282 000 книг, 71 000 авторов


Электронная библиотека » Леонид Вариченко » » онлайн чтение - страница 23

Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"


  • Текст добавлен: 4 августа 2017, 13:20


Текущая страница: 23 (всего у книги 26 страниц)

Шрифт:
- 100% +
Үшінші көрініс

Қаһар ханның сарайы. Төрде екі үлкен тақ, олардан төмендеу жерде кішіректеу екі тақ тұр. Сарайдың іші бос, тірі жан жоқ. Кенеттен еденге төсеулі кілем көтеріліп, астынан қақпақ айқарыла ашылып, сыртқа Дүниязада шығады. Ол жан-жағына көз тастап, содан кейін еңкейіп өзі шыққан тесікке үңіледі.


Дүниязада. (бәсең дауыспен) Ханзадалар! Арлан! Шығыңдар, ешкім жоқ.


Ханзадалар мен Арлан бірінен соң бірі сыртқа шығып, жан-жаққа көз жүгіртеді. Дүниязада қақпақты орнына қойып үстіндегі кілемді қалыпына келтіреді.


Айзада. Бұл қай жер?

Дүниязада. Бұл әйгілі Қаһар ханның сарайы. Бізің жаңағы жер астымен келген жолымыз – астыртын жағдайда сарайдан қашып шығу үшін салынған жол. Бұл жолды тек ханның отбасының мүшелері ғана біледі.

Жұлдыззада. Ал сен оны қайдан біліп қойдың?

Дүниязада. (жүзін бұрып әкетіп) Мен көп нәрсені білемін. Жердің үстіндегіні де, астындағыны да.

Айзада. Солай ма?! Онда айтшы – Қаһар ханның қызы үшін сайысқа көп ханзадалар қатыса ма?

Жұлдыззада. Иә-иә, соны айтшы! Және солардың ішінде бізге қауіп төндірері бар ма?

Дүниязада. Жер бетінде кім көп – ханзада көп, олардың қайсысы сайысқа қатысатынын, қайсысы қатыспайтынын білмеймін. Бірақ Қаһар ханның қызына құда түсіп жүргендердің арасында біреуі бар, өзі алпамсадай, білегі берік, найзасы сойталдай, шоқпары адам басындай, семсері қылшылдап тұр. Ал өзі мейірім мен рақымнан жұрдай.

Ханзадалар. (жарыса сөйлейді) Кім ол, кім?! Кім деген ханзада?

Дүниязада. Ол түнерген түн асты елінің ханзадасы Түнзада. Ол қарсыласына қайырым жасамайды, сондықтан, сайысқа түсер алдында ойланыңдар. Оның қолынан мерт боласыңдар, айтпады демеңдер. Және Қаһар ханның қызы сол үшін өз өмірлеріңе қауіп төндіретіндей жан емес. Мінезі жаман, тәрбиесіз өскен, мәдениетсіз дарақы қыз.

Айзада. (қарқылдап күледі) Ха-ха-ха! Өй! Сен де соғып жібереді екенсің! Ханның қызы жаман болушы ма еді! Әсіресе ол қыз жарты хандық мүлкімен бірге ұзатылса. Мен сайысқа түсемін, ханшайымды, Қаһар ханның жарты хандығымен бірге ұтып аламын. Әлгі Түнзадаңды мына найзамның ұшына қонжитпасам Айзада атым мүлдем өшсін! (Арланның қолынан найзасын жұлып алып, Түнзаданы түйреп алғандай шошаңдатады)

Жұлдыззада. Дұрыс айтасың! Егер ханшайым жаман болса оған қоса хан жарты хандығын берер ме еді. Мен де сайысқа түсемін, ханның қызы мен жарты хандығын ұтып аламын. Түнзада ма, Мұңзада ма, кім боса о болсын – мына шоқпарыммен басының мылжа-мылжасын шығарамын! (Арланнан шоқпарын алып шыр көбелек айналдырып шошаңдатады)

Дүниязада. Еріктерің өздеріңде – сол жаман қызға бола бастарыңды бәйгеге тігетін екенсіңдер – жол болсын. Тек бір айтарым – ханның жарты мүлкі болмағанда ол қыздың өту-өтпеуі неғайбыл.

Арлан. Ал мен болсам, Қаһар ханның қызы үшін сайысқа түспес едім. Мен… мен…

Айзада. Ей, атқосшы! Жөніңді біл! Сен үшін бұл жерде сөз қозғаудың да қажеті жоқ. Ұмытпа – сен тек ханзадалардың атқосшысың.

Жұлдыззада. Иә, орныңды біл! Ұмыттың ба – сайысқа біз тәрізді хан текті төрелер ғана қатысады.


Арлан бірдеңе айтқысы келеді, бірақ осы жерде Дүниязада терезені ашып жібереді де сырттан халықтың шуласқан дауыстары естіледі.


Уәзірдің дауысы. Оу, халайық, халайық! Тынышталыңдар! Аса мәртебелі, жер бетінде теңдесі жоқ, ең дәулетті, ең әулетті Қаһар ханның жарлығы бойынша ай мен күндей сұлу ханшайымның қолы үшін сайыс жүріп жатыр. Әзірше аман келе жатқан түн асты елінің ханзадасы Түнзада. Ол бірсыпыра қарсыластарын о дүниеге аттандырып үлгерді. Естеріңе салайын – сайысқа қатысушылардың жекпе-жек шайқасы үш кезеңнен тұрады. Екі кезеңдегі қару-жарақты олар өзара келісіп таңдайды. Егер осы екі кезеңнен сайыскерлер аман шығып итжығыс болса, үшінші кезеңде олар еш қарусыз белдесіп күреседі. Кімнің жамбасы жерге тиеді – сол ұтылды деп саналады да сайыстан шығып қалады. Жеңгені келесі сайыскермен шайқасады. Сөйтіп, ақыры бүкіл сайыстың жеңімпазы анықталады. Яғни, соған ханның қызы мен жарты хандығы бұйырады. Ал, енді түн асты елінің ханзадасы Түнзадамен жекпе-жекке шығу кезегі мұхит жағалауындағы елдің ханзадасы Мұхитзадаға бұйырды.


