282 000 книг, 71 000 авторов


Электронная библиотека » Леонид Вариченко » » онлайн чтение - страница 18

Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"


  • Текст добавлен: 4 августа 2017, 13:20


Текущая страница: 18 (всего у книги 26 страниц)

Шрифт:
- 100% +
Бесінші көрініс

Сол бөлме. Бір ай өтті. Тойжан мен Дарын төсекте жатыр. Екеуінде бір сотка.


Тойжан. (сотканы өзіне тартады) Кәне, кәне! Не депті олар сонда?

Дарын. (сотканы өзіне тартады) Тоқтай тұр! Олардың дегені бос сөз. Біз оларға былай деп жауап береміз. (кнопкаларды пипылдатады)


Мұрат пен Сания кіреді. Санияның үстінде хиджаб. Көздерін еденнен көтермейді.


Мұрат. Сания, намаздың уақыты келіп қапты. Дәретің бар ма?

Сәния. О, й… (йес дей жаздап тоқталады) и… иншалла, бар!

Мұрат. Машалла! Онда намазға тұрайық.

Дарын. О, Сәния! Инглишың қайда? Баяғы шортың мен топигің қайда?

Тойжан. Иә, дәл осы Сәния хиджап киеді десе сенбес едім.

Мұрат. Алланың мархамәтінде шек жоқ. Кез келген адамды тәубеге келтірем десе – келтіреді.

Сәния. Әлхамду лиллаһ!


Екеуі екі жайнамаз алып, Мұрат ілгері, Сәния артта тұрып намаз оқиды. Тоқтар мен Алтынай келеді. Алтынайдың үстінде спорттық киім. Екеуі гиря мен гантельге жармасып дене шынықтыру бастайды.


Тоқтар. Алтынай, сен өте жақсы жаттығып жүрсің. Бір айдың ішінде-ақ бұлшық еттеріңді қалпына келтіріп алдың.

Алтынай. Бәрі сенің арқаңда, Тоқтар.

Дарын. Алтынай, ал сен бұзылып кетіпсің.

Тойжан. Иә, хиджабың қайда қалған?

Алтынай. Ислам спорттық киімге тиым салмайды. Спортпен айналыспа демейді.

Тоқтар. Иә, керісінше – мұсылманның рухы да, тәні де мықты болу керек.


Шоқан мен Майгүл келеді. Шоқан ақырғы модамен киінген, басында модный прическа. Екеуі айна мен бейнекамера алдында неше түрлі поза ауыстырады.


Шоқан. (костюмының жағасын көтеріп) Майгүл, мен жағамды көтеріп қойсам қайтеді, ә?

Майгүл. (бас бармағын шошайтып) Супер! Сен енді кастингтен өтесің, ол үшін күмәнданба.

Шоқан. Сен солай десең күмәнім жоқ.

Дарын. Майгүл, сен шынында да суперпедель екенсің.

Тойжан. Иә, ауылдың қара домалағын фотомодель қылғасын дауа жоқ.

Майгүл. Әр қара домалақтың ішінде бір түйір болса да алтын-күміс жатады.

Шоқан. Иә, тек қана сол алтынды тауып ала білу керек. (Майгүлдің бетін алақанымен ақырын ғана қағып қалып) Біздің Майгүл супер ғой.


Психолог келеді. Тойжан мен Дарын төсектен тұрады, Мұрат пен Сәния намазын тәмәмдап жәйнамаздарын жинайды. Тоқтар мен Алтынай гиря мен гантелдерін қояды. Шоқан мен Майгүл айна мен бейнекамераны тастап, барлығы психологқа жақындайды.


Психолог. Бәрекелді! Міне, енді тамаша жарастыңдар. Жігіттер, қыздар! Реалити-шоу өз мәресіне жетті. Ендігі, ең маңызды шаруа – некелесу. Кімде-кімнің мешіт пен загсқа баратын ниеті болса – хош! Некелесуге дайындайтын сән салоны тосып тұр.


Есік жаққа шақырып ишарат білдіреді. Жастар уласа-шуласа со жаққа ұмтылады.


Психолог. (жалғыз қалып) Міне, менің идеям өз жемісін берді. Бірін-бірі керек қылмаған сегізден төрт тату жұп ұйымдастырып шығардым. Сондықтан, кімде-кім үйлене алмай, немесе күйеуге тие алмай жүрсе маған келсін. Мен оған көлденеңді көк аттыны қосақтап, реалити-шоуға, бейнекамераның астына тығып кеп жіберемін. Бір ай өтісімен мешітке барып некелесіп, загсқа барып тіркеледі. Берік отбасын құрады. Үбірлі-шүбірлі болады. Үлкен бір әулеттің ата-анасына айналады. Сонымен, бірге қартайып, жүзге келіп, бір күнде о дүниеге аттанады. Сосын… (артық кеткенін түсініп) айтпақшы, арғы жағы менің компетенцияма кірмейді.


Бастық келеді.


Психолог. Ассаламу ғаләйкүм! (қарсы алып қолын береді)

Бастық. Уа ғаләйкүм ассалам! Қал қалай?

Психолог. Жақсы.

Бастық. Жастар қайда?

Психолог. Сән салонына кетті.

Бастық. Қайдағы салон! (сағатына қарап қойып) Олар енді қашан мешітке бармақ? Қашан загсқа бармақ?

Психолог. Саспаңыз, бастық! Мен сән салонын жатақханада ұйымдастырдым. Көрші қыздардың бөлмесінде. Қазір-ақ дайын болады. (некелесетін киім киген жастардың келе жатқанын көріп) Міне, алды келіп те қалды.


