282 000 книг, 71 000 авторов


Электронная библиотека » Леонид Вариченко » » онлайн чтение - страница 15

Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"


  • Текст добавлен: 4 августа 2017, 13:20


Текущая страница: 15 (всего у книги 26 страниц)

Шрифт:
- 100% +
Бесінші көрініс

Сол жер. Мұңды әуен есіп тұр. Тәуелсіз келеді. Ұнжырғасы түсулі.


Тәуелсіз. (ескерткіштегі солып қурап қалған гүлдерді қозғап қойып) Гүлдерді де ешкім көптен ауыстырмапты. (аспанға қарайды) Кәдімгідей қыс та түсіп қалыпты. (тоңған адамдай тітіркеніп үстіндегі пальтосын қымтана түсіп) Қандай суық еді мына күн! (жан-жағына мұңды көз тастап) Қыс дегенің қандай қатыгез еді. Ағаштар да сойдиып-сойдыиып қалыпты. Шөптер де бозарып кетіпті. Табиғат өліп қалғандай. (жан жағына біреуді тосып жүргендей қарап қояды) Ешкім жоқ. (соткасын алып қоңырау шалайын дегендей оқталып, сосын қайтадан сөмкесіне салады) Жоқ, не деймін оған?


Орындыққа отырып, бүрісіп үндемей қалады. (пауза)


Тәуелсіз. Тәуелсіздік мейрамына бір-ақ күн қалды. Менің құрдасымның туған күніне де бір күн қалды. Иә, өзімнің де туған күніме бір күн қалды. (пауза) Дәл со күнде туғанымды қарашы! Басқа күн болмағандай. (басын шайқайды) Әке-шешем де соған мәз болыпты… атымды да Тәуелсіз деп қойыпты. Тәуелсіз… ал адам баласы тәуелсіз бола ма? Ол мемлекет емес қой. Мемлекетке тәуелсіздік өте қажет, тәуелді мемлекет мемлекет пе? Ал адамға тәуелсіз болу жараса ма? Әсіресе әйел затына. Жоқ. Әйел деген, қыз деген сүйікті адамына тәуелді болғаны абзал. Мүлдем тәуелсіз болған әйел кімге керек? Құрысын ондай тәуелсіздік!


Улап-шулап төрт қыз келеді. Олар Тәуелсізбен бірге билейтін құрбылары. (Қыздардың саны басқа да болуы мүмкін)


Бірінші қыз. Тәуелсіз! Не ғып отырсың жападан жалғыз?!

Екінші қыз. Біз оны іздей-іздей шаршадық. Ал ол ше саябақта отыр шошайып!

Үшінші қыз. Тәуелсіз, соткаңды неге сөндіріп тастағансың?

Төртінші қыз. Тәуелсіз! Біз сенімен сөйлесіп тұрмыз.

Тәуелсіз. Қыздар! Мазамды алмаңдаршы.

Бірінші қыз. Мынау не дейді ей?! Ертең сайыс, ал солисткамыздың отырысы мынау.

Тәуелсіз. Мен енді сендерге солистка бола алмаймын, қыздар. Басқа солистка тауып алғандарың дұрыс болар. Мен енді мүлдем билемеймін.

Екінші қыз. Не дейді?! Қайдағы басқа солистка? Біз ертең билеуіміз керек! Ертең! Түсінесің бе сен?

Тәуелсіз. Түсінем. Бірақ ештеңе істей алмаймын.

Үшінші қыз. (Тәуелсізге тесірейіп қарайды) Әй, қыздар, тоқтай тұрыңдар! Тәуелсіз, сен не? Ауырып қалғанбысың?

Тәуелсіз. Жоқ, ауырған жоқпын. Саумын.

Төртінші қыз. М-м… мен бірдеңе түсіндім. Қыздар, Тәуелсізді мұң басып кетіпті. Мұңын сейілтіп көңілін көтеру керек.

Бірінші қыз. (соткасын алып шығып ритмикалық әуен жібереді) Ал, онда кеттік, қыздар!


Билей кетеді, оған құрбылары қосылады. Тәуелсіздің бей-жай отырғанын көріп бәрі жабылып оны тұрғызады да бірге билеуге шақырады. Бірақ Тәуелсіз оларға көнбей кетіп қалады.


Бірінші қыз. Мына қызға бірдеңе болған екен.

