Текст книги "Шежірем сыр шертсе"
Автор книги: Тажис Мынжасар
Жанр: Жанр неизвестен
Возрастные ограничения: +12
сообщить о неприемлемом содержимом
Текущая страница: 5 (всего у книги 29 страниц) [доступный отрывок для чтения: 10 страниц]
Әскери шығын былай тұрсын, қонтайшылардың қанқұйлы зұлым әрекеттеріне шыдамай беталды босқан бейбіт халық, аштықтан азып-тозып, қатты шығынға ұшырады. Бұл қырғынды оқиға тарихқа «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген қайғылы, қасіретті атпен енді. Естіген жанның жүрегін ауыртып, жанын сырқыратар «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген «Елімай» жырының зарлы жолдары да жұрт аузында сол зұлматты жылдары туды.
Халықтың үштен біріндей мөлшерін алып кеткен осы және сол кездегі өзге де соғыс шығындары ұлтымыздың кейінгі демографиялық есеп санына айтусыз үлкен зиян тигізгені анық. Хан, сұлтандардың сол кездегі бір ғана өзімшіл алтыбақан алауыз әрекеттері салдарынан енді ғана ұлт болып қалыптасып келе жатқан тұтастай бір халық ойламаған жерден осылай біржолата жойылып кетер қауіп-қатерге тап болды. Халық бұл қатерден 1729 жылы үлкен жиында өздері төреден дарабоз етіп сайлаған кіші жүз ханы Әбілқайыр мен қарадан әскербасы етіп таңдаған кіші жүз батыры табын Бөкенбай ердің Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Итішпес көлшігінің маңында, Бұланты өзенінің бойындағы Қарасиыр деген жерде алғаш ұйымдаса жүргізген шайқасынан кейін құтылды.
Жан беріп, жан алысқан қырғын ұрыста қазақтар асқан ерліктің үлгісін танытып, жоңғарларды ойсырата жеңді. Қалмақтар қатты қырғынға ұшырап, аңырай қашқан сол ұрыс кейін тарихқа әйгілі «Аңырақай шайқасы» деген атпен енді. Дала да кейін сол атты иемденіп, «Аңырақай» аталып кетті. Бірақ «Аңырақай шайқасындағы» бір өкінішті жайт–жау қолының біразы қырылып, қалған 30 мыңы аңырай қашқанда оларды біржолата жойып жібергісі келіп, әскербасы Әбілқайыр арттарынан өкшелей қуғанда өзге сұлтан, хандар «қолжеткен жеңісімен арамызда абыройын асырып, үстемдік алып кетер» деп қорқып, қолдамай орындарында қалып қойғандықтары. Өзгелерден ұзап кеткен Әбілқайыр хан егер жау бұрылып қайта шапса өздерін жазым етерін түсініп, ащы өкінішін баса алмай тоқтағаны белгілі. Қайта шапқан жау жаман демекші, сол 30 мың қол кейін толығып келіп қайта ұрыс салып, талай қыршын, боздақтардың обалына қалатындығын қалып қойған күңей көп сол сәт білгілері де келмеді.
Бұл үлкен билікке ұмтылған тәкаппар әскербасы ханның да мақсатына жете алмай алғаш қанаты қайрылып, пұшайман болып қалған сәті еді. Ал қалмақтардың Жезқазған маңындағы тағы бір оңбай жеңілген жері мен өзен алабы «Қалмаққырған» деген атау алды. Бұл шайқастардан кейін қазақ жерін жаудан толық азат ету кезеңі басталды.
Бұл азаттық соғысы барысында үлкен геосаясат ұстанған көрші Орыс мемлекеті бар ниетімен қазақтар жағында болғаны рас. Олар өкпе тұсындағы қазақ елінің күшті мемлекетке айналғанын қаламаса да қазақтарды даланың өзге көшпенді тайпалары тарапынан жиі-жиі болып тұратын сойқан шабуылдардан қорғану үшін қалқан ретінде ұстағысы келіп, беттерінен қақпай, олармен келіссөздер жүргізуге ықыласпен кіріскендері анық. Алайда, сол кездері билік еткен орыс патшасы Анна Ионовна кезінде дала елдеріне көз тіккен 1 Пётр өсиетімен бұл саясатын барып тұрған жымысқы, құйтырқылықпен жүргізді. Оның қазақтарға там-тұмдап берген көмектері мардымсыз болып, халықты қалыптасқан ауыр саяси-экономиялық тығырықтан алып шыға алмады. Сөйтіп бұл қазақтарды түбі орыстарға амалсыз бодандыққа кіруге мәжбүрлейтін жайсыз келісім-шарт жасауға итермеледі.
Әлбетте бодандық емес, ойларында тек одақтасу ниеті бар мұндай келісім-шарт жасауға алдымен орыстармен шекаралас жатқан кіші жүз ханы Әбілқайырдың ұмтылғаны рас. Біржолата жойып жіберер зор қаупі бар жойқын жоңғар шапқыншылығымен күресте орыс патшасына арқа сүйемей болмайтындығын, әл-ауқаттарын да құдай қосқан көршісімен бейбіт сауда-саттық жүргізбей көтере алмайтындықтарын ол жақсы түсінген. Ханның бұл саясатын осыған дейін кімге бағынарларын білмей азып-тозып, бей-берекеті кеткен, артында қалың жұрты бар біраз би, батырлар да қолдап шыға келді.
