісуды ғана иемденіп қалды. Онда да өз билігін сақтап қалу үшін жеріне көзалартуын тоқтатпаған өзбек Сұлтан Саидхан мен қырғыз манаптарымен үнемі соғысумен болды.
Қазақ хандығының жағдайы 16 ғасырдың екінші жартысында Ақназар хан (1538–1580) билік еткен кезеңде ғана оңала бастады. Оның ұтқыр дипломатия мен жігерлі қимылдарының нәтижесінде хандық саяси жағынан қайта өркендей бастады. Жайықтың сол жағалауындағы толып жатқан көшпелі ру-тайпаларды өзіне бағындырып, Жетісу мен Тянь-Шаньға көз тігуін тоқтатпаған моғолстан ханы Әбд ар-Рашидке, Жетісудың шығысынан қауіп төндірген ойрат қалмақтарына тойтарыс берді. Көршілес орыс мемлекетімен саяси және экономикалық байланысын жандандыра түсті. Орта Азия халықтарымен бейбіт экономикалық-сауда қатынастарын одан әрі күшейтті. Нәтижесінде халықтың хал-ақуалы, тұрмыс жағдайы едәуір жақсара түсіп, сұлтандардың ішкі алауыздық, қырқысы бәсеңсіді.
Бұл ұтымды саясаттың хандық үшін аса тиімділігін Ақназар ханнан кейін жақсы түсінген Тәуекел хан болды. 1583 жылы қиын да болса, ел қорғанысы үшін аса қажеттігін түсініп, Бұхармен арадағы келісім-шартты бұзып, Сырдария бойындағы бұрынғы қазақ қалалары мен Ташкентті басып алып, өзіне қаратты. Ресеймен одақ құруға күшін салды. Осыған байланысты Мәскеудегі Ораз-Мұхаммедтің орнына аманатқа ұлы Хұсайынды қалдыруға дейін барды. Нәтижесінде орыстар әскери күшпен көмек көрсетіп отырды. Орта Азия мемлекеттеріне ықпал-әсерін күшейту мақсатында 1598 жылы Самархан мен Бұхараға жасаған жорығында қатты жараланып қайтыс болғаннан кейін, таққа інісі Шығайұлы Есімхан (1598–1645) отырды.
Соғыс, шайқастарда үнемі ерлігімен айрықша көзге түсетін оны халқы құрметпен «Еңсегей бойлы ер Есім» атап кетті. Ол Бұхармен жасалған бейбіт келісім-шарттың нәтижесінде Сырдария қалалары мен Ташкентті біржолата Қазақ хандығына қаратып, оңтүстігіндегі маңызды сауда-қолөнер орталықтарын өзіне бағындырды. Осы көреген саясатының нәтижесінде экономикалық сауда-саттық қатынастары үшін аса маңызды Ташкент қаласы мен оның атырабы 200 жыл бойы қазақ хандарының билігінде болды. Қазақ хандығына үнемі қауіп төндіруші ойрат қалмақтарын тойтарып отырды. Бейбіт қатар өмір сүру үшін қазақ-қырғыз ынтымағын нығайтуға барынша күш салды.
Ішкі саясатында Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған күшті мемлекет етуді көздеді. Сондықтан ел басқаруында бір ханға бағынуды, соғыс істерінде болсын, бейбіт тұрмыс тіршіліктерінде болсын бір ханның шешіміне бой ұруды уағыздады. Осыған байланысты ішкі өмірде халыққа ықпал-әсері көп феодалдық, діни топтардың мүддесін көздеп, ескі салт-дәстүр, жөн-жоралғыларды: қанға қан алуды, кек алуды, құн төлеуді, барымта алуды, құл сатуды, жазаға дүре соғуды, көп әйел алуды, әмеңгерлікті, зекет, ұшыр жинауды, ескі діни сенімдерді ұстануды жан-жақты насихаттауды қолдап отырды. Осы үшін де қарапайым халық оның бұл реформаларын ел арасында «Есім ханның ескі жолы» деп атап кетті.
Әйтседе, адамның айтқаны емес, Аллаһтың дегені болады демекші, Есім ханнан кейін феодалдық алауыздық бәрібір қайта бас көтеріп, ушықты. Ол Есім ханның ұлы Жәңгір ханның (1652 ж. қ. б). кезінде де толастамады. 1643–1644 жылдары жоңғарлармен болған жан беріп, жан алысқан қырғын соыста қазақтарға 20 мың қолмен көмекке келіп, саны басым жауды талқандауда шешуші роль атқарған Самарқан билеушісі, әлімнің төртқара руынан шыққан, атақты Әйтеке бидің атасы Жалаңтөс баһадүрдің тарихта жазылып қалған теңдессіз ерлігі осы Жәңгір ханның кезінде болды.
