Электронная библиотека » Тажис Мынжасар » » онлайн чтение - страница 9

Текст книги "Шежірем сыр шертсе"


  • Текст добавлен: 20 сентября 2017, 12:22


Автор книги: Тажис Мынжасар


Жанр: Жанр неизвестен


Возрастные ограничения: +12

сообщить о неприемлемом содержимом

Текущая страница: 9 (всего у книги 29 страниц) [доступный отрывок для чтения: 10 страниц]

Шрифт:
- 100% +

Қазақ Совет энциклопедиясына көз салсақ, ол жайында былай делінеді: «Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы (1576–1656)─қазақ батыры, қолбасы, Самарқанның әмірі…Сырдарияның төменгі сағасын жайлаған Кіші жүздің Төртқара руынан шыққан… Жас кезінен-ақ ақылдылығымен, батылдылығымен көзге түскен. Ж.б-дың атағы ерте жайылды. Сол кездегі жоғарғы атақ–аталық лауазымына ие болды. 1640 ж. Қазақ пен өзбек жеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға (Батур) қарсы соғыста Ж.б. әскерге қолбасшылық етіп, жауды күйрете жеңген. 1643 жылы Жетісу өлкесіне басып кірген қалмақ-жоңғар феодалдарына қарсы шайқасып жатқан Жәңгір ханның әскеріне Ж.б. Самарқаннан 20 мың қолды көмекке жіберіп, басқыншыларды ойсырата жеңуге жәрдемдесті. 1649 ж. Бұхар ханы Абдул Әзиз бен Иран патшалығы арасында Хорасан мен Балх үшін болған соғыста Ж.б. әскери қолбасшылық етіп, жауды жеңіп шықты. Бұл соғыста Бұхар мен қазақ хандықтары ортақ жауға қарсы одақ құрды. «Тарихи Қыпшақи» атты еңбектің авторы Хожамкули-бек Балхидың жазуына қарағанда, қазақ ханы Жәңгір осы шайқасқа 100 мың әскермен қатысқан. Ж.б. Ташкент пен Түркістанға үш рет жорық жасаған, Кабул мен Мешхедті бағындырған» (Алматы. 4 т. 235 б.).

Бұл деректер шежірелерде айтылатын: «1649 жылы Иран ханы 200 мың жер қайысқан қалың қолымен Бұхара хандығының жеріне басып кірді. Бұхара ханының қазақ-өзбектен жасақталған 100 мың қалың әскеріне тағы да Жалаңтөс қолбасшылық жасайды. Бұл соғыста да парсы басқыншылары күйрете жеңіледі. Бұл тарихи жеңіс бүкіл шығыс елінде аңызға айналып кетеді. 17 ғасырда Самарқан уалайатын басқарған Жалаңтөс билікті қолдан шығармай сақтағаны өз алдына, Кабул, Мешхед секілді ірі қалаларға дербес жорықтар жасап, мол қазына-байлыққа қол жеткізеді»,-деген мәліметтермен сәйкес келеді.

Әрі қарай жоғарыдағы "Жалаңтөс баһадүр» мақаласында айтылатын: «Үндістаннан, Хорезмнен, қырғыз, қалмақ, қазақ, қашғар хандарынан, тіпті Тибеттен де қымбат тартулар келіп тұрған. Акад. А.Е. Массонның айтуынша, Ж.б-ға сырттан келген сый-сыйапаттардың мөлшері мемлекетке түсетін қазына байлығынан асып түскен. Ол осы қаражат-байлыққа әскер ұстаумен қатар, Самарқанда зор құрылыс жұмыстарын жүргізіп, салтанатты сарайлар, медреселер салдырған. 1619–35/36 ж. Ж.б. Самарқанның орталығы Регистанда атақты «Ширдар» («Арыстанды медресе»), 1647–60 ж. «Тіллә-қари» («Алтынмен апталған» деген ұғымда) медреселерін салдырған. Бүкіл Шығыс сәулет өнері тарихында аса көрнекті орын алатын бұл ғимараттар өзінің әсемдігімен, шебер орындалуымен көзге түседі. Ж.б-дың сүйегі Самарқаннан 12 км жерде, Дағбит қыстағындағы қорымда жерленген. Ж.б-дың ұрпақтары қазір Қызылорда обл-ның Қазалы ауд-нда тұрады»,– деген жолдар да шежірелерден құптау табады.

Бұл деректерге алып-қосарымыз, Жалаңтөс баһадүр жоғарыда айтылған жылы қазақтың Қазан қаласында дүниеге келіп, сол көрсетілген жылдары сол қалаға жақын жердегі «Макдум-Мағзам» мазарында жерленеді. Біздіңше, бұл мазар сол Дахбед қыстағындағы қорымның аты.

Тарихи деректер бойынша, Жалаңтөс баһадүр дүниеден озғаннан кейін ол билік еткен алшын рулары бұрынғы атақоныстарын жағалап, Түркменстаннан төмен жатқан Арал теңізіне дейінгі алапты, Сырдарияның екі жағасын жайлаған. Шежіре қазір Төртқара руында Жалаң деген жұрттың барын, олар Қызылорда облысының Қазалы ауданында қоныстанғанын айтады. Жалаңтөс баһадүрден Сатыпалды, Раңбай, Наурыз туады. Сатыпалдыдан–Тілеу, одан–Қара Абыз батыр, одан–Дауыл би, Баймен тарайды. Ал Раңбайдан–Құдайназар, Дәулет, Сейтек, Өтеген дүниеге келеді. Наурыздан–Тұрымбет, Берден, Байсары, Мәмбет туып, аталарының ұрпақтарын әрі қарай жалғастырады.