Жұптар біртіндеп қайтып оралады да бастық пен психологтың алдында сап құрып тұрады.


Бастық. Жастар! Тойларың құтты болсын! Бақытты болыңдар. Сайыс аяқталды. Шынын айтсам, төрт жұптың төртеуі де сайыстың мәресіне жетіп некелесер демеп едім. Сондықтан бұл сайыстың жеңімпазы жоқ деп жариялаймын.


Жастар шуласып кетеді. «Қалай жеңімпазы жоқ?!», «Олай болмайды!», «Әлде бізді алдадыңыз ба?!» деп жатыр.


Бастық. Тынышталыңдар! Ешкім ешкімді алдаған жоқ. Біз, әкімшілікпен ақылдаса келе, бір жұпқа төрт бөлмелі пәтер беріп қалған үш жұпты құр алақан қалдырмай, төрт жұпқа төрт пәтер беруді ұйғардық.


Жастар тағы да шулап кетеді. «Жарайсың бастық!», «Жарайсың психолог!», «Жарайсың әкімшілік!» деп жатыр.


Бастық. Тынышталыңдар! Жарауын жараймыз ғой. Тек қана бір ескеретін жәйт бар. Бір жұпқа төрт бөлмелі пәтер бергенше, төрт жұпқа төрт… бір бөлмелі пәтер бергенді дұрыс көрдік. Осы шешім дұрыс па?


Жастар тағы да шулап кетті. Олардың үнінде енді энтузиазм жоқ. Сонда да: «Осыған да тәубә, шүкір, қанағат…» деп жатыр.


Бастық. Бәрекелді! Мен әуелден сендермен түсіністік табармын деп үміттенгем. Соған ризашылығымды білдіремін. (жан-жағына қарап қойып) Ал, не тұрыс? Кеттік мешіт пен загсқа!


«Той жыры» немесе «Жар-жардың» әуенінің ырғағында бастық пен психолог бастаған жастар кете барады.

Алтыншы көрініс

Сол бөлме. Тек қана терезе жабық. Бөлменің бұрынғы тұрғындары үйленіп өздерінің пәтерлеріне кеткесін, жатақханаға басқа жігіттер мен қыздар келген. Бірақ бейнекамера мен бағдаршам со бойында қалған. Дарынның төсегінде бір жігіт жатыр. Оның қолында сотка, ол агентте. Оның жанында Сәния тәрізді киінген қыз отыр. Бұрышта бір жігіт гантель көтеріп жаттығып тұр. Бөлмеге ауылдан келген жігіт кіреді.


Ауылдың жігіті. (қызға ұмтылып) А! Сені іздеп жүрсем осында екенсің ғой.

Қыз. (мұрнын тыржитып) О, май гоот! Бойыңнан тезектің иісі мүңкіп тұр, сондықтан маған жұғыспай әрмен жұр.

Жалқау жігіт. (төсекте жатқан орнынан) Қалай ғана жұғыспасын? Ол саған ғашық емес пе! (мысқылдай күледі)

Ауылдың жігіті. (жалқауға жетіп барады) Әй, сен! Сен!

Жалқау жігіт. Иә, мен, мен! Не қылайын деп едің, малшының малшы баласы?

Ауылдың жігіті. Мен малшының баласы емеспін! Менің әкем инженер.

Жалқау жігіт. Ин-же-нер! Мүмкін итжегер шығар? (күледі, оған качок пен қыз қосылады) Сен өзі Чукоткадан келген жоқпысың?

Ауылдың жігіті. Менің келген жерім қалалық типті поселок. Яғни, кішігірім қала деген сөз.

Качок. (шынығуын тоқтатпастан) Ауыл типті поселок десеңші.

Ауылдың жігіті. (качоктың жанына жетіп барады) Әй, качок! Кімнің сиыры мөңіресе де сенікі үндемесе екен. Шаруа қожалығының қара-торы өгізі! (жасыл шам жанып-сөніп жыпылықтайды)

Качок. (гантельді тастамастан жігітке төнеді, кеудесімен итеріп-итеріп қалады) Кім өгіз? Кім өгіз? Сен, жігітім, байқап сөйле! (сары шам жанады)

Ауылдың жігіті. Ал байқамасам ше? Не қылайын деп едің?


Качок оны білегімен қойып қалады. Жігіт ұшып түседі. Қыз бен жалқау жігіт күледі.


Қыз. О кей! Міне, әлін білмеген әлек деген осы.

Ауылдың жігіті. (атып тұрып қалш-қалш етеді) А! Бұлай қорланғанша өлгенім артық! (қызыл шам жанып-сөніп дабыл қағылады)


Ауылдың жігіті терезеге жетіп барып жұлқылайды. Терезе ашылмайды. Енді ол есікке қарай ұмтылады. Осы жерде оған қарсы бастық пен психолог кіріп келеді.


Бастық. (жігітті шап беріп) Тоқта, тоқта! Не болды?

Ауылдың жігіті. Жіберіңіз, ағай!

Бастық. Қайда барасың?

Жалқау жігіт. (орынынан тұрмастан) Бастық, ол жоғарғы қабаттағы терезеден секіріп өлем дейді.

Бастық. Жо-жоқ! Ол болмайды. Мен жатақхананың бүкіл терезелерін мына-андай (саусақтарының сүйемін ашып көрсетіп) шегелермен қағып тастатқам.

Психолог. Неге?!

Бастық. Бізге әкімшілік ай сайын төрт пәтер бере-берер деймісің?

