282 000 книг, 71 000 авторов


Электронная библиотека » Леонид Вариченко » » онлайн чтение - страница 17

Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"


  • Текст добавлен: 4 августа 2017, 13:20


Текущая страница: 17 (всего у книги 26 страниц)

Шрифт:
- 100% +
Екінші көрініс

Сол бөлме. Келесі күн. Ешкім жоқ. Бастық пен психолог келеді.


Бастық. (салып отырып терезеге жақындайды да сыртқа көз тастап, мырс етіп күліп басын шайқайды) Бірінші қабаттан секіріп қалай ғана өлмекші болды екен әлгі жігіт? (психологке бұрылып) Психолог бала, бұны қалай түсіндіресің?

Психолог. Аффектті жағдайда адам не істеп жатқанын біле ме? Және осы бөлмеде жанжалдасып, өлу үшін оныншы қабатқа көтерілмейді ғой.

Бастық. Е, неге?

Психолог. Лифт істен шыққан. Жоғарғы қабатқа баспалдақпен шыққанша ашуы тарап кетпей ме? Одан да тәуекел деп бірінші қабаттан секірген жөн.

Бастық. (жүзін бері бұрып терезенің астыңғы жақтауына отырады) Әрине-әрине! Ал, психолог бала, сен не анықтадың?

Психолог. (гантельдерді алып алма-кезек көтеріп жүріп) Менің анықтағаным – Шоқан деген студент Тоқтар деген әріптесімен төбелесіп таяқ жейді. Сосын, сүйікті қызының күлгеніне намыстанып терезе арқылы сыртқа секіреді.

Бастық. Әй жігітім! Біз оны сенсіз де анықтадық. Сен бізге осындағы жастардың психологиялық ахуалы неге нашар – соны айт.

Психолог. А! Иә, иә! Жағдай былай – осы бөлмедегі төрт жігіт көрші бөлмедегі төрт қызға ғашық екен. Алайда, сол төрт қыз бұларды ұнатпайды.

Бастық. Ы-ым… Менің білуімше, сол төрт қыз осы бөлмеден шықпайды. Осындағы төрт жігітті төңіректеп жүріп, басқа жігіттерді ұнатқандары несі?

Психолог. (басын шайқап күлімсірейді) Сіз түсінбедіңіз, бастық. Сол төрт қыз да осы бөлменің жігіттерін ұнатады. Бірақ басқа жігіттерге ғашық.

Бастық. Сен өзі не деп жұмбақтап тұрсың? Қалай осы жігіттерді ұнатып жүріп, басқа жігіттерге ғашық болады? Әлде біреуге ғашық бола тұра тағы біреуді ұнататын мода шыққан ба?

Психолог. (күліп жібереді) Жоқ, бастық! Сіз мені түсінбедіңіз. Ол қыздар осындағы жігіттерді ұнатады, және де осы жігіттерге ғашық. Тек қана басқаларына ғашық.

Бастық. Қайдағы басқаларын айтып тұрсың? Бұл бөлмеде барлығы жоғы төрт-ақ жігіт тұрмай ма?

Психолог. Иә. Тек қана сол төрт қыз солардың басқаларына ғашық. Мәселен, (осы жерде ол тездете сөйлеп кетеді) Мұрат Алтынайды ұнатады, ал Алтынай Шоқанға ғашық, Шоқанның ойы Сәнияда, ал Сәния Дарынды жақсы көреді, Дарын Майгүлді, ал Майгүл Тоқтарды ұнатады, Тоқтар Тойжанға ғашық, ал Тойжан Мұратты жақсы көреді. Түсіндіңіз бе енді?

Бастық. (ол енді бері қарай шығып психологтың жанына тоқтайды) Жоқ. Кәне, тағы да қайталашы. Баяулата қайтала. Кім кімге ғашық және кім кімді ұнатады?


Психолог гантельдерді орнына қойып теріс бұрылады. Мұрат пен Алтынай екеуі екі жақтан сахнаға шығады.