Сөйтіп 1726 жылы өздеріндегі Ресей елшісі Максюта Юнусовпен алдын-ала кездесіп, сөйлескен Әбілқайыр хан ұзамай-ақ Петерборға Қойбағар Көбеев бастаған елшілікті аттандырды. Ал 1730 жылдың 8 қыркүйегінде Мәскеуге екінші елшілікті жіберді. Оған табыстаған хатында хан: «Мен қазір өзімнің бүкіл аймағыммен қоса Сіздің Императорлық Ұлы мәртебеңізге бағынсам деймін… Біз, Әбілқайыр хан, Орта және Кіші жүздің өзімізге қарайтын көп-көп… халықтарымен бірге Сіздің алдыңызда бас иіп… құзырыңыздан үміт етеміз»,– деп жазды дейді қазақстандық тарих ғылымының докторы В.Басин өзінің «Әбілқайыр» деген зерттеу мақаласында («Білім және еңбек» жұрналы. № 5, 1982 ж.). Әрине автор мақаласын дайындау кезінде о баста бұрмаланып аударылған хатты басшылыққа алғанын білген жоқ.
Келіссөз нәтижесінде 1731 жылдың 19 ақпанында императрица Анна Ионовна Кіші жүз қазақтарын Ресей одағына алу жөніндегі Грамотаға қол қойды. Бұл Грамотаны ханға тапсырып, оның антын алу үшін 1731 жылдың сәуірінде түркі тілдерін жетік білетін, Пётр патшаның кезінен жақсы белгілі, аса тәжірибелі, сауатты дипломат А.И.Тевкелев Петербордан Қазақ даласына аттанды.
Келіссөзді болдырғысы келмеген қарсы топтың қаскөй әрекеттерінен сақтанамыз деп елшілер хан кеңесіне ұмсынып үш ай бойы жол жүріп, неше бір азап, мехнеттер шегіп, азып-тозып Мойынтөбе алқабындағы (қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы) Әбілқайыр ордасына ақыры жетеді. Сөйтіп 1731 жылдың 10 қазанында 27 биі бас болып, Кіші жүз түгел және «Орта жүзден» Семеке ханға ілескен біраз би, батырлар ақ патшаға адалдыққа ант беріп, Ресей одақтастығына өтті. 1740 жылы бұл «жүзден» Әбілмәмбет хан мен пен Абылай сұлтандар да осылай етті.
Әйтсе де қазақтың біраз би-сұлтандарынан бұл құйтырқы саясатқа қарсы шыққандары да болды. Олар Әбілқайырдың орыс патшасы Анна Ионовнаға өз атынан хат жазып, Ресейдің қоластына өту жөнінде астыртын келіссөз жүргізуін келіспей істелінген, жеке басының мүддесі үшін ел тәуелсіздігін аяққа басып, бәйгеге тіккен бодандық, сатқындық әрекеттерге бару деп түсінді. Жеке басының мүддесі дегенде Әбілқайырдың ақ патша мен оның әскеріне арқа сүйеп, үш жүзге өз үстемдігін жүргізер үлкен хан болғысы келетін ойын меңзегендері. Тоқсан тілектің түйінінен жаратылған сайыпқыран хан ол кезде мұндай мақсат, пейілден мүлде ада, таза болды деп айту да қиын еді. Етек алып кеткен осындай өзара түсінбеушілік пен жіктелу салдары ақыры қанды уақиғаларға әкеліп соқты.
1748 жылы Орынбор губернаторы И.И.Неплюевпен келісім жүргізіп, қайтып келе жатқан сапарында сатқындық саясат жүргізіп жүрсің деген желеумен Қабырға өзенінің бойында өзіне бақас ескі дұшпандары Барақ сұлтан мен Сырлыбай, Баймұрат батырлардың қолынан жоңғарларға алғаш рет ойсырата соққы берген, үш жүз әскерін азаттық соғысына бастап шығушы кіші жүз ханы, дарабоз, дарынды бас қолбасшы Әбілқайыр хан қаза тапты.
Аз адаммен келе жатып тосқауылға ұрынып, сол ұрыста жарақаттанып ат жалын құша құлаған хан жүрегіне Барақ сұлтан өз қолымен қарыстай қара қанжарын қадап, мұратыма жеттім, елім, енді маған не істесең де көндім деп ашық далаға масаттана айқайлап шапқаны атақты жазушымыз Ілияс Есенберлиннің көпшілікке танымал әйгілі «Көшпенділер» атты трилогиясының «Жанталас» деп аталатын екінші кітабында шыншыл баяндалады (Алматы. 1973 ж. 167 б.).
Хан өлімін аяқсыз қалдырғысы келмей, кезінде Сейітқұл хажымен Самарқан маңындағы Нұратада қоныстанған 40 мың алшынды билеген Айтқұл бидің баласы Кедей биден туған Түрке батыр мен Қосқұлақ би Кенесары сұлтанның қарындасы Бопай ханшамен қосылып, Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевқа Әбілқайыр ханды өлтірген Барақ сұлтанға барынша қатал жаза қолдануды сұрап, өтініш хат жазғаны белгілі (Т.Дайрабаев, «Сырдың сырлы сыры». Арыс. Алматы. 2005 ж. «Шөменнің алтын сақасы» тарауы. 149 б.).
