Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"
Автор книги: Леонид Вариченко
Жанр: Драматургия, Поэзия и Драматургия
Возрастные ограничения: 18+
сообщить о неприемлемом содержимом
Бесінші көрініс
Сол палата. Сырға кітап оқып жатыр. Зиба апай ұйқыда. Әшім келеді. Оның қолында медициналық журнал.
Әшім. (әдеттегідей Сырғаның төсегінің шетіне отырады) Қалай, Сырға, кітап ұнады ма?
Сырға. Иә, ұнады. «Ай мен Айша» -ны бітірдім.
Әшім. Қалай екен?
Сырға. Тамаша жазылған. Кей жерлерінде әжептәуір жасқа келген жазушының емес, бейне бір сол баланың, Барсханның әңгімесін тыңдағандай әсерде қаласың. Және бұл шығармадан алып шыққан ой – сол нәзік жандар бір-біріне жәрдем етіп, бір-бірін сүйемелдеп заманның, зұлымдардың қатыгездігін жеңіп шыққан. Жеке-жеке олар ондай сұрапыл заманға төтеп бере алмас еді.
Әшім. Жақсы, Сырға, сен бұны дәл айттың. Меніңше, Сырға, сенің өмірің, сенің тағдырың да соны меңзейтін сияқты. Сен әлгі Барсхан сияқты, оның шешесі Айшадай қайсарлардансың. Ал сенің жолдасың, осы кітаптағы Тасбет, Жуанқұл деген кейіпкерлердей осалдардан. Олар сондай қатыгез, оспадар боп көрінгенмен осал. Сондықтан мен Барсхан мен Айшаны емес, сол адам болмысындағы хайуандарды аяймын. Сені емес, әлгі топас күйеуіңді аяймын. Сенің жағдайың қандай мүшкіл болғанымен сен адам болмысынан айырылған жоқсың. Ал ол ше…
Сырға. (Әшімнің сөзі оны ойлантып тастайды, сондықтан ол бірер уақыт үндемей отырады) Қызық екен… мен ендеше өзімді аяп жүрмін. Сондықтан кейде түні бойы жылап жастығымды су қыламын. Сөйтсем… иә, Әшім, сенікі дұрыс. Мына жазушының пікірі дұрыс. Рахмет саған… және осы жазушыға. Мен енді өзімді аямаймын. Демек, менің халім жаман емес екен. Менен де жаман халде жүрген байғұстар бар екен.
Әшім. Иә, Сырға, сен дұрыс түсіндің. Ал әңгімелердің қайсысы ұнады?
Сырға. Барлығы. Ал әсіресе – Жарамазан.
Әшім. Жарамазан? Ә! Әлгі екі зағип балалар туралы ма?
Сырға. Иә. Ол екеуі кемтар болса да өмір үшін күрестің нәтижесінде өздерін аман алып қалды. Ал әлгі көзі көретін жігіт үсіп өлді. Демек, кемтар болса да оларды емес, он екі мүшесі аман ана жігітті аяған дұрыс. Солай ма?
Әшім. (Сырғаның бетін алақанымен сипап) Солай, Сырға. Жазушының ойын жақсы түсініпсің. Дұрыс шешімге келіпсің. Жағдайың қандай нашар боп көрінгенмен, науқас, я кемтар болғанмен, дені сау, аяқ-қолы сау рухани кемтарлардың халі сенен де нашар болуы мүмкін. Ал тағы қандай нәтижеге келдің?
Сырға. Меніңше, бұл әңгімемен жазушы тағы бір нәрсені меңзеген сияқты. Жазылмайтын дерт болмайды. Әлгі екі жігіт ендігі көздерімізден мүлдем айырылдық деп ойлаған. Ал осы оқиғадан кейін олардың көздері жарық дүниені көре бастады. Демек…
Әшім. Демек, сен де үміт үзбеуің керек.
Сырға. Иә, Әшім, енді менің үмітім зорайды. Оған себепкер болған сен… және осы жазушы, Барсхан… (кітаптың мұқабасына қарап қойып) Шерхан… Міне осындай кітаптар біздің халыққа қажет-ақ. Рахмет саған. (кітапты көкірегіне басып дәрігерге тағзым еткендей еңкейеді)
Маша кіріп келеді. Оның қолында шприц.