Мұрат. Алтынай! (қызға ұмтылады)

Психолог. Мінеки, Мұрат Алтынайды ұнатады.

Бастық. (басын изейді) Ыһы.


Алтынай Мұратқа ұстатпай жанынан өтіп кетеді. Мұрат шығып кетеді де о жақтан Шоқан келеді.


Алтынай. Шоқан! (жігітке ұмтылады, ол оны айналып кетеді)

Психолог. Ал Алтынай Мұратты сүймейді, ол Шоқанға ғашық.

Бастық. Е, неге?

Психолог. Өйткені ол екеуі бір ауылдан келген.

Бастық. А-а…


Алтынай шығып кетеді де о жақтан Сәния келеді.


Шоқан. Сәния! Сәния! (Сәния қолын бұлғай салып оны айналып кетеді)

Психолог. Ал Шоқанның жүрегі Сәнияда.


Жігіт пен қыз шығып кетеді.


Бастық. Тоқтай тұр! Оның жүрегі Алтынайда болуы керек емес пе.

Психолог. Е, неге?

Бастық. Өйткені ол екеуі бір ауылдікі ғой. Жаңа ғана сен солай демеп пе едің?

Психолог. Иә, солай дегем. Бірақ бір ауылдың тұрғындары шартты түрде бірін бірі сүйу керек деген заң жоқ.

Бастық. Е, заңдарды біз қайдан білейік. Заңдарды сендер, психологтар білесіңдер.

Психолог. Әрине. Және де Шоқан Алтынаймен бір ауылдан келгенін мойындағысы келмейтін көрінеді.

Бастық. Е, неге?

Психолог. Өйткені ол өзін ауылда емес, қалада өстім дейді.

Бастық. О жігіт жұрттың басын неге қатырады?! Құжатын тексермеймісің? Психологтың басты міндеті құжат тексеру емес пе?

Психолог. Тексердім. Қалалық типті поселке келген жері.

Бастық. Е, онда оныкі дұрыс. Поселке ауыл емес.

Психолог. Иә, әрине. Бірақ жатақхана тұрғындары оны ауылдың жігіті дейді. Өйткені поселке қала емес. Және де Алтынай өзінің туып өскен поселкесін ауыл дейді.

Бастық. Әй, бала! Сен басты олай қатырма! Біз Алтынай жөнінде сөйлесіп тұрған жоқпыз. Алтынай емес қой мына терезеден секіріп аяғын сындыра жаздаған.

Психолог. Иә. Алайда, мәселе жалғыз Шоқанда емес. Оның орнында кез келген жігіт, кез келген қыз осы терезеден сыртқа ытып кетуге дайын еді. Өйткені, олардың әрқайсысының сүйіктісі басқаға ғашық.

Бастық. Е, неге?

Психолог. Қайдан білейін! Әйтеуір осы сегіз студенттің ішінде бір де бір ықыласы жарасқан жұп жоқ. Міне, өзіңіз қараңыз.


Психолог қайтадан теріс бұрылады. Сахнаға қарама-қарсы Сәния мен Дарын шығады.


Сәния. О, Дарел, плииз! Лас Вегаста дискотека болады.

Дарын. О, ноу, ноу! Дарел ноу! Лас Вегас ноу! Дискотека ноу! (Дарын соткасын пипылдатып оны айналып кетеді)

Психолог. Міне, Сәния Шоқанды керек қылмай мына Дарынға ғашық. Ал ол ше Майгүлді ұнатады.


Сәния шығып кетіп о жақтан Майгүл келеді.


Дарын. Майгүл! Майгүл! (Майгүл оны айналып кетеді де айнаның алдында тұрып ап сәнденеді)

Бастық. Әй, бұлардың бәріне не болған? Жаңағы Сәния да тәп-тәуір қыз емес пе!

Психолог. Алайда маған Майгүл ұнайды. Сіздің Сәнияңыз маған тым жеңілтек боп көрінді.

