282 000 книг, 71 000 авторов


Электронная библиотека » Леонид Вариченко » » онлайн чтение - страница 14

Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"


  • Текст добавлен: 4 августа 2017, 13:20


Текущая страница: 14 (всего у книги 26 страниц)

Шрифт:
- 100% +
Төртінші интермедия

Бергі планда – Қазақстан Республикасының Мемлекет рәміздері. Арғы планда – Ақ Орда. Ән-ұран ойнап тұр. Содан кейін Кенесары ханның ескерткіші бейнеленген декорация түсіріледі. Президент гвардиясының екі ұланы гүл өрнегін әкеліп ескерткіштің алдына қояды да, шұғыл бұрылып орындарында қарауылға тұрып қалады. Ән-ұран аяқталысымен Кенесары ханға арналған сөздер оқылады.


«Мемлекеттігімізді қалпына келтіріп, отандастарын азаттық жолына бастап, тәуелсіз ел мұратын көздеген өз дәуірінің сұңғыла саясаткері, көрнекті қайраткер және мәмлігер, дарынды әскербасы Кенесары, бір жағынан, Қоқан мен Бұхар хандықтарының қолында быт-шыт болып кеткен қазақтың басын біріктіруге ұмтылған».


Нұрсұлтан Назарбаев.


«Кенесары – тәуелсіздіктің үлкен тарихи нысаны. Егер ол сол кезде өжеттік көрсетпесе, сол кезде үлкен намыс көрсетпесе, қазақтың басындағы дәурен біржола өтіп кетуі мүмкін еді. Он тоғызыншы ғасырдағы әлемнің үлкен саяси назары қазақ даласындағы Кенесары көтерілісінде болды».


Әбіш Кекілбаев.


«Кенесарының көтерілісі Ресей патшалығына, Орта Азия хандықтарына қарсы, отаршылыққа қарсы азаттық сипаттағы көтеріліс болды».


Ермұхан Бекмаханов.


«Қырғыздар Кенесарының басын Омбы қаласына жеткізді. Ханның басын көрген патша шенеуніктері иықтарынан ауыр жүк түскендей қатты қуанды. Алайда басшыларын өлтіргенмен, бостандық сүйгіш халықтың рухын жоя алмайтынын олар білмеді. Кенесары өлгенмен, оның ісі өлмек емес. Хан арманы, халық үміті орындалды – Қазақстан тәуелсіздік алды. Кенесарының есімі егемендікке қолы жеткен халықтың жүрегінде мәңгі сақтаулы».


Жанұзақ Қасымбаев.


Шымылдық

Тәуелсіздік құрдастары
ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА

Кейіпкерлер:


Егемен – студент жігіт.

Тәуелсіз – студент қыз.

Жақан мен Ләйлә – Егеменнің ата-анасы.

Ақан мен Қатира – Тәуелсіздің ата-анасы.

Жәкен – Егеменді ұнататын қыз.

Сәкен – Тәуелсізді ұнататын жігіт.


Төрт жігіт, төрт қыз, екі концерт жүргізуші.

Бірінші көрініс

Фон ретінде ритмикалық жеңіл музыка ойнап тұр.


Күз. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі ескерткішінің алды. Егемен ескерткішке гүл шоғын әкеліп қояды. Сосын солып қалған гүлдерден, басқа да қоқыстан маңайды тазартып жатады.


Егемен. Осы адамдар сондай мәдениетсіз! Дәл осы ескерткіштің жанында темекі шекпесе, шемішке шекілдемесе болмас па еді?

Жәкен. (келе салысымен ескерткішке қойылған гүлдерді алып) Егемен! Мына гүлдерді маған әкелдің бе? (гүлдерді құшырлана иіскейді)

Егемен. Жоқ, Жәкен, саған емес. Гүлдерді орнына қой. (қыз оның бұл талабын орындамағасын оның қолындағы гүлдерді тартып алғандай болып орнына қояды)

Жәкен. (кекете) Сенің сондай патриот екеніңді білген жоқпын.

Егемен. Сен менің он алтыншы желтоқсанда жиырма жасқа толатынымды да білмейтін шығарсың?

Жәкен. Иә?! Шын ба?

Егемен. Шын.

Жәкен. Сонда сен не? Егемендіктің құрдасы болғаның ба?

Егемен. Әрине! Менің есімім соны айтып тұрған жоқ па? Тыңдашы: Егемен Қазақстан!

Жәкен. Солай ма еді! Мен ешқашан сенің есіміңнің мағынасы жөнінде ойламаппын. Егемен Қазақстан! Шынында солай екен! (күледі)

Егемен. Иә, солай. Ал осы жиырма жылдың ішінде мен не істедім? Не тындырдым? Бар болғаны мектеп бітіріп университетке түстім.

Жәкен. Егемен, сен қызықсың! Жиырма жылда адам не тындыра қояр дейсің. Мәселен мен де мектеп бітіріп енді студент болып жүрмін. Соған да шүкір, тәубә!