Ханзадалар ортаға шығып халықтың оларды хошеметтеп шуласқан дауыстары естіледі.


Уәзірдің дауысы. Ханзадалар дайын ба?

Түнзаданың гүжілдеген дауысы. Атақты түн асты елінің ханзадасы Түнзада қарсыласының басын допша домалатуға дайын!

Мұхитзаданың дауысы. Мұхит жағалауындағы елдің ханзадасы Мұхитзада қарсыласының басын алуға дайын!

Уәзірдің дауысы. Онда бастаңдар!


Гонг дыбысы шығысымен Түнзаданың «Түнерген түн!» деп, Мұхитзаданың «Толқыған мұхит!» деп ұрандаған дауыстары естіледі де ханзадалардың семсерлері бір біріне қайралып шақыр-шұқыр етеді.


Айзада. Сайыс жүріп жатыр. Мен кеттім. Дүниязада, сыртқа қалай шығуға болады? (қару-жарағын түзеп орнынан қозғалады)

Дүниязада. Әне, ана есік арқылы шығасың. (Айзада кетеді)

Жұлдыззада. Иә, мен де кеттім. Атқосшы-еке, Дүниязаданы саған тапсырдық!

Дүниязада. Ал, ханзадалар, сендерге сәт тілейміз.

Арлан. Иә, және бір-біріңізбен шайқасатын болсаңыздар мейірімді болыңыздар.


Ханзадалар бас изесіп кетеді.


Арлан. Ал біз не істейміз?

Дүниязада. Сен осы жерде тұра тұр, мен қазір келемін. Тек осы жерден ешқайда кетпе, жарай ма?

Арлан. Жарайды, кетпейін. Ал саған жол болсын?

Дүниязада. Қазір өзің бәрін көресің, тек сәл шыдай тұр. (кетеді)

Арлан. (жалғыз қалысымен сарайдың ішінде ерсілі-қарсылы жүріп көрермендерге бұрылып өзімен өзі сөйлеседі) Міне, ойынның мәресіне де жетіп қалдым, ал бірақ ең басты сайысқа қатыса алмаймын. Өйткені, Қаһар ханның қызы мен жарты хандығы үшін сайысқа тек хан текті төрелер, сұлтандар мен ханзадалар ғана қатыса алады. Және әлгі Дүниязада бейнелеген дарақы қыз үшін өз өміріме қауіп төндіргім келмейді. (пауза) Сонда не? Мен ойынымды аяқтамай жатып ұтылғаным ба? (сыртта өтіп жатқан сайысқа қатысқан ханзадалардың ышқынғаны, жұрттың кеукеулеп шуласқан дауыстары сәл ғана білініп тұрады, Арлан бір мезетте құлағын түріп, терезеге жақындап келіп сыртқа көз тастайды)

Уәзірдің дауысы. Түн асты елінің ханзадасы Түнзада тағы бір қарсыласын жеңді. Мұхит жағалауы елінің ханзадасы Мұхитзада оның қолынан мерт болды. Ендігі кезек ай асты елінің ханзадасы Айзадаға келді! Сайыскерлер шайқасқа дайын ба?

Түнзаданың гүжілдеген дауысы. Түнзада тағы бір қарсыласының басын допша домалатып түсіруге дайын!

Айзаданың шіңкілдеген дауысы. Айзаданың найзасы қарсыласын түйреп көтеруге әрдайым даяр!

Уәзірдің дауысы. Онда бастаңдар!


Түнзада «Түнерген түн!» деп, Айзада «Туған ай!» деп ұрандап шайқаса кетеді де, тағы да қарудың тарс-тұрс дыбысы естіледі. Арлан шайқас немен тынады екен деп терезеден қарап тұрады.


Арлан. (халықтың гу еткен дауысы естілісімен екі қолымен басын ұстай алады) Ой-бу! Біреуді найзаңмен көкке көтерем деп жүргенде, кеттің-ау өзің біреудің найзасының ұшында, Шопан достым!

Сырттан естілген дауыстар. Жаса Түнзада! Жаса! Тағы бір ханзаданы мерт қылдың!

Арлан. (өңі бұзылып кетіп, терезеден шегініп сарайдың ішін кезіп кетеді) Әй, Шопан-ай, Шопан! Қалай ғана сен мына алпамсадай Түнзаданы жеңем деп ойладың, ә? Әй Айзада-ай, Айзада!


Дүниязада қайтып келеді. Оның үстінде жарқыраған, алтын мен күміспен әрленген ханшайымның киімі, басындағы сәукелесі маржан моншақпен әшекейленген, құлақтарында алтын сырға, саусақтарында асыл тасты алтын жүзіктер.


Дүниязада. «Айзада» дедің бе? Оған не болды?

Арлан. (аң-таң) О-о! Сіз кім… сіз кім боласыз?.. (тесірейіп қарап тұрып таниды) Дүниязада?! Сенбісің?

Дүниязада. Мен ғой. (терезе жақты нұсқап) Айзадаға не болды? Аман ба өзі?

