Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"
Автор книги: Леонид Вариченко
Жанр: Драматургия, Поэзия и Драматургия
Возрастные ограничения: 18+
сообщить о неприемлемом содержимом
Алтыншы көрініс
Қалкеннің жаңа кітабының тұсау кесер салтанаты. Бірінші планда түрлі жеміс, печенье, пирожное, лимонад, минералды сусынға сіресіп тұрған стол. Екінші планда, тағы бір столдың жанында Алма кітап сатып тұр. Самал столдың жанында тұрған бумалардан кітаптарды алып Алманың алдына қойып тұр, Қайрат сол бумаларды сырттан әкеліп жүр. Тағы бір столдың жанында Қалкен өзінің кітабын сатып алғандарға автограф жазып отыр. Әр столдың жанында бір-бір кітап ұстаған адамдардан құралған кезек. Ең арғы планда тұсау кесерге жиналған адамдар, мінбер, президиумға дайындалған, үстіне бір-екі шоқ гүл қойылған, стол. Залда музыка ойнап тұр, халық гу-гу етеді.
Бірінші планда тұрған столдың жанына қолтықтарына бір-бір кітап қысып ер адам мен әйел келіп, жемістен ауыз тиіп тұрып әңгімелеседі.
Ер адам. Кітап қалай? Бірдеңе оқып үлгердің бе?
Әйел. Иә, біздің жаңа әкімге арналған оданы оқып шықтым.
Ер адам. Қалай екен?
Әйел. Не деуге болады? Сол одада жаңа әкім ұлттық батырдай мадақталыпты.
Ер адам. Оның бізге келгеніне бір-ақ ай болған жоқ па? Бір айдың ішінде не тындырыпты сонша ода арнайтындай?
Әйел. (мырс етіп күліп) Е-е… сол ода болмаса бұл кітап та жарық көрмеуші еді. Аудан бюджетінен қаржыланыпты деген сыбыс бар.
Ер адам. Ендеше түсінікті! Қазіргі заманда кітап басып шығарғың келсе, не биліктегі біреуді, не қалталы біреуді мадақтау керек…
Екеуі де столға жақындаған Мерген мен Мақпалды көріп, әңгімелерін жалғастырып кете барады.
Мерген. (екі стаканға сусын құйып, біреуін Мақпалға ұсынады) Ода қалай?
Мақпал. Жарап-ақ тұр. Алайда…
Мерген. (мырс етіп) Алайда басқа өлеңдерге қарағанда нашарлау дейсің ғой…
Мақпал. Иә, дәл өзі! (ол да күледі)
Мерген. Әрине, ол заңды ғой. Еріксіз жазылған ән қандай, жүрек жарып шыққан сөз қандай?
Мақпал. Иә… әсіресе маған, «Қош, қайран ғашығым!» деген өлең ұнады. Қандай түбсіз мұң! Кімге арналған сол өлең? Самалға дейін десем… (күледі)
Мерген. Сен шынында да ештеңе білмейсің бе?
Мақпал. Жоқ… не білуім керек?
Мерген. Мен саған бір нәрсе айтайын. Саған өтірік – маған шын…
Мақпал. Жоға! Мен саған сенемін ғой.
Мерген. Сен шынында Қалкен мен Жазира туралы ештеңе естімедің бе?
Мақпал. А-а, онда түсінікті! Арғы жағын айтпасаң да болады.
Мерген. Ал сен сол Жазираның біздің Басекеңнің тоқалы болғанын да білетін шығарсың?
Мақпал. (Мергенді көкірегінен итеріп жіберіп) Кет әрі! Не дейд?!
Мерген. (күліп жеберіп) Ой! Ол өзі бір дастанға лайық оқиға. Ол оқиғаның басын өзің де білесің – әкімнің бірінші жиналысында басталған… (Самал мен Алманың жақындап келе жатқандарын көріп, Мақпалды қолтықтап кетіп бара жатып) Есіңде ме? Қалкен сол жиналыста Басекеңе қарсы шығып оны Жазира қолдағанын?
Мақпал. Иә, иә! Айта бер…
Самал мен Алма Қайраттың жеткізген кітаптары бітіп қалғандықтан сусын ішіп, жемістерден ауыз тиюге столға жақындайды. Олардың соңынан бір жігіт пен қыз келеді.
Жігіт. Енді кітап сатылмай ма?
Алма. Кітап таусылып қалды.
Қыз. (күледі) Осы мен дегенде бәрі таусылып қалатын несі бар екен?
Алма. Жоқ, кітап бар, жететін. Қазір інім әкеледі.
Самал. Кешіріңіздер, біз осыншама көп сұраныс болады деп ойламап едік. Сәл тоса тұрыңыздар, қазір балам жеткізеді.
Жігіт пен қыз кетеді.
Алма. Шынында да папам нағыз ақын екен! Мен оның өлеңдерін оқырман дәл осындай ынтамен қарсы алады деп ойламағам. Қарашы – тұсау кесерге келген халықты – құмырсқадай құжынайды!
Самал. (сусын ұрттап жатып, мырс етіп күледі) Осылардың бәрі әкеңнің поэзиясына құштар оқырман деп ойлайсың ба?
Алма. (шешесіне таңырқай қарап) Бөтен адам мұндай кешке келе ме?