Бастық. Мәселе менімен сенде ме еді? Мына жігіт, Дарын, еріккен екен. Сәниядай көрікті қыз үзіліп тұрғанда, өзін менсінбейтін мына тәккаппарда несі бар екен?

Психолог. О! Олай демеңіз, бастық. Өзіңе үзіліп тұрған қызға құлай кету қызық емес. Дәл осындай тәкаппарлардың назарын өзіңе аудара алсаң – міне нағыз ләззат қайда!

Бастық. (жақтырмай) Жарайды, оны сен білесің. Сен ғой психолог – мен емес. Жалғастыр докладыңды.


Дарын шығып кетіп о жақтан Тоқтар келеді. Ол бұрышта тұрған гантельдерге жармасады.


Майгүл. Тоқтар! Тоқтар деймін! Тасташы темір-терсекті. (жігіт гантель көтерген бойы оны айналып өтеді)

Психолог. Міне, енді Дарынды ұнатпаған Майгүл мына качокқа ғашық. Ал ол ше…

Бастық. Ал бұл сабазың мынадай тірі суретті керек қылмай басқаға ғашық. Сонда бұларға не керек, ә? Түк түсінсем бұйырмасын!

Психолог. Иә, Майгүлді елемеген Тоқтар Тойжанды сүйеді.


Майгүл шығып кеткен жақтан Тойжан келеді.


Тоқтар. (гантельдерді салдыр-гүлдір еткізіп тастай салып) Тойжан! Тойжан! (қыз оған қарамай айналып өтеді)

Психолог. Шынын айтсам, бастық, бұл жігіттің қылығын мен де түсінбедім. Майгүл фотомодель, кешегі өткен кастингте жеңімпаз атанды, белгілі фирмамен келісім шартқа отырды. Түр десең түр, сымбат десең сымбат, келбет десең келбет! Ал мына жігіт қайдағы бір қарапайым қызға ғашық. Сонда сол қыздың ықыласы басқада.

Бастық. Кімде екен ол қыздың ықыласы?


Тоқтар кеткен жақтан Мұрат келеді. Оның қолында жайнамаз.


Тойжан. Мұрат! Мұрат деймін! Тасташы намазыңды! (жігіт оған қарамайды, қызды айналып кетеді де жайнамазын төсеп намазға кіріседі)

Психолог. Міне, өзіңіз көріп тұрсыз. Тойжан молдаға ғашық.

Бастық. Ым-м… сонда молда оны ұнатпай ма?

Психолог. Жоқ. Жоғарыда айтқандай ол Алтынайды сүйеді.

Бастық. Е, солай де. Ал сонда бұл молда Тойжанды да сүйсе қайтер екен?

Психолог. (таңырқай) Тойжанды да?! Оны қайтсын?

Бастық. Енді… тым құрығанда тоқалдыққа жаратса демкеші. Бұларға тоқал алуға болады ғой.

Психолог. А-а… мен о жөнінде ойламаппын. Алайда, егер бұл қызды молдаға тоқалдыққа жаратсақ, онда бір жұп сыңарсыз қалады ғой.

Бастық. Е, иә, иә! Мен де о жағын ойламаппын.


Мұрат пен Тойжан шығып кетеді.


Бастық. Жақсы. Маған енді бәрі түсінікті болды. Сен енді не істемексің?

Психолог. Бірдеңе ғып осы сегізінен төрт тату жұп құруым керек. Одан басқа амал жоқ.

Бастық. А, иә! Сөйт, сөйт! Төрт жұпқа бөліп таста да татуластыр. Ал менен көмек қажет пе?

Психолог. Қажет. Сол төрт жұпты ынталандыру керек.

Бастық. Қалай?

Психолог. Оңай. Сол төрт жұптың арасында сайыс өткізу керек. Реалити-шоу! Ал жүлдеге пәтер тіксек, сонда олар бақытты отбасын құруға бар күш-жігерлерін салушы еді.