Осы жерде айта кететін жай мынау. Хан бір өзі шешім шығарып, ақ патшаға бір өзі хат жазбаған шығар дейміз. Қасында қаншама ру басы би, батырлары болды. Не істесе де солармен кеңесіп барып істеді ғой. Біздіңше хан сатқындық жасаса кейін артынан өзге ру, төрелер арасынан жоғарыдағыдай айтулы іздеуші, жоқтаушылар тобы шықпас еді деп те ойлаймыз. Барақ сұлтанның әрекеті айбыны асқақтап бара жатқан ханды көре алмаушылықтан туған жала екендігі көпе-көрнеу.
Бірқатар зерттеушілер азулы, ақылды, сайыпқыран Әбілхайыр хан Жайық казактарының басқыншылық әрекеттеріне үздіксіз, толассыз тойтарыс беріп, Орыс империясының сонау 1 Пётр патшаның кезінен-ақ шексіз, созылып жатқан қазақ жерін жаулап алуды мақсат еткен жымысқы, құйтырқы геосаясатын тамақтарына кесе-көлденең тұрып қалған сүйектей болдыртпай, жүзеге асыртпай келген хан, сондықтан амалы қалмаған ақ патша астыртын оған Барақ сұлтанды айдап салып, ақыры көзін жойып тынды деп жазып жүр. Сөздері қисынды деп санаймыз.
Жоғарыда бұрмаланып аударылған деп айтқандайын, осыған дейін барлық дерек көздерінде жұртшылыққа Әбілқайырдың ақ патшадан бодан сұрап жазған хаты деп ұсынылып келген құжаттың жалған екендігі жуырда анықталды. Қанша заман өтсе де Аллаһ-тағала ақыры шындықты жарыққа шығарды. Мұрағаттардың бірінен Әбілқайыр хан жазған хаттың түпнұсқасы табылды. Оның мазмұны біз білетін құжатпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін біз осы жайды зерделеушілердің бірі, түрік тарихын ертеден-ақ зерттеп, талай еңбек жазып келе жатқан, көпшілікке кең танымал, тарих ғылымдарының кандидаты, Мадрид және Қазақ-Американ университетінің профессоры, испан, португал тілдерінен қазақтың аса жетік маманы, өзіміз көптен білетін алшын Самат Өтениязовтың жуырда ғана, яғни өткен жылдың 11 желтоқсанында "Ана тілі" газетінің 49–50 нөмірлерінде жариялаған «Жаңа заманның шамшырағы – Қазақ мемлекеті» атты зерттеу еңбегінен үзінді ұсынамыз. Онда Әбілқайыр хан турасында былай деп жазылған: «Қазақ-орыс қатынасы тарихындағы трагедияның үлкені Ақтабан шұбұрынды оқиғасы болса, ұлт-азаттық соғыстардың жарқын тарихы Әбілхайыр хан бейнесі екенін мойындаймыз. Бұл жағдайды сонау 90-жылдар соңында академик М.Қозыбаев пен профессор Ж.Қасымбаев – Әбілхайыр хан тарихын қайта қарау керек деп мәселе көтерген еді. Қазақ хандарының еліміз тарихындағы орнын „Ұлт мүддесі үшін ғасырлар бойы күрес жүргізген Әз-Жәнібек хан, Керей хан, Қасым хан, Әз-Тәуке, Әбілхайыр хан сияқты тұлғалардың дәуір тарихында шоқтығы биік-ақ“ (8) деп жазған еді М.Қозыбаев. Әбілхайыр Ресейге қарсы 48 жыл бойы соғысып, қалайша бодан болуға өтініш жазды екен деп күдіктенген Ж.Қасымбаев осы тарихи тұлғаның тарихын қайта қарау керектігін айтқан еді (9). Алайда 2000 жылы Әбілхайырдың тарихи хатының түпнұсқасы оқылғанда төбеден жай түскендей әсер етті. Біз осы уақытқа дейін оның орысша аудармасын пайдаланып келіппіз. Сол орысша аудармасы талай ұрпақты жаңылыстырып келген еді. Ақыры шындықтың түбіне қол жеткіздік.. Сол тарихи хатта „бодандық“ туралы бір сөз жоқ екенін көріп тарихшылар қатты қуанды (10). Әттең, Әбілхайыр хан тарихын қайта қарайтын ғылыми конференция өткіземіз деп жүргенде М.Қозыбаев пен Ж.Қасымбаев қайтыс болып кетті де аяқсыз қалды…»
Керемет емес пе, автор оқушы қауымға атышулы хаттың орысша аудармасы мен түпнұсқасын салыстыра зерделеу үшін қатар ұсынады. Әйткенмен оны өзге әңгіменің арқауы ғой деп шежіремізде келтірмедік. Оқып, білгісі келген қауымға ол газетті тауып алу әсте қиын емес. Сөйтіп шындығында да үлкен қуанышқа орай, бүгінгі ұрпақ қазақ үшін жанын қиған бірегей, біртуар, дарабоз тұлға, бабалары Әбілқайыр ханды кезінде ақ патша ұйымдастырған қара жаладан бүгіндері осылайша ақтап, арашалап қалып отыр.