Екінші қыз. Иә, мұның мына түрі жай емес.

Үшінші қыз. Мұны біреу ренжіткен болар.

Төртінші қыз. Мүмкін ол біреуге ғашық болып қалған шығар?

Үш қыз бірге. Ғашық болып қалған шығар?! Кімге?

Төртінші қыз. (иығын қиқаң еткізеді) Білмеймін. Түне күні бір бейтаныс жігітпен осы жерде отырғанын көргем. Ал бүгін сол жігіт жоқ. Демек…

Бірінші қыз. М-м… түсінікті. Сол жігіттің кесірі тиген екен біздің Тәуелсізге. Жүріңдер, қыздар, сол жігітті тауып алайық та дұрыстап тұрып сөйлесейік. Әйтпесе бізге сайыс та жоқ, мейрам да жоқ.


Төртеуі улап-шулап кетеді. Біраздан соң Егемен келеді. Оның да ұнжырғасы түскен. Мұңды әуен тағы да есе бастайды.


Егемен. (ескерткіштегі солып қурап қалған гүлдерді қозғап қойып) Гүлдерді де ешкім көптен ауыстырмапты. (аспанға қарайды) Кәдімгідей қыс та түсіп қалыпты. (тоңған адамдай тітіркеніп үстіндегі пальтосын қымтана түсіп) Қандай суық еді мына күн! (жан-жағына мұңды көз тастап) Қыс дегенің қандай қатыгез еді. Ағаштар да сойдиып-сойдиып қалыпты. Шөптер де бозарып кетіпті. Табиғат өліп қалғандай. (жан жағына біреуді тосып жүргендей қарап қояды) Ешкім жоқ. (соткасын алып қоңырау шалайын дегендей оқталып, сосын қайтадан қалтасына салады) Жоқ, не деймін оған?


Орындыққа отырып, бүрісіп үндемей қалады. (пауза)


Егемен. Тәуелсіздік мейрамына бір-ақ күн қалды. Менің құрдасымның туған күніне де бір күн қалды. Иә, өзімнің де туған күніме бір күн қалды. (пауза) Дәл со күнде туғанымды қарашы! Басқа күн болмағандай. (басын шайқайды) Әке шешем де соған мәз болыпты… атымды Егемен деп қойыпты. Егемен… ал адам баласы егемен бола ма? Ол мемлекет емес қой. Мемлекетке егемендік өте қажет, егемен емес мемлекет мемлекет пе? Ал адамға егемен болу жараса ма? Жоқ. Құрысын ондай егемендік!


Улап-шулап төрт жігіт келеді. Әрқайсысы бір-бір домбыра асынған. (жігіттердің саны басқа да болуы мүмкін)


Бірінші жігіт. Егемен! Не ғып отырсың жападан жалғыз?!

Екінші жігіт. Біз оны іздей-іздей шаршадық. Ал ол ше саябақта отыр шошайып!

Үшінші жігіт. Егемен, соткаңды неге сөндіріп тастағансың?

Төртінші жігіт. Егемен! Біз сенімен сөйлесіп тұрмыз.

Егемен. Жігіттер, мазамды алмаңдаршы!

Бірінші жігіт. Мынау не дейді-ей?! Ертең сайыс, ал солистымыздың отырысы мынау.

Егемен. Мен енді сендерге солист бола алмаймын, жігіттер. Басқа солист тауып алғандарың дұрыс болар. Мен енді домбыра шетпеймін.

Екінші жігіт. Не дейді?! Қайдағы басқа солист? Біз ертең сайысқа қатысуымыз керек! Ертең! Түсінесің бе сен?

Егемен. Түсінем. Бірақ ештеңе істей алмаймын.

Үшінші жігіт. (Егеменге тесірейіп қарайды) Әй, жігіттер, тоқтай тұрыңдар! Егемен, сен не? Ауырып қалғанбысың?

Егемен. Жоқ, ауырған жоқпын. Саумын.

Төртінші жігіт. М-м… мен бірдеңе түсіндім. Жігіттер, Егеменді мұң басып кетіпті. Мұңын сейілтіп, көңілін көтеру керек.

Бірінші жігіт. (домбырасын алып күй шерте бастайды) Ал онда кеттік, жігіттер!


Төрт жігіт Егеменді қоршап алып домбыра шертеді. Бірақ Егемен оларды итеріп жіберіп кетіп қалады.