Маша. (Әшімге) Сені Жанна Жапаровна өзіне шақырып жатыр.
Әшім кетеді. Маша Сырғаның қолындағы кітапты жұлып алып тумбочканың үстіне қоя салады.
Сырға. Маша! Саған не болған?!
Маша. Түк болған жоқ. Укол салу керек. (Сырғаның оған аяушылықпен қарап тұрғанын ұнатпай) Несіне қарайсың мүләйімсіп?
Сырға. Сені аяп кеттім.
Маша. Мынаны көре гөр! Бір аяғы осы дүниеде, екінші аяғы о дүниеде тұрғанына қарамастан мені аяймын дейді.
Сырға. Сонда да мен сені аяп тұрмын. Өйткені, сен осы дүниеде нық тұрсың… төрт аяқтап тұрсың.
Маша. Қайдағы төрт аяқ? Сандырақтап кеттің-ау! Былшылдамай уколыңды ал.
Маша жұлынып уколды қолының бар пәрменімен ұрып салады да Зиба апайға укол салуға кіріседі. Сырға жамбасының ауырғанын жасыра алмаса да оған қарап жымияды. Әшім келеді.
Әшім. Маша! Сен не – ерігіп жүрсің бе?
Маша. Кім ерігіп жүр? Мен ерігіп жүргем жоқ. Мен жұмысымды істеп жүрмін. (Әшімнің қолындағы журналға қарап қойып) Ол кейбіреулер, біресе кітап оқып, біресе журнал оқып ерігіп жүргені.
Әшім. Жанна Жапаровна мені шақырмапты ғой.
Маша. Қайдан білейін. Әйтеуір: «Әшім қайда жүр екен?» – деген. (шприцты урнаға тастай сала шығып кетеді)
Зиба апай. (басын шайқап қойып) Аллау! Бұл не деген қыз, ә?
Әшім. (апайға қарап күлімсірейді де Сырғаның керуетінің шетіне отырады) Мен саған жақсы жаңалық әкелгем, Сырға. Міне, мына медицина журналында бір мақала оқыдым.
Сырға. Не жөнінде?
Әшім. Қатерлі ісіктерді емдеуге қолданатын жаңа дәрі жөнінде. Міне, менің ұстазым профессор Ефимов соны жасап шығарыпты. (журналды ұсынады)
Сырға. (мақаланы көздерімен шолып өтіп басын көтереді) Ал сонда бұл дәріні бізге неге қолданбайды?
Әшім. Бұл дәрі әзірше тек зертханада жасалып шыққан екен. Ал оны науқастарға қолдану үшін, оларды емханалар мен дәріханаларға тарату үшін арнайы комиссия тексеруден өткізіп қабылдауы керек.
Сырға. (журналды қайтарып береді) Е-е, оны комиссия қашан қабылдайды? Сосын ол дәрі бізге қашан жетеді? Қысқасы, оған үміт артпаған жөн.
Әшім. Жоқ, Сырға, олай деме. Сабыр сақтап үмітіңді үзбесең бәрі мезгілімен болады.
Сырға. Мен сабыр еткелі жүздеген таң атып, жүздеген күн батты. Менің шыдамым мен үмітім сынға түскелі қашан! О, сен оны қайдан түсінерсің…
Әшім. Мен бәрін түсінемін, Сырға. Түсінгендіктен де, қайтсем де сол дәріні саған тауып әкелемін. Командировка сұрап алып, профессор Ефимовтың өзіне барамын. Қалай болғанда да үміт үзбеу керек.
Сырға. Мен үзбеймін ғой. Тек менің дертім ол дәрінің бізге жеткенін тосуға мұрсат бере ме?
Әшім. Сол үшін мен ертең сапарға аттанайын деп отырмын. Бір аптаның ішінде барып қайтамын ба деймін.
Сырға. Рахмет саған, Әшім. Сүйген жарымнан көрмеген жақсылықты сенен көрдім-ау. Ол мені ауырған соң қара шақа құрлы көрмей тастап кеткеннен кейін, енді мүлдем құрыған адам екенмін деп үрейім ұшып еді. Сен неткен қайырымды жан едің.