2. ӘЙТЕКЕ БИ


Ораз баба, Жалаңтөс баһадүрден кейін төртқарадан шыққан тағы бір айтулы, атақты ұрпақ, ол жоғарыда тілге тиек етіп кеткен бәрімізге белгілі Әйтеке би. Азан шақырып қойған аты Айтық. Жалаңтөс баһадүр қайтыс болғанда 12 жаста еді. Кіші жүздің әйгілі төбе биі болғандықтан бұл кісі жөнінде де кеңірек тоқталып кеткеніміз жөн сияқты. Әйтеке би Сейітқұлұлы Ақшабидің Айбегінен тарайтындығы жөнінде тағы еске сала кетпекпіз. Бұл кісі туралы шежірелер не дейді екен, енді соған көңіл бөліп көрейік.

«Тәуке хан тұсында ел басқарған алты бидің бірі, Хан кеңесінің мүшесі, 1684 жылғы көктемдегі хан кеңесінде қабылданған «Жеті жарғы» авторларының бірі төртқара Бәйбекұлы ӘйтекеТұран жұртының ортақ перзенті, қазақ халқының киелі отбасынан өсіп-өнген, парасатты, талғамы жоғары, текті, халқына қадірлі азамат… Нұрата тауының Бұқар жеріне қарай созылып жатқан сілемі, Қызбибі тауының етегінде, қазіргі Өзбекстан Республикасының Науаи облысында 22-наурыз 1644 жылы дүниеге келді. Ұлыстың ұлы күні дүниеге келген немересін Ақша хан Абдрасул діндарға атын қойдырып, үлкен той жасайды. Той үстінде немересінің бетін ашып көріп: «Пай, пай! Маңдайы жазық, шекесі толық, еріні түріліп, құлағы шұнтиып, өмірім болса, Алшынның жұлдызы, Алаштың темірқазығы боламын деп тұр ғой. Сейітқұл бабасына тартқан екен. Бәлкім, Жалаңтөс атасына тартып, би әрі батыр болар ма екен?..»,-деп күлімдеген сонда Ақша хан», -деген жолдарды кездестіреміз («Мұсылман» журналы. № 2, 2008 ж. Қойшиев Өтеген Әбілдәұлы. «Айыр тілді Әйтеке». 8-9 б.б.).

Әйтеке 5 жасқа толғанда әкесі Бәйбек би оны сүндетке отырғызып, сосын хат тану үшін ауыл молдасына 2 жылға оқуға береді. Зерек бала осы уақыт аралығында Құранды арабша жақсы оқи алатын дәрежеге дейін жетеді. Қабілетіне сүйсінген атасы Ақша хан оны мемлекет, әскер, ел басқару істеріне баулып, оқыту үшін 1651 жылы маусым айының басында өзімен бірге Қоқанның Хонджент қаласына алып кетеді. Әйтеке атасы Ақша ханның қолында 12 жасына дейін тәрбиеленіп, жақсы білім алады. Бұдан кейін ол тәлім-тәрбие алуын 1656 жылы Жалаңтөс баһадүр қайтыс болғаннан кейін соның орнына Самарқан билеушісі болып тағайындалған алшын Бекқұл би қолында жалғастырады. Әмірші оны кезінде атасы Жалаңтөс баһадүр салдырып кеткен «Шер-дор» медресінде 2 жыл оқытып, пәлсапа–даналық ілімінен дәріс алғызады. Ал 1661 жылы пісіп-жетіліп қалған жасөркенді одан әрі білім-тағлым алуын жалғастыру үшін Бұхар қаласындағы «Мир Араб» медресіне жібереді. Онда ол Шығыс үлгісінде ел басқару, Әмір Темір әскери өнері бойынша қолбасылық ету, саясат жүргізу істеріне үйренеді, діни білімін шыңдап, араб, парсы тілдерін жетік меңгереді, соның арқасында Шығыс елдері пәлсапасынан терең сусындап білім алады. Сөйтіп 1668 жылы елге оралған ол Нұрата қаласында Төртқара әулетінің биі болып сайланады. Бірер жылдан кейін бүкіл Әлім ру бірлестігінің төбе биі деген лауазымға қолы жетеді.

Ал 1680 жылдың көктемінде Қазалы жерінде өткен Кіші жүз билері мен батырлары, өзге де игі жақсылары бас қосқан үлкен алқалы жиында Бұхар, Самарқаннан бастап, Сыр бойын, Қызылқұм, Қарақұм, Үстіртті жайлаған бүкіл Кіші жүз жұртына төбе би болып сайланады.



Алшындардың дау-жанжалын шешуге Түркістанға бірнеше рет барғанда көзқарастары үнемі ұштасып отыратын ол Тәукемен жақын, жақсы таныс болатын. Сондықтан, әңгімеміздің басында, хандар жайлы айтқанда қозғап кеткен,

1680

жылғы Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи мешітінде бас қосқан хан, сұлтандар мен ру басы батыр, билер жиынында Тәукені ақ киізге көтеріп, хан сайларда

Әйтеке

алты ата Әлім

,

төрт ата Кете

,

төрт ата Шөмекей

,

он екі ата Байұлы

мен

жеті ата Жетірудың

атынан ойланбастан

33

шар тастап, Тәукенің хан болып сайлануына бірауыздан дауыс берді.