Сонымен ниетіне кесе-көлденең кедергі, тосқауыл болып келген қазақ хандығының қақпасы іспеттес кіші жүз ұлысынан Әбілқайыр ханды алып тастау арқылы Ұлы Орыс империясы көрші жатқан ұланғайыр қазақ жерін қан төкпей басып алу, отарлау саясатын осылай бастады. Кейін бұл дата қызыл Кеңес заманында «Қазақстанның Ресейге қосылуы» деген атпен тарихымызда елеулі із қалдырған айтулы оқиғаға айналғаны анық. Бұл құжат сол кезден бастап, Қазақстан егемендік пен тәуелсіздік алған сонау 1991 жылдың желтоқсанына дейін өз күшін жойған емес.
Әлбетте, патша үкіметі аталмыш келіссөзді бетке ұстап, осыған дейін жасырып келген түпкі мақсаты–қазақ жерін отарлау саясатын енді ашықтан-ашық жүзеге асыра бастады. Ежелгі қазақ жерлері өзін-өзі билеу еркінен айрылып, бодауға түсті. Шаруалар малы мен жанының кепілі болып келген жаз жайлауы мен қыс қыстауларынан, шұрайлы деген өрістерінен айрылып, жұтқа, аштыққа ұшырады, тұрмыс жағдайлары ауырлап, құлдырай бастады. Қазақтарды бөлшектеп ұстауды тиімді санаған орыс үкіметі мен жоңғар билеушілері неше түрлі қулық-сұмдыққа барып, олардың бір ханға бағынған күшті мемлекет құруына іс жүзінде жол бермеуге тырысты.
Мұның бәрі жұрт пен жеке дара билеуді көксеген хандар арасында түсінбеушілік пен толқу туғызып, үлкен хандықтың іргетасын шайқалтар жайсыз жайларға алып келгені анық. Алайда, Аллаһқа шүкіршілік айтамыз, мемлекеттігімізді ұсақталудан сақтап, хандық билігін бір қол мен бір ноқтада ұстап қалуға бар күшін салып тырысқан көреген хандар мен халық арасынан шығып, бірлікке шақырған Бұқар сияқты айтулы би, жыраулар табылмай қалған жоқ. Бұқардың елге ой салып, бірлікке шақырған «Керей қайда барасың?!» деген атақты жыр-декларациясы осы кезде туған еді.
Сонымен Әбілқайыр хан қаза тауып, Әбілмәмбет хан қайтыс болғаннан соң, қазақты бір жағы жоңғар, бір жағы орыс – екі оттың арасынан оның елдігі мен мемлекеттігін аман сақтап алып шығуға бар ақыл-айласын салып, көп әрекеттеніп, тырысқандардың ішінде Абылайдан өткен өзге сұңғыла хан болмады. Азан шақырып қойған аты Әбілмансұр болып саналатын ол 15 жасында Әбілқайыр ханның жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресінде жауға атасының атымен "Абылайлап" атойлап шапқан жанкешті ерлігі үшін жұрт арасында Абылай аталып кеткен еді. Қазақ хандығы сол кездері, құдайға шүкір, тап осы дарынды, саясаткер, ақылды ханның білгір қимылдарының арқасында мемлекеттігін жоғалтып, ыдырап кетпей, тағы бір зобалаң күйреуден аман қалды. Әйткенмен мұндай қауіп-қатер қазақ хандығының басынан оның ақырына дейін бір сейілмей қойды.
Бұлай дейтін себебіміз, 1756–58 жылдары Цин империясының манчжур-қытайлары 90 мыңға жетерлік үлкен әскер шығарып, өздеріне шабуылдап қоймай жүрген жоңғарларды түптұқиянына дейін түк қалдырмай, біржолата қырып салып, қазақ шекарарасына жақын келіп қоныстана бастағанда да Абылайға осы орыс аюы мен қытай айдаһарының арасында жан сақтап қалу үшін тағы да не бір дипломатиялық айла-әрекеттерге барып, жанкешті саясат жүргізуге тура келді. Екі бірдей күшті жауға қарсы күресте ол Ресей патшалығына арқа сүйеп, онымен одақтас болды, ал одан ызғар көргенде Қытай жағына қарай ақырын ойысып отырды. Сөйтіп жоңғарлардың кебін киіп қырылып, елдігі мен мемлекеттігінен айрылып, тарих аренасынан біржолата жоғалып кетпеуі үшін көп әрекет етті.
Абылайдың бұл іспеттес өзге тірліктерін түгел тізіп айтып жатпасақ та билік пен мемлекетаралық қарым-қатынас үшін үзілмей жүріп жатқан осындай қым-қуат, жан беріп, жан алысқан, қызу саяси істер барысында оның өз жұртының экономикалық хал-ақуалы мен тұрмыс жағдайын да қолдан шығарып, ұмыт қалдырып алмағанын айта кету керек секілді.
Ел бірлігін ұстап, мемлекет қуаты мен оның қорғаныс күшін сақтап қалу үшін көрші елдермен сауда-саттық қатынастарын үзбей жүргізіп, дамыта беру аса маңызды іс екенін жақсы түсінген ол көршілес елдермен түрлі сауда-саттық келісім-шарттарын жасап, жаңа керуен жолдарын ашты. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, саудагерлерге біраз жеңілдіктер беруге барынша тырысты. Бәрін бірдей тәппіштеп айта бермесек те солардың бірі ел солай атап кеткен әйгілі "Абылай жолы" еді.