Психолог. Онда мына жігіттер мен қыздарды қалай татуластырамыз? Реалити-шоуға бәйгеге не тігеміз?

Бастық. Реалити-шоушылын мынаның! Ұмытпа – сен шоумен емес, психологсың. Сондықтан, әке-көкелей бермей жастардың психикасына қысым жасап жібер. (шығып кетеді)

Психолог. М-м… (бастық кетісімен жан-жағына қарайды) Психикасына қысым жаса дей ме… (қызға) Қарағым, бері келші.

Қыз. (жақындап келіп) Уат?

Психолог. Уат-матыңды қой! Мені тыңда. Мына жігітті көріп тұрсың ғой?

Қыз. О, йе… (йес дей жаздап) ие, ие, көріп тұрмын!

Психолог. Көріп тұрсаң бұ жігітті өз қамқорлығыңа ал. Дәл осындай ауылдың жігітінен осындағы бір қыз бір айдың ішінде фотомодель дайындап шығарды. (қалтасынан екі фото алып шығып) Міне, сенбесең қара – мынау со жігіттің осында оқуға келгендегі түрі, ал мынау кастингтен жеңімпаз атанып белгілі фирмамен келісім шартқа отырғандағысы.

Қыз. (фотоларға қарап алып) О, май гоот! Ғажап!

Психолог. Егер осы жігітпен тіл табысып тату болсаңдар, екеуіңді теледидарға, «Кәне, үйленейік!» бағдарламасына жібереміз. Осыған келісесіңдер ме?

Жігіт. Әрине, келісеміз!

Қыз. (жігітке қарап қойып) Келісейік… көрейік.

Психолог. Әб-бәрекелді!


Қыздың қолын жігітке ұстатып табыстырады. Мұны естіген басқа екі жігіт психологқа жақындайды.


Качок. Ағай, мен де сол бағдарламаға қатысқым келеді.

Жалқау. Мен де!

Психолог. Онда жігіттер, көрші бөлмедегі қыздардан өздеріңе болашақ қалыңдық таңдап алыңдар. (жан-жағына қарап) Айтпақшы, әлгі молда қайда? Ол бағдарламаға қатысықысы келмей мекен?

Ауылдың жігіті. Жоқ, қатыспайды.

Психолог. Неге?

Ауылдың жігіті. Өйткені ол үйленген жігіт.

Психолог. Ә? Солай ма еді? Сонда оның келіншегі қайда?

Қыз. Біздің бөлмеде тұрады. Әлгі хиджап киіп жүрген келіншек ше.

Психолог. Ә, солай ма еді? Онда тіпті оңай болды. Міне, екі жұп дайын болды. (качок пен жалқауға) Ендігі кезек сендерде. Дәл қазір көрші бөлмеге барып сондағы екі қызды қолға алып, бастарын айналдырып, бағдарламаға қатысуға көндіріп келіңдер. (кетіп бара жатқан жігіттерге) Тек бетімен, «мен мынаны алам, сен ананы ал» деп таласып жүрмеңдер. Естеріңде болсын, келісе алмасаңдар осы жатақханадан қуыласыңдар.


Жігіттер бастарын изеп кетеді, олардың соңынан қыз бен ауылдың жігіті де кетеді.


Психолог. Бәсе, осылай психикаларына қысым жасамаса болмайды екен. Бастық көпті көрген кәрішөгір ғой. Ал менің жұмысым осымен бітті. Ендігі осында отырған жастарға айтарым – өздеріңе өмірлік жар таңдағанда тым шеттен шығып жүрмеңдер. Естеріңде болсын – көп таңдаған тазға жолығады. «Қыздардың барлығы жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» дейді біздің халық. Қыздардың бет әлпетіне, сыртқы пішініне қарап келешек қатынды тану мүмкін емес. Орыстар айтады: «Адамды толық түсіну үшін сонымен бірге бір пұт тұз жеу керек» деп. Ал сол пұтты жеп тауысқанша қартайып та қаларсың. Және сонша тұзды бірге жеу үшін бірге тамақтану керек. Яғни, бір отбасында тұру керек. Айналып келгенде, үйленбей тұрып, отбасын құрмай тұрып келешек жарыңды тану мүмкін емес. Менің меңзеп тұрғаным – тағдырыңа не бұйырды, маңдайыңа не жазды – соны көресің. Сондықтан жастарға беретін кеңесім – ананың ана жері келіспейді, мына жері ұнамайды деп қисаймай, қыңырланбай, көп таңдамай қосақтарыңды тауып қосылыңдар. Естеріңде болсын – кейбір сырты жылтырап тұрғандардың ішінде өлген ит жатады. Керісінше, Майгүл айтпақшы, кейбір қарапайым қара домалақтың ішінде бір түйір болса да алтын-күміс жатады. Осы әзіл-шыны аралас кеңесім біреудің кәдесіне жараса – мархабат! (көрермендерге иіліп кетеді)


Шымылдық

Есен қалай жоғалып кетті?
КОМЕДИЯ

НЕГІЗГІ ИДЕЯНЫ ҰСЫНҒАН БАҒЛАН ИМАНҒАЗИНОВ


Кейіпкерлер:


Есен – жоғалып кеткен оқушы.

Үсен, Айна, Асан, Жайна – Есеннің сыныптастары.

Директор, мұғалима, тергеуші, Есеннің ата-анасы, сапер, экстрасенс, балгер, кинолог пен оның иті, дәрігер мен санитарлар, басқа оқушылар.