Егемен. Дұрыс қой. Бірақ кім мектеп бітіріп енді студент аталмай жүр? Ал еліміз болса осы мерзімде бүкіл әлемге танымал, экономикасы нық, демократиялы мемлекет болып қалыптасты. Соның бәрін ойласаң…

Жәкен. Сен қызықсың, Егемен! Жеке бір адамды мемлекетпен салыстыруға бола ма?

Егемен. Мемлекет жеке адамдардан тұрмай ма. Сол адамдар жиырма жыл бойы аянбай еңбек етіп келеді. Диқандар егін егіп, малшылар мал өсіріп, өкіметіміздің басшылығымен ауыл шаруашылығын көтеріп қаншама жетістіктерге жетті. Соның нәтижесінде биыл рекордтық астық жинады.

Жәкен. Асықпа, Егемен, сен де ертең-ақ ауыл шаруашылығының білдей бір маманы болып шығасың. Сосын сен ғалым агроном ретінде ауыл шаруашылығын өркендетуге өз үлесіңді қосасың. Бәрі де алда, Егемен!

Егемен. Әрине, бәрі алда. Алайда, баяғының адамдарын еске алсаң, жиырма жасында әлемге танымал адам бола алған. Мәселен, Александр Македонский он сегіз жасында патша тағына қонып әйгілі жорықтарын бастаған. Ал біздің Шоқан қып-қысқа ғұмырында қаншама ғылыми жаңалық ашып, қаншама еңбек жазып үлгерген.

Жәкен. Білесің бе, Егемен, сол тарихи тұлғалар өздеріне осындай талап қоя білгенінен әйгілі адам бола алды. Сондықтан сенің де болашақта солардан кем түспейтініңе мен кәміл сенемін.

Егемен. Солай ма, Жәкен? Сен маған сенесің бе?

Жәкен. (құшақтай кетіп бетінен шолп ете сүйеді) Әлбетте! Сенің болашағың жарқын. Сен ірі ғалым агроном боласың.

Егемен. Рахмет! Мен сенің сеніміңді ақтауға тырысамын.

Жәкен. (жігіттің бауырына тығылып) Егемен, ертең де осы жерде кездесейік. Жарайды ма?

Егемен. Жарайды, кездессек – кездесейік.


Екеуі кетеді. Тәуелсіз келеді. Егемен әкелген гүлдерді алып бір иіскейді де орнына қояды.


Тәуелсіз. М-м! Иісі қандай хош еді! Кім екен әрдайым гүл шоқтарын әкеліп жүрген?

Сәкен. (қыздың арт жағынан келіп өзімен әкелген гүл шоғын қызға ұсынады, қызды құшақтағысы келеді, бірақ қыз оның құшағынан босанып гүлдерді ескерткішке қояды) Тәуелсіз, мен бұл гүлдерді саған арнадым. (гүлдерді қайтадан қызға ұсынады)

Тәуелсіз. (гүлдерді орнына қайтарып жатып) Жоқ, Сәкен, бұл гүлдердің ескерткіште тұрғаны дұрыстау болар.

Сәкен. (кекете) Сенің сондай патриот екеніңді білген жоқпын.

Тәуелсіз. Мүмкін сен менің он алтыншы желтоқсанда жиырмаға толатынымды да білмейтін шығарсың?

Сәкен. Иә?! Шын ба?

Тәуелсіз. Шын.

Сәкен. Сонда сен не? Тәуелсіздіктің құрдасы болғаның ба?

Тәуелсіз. Әрине! Менің есімім соны айтып тұрған жоқ па? Тыңдашы: Тәуелсіз Қазақстан!

Сәкен. Солай ма еді! Мен ешқашан сенің есіміңнің мағынасы жөнінде ойламаппын. Тәуелсіз Қазақстан! Шынында солай екен ғой! (күледі)

Тәуелсіз. Иә, солай. Ал осы жиырма жылдың ішінде мен не істедім? Не тындырдым? Бар болғаны мектеп бітіріп университетке түстім.

Сәкен. Тәуелсіз, сен қызықсың! Жиырма жылда адам не тындыра қояр дейсің. Мәселен мен де сол мектеп бітіріп енді студент болып жүрмін. Соған да шүкір, тәубә!

Тәуелсіз. Дұрыс қой. Бірақ кім мектеп бітіріп енді студент аталмай жүр? Ал еліміз болса осы мерзімде бүкіл әлемге танымал, экономикасы нық, демократиялы мемлекет болып қалыптасты. Соны ойласаң…

Сәкен. Сен қызықсың, Тәуелсіз! Жеке бір адамды мемлекетпен салыстыруға бола ма?