Бұл турасында бізге Қазақ Совет энциклопедиясы: "18 ғасырдың орта шенінде Абылай хан белгілеген сауда-керуен жолы. Қазіргі Семей обл., Абай ауд-ның батысынан басталады. Шыңғыс тауын бөктерлеп, Ертіс өзенінің сол жағын бойлай, шығысқа қарай созылып жатқан бұл жолды халық "Хан жолы" деп атайды. Ел аузында оның "Шаңды жол" деген де аты бар",-деп баяндап береді (Алматы. 1972 ж. 1 т. 36 б.).
Халқы да, тарихы да хандар мен би, батырлар бас қосқан үлкен құрылтай жиылысында боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге көтеріп, ұлы хандықтың үлкен ханы етіп сайлаған соңғы хандарының бірі Абылайдың елі үшін сіңірген осындай ерен еңбегін осы күнге дейін еш ұмытпақ емес.
Абылайдан кейін Уәли сұлтан (1781–1819) тек «Орта жүзді» биледі. 1783–1787 жылдары ақ патша мен олармен ауызжаласқан хан-сұлтандарға қарсы тұрмыс-халдері нашарлап, наразылығы күшейген «Кіші жүз» қазақтарының 14 жылға созылған (1783–1797) Сырым Датов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете қалды.
Көтеріліс аяқталғаннан кейін Қаратай, Жантөре сияқты сұлтандардың арасында қайтадан таққа талас басталды. Соның салдарынан бейбіт ауылдарға шабуыл жасау, олардың малын айдап кету, барымта, кісі өлтіру көбейіп кетті. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, Жайық казактарының да қанқұйлы тонаушылық әрекеттері жиілей берді. Бұл 1795–1796 жылғы жұттан әлі оңала алмай, қатты күйзелген жергілікті біраз жұртты шарушылығы мен тұрмысын жөндеп алу үшін жаңа қоныс іздеуге мәжбүр етті.
Сол кезде билік еткен орыс патшасы Павел І-нің рұқсатымен 1801 жылдың наурызында Бөкей сұлтан бастаған «Кіші жүз» қазақтарының бір бөлігі оның қалмақтар тастап кеткен Орал мен Еділ арасындағы Нарын жеріне көшті. Орыс мемлекеті үшін хандықтың бөлшектеніп ыдырауы тиімді еді. Сондықтан олар бұған қарсы бола қойған жоқ.
XIX ғасырдың басында Бөкей сұлтан осы жерде өз хандығын–Бөкей ордасын құрды. Әуелде үй саны 5 мыңдай болған қазақтар 1812 жылы 7500, 1819 жылы 8500, 1825 жылы 10 490 үйге жетіп, халық саны 50 мыңнан асып кетті. Бөкейден кейін орданы оның туысы Шығай сұлтан, ержеткен соң ұлы, тарихтан белгілі 1836–1837 жылдары орын алған атақты Исатай–Махамбет батырлар бастаған халық көтерілісін аяусыз жаншып басқан Жәңгір хан биледі. Жәңгірден кейін патша үкіметінің жымысқы саясатымен мұнда хандық үкімет мүлде жойылып, Орданы «уақытша кеңес» деп аталатын патша чиновниктері басқарды. Ақ патшаға өкпе тұсында өршіген біртұтас күшті қазақ мемлекетінің болғандығы тиімсіз де, қауіпсіз де емес еді.
Қазақ хандығының өзге жерлерінде де осындай жайлар орын алды. Қазақтарға үстемдігін әбден күшейтіп алған патшалық Ресей үкіметі осындай құйтырқы әдіс-тәсілмен отаршылдық қанау саясатын жүргізіп, оларда ел басқарудың жалпыресейлік тәртібін орнатуға кірісті. Қазақ хандығының басына түскен қасіретті тарихтың алғашқы қаралы беттері осылай ашыла бастады. Хандық 400 жылдық егемендігі мен тәуелсіздігінен кейін басына Ресей патшалығының бодандық қамытын қалай өлшеп кигенін өзі де білмей қалды. Уәли хан өлгеннен кейін (1819) «Сібір қазақтары туралы Уставқа» сәйкес (1822) «Орта жүзде» хандық өкімет біржолата жойылды. «Жүз» жері сегіз округқа бөлініп, оларды аға сұлтандар басқарды. «Кіші жүздің» соңғы ханы Шерғазы Орынборға шақырылып, оған күміс ақшамен 150 сом айлық тағайындалғанымен ол елдің тек номиналды билеушісі ғана болып қала берді. Іс жүзінде орданы мұнда да патша үкіметі тағайындайтын аға сұлтандар бөліп басқарды.