Әшім. Бұл менің жұмысым, Сырға. Менің міндетім, менің борышым. Ал күйеуіңнің опасыздығын кешіргенің жөн. Ол өзі не істегенін түсінбеген болар.
Сырға. Мен оны кешіре алмаймын. Түсінбейтін бала емес. Мен оны қарғадым, ол бәрібір оңбайды.
Әшім. Мұның дұрыс емес, Сырға. Мен бір жерде оқығам: кешірім жасай алмаған, біреуді қарғаған адамға сол қарғысының бір ұшы тиеді екен. Сондықтан кешірім жасау керек. Сенің күйеуің мүсәпір, оның жаны кемтар, оның санасы мен түйсігі жетілмеген, сондықтан оны аяған жөн.
Сырға дәрігерге мұңды көздерін көтереді де екеуі бір-біріне қарап тұр.
Әшім. (келіншектің екі қолын қысып тұрып) Сырға, мен саған уәде етемін. Сол дәріні қайтсем де саған әкеліп беремін.
Сырға. Жақсы, Әшім. Мен саған сенемін. Егер сен уәде етсең – орындайсың.
Музыка ойнайды да сахнада жарық сөнеді.
Екінші интермедия
Сахна қараңғылықта. Авансценада тұрған Әшім жарықтың сәулесінде. Ол телефон арқылы профессор Ефимовпен сөйлесіп тұр.
Әшім. Алло! Профессор Ефимов? (пауза) Сәлеметсіз бе, Семен Самойлович! Мен ғой мазаңызды алып тұрған, Әшім. Есіңізге түсірдіңіз бе кешегі шәкіртіңізді? (пауза) Иә, мен қазір перифериядағы емханадамын. (пауза) Менің сізге қоңырау шалып тұрған себебіме арқау болған сіздің мақалаңыз. Қайырлы болсын! Бұл зор жеңіс. (пауза) Иә, иә, әрине! Алайда, сол дәріңіз маған қажет болып тұр. Ауадай қажет. Одан да қажеттеу! (пауза) Көрдіңіз бе, Семен Самойлович, осында бір науқас келіншек жатыр. Екі аяғының параличы аздай оған қатерлі ісік қосылыпты. Параличпен күрес науқаны жақсы қарқынмен жүріп келеді. Ал қатерлі ісік ырқын беретін емес. (пауза) Иә, қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Бірақ ісік қайтпай тұр. Ендігі тек сіздің жаңа дәріңізге үміт артамыз. Соның бір комплектін берсеңіз деп өтінемін. (пауза) Семен Самойлович, мен бәрін түсінемін. Бірақ ондай уақыт бізде жоқ. (пауза) Менің заңды-заңсызда шаруам аз! Адам баласын өлімнен арашалаудың барлық амалдары заңды болуға тиісті. (пауза) Әрине, тәртіптің аты тәртіп, ереженің аты ереже. Бірақ ережеден де тыс шығатын жағдайлар болады. Ондай жағдайды өзіңіз де басыңыздан кешірген шығарсыз. (пауза) Жоқ, Семен Самойлович! Мен комиссия емес, сізге, өзімнің ұстазыма сенемін. Ал сіз өзіңіз істеп шығарған дәріңізге сенуге тиістісіз. Өйтпегенде сіз журналға мақала жазбас едіңіз.
Пауза ұзаңқырап кетеді. Сірә профессор Ефимов ойланып қалып, сосын бір шешімге келген болар.
Әшім. (қуанып кетіп) Рахмет! Мың да бір алғысымды айтамын, Семен Самойлович! Сіз нағыз азамат екенсіз. Мен тез арада жетемін. Иә, иә бүгіннен қалмай жолға шығамын. Рахмет! Сау болыңыз.
Телефонды сөндіріп шығып кетеді.
Алтыншы көрініс
Сол палата. Кітап оқып жатқан Сырға ішек-сілесі қатып күледі. Жолға шығуға дайын Әшім келеді.
Әшім. Бәрекелді! Бұл кітап көңіліңді көтерген екен.
Сырға. (күлкісін зорға тиып) Иә. Мұнда бір әңгіме күлкілі екен. «Нахал торғайлар».