ТҮСІНІКТЕМЕ


Есен деген оқушы жоғалып кетіпті. Шын мәнінде, ол жоғалған жоқ, өзі дайындап әкелген дәрінің түтінінің әсерімен көрінбейтін жағдайға түсіп қалған. Ал өзі бәрін көреді, естиді, бірақ ештеңе айта алмайды. Алайда, ол іс-қимыл жасай алады. Мәселен, біреуді итеріп жібереді, аяғынан шалып қалады, заттарды қимылдатады, тартады, шашады т. с. с. Оның кейіпкерлерді итергенін, аяғын шалғанын, бұрымын жұлғанын, және басқадай амалдарын сол кейіпкерді ойнайтын актер (актриса) бейнелейді. Пьесада мұның бәрін шынында да Есен істеп жатқандай, «Есен бәленшені итеріп жіберді, Есен бәлен затты шашып жіберді…» т.с.с. делінеді.

Бірінші көрініс

Сынып бөлмесінің ішкі көрінісі. Екі қатар парта, мұғалімнің үстелі, оның артында шкаф тұр. Іргеде тақта ілулі тұр. Ашылатын терезе және оның астында жылыту жүйесінің трубасы бар. Үсен мен Айнадан басқа ешкім жоқ, олар бүгін кезекші. Үсен еден жуып жатыр, Айна шаң сүртіп жүр. Тергеушіні ертіп мұғалима келеді.


Тергеуші. Амансыңдар ма, балалар!

Үсен. (еден жуатын шүберекті тастай салып тергеушіге қолын созады) Ассаламу ғаләйкүм!

Тергеуші. (созған қолға сенімсіздікпен қарап қойып қолының ұшын ғана береді) Уа ғаләйкүм ассалам!

Айна. (бір мезетке жұмыстан басын көтеріп) Сәлеметсіз бе, ағай.

Мұғалима. Балалар, бұл ағай тергеуші. Яғни, жоғалып кеткен Есенді тауып беруге келген полиция қызметкері.

Тергеуші. (сынып бөлмесін аралап жүріп мұғалиманың үстелінің астын, шкафтың ішін тексеріп шығады) Сонымен, әлгі жоғалып кеткен бала…

Мұғалима. Есен о баланың есімі.

Тергеуші. Жақсы. Есен осы бөлмеде жоғалды ма?

Мұғалима. Иә, дәл осы сынып бөлмесінде жоғалып кетті. (парталардың бірінің үстін алақанымен қағып қалып) Міне, мына партада отырған жерінде жоғалды да кетті.

Тергеуші. (партаның астына үңіліп Есеннің сөмкесін алып шығады) Мынау со баланың сөмкесі ме?

Мұғалима. Иә. (сөмкені алмақшы болып қолын созады, бірақ тергеуші оған бермей жанынан өте шығады)

Тергеуші. (сөмкені мұғалімнің үстеліне қойып ақтарып жатып) Оқиға қалай болды?

Мұғалима. Мен сабақ бастардың алдында оқушыларды журналдағы тізім бойынша түгендеп алдым. Солай ғой, Айна?

Айна. (сүртіп тұрған тақтасынан мойнын бұрып) Солай, мұғалима-апай.

Мұғалима. Сонда Есен өзінің орнында отырған. Солай емес пе, Үсен?

Үсен. (еденді сүртіп жүріп тоқтайды) Дәл солай, мұғалима-апай.

Мұғалима. (тақтаның жанына барып сыртын Айнаға беріп тергеушіге бұрылады) Міне, сосын, оны тақтаға шақырып сабақ сұрайын десем, Есенім… (екі қолын жайып жан-жағына қарайды) жоқ!

Тергеуші. (сөмкені қоя салып) Қалай жоқ?! Мүлдем жоқ па?

Мұғалима. Иә, мүлдем жоқ. Мен әуелде партасының астына тығылып қалды ма деп ойладым. Ол бала нашар оқитын, сондықтан тақтаға шақырғанда партаның астына тығылып қалатын жаман әдеті болатын. (Есен өзі жөнінде жаман сөз естігенді жақтырмайды, сондықтан ол мұғалиманы сырт жағынан итеріп жібереді; мұғалима құлап қала жаздайды да Айнаға жалт бұрылады) Айна!

Айна. Не апай?

Мұғалима. Мені неге итеріп қалдың?

Айна. Мен бе?

Мұғалима. Иә, сен! Құлап қала жаздадым ғой.

Айна. Жоқ, апай, мен сізді итергем жоқ. Сіз өзіңіз… тұрып, тұрып құлап қала жаздадыңыз.

Мұғалима. Айна! Неге өтірік айтасың? Маған не жазыпты сонша қарадан-қарап құлайтындай?

Айна. Қайдан білейін. Әйтеуір мен сізді итергем жоқ. Мен тақтаны сүртіп жаттым.

Тергеуші. (екеуіне кезек-мезек қарап қойып) Сонымен, мұғалима-апай, сіз Есеннің партасының астын тексердіңіз бе?

Мұғалима. (орын ауыстырып, енді сыртын Үсенге қаратып тұрады) Иә, мен Есеннің партасының астын қарап шықтым – жоқ!

Тергеуші. Хм! (есік жаққа қолын сермеп қалып) Мүмкін ол сыныптан шығып кеткен шығар?

Мұғалима. Мүмкін емес. Өйткені мен сыныпқа кірісімен есікті кілттеп қоямын. (ол шығыршыққа тізілген бірнеше кілтті көтеріп сылдыратады) Әйтпесе Есен сияқты тентектер сабақтан қашып кетеді. (Есен оны итеріп жібереді де апай тағы да құлап қала жаздайды) Үсен!

Үсен. Не апай?