Бірінші жігіт. Мына жігітке бірдеңе болған екен.

Екінші жігіт. Иә, мұның мына түрі жай емес.

Үшінші жігіт. Мұны біреу ренжіткен болар.

Төртінші жігіт. Мүмкін ол біреуге ғашық болып қалған шығар?

Үш жігіт бірге. Ғашық болып қалған шығар?! Кімге?

Төртінші жігіт. (иығын қиқаң еткізеді) Білмеймін. Түне күні бір бейтаныс қызбен осы жерде отырғанын көргем. Ал бүгін со қыз жоқ. Демек…

Бірінші жігіт. М-м… түсінікті. Со қыздың кесірі тиген екен біздің Егеменге. Жүріңдер, жігіттер, сол қызды тауып алайық та дұрыстап тұрып сөйлесейік. Әйтпесе бізге сайыс та жоқ, мейрам да жоқ.


Төртеуі кетеді. Ақан, Қатира және Тәуелсіз келеді.


Ақан. (жан-жағына қарап қойып) Құдалар әлі жоқ. (Тәуелсізге) Ал, қызым, қазір менің досым келіншегімен, баласымен келеді. Байқа, бетімен бірдеңе айтып мына шешең екеуімізді ұятқа қалдырып жүрме. Жарай ма?


Тәуелсіз үнсіз басын изейді. Оның сыртқы пішіні «маған енді бәрі бір» деп тұрғандай.


Қатира. Қызым, сен бізге ренжіме. Біз сенің аяқ-қолыңды матап қалың малға күйеуге сатайын деп тұрған жоқпыз. Танысасың, әңгімелесесің, түрін көресің ол жігіттің. Ұнамаса өз еркің, ал егер, сағатын салып…

Ақан. Тсс! Әне, келе жатыр құдалар!


Ақан мен Қатира үсті-бастарын түзеп жақындап келе жатқандарға қарай бұрылады. Тәуелсіз ше со бойы теріс қарап тұра береді. Жақан мен Ләйлә келеді. Олардың соңында Егемен келе жатыр, басы төмен салбырап кеткен.


Жақан. (қолын созып досына жақындайды) Ассаламу ғалейкүм!

Ақан. (оның қолын алып жатып) Уа ғалейкүм ассалам!

Жақан. (Қатираға қолын беріп жатып) Иә, Қатира, мал-жан аман ба?

Қатира. Шүкір, аман.

Ақан. (Ләйләға қолын береді) Иә, Ләйлә, мал-жан аман ба?

Ләйлә. Тегіс аман.


Төртеуі амандық саулық білісіп жатқанда Тәуелсіз бен Егемен теріс қарап тұрады да бірін бірі көрмейді.


Жақан. (есіне баласы түсіп) Егемен! Не ғып тұрсың? Сәлем бер Ақан ағаң мен Қатира тәтеңе.


«Егемен» дегенде Тәуелсіз жалт қарайды. Егемен де бұрылып оны көреді. Екеуінде үн-түн жоқ, бірін бірі көздерімен жеп барады.


Егемен. Тәуелсіз?!

Тәуелсіз. Егемен?!

Жақан. (қыз бен жігітке таңырқай қарайды) Егемен, балам…

Ләйлә. (ол бірдеңе түсінгендей күйеуінің жеңінен тартып қалады) Тсс!


Егемен мен Тәуелсіз бір біріне жақындап келіп тоқтайды. Бір бірінен көз алмай қарап тұр. Олардың ата-аналары бір біріне ыммен «Кетейік. Екеуіне бөгет жасамайық, оңаша сөйлессін» дегендей аяқтарын ақырын басып кетеді.


Егемен. Тәуелсіз, сен мені кешір. Бірақ менің бар кінәм тым сенгіштігімде. Соны пайдаланған Жәкен екеумізді ажыратып жіберді. Мен оны сүймеймін. Мен саған ғашықпын.

Тәуелсіз. Егемен, мен де саған ғашықпын. Мен де сен сияқты өте сенгішпін. Мен енді бәрін түсіндім. Бізді ажыратып жіберген жалғыз Жәкен емес. Мен Сәкеннің басқа адамдардың дауысын келтіретін тотықұстығы бар екенін ұмытып кетіппін.


Музыка ойнайды да олар билей кетеді. Осы жерде улап-шулап төрт қыз келеді.