Арлан. О Тәңірім! Танымай қалдым ғой! Мынадай киім! Мынадай асыл тастар!

Дүниязада. (үні қатал шығады) Айзадаға не болды деймін?!

Арлан. Айзадамыз мерт болды. Түнзаданы найзаға түйіремін деп жүргенде, өзі оның найзасына тап болды.

Дүниязада. М-м… солай болды де. Ал Жұлдыззада ше? Ол аман ба?

Арлан. Әзірше аман көрінеді. Айзаданың өлімінен кейін сайыстан бас тартатын шығар. Ана Түнзадаң алпамсадай дәу ғой. Есі дұрыс адам оған қарсы шықпас. (Дүниязаданың жанына келіп оны айналып жүріп үстіндегі киімін тамашалайды) Дүниязада, мына жарқыраған асыл киімді қайдан алдың, ә?

Дүниязада. Ойланып көрші – қайдан алуым мүмкін? Ақылды, тапқыр жігіт едің ғой.

Арлан. (бір уақыт ойланады) Сен… мен бірдеңе білсем, сен, Дүниязада, Қаһар ханның қызысың.

Дүниязада. Бәрекелді! Сен шынында да тапқыр жігіт екенсің! Енді еш күмәнім қалмады.

Арлан. Сонда… сонда әлгі жер жүзіне жар салып ұзатып жатқан қыз – сенің сіңлің бе?

Дүниязада. (бетін тыржың еткізіп айналып кетеді) Мен ол саппасты сіңлім деуге ауызым бармайды. Ол менің өгей шешемнің қызы. Сол қызы үшін өгей шешем мені сиқырлап қаңғыртып жіберді. Ол болмағанда ханзадалар қазір мен үшін сайысқа түсіп әбігер болып жатушы еді.

Арлан. М-м… енді бәрі түсінікті болды. Сонда сен не істемексің?

Дүниязада. Мен не істемекпін?.. Мен не істемекпін?! Өзің ойлашы – менің қолымда не бар?! (басындағы сәукелесін шешіп лақтырып тастайды да мүйіздерін шап беріп жұлқылайды) Мына мүйіздер болмаса бір сәрі, ханзадалары құрысын, сен сияқты бір қарапайым саудагерге еріп кете барар едім. Ханзадалардың келіп құда түскенін де қаламас едім. Жаңағы Айзада мен Жұлдыззаданың біреуі маған ғашық болып мүйіздерден арылта ма деп үміттеніп едім, оларға ханшайым емес, ханның жарты хандығы қажет болды-ау деймін. Ал мына түріммен мен кімге керекпін, а?! (кіші тақтардың біріне отыра кетеді, бетін басып солқылдап жылайды)

Арлан. (жерде жатқан сәукелені көтеріп, қыздың жанына келіп басына кигізеді, арқасын сипап жұбатады) Жылама, Дүниязада. Мен енді не істеу керегін түсіндім.

Дүниязада. (өксігін басып, көз жасын сүртіп Арланға қарайды) Сен? Не істемексің сен? Сенің қолыңнан не келмек?

Арлан. Иә, мен енді түсіндім, не істеу керегін. Мен Қаһар ханның қызы үшін сайысқа түсемін. Маған енді басқа жол жоқ. Маған сайысқа түсіп әлгі алпамсадай Түнзаданы жеңіп шығу керек.

Дүниязада. (Арланға таңырқай қарайды) Түнзаданы жеңіп шығамын деймісің? Арлан, жаңа ғана өзің айтпап па едің: «Есі дұрыс адам оған қарсы шықпас» деп.

Арлан. Иә, солай дегем. Бірақ сол кезде мен не істейтінімді білген жоқ едім. Ал енді білемін. Және, ол ханзаданы күшпен емес, айламен ғана жеңуге болады. Тек айламен, шапшаңдық пен ептілікпен оның жамбасын жерге тигізуге болады. Және менің бір артықшылығым бар.

Дүниязада. Ол нендей артықшылық?

Арлан. Ол әзірше құпия, оны кезінде көресің.

Дүниязада. Иә, әр нәрсенің өзінің ебі болады. Және әр адамның осал тұстары мен артықшылығы болады, соларды дұрыс пайдалана білу керек. Жарайды, сайысқа түссең түс. Мүмкін солай дұрыс та болар. Сонау жерден бейнеттеніп келіп қалай құр кетпексің? Ал сіңлім… (киімін түзеген болып бұрылып кетеді) мүмкін онымен тіл табысып та кетерсің. Кім біледі…

Арлан. Жоқ, мен ол сіңліңмен тіл табыса алмаспын. Бірақ сайысқа түсуім керек. (үстіндегі киіміне қарайды) Алайда, мына киіммен мені сайыстың маңына да жолатпайды. Дүниязада, сен маған осы сарайдан дені дұрыс киім мен қару-жарақ тауып бере аласың ба?

Дүниязада. (жалт бұрылады) А! Ия! Тоқтай тұр, осы жерден кетпе, мен қазір келемін. (шығып кетеді)

Арлан. (тағы да ерсілі-қарсылы жүріп кетеді де, сырттан жұрттың даурыққан дауыстарын естіп терезге жақындап сайыс өтіп жатқан алаңға көз тастайды) О! Енді Түнзадаға қарсы шайқасқа Жұлдыззада шықты! Әй, ханзадам-ай, бекер, бекер сен солай істедің! Бұл алпамсаны күшпен жеңу мүмкін емес.

Уәзірдің дауысы. Енді біздің атақты Түнзадамен шайқасқа жұлдыз асты елінің ханзадасы Жұлдыззада шығады! Сайыскерлер дайын ба?