Осы жиында жұрт алдында ант бергеннен кейін, Тәуке хан ел басқару жұмысын жүргізетін алты адамнан тұратын хан кеңесін сайлауды ұсынған. Сонда Қарақалпақтан кезінде әкесі Жәңгір ханның кеңесшісі болған Сасық би–бас би, ал Мүсірәлі қожа Мұхаммед би–бас хазіреті болуға, қырғыздан Қарашоры Қоқым би, Ұлы жүзден үйсін Төле би, Орта жүзден арғын Қаз дауысты Қазыбек би, ал Кіші жүзден осы Әйтеке би ұсынылып, сайланды. Төле би мен Қазыбек бидің сайлануына қарсылық туғанда ел басқару ісінде болашағымыздың тірегі жастар болуы керек деп олар үшін аса күш салған да олардан біраз жас үлкен осы Әйтеке би болса керек. Ол кезде Төле 23 жаста, ал Қазыбек би 21 жаста екен. Кейін оның бұл болжамы дұрыс шығып, жоңғарлармен арада болған ұзақ жылғы соғыста қос би ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушы елінің нағыз патриоттары болды.

Әмір Темір мен Жалаңтөс баһадүрдің әскери мектебінен өткен Әйтеке би Қазақ хандығының саяси бірлігі мен әскери күш-қуатын арттыру мақсатында бір орталықтан бір сардарға бағынатын, қымбат та болса орыстар мен Бұхар хандығынан сатып алынған мылтық, зеңбіректер сияқты жаңа қару-жарақ үлгілерімен жарақталған, Бұхар, Самарқан, Хиуада соғыс өнерін оқып, үйреніп келген жауынгерлерден тұратын тұрақты әскери жасақтар құруды алғаш болып ұсынған да осы Әйтеке би еді.

Тәуке хан би ұсынысын қуаттағанымен, елді бөліп билеп үйренген өзге хан сұлтандар бұл ұсынысты қабылдамай тастайды. Бұл ұзамай-ақ 1698 жылы және одан кейін жоңғарлармен болған қырғын, қанды шайқастарда өз нәтижесін көрсетеді. Ұсынысын хан кеңесіне өткізе алмай қапа болып жүрген би бұдан кейін қатты өкпелеп, ата-бабаларының жері–Нұрата тауына кетіп қалады. Кейін бабасы Жалаңтөс баһадүр салған «Шер-дор» және «Тіллә-Кари» медреселерінде дәріс беріп, шәкірттер дайындайды. Сол 1698 жылдары Испан елшілерімен бірге келген суретші Хуан Харис Әйтеке бидің мына біз ұсынып отырған суретін салса керек. Біз пайдаланып отырған «Айыр тілді Әйтеке» мақаласының авторы Қойшиев Өтеген Әбілдәұлы кезінде бұл суреттің Әйтекенікі екендігін 1957 жылдың күзінде өздеріне қонаққа келген, бұрын М.В.Фрунзенің оққағары болған, сурет тарихынан хабары бар шөмекей Тұрғанов Сейілхан деген қарияның да растап кеткендігін айтады. Сурет тарихының шындығын Әйтеке би мазарын Нұрата жерінен бірге іздеп барып тапқан, осы кісінің өз ұстазы жазушы, ғалым Жұбатқан Мұратбаев та қуаттайды. Бұл жөнінде зерттеуші, жазушы: «Ол бұл деректі Бұқара облысы, Тамды ауданының Көпқұдық деген жерінде өмір сүрген Іскендір Мәтжүсіповтан алған екен. Ол кісі «Қызылқұм қазақтарының тарихы» атты кітап жазып жүрген. Өзі қайтыс болған соң, оның сол қолжазба кітабы қолды болып, кітап тарихи әлі күнге дейін белгісіз болып отыр. Міне, осы кітапта Әйтеке бидің суретінен басқа, тағы да он бір сурет болатын. Есімде қалғаны, шөмекей руынан Кедей бабамыздың суреті мен оның баласы Қосқұлақтың суреті және Жалаңтөс баһадүр дүниеден өткеннен кейін Самарқан аймағының әмірі болатын алшын Бекқұлы бидің суреті. Осы тұста айта кетер бір жай, Әйтеке бидің суретін қайта қалпына келтіру барысында орасан еңбек етіп, тер төккен суретші ағамыз, Нөкіс қаласының тұрғыны, «Қарақалпақстан» баспасының бас суретшісі Ысмайыл Қыдыровқа үлкен, жүрекжарды алғысымды білдіремін»,– деп сөзін тамамдайды

Әйтеке би 1700 жылы наурыз айының төртінші жұмасында бабаларының басына зиярат етуге барған шағында, мешітте сәждеге басын қоя бергенде фәни жалғандағы дәм-тұзы таусылып, дүниеден өте береді. Жоғарыда әңгіме барысында айтып кеткендей, Әйтеке биді халқы ақ жауып арулап, өзбек ағайындардың бүгінгі Науаи облысындағы қазақтар зиратында Сейітқұл бабасының аяқ жағына жерлейді.