Самал. Әй, баламысың деген осы! Бұл халықтың көбін әкімшілік жинап отыр. Әкімнің атынан әр мекемеге, мәселен, біздің мектепке: «Бәлен кісі тұсау кесерге барсын» – деген үкім келіп түсті. Сосын біздің директор мұғалімдерді жинап алып: «Сен тұсау кесерге барасың, сен, сен және сен!» – деп бұйырды. «Тұсау кесерде әрқайсың бір-бір кітап сатып аласыңдар, дүйсенбі күні өзім тексерем. Кімде кітап болмаса, кім тұсау кесерге қатыспаса – менен жақсылық күтпеңдер» деген. Қандай шаралардың арқасында мына зал халыққа толтырылғанын, неліктен әкеңнің кітабына осындай сұраныс туып отырғанын түсіндің бе енді?
Алма. (жүзіндегі қуаныш арайы су сепкендей басылып) А-а… солай ма еді… Сонда не үшін әкім папама мұндай сый-сыяпат көрсетіп отыр?
Самал. (күліп жіберіп) Әкім сенің әкеңді қайтсын! Ол өзінің қамын ойлап отыр. Кітаптың бірінші бетіндегі соған арналған, соны мадақтап жазылған оданы көрген жоқсың ба? Әкім бұл тұсау кесермен өзінің беделін тағы бір биік дәрежеге көтерейін деп тұр. Көрмейсің бе – ұлттық теледидардан корреспонденттік топ келгенін?
Алма. Ода? Ол ода әкімге арналған ба еді? Бір… Басеке деген кісі туралы емес пе.
Самал. Басеке – сол әкімнің өзі! Басар Базарұлы! Атын атасаң да Басеке, бастық десең де басеке! Осы күнге дейін әкімнің есімін білмей қайда жүргенсің?
Алма. Жоқ… папамның әкімді мақтап ода жазатынына сену қиын. Мұндай іс папама мүлдем лайықты емес.
Самал. Енді не істемек? Сол ода болмаса кітап басылымнан шықпайды. Ода болмаса оған мұндай тұсау кесер қайда? Мына құмырсқадай құжынаған халықты қалай жинап алушы едік? Мына залды бізге кім береді?
Алма. Иә, залды берсе несі бар? Папамдай ақынның тұсау кесеріне бермегенде, кімге береді?
Самал. Папамдай ақын! Кім оны біліп жатыр? Ал Балхан Жүсіпова қандай әйгілі әнші еді! Эстрада жұлдызы емес пе еді! Ал соған осы залды бермеді ғой. Ол осында концерт қоя алмай кетті. Соның бәрін істеген біздің әкім. Ол бүкіл мекемелердің басшыларына «Балханның концертіне ешкім бармасын» деген бұйрық беріпті. О жолы біздің директор «оқушыларыңа ие болыңдар, концертке біреуі барып қалса жауапты әкімнің алдына өздерің барып бересіңдер» деді. Содан «Балхан қаладан кетіпті» деген хабар келгенше балаларды сыныптан шығармай ұстап отырдым. Тіпті әжетханаға да шығармадым. Ал Балхан Жүсіпова кім – сенің әкең кім – өзің ойлашы.
Алма. (төмен қарап) Е-е… м-м…
Самал. Не? Не дедің?
Алма. Жәй… тек… маған енді бұл тұсау кесер қызық болмай қалды. Кітап та сатқым келмейді.
Самал. О не дегенің?! Кітап өтіп тұрғанда сатып қалу керек. Әсіресе мынадай жоғары бағамен. Саудадан түскен ақшаның отыз пайызы біздікі. Ертең, кітап дүкендеріне мұндай бағамен өткізе алмаймыз.
Алма. Бұл кітаптың бағасы мен үшін түсіп қалды. Кітаптың да, папамның да. Меніңше, папам бекер осы оданы жазып, текке шығармаларын арзандатып алды.
Самал. Үй! Сен не – ұмыттың ба? Әкеңді көндірген сен емес пе едің? Сенің көз жасың әкең үшін ақырғы тамшы болған жоқ па! «Әкім екеуіңнің қатынастарыңда жұмысым жоқ – тек тауарларымды қайтартып берсең болды, Қытай мен Түркияға баруға армандап жүр едім…» – сен емес пе осының бәрін айтқан?!
Алма. (жылап жібереді) Иә! Мен, мен! Бірақ мынадай сұмдық боларын, мұндай масқараға папамды батыратынымды білгенде, мен сол арманымнан бас тартар едім. (фартугін шешіп столдың үстіне тастай беріп жүгіре басып шығып кетеді)
Самал. (фартукты қолына алып жатып) Мынаны қарай гөр! Мен осы қызды түсінбеймін… (кетеді).
Кітап сатылысы доғарылғасын Қалкеннің жанындағы кезек те бітіп ол автограф жазудан босайды. Кезектің ақырғысы болып Жазира кітабын оған ұсынады. Қалкен ол кітапқа ештеңе жазбай орнынан тұрып бірінші планда тұрған столға беттейді. Жазира оған еріп келеді.
Қалкен. (сусын құйып жатып) Кешір, Жазира, мен саған автограф жаза алмаймын.
Жазира. Неге?
Қалкен. Не деп жазайын? «Бір сатқын екінші сатқынға кітап арнайды» – дейін бе? Бұл кітаптағы өлеңдерді мен саған арнап жазғам дың. Бірақ оның бәрі өткен өмірде қалды. Енді міне – мен бұл кітапты да сатып жібердім. Өте арзан бағаға саттым…
Жазира. (көзінің жасын сүртіп тастап) Сонымен біз сатқын атандық… иә, солай болды. Мен қазір өзімді жаман түс көріп жатқандай сезінем. Әне-міне оянып, осының бәрі тек түс екен ғой деп қуанып көкірегімді толтыра бір дем алсам ғой деп армандаймын. Әттең! Ояна алмаймын. Әрине, менің сатқындығым айқын… мен сені… сенімен бірге өзімді де бірінші болып сатып кеттім. Ал сен ше? Сен қалай құладың? Есіңде ме – мені күреске шақырғаның? Жарайды, менің затым әйел… қанша қауқарлансамда мен тек бір осал әйелмін. Ал сен неге күреспедің? Жаумен жалғыз қалып ойсырадың ба?