Бастық. Пәтер дейсің, иә?

Психолог. Иә.

Бастық. Оңай нәрсені тапқан екенсің!

Психолог. Көрдіңіз бе, бастық, жастарды ынталандырмай болмайды. Әсіресе осылардың бірінде де баспана жоқтығын ескерсеңіз.

Бастық. (қипақтап, ойланғандай жоғары-төмен қарап алып) Жарайды. Мен әкімшілікпен сөйлесіп көрейін. Мүмкін беріп те қалар бір пәтер. (кетеді)

Психолог. (бастықтың соңынан кетіп бара жатып) Иә, пәтер беріп қалса жақсы болар еді. Мұндай жүлде үшін ең ақырғы жексұрынға ғашық боларсың.

Үшінші көрініс

Психолог бөлмеге төрт жігіт пен төрт қызды ертіп келеді. Оның қолында төрт конверт бар. Жігіттер мен қыздар екі сап құрып тұрады, ал психолог олардың орталарында ерсілі қарсылы жүріп сөйлейді.


Психолог. Ал, жігіттер мен бикештер, сендермен ашық әңгіме бар. Жуырда бір чыпы орын алды. Аллаға шүкір, адам шығыны жоқ. Бірақ, ендігі уақытта, мұндай чыпылар қайталанбас деп кім айта алады? Мен өз басым кепілдік бере алмаймын. Сондықтан мен осы сегізіңді төрт жұпқа бөліп тастап, сол төрт жұп төрт берік отбасына айналғандай шара қолданбақпын. Түсінікті ме?

Мұрат. Түсінікті. Олай болса мен Алтынаймен бір жұпта боламын.

Алтынай. Жо-жоқ! Мен Шоқанды таңдаймын.

Шоқан. Алтынай! Мен сенімен бір жұпта болмаймын. Менің таңдауым – Сәния.

Сәния. Гуд бай, ковбой! Аулақ жүр! Май бойфренд Дарел.

Дарын. Жоқ, Сәния, мен сенің бойфрендің емеспін. Мен Майгүлдің бойфрендімін.

Майгүл. Сен бойфренд болып жарытпассың. Бойфренд деп Тоқтарды айт! Солай емес пе, Тоқтар?

Тоқтар. Жоқ, Майгүл, мен Тойжанның бойфренді боламын.

Тойжан. Кешір, Тоқтар, маған бойфренд керек емес. Маған Мұраттай нағыз мұсылман керек.

Мұрат. Өзің мұсылман емессің, сөйте тұра мұсылман керек дейсің. Міне Алтынай, ол…

Психолог. (екі қолын жоғары көтеріп) Тоқтаңдар! Тынышталыңдар! Өздерің көріп тұрсыңдар – сендердің еріктеріңе жол берсек бір де бір ықыласы жарасқан жұп құра алмаймыз. Енді мені тыңдаңдар. Мен сендерге бір қызық ойын ұсынбақпын. Реалити-шоу! Мен келешек жұптарды кездейсоқ әдіспен құрастырамын. Ал осыған келіспесеңдер, бастық сендерді басқа қабаттардағы бөлмелерге таратып жіберемін дейді. Және естеріңде болсын – реалити-шоуда жүлдеге төрт бөлмелі пәтер тігіледі. Түсінікті ме? Ойланыңдар – төрт бөлмелі пәтер жолда жатпайды. (жігіттер мен қыздар бір-біріне, сосын психологқа жалтаңдайды) Ал, менің ұсынысыма келісім бересіңдер ме?

Жігіттер мен қыздар. Иә, келісеміз. Жарайды, ойнап көрелік. Иә, несі бар, көрейік ойнап… т. с. с.

Психолог. Ал, онда, келісім берсеңдер, ойынға кіріселік. Мына конверттердің ішінде төрт қыздың есімі жазылған. Жігіттер, келіңдер. Болашақ зайыбтарыңды таңдап алыңдар.