«Аруақ разы болмай, тірі байымайды» демекші, жазушының: «Ошақтың үш бұтының бірі болған данагөй баба Әйтеке Бәйбекұлының соңғы тұрақтаған жерін (зиратын) көрген адамның жаны құлазып, жүдеп, көзімізге жас үйірілтеді. Бұрынғы замандарда ата-баба зиратын бұзып, қиратып кетсе, елмен-елдің арасында үлкен қырғын бола-тұғын. Ал, біз бабаларымыздың зиратын қиратпақ түгі, сүйегін қазып алып кетсе де «мыңқ» етпейтін қандай жайбарақат, мықты жандармыз… Әйтеке биге кесені тұрғызу көптің тілегі. Осы бір игі шараны тездетіп қолға алып, елден жылу жинамай, мемлекет деңгейінде шешілсе екен деген ойым бар»,– деген көпшілікке ой салған, еңірете айтылған игі тілегі бүгінде, осы мақала жазылғаннан кейін 4 жыл өткесін, 2012 жылдың мамыр айында жұрт қуанышына орай жүзеге асты. Бұл жөнінде бізге халық жаршысы «Жас Алаш» газеті өзінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 50 санында «Сейітқұл қажы–Әйтеке би кешені толығымен аяқталды» деген мақаласында кең терезелі, шығыс үлгісінде әсем соғылған кешен суретін беріп, егжей-тегжейлі баяндап береді. Оқырман қауым бұл газетті іздеп, әуре болмауы үшін біз бұл туралы қысқаша ғана баяндап берейік. Мақала: «Өзбекстан Республикасы Науаи облысы Нұрата ауданындағы Сейітқұл қажы–Әйтеке кешені толығымен аяқталып, бір топ қазақстандық делегация осы тарихи кешеннің ашылу рәсіміне арнайы сапарлап барып қайтты. Делегация құрамында болған Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының директоры Бекарыстан Мырзабайдан сұрап білгенбіз»,-деп басталады.

Бұл кісі кешеннің ашылу рәсіміне 17–18 мамыр күндері қатысады. Құрамында Астана, Алматы, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе облыстарынан келген 200-дей өкілі, Парламент депутаттары бар Қазақ делегациясы 3 мың жылдық тарихы бар Нұрата қорымына салынған кесененің барлық талапқа сай қосымша мұражайы, шырақшы және қонақ үйлері бар екендігін көреді. Кесенені соғуға Оңтүстік Қазақстан облысында құрылған Шаһарбек Усманов басқарған Әйтеке би атындағы қайрымдылық қоры мен жеке меценат азаматтардың қаржысы, мемлекет тарапынан қорымда қазақтың қайраткер ұлдары Сейітқұл қажы мен оның ұрпақтары және Әйтеке бидің жатқандығын дәлелдейтін зерттеу сараптамалары мұрындық болады.

Төменде біз Сейітқұл баба мен Әйтеке бидің ескі мазарын және Әйтеке би мен екеуінің басына бүгіндері орнатылған жаңа шығыс үлгісінде соғылған еңселі кешеннің бейне суретін беріп отырмыз.

Кесененің орналасқан жері–әңгімеміздің арасында бұрынырақ біз болжағандай, Самарқан қаласының түбіндегі Дахбед қыстағындағы Макдум– Мағзам қорымы болып шықты. Макдум Мағзам–әйгілі Захратдин Мұхаммед Бабыр билеушінің діни кеңесшісі, оқымысты ақын, 30-дан астам іргелі ғылыми еңбек жазған ғұлама ғалым, мемлекет қайраткері, қазақтар арасында әулиеге парапар саналған Саид Ахмад Жалаладдин (1461–1542) Қосанидің парсы тілінен аударғандағы «Хазіреттердің ұлығы» деген лақап аты екен. Ал парсы тілінен ауысып, қыстаққа қойылған «Дахбед» атауы осыдан 500 жыл бұрын осы жерге әулие өз қолымен отырғызған, бүгіндері 4–5 адамның құлашы жетпейтін 10 түп шынар ағаш өсіп тұрған мекен-жай. Бұл қорымда Макдум Мағзамның 7–8 ұрпағы жерленген көрінеді. Жалаңтөс баһадүр көзі тірісінде Макдум Мағзамның немересі Хашими қожадан өзін осы қорымға жерлеуге рұқсат беретін мөр басылған қағаз алып, енді қорымның кіреберісінде сол жақта, үшінші қатарда жатыр екен. Мұнда







Сейітқұл баба мен сол жақтағы Әйтеке Сейітқұл баба қабірі арт жағынан қарағанда.

би мазары алдынан қарағанда.





Сейітқұл баба мен Әйтеке би кешені бүгінде


шырақшы, қонақ үйінен бөлек, алыстан ат терлетіп келген қонақтарға асқа палау, самса беретін, сылдырап аққан бұлақ пен көлеңкелі мәуелі тал-дарақтардың астына орналасқан ас үйі де бар болып шықты. Өзбек ағайындар пысық емес пе, мұның бәрін туризм іспеттес етіп, осы күні өздері күтіп, өздері қарайтын мемлекеттік қорыққа айналдырып жіберген. Бұған не дейсіз.