Әшім. (ол да күліп жібереді) Ә, иә! Шақ-шақ, шыр-р!
Сырға. (күледі) Иә, иә! Шақ-шақ, шыр-р! Бұл жазушы, күлуді де, күлдіруді де біледі. Көптен осылай күлмеп едім.
Әшім. (әдеттегідей Сырғаның жанына отыра кетіп) Иә, Сырға. Алайда, күлкінің арғы жағында маңызды мәселе тұр. Ол қазақ зиалыларының тағдыры.
Сиырлар бұрынғыша мөңірейді,
Қойлар бұрынғыша маңырайды,
Есектер бұрынғыша ақырады,
Қораздар баяғыдай шақырады,
Иттер бұрынғыша үреді,
Жылқы кісінейді.
Тек қарлығаштар көрінбей кетті.
Наурызкөк көрінбей кетті.
Кәдімгі шымшық жоғалды.
Қараторғай сайрағанын қойды.
Көкек те көзден таса болды.
Есесіне айнала түгел – жауыз торғайлар… —
дейді жазушы.
Бұл Сталин заманында репрессияға ұшыраған қазақ зиялылары деп ойлаймын. Қарлығаштар – алашордалықтар. «Наурызкөк көрінбей кетті» дегені, «Сәкен көрінбей кетті» дегендей. «Шымшық жоғалды» дегені «Бейімбет жоғалды» дегендей. «Мағжан сайрағанын қойды, Тұрар, Мұртаза сияқты тектілер көзден таса болды» дегендей. «Есесіне айнала түгел – жауыз торғайлар» – ол осы зиялыларды құртқан шолақ белсенділер – Тасбет, Жуанқұлдар.
Ал келесі абзацта: «Құдайдың құдыреті шығар, сиырлар баяғысынша мөңіреп, қойлар маңырап, есектер ақырып, тауықтар шақырып жатқанда, адам байғұстың тілі лезде өзгеріп шыға келді. Өзгермеске лаж болмай қалды» – бұ жерде, империялық отаршылдық саясаттың нәтижесінде қазақ халқының ана тілін өзгертуден басқа лажы болмағанын меңзейді. Ол шын. Біздің қазақ басқа тілдерді игергенде алдына жан салмайды. Ал өз тілін, ана тілін лезде ұмытады.
Сырға. (күлкісін тиып) Ә, солай ма еді. Мен ше бұл әңгіменің күлкілі жағын ғана байқап, маңызды мәселеге назар аудармаппын. (кітапты кеудесіне қысып) Шынында да жақсы жазушы екен. (енді ғана Әшімнің киіміне назар аударып) Сен жол жүрмексің бе? Мына киімің…
Әшім. Иә, Сырға, сенімен қоштасуға келдім. Профессор Ефимовтан әлгі жаңа дәрісін алып келуге барамын. Мен жоқта жалғызсырама, уайым-мұңға берілмей көңіліңді көтеріңкі ұста. Жарай ма?
Сырға. Жақсы, Әшім, мен сөйтемін. Сонда да сені асыға күтемін. Уайым мұңға берілмеймін. Өйткені мен жалғыз емеспін. Менімен мына кітап бар, оны жазған жазушы бар.
Әшім. (Сырғаның қолын қысып) Иә, бұл жазушы ешкімді жалғызсыратпайды. (орнынан тұрып келіншектің қолын әлі жібермей тұрып) Ал, Сырға, қош сау кездескенше.
Сырға. Қош сау бол, Әшім. Жолың болсын.
Әшім. Әлей болсын.
Сырғаның қолын сүйіп шығып кетеді. Сырға кітапты көкірегіне қысқан бойы ол кеткен жаққа қарап отыр. Музыка ойнап жарық сөнеді.
Үшінші интермедия
Авансценаға шаңғылық костюм киген, арқасына рюкзак ілген, қолында шаңғысы бар Әшім шығады. Оған қарсы Жанна Жапаровна кезігеді.
Жанна. Иә, Әшім, саған жол болсын. Осындай түтеген боранда шаңғы теппекпісің?
Әшім. Жоқ, Жанна Жапаровна. Теміржол стансасына жету керек. Мына боран басылатын емес. Автобус жүрмейді, аэропорт жабық. Енді тек стансаға жетіп пойызға отырмасам басқа амал жоқ.