Мұғалима. Мені неге итеріп жібердің?

Үсен. Сізді итеріп?!

Мұғалима. Иә! Жаңа Айнаның жанында тұрғанда ол итеріп қалып еді, енді міне сен мені итердің.

Үсен мен Айна. Жоқ, апай, біз сізді итерген жоқпыз!

Мұғалима. (ашуланып) Қалай итерген жоқсыңдар?! Мені итеріп жіберіп енді мойындамай тұрсыңдар! Бұл нағыз тәртіпсіздік! (кетіп бара жатып) Қазір директорды шақырып келемін! (кетеді)

Тергеуші. Мұғалима-апай! Мүмкін Есен терезе арқылы қашып кеткен шығар? (бұл сұрағы жауапсыз қалады, сондықтан ол терезеге жақындап келіп сыртқа көз тастайды) Терезе ашыла ма?

Айна. (оның жанына барып терезенің шаңын сүртеді де сосын ашады) Иә, бұл терезе ашылады. Алайда, Есен қандай тентек болса да бесінші қабаттан жерге түсе алмас еді. Өйткені ол биіктіктен жама-андай қорқатын. (күледі де ашық терезеден төмен қарай бергенде Есен оны арқасынан итере бастайды) А-ай! Тергеуші ағай! Неге сіз мені итересіз? Өтінемін, қойыңыз! Мен құлап кетемін. (Есен итеруін қоймады, қыз жанталасып терезенің жақтауларына жармасып, қарсылық білдіріп, жан дауысы шығып айқайлап жатыр)

Тергеуші. (бірер секунд қызға таңырқай қарап тұрады да, бір қолынан шап беріп кері тартады) Айна, саған не болған? Мен сені итергем жоқ.


Тергеушіге Үсен көмекке келіп екеулеп Айнаны кері тартып алады да терезені жаба қояды.


Айна (қып-қызыл боп кеткен, ентіге әзер сөйлеп тұр) Тергеуші ағай! Мына қылығыңызды қалай түсінуге болады? Мен құлап кете жаздадым ғой.

Тергеуші. Айна, мен… (қызға қарай ұмтылады, одан қауіптенген Айна айғайға басады)

Айна. А-ай! Жақындамаңыз маған! (шегініп кетіп есікке қарай зыта жөнеледі)

Тергеуші. Айна! Тоқтай тұр! Қайда барасың?


Директор мен мұғалима кіріп келеді. Айна тіпті директормен соқтығысып қала жаздайды. Директордың қолында қысқа балдақ (трость) бар. Оның сөйлегенде сол балдақпен адамдар мен заттарға сілтеп отыратын әдеті бар.


Директор. Айна, Айна! Айна, қарағым, саған не болған?

Айна. Директор-ағай, ана кісі, тергеуші ағай… мені итеріп терезеден сыртқа, жерге құлата жаздады.

Директор. (мұғалима екеуі тергеушіге таңырқай қарайды) Тергеуші мырза, сіз шынында да Айнаны терезеден құлатпақшы болдыңыз ба?

Тергеуші. (директорға жақындап келеді, сонда Айна мұғалиманың артына жасырынады) Жоқ, директор мырза, мен Айнаны итергем жоқ. Керісінше, ол терезе арқылы сыртқа құлайын деп жатқан жерінен мен оны құтқарып қалдым. Солай емес пе, Үсен?

Үсен. Иә. Айна терезені ашып сыртқа құламақшы болды. Сосын тергеуші ағай екеуміз оны кері тартып алдық.

Айна. Сонда мен өзім терезеден құламақшы болыппын, иә?! Мен не? Өмір сүруден жалығыппын ба?

Үсен. Қайдан білейін. Өмір сүруден жалықпасаң шаң сүртуден жалыққан шығарсың.

Директор. Тынышталыңдар! Тергеуші мырза, сонымен, Есен қалай жоғалып кетті? Есік кілттеулі болды, (балдағын есік жаққа сілтейді) терезе арқылы (балдағын терезе жаққа сілтейді) қашып кету мүмкін емес.

Тергеуші. Неге мүмкін емес! Терезе оп-оңай ашылады. Міне, өзіңіз көріңіз. (терезені ашады)

Айна. (ашық тұрған терезеге бара жатқан директорға) Директор ағай, терезеге жақындамаңыз! Ол сізді де сыртқа итеріп жіберейін деп тұр.

Директор. (терезеге бір-екі метр жетпей тоқтап қалады, тергеушіге күдікпен қарайды) М-м… Терезе оңай ашылғанымен Есен бесінші қабаттан жерге аман түсе алмас еді.

Тергеуші. Неге түсе алмайды! Егер ол сөмкесіне арқан салып әкеліп оның бір ұшын мына жылыту трубасына байласа, сосын арқан бойымен жерге оп-оңай сырғып түсуші еді. (Есеннің арқанды сөмкесінен алғанын, сосын трубаға байлағанын бейнелейді)

Мұғалима. Сонда ол терезені ашып жатқанда, арқанды трубаға байлап ап жерге сырғып бара жатқанда мен не қарап отырыппын?

Тергеуші. Сіз? Бәлкім журнал қарап отырған шығарсыз?

Директор. Жақсы, мұғалима (балдағын мұғалимаға қарай сілтейді) Есеннің терезе ашқанын аңғармады делік, арқанды трубаға (балдақпен трубаны тарс еткізеді) байлағанын көрмей қалды делік, оның сыртқа арқан бойымен сырғып кеткенін байқамады дейік. Сонда ашық тұрған терезені, трубаға байлаулы арқанды да көрмегені ме?