Төрт жігіт орындарынан қозғалмай іркіліп қалады.


Психолог. Келіңдер, келіңдер! Неғып тұрсыңдар? Мұрат!

Мұрат. (психолог оған конверттерді веер тәрізді жайып ұсынады) Бисмиллә! Ей, Алла! Қолдай гөр! Алтынай түссе екен қолыма.

Алтынай. Жоқ, жоқ, керегі жоқ!

Тойжан. Мұрат! Мені таңдап ал.

Мұрат. (бір конверт алып ішін ашып оқиды) Сәния… (тұрып-тұрып басын көтереді) Сәния?!

Психолог. Дұрыс, сенімен бір жұпта Сәния болады.

Мұрат. (айғайға басады) Жоқ! Керегі жоқ! Алла одан сақтасын! Ол тыр жалаңаш жүреді. Маған Алтынайды беріңіз. (конвертті психологқа қайтарғысы келеді)

Сәния. Ноу! Ноу! Маған да молданың қажеті жоқ! Дені дұрыс біреудің болмағаны ма?

Мұрат. Өзіңе қарап ал! Өзіңді дені дұрыс қыз деп санаймысың?

Психолог. Мұрат! Сәния! Қойыңдар айтысты. Реалити-шоуға қатыспаймын десеңдер, айтыңдар, тұп-тура қазір басқа жатақханаға аттанасыңдар. (Мұрат пен Сәнияның аузы жабылады) Е, бәсе! Онда екеуің ендігі уақытта бірге боласыңдар. Тату боласыңдар.


Сәнияны жетектеп Мұраттың жанына апарады да қолына ұстатады.


Психолог. (орнына қайтып келіп) Сонымен, бірінші жұп қалыптасты. Енді үш жұп қалды. Шоқан, кел, қалыңдығыңды таңдап ал.

Алтынай. Мені! Мені таңда, Шоқан.

Шоқан. Сенен басқа қыз жоқ па? (қолын бір-ақ сілтейді) Әй, маған енді бәрібір. Әйтеуір Сәниямнан айрылдым. (қолына түскен конвертті алып оқиды) Майгүл.

Психолог. О! Шоқан, сенің мұңаятын ретің жоқ. Қандай қыз сенің еншіңе тиді – фотомодель!

Шоқан. Оның фотосын қайтейін, моделін қайтейін? Маған сурет емес, мүсін емес – тірі жан керек.

Майгүл. (Шоқанмен жұптасқанын жаңа ғана түсініп) Не?! Мен мына малшымен бір жұпта боламын ба? Жо-жоқ, аға, мен оған келіспеймін. Басқа біреуге ауыстырыңыз. Мен Тоқтармен бірге болғым келеді.

Шоқан. Әй, фотоқыз! Тіліңді тарт! Мен малшы емеспін.

Тоқтар. Майгүл, сенің тағдырың шешілді. Тракторшы болсын, малшы болсын – осы енді сенің жұбайың. Ал мен Тойжанмен жұптасам.

Психолог. Майгүл, басқа жатақханаға ауысқың келмесе, Шоқанға келісіміңді бер. Бұл жігітті қолыңа алып нағыз фотомодель етіп шығар. Өзің келешек мұғалім емес пе едің!

Майгүл. Мен келешекте супермодель болмақпын.

Психолог. Сен олай жалтарма. Педте оқып жүрген адам келешекте супермодель емес, суперпедаль болуға тиісті. (Майгүлді жетектеп Шоқанның жанына апарып қолына ұстатып орнына қайтып келеді) Міне, екінші жұп та қалыптасты. Енді екі жұп қалды. Дарын, не ғып тұрсың? Кел, таңда тағдырыңды.

Дарын. (қолын бір-ақ сілтеп конвертті психологтың қолынан жұлып алады) Маған енді бәрібір. Майгүл маған жазбады. Ал мына екі қыздың екеуі де оңып тұрған жоқ.