Түнзаданың гүжілдеген дауысы. Атақты Түнзада ақырғы қарсыласының басын допша домалатып түсіруге дайын!

Жұлдыззаданың шаңқылдаған дауысы. Жұлдыззаданың шоқпары қарсыласының басының мылжа-мылжасын шығаруға даяр!

Уәзірдің дауысы. Ал онда бастаңдар!


Тағы да Түнзада «Түнерген түн!» деп, Жұлдыззада «Жарқыраған жұлдыз!» деп ұрандайды да шартпа-шұрт шайқастың басталып кеткені естіледі. Түнзаданың гүжілдеген дауысы Жұлдыззаданың шаңқылдағанымен алма-кезек ауысып оларға жұрттың шуылы қосылады. Арлан қозғалмастан шайқастың немен тынарын күтіп тұрады.


Арлан. (кенеттен бойын түзеп серпіледі) Ах! Дихан-ай, Дихан! Түнзаданың басының мылжасын шығарамын деп жүргенде өз басыңның мипалауға айналғанын білмей қалдың-ау! Әй, Жұлдыззада-ай, Жұлдыззада!

Жеке дауыстар. Әй жарайсың, Түнзада! Ақырғы ханзаданың түбіне жеттің! Қаһар ханның күйеу баласы болдың! Қызына қоса жарты хандығына ие болдың! Жаса Түнзада! Жасасын Қаһар ханның күйеу баласы!


Арлан. (халық тым шуласып кеткенсоң терезені жауып тастап залға бұрылады да өзімен өзі сөйлеп кетеді) Иә, Арлан, ойлан! Әбден ойлан! Бұл Түнзаданы жеңу оңайға түспес! Ана екі ханзада да осал жау емес-ті, ал бұл алпамса олардың көзін ойнап жүріп ағызды. Мүмкін сайысқа кіріспеген дұрыс болар, а? (пауза) Ал, онда Дүниязада не болмақшы? Оны осы қалыпта, мүйіздерін қарағайдай қайқайтып қалай қалтырмақсың? Және де ойынның мәресіне жақындап келіп, қалай шегініп кетесің? Не үшін онда оны бейнеттеніп құрастырдың? Қаншама уақыт компьютердің алдында көзіңнің нұрын кетіріп отырдың ғой. Неше рет тәтеңнен сол үшін сөз естідің. Неше күн аштан-аш жүріп ойындардың дискілерін сатып алдың. Не үшін сол бейнеттің барлығы? Жоқ, олай болмас! Мен ойынның мәресіне жетіп жеңіп шығуым керек! Басқа жол жоқ! Тәуекел!


Дүниязада қайтып келеді, қолында ханзадаға лайық киім, алтын жалатқан сауыт-сайман, қару-жарақ. Алтын түсті дулығаның маңдайшасына жарқыраған күн орнатылған, шағын дөңгелек қалқанда да сол күннің белгісі. Жүзі жарқыраған айбалтаны таққа сүйеп қояды. Қыз осының барлығын мана өзі отырған кіші таққа қойып, Арланға қарап терезе жақты нұсқайды.


Дүниязада. Сыртта не болды? Сайыс аяқталды ма?

Арлан. Аяқталды. Тағы бір ханзаданың басының мылжа-мылжасы шықты.

Дүниязада. Ол қай ханзаданың басы? Жұлдыззаданың басы болып жүрмесін?..

Арлан. Иә, Дүниязада, екінші ханзадамыздан да айырылдық. Сайыс аяқталды, Түнзада бүкіл үміткерлердің үмітін құм қылды. Тек ақырғы үміткер үмітін үзетін емес.

Дүниязада. Арлан…

Арлан. Не? Мына киім мен қару-жарақ маған ба?

Дүниязада. Иә. Арлан, енді сен күн асты елінің ханзадасы Күнзада боласың. Бірақ…

Арлан. (ханшайымның ұсынған киімдерінің ішінен маңдайшасында жарқыраған күні бар дулығаны алып басына киеді) Күнзада деймісің?

Дүниязада. Иә, Күнзада. Бұл өзі соған арнап тігілген киім еді, соған арнап дайындалған сауыт-сайман еді, соған арнап соғылған қару-жарақ еді. Тек қана сол ханзада келмей қалды. Қанша тостым – келмеді.

Арлан. Неліктен келмеді екен ол ханзада?

Дүниязада. Кім білсін? Мүмкін жер жүзін кезіп жүріп өзін осында сарғайып тосып отырған жан бар екенін білмеген де шығар. Мүмкін ондай ханзада жер бетінде жоқ та шығар… кім білсін?

Арлан. (ханзаданың киімін киіп жатып, сауыт-сайманы мен қару-жарағын асынып жатып, өзінің бір ойына шомып кетіп қыздың сөзінің астарында не жатқанын сезбейді) Дүниязада, сөзің жұмбақтанып кетті ғой. Жер жүзін кезіп жүрген ханзада содан кейін жер бетінде болмай шығуы мүмкін бе?

Дүниязада. Иә, мүмкін. Егер ол ханзада тек қана біреудің қиялында жер жүзін кезіп жүрсе…

Арлан. Түсінбедім. Кімнің қиялында?

Дүниязада. Арлан, сенің ойың басқа жерде-ау деймін. Меніңше, сенің есі-дертің әлгі алпамсадай Түнзадамен болатын шайқаста. Олай болмағанда сен мені бірден түсінер едің.