Бірінші қыз. Тәуелсіз! (билеп жүрген қыз бен жігітті көріп төртеуі де дағдарып тұрып қалады) Тәуелсіз, біз… біз мына жігітке келгенбіз.

Тәуелсіз. (тоқтамастан) Оны қайтейін деп едіңдер? Әлде менің орныма солистка қылайын деп пе едіңдер? (Егемен екеуі шаттана күледі)


Осы жерде улап-шулап төрт жігіт келеді.


Бірінші жігіт. Егемен! (бұлар да тоқтап қалады) Егемен, біз… біз мына бикешке келгенбіз.

Егемен. (ол да тоқтамастан жауап қатады) Оны қайтейін деп едіңдер? Менің орныма солист қылайын деп пе едіңдер?


Жігіттер бір-бір қызды биге шақырып би билейді. Ақыры, біртіндеп, билеген бойда сахнадан кетеді.

Алтыншы көрініс

Мейрам күні. Ескерткіш гүл шоқтарымен, әшекей жазуларымен безендірілген. Оның алды эстрадаға айналған. Концерт жүргізушілері шығады.


Жүргізуші жігіт. Ассаламу ғалейкүм, қадірлі қауым! Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына арналған концертімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық мерейтойына арналған сайыс аяқталды. Ауыл шаруашылығы факультетінің домбыралы ансамблі мен өнеркәсіп факультетінің би тобы сол сайыста бірінші орынды бөліп алды. Енді сол екі топты сахнаға шақырамыз.


Жүргізушілер қол шапалақтап залдағы көрермендерді де сайыс жеңімпаздарына қошамет көрсетуге шақырады. Егемен бастаған домбырашы жігіттер келеді. Сосын Тәуелсіз бастаған биші қыздар шығады. Осы екі топ жүргізушілердің екі жағын алып тұрады.


Жүргізуші қыз. Бір қызығы, осы екі творчестволық топқа қатысатындардың саны бірдей – бес жігіт пен бес қыз. Бес домбырашы мен бес биші. Ал осы екі топтың солистері, Егемен мен Тәуелсіз, еліміздің тәуелсіздігінің құрдастары. Олар бүгін жиырмаға келіп отыр. Сондықтан оларды құттықтап сый тартуға рұқсат етіңіздер.


Жүргізушілер қол шапалақтап сосын оларға төрт жігіт пен төрт қыз қосылады. Залдағы көрермендер қосылады. Сахнаның екі жағынан екі қыз шығып концерт жүргізушілеріне бір-бір гүл шоғымен сыйға берілетін заттарды әкеліп береді. Жүргізушілер қатар тұрған Егемен мен Тәуелсіздің алдына келіп тоқтайды.


Жүргізуші жігіт. (ол Тәуелсізге қарсы тұр) Тәуелсіз! Туған күнің құтты болсын. Біздің жас мемлекетімізбен бірге аяқ басып жетістіктен жетістіктерге жете бер! Ешқашан шаршама, ешқашан тоқтама! Бақытты бол! (гүл шоғын беріп, сый тарту етеді)

Тәуелсіз. (гүл мен сыйды қабылдап жатып) Рахмет! (сахнада тұрғандар мен көрермендер қол шапалақтап оған қошемет көрсетеді, сондықтан қыз бас иіп ишарат білдіреді) Рахмет! Мен өзіме артылған сенімді аяқ асты етпеуге бар күш-жігерімді саламын.

Жүргізуші қыз. Егемен! Туған күнің құтты болсын! Жас Отанымызбен бірге өсіп кемелденіп жетістіктен жетістіктерге жете бер! Ешқашан мойыма, ешқашан тоқтама! Бақытты бол! (гүл шоғын беріп, сый тарту етеді)

Егемен. Рахмет! (сахнада тұрғандар мен көрермендер оған қол шапалақтап қошемет көрсетеді, жігіт бас иіп ишарат білдіреді) Рахмет! Мен де өзіме артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерімді аямаймын.


Жүргізушілер сахнадан кетеді, Егемен мен Тәуелсіз өздерінің топтарына қосылады. Домбырашылар күй шертеді, бишілер би билейді.


Шымылдық

Болашақ ұрпақ
ФАНТАСТИКАЛЫҚ ДРАМА

Кейіпкерлер:


Заман мен Сәнижан – жуырда қосылған ерлі-зайыптылар.