Алтынай. Өзіңе қарап ал, кер жалқау!

Тойжан. Күні-түні төсектен тұрмайсың, кімге керексің сен?

Дарын. (конвертті ашып оқиды) Тойжан.

Тойжан. Жоқ, мен сенімен болғым келмейді. Алтынай, сен алсаңшы Дарынды. Алтынай. Ал маған бұл жалқаудың не қажеті бар? Еншіңе тиді ме – енді сонымен боласың.

Дарын. Сен, молда қыз, байқап сөйле! Мен жалқау емеспін. Тек қана қажетсіз жүріп тұруға қарсымын.

Психолог. Тойжан, сен де келешек педагогсың. Сондықтан Дарынды дұрыс тәрбиеге сал. (қызды жетектеп жігітке тапсырады да орнына қайтып келеді) Міне, үш жұп қалыптасты. Енді… (жұптаспай қалған Тоқтар мен Алтынайға қарайды) енді қалған жұпты анықтау үшін конверттің қажеті жоқ.


Алтынайды Тоқтарға тапсырады. Сосын жастардың алдында жүріп сөйлейді.


Психолог. Байқасам, мұңайып қалыпсыңдар. Бұларың бекер. Әрине, әр адам ғашығымен жұптасқанын қалайды. Бірақ, отбасын құрғанда мөлдір махаббаттың, күйдім-сүйдімнің қажеті жоқ. Өздерің ойлаңдаршы, қай заманда, қай ғашықтар бір-бірімен бақытты отбасын құрып еді? Бір де бір отбасы құрылған жоқ. Өйткені махаббат жүрген жерде бақыт жүрмейді. Мөлдір махаббат, жалынды махаббат әрдайым қайғы-қасіретпен қосақтасып жүреді. Қозы мен Баян, Төлеген мен Қыз Жібек, Мәжнүн мен Ләйлі, Ромео мен Джульетта – осылардың ешқайсысы бақытқа кенелген жоқ, отбасын құрған жоқ. Өйткені бақытты отбасының негізі махаббат емес. Бақытты отбасының негізі – бір-біріне деген ықылас, сыйластық, жұбайлардың бір-бірінің алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілігі. Біздің ата-бабаларымызды алайық. Қай ата-ана сүйіп-күйіп жұптасып еді? Жоқ, о заманда күйеу жігіт пен қалыңдық бір-бірімен қыз ұзатарда ғана танысқан. Сөйтіп ұрпақтан ұрпақ жалғасқан. Сөйтіп қазекең өсіп-өніп осы күнге де жеткен. Енді қазіргі жастар өліп-өшпесе үйленгісі келмейді. Ал жұрттың барлығына, бас-басына бір-бір мөлдір махаббатты қайдан алмақпыз? Сонда ендігі ұрпақты кім өрбітпек? Клондар ма? Олардан не хайыр күтуге болады? Ағылшындар клондарының көмегімен қойдың санын да арттыра алмады. Сондықтан, жігіттер, қыздар, сүйдім-күйдімді, өлдім-талдымды қойып осы жұптарыңмен тату отбасын құруға тырысыңдар. Реалити-шоу бір айға созылады, айдың аяғында осы төрт жұптың тым құрығанда біреуі неке қиюға баратынына мен сенімдімін. Жеңімпаз атанған жұпқа төрт бөлмелі пәтер беріледі. Ал, маған деген сұрақтарың бар ма?

Мұрат. Сонда мен некелеспеген қызбен қалай жұптаспақпын? Бұл зор күнә емес пе.


Оған қосылып барлық қыз бен жігіт наразылық білдіріп жатыр.