Қалкен. Жалғыз қалғаным шын. Бірақ, жалғыз да күресуге болар еді. Егер сол жау күрес ережелерін ұстанса. Ал егер ол ережелерді өрескел бұзса ше? Кіндіктен төмен ұрса ше? Орыстың мақалына сәйкес келмесе де жалғыз сарбаз да жауға төтеп бере алады. Тек қана сол жау ашық шайқасқа шықса. Ал егер жау сол сарбазды айналып кетіп, ту сыртындағы қорғансыз жатқан қатын-қалашты тұтқындап алып, «бала-шағаң өлмесін десең қаруыңды таста!» – десе не амал қалады?!
Жазира. Е-ей, адал арысым-ай! Сен мұның бәрін оу бастан білмедің бе? Өзің адал болғасын бұкіл жұртты да адал деп жүрдің ғой. Өзіңдей бүкіл жұрт өмірдің мағынасы адал еңбек пен биік нысаналар деп ойлап жүр дедің бе? Жо-оқ! Егер солай болса адамзат баяғыда жерұйықты тауып алушы еді. Биік нысаналар тек асыл даралардың еншісі. Еншісі де, соры да! Сен сол даралардың бірісің, сондықтан да әрдайым жалғыз боласың. Және де өмірдің бүкіл ауыртпалығы сенің, сен сияқты ардақтылардың басына түспекші. Бүкіл қиянаты, қатыгездігі мен әділетсіздігі, бүкіл зұлымдығы мен енжарлығы сенің еншіңе тимек.
Қалкен. Жоқ Жазира, мен дара емеспін. Мен сол ардақтылардың қатарына ене алмадым. Мен соларға сай бола алмадым. Мен, өкінішке орай, сол төніп келген зұлымдық пен қатыгездіктен басымды сауғалап алып кеттім. Ең ақырғы мезетте бұғып қалдым. Сен өзіңді менің алдымда кінәлімін деп санап жүрсің, өзіңді менің деңгейіме, дәрежеме жете алмадым, сай бола алмадым деп жүрген боларсың. Жоқ, олай ойлама. Сен айтқандай – сенің затың әйел. Ал менің ер деген атым бар еді. Сол ер деген атағыма сай бола алмадым, ерлік жасай алмадым, жауға төтеп бере алмадым, оған айламды асыра алмадым. Өжет сарбазбын деп жүріп, биік нысананы аламын деп жүріп, күнделікті ұсақ-түйек, күйбең тірліктің, тұрмыстың алдында екі қолымды көтеріп жауға берілдім де кеттім. Мені құртқан сол тұрмыс деген түбі жоқ тұңғиық, мен соған белуарымнан баттым да қалдым. Өжет сарбаз қатын болып шыға келді…
Кітап сатылуы қайтадан басталады, енді Қайрат өзі әкелген бумаларды өзі ашып, Самал сауданы жалғастырады. Қалкеннің сөзін тағы бір автограф алғыш топ бөліп жібереді.
Топ. «Қалкен аға, автограф жазып беріңізші!»; «Маған да!» «Міне, менің кітабыма да!» (Қалкенді қоршап алып Жазирадан алыстатып әкетеді)
Жазира солардың соңына біраз уақыт қарап тұрып, тұрып кетеді. Залға Жұмағали келеді.
Жұмағали. (Асығыс жүріспен мінберге өтіп кетіп жұрттың назарын өзіне қаратпақшы болып алақандарымен мінберді соғады) Тынышталыңыздар! Тыныштық! Тынышталыңыздар! Әй! Сөндір музыканы! (жұрт тынышталғасын) Астыртын хабар! Бүгін ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері біздің ауданымыздың әкімі Басар Базарұлыны өзінің кабинетінде, бес миллион теңге пара алып жатқан жерінде ұстап алып, тұтқындап абақтыға жапты. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Обылыс әкімінің бұйрығы бойынша, біздің ауданға жаңа әкім тағайындалғанша, әкімнің қызметі уақытша маған міндеттелді. Әкімшілік қызметкерлерін әкімнің жиналыс кабинетіне жиналысқа шақырып отырмын. Ал, енді тараңыздар, тұсау кесер бүгін болмайды.
Тұсау кесерге қатысушы біреу. Ал сонда қашан болады?
Жұмағали. Шынын айтсам – білмеймін. Қазіргі жағдайға қарағанда, мүмкін мүлдем болмайытын шығар.
Тағы бір дауыс. Қызық екен! Енді мына сатып алған кітаптарды не істемекпіз?
Жұмағали. Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Жалпы, бұл тұсау кесерді ұйымдастырған бұрынғы әкім-дің. Менің бұл іс шараға еш қатысым жоқ. Бұл сұрақты кітап авторына қойған дұрыс болар. (кетеді)
Сол дауыс. Автор, мына кітапты қайтып алыңыз. Ақшамды қайтып беріңіз.
Тағы бір дауыс. Мен де соны талап етемін.