Тәуелсіз. Мемлекет дегенің жеке адамдардан құралған. Сол адамдар жиырма жыл аянбай еңбек етіп келеді. Жұмысшылар мыңдаған машина жасап шығарып, кеншілер миллиондаған тонна кен өндіріп, өкіметіміздің басшылығымен өнеркәсіп саласын көтеріп қаншама жетістіктерге жетті. Соның нәтижесінде биыл рекордтық кен өндірілді.

Сәкен. Асықпа, Тәуелсіз, сен де ертең-ақ өнеркәсіп саласының білдей бір маманы болып шығасың. Ғалым инженер ретінде өнеркәсіп саласын өркендетуге өз үлесіңді қосасың. Бәрі алда әлі, Тәуелсіз!

Тәуелсіз. Әрине, бәрі алда. Алайда, баяғының адамдарын еске алсаң, жиырма жасында әлемге танымал адам болған. Мәселен, Александр Македонский он сегіз жасында патша тағына қонып әйгілі жорықтарын бастаған. Ал біздің Шоқан ше? Қып-қысқа ғұмырында қаншама ғылыми жаңалық ашып, қаншама еңбек жазып үлгерді.

Сәкен. Білесің бе, Тәуелсіз, сол тарихи тұлғалар өздеріне осындай талап қоя білгенінен соншама қыруар еңбек тындыра алды, әйгілі адам болды. Сондықтан сенің де болашақта олардан кем түспейтініңе мен кәміл сенемін.

Тәуелсіз. Солай ма, Сәкен? Сен маған сенесің бе?

Сәкен. Әлбетте!

Тәуелсіз. Рахмет! Мен сенің сеніміңді ақтауға тырысамын.

Сәкен. (қызды құшағына тартып) Тәуелсіз, ертең осы жерде тағы да кездесейік. Жарайды ма?

Тәуелсіз. Жарайды, кездессек – кездесейік.


Екеуі кетеді.

Екінші көрініс

Сол жер. Келесі күн. Тәуелсіз келеді. Жан-жағына қарайды, сосын жігітінің қарасы көрінбегесін орындыққа барып отырады.


Тәуелсіз. Сәкен бөгелді ғой. (соткасымен қоңырау шалып) Алло! Сәкен! Сен қайдасың?

Сәкеннің дауысы. Мен келе жатқан такси кептелісте тұр. Біраз уақыт тосуға тура келеді.

Тәуелсіз. Жарайды, тосайын. (соткасымен әлектеніп отырады)


Егемен келеді. Ол арқасына домбыра асынып алған. Ол ескерткіштегі солып қалған гүлдерді алып қоқыс шелегіне тастайды да оның орнына өзімен бірге әкелген гүлдерді қояды.


Тәуелсіз. Сәлеметсіз бе?

Егемен. (жалт қарайды) Сәлеметпіз.

Тәуелсіз. Мен бұл ескерткішке гүл шоқтарын қойып жүрген кім десем, сіз екенсіз ғой.

Егемен. Иә, менмін.

Тәуелсіз. Сіз сондай патриот па едіңіз?

Егемен. Иә, патриотпын. Және мен он алтыншы желтоқсанда жиырма жасқа толамын. Яғни…

Тәуелсіз. (орнынан атып тұрып) Шын ба?!

Егемен. Иә, шын.

Тәуелсіз. (жігітке қолын ұсынып) Онда танысып қояйық. Мен де он алтыншы желтоқсанда жиырмаға толамын. Яғни…

Егемен. (қыздың қолын қысады) Шын ба?!

Тәуелсіз. Шын. Менің есімім де Тәуелсіз.

Егемен. Өте жақсы! Ал менің есімім Егемен.


Екеуі күледі.


Тәуелсіз. Қызық екен! Сонымен екеуміз түйдей құрдас болып шықтық.

Егемен. Үшеуміз.

Тәуелсіз. Үшеуміз? (түсінбей, тағы біреу бар ма дегендей жан-жағына қарайды) Үшінші кім?

Егемен. (ескерткішті көрсетіп) Үшінші – Тәуелсіздік.

Тәуелсіз. А! Иә! Тәуелсіздік те бізге құрдас! (екеуі тағы да күледі)

Егемен. Тәуелсіз, сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Басқа біреу осындай болады десе сенбес едім.

Тәуелсіз. Иә, өмірде не болмайды!

Егемен. Тәуелсіз, саябақта қыдырып келсек қайтеді?

Тәуелсіз. Қыдырайық.


Екеуі әңгімелесе-күлісе кетеді. Біраз уақыттан кейін Сәкен келеді.


Сәкен. Тү! Тәуелсіз мені тоспай кетіп қойғаны ма? (жан-жағына қарайды, сосын қыздың қарасы көрінбегесін соткасымен қоңырау шалады) Алло! Тәуелсіз! Сен қайдасың? Мен ескерткіштің жанында тұрмын.

Тәуелсіздің дауысы. Кешір, Сәкен, бірақ сен тым кеш қалдың. Арамызда ештеңе болмады деп санасаң дұрыс болар.