Хасен – Заманның досы.

Арай – Хасеннің келіншегі.

Альфа мен Центавра – жасыл жүзді инопланетяндар.

Келешектегі азған адамдар, инопланетяндардың спецназы.

Бірінші көрініс

Заман мен Сәнижанның бөлмесі. Бөлменің ортасында шағын үстел. Үстелдің бергі жағында екі орындық. Арғы жағында диван тұр. Бұрышта уақыт машинасы тұр. Заман, сол машинаның пультының ішінде бірдеңелерді реттеп болып, пульттың қақпағын орнына отверткамен бұрап жауып жатыр. Сәнижан кіреді.


Сәнижан. Заман, сен осы темір терсегіңнен басыңды көтеремісің?

Заман. Көтеремін. Алайда бұл темір терсек емес. Бұл дүние жүзіндегі бірінші уақыт машинасы.

Сәнижан. (мырс ете күледі) Мұндай машиналардың талайы болған тарихта.

Заман. Бірақ олардың бірі де жұмыс істемеген. Ал менің машинам іске дайын.

Сәнижан. Дайын? Онда жүр, жасап келейік уақытқа саяхат. (машинаға жақындап) Қайда аттанамыз, өткен шаққа ма, әлде болашаққа ма?

Заман. Қайда барғың келсе – сонда барамыз. Алайда, өткенде не бар? О жақта ешқандай қызық нәрсе жоқ. Өткенде болған оқиғалардың барлығы бізге аян. Одан да болашаққа барып келейік.

Сәнижан. Дұрыс. Біздің болашақ өміріміз қандай болады екен, болашақ балаларымыз қандай болады, соны білейік. Сосын немерелеріміз, шөберелеріміз, неменелеріміз, демекші.

Заман. Ол менің машинама оңай. (пультты көрсетіп) Мына үш кнопкалардың бірі өткен шақ, бірі қазіргі шақ, ал мына қызыл кнопка – боларшақ. Мына цифрлар – жылдар мен ғасырлар. Неше жыл ілгері аттануды, немесе қай ғасырға саяхат жасауды осы цифрлар арқылы теріп аласың да аттанатын бағытты білдіретін кнопканы басып қалсаң болды – сол жыл мен ғасырға топ ете түсесің.

Сәнижан. (Заманның жанына тұрып оны құшақтайды) Ал онда кеттік! Екі мың отызыншы жылға барайық.

Заман. (зайыбына таңырқай қарайды) Неге дәл екі мың отызыншы жылға?

Сәнижан. Сол жылы біздің мемлекетіміз «жиырма-отыз» бағдарламсының шегіне жетеді. Сол бағдарламада айтылған мақсаттарға жете аламыз ба, әлде жете алмаймыз ба – соны көріп келеміз. Және де… со жылы біздің болашақ баламыз он сегізге келеді. Яғни, ер жетіп, мектеп бітіріп жоғарғы оқу орнына түседі. Соны да көріп келеміз.

Заман. (күлімдеп) Қайдағы баланы айтып тұрсың, Сәнижан?

Сәнижан. (ішін сипап) Мұндағы баланы.

Заман. (зайыбының ішіне қарайды) Мұндағы? Қай баланы?

Сәнижан. (күліп жібереді) Түсінбедің бе, Заман? Менің аяғым ауыр.

Заман. Шын ба?!

Сәнижан. Иә, шын. Бүгін дәрігер солай деді.


Сәнижанды көтеріп алып бөлмеде шыр көбелек айналады.


Заман. Алақай! Бізде бала болады!

Сәнижан. Ақырын! Ақырын, Заман! Басым айналып кетті.


Заман зайыбын көтерген бойы диванға сылқ ете отырады.


Заман. Сәнижан, сонда мен енді әке боламын ғой, иә?

Сәнижан. Әрине, әке боласың. (тағы да күледі) Әлде шеше болайын деп пе едің? Онда мә, өзің тап балаңды. (екеуі күледі)

Заман. (Сәнижанның ішін сипайды) Сәнижан, сонда келешек сәбиіміз кім болмақ?

Сәнижан. Кім болушы еді – адам баласы болады да. (күледі)

Заман. Жоқ, мен ұл бола ма, әлде қыз бола ма – соны білейін дегем?