Үшінші дауыс. Мен де…
Самал. (ашуланып айғайға басады) Жоқ! Болмайды! Сатылып кеткен тауар қайтып алынбайды! О несі ей!
Халық шуласып Қалкен тұрған столдың жанынынан өтіп жатады. Қалкен алақандарымен бетін басып төмен қарап үнсіз отырып қалады. Кейбіреулері сатып алған кітаптарын сол столдың үстіне тастап кетіп жатыр. Тіпті кейбір кітап жерге құлап түсіп жатыр. Самал өтпей қалған кітаптарын жинап, Қайрат екеуі соларды алып кетеді.
Ақырғы адам кетісімен Қалкен залда жалғыз қалады. Оның жанына ақын бала келеді. Оның қолында кітап.
Ақын бала. (Қалкенді түртіп) Аға, жұрттың бәрі қайда кетіп қойған?
Қалкен басын көтереді, оның көздерінен жас сорғалап отыр.
Бала. Аға! Сіз… неге жылап отырсыз? Үлкен кісі жылай ма?
Қалкен. (бетін сүртіп жатып жымияды) Жоқ… жылап отырғам жоқ. Жәй… көзіме бірдеңе түсіп кеткен-ау деймін. Сен… сен өзің қайдан келдің? (залда баланың ата-анасы бар ма дегендей жан-жағына қарайды) Сенің есімің кім болады?
Бала. Ақынжан. Мен ақын боламын.
Қалкен. (жымиып) Есімің жақсы екен. Ал ақын бала Ақынжан, шығарған өлеңдерің бар ма?
Бала. Иә, бар.
Қалкен. (баланы жанына отырғызып, қолындағы кітабын алып жатып) Кәне, оқып берші.
Бала. Мен Ақынжан баламын
Ата-ана тілін аламын.
Үлкен ақын болғанда
Өз жолымды табамын.
Қалкен. Бәрекелді! Сен шынында да Ақынжан екенсің. Ал мына кітапты саған кім берді?
Бала. Ешкім берген жоқ. Тауып алдым. Ә-әнеу гүл тұрған столдің жанында жерде жатыр екен, сосын көтеріп алдым. Кітап жерде жатпау керек қой, иә?
Қалкен. Иә, дұрыс айтасың. Не жатса да кітап жатпауы керек еді. Ал осы кітапты оқыдың ба?
Бала. Иә, оқыдым.
Қалкен. Ұнады ма?
Бала. (кітабын Қалкеннің қолынан алып, бетін ашады) Иә, ұнады. (бірінші бетін аттап өтіп) Жоқ, мына ода ұнаған жоқ. Ә! Мына өлең тамаша екен! Оқып берейін бе?
Қалкен. Оқышы…
Бала. «Болашақ ақындарға».
Келеді басқа заман, келеді әлі
Ақындар бас бостандық алар бәрі
Көкірегін еркін кернеп, бар дауыспен
Шырқатар ән-өлеңін жас пен кәрі.
Келеді әлі, келеді басқа дәуір
Адамдар бір-біріне болар бауыр
Сол дәуірге, шіркін-ай, жетер ме екен?
Өлеңімнің тым құрғанда бір шумағы.
Кім білсін, мүмкін жетер, мүмкін жетпес,
Жетсе де түсіне ме екен бір әріптес.
«Ақынның қолын байлау, тілін кесу,
Ешқашан, еш заманда мүмкін емес!» —
Десе де көрінбейтін кісен қолда
Кесілмеген тілің де тіс қорғанда.
Сол қорғаннан байқаусызда шығып кетсе
Тіл түгілі алынар қу басың да!
Келер ме екен басқа заман, келер ме екен?
Ақындар тіл бостандық алар мекен?..
Қалкен. Жақсы өлең екен. Кім жазғанын білмейсің бе?
Бала. Жоқ… Бірақ, кім болса да жақсы ақын жазыпты. Нағыз ақын екен.
Қалкен. (балаға байқатпай көзіне келген жасын сүртіп) Иә, мүмкін… мүмкін солай да болар… (орнынан тұрып балаға қолын береді) Ал, балақай, кеш болды ғой, кетейік.
Бала. (орындықтан түсіп Қалкенге еріп кетіп бара жатып) Иә, кетейік…
Шымылдық
Әке жүрегі
Драма
Кейіпкерлер:
АБАЙ – жараланған шекарашы.
САБЫР – Абайдың әкесі.
МАЙРА – Абайдың шешесінің аруағы, елес.
ҚҰРАЛАЙ – Абайдың зайыбы.
ӘМІР – Абайдың қайын атасы.
РАБИҒА – Абайдың қайын енесі.
ДАРХАН – ақсақал, апатқа ұшыраған жігіттің атасы.
ОРАЛ – кардиохирург.
ПРЕЗИДЕНТ, оның көмекшісі, қорғаушылары.
ИМАМ, жамағат.
ШЕКАРАБҰЗУШЫ, шекарашылар, әскери дәрігер.
Пролог
Шекара. Алақ-жұлақ артына қарап шекарабұзушы жүгіріп шығады.
Абай. (шекарашының формасында, үлкен тастың тасасынан шыға келіп, автоматын кезеп) Тоқта! Қолыңды көтер!
Шекарабұзушы. (тоқтамастан жақындай түсіп) Оу, інішек! Не боп қалды?
Абай. (шекарабұзушының басынан асыра атып жібереді, шекарабұзушы басын қолдарымен қауғалай екпетінен жата қалады) Тоқта дегенді түсінбейсің бе?! Автоматың қайда?