Жанна. Ойбай-ау, мынадай боранда отыз шақырымдағы стансаға қалай жетпексің? Адасып, үсіп өлесің ғой!
Әшім. Біріншіден, Жанна Жапаровна, отыз шақырым емес, жиырма жеті. Екіншіден, студент кезімде шаңғы тебуден бірінші орын алып спорт шеберлігіне ие болғам. Үшіншіден, темір жол стансасына баратын жолдың бойымен барамын. Яғни, ол жол адастырмайды.
Жанна. Жо-жоқ! Мен сені жібермеймін. О не сасқаның?! Нендей асығыс сонша? Ертең күн ашылады, сонда автобуспен немесе ұшақпен облыс орталығына жетесің.
Әшім. Синоптиктердің болжауынша бұл циклон жақын арада басылмайды.
Жанна. Басылмаса бір басылар.
Әшім. Оны тосатын уақыт жоқ. Қатерлі ісік уақыт берейін деп тұрған жоқ. Әр күннің маңызды екенін сіз менсіз де білесіз.
Жанна. (дәрігерге тесірейіп қарап тұрып) Әрине, мен оны білемін. Бірақ, бұл сапарың өте қатерлі. Мына боранда стансаға жете алмай адасып үсіп өлсең не болмақ?
Әшім. Алла қаласа өлмеспін. Ал өліп қалсам… өліп қалсам жаным Сырғаның жанынан ардақ емес шығар.
Жанна. (сандарын бір-ақ соғады) Мынаны қараңдар! Әй, егер әр науқас үшін бір-бір дәрігерді құрбандыққа шала берсек не болмақпыз? Сен әлі олардың қаншасын емдеп шығарасың?! Қой, қарағым, мұның дұрыс емес.
Әшім. Мен тәуекел еттім, Жанна Жапаровна. Көрдіңіз бе, Сырға өмірімдегі бірінші науқасым. Оны емдей алмасам келесілері менен не хайыр күте алады?
Жанна. (үнсіз тұрып-тұрып қолын бір-ақ сермейді) Ә, не істесең оны істе! (Әшімнің жанынан өтіп кете барады; Әшім шығып кетісімен тоқтап оның кеткен жағына қарап тұрып) Жолың болсын, қарағым. Кім біледі – мүмкін сенікі жөн шығар. (ол да шығып кетеді)
Жетінші көрініс
Сол палата. Түн. Палата әлсіз көк түсті шамның жарығында. Зиба апай халсіз жағдайға түсіп қалыпты.
Сырға. (оның қырылдап жатқанын естіп айғайға салады) Әй! Әй! Кімің барсың? Дәрігерді шақырыңдар! Зиба апайға көмек керек! Әй!
Ешкім келмегесін төсегінен аяқтарын салбыратып түсе бергенде сылқ ете құлайды. Сонда да қолдарымен тырмысып еденмен жорғалап әлек.
Сырға. Әй! Кімің барсың? Көмекке келіңдер!
Маша жүгіріп келіп жоғарғы шамды жағады да жағдайды көріп кері жүгіріп кетеді. Сырға төсегіне сүйене отырады. Жанна Жапаровна келеді. Олардың соңында носилкалары бар санитарларды ертіп Маша қайтып келеді.
Маша. (бас дәрігерге қырылдап жатқан Зиба апайды көрсетіп) Міне… түнгі уколды салайын деп келсем қырылдап жатыр.
Жанна Жапаровна Зиба апайдың аузына дем беріп көреді. Маша укол салады. Санитарлар Сырғаны көтеріп төсегіне жатқызады. Ол басын көтеріп көрші керуетте болып жатқанға қарап отыр. Екі қолы жағасында.
Маша. (апайдың пульсын байқап) Жанна Жапаровна, пульс жоғалып кетті.
Жанна. (апайдың кеудесіне құлағын тосып, санитарларға) Дефибриллятор!
Әгілер дереу дефибриллятор береді. Жанна Жапаровна Зиба апайдың көкірегіне дефибриллятор қойып тоқтап қалған жүрегін қайта жіберемек болып біраз әлектенеді. Бірақ одан еш нәтиже шықпайды.