Сәкен. Неге?! Не болып қалды, Тәуелсіз?

Тәуелсіздің дауысы. Ештеңе болған жоқ. Мен саған бұрын да ынтызар болған емеспін. Сау бол. (телефон пипылдап қалады)

Сәкен. (телефонын сөндіріп тастап, ерсілі-қарсылы жүріп алады) Мына қыздың ызасы-ай! Ынтызар болмаса кездесуге несіне келісім берді екен? Тым кеш қалдың деді. Сонда таксидың кептеліске түсіп қалғанына мен кінәлімін бе? (не істерін білмей арлы-берлі жүріп, сосын орындыққа барып отырады да тағы да қоңырау шалып дереу соткасын құлағынан алып кнопкасын басады) Мынаны қара – енді соткасын сөндіріп тастапты.


Жәкен келеді. Ол да жан-жағына қарайды, жігітінің қарасы көрінбегесін соткасымен қоңырау шалады.


Жәкен. Алло! Егемен! Сен қайдасың? Мен ескерткіштің жанында тұрмын.

Егеменнің дауысы. Кешір, Жәкен, сен тым кеш қалдың. Арамызда ештеңе болмады деп санасаң дұрыс болар.

Жәкен. Неге?! Не боп қалды, Егемен?

Егеменнің дауысы. Ештеңе болған жоқ. Мен саған бұрын да ынтық емес едім. Сау бол. (Егемен мен Тәуелсіздің күлген дауыстары естіледі)

Жәкен. Мынаның ызасы-ай! Ынтық болмаса кездесуге несіне келісіп еді? Кеш қалдың деп жазғырады. Келе жатқан автобусым кептеліске түсіп қалғанына менің не кінәм бар? Өзінің жанында бір қыздың дауысы шығады.

Сәкен. (бірдеңені түсініп қызға жақындайды) Сәлеметсіз бе?

Жәкен. (оған алая қарайды) Сәлеметпіз.

Сәкен. (қызға қолын ұсынады) Танысып қояйық. Менің атым Сәкен. Ал сіз, мен білсем, Жәкен боласыз. Солай ма?

Жәкен. Солай-ақ болсын. Ал сонда сізге не керек?

Сәкен. (қызды қолтықтап алып жүріп сөйлейді) Жәкен, жүріңіз, оңаша жерде әңгімелесейік.

Жәкен. (оған сәл қарсылық білдіреді) Не жөнінде әңгіме?

Сәкен. Екеуіміздің жағдайымыз жөнінде. Мен білсем екеуіміз де кеш қалыппыз. Менің де келе жатқан таксиім кептеліске түсіп қалып, осы жерде кездесуге келіскен қызым кетіп қалыпты. Байқасам, сіз де дәл сондай оқиғаға душар болыпсыз. Сіздің де жігітіңіз сізді тоспай кетіп қалыпты.

Жәкен. Жақсы, Сәкен, екеуіміздің жағдайымыз бірдей екен. Сонда не істемекпіз?

Сәкен. Бір-бірімізге жәрдем етеміз. Мен білсем сіздің жігітіңіз осы жерден жалғыз кеткен жоқ. Ол менің қызыммен бірге кетті. Сондықтан, қызымды қайтарып алуыма сіз көмектесесіз. Ал мен сіздің жігітіңізді қайтарып алуыңызға жәрдемдесем. Келісеміз бе? (қызға қолын ұсынады)

Жәкен. (жігіттің қолын қысады) Келісемін. Ал сонда біз не істеуіміз керек?

Сәкен. (қызды қолтықтап алып Егемен мен Тәуелсіз кеткен жаққа кереғар бағытпен алып кетіп бара жатып) Оны мен сізге айтып берейін. Жүріңіз, саябақтың ана түпкіріне барып оңаша сөйлесейік.


Екеуі кетеді. Олар кетісімен Егемен мен Тәуелсіз қайтып келеді.


Егемен. Тәуелсіз, мен сені бірден ұнаттым. Тіпті, өмірі бірге өсіп, бірге жүргендей сезінемін.

Тәуелсіз. Иә, мен де сондай сезімдемін. Жалпы мен бейтаныс адаммен бірден шүйіркелесіп кете алмаймын. Әбден жақын танысып алғасын болмаса біраз уақыт жатырқап жүремін. (күледі, оған Егемен қосылады)


Екеуі орындыққа жайғасады.


Егемен. Тәуелсіз, мереке күні не істейсің?

Тәуелсіз. Мен тәуелсіздік мерейтойына арналған сайысқа дайындалып жүрмін.

Егемен. Ол нендей сайыс?

Тәуелсіз. Творчестволық сайыс. Сайысты білім беру мен мәдениет министрліктері бірігіп жариялаған. Мен бимен әуестенем. Біздің өнеркәсіп факультетінде шағын би тобымыз бар, сонда соло партиясын билеймін.