Мұғалима. Мені тіпті зағип деп пе едіңіз?

Тергеуші. Жоқ, мен сізді зағип деп тұрған жоқпын. Есен жерге түсісімен арқанды басқа бір оқушы шешіп жіберіп терезені жаба қойса ше? (байлаулы арқанды шешіп жібергендей қимыл жасайды да терезені сарт еткізіп жабады) А?! Солай болуы мүмкін бе?

Директор. (ойланып қалады) Иә, мүмкін… мүмкін солай болған да шығар.

Мұғалима. Сонда оны істеген кім? (Үсенге бұрылады)

Үсен. Жоқ, мұғалима апай, мен емес.

Тергеуші. (Үсеннің жанына жетіп барып) Онда кім? Кім арқанды шешіп жіберіп терезені жапқан?

Үсен. Білмеймін, тергеуші ағай. Мен со кезде тіпті сыныпта болған жоқпын.

Тергеуші. Сонда қайда болдың?

Үсен. Мұғалима апай мені бор алып келуге жұмсады. Мен кеткенде Есен бар тұғын, бор алып келсем бүкіл сынып болып оны іздеп жатыр.

Тергеуші. Есік кілттеулі болса бөлмеден қалай шықтың?

Үсен. Мұғалима апай мені шығарды. Сосын кіргізді.

Мұғалима. А, иә, иә, солай болған. (тергеушіге) Үсен емес арқанды шешіп терезені жаба қойған. Оны басқа біреу істеді.

Тергеуші. Онда басқа оқушыларды шақырыңыз. Оларды тергеу керек.

Директор. Үсен, бар, сыныптастарыңды шақырып кел.

Екінші көрініс

Үсен басқа сыныптастарын шақырып келеді.


Директор. (балдағымен тергеушінің алдын тықылдатады) Келіңдер, келіңдер! Міне, мына тергеуші мырзаның алдына тұрыңдар.


Тергеуші алдында сап құрып тұрған оқушылардың алдымен жүріп өтіп, әрқайсысына сұқтанып қарап шығады. Оның жанында жүрген Есен балалардың маңдайынан, қыздардың мұрындарынан шертіп қалып жүр. Сонда олар оны тергеушіден көріп жатыр. (шерткенге сай дыбыс шығады да оқушы басын жұлқып қалып маңдайын немесе мұрнын сипап жатып, ай! ой! деп қояды)


Балалар. Директор ағай! Мына кісі менің маңдайымнан шертіп қалды! Мұғалима апай! Мына тергеуші мырза менің мұрнымнан шертіп қалды, мұнысы несі?! (Тағы сол сияқты)


Директор мен мұғалима тергеушіге таңырқай қарайды.


Тергеуші. Жоқ, мен ешкімнің еш жерінен шерткем жоқ!


Балалар «Шерттіңіз, шерттіңіз, міне менің мына жерімнен!» десіп шуласып жатыр.


Директор. Балалар! Тынышталыңдар! Тергеуші мырза бала болып кетті деймісіңдер? Ол ешкімді шеркен жоқ. Тынышталып соны тыңдаңдар. (балалар тынышталады)


Тергеуші. (терезенің жанына барып) Балалар, Есен үйінен арқан алып келіпті. Сосын арқанның бір ұшын мына трубаға байлап терезе арқылы қашып кетіпті. Ол жерге түсісімен іштеріңнен біреуің арқанды шешіп, жерге тастап, терезені жаба қойыпты. (айтқанының бәрін бейнелеп ақыры терезені сарт еткізіп жабады да балаларға бұрылады) Кім осыны істеген, ә?


Оқушылар иықтарын қиқаңдатып, «мен емес, мен емес» деп жатыр.


Асан. (саптан шығып) Тергеуші ағай, кімнің арқанды шешіп терезені жапқанын білмеймін. Әйтеуір, Есен мектептен қашып кетемін дейтұғын.

Тергеуші. (Асанға жақындап) Иә, иә, айта бер. Сонда ол қайда қашпақшы еді?

Асан. Африкаға қашып кетемін деген. Өйткені Африкада балалар мектепке бармайды, оқымайды, онда ойыңа келгенді істейсің екен.


Бөлмеде тұрғандар күледі. Соған намыстанған Есен Асанның жағынан тартып-тартып жібереді. (шарт-шұрт еткен дыбыс шығады да Асанның басы оңға-солға изеңдейді) Асан айғайға басып, одан қорғанып, қолдарын ербеңдетіп шегініп кетеді. (бөлмедегілер аң-таң) Есен Асанның, біресе ана бүйірінен, біресе мына бүйірінен түйіп-түйіп қалады, сонда ол ыңқ-ыңқ етіп соққы алған жағына бүгіледі. Ақыры Есен оны құлатып тепкіге алады, сонда Асан еденде жатып ап ерсілі-қарсылы домалайды.


Мұғалима. Ойбай, Асанның қояншығы ұстап қалыпты!

Директор. (ұялы телефонға) Алло! Жедел жәрдем! Дереу орталық мектепке жетіңіздер! Мұнда бір оқушының қояншығы ұстап қалды. (балаларға) Әй, балалар! Неғып тұрсыңдар? Ұстаңдар ана Асанды!