Арлан. (қызға тесірейіп қарап тұрып) Иә, Дүниязада, сен дәл айттың – менің есі дертім келешек шайқаста. Ал мен сенің жұмбағыңды енді түсіндім. Күнзада – тек сенің қиялыңдағы ханзада.

Дүниязада. Иә, Арлан, сен өте ақылды жігітсің. Әттең, тегің төре емес. Мен осы Күнзаданы ойлап таптым, ол менің арманым еді. Мен оны көп тостым, тоса-тоса сарғайдым. Әйтеуір бір келетін шығар деп сол үшін осы асыл киім тіктім, сауыт-сайман дайындатқыздым, қару-жарақ соққыздым. Бірақ ол со бойы келмей қалды.

Арлан. Жоқ Дүниязада! Ол келді! Кешіксе де келді сенің Күнзадаң! (киімін толық киіп, сауыт-сайманы мен қару-жарағын асынып болып, бойын түзеп қыздың алдына келіп тұрады) Сенің қиялыңда туған ханзадаң алдыңда тұр.

Дүниязада. (жақындап келіп Арланның алдына тоқтайды да бір мезет екеуі бір-біріне үнсіз қарасып тұрады) Арлан…

Арлан. Енді баяғы атқосшы Арлан жоқ, енді күн асты елінің ханзадасы Күнзада бар. Ол Қаһар ханның қызы үшін сайысқа аттанайын деп тұр.

Дүниязада. Күнзада, бармашы! Қойшы, қайтесің сол жаман ханның хаман қызын. Ол жерде сен ешқашан бақыт таба алмайсың. Байлық пен атақ жүрген жерде бақыт болмайды, оны мен баяғыда түсінгем. Бақытсыз өмір кешіп хан сарайында тұрғанша, бақытты болып өмір бақи кедейдің қара қосында отырғаның артық. (Арланның бір қолынан ұстап едендегі есікке қарай тартады) Арлан! Жүр, кеттік! Бұл алтын жалатқан сарайда біз сияқты жандарға орын жоқ! Жүр, кеттік! Мен енді түсіндім – маған ханзаданың еш керегі жоқ. Маған өзің сияқты қарапайып болса да ақылды, тапқыр және сезімтал жігіт керек. Жүр, кетейік! Келген ізімізбен сол кең әлемге қайтайық, саяхат құрайық, жер көрейік, сосын әлемнің бір пұшпағында кедейдің қара шаңырағын көтерейік. Сен аң аулайсың, мал өсіресің, сауда жасайсың, мен үй шаруасымен айналысамын, алтын-күміссіз де, асыл тассыз да, ханның жарты мүлкісіз да бақытты өмір сүреміз.

Арлан. (тұрған орнынан қозғалмайды, қолын қыздың қолынан босатып алады) Жоқ, Дүниязада! Мен әлгі жаман ханның жақсы қызы үшін сайысқа түсуім керек, сол үшін қасық қаным қалғанша шайқасуым керек. Онсыз осы елден кетпеймін.


Дүниязада бір уақыт тұрады да, үнсіз басын изеп теріс бұрылып кетеді. Көз жасын сүртіп бара жатады.


Арлан. (қыздың соңынан ұмтылып, иығынан тартып өзіне қаратады) Дүниязада! Жылама! Мен әлгі сенің дарақы сіңлің үшін шайқасайын деп тұрған жоқпын.

Дүниязада. (жылап тұрып сөйлейді) Онда кім үшін? Кім үшін?! Мен сені түсінбедім, Арлан!

Арлан. Өзің ойлашы, Дүниязада! Ақылды, тапқыр қыз едің ғой! Қаһар ханның басқа да қызы бар емес пе еді.

Дүниязада. (қуанып кетіп жігітті бас салады) Шын ба?! Сен мен үшін Түнзадамен шайқасайын деп тұрсың ба, Арлан?

Арлан. Түнзадамен шайқасқа атқосшы Арлан емес, күн асты елінің ханзадасы Күнзада шығайын деп тұр! Ұмытыпа, менің ақылды ханшайымым!


Осы жерде үлкен қақпа айқарылып ашылады да сарайға ханның уәзірі кіреді. Арлан мен Дүниязада жасырынады.


Уәзір. Аса мәртебелі, дүние жүзіндегі ең күшті, ең бай, ең әулетті де дәулетті Қаһар хан мен оның аса мәртебелі бәйбішесі Қамал ханшаханым! Және ай мен күндей сұлу Салтанат ханшайым мен кішкентай мұрагер ханзада Манат! Және ханымыздың жаңа күйеу баласы, түн асты елінің ханзадасы Түнзада!


Уәзір иіліп тағзым етеді де жол беріп ығысады. Қаһар хан, оның жанында Қамал ханшаханым, олардан кейін Салтанат ханшайым мен Түнзада, олардың соңында тәрбиеші әйелдің жетегінде Манат ханзада келеді. Қаһарды Жапарды ойнайтын актер, Қамалды – Самалды ойнайтын актриса, Салтанатты – Жанатты ойнайтын актриса, Манатты – Қанаттың рөлін атқаратын актер, тәрбиеші әйелді Мәриәм мұғалиманың рөлін атқаратын актриса ойнайды. Хан мен ханшаханым үлкен тақтарға, ал ханшайым мен мұрагер ханзада кішірек тақтарға жайғасады. Түнзада Салтанат ханшайымның жанына тоқтайды, ал тәрбиеші әйел Манат ханзаданың тағының жанына келіп тұрады. Хан отбасының мүшелерінен кейін сарайға ақ сәлделі хазіреті молда, нөкерлер, меймандар, түрлі-түрлі киім киген шетел елшілері келеді. Нөкерлер тақтарды қоршап тұра қалады, ал меймандар мен елшілер сахнаның алдыңғы жағына, жүздерін тақта отырғандарға қаратып тұрады. Күнзада мен Дүниязада жасырынған жерінен шығып меймандармен араласып кетеді.