Патша үкіметінің бұл отарлық реформаларына қатты қарсылық көрсетіп, өліспей беріспей табаны аттай 10 жыл бойы ат үстінде ерлікпен соғысқан Абылай ханның немерелері, Қасым төре ұлдары Кенесары хан (1841–1847) мен Наурызбай сұлтанның халық-азаттық қозғалысы тарих дестесіне «Кенесары–Наурызбай көтерілісі» деген айдарлы атпен енді. Сөйтіп бір кездегі үлкен Қазақ хандығының саяси-шаруашылық құрылымы ақыры осылайша ұсақталып өзгеріп, біржолата мемлекет болудан қалып, жойылды.
Не десеңіз де өзіңіз білесіз, бірақ бұл жоғарыда айтылып кеткен қаламы жүйрік ақсұңқар тарихшы-жазушымыз Илияс Есенберлиннің әйгілі трилогиясында айтылатын, халқын ақ патшаға қарсы күреске түбегейлі біріктіріп, түгелдей көтере алмай әбден күйзеліп, пұшайман болған Кене ханның ел аузында қалған атақты, әулие дерлік түсімен қалай дөп келгенін қарасаңыз. Онда әулет ақсақалдарының жоруы бойынша Кенесары жұртының алдынан алдымен арыстан болып ақырып, кейін жолбарыс болып жұлқынып, соңынан қасқыр болып азу тісін ақситып, бұдан кейін түлкі болып жылмиып жүгіріп өткен, ақыры бақа-шаянға айналып, жердің қуыс-қуысына кіріп бара жатқан жайсыз жайын көрген. Бұған не дерсіз.
Бірақ халқы батыр ұлдарының ерлігін ұмытпай, оларға арнап аттары белгілі қисса, дастандар жазды. Бертінде Олжас Сүлейменов Кенесары ханға арнап өзінің «Сарыкене» атты белгілі өлеңін шығарды. Бүгіндері ел ордасы Астанамызда Кенесары ханға арналып көкпен таласқан биік тұғырлы ескерткіш ашылды, оның алаңдарының біріне аты берілді.
Сонымен қазақ хандығы туралы әңгімемізді әрі қарай сабақтар болсақ, түрлі қилы кезеңдерді басынан өткерген қазақтар сыртқы күштердің арсыз араласуымен мемлекеттік дербестігінен айрылғанымен, құдайға шүкір, ішкі этникалық тұтастығын – өзінің қазақ деген ұлттық сипатын бәрібір жоғалтпай сақтап қалды. Бұл тарих аренасында бірде ыдырап, бірде қайта қосылып келген Қазақияның бұрынғы көшпелі ру-тайпалары Қазақ хандығының құрамында өткізген 400 шамалы жыл ішінде біртұтас қазақ ұлты болып бітеқайнап, ажырамастай кірігіп, бірігіп үлгергендігінің арқасы еді.
Ұлт болып қалыптасу қай елдің тарихында болмасын ұлан-ғайыр уақытты қамтитын тарихи ұлы процесс ғой. Бүгінде қанша күрескенімен ұлт болып бірігіп, мемлекеттігін құра алмай пұшайман жүрген қаншама жұртты білеміз. Бақытымызға орай бүгінгі сіз бен біздер тап осы Қазақ хандығы кезінде, құдайға шүкір, ұлт болып ұйып үлгердік.
Осылай Қазақ хандығы мен оның жойылу тарихы жөнінде жүгірте отырып болса да бірсыпыра жайды айтып өттік. Ендігі жерде оны құрайтын «жүздер» жайлы баяндасақ орынды-ақ сияқты. Өйткені қалай қазақ болғанымызды, қалай қазақ хандығын құрғанымызды, сөйтіп ұлт болып қалыптасқанымызды білгеннен кейін қазақтың қай жүзінен, қай ру-тайпасынан өрбіп тарайтынымызды да білуіміз керек емес пе? Бұл бөліну емес, қазақ деген біртұтас үлкен дүниенің неден тұратындығын саралап, пайымдау. Ағза екеш ағзаларымызды да танып, білу үшін микроскоптардың астында зерделеп, олардың ұсақ жасушалардан, ал олардың өз кезегінде молекулалардан, ал оларымыз жай көзге көрінбейтін атом, электрон, позитрон, нейтрондардан тұратындығынын білеміз ғой. Ендеше, әңгімеміздің ендігі желісі қазақтың осы жүздері мен оны құрайтын ру-тайпалары жайлы болмақ.
4 бөлім
ЖҮЗДЕР ҚАШАН, ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?
Қазақ Совет энциклопедиясында «Жүз» сөзіне төмендегідей анықтама беріледі: «15–16 ғ-да Қазақстан жерінде қалыптасқан ру-тайпалық бірлестіктер. «Ж» атауы араб тілінде белгілі бір тұтас нәрсенің бөлігі, саласы деген ұғымды білдіреді. Қазақстанның табиғи ерекшеліктеріне, онда ежелгі заманнан бері мекендейтін көшпел ітайпалар мен рулардың шаруашылық және саяси жағдайларына байланысты «үш жүз» деп аталатын бірлестіктер пайда болды. Ұлы Ж. бірлестігі Жетісу жерінде, Шу және Талас, Сыр, Іле өзендерінің кең алқаптарында өте көне заманнан қалыптасқан. Орта Ж. бірлестігі Сарыарқа атырабында Арғын тайпасының, Кіші Ж. бірлестігі Бат. Қазақстанда Алшын тайпасының төңірегіне топтасқан. Сондықтан да бұл бірлестіктерді халық арасында «Ұлы жүз–үйсін», «Орта жүз–арғын», «Кіші жүз–алшын» деп те атай береді»,-делінген (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1974 ж. 4 т. 520-521 б.б.).