Балалар бар, тергеуші бар Асанның аяқ-қолдарынан ұстап тоқтатпақшы болады, ал ол қарсыласып көнбей жатыр. Жедел жәрдем машинасының дыбысы естіледі, сосын дәрігер мен носилка ұстаған екі санитар жүгіріп келеді. Дәрігер укол салайын дегенде Асан қарсыласып салдырмайды. Санитарлардың бірі дәрігерге көмекке келеді. Екеуі Асанды байбайлатып укол салып жатқанда Есен носилкаға жармасады. Носилканың бір жағынан ұстап тұрған санитар носилканы жұлқылап жатқан белгісіз күштен тартып алмақ болып шыр-көбелек айналады. Ақыры дәрігердің жанындағы санитар әріптесіне көмекке келіп олар екеулеп Есеннен носилканы тартып алады да жерге қояды. Уколдың әсерінен есеңгіреп қалған Асан оған жатқызылады да санитарлар оны алып кетеді.


Директор. О тоба! Бұл сұмдық қой. (барлығы есін жинап тынышталғасын) Тергеуші мырза, сонымен кім арқанды шешіп терезені жапқан?

Тергеуші. Кім дейсіз бе? Әлгі қояншығы ұстап қалған бала шығар. Асан ба еді?

Директор. Иә, иә, Асан. О, жазған бала! Өзі не деп еді? Есен Африкаға қашып кетті деді ме?

Жайна. (саптан шығып) Директор ағай, меніңше Есен Африкаға қашып кеткен жоқ.

Тергеуші. (қызға жақындап) Иә, иә! Сонда ол қайда қашып кетті?

Жайна. Мен оны білмеймін. Менің білетінім – жоғалып кетерінің алдында ол партаның астында сіріңке жағып бірдеңені тұтатты. Түтін бұрқ еткенде темекі шегіп жатыр ма деп қалдым. Қарасам…


Есен оның бұрымынан шап беріп кері тартады. Бұрым көтеріліп, Жайна басын артқа қарай шалқайтып шегіне береді, өзі зәре-құты қалмай шыңғырып жатыр. (бұрым мен желкесіндегі шаштың ішіне айырбақай серіппе орнату керек те оны жіппен байлап қою керек, дер кезінде актриса әлгі жіптің бір ұшынан тартып түйінді шешеді де серіппе бұрымды көтеріп жібереді немесе бұрым жіңішке жіппен жоғары жақтағы сахна механизмдерінің біріне байланып тұрады да дер кезінде жоғары көтеріледі)


Мұғалима. Ойбай! Енді Жайнаның қояншығы ұстады ма?


Мұғалима Жайнаны шап береді де сабырға шақырады. Есен бұрымнан тартқан сайын қыздың басы шалқая түседі.


Мұғалима. Жайна, қарағым, саған не болған? Мұндайың жоқ еді ғой.

Жайна. Мұғалима апай! Өтінем, бұрымымды жұлмаңызшы!

Мұғалима. Ойбай-ау, Жайна, мен сенің бұрымыңды жұлып жатқан жоқпын.


Жайна мұғалиманың құшағынан құтылғысы келеді. Бірақ Есен бұрымнан сүйрегенін қоймағансоң, ол екеуін бөлмеден шығып кетеді. Дәлізден Жайна мен мұғалиманың дауыстары естіледі.


Мұғалиманың дауысы. Жайна, қарағым, сабыр ет!

Жайнаның дауысы. Мұғалима апай! Өтінем, маған жақындамаңыз. Жаңағы көрсеткеніңіз де жетер. (жылап жіберіп жүгіре басып кетіп қойғаны естіледі)

Мұғалима. (бөлмеге қайтып келіп) Ойбай-ау! Мына оқушыларға не болған?

Директор. (балдағын изеңдетіп қойып) Әрине, білдей бір сыныптасы жоғалып кеткесін балалардың жүйке тамырлары шыдамаған ғой. (қалған оқушыларға) Балалар, қояншықтарың ұстамай тұрғанда үйлеріңе қайтыңдар. (оқушылар кетеді, Үсен еден жуатын шүберегі мен шелегіне қайтып барады, Айна шаң сүртуге кіріседі) Енді не істейміз?

Тергеуші. Жоғалған баланың ата-анасымен байланысу керек. Біз мұнда Есен жоғалды деп қояншығымыз ұстап жатқанда ол тып-тыныш үйінде отырмасын.

Директор. Мен Есеннің ата-анасын шақырғам. Олар дәлізде тұр. Үсен, бар, шақырып кел.


Үсен барып Есеннің ата-анасын шақырып келеді. Есеннің әкесінің басында қалпағы бар.


Есеннің әкесі. Амансыз ба, директор мырза.

Директор. Біз аманбыз ғой. Ал Есен болса…

Есеннің шешесі. (істің мән-жайынан бейхабар, Есен тағы бірдеңе бүлдірді деп ойлайды) Жо-жоқ, директор мырза! Жала, өтірік! Есенжаным ондайға бармайды.

Тергеуші. Ол қайда бармайды дейсіз? Африкаға ма?

Есеннің шешесі. Ешқайда бармайды. Яғни, ол ештеңе бүлдірмейді. Ол жақсы, тәрбиелі бала.

Директор. Жеңгей, біз Есен бірдеңе бүлдірді деп тұрған жоқпыз. Көрдіңіз бе, ағай, (Есеннің әкесіне қарай балдағын сілтеп қалып) көрдіңіз бе, жеңгей, (Есеннің шешесіне қарай балдағын сілтеп қалып) қалай деп айтсам екен… бір сөзбен айтқанда, Есен бүгін жоғалып кетті.

Есеннің ата-анасы. Есен жоғалып кетті?! Қалай?

Директор. Солай. Осы бөлменің ішінде, (балдағы бөлмені кезеп бір айналып түседі) сабақтың ортасында, (балдағын еденге тарс еткізеді) жоқ болып кетті.