«Біз Самарқаннан соң 300 шақырымдай жол жүріп, Нұратаға жеттік. Ондағы халықтың құрметі шексіз. Кезінде Н.С. Хрущев жерімен қоса беріп жіберген Тамды, Кенимах, Ұшқұдықтан келген бауырларымызбен қауышып, мәре-сәре болдық. Қазақстаннан бауырларымыз келді деп, шын ықыластарымен қуанған қазақтың ұл-қыздарының жүрегіндегі қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Аудандардан малын сойып, қымыз-шұбатын, киіз үйлерін арқалап, Сейітқұл қажы мен Әйтеке би бабамызға құрметін көрсетіп жатты»,– дейді автор тебіреніп.

Осы жерде жазушы тілге тиек етіп отырған ет жүрегімізді езілтіп жіберер қазағымның көне Тамды, Кенимах, Үшқұдық елді мекендері жайлы бөліп айтуымыз керек сияқты.


ТАМДЫ, КЕНИМАХ, ҮШҚҰДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРІ ТУРАСЫНДА


Біріншіден айтпағымыз, бұл мекендер қылышынан қан тамған Кеңес үкіметі билік еткен қысылтаяң жылдары бабаларымыз кәмпескеден бас сауғалап паналаған өзге елдің жері емес, өз жеріміз екендігі. Тарихта ұлыдержавалық қанқұйлы саясатымен аты қалған И.В.Сталин Сейтқұл, Жалаңтөс, Әйтеке би секілді неше бір бабаларымыз жан беріп, жан алысып қорғаған, қаншама боздақтар шейіт болған сол жерлерді кейін әй-шәйге қарамай, қаламының бір сызығымен әп-сәтте өзге елдің қарамағына беріп жіберді. Қазақ үшін ата-бабасының қаны төгілген, сүйегі қалған жердің қаншалықты қымбат екендігі бесенеден белгілі. Кезінде бұл үшін елдер арасында қаншама ұрыс-соғыстар да болып жатты. Бірақ «Стакеңнің» «жер дауы, жесір дауы» дейтін тарихтың бұл қылыш жүзіндей қылпып тұрған өткір мәселесін дұрыс шешуге еш құлқы болған жоқ. Сөйтіп Сейтқұл, Жалаңтөс, Әйтеке, Төле би баба сүйектері бүгіндері өзбек жерінде жатыр. Басқаларын қойғанда, Қазақстанның алғашқы астанасы Орынбор мен Шеләбі қалалары да орыстарға беріліп кетті.

Мұндай жағдай бір қазақ елінің ғана басында болған жоқ. Мәселен, орыстың Қырымы Украинаға қосылса, о бастан қаны, тегі, тарихы бір Осетин халқы оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлініп, бірі Грузияның, ал екіншісі Ресейдің қарамағына беріліп кетті. Абхаз халқы да осындай жымысқы саясаттан туған қанқұйлы жайтты басынан кешірді. Олардың Грузиядан іргесін аулақ салып, жеке отау болып бөлінгісі келген күні кешегі үлкен жанжал, қантөгіспен аяқталған қақтығыс әрекеттері соның жаңғырығы.

Стакеңнен кейін билік қолына тиген, саясат пен ел басқару ісінде жіберген ардың-гүрдің, солақай әрекеттеріне бола жұрт аузында "Никита" деп аталып кеткен Н.С.Хрущев алдындағы әріптесі ұстанған жолдан бір таймады. Қазақстанның оңтүстігінде жатқан мақталы үш ауданды өзбектің мақта шаруашылығын дамытуға керек деген желеумен "бәріміз басы бүтін бір ел болғасын кімге қарайық бәрібір епес пе" деп өзбек ағайындарға беріп жіберді.

Солтүстік аймағымызда жатқан ұлан-ғайыр 5 облысымызға қарайтын тың мен тыңайған жерлерді дән егіп, игереміз деген сылтаумен Ресейге қосқысы келді. Бірақ жұрт наразылығы мен қарсылығына ұшырап, бұл тірлігінен түк өндіре алмағасын қойды. Бүгінгі асқақтатып айтып жүрген әнұранымызға арқау болған, Шәмші мен Нәжімеддин ағаларымыздың жүрегін жарып шыққан «Менің Қазақстаным» деген қасиетті ән, өлең сол кездері дүниеге келген еді. Сол үшін емес пе, еліміздің жоғарғы билікте жүрген Қазақстан Компартиясының 1 хатшысы Д.А.Қонаев пен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.А.Ташенов сияқты біраз білікті перзентері 1960–1962 жылдар аралығында ата-баба табанының табы қалған жерімізді өзгеге бермейміз деп намысқа тырысып, істеп жүрген қызмет, жұмыстарынан айрылып, қудаланғандығы.

Никитаның талап етуімен 1960 жылдың желтоқсанында Ж.А.Ташенов Оңтүстік-Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасы орынбасарлығына, ал Д.А.Қонаев 1962 жылы желтоқсан айында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне төмендетілді. Аймағымыздың біраз жерін тарих деген ұлы көш кезінде осылайша қайта пішіп, басқалардың еншісіне осылайша қайта бөліп бергісі келгесін амал бар ма дейміз біз бүгіндері.