Шекарабұзушы. (Басын көтере) Әй! Өлтіресің бе! Қайдағы автомат? Маған автомат бітіп пе еді?
Абай. Бағана неменеден оқ жаудырдың? Менің жолдасымды тас лақтырып жараладың ба?
Шекарабұзушы. Ей! Не сандырақтап тұрсың? Қайдағы оқ жаудыру? Ең әуелі менен мылтық ату білесің бе деп сұрасаңшы. Өзің бейбіт адамды тоқтатып, автоматыңды шошаңдатып атып тастай жаздаған жоқсың ба!
Абай. Бейбіт адаммын дейсің, ә? (артын айналып келіп, автоматын желкесіне тіреп тұрып бір қолымен шекарабұзушыны тінітеді де қалтасынан шақша алып орнына келеді) Мынауың не?
Шекарабұзушы. Шақша, насыбай.
Абай. (шақшаның тығынын ашып иіскейді) Тұр. Сонымен бейбіт адаммын дейсің. Бейбіт адам шекара бұза ма?
Шекарабұзушы. (тұрып, үсті-басын қағып жатып) Шекарадан өтпей елге қалай қайтушы едім?
Абай. Ана жаққа не іздеп бардың?
Шекарабұзушы. Шақшамды қайтарып бересің бе? (Абай шақшаны лақтырып жібереді – ол қағып алып, алақанына бір салым насыбай түсіріп, аузына салады) О жаққа еріккеннен өтті деймісің! Кезінде Ауғанстанға соғысқа өкімет айдап жіберген. Сонда тұтқынға түсіп, енді міне зорға құтылып келе жатырмын. Жеттім бе еліме, жетпедім бе деп келгенде алдымнан сен сайтандай шыға келдің автомат атып. Енді досымды жараладың деп даурығып тұрсың.
Абай. Немене – жат жерде бейнет көргенің үшін кегіңді бізден алайын деп едің? Ауғанстанға сені айдаған біздің өкімет емес – о кезде билік Москвада болған.
Шекарабұзушы. Білемін. Менің мақсатым кек алу емес. Елге оралып жоққа айналған дінімізді тірілтуге келдім. Қазақтар қазір Ресей мен Американың малайы болып жүр, ата дінін ұмытып, шайтанның ойыншығына айналған. Бірақ біз халықты тура жолға саламыз. Бір Аллаһқа иман келтіріп, Мұхаммад пайғамбарымыздың (салаллаһу ғаләйһи уассалам) сүннетін орындауын үйретеміз надан қазаққа. Түсіндің бе енді? Сондықтан Аллаһтың ақ жолында тұрған мұсылманды бөгеме.
Абай. Қазақ халқы сенсіз де тура жолда. Аллаға шүкір, қазір дінімізге қайта оралдық. Ал сен сияқты Алланың атын жамылған арандатушылар бізге керек емес!
Шекарабұзушы. Ей, боқмұрын! Сен не біліп шатып тұрсың? Әйтеуір саяси сабақта естігеніңді жаттап алып сайрайсың. Қашан сен тура жолға түсіп едің? Кәнеки, айтшы – сен осы кәлимәні білесің бе? Аллаһқа иман келтірдің бе? Бес мезгіл намазыңды өтейсің бе? Ораза тұтасың ба? Жұма күні мешітке барасың ба? Оу! Сендерде мешіт те жоқ қой! Сен кәпір сүндетке де отырғызылмаған шығарсың.
Абай. Неге? Отырғызылғанмын.
Шекарабұзушы. Е! Тасақтың бас терісін кесіп тастап оп-оңай мұсылман бола қалайын деп жүрсің ғой, иә? (қарқылдап күледі)
Абай. Мүмкін біз діннің егжей-тегжейіне жете қоймаған шығармыз, бірақ сен сияқты жалған молдалар бізге керек емес! Біз Аллаға сенеміз, білгенімізше ғибадат етеміз.
Шекарабұзушы. (ақырын білдірмей Абайға жақындай түсіп, тісінің арасынан шырт-шырт түкіріп қойып) Е-ей, қараңғы надан қазекем-ай! Аллаһ тағала әркімге ойына келген түрде ғибадат етуіне рұқсат берген жоқ. Ол Мұхаммад пайғамбарымыз (салаллаһу ғаләйһи уассалам) арқылы діннің негізгі қағидаларын түсірген. Ал сен сияқты жәхилге ерік берсе, әлгі иога тәрізді аяғыңды көкке тігіп, басыңда тұрып сиынуға барсың. Сендер мұсылман емессіңдер, өңкей кәпір мен мүшрік!
Абай. (автоматын көтеріп) Тоқта! Өлгің келмесе тоқта! Аузыңды жап та қолыңды көтер. Мүмкін біз «қараңғы қазақ» шығармыз, бірақ сен сияқтылардың оқ жаудырып, дүренің астына алып намазға жыққанымен жүрекке иман қона қоймас. Әңгімені доғар. Әңгімелесесің әлі тиісті жерде.
Шекарабұзушы тесірейіп шекарашыға бір қарап алып, қолдарын көтеріп теріс айналады.
Абай. Жүр ілгері. Тергеуге алғанда көрермін жаңағыдай сайрағаныңды. Тығып тастаған автоматыңды да табармыз.