Уәзір. (ортаға шығып) Оу, халайық! Біздің теңдесі жоқ Қаһар ханымыздың жарлығы бойынша өткізілген сайыс аяқталды. Сайыстың жеңімпазы, түн асты елінің ханзадасы Түнзадаға ай мен күндей сұлу Салтанат ханшайыммен бірге жарты хандықтың жерлері мен дүниесі табыс етіледі. (ханға иіліп тағзым етіп шегініп кетеді)

Қаһар. Салтанат! Түнзада! Шығыңдар ортаға! Хазіреті молдамыз да шықсын, осы жерде екі жастың некесі қиылсын.

Күнзада. (меймандардың арт жағынан айқай салады) Дат, тақсыр! (халық гу етіп жалт қарасады)

Қаһар. (қабағын түйіп дауыс шыққан жаққа қарайды, ханшаханым елең етеді, және осы жерде жұрт жым болып сарайдың іші тыныштыққа бөленеді) Әй! Кім өзі бұл салтанатты отырыстың шырқын бұзған?

Күнзада. Мен – күн асты елінің ханзадасы Күнзада!


Меймандар тобы қақ жарылып Күнзадаға жол береді. Ол тақта отырғандардың алдына жақындай бере ханға тағзым ету үшін бір тізесін бүге бастайды да кенеттен бойын түзеп алады.


Күнзада. Папа?! (ханға қарай ұмтылады, бірақ алдында тұрған нөкерлер найзаларын айқастырып жолын бөгейді) Папа!

Марио. (әдеттегідей авансценамен жүгіріп өтеді) Арлан! Есіңді жи! Бұл сенің әкең емес! Сен ойын ішінде жүргеніңді ұмыттың ба?!

Қаһар. Астафиралла! Мені! – мұсылман елінің ханын, шоқынған насаралардың басшысы Папаға теңеген бұл нендей бейбақ?! (нөкерлеріне) Ұстаңдар! Матаңдар! Әкетіңдер! Тапсырыңдар жендетімнің қолына! Алсын басын!


Нөкерлер Арланның қолдарын қайырып кісендейді.


Күнзада. Дат тақсыр! Сіз дұрыс естімедіңіз. Мен сізге папа деген жоқпын. Мен бата дедім, сізден бата тіледім.

Қаһар. Қайдағы бата?

Күнзада. Тұңғыш қызыңыз, Дүниязада сізге сәлем айтты! Сол сіздің батаңызды ал деген.

Қамал. (орнынан атып тұрады) Өтірік! Бұл анық өтірік! Ханның тұңғыш қызы жоқ, ол баяғыда өлген!

Қаһар. (Күнзаданы қақпа жаққа сүйрей жөнелген нөкерлеріне) Тоқтаңдар! Босатыңдар! Бұл жігіт менің тұңғыш қызым Дүниязада жөнінде жақсы хабар әкелген көрінеді. (нөкерлер Күнзаданың қолдарын босатып ханның алдына алып келеді) Ия, сөйле, екі құлағым сенде – Дүниязаданы қайда көрдің?

Күнзада. Біз бір ну орманның қақ ортасында кездестік. Менің сіздің жарлығыңыз бойынша өткізілетін сайысқа бара жатқанымды естіп сәлем айта бар деп өтінді. Және хан әкемнің батасын ал деді.

Қаһар. Өзі аман-сау ма?

Күнзада. Аллаға шүкір, аман!

Қамал. (беті аппақ қудай болып кетеді) Ия, сосын не болды? Не деді ол?

Күнзада. Сізге сәлем айтты. «Мен өзіме ғашық болған ханзада тауып алдым, енді жақын арада үйге оралам», – деді.

Қамал. М-м… солай ма…

Қаһар. Жігітім, сен жақсы хабар әкелдің. Өлді деген қызымды тірілттің. Сүйіншіге не сұрайсың?

Күнзада. Ештен кеш жақсы демекші, сіздің қызыңыз бен жарты хандығыңыз үшін сайысқа қатысуға рұқсат етіңіз.

Қамал. (тағы да орнынан атып тұрады) Жоқ, болмайды! Сайыс аяқталды, жеңімпаз анықталды. Кеш қалдың, жігітім!

Қаһар. (қолын көтеріп шуласып кеткен меймандарды тәртіпке шақырады) Тынышталыңдар! (Қамалға) Сәл кешіккені айып емес – оның есесіне жақсы хабар әкелді. Және біз әлі Түнзада мен Салтанаттың некесін қиған жоқпыз, жарты хандықты растайтын құжат жазған жоқпыз. Сондықтан рұқсат беремін – бұл ханзада да бағын сынап көрсін. Түнзада! Тағы бір үміткермен шайқасқа шығасың ба?

Түнзада. (ілгері шығады) Неге шықпайын? Егер бұл жаман неме о дүниеге аттануға үміттеніп тұрса, барсын, үзбейін үмітін. (қарқылдап күледі, тұрған жұрт оған қосылады, бірақ хан тағы қолын көтеріп күлкіні басады)

Қаһар. (Күнзадаға) Ал, Күнзада, мына Түнзадамен шайқасуға жүрегің дуаламай ма?

Күнзада. Иә, тақсыр, мен шайқасқа дайынмын.