Ал екіншіден айтпағымыз, жоғарыда тілге тиек етіп кеткен, қазақ делегациясын малын сойып, үлкен қуанышпен қарсы алған қандастарымыздың өз жерінде емес, өзге жерде жетімсіреп жүргендей хал кешуі жанға бататын жай. Ал ең бір қиыны–тарихи жадымыздың өшіп, аты аталған бұл аймақтардың кезінде өз жеріміз болғандығын мұнда жүрген көп қазақтың қазір біле бермейтіндігі, сөйтіп ол жақтан келгендерді өгейсітіп, бір кездері кетіп қалған оралмандар санатынан санайтындықтары. Мүмкін олар, «сұлтан сүйегін сатпайды» демекші, кезінде туған жерін өзгеге тастап кеткісі келмей қалып қойған елін сүйгіш нағыз намысқой ұландар шығар? Неге оларға осы тұрғысынан «оралман» деп емес, сый-сияпатпен шын патриоттар деп қарамасқа, ашық көңілмен құшақ жая қарсы алмасқа? Неге олар мекендеп, тұрып жатқан елдердің елшіліктеріне үнемі сұрау салып, хал-жағдайларын біліп тұрмысқа, керек болса қиналғандарын қамқорлыққа алмасқа? Жүрек түкпірінде жатқан мұндай сауал-сұрақтардың көп екендігі аян.

1950–1960 жылдары Сейітқұл баба мен өзгелердің жартылай қираған бейіттерін трактор, бульдозорлар ысырып, тегістеп тастағысы келгенде жолдарына қол ұстасып, иық түйістіріп тұрып алған Макдум Мағзамның ұрпақтары Саид қожа Насреддин Ахмаджанұлы бастаған жігіттердің арасында аттары аталмаса да бұлардың да болғандығы еш күмән туғызбайды.

Үшіншіден айтпағымыз, бұл мәселенің, әсіресе, біздер Тараздық шөмекейлер үшін, оның ішінде әулие дерлік Әлібек сопы мен Өтеп ұрпақтары үшін мәнісі зор. Бұл жерлер–арамызда жүрген, 95-ке қарай аяқ басқан, бабаларымыздың аялы ыстық алақаны маңдайына тиген, солардың ыстық ықыласына бөленіп, кезінде баталарын алған, ұлғайып қалған жасына қарамастан сол кездегі жайларды біздерге қазір құдды көзімен көріп отырғандай қанық әңгімелеп беретін көне көз кейауана қария Қалиқызы Үрия әпкеміз айтпақшы, сонау замандарда бабаларымыз мекендеп, сүйектері қалған қасиетті жерлер.

Осыны әңгімелеп отырғанда бабалары мен ата-аналары есіне түсетіндіктен болар, әлі де көзің бар, жүзің бар демей шындықты ешкімнен тайсалмай тура бетіңе айтып салатын, бетін әжім сызықтары тілгілеп, торлаған, қату мінезді әпкеміздің жанарына еріксіз жас іркіледі. Әке-шеше кімге қымбат болмасын, қанша уақыт өтсе де ата-анасын сағынатын сияқты. Осындай кеудесі шежіреге толы жанды Аллаһтың біздерге аман-есен жеткізгеніне шүкіршілік білдіре отырып, әпке, арамызда әрі қарай да жасай беріңіз деп шын жүректен тілек білдіреміз.

Қасиетті Құран-Кәрімде бақилық болғандарға ең керегі де, жететіні де тек дұға деп тегін айтпаса керек. Бастарына барып зиярат етіп, құран түсіріп қайту перзенттік борышымыз екені анық. Бірақ қай жерде жатқандарын білмей жүрдік. Құдайға шүкір, әпкеміздің әңгімесінен кейін енді ата-бабаларымыздың соңғы тұрағы боп, сүйектері қалған жер аты мен орын аумағын жүрек толқуымызды басып, жобалап болса да біліп отырмыз. Жатқан жерлері кеңіп нұрлана, жарықтана түсуі үшін тіршіліктерінде біліп, білмей істеген кемшілік, күнәлары санын азайтып, сауаптарын молайта түсу үшін іштей болсын оларға арнап дұға қайтару біздер үшін де, олардың аруақтары үшін де сауапты іс екені аян. Бірақ бұл өзге әңгіменің арқауы.

Әпкеміз бізге жеткізген осы бабалар хақындағы естелік әңгімелерді әдейі шежіре соңына қалдырып отырмыз. Әлқисса, ол өзінше бөлек хикая. Оған да ақырындап аяңдап, жететін шығармыз. Әзірге алдымен кәрі емендей көрінетін, халқымыздың тарихында терең іздер қалдырған, тегіміздің бәріне ортақ, бәріміз солардан өрбитін, елдігімізді жасап, мемлекетіміздің іргетасын қалап кеткен әйгілі, тұлғалы бабаларымыз жөнінде әңгімелеп отырмыз. Өйткені, әңгімеміздің басында айтып кеткендей, өткенімізді білмей бүгінгімізді білу, бүгінгімізді жетістірмей ертеңімізді дұрыс болжау әсте мүмкін еместігі бесенеден белгілі.