Егемен. О! (бір мезет үндемей қалады) Тәуелсіз, бір өтінішім бар.

Тәуелсіз. Айт, ол нендей өтініш?

Егемен. Би билеші.

Тәуелсіз. Би? Дәл осы жерде ме?

Егемен. Иә, дәл осы жерде.

Тәуелсіз. Жақсы, билейін. Ал сен домбыраңмен сүйемелдейсің бе?

Егемен. Сүйемелдейін.


Егемен домбырасын алып күй шертеді, Тәуелсіз би билейді.


Егемен. (қыз биін тәмәмдағасын қол шапалақтап қошамет көрсетеді) Тамаша! Тәуелсіз, сен бимен кәсіби түрде айналыссаң, әлемдік деңгейде жұлдыз боларсың.

Тәуелсіз. Шын ба?

Егемен. Имандай шыным! Меніңше, саған өнеркәсіп факультетінен би студиясына ауысу керек.

Тәуелсіз. (қызараңдап, ұялып ыңғайсызданады, сондықтан әңгіменің тақырыбын өзгертуге тырысады) Жоқ, Егемен, мен өз мамандығымды өзгертпеймін. Өйткені мен өнеркәсіп саласын өркендетуге өз үлесімді қосқым келеді. Ал өзің тәуелсіздігіміздің мерейтойын қалай қарсы алмақсың? Қарасам, домбыраны жақсы шертеді екенсің.

Егемен. Мен де сол сайысқа дайындалып жүрмін.

Біздің ауыл шаруашылығы факультетінде шағын ансамбль бар. Мен сонда соло партиясын ойнаймын.

Тәуелсіз. Кәне, бірдеңе шертіп жіберші.


Егемен күй шертеді, Тәуелсіз би билейді. Сосын қол шапалақтап қошамет көрсетеді.


Тәуелсіз. Тамаша! Егемен, сен домбырамен кәсіби түрде айналыссаң әлемдік деңгейде жұлдыз боларсың.

Егемен. Шын ба?

Тәуелсіз. Имандай шыным! Меніңше саған ауыл шаруашылық факультетінен консерваторияға ауысу керек.

Егемен. (домбырасын асынып жатып) Жоқ, Тәуелсіз, мен мамандығымды өзгертпеймін. Мен ауыл шаруашылығын өркендетуге өз үлесімді қосқым келеді.

Тәуелсіз. Ол да дұрыс. (кетуге ыңғайланып) Ал, енді кетейік. Ертең осы жерде кездесейік.

Егемен. Жақсы, дәл осы жерде, осы уақытта мен сені тосамын.


Екеуі қол ұстасып кетеді.

Үшінші көрініс

Сол жер. Сахнаның сол жағынан Жақан мен Ләйлә келеді. Олар ескерткішке гүл шоқтарын қояды. Ал оң жағынан Ақан мен Қатира келіп олар да гүл шоқтарын қояды. Сосын бір біріне бұрылып, бірін бірі танып аңырап тұрып қалады.


Жақан. Ақан?!

Ақан. Жақан?! Сенбісің, достым? (досына құшағын жая ұмтылады)

Жақан. (досын құшақтай алып) Мен ғой, бауырым!

Ләйлә. Қатира!

Қатира. Ләйлә!


Екі келіншек те құшақтаса кетеді.


Жақан. (досының құшағынан босап) Ақан, біздің үйдегі жеңгеңмен танысып қой. (келіншектердің құшақтасып жатқанына аң-таң) Үйбай! Біздің келіншектеріміз таныс екен ғой. (олар бір-бірінің құшақтарынан босап бұларға бұрылады) Ләйлә, танысып қой. Бұл менің Ақан деген досым. Екеуміз сексен алтының желтоқсанында тар жерде бірге болғанбыз.

Ақан. (Ләйләнің қолын алып жатып) Ақан. Танысқаныма өте қуаныштымын.

Ләйлә. Ләйлә. Менің де қуанышымда шек жоқ. Жақан сізді жиі еске алып отыратын.

Ақан. Ал, Жақан, енді біздің үйдегі келініңмен танысып қой. Қатира, мынау менің Жақан деген досым. Ол жөнінде айтылған әңгімелерім әлі есіңде болар.

Жақан. (Қатираның қолын алып жатып) Жақан. Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын.

Қатира. Қатира. Менің де қуанышымда шек жоқ. Шынында да Ақан сізді жиі еске алып отыратын.

Жақан. Ләйлә, сен Қатираны қайдан білесің? Әлде сендер де тар жерде болдыңдар ма?

Ләйлә. Солай деуге болады. Қатира екеуіміздің тар жеріміз – перзентхана. (күледі)

Қатира. Иә, перзентхана да нағыз тар жер.

Жақан. Е-е! Перзентханада бір бөлмеде жатып, бір күнде босанған келіншек осы ма еді?