Екеуі жүре бергенде аспаннан гүріл естіледі. Абай көкке қарап, алақанымен қабағының үстін көлегейлейді. Гүріл үдейе түсіп көп ұзамай дәл төбеден желдетіп тікұшақ тұрып алады. Абай ұшқыштарға қол бұлғап айқайлайды. Осы кезде шекарабұзушы етігінің қонышынан қанжар суырып алып, Абайдың автоматына жармасады. Абай қаруын босатпайды. Шекарабұзушы оның кеудесіне қанжарды салып кеп жібереді.
Шекарабұзушы. Мә! Өл, құры, кәпір неме!
Ол енді Абайдың автоматын жұлып алмақшы болып әуреленеді. Абай қаруын босатпайды. Осы кезде тікұшақтан арқан бойымен шекарашылар зырылдап түсе бастайды. Мұны көрген шекарабұзушы Абайды итеріп жіберіп қаша жөнеледі. Абай автоматын кеудесіне қыса шалқасынан түседі. Шекарабұзушының алдынан шыққан шекарашылар оны тұтқындайды. Тікұшақтан түскен әскери дәрігер Абайдың жанына жүгіріп келіп тізерлей отыра кетіп бетіне үңіледі.
Дәрігер. Абай! Абай!
Осы кезде жарық сөніп сахна қараңғылыққа батады.
Бірінші көрініс
Дәрігердің кабинеті. Орал, кардиохирург, өзінің орнында. Сабыр мен Құралай кіреді. Олардың үстінде ақ халат. Құралайдың аяғы ауыр, екі қабат.
Сабыр. Ассаламу ғалайкүм.
Орал. Уағалайкүм ассалам. Сіз кім боласыз?
Сабыр. Менің есімім Сабыр. Мен осы ауруханаға түскен шекарашының, Абайдың әкесімін. Мына бала, Құралай, келінім.
Орал. Жоғарлатыңыз, отырыңыз. (Сабыр мен Құралай дәрігердің қарсысында тұрған орындықтарға отырады) Менің есімім Орал. Шекарадағы госпитальда Абайдың жарасын тігіп жамапты. Алайда қанжардың жүзі жүректі сызып кеткенін байқамапты. Енді сол жері қарайып кетіпті, және сол дақ күн сайын ұлғайып келеді. (қолына рентген суретін алып Сабырға көрсетіп) Міне, көрдіңіз бе, әжептәуір жерге жайылып үлгеріпті.
Сабыр. (дірілдеп тұрған саусақтарымен суретті ұстап жарыққа қарап) Құлыным-ау! Енді не істедім?! (суретті үстелге қоя салып қол орамалын көздеріне кезек-кезек басып алып Оралға бұрылады) Сонда не – Абайдың жүрегі жарамсыз болып қалды ма?
Орал. Иә. Біз қолдан келгенді істеп бағып жатырмыз, бірақ қазірден белгілі болды – балаңыздың жүрегі көпке шыдамас.
Сабыр. Сонда не? Сонда…
Құралай. Орал аға, сіздің клиникаңызда жүрекке операция жасайды деп естігенмін. Абайдың жүрегінің қарайған жерін сылып алып тастамайсыз ба?
Орал. Өкінішке орай жүрек сан еті емес, кесіп алып терісін тартып жамай салатын. Енді тек жүрегін басқа донорлық жүрекпен алмастырумен ғана Абайды аман алып қалуға болады.
Сабыр. (елең ете түсіп) Ә! Ол сіздің қолыңыздан келе ме?
Орал. Иә, біздің клиникада ондай операциялар қолданылады.
Сабыр. Сонда не – Абайға ондай операция жасауға болмай ма?
Орал. Неге болмайды? Оны қүтқаратын бір ғана жол бар – оның жүрегін басқа жүрекпен алмастыру арқылы.
Сабыр. Жақсы. Абайға басқа жүрек қондырып оны емдеп, жазып шығаратыныңызға біз кәміл сенеміз.
Орал. Аға, о жөнінде әлі сөз қозғау ерте. Ең әуелі Абайға жарайтын жүрек табу керек. Ондай жүрек жоқ әлі. Кез келген жүректі сала салмаймыз ғой. Жалпы донорлық жүрек деген өте қымбат нәрсе. Біз өкімет басшысына, донорлық мүше сатып алуға тиісті қаржы бөліп берсін деп өтініш жөнелттік. Абай жүрегінен ерігіп жүріп айрылған жоқ – мемлекеттік шекараны қорғап жүріп жараланды. Менің ойымша өкімет көмек көрсетуге тиісті. Ал о жақтан әзірше жауап жоқ.
Сабыр. Сол жүректің бағасы қандай? Менде оншақты қара мал мен үш-төрт бас жылқы бар. Соның бәрін сатсам… сосын ел-жұрт, ағайын-туыс көмек көрсетер. Иншалла, жинап аламыз керекті қаражат.
Орал. (сәл езуін тартып) Аға, сол малыңызды өткізіп, ағайын-жұртыңыздан, газет, радио мен теледидарға хабарландыру беріп тиісті қаражат жиып алуға болатын шығар. Бірақ соның бәрі қанша уақыт алады? Ал сол ақша қолға түсісімен донорлық мүше табылғанша қанша уақыт өтеді? Абайдың жүрегі көп тоса алмайды. Сондықтан бүгін қаржы мәселесін шешіп қосалқы мүшелердің банкілеріне заказ жөнелту керек. Сізге беретін кеңес – осыннан тұп-тура өкімет үйіне барып сондағы басшылармен жолығып қаржы бөлуін талап етсеңіз.
Сабыр. (түрегеліп) Жақсы. Онда мен сонда тарттым. (Құралайға қарап) Қызым, сен үйіңе бара бер, дем ал, ішің ауырып қалмасын.