Сәнижан. Ол жөнінде әңгіме қозғау әлі ерте. Алла қаласа узиден өткеннен кейін белгілі болады.

Заман. Ал узиден қашан өтесің?

Сәнижан. Кем дегенде бір төрт айдан кейін.

Заман. Ой, ол тым ұзақ мерзім.

Сәнижан. Айтпақшы, сенің уақыт машинаңмен болашаққа барып келейік. Бізде ұл бола ма, қыз бола ма – анықтап аламыз. (аяғына тұрып жолдасының қолынан тартады) Жұр, тоғыз ай ілгері барып келейік. Онда мен босанып та үлгеремін.

Заман. (орнынан қозғалмай) Ертең. Ертең барамыз, Сәнижан. Дәл қазір машина істемейді. Оған іске қосылу үшін он екі сағат қажет.

Сәнижан. (орнына отыра кетеді) О-о… Мен ендеше болашаққа дәл қазір аттанамыз ба десем. Дәл қазір болашақ баламыз ұл әлде қыз бола ма, жалпы бізде неше бала болатынын, ол балаларымыз қандай адам болатынын, қандай мамандық таңдайтынын, болашақ келіндер мен күйеу балаларымыз қандай болады, қанша немере, қанша шөбере, немене болатынын анықтап аламын ба десем.

Заман. (Сәнижанды сүйеді) Сәнижан! Бұл сұрақтарға мен уақыт машинасыз да жауап беремін. Бізден өрбіген ұрпақ көп болады.

Сәнижан. Мәселе тек көп болғанда емес қой. Ұрпақтарымыздың саны көп сапасы жоқ болып жүрмесін.

Заман. Жоқ, Сәнижан, бізден тараған ұрпақ ең жоғарғы сапалы болмақ. Оған мен кәміл сенемін.

Сәнижан. Аузыңа май! Аминь!

Заман. (есіне бірдеңе түскендей) Сәнижан! Біз неге отырмыз?

Сәнижан. Енді не істемекпіз. Болар шаққа тек ертең, он екі сағаттан кейін аттана аламыз. Ал оған шейін демалайық.

Заман. Сәнижан! Мұндай жаңалық болып жатқанда жай отырғанымыз жараспас. Біз үшін бір емес, екі сондай маңызды жаңалық болғанда тойламағанымыз дұрыс болмас. Тұр, жаса дастарханыңды. Ал мен қонақ шақырайын.

Сәнижан. Осы сен қызықсың, Заман. Аяқ астында, екі кеш арасында қайдағы той? Қайдағы қонақ?

Заман. Енді той жасамасақ та бір кішкене отырыс, кішкене бас қосу жасайық та! Хасен мен Арайды шақырайық. Мына машина мен мына кішкентайды жуып тастайық. (соткасымен досына телефон шалады) Хасен! Арайды алып бізге кел! Кішігірім той бар. Себеп? Келгесін айтамын. Иә, қазір! Дәл қазір. Жоқ, ешкімнің туған күні емес. Жоқ, ешқандай сый керек емес. Жай, өздерің келіңдер, төртеулеп отырамыз. Айттым ғой – келгесін айтам деп. Иә, келіңдер, тез! (соткасын сөндіріп, Сәнижанға) Ал, не отырыс? Сен бірдеңе әзірлей ғой, мен дүкенге барып келейін.

Екінші көрініс

Сол бөлме. Үстелдің үстінде түрлі тағамдар, арақ шарап, рюмка фужер. Бергі екі орындықта Заман мен Сәнижан. Диванда Хасен мен Арай. Төртеуі де қызып алған.


Хасен. Заман, мен әрдайым саған сенетінмін. Менің досым үлкен болашағы бар адам дейтінмін барлығына. Ал сен үшін, сенің мына ашқан ғылыми жаңалығың үшін алып қояйық. (барлығы ішімдіктерін ішіп алады)

Заман. Рахмет, достым, рахмет!

Арай. Сәнижан! Ал мен сені құттықтаймын. Заманның жаңалығы жаңалық, ал сенің жаңалығың… бұл дегенің… нағыз жаңалық! Сенің болашақ кішкентайың үшін алып қояйық. (тағы да төртеуі арақ шарап ішеді)

Хасен. Заман, сенің уақыт машинаңның көмегімен менің саудамның болашағын анықтасақ қайтеді, ә? Мен байимын ба, әлде банкрот боламын ба?