Психолог. (екі қолын жоғары көтеріп) Сабыр, сабыр! Жұптасқанда төсекке жата кет деп тұрған ешкім жоқ. Түнде, жатақхана тәртібі бойынша қыздар өз бөлмесіне кетеді. Ал басқа уақытта бірге тұрып, бірге тамақтанып, бір-біріңнің қажетеріңе жарап дегендей, әйтеуір ерлі-зайыптылардың рөлін ойнайсыңдар. Содан бір ай бойы бір-бірлеріңе үйреніп, бір-біріңмен тіл табысып, берік отбасын құруға дайындық жасайсыңдар. Түсінікті ме енді?

Жігіттер мен қыздар. Түсінікті. Түсінбейтін не бар. Әй, қайдам, бұнымен тіл табыса алмаспын… т. с. с.

Психолог. Тіл табысасыңдар! Тек қана ол үшін ниет қою керек. Естеріңе салып қояйын – ертеңнен бастап бұл бөлмеге бейнекамера орнатылады. Және бағдаршам қойылады. Жәйда жасыл шам жанып тұрады. Егер де кімде-кім шеттен шығып бара жатса сары шам жанады. Сол кезде отбасы шырқын бұзушы райынан қайтпаса, қызыл шам жанып-сөніп дабыл қағылады. Сонда да ұрыс-керіс тиылмаса со жұп реалити-шоудан аластатылады. Демек, бізге сендердің әр қадамдарың аян болмақ. Осыны естеріңнен шығармаңдар. Ал енді жүріңдер, бастыққа барып келісім-шартқа отырайық. (жастарды ертіп кетеді)

Төртінші көрініс

Сол бөлме. Бір аптадан кейін. Бейнекамераның жанында тұрған бағдаршамның жасыл шамы жанып тұр. Дарын төсегінде жатыр, қолында сотка. Тойжан кіреді. Оның екі қолында екі толық пакет. Ол үстелге жақындап әкелген азық-түлікті шығара бастайды.


Тойжан. Дарын! Сағат неше болды, тұрмаймысың?


Дарын үндемейді.


Тойжан. Дарын! Мен кіммен сөйлесіп тұрмын?

Дарын. Білмеймін. Мен агентте отырмын.

Тойжан. Сен агентте отыған жоқсың. Сен агентте жатырсың.

Дарын. Тілің шығайын депті, қарапайым қараторы қыз! (бағдаршамның жасыл шамы жанып-сөне бастайды да, Дарын тұруға ниет бұрғандай аяғын төсектен салбыратып, шамға қауіптене қарайды)

Тойжан. Шығартасың сен! Бар, дүкеннен нан алып әкел. Ұмытып кетіппін.

Дарын. Тойжан, осы сен маған тыныштық бересің бе? Қайдағы ұсақ-түйекпен маңызды іске бөгет жасайсың.

Тойжан. Маңызды ісің не?! Өзің сияқты жалқау агенттеріңді наннан маңызды деймісің?

Дарын. Нан бар ғой! (жасыл шам жанып-сөнуін қоймағасын ол аяғына тұрады)

Тойжан. Кәне?

Дарын. Тойжан, шкафта бір бөлке нан тұр.

Тойжан. Ол нан біздікі емес. Ол Мұрат пен Сәнияның наны.

Дарын. Түү! Бір бөлке нанды сөз қылып тұрмысың?

Тойжан. Бір бөлке түгіл, біреудің бір үзім нанын алуға болмайды. (сары шам жанады, бірақ сөз таластырып тұрған «жұбайлар» оған назар аудармайды)

Дарын. Сен бұл нан Мұраттың наны болғасын айтып тұрсың. Осы сөзіңді кеше, Тоқтар мен Алтынайдың қантына қол салғанда неге айтпадың? А?

Тойжан. Тоқтар сол екі қасық қантқа бола қайыр сұрап кетпес. Оның көкесі шаруа қожалығының қожасы. Ал Мұрат қарапайым мұғалімнің баласы. Айырмашылық бар ма?

Дарын. Бар. Тек қана олардың көкелерінде емес. Айырмашылық сенде. Сен Мұратты ұнатасың да Тоқтарды ұнатпайсың.