Ал халқымыздың академик-жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» атты зерттеу еңбегінде «Үш жүз» атауы жөнінде: «Орыстың Шығысты, әсіресе Орталық Азияны, қазақ даласын зерттеген ғалымы Бичуриннің айтуынша, біздің дәуіріміздің 635 жылында, қазіргі қазақ даласында түркі тілдес көшпелі сақтар өздеріне шабуыл жасап, тыныштық бермейтін қытайларға қарсы үш орда: Үйсін» жерінде Үлкен орда, Есіл, Ертіс бойында Солтүстік орда, Балқаштан Каспийге дейін Кіші орда болып топтасқан. Бичуриннің айтуынша қазақ жүздері осы үш ордадан басталады. Мен бұл пікірді қолдауға бейіммін»,-дейді (Алматы. 1974 ж.).
Ал Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әбдуәли Қарағұлұлы өзінің «Ұлы йозілер»-ден «Үш жүз»-ге дейін» деген мақаласында: «Қытайдың жазба жылнамасында: «Ұлы йозлер» (ұлы жүздер) жыл санауымыздан бұрынғы Ш ғасырда Қытайдың батыс-солтүстік өңірін қоныстанған ежелгі ұлыстардың бірі екені айтылған. Кейін бұлар батысқа қарай ауғанда «Ұлы йозілердің» көше алмай қалған бір бөлігі Наншан тауына шегініп, сол жердегі тайпалармен араласып кеткен де, бұлар «Кіші йозі» деп аталған.Бұдан біз «жүз» деген атаудың өте көне сөз екенін, кейбіреулердің айтып жүргеніндей, сан мағынасында емес, ежелгі ұлыстар мен тайпалар бірлестігінің аттары екенін аңғарамыз»,-дейді («Ана тілі» газеті. № 27. 1997 ж.). Бұған біздің қосарымыз, «йоз» сөзі тілімізде транскрипцияға ұшырап, кейін өзімізге үйреншікті «жүз» атауы болып пайдаланылғандығы күмән келтірмейді. Алдыңғы еңбек үзіндісінен де, кейінгі мақала түзіндісінен де ұғатынымыз, «жүз» сөзінің астарында, Қарағұлұлы айтпақшы, сандық мән емес, заттық мағынаның жатқандығы. Түйгеніміз, қазақтың ру-тайпалық «жүздері» сол көне «йоздерден» бастау алатын бірлестіктер емес, өз дәуірінде қазақ хандары мен билерінің ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр сағымдай созылған сары даланы мекендеген сансыз көп ру-тайпаларды билеп-төстеуді жеңілдету үшін, әсіресе соғыс-түйіс кезінде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» тез ұйымдасып, жұмыла әрекет, қимыл жасау үшін ескіден еске түсіріп қолданылған әкімшілік басқару жүйесінің бір көрінісі десек шындыққа жақындай түсетін секілдіміз.
Қазақ хандарына дейін де дала сахарасының билік жүйелерінде жүздер деп аталмаса да жүздерге ұқсас, соларды елестететін түрлі ру-тайпалық бірлестіктер мен ұлыстар болғандығы белгілі.
Шежіреші Зайыр Садыбековтің «Қазақ шежіресіндегі»: «Жүз–қазақ болып қалыптасудан бұрын, «Дешті Қыпшақ» дәуірінде құралған аймақтық одақ. Оған біріккен тайпалардың бәрі бірдей бір атадан емес. Жүз–көне түркі тіліндегі «Дүз»(дала) деген сөзден шыққан. Қазақта «құла дүз» деген сөз бар. Ол құла дала деген мағынада. Бір деректе «Жүз» араб тілінде «бөлік» дегенді аңғаартады дейді. Қайткенде де «Жүздің» пайда болуына жүз-жүзден құралған әскерлерден шықты дегенге қарағанда аймақтық ұғым–«Дүз» (Дала) деген сөз қолайлы сияқты. «Жүз»–ойрат тілінде біртұтас нәрсенің бөлігі деген ұғымда. Жүзді Жошы заманында Үйсін Майқы би бөлген деген пікір шындыққа жақын. Себебі сол кездегі тайпалық ұлыстарды басқарған билердің ішіндегі атақ-абыройы мен лауазымы жоғарысы Майқы би еді. Ол Дешті Қыпшақтағы түрік-монғол жұртында мейлінше құрметке, сенімге ие болған адам. Сондықтан оның көзі тірісінде-ақ: «Түгел сөздің түбі бір, сөз атасы Майқы би»,– деген қанатты сөз айтылып жүрді.
Майқы би Шыңғысханды ұлы хан етіп сайлаған 12 бидің бірі және бірегейі еді. Сол себепті Шыңғысханға қадірлі болды. Оның ел билеудегі ақылшысы еді. Кейде Шыңғысхан жорыққа аттанғанда өзінің орнына ел басқару билігін тек Майқы биге тапсырып кететін болған. Шыңғысханнан кейін ол Жошы ұлысының «Дешті Қыпшақ» бөлігін және Жошы әскерінің оң қанатын басқарған.