Ләйлә. Иә, осы.

Ақан. О, Алла! Мұндай да болады екен-ау!

Қатира. Иә, не болмайды дейсің бұл өмірде. (Ләйләға) Кішкентайың қалай, ер жетіп қалды ғой ендігі?

Ләйлә. Иә. Қазір ауыл шаруашылық факультетінің студенті. Ал сенің қызың ше? Бойжетіп қалған шығар?

Қатира. Әрине. Ол өнеркәсіптік факультетінде оқып жүр.

Ләйлә. Есімі кім еді?

Қатира. Кім болушы еді, Тәуелсіз. Сенің ұлыңның аты да солай болмасын?

Ләйлә. Солай болмаса да соған жақын. Егемен менің ұлымның есімі.

Ақан. Бәрекелді! Есіңде ме, Жақан, біз бір бірімізге уәде беріп едік қой.

Жақан. Әрине, қалай мен ол уәдені ұмытпақмын?

Ләйлә мен Қатира. Қандай уәде еді ол?

Жақан. Біз бір камерада отырғанда бір бірімізбен өмірлік дос болайық деп уәделескенбіз.

Ақан. Және де жәй дос болмай, болашақта бір бірімізбен құда болайық деп келіскенбіз.

Жақан. Иә, сонда бірімізде ұл болып, бірімізде қыз болса соларды кішкентайынан аттастырып, мың жылдық құда болайық деп келіскенбіз.

Ләйлә. Ал енді сол уәделеріңде неге тұрмадыңдар?

Жақан. Е, тағдыр деген бар емес пе. Ол адамның ойлағанындай болмайды ғой.

Ақан. Тергеу жұмыстары біткенше екеуміз бір камерада отырдық та, сот өтісімен екеуімізді екі бөлек түрмеге алып кетті. Содан бері бір бірімізден көз жазып қалдық.

Қатира. Жарайды, жиырма бес жыл өткесін бір-біріңді тапқандарың қайда жатыр. Біз де Ләйлә екеуіміз жиырма жылдан кейін табыстық. Бұл өзі бір үлкен мейрам.

Ләйлә. Онда не тұрыс бұл? Жүріңіздер, кездесуімізді тойлап тастайық.

Төртінші көрініс

Сол жер. Келесі күн. Жақан, Ләйлә және Егемен келеді.


Жақан. Жоқ, Егемен, сен әуелі тыңдап алшы! Ол менің ескі досым. Нағыз досым. Ал келіншегі мына шешеңнің құрбысы. Өздері сондай жақсы, жарқын адамдар. Ондай адамдардың қызы жаман болмас.

Егемен. (күледі) Папа, мен енді ол қызды жаман деп тұрған жоқпын ғой! Бейтаныс, ешқашан көрмеген адамды қалай жамандайын? Тек қана оның маған еш қажеті жоқ. (Жақан алақандарымен сандарын қағып қалып, Ләйләға «Сен бірдеңе десеңші!» дегендей қарайды)

Ләйлә. Егемен, сен олай деме. Біз сол қыздың шешесімен перзентханада бір бөлмеде жаттық. Бір күні босандық. Сол «бейтаныс, ешқашан көрмеген адам» деп тұрған қызбен сен бір бесікте қатар жатқансың. Сонда біз Қатира екеуіміз сендерді аттастырып қойғанбыз. Сондықтан енді екеуің бірге болуларың керек.

Егемен. Ой, мама! Сен өзі не деп тұрғаныңды білесің бе? Жиырма бірінші ғасырда қайдағы аттастыру-шатастыру?!

Ләйлә. Біз сендерді аттастырғанда әлі жиырмасыншы ғасыр-дың.

Егемен. (күледі) Жиырмасыншы! Әйтеуір он бесінші ғасыр болмағанына тәубе. (әке-шешесінің тағы бірдеңе айтуға ұмтылғанын көріп екі қолын көтере шегініп кетеді) Жо-жоқ! Әңгіме бітті! Мен кеттім. (кетіп бара жатып) Біліп қойғандарың жөн болар – менің қызым бар.

Жақан. Япырау, мына бала не дейді? Бұрын мұндай қыңырлығы жоқ еді ғой.

Ләйлә. Е, қазіргінің баласы бәрі осындай. (басын шайқайды) Ақыры көнбеді.

Жақан. (Егемен кеткен жаққа кереғар бағытқа көз тастап) Әне, құда мен құдағи келе жатыр. Жанында қызы бар. Өзі нендей сүйкімді еді!

Ләйлә. Енді не істедік? Ұят болды-ау!

Жақан. Иә, кіргізді мына балаң тірідей жер астына.

Ләйлә. (күйеуінің жеңінен тартып) Жүр, неғып тұрсың! Кетейік бұл жерден. Не бетімізді көрсетеміз құда мен құдағиға?


Екеуі кетеді. Ақан, Қатира және Тәуелсіз келеді.