11 бөлім


КЕТЕ


Ендігі айтқымыз келіп отырғаны–кете тарихы. Оның ішінде–жоғарыда сөз еткен Әйтеке бидің 4 ата кетесі туралы әңгіме. Әйтеке бидің кетені төртеу деп Тәукені хан сайлайтын үлкен алқалы жиында атап айтуы, бұл санның қағазға солай деп түсіріліп, мөр басылып хатталып, мұражайда сақталып қалуы бұлжымас факті. Олай болса осы жерде кетені құрайтын төрт ата кімдер деген орынды сұрақ туары анық. Ол үшін біз біраз шежілерді сараптап оқып, мынандай тоқтамға келдік. Жоғарыда айтып кеткендей, олардың бірі–Қайырбайдың бәйбішесі Тоқсұлудан туған үлкен ұлы Байсарының баласы Бозаншар. Ал оның ағасы Майлыбайдан жаугершілік кезінде ертерек қаза тапқандықтан ұрпақ қалмағандығы белгілі (Хамит Маданов. «Кіші жүз шежіресі». Атамұра–Қазақстан. Алматы. 1994 ж. 109 б.). Сондықтан ол есепте жоқ. Бірақ Бозаншар Майлыбайдың аты өшпесін деп, Дойтты ұран қылған шөмекейлерге ұқсап, оның атын өздеріне ұран еткені жайлы айта кеткен жөн.

Осы Бозаншар туралы Мақсұт Неталиевтің шежіресінде былай делінеді: «БозаншарданАдамқожа және Сәду. Байсары жастау Бозаншарға еншілес болсын деп Сәду деген баланы асырап алған көрінеді. АдамқожаданҚара. БұданҚазай, Бөлек, Назар, Шүрек. Бұлар Қаракете деп аталады. Байсарының кіші әйелі Кетебике өте сұлу әрі ақылды болған деседі. Ол екіқабат кезінде күйеуі қайтыс болады да, ел-жұрты оны Байсарының тетелес інісіӘлімге некелейді. БұданТегінболат пен Тайқожа туады. Әлім ерте қайтыс болыпты, сосын Кетебике Шөменге тиеді. БұданТүменқожа туады». Бұл деректер Х.Мадановтың шежіресінде де осылай делінеді. Бұл жерде Тегінболат Кетебикенің іштен келген баласы ма әлде Әлімнің өз баласы ма ашық айтылмайды. Бұл жөнінде бізде дерек жоқ. Бірақ мәселе онда емес. Әлім өз балам деп санағасын, ол қалай болса да соның баласы болмақ.

Кестеге екінші кете болып шежіренің бәрінде лақап атпен ақ кете деп аталып жүрген Тайқожаның кіретіндігі еш талас тудырмайды. Егер ол кете болмаса оған ондай ат тағылмас еді. Мәселе кестеге үшінші кете болып осы Кетебикеден туған Шөменнің Төменқожа ұрпақтары енбеді ме екен деген пікірде. Егер Х.Мадановтың шежіресінде кездесетін төмендегі жолдарға көңіл бөлсек, солай деп санауға болатын тәрізді. «Кетебике шешеміз бірінші күйеуі БайсарыданБозаншарды, екінші күйеуіӘлімненТайқожаны және үшінші күйеуі Шөменнен Төменқожаны туған. Бұл балалар Шөменнің өз әйелінен туған Шөмекеймен бірге өсіп, еншілес болғандықтан «КетеШөмекейміз» деушілік шықса керек»,-дейді ол. Мәтін мағынасынан Шөменнің Төменқожасы да кетеге жататындығы шығады.

Кейбіреулер кете атауын Бозаншардың Әлім балаларынан зәбір көре қалса болды «кетем» деп айтатын сөздерінен шыққан дегілері келеді.

Шежірелерде Әлімнің қолында өскен Бозаншардың шынымен оның үлкен балаларынан қысым, қыспақ көріп, Шөменнің қолына кетіп қалатындығы айтылады. Бірақ бұл бәрібір кете атауының шығуына негіз бола алмаса керек деп ойламаймыз. Біздіңше, кете атауының тууы мүлде өзге жайға байланысты.

Шежірелердің біразында Байсары «кете» деп аталады да, бірақ неге бұлай аталатындығы жөнінде ешбір түсінік берілмейді. «Кетенің» ру емес, Байсарының лақап аты екені сөзсіз. Өйткені, оның әкесі Қаракесек– Қайырбайды да, атасы Құдиярды да бұл атаумен байланыстыратын ешбір дерек жоқ. Сосын ертерек қайтыс болған Байсарыға өз алдына рулы ел болатындай да уақыт болмағаны белгілі.

Марқұм Ә.Қоңыратбаев Байсарының аты Х ғасыр жазбаларында кездесетінін айтып, «Бұл қазіргі кетелердің түп атасы еді»,– дейді (Т. Дайрабаев. «Кете–Шөмекей шежіресі». Алматы. «Ана тілі» баспасы. 1995 ж. 6 б.). Соған қарап кетелер тарихының қай кезден басталатындығын тұспалдап білуге болады. Ресейдің Ачинск қаласынан теріскейге қарай 100 шақырымдай жерде ағатын Үлкен және Кіші Кет өзендері де кетелердің атымен байланысты екендігін біз әңгімеміздің басында еске салып кеткенбіз. Бұл аттың Байсарыға қалай таңылғанын түсіндіріп беретін бір-ақ болжам бар.