Мемлекеттік, әскери құрылысты жақсы білген ол сол кездегі «Дешті Қыпшақ» одағының басқару ісін жақсарту мақсатында ұланғайыр жерді алып жатқан тайпалардың ішкі-сыртқы маңызды істерін өздеріне тән жағдайға байланысты шешу үшін биліктің тізгінін бөлісуі–асқан білгірлік және табиғи нәрсе.
Жүзге (аймаққа) бөлу, ондағы тайпалардың ежелден келе жатқан жер жатысының, өмір тіршілігінің, дәстүрлерінің сыбайластығына қарай жүргізілген. Сонымен қатар Майқы би әр жүзге ұран мен таңба және олардың Ноқта ағасын белгілеп берген. Ұран мен таңба жүздер ішіндегі тайпалар мен руларды біріктіріп, олардың одағын нығайтуға бағытталды. Ұлы жүзге және бүкіл қазақ тайпасына Ұлық (Ноқта аға) етіп Жалайырды, Орта жүзге Арғынды, Кіші жүзге Алшынды ұлық етіп белгілейді. Сол сияқты Арғын ішінде Тарақты, Алшын ішінде Тама Ноқта ағалыққа ие болады»,-деген (З.Сәдібеков.«Қазақ шежіресі».Ташкент–Узбекистон. 1994 ж. 126–127 б.б.) және Қазақ Совет энциклопедиясында келтірілген: «Ж-дер бірлестігі көптеген түркі тілдес тайпалардың негізінде бір тұтас қазақ халқының қалыптасуынан бұрынырақ пайда болған да, кейінірек сол халықтың жеке бөліктері есебінде бізге дейін жеткен»,-деген мәтін жолдары біздің жоғарыда айтқан болжам-пікірлеріміздің растығын көрсетеді. (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1974 ж. 4 т. 521 б.). Сондықтан бұл әкімшілік басқару жүйесін қазақ хандарына алыстан іздеудің керегі болған жоқ. Ол кешегі өздері болмаса да әкелері куә болған, бабаларынан мирас боп айтылып, жазылып қалған Шыңғысханның «Ясысы» сияқты ел, ұлыс басқару жүйесінің ілім-тәлімдері мен тәжірибелері ме дейсің.
Бұл айтқандарымызға Қазақ Совет энциклопедиясындағы «Майқы би» мақаласынан қосарымыз: «М.б. қазақ руларын үш жүзге ( «Жүз»–арабша «бөлік», «бөлім») топтап, Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Қабанұлы Болатқожа бастаған бөлікті Орта жүз, Қоғамұлы Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атады. Ноғайлы хандарының бірі, Қызыл Арыстанның баласы Ахметті (Алаша хан) Ұлытауда үш жүздің ханы көтерді (қ. Жүз). Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың негізгі ерекшелігіне қарай белгіледі. Ұлыста бірінші туды ұстаған Үйсінге «Жалау», ортада жүретін Арғынға «Көз», жауға алдымен шабатын Алшынға «Найза» таңбасын берген. 40 рудың таңбасын жартасқа қашатқан. Таңбалы тас–«Майқы таңбасы», кейін жер атымен «Нұра таңбасы» атанған. …М.б-ді өзбек, татар, башқұрт, қарақалпақ халықтары да өз биі деп есептеді. Бұған Төбе бидің Қойылдыр, Мекре есімді балаларының осы халықтар арасына барып,сіңісіп кетуі себеп болса керек»,– деген кейде ішінара аңыздардан да алынғандары бар ақпар, мағлұматтар (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1975 ж. 7 т. 383–384 б.б.).
Қызығы–осы көне шежірелерде кездесетін қазақ, ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз сияқты термин, атау, ру белгілері күні бүгінге дейін өзгерместен осы аталмыш жүздердің ұран, таңбаларымен сәйкес келетіндігі. Мұндай ұқсастықты көне жазбалардан молынан ұшыратуға болады. Ұшырата отырып, Майқы би әріде емес, күні кеше, Шыңғыс ханның кезінде-ақ билігін пайдаланып, Дешті Қыпшақ жерінде бұрынғы қазақ ру, тайпаларынан мемлекет, хандық түрінде болмаса да жер жапсары мен жұрт тіршілігіне орайлас жүздерге бөлінген, бір кездегі Қазақия тәрізді ұлыстық әкімшілік-басқару жүйесін құрып, оларға байырғы қазақ атын қайта жаңғыртып, қайырып бергісі келгендігін байқайсыз.
Жаңғыртып ғана қоймай, оны біржолата орнықтырып, қалыптастыру үшін қолынан келгеннің бәрін істеп баққанын көресіз. Осы ретте оны болашақ қазақ мемлекеттігі мен ұлттығын қалыптастыруға, оның алғы шарттарын жасап, іргетасын қалауға үлкен үлес қосқан данышпан дала көсемдерінің бірі ме дейсің. Майқы бидей көсемдердің осынау тірліктеріне қарап, «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген ежелгі мәтел еріксіз есіңізге түседі.
Правообладателям!
Данное произведение размещено по согласованию с ООО "ЛитРес" (20% исходного текста). Если размещение книги нарушает чьи-либо права, то сообщите об этом.Читателям!
Оплатили, но не знаете что делать дальше?