Ақан. Жоқ, Тәуелсіз, сен әуелі тыңдап алшы. Ол менің ескі досым. Нағыз досым. Ал келіншегі мына шешеңнің құрбысы. Өздері сондай жақсы, жарқын адамдар. Ондай адамдардың ұлы жаман болмайды.

Тәуелсіз. (күледі) Папа, мен енді ол жігітті жаман деп тұрған жоқпын ғой! Бейтаныс, ешқашан көрмеген адамды қалай жамандайын? Тек қана оның маған еш қажеті жоқ. (Ақан алақандарымен сандарын қағып қалып, Қатираға «Сен бірдеңе десеңші!» дегендей қарайды)

Қатира. Тәуелсіз, сен олай деме. Біз сол жігіттің шешесімен перзентханада бір бөлмеде жаттық. Бір күні босандық. Сол, «бейтаныс, ешқашан көрмеген адам» деп тұрған жігітпен бір бесікте қатар жатқансың. Сонда біз Ләйлә екеуіміз сендерді аттастырып қойғанбыз. Сондықтан енді екеуің бірге болуларың керек.

Тәуелсіз. Ой, мама! Сен өзі не деп тұрғаныңды білесің бе? Жиырма бірінші ғасырда қайдағы аттастыру-баттастыру?!

Қатира. Біз сендерді аттастырғанда әлі жиырмасыншы ғасыр-дың.

Тәуелсіз. (күледі) Жиырмасыншы! Әйтеуір он бесінші ғасыр болмағанына тәубе. (әке-шешесінің тағы бірдеңе айтуға ұмтылғанын көріп екі қолын көтере шегініп кетеді) Жо-жоқ! Әңгіме бітті! Мен кеттім. (кетіп бара жатып) Біліп қойғандарың жөн болар – менің жігітім бар.

Ақан. Япырау, мына қыз не дейді? Бұрын мұндай қыңырлығы жоқ еді ғой.

Қатира. Е, қазіргінің баласы бәрі осындай. (басын шайқайды) Ақыры көнбеді.

Ақан. Жарайды, не тұрыс бұл? Кетейік. (жан-жағына қарап қойып) Абырой болғанда құда мен құдағи келген жоқ. Әйтпесе осы тұрған жерде жер астына кіріп кетуге болушы еді.


Екеуі кетеді. Біраз уақыт музыка ойнап тұрады. Сосын Егемен келеді. Оның қолында гүл шоғы бар. Бірақ осы жолы ол ескерткішке қоймай қолында ұстап тұр. Жан жағына қарайды, ешкім жоқ. Соткасын алып қоңырау шалайын дегенде Жәкен келеді.


Жәкен. Егемен, амансың ба? (оны құшақтап сүйгісі келеді, жігіт шегініп кетеді)

Егемен. Жо-жоқ! Жәкен, мен саған айтпап па едім – екеуіміздің арамызда енді ештеңе болмайды деп. Және бұрын да ештеңе болған жоқ.

Жәкен. Жарайды, мен бәрін түсіндім. Соткаңды бере тұршы, бір кісіге қоңырау шалайын. Өзімнің соткамның батареясы отырып қалыпты.


Егемен соткасын береді. Жәкен нөмір теріп со жерден кетеді. Егемен соңына ере бергенде қыз тоқтап оған бұрылады.


Жәкен. Егемен! Мен оңаша сөйлесейін деп едім. Маған сенбей тұрмысың? Жеп қоймаспын соткаңды, қайтарып беремін.


Егемен тұрып қалады да сосын орнына қайтып келеді. Жәкен кетеді. Сосын Сәкен келеді.


Сәкен. Ассаламу ғалейкүм!

Егемен. Уа ғалейкүм ассалам! (екеуі қол алысады)

Сәкен. Замандас, ана жерде сені бір қыз тосып отыр.

Егемен. Қандай қыз?

Сәкен. (Тәуелсізді сипаттайды)

Егемен. А! Ол Тәуелсіз ғой.

Сәкен. Иә, айтпақшы, Тәуелсізбін деген. Ескерткіштің жанында Егемен деген жігіт тұрса шақырып жібер деді.

Егемен. Иә, менің есімім Егемен. Ал Тәуелсіз қайда тұр? Мұнда неге келмейді?

Сәкен. Аялдамада отыр. Автобустан түсе бергенде аяғын ауыртып алыпты.

Егемен. А! (Сәкен көрсеткен жаққа жүгіре басып кетеді)

Сәкен. Бар, бар, табарсың енді Тәуелсізді.


Жәкен келеді. Оның қолында Егемендің соткасы.


Жәкен. Немене, кетті ме?

Сәкен. (күледі) Иә, өзі бір аңқау жігіт екен. Көлденеңді көк атты айтты деп жүгіре жөнелгені.