Құралай. Жоқ, мен мамам мен папамды күтемін. Олар қазір осында келуге тиісті.
Орал. Онда әке-шешеңізді дәлізде күте тұрыңыз.
Құралай да тұрып Сабыр екеуі есікке беттей бергенде телефон шыр етеді. Екеуі де тоқтай қалып, телефонның тұтқасын алған Оралға бұрылады.
Орал. (телефон тұтқасына) Алло? Иә, мен кардиохирургпын. Иә, Орал Сейітұлымын. Иә, иә, шекарашы… О жөнінде менің күмәнім жоқ. Жарамайды. Көп болса он-он бес күн. Әрі кетсе жиырма-жиырма бес. Ол ағзасының мықтылығына байланысты… Жоқ, қаржы бүгін қажет. Ия, ертең кеш болу мүмкін… Жақсы! Тіпті жақсы! Біз қабылдауға дайынбыз. (тұтқаны орнына қойып Сабыр мен Құралайға қарап) Сіздердің жолдарыңыз болайын деп тұр. Жаңа Президент әкімшілігінің бастығымен сөйлестім. Біздің өтінішімізді өкімет басшысы Елбасына бағыттапты. Елбасы өтінішті оқып қолма-қол осында келіп Абайдың жағдайымен танысқысы келетінін айтыпты. Сіз Елбасымен жолығып жағдайды өзіңіз айтқаныңыз жөн болар.
Сабыр. Әлхамду лиллаһ! Аллаға шүкір! Елбасы қазір келе ме?
Орал. (сағатына қарап) Он бес – жиырма минутта келіп қалар. Сіздер ешқайда кетпей отыра тұрыңыздар, ал мен дәрігерлерге бұл хабарды жеткізіп Елбасын қарсы алайын.
Шығып кетеді. Сабыр мен Құралай іргедегі орындықтарға отырады.
Сабыр. Қызым, шаршаған жоқсың ба? Үйге барсаң қайтеді?
Құралай. Ештеңе етпейді. Шыдай тұрармын. Президенттің келгенін тосайын, мүмкін Абайға жүрек тауып берер. Және де папам мен мамам келіп қалуға тиісті.
Сабыр. Құда мен құдағи келіп, төртеуіміз төрт жақтан жамырасақ, Елбасы бірдеме қылар, Алла қаласа.
Құралай. (тұра беріп) Әне, олар да келді!
Әмір мен Рабиға кіреді.
Сабыр. (тұрып құдасын қарсы алады) Ассаламу ғалайкүм, құда!
Әмір. (салқындау, Сабырдың созған қолын байқамағансып) Уа ғалайкүм ассалам. (қызына бұрылып) Амансың ба, қызым?
Сабыр. (қолын Рабиғаға созып) Мал-жан аман ба, құдағи?
Рабиға. (қолын алып) Аман ғой, шүкіршілік. Өзіңіз қалайсыз – ат-көлігіңіз аман жеттіңіз бе? Жолдан келісімен тынығып алдыңыз ба?
Сабыр. Е-е, енді Абай сауықпай қайдағы тынығу дейсіз.
Әмір. Иә, тауып қойдыңыз ғой сау басқа сақина!
Сабыр. (құдасына таңырқай қарап) Бұ не дегеніңіз, құда? Қалай түсінуге болады бұл сөзіңізді?
Әмір. Түсінбейтін несі бар? Сап-сау жүрген жігітті әскерге айдап салған жоқсыз ба!
Рабиға. Әмір!
Әмір. Әй, Рабиға, осы сен үндемей отыршы!
Сабыр. (абыржыңқырап) Мен бе екен… оны айдап салған? Отанының алдындағы борышын өтеуге шақырылған жоқ па.
Әмір. Тү-ү! Қайдағы бос сөзге әуес біздің қазақ! Қайдағы борыш ол? Ұмыттыңыз ба – мен военкоматтағы достарым арқылы оны әскери міндетінен босатып алайын дегенде, «атаң да соғысқа қатысқан, әкең де әскерде болған, сен де қалма, ағайын-туыстан ұят болады» деп Абайды қайрап-қайрап жөнелткеніңізді!
Сабыр. (өңі бұзылып кетіп) Ия, мен сонда солай дедім. Бірақ мен осылай болатынын білген жоқпын ғой! Алайда, әскерге барып отанының алдындағы борышын өтеу әр азаматтың міндеті. Абай сол міндетін жақсы өтеді, жаудан тайсалмай оны тұтқындады, мен оған ризамын.
Әмір. Һм! Сонда не – әкесі риза болу үшін баласы өлу керек пе? Енді келініңіз жап-жас басымен жесір қалғанына да риза боларсыз? Ана ішіндегі баласы тумай жатып жетім қалғанына да риза боларсыз? (Рабиға оны шынтағымен бүйірінен ақырын түртеді) Ей кетші-ей! Несіне түртесің? Немене – өтірік пе осының бәрі?
Сабыр. (өңі мүлдем бозарып кетіп) Оу, құда! Сөзіңіз қандай еді, өңменімнен өтіп кетті ғой. Абайды күні бұрын жерлегеніңіз қалай? Ол әлі тірі емес пе?
Әмір. Иә, әйтеуір әлі тірі. Шамалы жұбаныш…
Рабиға. (жуып-шәйіп) Құда, сіз ренжімеңіз Әмірдің сөзіне – әбден ашынғасын айтқаны да. Және де со жолы сіз кірісіп кетпегенде Абай көніп-ақ тұр еді. Қаншама жігіттер ебін тауып әскери міндетінен босанып жүр ғой қазіргі заманда.