Жанна. (дефибриляторды Машаға қайтарып беріп аяғына тұрады да маңдайына шыққан теріні сыпырып тастап) Бәрі бекер. Жүрек мүлдем тоқтап қалды.
Маша. О, тәңірім!
Жанна. Не істей аласың? Қатерлі ісік дегенің осы.
Сырға. Не? Не болды? Зиба апай?..
Жанна. (бұрылып алақандарымен бетін сипайды) Зиба апай қайтыс болды. Иманды болсын. (санитарларға) Не ғып тұрсыңдар? Әкетіңдер мүрдені. (шығып кетеді)
Санитарлар апайдың мұрдесін носилкаға салып әкетеді. Олардың ісін бақылап отырған Сырғаның көздері шарасынан шығардай. Сонда да үміт үзгісі келмейді.
Сырға. (санитарлар мүрдені алып кеткесін еңіреп жылап жібереді) А-аһ! А-а!
Маша. Сырға, қой енді. Саған жылауға болмайды. Кәне, укол салайын.
Сырға. (медбикеге көнбей шалқасынан жатқан бойы) А-аһ! А-а! Ештеңе керек емес! Бәрі бекер! Жалған! Алданыш! Елес!
Маша шприцымен әрлі-берлі Сырғаны айналып, ол көнбегесін қолын сермей сала жүгіріп кетеді. Сырға бетін алақандарымен басып өксіп-өксіп жылап жатыр. Барсханды ертіп Айша келеді. Екеуінің де үстінде соғыс кезіндегі жұпыны киім. (Айшаның үстінде шинель) Айша керуеттің шетіне отырады да, Барсхан Сырғаның бас жағына тоқтап, оның иығын сипап тұр.
Айша. (Сырғаның алақандарын бетінен алып жасын сүртеді) Қой, Сырға қарағым, жылама. Көз жастан пайда болса мен-ақ көрер едім сол пайданы. Мықты бол. Сен әлі жассың, бар өмірің алда.
Сырға. Қайдағы өмір?! Жалған! Алданыш! Елес! Бекер, бос қиял! Бекер, бос әурешілік! Өңіңдегі түс.
Айша. Жоқ, олай деме. Ақырғы демің біткенше бұл өмір. Ақырғы демің біткенше бұл күрес.
Сырға. (жылауын тоқтатпай өкси береді) Жоқ! Бәрі бекер, бос арпалыс. Бәрібір бір күні Зиба апайдай мүрдемді санитарлар алып кетеді. Ертелі ме, кеш пе солай болады. Бәрі бос әурешілік! Жалған! Қиял! Елес!
Айша. (Сырғаның иықтарынан шап беріп сілкіп-сілкіп қалады, сонда науқас келіншек көз жасын тиып оған таңырқай қарайды) Қой мұныңды! Не деп долданып кеттің?! Мына Барсхандай бола алмадың ба? Бұл ғой алай-дүлей боранда от алып келемін деп үсіп өле жаздады. Сонда да арпалысып, өлімге берілмей шақпақ тас алып келді. Үйде қалған мына мені, қарындасы мен інісін суық ажалдан құтқарып қалды. Ал енді, мына сені құтқарам деп, боранмен арпалысып, шаңғыға тұрып стансаға кетіп бара жатқан Әшім ше? Оның да күресі бекер болғаны ма? Жо-оқ, Сырға! Олай болмайды. Осы дүниеге келдің бе – күрес! Ақырғы демің қалғанша күрес! Өзіңнің өмірің үшін күрес! Жаныңдағы жақының үшін күрес! Міне – бұл менің ұраным. Мына Барсханның ұраны. Әшімнің ұраны.
Сырға. (көз жасын сүртіп жатып) Кешіріңіз, Айша апай. Кешіріңіз. Бұл бір минуттық талықсу. Зиба апай… марқұмның жаны жаннатта болғыр, о кісі өте жақсы еді. О кісінінің мүрдесін алып кеткенде мен екінші рет жетім болып қалдым.