Жәңгір хан 1652 жылы жоңғар қонтайшысымен болған қарымта соғыста жеңіліп, қаза тапты. Етек жайған алтыбақан алауыздық салдарынан жүздерде топтасқан жекелеген қуатты қазақ сұлтандары іс жүзінде тәуелсіз болуды аңсады. Бұл ақыры «үш жүздің» әрқайсысы өз жүзіне өз сұлтандарынан хан сайлау дәстүріне әкеліп соқты да, үлкен ханның билік ету күші бірте-бірте әлсірей берді. Бара-бара ол ел басқару ісінде номиналды ханға айнала бастады. Алайда, әр жүздің бақталас хандары өзгелерге өзінің күшті, ықпалды екенін көрсетуге ұмтылумен болды. Осыдан барып олардың арасынан өзгелерге өктемдік жүргізгісі келетін қуатты хандар шыға бастады. Олар өз мақсаттарына жету үшін өз руларын ғана емес, өзге ру-тайпаларға да ықпал-әсерін күшейтіп, төңірегіне топтастыруға тырысты. Жаппай етек алған тап осындай шаралар біртұтас Қазақ хандығын алауыздық салдарынан біржолата ыдырап, жойылып кетуден сақтап қалды десек те болады. Бұл құрылғанына 200 жылдан асқан кезде Қазақ хандығы душар болған саяси ақуал еді.
Хандық бірлігі мен тұтастығын сақтап қалуға күш салған осындай қуатты, ықпалды хандардың бірі Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан (1680–1718) болды. Арабша хат таныған сауатты, ел басқару ісінде әмір Темір жолын ұстануға тырысқан, діншіл басшы. 1680 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи мешітінде бас қосқан хан, сұлтандар мен ру басы батыр, билер жиынында ақ киізге көтеріліп, хан сайланды. Ол ыдырауға шақ қалған қазақ руларын төңірегіне қайта топтастырып, біріктіруге шара жасады. «Жүз» хандарын ыдыратпай, уыста ұстау үшін қолданылып жүрген құқық нормаларын жетілдіріп, тарихта «Жеті жарғы» деген әйгілі атпен із қалдырған заң жобаларын жасатып, іске қосты. Бұл заңдар жиынтығы феодалдық право тәртібі мен мемлекеттік құрылыстың негізгі шарттарын белгілеп берді. Ол бытыраңқы қауымдардың ішкі шаруашылық өміріне сәйкес құрылып, бүкіл қазақ сахарасына тиесілі заңдар кодексі деп жарияланды. Түркістанда «Үш жүздің» атақты биі, батыр, хандары бас қосқан үлкен жиында қабылданды.
Ол байырғы әдет-ғұрып нормаларын жеті үлкен салаға бөліп қарады. Оның «Жеті жарғы» аталуы да осыдан. Оған билер сотын жүргізудің түйінді мәселелері, хандықтарды бірлікке, ынтымақтастыққа үндейтін, сыртқы жауға әскер бөліп, күш біріктіріп аттануға міндеттейтін, ру-тайпа басшылары–би, батырлардың ел басқарудағы рөлі мен орнын анықтайтын, көрші елдермен дипломатия, сауда-саттық жүргізу құқықтарын белгілейтін заңдар мен актілер кірді. Сондай-ақ әкімшілік-шаруашылық іс жүргізу, қылмыстық істер, неке, қалың мал, әмеңгерлік, шариғат, құн мен айып төлеу нормалары, хандық, сұлтандық, билік, ру басылық борыш салықтарымен бірге, жаңа аманаттық алым-салық түрлері, хандар мен билер кеңестерін, «жүздік» шонжар жиындарын шақыру тәртіптері енгізілді. Мәселен, Құн төлеу нормалары бойынша сұлтан мен қожалар құны қарапайым қаралар құнынан 7 есе артық болса, әйелдер құны ердікінен 2 есе кем болды. «Жүз» аралық үлкен дау-жанжал, жетім-жесір тартыстарын атақты үш би–Төле, Қазыбек, Әйтеке билер шешетіні ресми түрде алғаш рет осы «Жеті жарғы» заңдары арқылы бекіді. Барлық ру-тайпалар ұраны мен олардың мал-мүліктеріне басатын таңба түрлері де ең алғаш осы заңдарда белгіленді.
Алайда бұл шаралар бәрібір «үш жүз» хандарын ұзақ уақыт бастарын қосып ұстап тұра алмады. Тәуке ханнан кейін үлкен хандар «жүз» хандарына билік жүргізуден бірте-бірте қала бастады. Кейінгі 20‒25 жыл ішінде биліктің бұл тоқырауы қатты белең алды. 18 ғасырдың 20 жылдары сыртқы жауларға қарсы соғыстарда әскери дарыны, ерекше ерліктерімен көзге түскен, сөйтіп халық арасында заңды беделге ие болып, абыройы асқақтаған «Кіші жүз» ханы сайыпқыран Әбілқайырдың өзі керек кезінде билігін хандыққа түгел тарата алмады. Болат хан өлгеннен кейін Семеке мен Күшік хандар «Орта жүз» хандығын бөліп биледі. Ал осы жүздің Барақ, Әбілмәмбет сынды сұлтандары өз иеліктерін жеке басқарды.
Осындай хандар мен сұлтандар арасында орын алған бірін-бірі мойындағысы, бір-біріне бағынғысы келмеген алтыбақан алауыздық салдарынан қазақтар 1723 жылы басталған жоңғарлар шапқыншылығына бір кісідей ұйымдасып, жеткілікті дайындала алмады. Нәтижесінде ұрыстарда жауға қарсылық көрсете алмай, үсті-үстіне қирай жеңілді. 1724–25 жылдары Түркістан мен Ташкент қалалары талқандалды. «Ұлы жүз» түгелдей жоңғарлардың қол астында қалды. Қалған қазақтар Орта Азия мен батысқа, Ембі, Елек, Жайық өзендері алқабына жөңки қашты.
Правообладателям!
Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.Читателям!
Оплатили, но не знаете что делать дальше?