Сабыр. Ондай жігіттерде менің жұмысым жоқ. «Жігіттер» деп айтуға да аузым бармайды. Сол арсыздарды да қорғап қалды ғой менің Абайым. Абай болмаса сол жауды кім тоқтатар еді? Абай сияқты жауынгерлер болмаса біз осылай бейбіт отырар ма едік?
Әмір. Тү-ү! Қайдағы жау қазіргі заманда! Күнкөрісін ойлап жүрген біреу де!
Сабыр. Күнкөрісін?! Қандай күнкөрісті айтып тұрсыз?
Әмір. Білмейсіз бе? Шекараның арғы жағынан бірдемелерді өткізумен айналысады ондайлар.
Сабыр. (бүкіл денесімен құдасына бұрылып) Бірдемелерді? Есірткі десеңізші!
Әмір. (иығын қиқаң еткізіп) Ия, солай-ақ болсын.
Сабыр. Сонда не – есірткі тасыған адам жау емес пе?
Әмір. Қайдағы жау ол! Саудагердің бір түрі. Абай оған өзі килігіп ұрынбағанда дән пәле болмас еді. Бишара бала үйін, мына сорлы әйелін сағынып, демалыс алайын деп килікті ғой оған! Жуырда ғана Құралайға жазған хатында сондай бір шекарабұзушыны тұтқындағаны үшін басқа заставадағы біреу демалысқа барып келіпті деген күйеу бала.
Сабыр. (басын шайқап) Мен де сондай хат алғам. Бірақ мәселе онда емес. Егер шекарабұзушыны тұтқындағаны үшін демалыс бермесе де ол оған ұрынушы еді сіздің сөзіңізбен сөйлесек. Өйткені ол оның міндеті, отанының алдындағы борышы, басқасын әбден былай қойғанда ол оның жұмысы. Саудагердің бір түрі дейсіз. Қай саудагер адамның баласына, өзінің отандасына, өзінің қазағының жүрегіне қанжар салар еді?!
Әмір. Е! Тауарынан айрылатын қауіп төнсе, кеудесінде жаны бар кез келген саудагер соны істейді. Шекараға барып… әй, онда барудың да кажеті жоқ – елдің ішінде тауар әкеле жатқан саудагердің бұйымын тартып алшы – көресің не істерін. Қанжармен жара ма, әлде мылтықпен атып тастай ма!
Сабыр. Мен сіздің мына сөзіңізді түсінбеймін. Есірткі тауар емес – ол шайтанның уы! Біздің жастарымызды жындандырып, азаптап өлтіретін у! Соны білмеймін дегеніңізге сенбеймін.
Әмір. Білемін! Неге білмеске? Ал арақ немене? Ол у емес пе? Оны ішкен жастар жынданбай жүр ме? Алайда оны тауар дейміз. Қандай айырмашылық бар осы екі затта?
Сабыр. Иә… арақ та у… бірақ арақты сатуға өкімет тиым салып тұрған жоқ…
Әмір. Осы ғана ма айырмашылығы? Ә?
Сабыр сөз таба алмай үндемей қалады. Әмір оны сөзбен жеңгеніне масаттанып әйеліне қарайды.
Рабиға. Жарайды, айтысты қоялық. Не болса да болған іс болды. Енді Абайды құтқаратын шараны ойластырайық. Дәрігер не дейді?
Сабыр үндемейді.
Құралай. Абайдың жүрегін басқа жүрекпен алмастыру керек екен. Ал оны сатып алу үшін ақша қажет. Және де сол ақшаны бүгін табу керек – ертең кеш болады дейді Орал аға.
Әмір. Орал ағаң кім өзі?
Құралай. Абайды емдеп жатқан дәрігер.
Әмір. Һм! Ол ақшасының мөлшері де аз емес шығар. Бәлен мың доллар болар. Аяқ астында оны қайдан таппақпыз?
Құралай. Қазір Абайдың жағдайын білуге осында президент келеді екен. Орал аға: «Президентке жолығып өкіметтен қаржы бөлуін талап етіңіздер» – деді.
Әмір. Сөзінің оп-оңайын қарашы! Президент біздің мекеменің бастығы болар ма. Оған өтініш жазбаса оның жанына бізді жолатар деймісің?
Сабыр. Өтінішті Орал өзі де жолдапты. Алайда оның нәтижесін көп күтуге уақыт жоқ. Қайтсе де бізге Елбасына жолығу керек. «Бала жыламаса емшек берілмес» демекші, жан-жақтан жамырау керек.
Президенттің көмекшісі кіріп келеді.
Президенттің көмекшісі. (отырған адамдарға жақындап келіп) Ассаламу ғалайкүм. Мен Президенттің көмекшісімін. Жедел бөлмені босатыңыздар! Қазір осында президент келеді.
Сабыр. Уағалайкүм ассалам. (орындарынан тұрып шығуға беттеген құда-құдағиына) Тоқтай тұрыңыздар! Біз не үшін отырмыз осында? Елбасымен жолығамыз деп келіскен жоқпыз ба! (президенттің көмекшісіне) Інішек, сен бізді қума. Біз елбасын әдейі тосып отырмыз.
П. көмекшісі. Елбасын тосып?! Жоқ, болмайды! Бөлмені босатыңыздар. Аурухананың басқа қабатына ауысыңыздар немесе далаға шыға тұрыңыздар. Президент кеткеннен кейін кіресіздер.