Айша. Әрине, бұл ащы өлім. Бірақ сен жетім емессің. Сенде Әшім бар. Мына Барсхан бар. (тумбочкада жатқан кітапты меңзеп) Міне, мына кітап бар. Сабыр ет те былжырамай өмірің үшін күрес. (тұрып, Барсханды ертіп кете барады)
Сырға. (олардың соңына) Иә, иә, Айша, сіз дұрыс айтасыз. Мен күресемін. Мен жалғыз емеспін.
Ол енді басын көтеріп отырады да телевизорды іске қосады. Тағы да Чайковскийдің балеті жүріп кетеді. Сырға көрпесін ысырып тастайды. Сосын ақырын-ақырын жылжып аяқтарын керуеттен салбыратып отырады. Бір қолымен керуеттің арқасынан ұстап алған. Екінші қолымен аяқтарын бірінен соң бірін жылжытып төмен түсіреді. Қол-аяқтары дір-дір етіп денесін төмен қарай жылжытады. Әуелі бір аяғының, сосын екінші аяғының ұштарын еденде жатқан төсенішке тіреп тұрмақшы болады. Бойын түзеп бір мезет балерина сияқты тұрады да аяқтары бүгіліп кетіп құлап түседі.
Сырға. Ах! (жатқан бойы) Әй! Кімің бар? Әй! Көмектесіңдер!
Ешкім келмейді.
Сырға. Әй! Кім бар? (айқайын тыйып тырмысып еденде отырады) Күреспей жатып екі қолымды көтеріп берілгенім қалай? Әшім мұнымды қолдамаушы еді. Жаңағы Айша мен Барсхан қолдамаушы еді. Былжырамай өмірің үшін күрес деді емес пе.
Енді ол төсекке қайтып шығу үшін әрекет жасайды. Жылжи, жылжи төсектің жақтауына жетеді. Одан бір қолымен ұстап екінші қолымен аяқтарын реттеп астына бүгіп тізерлеп отырады. Содан кейін екі қолмен жақтаудан тартынып, қалш-қалш етіп аяғына тұрады. Тағы бір ырғып төсекке отыра кетеді.
Сырға. Уһ! (аяқтарын сипап қойып, тістене) Жарайсың, Сырға! Берілме! Күрес! Ақырғы демің біткенше күрес.
Қолдарымен аяқтарын төсекке шығарып көрпемен жауып шалқасынан түсіп біраз дем алып жатады. Телевизорды сөндіреді. Кітапты алып оқи бастайды. Маша келеді.
Маша. Сен бе айқайлаған? Не боп қалды тағы? (төсеніштің жиырылып орнынан едәуір жерге жылжып кеткенін көріп, аң-таң тұрып қалыпты) Әй, мына төсенішке не жау тиген? Өзі мұның үстінде біреулер алысып-жұлысқандай, балуандар күрескендей апыр-топыры шығыпты ғой.
Сырға. Иә, дәл айттың. Солай болды да. Екі балуан арпалысып күресті.
Маша. (таңырқай) Екі балуан? Ол кімдер тағы?
Сырға. Адам мен дерт.
Маша. А-а… сонда кім…
Сырға. (жымияды) Әрине, адам жеңді!
Маша иықтарын қиқаң еткізіп, төсенішті жөндеп кетеді. Сырға оған күлімдеп қарап жатыр. Музыка ойнайды да жарық сөнеді.
Сегізінші көрініс
Сол палата. Телевизордан тағы да Чайковскийдің балеті жүріп жатыр. Сырға бір қолымен керуеттің арқасынан ұстаған бойы аяқтарын жерге түсіреді. Аяқтарының ұштарымен еденге нық тұрады да бойын түзейді. Бар күш-жігерін салып тұр. Сосын, бос қолын жайып аққулар биін билей бастайды. Аяқтарын ақырын-ақырын жылжытып әрлі-берлі бір-бір адымдап тұр. Үстіне ақ халат киген, қолында шағын шабадан ұстаған Әшім кіріп келеді. Келе сала Сырғаға қараған бойы тұрып қалады. Оның екі беті үсіктен қарайып кетіпті.
Сырға. (музыка ритмімен ыңылдап бос қолын жайып билеп тұр) Ла-ла-ла-ла-ла-ла-ла-ла, ла-ла-ла-ла-ла-ла-ла-ла, ла-ла-ла-ла-ла-а! (Әшімді көзі шалып қалып) Әшім!