Қаһар. Бәрекелді! (меймандарға) Ал, неғып тұрсыңдар?! Сайыскерлерге орын босатыңдар.


Ортадан босаған орынға Түнзадамен Күнзада шығып бір-біріне қарама-қарсы келіп тоқтайды.


Уәзір. Хан-иемнің теңдесі жоқ қызы мен хандықтың қақ жартысына таласқан сайыскерлер түн асты елінің ханзадасы Түнзада мен күн асты елдің ханзадасы Күнзада. Ханзадалар дайын ба?

Түнзада. (семсерін жарқылдатып) Атақты Түнзада тағы бір соры айдап әкелген қарсыласының басын допша домалатуға дайын.

Күнзада. (қарусыз қолын көтеріп) Атағым шықпаса да қарсыласымның жамбасын жерге тигізуге дайынмын. Оның басын алып қайтейін – бір өзіме бір бас жеткілікті!

Уәзір. Бәрекелді! Онда бастаңдар!


Түнзада «Түнерген түн!» деп ұрандап ілгері ұмтылады. Оның семсері жарқ-жұрқ етіп Күнзадаға төнеді, ал ол «Күншуақ!» деп ұрандап, семсерін жалаңаштап қарсыласады.


Марио. (авансценамен жүгіріп өтіп айқайлайды) Арлан! Сенде қазір үш өмір бар, сонда да абайла – Түнзада фехтованиені әбден игеріп алған!


Күнзада қарсыласып бағады, бірақ Түнзада оның қылышын қағып жіберіп, мойнын тіліп жібіреді. Халық шу етіп, жерге құлап түскен Күнзаданы қоршап алады. Түнзада семсерін қынабына салып, белінен ағытып атқосшысына береді де тақта отырғандарға қарай беттей бергенде қоршап тұрған топты жарып сап-сау Күнзада шыға келеді. Оның қолына Дүниязада айбалтаны ұстатады.


Қамал. (орынан атып тұрып айқайға салады) Сиқыр! Анық сиқыр! Нөкерлер! Матаңдар, байлаңдар мынаны!

Қаһар. (Күнзадаға ұмтылған нөкерлерін тоқтатып қолын көтереді) Тоқаңдар! Тиіспеңдер, жекпе-жек жалғассын!

Түнзада. (төніп келе жатқан қарсыласына бұрылып бір сәт таңырқап тұрып қалады) Ә?! Бұның мойынын жаңа ғана қиып түсірмеп пе едім?!


Сөйтіп Түнзада да атқосшысы ұсынған айбалтасын алып Арланға қарсы шығады. Екі айбалта бір-біріне соғылған кезде Күнзаданың қаруы қолынан ұшып түседі де Түнзада оны шауып құлатады. Халық тағы да шуласып Күнзаданы қоршап алады. Бірақ көп ұзамай ол тағы да топтың ішінен аман-сау шығады.


Түнзада. (қарсыласының шаруасы бітті дегендей айбалтасын атқосшысына қайтарып береді де ханға бұрылады) Тақсыр, енді қандай сиқыры болса да жатқан жерінен тұрмайды! Менің айбалтам тиген жетін жайратып тастайды.

Қаһар. (Күнзаданың Түнзадаға ұмтылғанын көріп) Асықпа, ардақты ханзадам. Қарсыласың сап-сау, аман-есен.

Түнзада. (Күнзадаға бұрылады, жүзінде абыржу нышаны пайда болған) Әй! Мынау адам емес – шынында да сиқырлы жын екен.

Күнзада. Ешқандай сиқыр жоқ – мен дәл өзіңдей адам баласымын. Тек бір айырмашылығым – мен сен сияқты біреудің жанын алуға әуес емеспін. Сондықтан періштелер мені әрдайым қорғап жүреді. Ал, енді кел, бел байласып ұстасайық. Қазақша күресте күш салыстырайық.


Күнзада сауыт-сайманын шешіп күреске ыңғайланады, Дүниязаданың топтың арасынан берген аппақ орамалын беліне байлайды, ал Түнзада өзінің беліне Салтанат ханшайым берген қап-қара орамалды байлайды..


Марио. (әдеттегідей авансценамен жүгіріп өтіп ескерту жасайды) Арлан, абай бол! Бұл гүжбанның қолына түсуші болма – екі бүктеп бел омыртқаңды сындырады!

Уәзір. (қолын сермеп қалып) Бастаңдар!


Гонг дыбысы шығысымен Түнзада сүзеген бұқадай қарсыласына ұмтылады, оны ұстап алам деп қолдарымен қармайды, бірақ Күнзада шапшаң да епті, шыр көбелек айналып Түнзаданың әр жер-әр жерлерінен тартып жұлқылайды. Сарайда тұрғандар дымдарын ішіне тартып күрестің немен бітетінін тосып, сайыскерлердің әр қимылын аңдып, Түнзада қолын қармаған сайын «ах!» ұрып, Күнзада шапшаң қимылдың арқасында құтылып кеткен сайын «у-ух!» деп демдерін алып тұрады. Алып денелі Түнзада лезде демы бітіп ентігіп қалады, ол ағыл-тегіл қара терге малшынады, аяқ басысы баяулап тәнтіректей бастайды, қолдарының қимылы бәсеңдеп, әлі құрығаны байқалады. Ақыры Күнзада ебін тауып оны жамбасқа салады да алып ұрып жерге жастайды. Тұрған халық гу етіп шуласып кетеді.


Күнзада. (орнынан атып тұрып, екі қолын көкке тігіп бір орнында секіреді) Ура-а! Ура-а! Айтпадым ба – жамбасын жерге тигізем деп!