Сәнижан. Әй, сен банкрот бола қоймассың! Саудаңды жаңа бастасаң да гу гу ақша күреп жүрсің күрекпен. Сен өзі немен сауда жасаушы едің?

Хасен. Бір ақ ұнтақ тауармен.

Сәнижан. Ақ ұнтақ? Ол не? Ұн ба?

Хасен. (күліп жібереді оған Арай да қосылады) О, жоқ! Ұн емес. Ұннан едәуір қымбатты тауар. Және одан өте маңызды зат.

Сәнижан. Ұннан, наннан қымбатты және маңызды не болушы еді?

Хасен. (қалтасынан пакетте салынған ақ ұнтақты алып шығып, шағын айнаға бір шөкімін түсіріп, трубка арқылы мұрынымен сорып алады) Бұл кокаин. Нан ол тән азығы. Ал менің тауарым ол көңіл азығы. Орыстар айтпақшы «Адам жалғыз нанмен тоқ болмайды ғой».

Заман мен Сәнижан. Кокаин?!

Хасен. Иә, дәл өзі.

Заман. Демек, есірткі?

Хасен. Заман! Есірткі, кесірткі – бұл сөздер тек пропаганда. Айтқан жоқпын ба – бұл көңіл азығы деп. Кәні, көрші өзің. Сондай тамашаға тап боласың. Жаның жай табады, бүкіл айнала жадырап сала береді ау жарықтық. (күледі, оған кокаин қабылдап алған Арай қосылады)

Заман. (қолына Хасен ұсынған трубканы алып жатып) Ал біз нашақор болып кетпейміз бе?

Хасен. Тү, қойшы қайдағыны айтпай. Мен саған шприц пен героин ұсынып тұрғам жоқпын ғой. Кокаин дегенің бір шөптің ұнтағы. Әлгі баяғы шалдарымыз иіскейтін насыбай секілді.

Арай. Иә, насыбай тәрізді бүкіл мұрыныңның ішін, кеңсірігіңді, одан әрмән миыңды тазартып шығады бұл керемет.


Заман кокаин иіскеп алады, сосын трубкасын Сәнижанға ұсынып бас бармағын шошайта көтереді. Сәнижан да кокаин иіскеп алады. Сосын төртеуі сықылықтап күліп орындарынан тұрып музыка ойнатып дискотека жасайды.


Хасен. (сықылықтап күліп) Ал енді кеттік жатын бөлмеге.

Заман. Жатын бөлмеге? Онда не істейміз? (ол да күледі)

Хасен. Топтық секс құрамыз. (күле береді)

Заман. (ол да күле сөйлейді) Топтық секс? Ол қалай?

Хасен. Білмеймісің? (күледі) Әй, аңқау досым ай! Топтық секс дегенің төртеуіміз бір төсекке жатамыз, бір көрпемен жамыламыз, сосын арғы жағын да төртеулеп істейміз. Өте қызық болады!


Хасен Заманды жатын бөлмеге қарай әкетеді, Арай да Сәнижанды солардың соңына тартады.


Арай. (ол да сықылықтап күліе сөйлейді) Кеттік, Сәниюша. Өзің көресің, сондай қызық топтық секс дегенің.

Сәнижан. (ол да сықылық сықлық күліп жүр, сонда да әлі мүлдем есінен айырылмаған) Ой, Арай, қойшы. Қалай біз төртеуіміз бірге жатпақпыз? Ұят емес пе!

Арай. Қойшы сен осы ұят-мұятыңды. Ол баяғы заманның қалдықтары. Қазіргі өркениетті елдердің жоғарғы саналы адамдары ұят дегенді білмейді, олар топтық секске оңай барады, олар жұбайларына жеке меншіктік психологиямен қарамайды. Біз де өркениетті ел болғымыз келсе солардан үлгі алуымыз керек.


Арақ шарап пен есірткінің әсеріне әбден көнген Сәнижан құрбысының соңынан сықылықтап күліп кете барады. Жатын бөлмеден естен тандыратын музыка мен жыртың-жыртың күлкі, ыңқылдаған-сыңқылдаған дауыстар естіліп жатады. Жарық сөніп ритмикалық музыка мұңды сазға ауысады.


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | Следующая
  • 0 Оценок: 0


Популярные книги за неделю


Рекомендации