Есеннің шешесі. Не дейді?! Жоқ болып кетті? (күйеуін бас салып) Ойбай! Неғып тұрсың? Есенжаным жоғалып кетіпті ғой!

Тергеуші. Жеңгей! Сабыр етіңіз. Балаңыз жоғалған жоқ. Ол сөмкесіне арқан салып әкеп мына терезе арқылы сабақтан қашып кетіпті. Шаруаны бүлдіріп, мектеп ұжымы мен полиция бөлімін дүрліктіріп, ал өзі ендігі тып-тыныш үйде отырған болар. (тергеушіні Есен итеріп қалады, сонда ол жанындағы Есеннің әкесінен көреді) Ағай, мені неге итересіз? Мен сіздің балаңызға жала жауып тұрғам жоқ. Мен істі толық зерттеп алып осындай тұжырымға келдім.

Есеннің әкесі. Мен сізді итергем жоқ. Егер Есен сабақтан қашса, ол үйреншікті нәрсе. Ол басқа бірдеңені бүлдірді ме десем, сабақтан қашып кеткеніне сонша дүрліккендеріңіз. (әйеліне) Әй, сен қал, мен кеттім. Жұмыс қауырт. Есен үйде отырса қоңырау шал да басты қатырмай мектепке оралсын де.


Кетіп бара жатқанда Есен оның қалпағын басынан қағып түсіреді (қалпаққа жіңішке мықты жіп байлап қою керек, жіптің екінші ұшын сахнадан тыс жерде тұрған біреу тартып отырады).


Есеннің әкесі. (қалпағының ұшып кеткенін тергеушіден көреді) Менің қалпағымды неге қағып түсірдің? (қалпағын жерден көтеріп басына киеді)

Тергеуші. Мен сіздің қалпағыңызды қаққан жоқпын. Ол өзі ұшып түсті.

Есеннің әкесі. Өзі ұшатындай оған қанат бітіп пе?

Тергеуші. Бітсе – біткен шығар. Әйтеуір мен сіздің қалпағыңызға тиіскем жоқ.


Есеннің әкесі оған тесірейіп қарап қойып, басын шайқап-шайқап кетеді. Әйелімен қатарласа бергенде қалпағы тағы да ұшып түседі. Осы жолы ол оны әйелінен көреді.


Есеннің әкесі. (әйеліне) Әй! Менің қалпағымды неге қағып түсірдің?

Есеннің шешесі. Кет-ей! Мен сенің қалпағыңа тиіскем жоқ. Ол өзі басыңнан секіріп түсті.

Есеннің әкесі. Секіріп түсетіндей оған аяқ бітіп пе?

Есеннің шешесі. Бітсе – біткен шығар. Әйтеуір мен сенің қалпағыңа тиіскем жоқ.


Есеннің әкесі әйеліне тесірейіп қарап қойып, қалпағын жерден алып басына киеді де жүрісін жалғастырады. Бірақ Есен ол қалпақты үшінші рет қағып түсіреді, сонда оның әкесі жан-жағына қарайды, бірақ осы жолы оның маңында ешкім болмағасын ол ешкімнен көре алмайды. Ендігі ол қалпағын алайын деп еңкейгенде Есен ол қалпақты теуіп жібереді. Қалпақтың иесі қалпағын қуып кете барады.


Есеннің шешесі. (Есенге қоңырау шалады) Алло! Алло! Есен! (сөмкенің қалтасында жатқан Есеннің соткасы шырылдайды, шешесі сөмкенің жанына барып сотканы алып шығып сөндіреді) Ойбай-ау! Мынау соның соткасы ғой. Есенжаным шынында да жоғалып кеткен екен. (сотканы орнына қайтарып сөмкені алады да құшағына қысып ап құшырлана иіскейді) Есенжаным-ау! Өзіңнен осы сөмкеден басқа ештеңе қалмағаны ма? (жылап жібереді)

Директор. Жеңгей, жыламаңыз. Есен табылады, ол үшін қам жемеңіз. Міне, тергеуші мырза (балдағымен тергеушіні түртіп қалады) оны тауып береді. Солай емес пе, тергеуші мырза.

Тергеуші. Әрине. Жеңгей, сіз енді үйіңізге қайтыңыз. Балаңызды міндетті түрде тауып береміз. (кетіп бара жатқан әйелден сөмкені алып қалады) Тек сөмкені тастап кетіңіз. Бұл тергеу барысында әлі қажет болады.


Есеннің шешесі кетеді.


Тергеуші. Ал, директор мырза, маған полиция бөліміне қайту керек. Жоғалған балаға іздеу үйымдастырамын.

Директор. Жақсы, тергеуші мырза. Тезірек оқушымызды тауып берсеңіз жақсы болар еді.

Тергеуші. Табамыз. Ол ешқайда кетпейді, бүгіннен қалмай осы қаладан ұсталады.


Кеткісі келеді, бірақ Есен сөмкесіне жармасып жібермейді.


Тергеуші. (сөмкені әрі-бері тартқылап жатып) Әй, әй! Жібер! Жібер деймін!

Директор. Тергеуші мырза, сізге не болды?

Тергеуші. (жасанды күлімсіреп) Ә? Жәй ғой. Дене шынықтырып жатырмын.


Сөмкені тартып алмасына көзі жеткен тергеуші оны үстелге қоя салады.


Тергеуші. Жарайды, сөмке осында бола тұрсын.

Директор. Иә, бола тұрсын. Мен оны кабинетіме апарып қоярмын.


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | Следующая
  • 0 Оценок: 0


Популярные книги за неделю


Рекомендации