Жәкен. (Егеменді жамандағанын жақтырмай) Жарайды, өзіңе қарап ал, қу жігіт. Көреміз қазір сенің қызыңның аңқау емесін. (Тәуелсізге телефон шалады) Алло! Тәуелсіз?

Тәуелсіздің дауысы. Егемен! Сенбісің?

Жәкен. О тоба! Сен немене, жігіт пен қыздың дауысын айыра алмаймысың?

Тәуелсіздің дауысы. Сонда Егемен қайда?

Жәкен. Оны қайтесің?

Тәуелсіздің дауысы. Бұл соның соткасы емес пе?

Жәкен. Болса ше?

Тәуелсіздің дауысы. Ол өзі қайда? Сіз өзі кімсіз?

Жәкен. Мен бе? Мен оның қызы Жәкенмін.

Тәуелсіздің дауысы. Жәкен?

Жәкен. Иә, Жәкен. Әлде ол мен жөнінде ештеңе айтпап па еді?

Тәуелсіздің дауысы. Айтқан… бірақ… Ол өзі қайда? Сотканы өзіне беріңізші.

Жәкен. Егемен бе? Міне, қасымда тұр. Екеуіміз құшақтасып тұрмыз, сондықтан ол біздің әңгімемізді естіп тұр.

Тәуелсіздің дауысы. (шыдамы таусылғаны білінеді) Жәкен, өтінемін, соткасын өзіне беріңізші!

Жәкен. Жақсы, берейін. (Сәкенге сотканы беріп жатып) Мә, жаным, өзің сөйлесші бұл қызбен. Айтқан сөзге түсінбейді екен.

Сәкен. (Егеменнің дауысымен) Алло!

Тәуелсіздің дауысы. Егемен!

Сәкен. Иә, мен ғой.

Тәуелсіздің дауысы. Егемен, кешір, мен автобуста келе жатырмын. Ол кептеліске түсіп қалғаны.

Сәкен. Оны маған несіне айтасың? Енді сенімен болған оқиғалардың маған қажеті жоқ. Өйткені мен тек қана Жәкенді сүйетінімді түсіндім. Енді мені іздеме, қоңырау шалма. Мен сенің нөміріңді өшіріп тастаймын. Сау бол.

Тәуелсіздің дауысы. Егемен! Егемен! Не болып қалды? Кеше ғана мені сүйем деп едің ғой. Мен түк түсініп тұрған жоқпын.

Сәкен. Түсінбесең – енді түсінесің!


Сотканы сөндіріп Жәкенге қайтарып береді. Екеуі күледі.


Жәкен. (Егемен кеткен жаққа қарайды) Әне, Егемен жүгіре басып келеді. Жоғал енді.


Сәкен кетеді. Егемен келеді.


Егемен. Жәкен, бұ жерге бір қыз келген жоқ па? Соткамды берші.

Жәкен. (оны құшақтайын деп ұмтылады, бірақ жігіт оны жолатпайды) Мені сүй, сосын беремін.

Егемен. Жәкен, мен сені сүймеймін. Қалай сен түсінбейсің – мен басқа қызды сүйемін. Кәне, әкел соткамды.

Жәкен. Бермеймін.

Егемен. (қыздың қолындағы сотканы тартып алмақшы болып ұмтылады, қыз одан қашып орындықты айналып ұстатпайды) Жәкен, болды енді, жетеді! Менің сенімен ойнайтын уақытым жоқ.


Орындықтың үстінен секіріп өтіп қызды бассалады да соткасын тартып алады. Сосын Тәуелсіздің нөмірін теріп алып құлағына тосады. Жәкен не болады дегендей артынан қарап тұрады.


Егемен. Тәуелсіз!

Тәуелсіздің дауысы. Не керек енді саған? Қорлығың аз болды ма?!


Телефонның пипылдаған дыбысы естіледі. Жігіт тағы да нөмір тереді, сонда оператордың «Телефон сөндірулі» деген дауысы естіледі.


Егемен. Сөндіріп тастады! Япырау, сонда бұған не болды? Қайдағы қорлықты айтады? Түк түсінсем бұйырмасын!


Өзімен өзі күбірлесіп со жерден кетеді. Сәкен келеді.


Сәкен. Қалай болды?

Жәкен. Қатырдық әлгі Тәуелсізді! Сондай аңқау, сондай сенгіш болар ма!

Сәкен. (сүйген қызын жамандағанын жақтырмай) Жә, жә! Сен де сенер едің мынадай артист жігітіңнің дауысын келтіріп сөйлесе. (Егеменнің ақырғы сөздерін келтіріп қайталайды) Сөндіріп тастады! Япырау, сонда бұған не болды? Қайдағы қорлықты айтады? Түк түсінсем бұйырмасын!


Екеуі шаттана күледі де, бірінің алақанын бірі соғып жіберіп жан жаққа кетеді.


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | Следующая
  • 0 Оценок: 0


Популярные книги за неделю


Рекомендации