Екі қолын жайып жіберіп, балеринаның жүрісімен аяқтарының ұшымен жігітке қарай ұмтылады. Үш-төрт рет басып үлгірген оның аяқтары бүгіліп кетіп құлап бара жатқанда оған қарсы ұмтылған Әшім құшақтай алады.
Сырға. Әшім!
Әшім. Сырға! (оның аяқтарына қарап қойып) Қайырлы болсын, Сырға. Аяғыңа тұрыпсың ғой.
Сырға. Иә, билеп жүрмін. Кішкентай аққулар биін биледім. (жігіттің мойнынан қапсыра ұстаған бойы оның көздерінен көздерін айырмай) Ат көлігің аман келдің бе?
Әшім. Иә, аман-есен жеттім. Олжалы келдім. Профессор Ефимовтың жаңа дәрісін әкелдім.
Сырға. Мен оған еш күмәнданбап едім. Мен саған сендім. (жігіттің қарайып кеткен беттеріне саусақтарының ұштарын тигізіп) Екі бетіңе не болған? Үсіріп алғанбысың?
Әшім. Ә, иә, сәл домбығып кеткен. Осыннан темір жол стансасына жеткенше жел қарсы болды. Ештеңе етпейді… (Сырға оның үсіген беттерін сүйе бастайды) ештеңе… ештеңе… етпейді…
Сырға. (Зиба апай жатқан керуетке қарап қойып) Зиба апай қайтыс болды…
Әшім. Жаны жаннатта болсын. Жақсы кісі еді.
Сырға. Сен осында болсаң о кісі өлмес еді.
Әшім. Жоқ, Сырға, апайдың дерті тым асқынып кеткен. Операция нәтиже бермеді. Ал, о сенің көңіліңді аулап білдірмеді. Қандай төзімділік десеңші!
Сырға. Әшім. Мен бұрын ойлайтынмын… біздің адамдар сондай қазымыр, топас деп. Сөйтсем көбісі жақсы адамдар екен. Міне сен. Палатаға кіруің мұң екен, күн сәулесінің шапағаты төгілді де кетті. Зиба апай марқұм солай дейтұғын. Сөйтсем, онысы шын екен.
Сырғаның екі көзінен жас сорғалай бастайды. Әшім оларды сүйіп жатыр. Ақыры ерніне ернін тигізеді. Сырға оның мойнынан құшақтаған бойы екеуі ұзақ сүйіседі. Осының үстіне, бір қолында көкөніс-жеміс салған пакет, екінші қолына гүл шоғын ұстаған Сейсен келеді. Сүйісіп тұрған Әшім мен Сырғаны көріп ол ыңғайсызданып қалады. Не кетерін, не қаларын білмей дағдарады.
Сейсен. (жұдырығына жөтеліп) Ы-хым! Ы-хым!
Сырға. (оған қарайды да) Бұ кім?
Сейсен. Мен ғой, Сырға. Міне… келдім.
Сырға. (Сейсенге бұрылып қараған Әшімге) Сен мына кісіні білесің бе?
Әшім. Жоқ. Бірақ… бір жерде көрген сияқтымын. (Сейсенге) Сіз әлгі финагент емессіз бе? Салық төлемедің деп Айшадан бір шиша арақ сұраған.
Сейсен. Жоқ, мен финагент емеспін. Ұмыттыңыз ба…
Сырға. А-а! Әшім, меніңше бұл бригадир Тасбет. Иә, дәл өзі.
Сейсен. Қайдағы бригадир, Сырға? Мен Сейсенмін ғой! Шынында да танымай тұрмысың?
Сырға. Сейсен? (иықтарын қиқаң еткізіп, Әшімге) Сен Сейсен деген адамды білесің бе?
Әшім. Білмеймін.
Сырға. Мен де білмеймін. (Сейсенге) Меніңше, сіз палаталарды шатастырып алғансыз-ау деймін. Бұл палатада сізді тосып отырған ешкім жоқ.
Әшім екеуі бір-біріне қарайды да күліп жібереді. Сосын күлкілерін тиып тағы да сүйіседі. Сейсен не істерін білмей бір орнында тұрып-тұрып, ақыры шығып кетеді.
Шымылдық