Ол – өзі қосылған Кетебике сұлудың есімі. Бұл екі сөзді салыстырып қарайтын болсақ, ұқсастығы көпе-көрнеу. Шежірелердің қай-қайсысын алып қарамаңыз, оларда Кетебике әркім-ақ айттырғысы келетін, ауыз толтырып айтарлықтай тартымды, реңді, көркіне ақылы сай жан ретінде суреттеледі. Демек, соған деген ынтазар ыстық ықылас жетегімен үйленем деп тынышы кетіп, ұрын барып жүріп-ақ алдымен жеңгелері мен құрдастары арасында, сосын жұрт аузында «кете» атанып кетуі әбден мүмкін ғой деп ойлаймыз. Өйткені бұлайша ат тағу мысалдары көне тарихымыз бен жыр-дастандарымызда көптеп ұшырасады. Мәселен, Асанқайғы, Ақан-сері, Жаяу Мұса тағысын тағылардың есімдеріне қосылатын –қайғы, –сері, –жаяу сияқты анықтауыштық мәні бар сөздер. Қысқасы, айтпағымыз «кете» Байсарыға Бозаншар, Тегінболат, Тайқожа, Төменқожаларды* дүниеге әкелген Кетебике шешейдің ныспысына байланысты тағылған лақап ат дегіміз келеді. Ойлап қарасаңыз қисыны бар.

Ал бұл аттың қалай ру атауына ауысқандығы ол бөлек әңгіме. Енді соған тоқталмақпыз. Аллаһтың пешенесіне жазған қатал тағдырына амалсыз мойынсұнып, жары Байсары мен ұлы Майлыбай ұрыстарда қаза тапқаннан кейін Әлімге шығып, ол қайтыс болғаннан кейін Шөменмен тұрмыс құрған, жандардан тапқанымен, олардың әкесіз жетімсіреп, жан-жаққа шашырап, жақын туыстықтарын жоғалтып, ізсіз кетулерін қаламағаны анық. Екіншіден, дүниеден ерте көшкен әулетінің апталдай азаматтары–Байсары мен ұлы Майлыбайдың аттарын өшіргісі келмей, өзінен тараған өзге жетім ұлдардың да бұлыңғыр болашағын ойлап, көптен-ақ олардың бәрін бір ұяның астына Байсарының «кете» деген лақап атымен біріктіріп, бір іргелі ел қылсам деген ойының болуы әбден мүмкін. Сондықтан бәз біреулердің «кете» руының атауын тікелей Кетебике есімінен шығарғысы келетіндіктерін жаңсақ пікір деп санаймыз. Оларға айтар уәжіміз – о заман да бұ заман ұзынетек әйел баласының ныспысын ешкім ешқашан руға атау ретінде алмаған. Парасаты мол Кетебике анамыз да алдына мұндай мақсат қойып, бұған талпына қоймағаны анық. Бірақ ол дүниелік боларын сезгенде ұлы Бозаншарды шақыртып алып, оларды бір ауыл қылып қондырғысы келген, бірақ ақ арман боп орындалмай бара жатқан ойын оған өсиет етіп қалдырып кеткендігі түсінікті. Бұл оның әйел болып туғандығы болмаса, еркекке бергісіз кемеңгерлігі емей немене демекшіміз?

Әлбетте, ол қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген жетім баланың өз өсиетін өз бетінше орындай алмайтынын білмеді дейсіз бе, білді ғой. Сол себепті де ол бұл ниетін парасатты істері үшін өзін жұрты боп сыйлап, құрметтейтін, елінің үлкен отағасы, жұбайы Шөмен бабамызға да айтып, табыстамады дейсіз бе, әрине табыстады. Сондықтан ғой, жоғарыда әңгімелеп кеткеніміздей,

*Кейбір деректерде Төменқожа─Түменқожа деп те атала береді.


Бозаншардың алдына мал салып, оны үйлендіріп, үй қылдырған да, ол бастаған ұрпақтың ең алдымен ауыл, кейін кете деген рулы ел болып бірігуіне де ноқта ағасы болған осы Шөмен бабамыз емей басқа кім деп ойлайсыз.

Тынышбек Дайрабаевтың «Кете–Шөмекей шежіресінде» айтылатын: «Әлім балалары Бозаншарды өгейсітіп, шетқақпай жасай береді. Осыған намыстанған Бозаншар бір үйір жылқыны айдап, Шөмен ағасына келеді. Шөмен шаруа кісі болыпты. Біраз уақыттан кейін Бозаншарды үйлендіріп, отау етеді. Бозаншар Әлімнен туған інілерін өзіне тартып, анасының өсиетімен Кете ауылы атануына күш салып, Шөменмен қоныстас бөлек ауыл болып отырады. Ел аузында бұл жөнінде: «Бітеді қамыс қатар еменменен, Байсары бірге туған Шөменменен. Бозаншар әкесінен жастай қалып, Қайғының қарнын тіккен тебенменен»,-деген өлеңді шежіре жолдары да бұл тұжырымның растығын аңғартса керек («Кете–Шөмекей шежіресі». Алматы. «Ана тілі» баспасы. 1995 ж. 7 б.).

Әйтпесе, Кетебикеден туған баласы Төменқожаны өз әулетінің емес, болар-болмасы, өсер-өспесі белгісіз, болашағы әлі бұлыңғыр, тұман кетелер әулетіне оның ықтиярынсыз кім қосар еді. Әрине, тек өзі. Төменқожаны кетелерге ағасы Байсарының атын өшірмей, бұл әулеттің тезірек өсіп, өркен жайып кетуі үшін әдейі қиды деп санаймыз. Кете атауы Кетебикенің емес, Байсары бабамыздың елдің еті үйреніп, құлағы төселіп кеткен лақап атынан туындап отыр дегенде осыны айтпақпыз.


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 | Следующая
  • 0 Оценок: 0

Правообладателям!

Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?


Популярные книги за неделю


Рекомендации