Халайық. Жарайсың Күнзада! Жарайсың! Сен бүгінгі сайыстың жеңімпазы атандың! Енді ханшайым мен ханның жарты хандығы сенің еншіңе тиеді.

Уәзір. (Күнзаданың оң қолын жоғары көтеріп, Қаһар ханның алдына жетелеп апарады) Жеңіс мына ханзаданікі, тақсыр!

Қаһар. Бәрекелді! (орнынан тұрып ілгері шығып Күнзаданы құшағына алып тақта отырған қызына бұрылады) Ал, ендеше, менің жарлығым бойынша саған мына қызымды тарту етемін. Оған қоса жарты хандығымды беремін. (уәзіріне) Жарты хандығымды мына Күнзадаға бекіту жөнінде құжат дайында.

Уәзір. Құп болады! (анадайда тұрған хатшысына жақындап барып) Кәне, былай деп жаз…


Хатшы қағазы мен қаламын ыңғайлап уәзірдің айтуымен құжат жаза бастайды.


Күнзада. Тақсыр, мен осы сайысқа түскенімде сіздің жарты хандығыңыз үшін түскен жоқпын. Мен сіздің қызыңызға ғашық болдым, сол үшін де сонау жердің қиырынан сапар шегіп келдім.

Қаһар. О! Бәрекелді, бәрекелді! Оның дұрыс қой, тек мен өз сөзімді жерге тастамаймын. Айтым ба – айтқаным болады! (уәзір мен хатшыға) Жазыңдар менің үкімімді! Дайындаңдар құжатты! (тақта отырған қызына) Қызым, кел, жақында. Мына Күнзадаға қолыңды өзім ұстатайын. (Салтанат ханшайым ыржалаңдап әкесінің жанына келеді, хан оның қолын Күнзадаға ұстатпақшы болады, бірақ Күнзада қыздың қолын алмайды)

Қаһар. (ашуланып) Әй, Күнзада! Сен не – менің қызымды менсінбей тұрғаннан саумысың?

Күнзада. Тақсыр, мен сайысқа бұл қызыңыз үшін түскен жоқпын. Бұның орнында сіздің тұңғыш қызыңыз тұруы керек еді. (артына бұрылып) Дүниязада! Кел, ортаға шық, енді сенің уақытың да келді.


Дүниязада ортаға шығады да Күнзаданың қасына келіп тоқтайды. Ханзада оның қолын алып ханға бұрылады. Қамал ханшаханым шыдай алмай, олардың жанына жетіп келеді.


Қамал. Сиқыр! Жала! Өсек! Бұл ханның тұңғыш қызы емес – ол қызды баяғыда бір дәу жеп қойған!

Күнзада. Сабыр етіңіз, мәртебелі ханшаханым! Сіздің сиқырлап, сосын сандыққа отырғызып кеткен дәуіңіз сол сандыққа қайтадан түсіп қалды, ол онда әлі отыр.

Қамал. Ах! Солай ма еді?! (үндемей қалады)

Күнзада. (ханға бұрылады) Тақсыр, мына Дүниязада ешқандай сиқыршы емес, ол сіздің нағыз тұңғыш қызыңыз.

Қаһар. (Дүниязадаға жақындап келеді, қыз әкесінің құшағына енеді, хан оның басындағы сәукелені сипайды да астындағы мүйіздерді сезеді) Иә, бұл менің тұңғыш қызым Дүниязада екеніне менің көзім жетіп тұр. Бірақ ол…

Күнзада. (ханшаханымға көз тастап) Иә, сізге бір адам оны бұл дүниеде жоқ деп айтқан болар. Алайда, өзіңіз көріп тұрсыз – Дүниязада тірі, міне, алдыңызда тұр. Ал енді кімді маған ұсынасыз? Мына кіші қызыңызды ма? Әлде тұңғыш қызыңызды ма? Рет, жол кімдікі осы жерде?

Қамал. Тақсыр! Хан ием! Есіңізге сала кетейін – сіздің жарлығыңызда Дүниязаданың есімі жоқ. Ал сіз, жаңа ғана өзіңіз айттыңыз, ешқашан екі сөйлемейсіз.

Қаһар. Иә, мен екі сөйлемеймін. Алайда, менің жарлығымда кіші қызым Салтанаттың да есімі аталмаған. Менің жарлығымда тек «қызымды, ханшайымды жарты хандығыммен қоса беремін» делінген. Ал Дүниязада менің қызым емес пе?! Ол ханшайым емес пе? Және біздің ата заңымыз бойынша жарты хандық тек тұңғыш қыздың еншісіне беріледі. Кіші қызға ол енші тек әпкесінің қазасынан кейін бұйырмақ.

Күнзада. Иә, сондықтан да мен сізден дәл осы тұңғыш қызыңыздың қолын талап етемін.

Қамал. Әй, аңқау жігітім-ау! Бұл сиқыршы сенің басыңды әбден айналдырып тастаған екен. Алайда сен оның құпиясын білмейсің. Міне қара – енді кімді таңдайды екенсің?! Екі ханшайымның қайсысын талап етер екенсің?! (Дүниязаданың басындағы сәукелені жұлып алады, қыз мүйіздерін бір қолымен көлегейлеп, екінші қолын сәукелеге созады, ал Қамал оны жоғары көтеріп бұлғап мазақ қылады. Халық қыздың басындағы мүйіздерді көрісімен шу етеді де іле «енді не болады екен?» дегендей тыныштала қалады)


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | Следующая
  • 0 Оценок: 0


Популярные книги за неделю


Рекомендации