Тойжан. Сен тағы да қызғанышқа салдың ба? Біз өткендегі жайттарды еске алмаймыз дегеніміз қайда? Өйтетін болсаң, сен де Майгүліңді ұмытқан жоқсың. Егер ол сені дүкенге жұмсаса сөзге келмей кете барушы едің.

Дарын. Жоқ, кетпес едім!

Тойжан. Кетуші едің!

Дарын. Жоқ, кетпес едім!


Қызыл шам жанып-сөніп дабыл қағылады. Тойжан мен Дарын үндерін өшіріп бағдарханға қараған бойы қатып қалады. Қайтадан жасыл шам жанғасын барып тыныстай бастайды. Майгүл кіріп келеді.


Майгүл. (тиын-тебен ұстата салып) Дарын, дүкенге барып бір бөлке нан алып келші. Ана малшының баласы келе жатыр, қазір нан сұрайды.

Дарын. Жарайды. (жүгіре басып кетеді)

Тойжан. Бізге де бір бөлке нан ала сал! (ол кетісімен Майгүлге) Сенің келгенің жақсы болды. Әйтпесе әлгі жалқауды дүкенге жібере алмай тұрғам.


Тойжан бірдеңе турап тамақ әзірлей бастайды. Майгүл айнаның алдына тұрып шашын тарайды. Шоқан ақсаңдап кіреді де орындыққа жайғасады.


Шоқан. (Тойжанға) Ана жалқауды қалай тұрғыздың? Біз ғой оны үшеулеп дүкенге жібере алмағанбыз. Ал сен бір апта өтпей жатып дұрыс жолға салыпсың.

Тойжан. (күледі) Ол мен емес. Мен Дарынмен бір сағат сөз таластырып дүкенге жібере алмадым. Ал Майгүл келді де бір бөлке нан алып кел деуі мұң екен – сөзге келмей тартып отырды.

Шоқан. Майгүл! Сен біреудің жұбайын неге жұмсайсың?

Майгүл. Енді қайтейін? Сен үйде нан болмаса жанжал көтересің ғой.

Шоқан. Наныңды қайтейін? Әлде ұмыттың ба? Мен бүгін нан жемеймін, бүгін менің ет жейтін күнім.

Майгүл. О тоба! Сен өзі мені әбден шатастырдың! Адам деген не малшы болу керек, не егінші болуы керек! Не етті, не нанды таңдауы керек. (жасыл шам жанып-сөне бастайды, бірақ оған қарайтын жұбайлар жоқ)

Шоқан. Майгүл! Мен малшы да, егінші де емеспін. Мен қала тұрғынымын. Ал қала тұрғыны бір күні нан жеп, келесі күні ет жейді. Былшылды қой да дүкенге барып ет алып кел. (сары шам жанады)

Тойжан. (күледі) Қызық екен!

Шоқан. Несі қызық?

Тойжан. Бір күн нан жеп келесі күні ет жегенің.

Шоқан. Еш қызығы жоқ. Бұны диета дейді.

Майгүл. Диетаң да құрысын, өзің де құры!


Қызыл шам жанып-сөніп дабыл қағылады. Майгүл мен Шоқан бағдаршамға қараған бойы қатып қалады, сосын жасыл шам жанғасын демдерін алып қимылдай бастайды. Майгүл терезенің жанына келіп сыртқа көз тастайды.


Майгүл. Дарын! Нанның керегі жоқ, оның орнына бір табақ ет ала сал.

Тойжан. Әй, сен менің жігітіме неге бұйрық бересің? Бір бөлке нанға ақша беріп, бір табақ ет әкел дегенің? (терезеге жетіп барып) Дарын! Жедел бөлмеге орал.

Майгүл. (модельге тән жүріспен айнаға қайта оралып!) Ешкім ешкімге бұйырып тұрған жоқ. Дарын менің өтінішімді орындап жүр. Менің жігітім мүгедек болып қалды, нан мен етке бара алмайды.

Тойжан. Онда нан мен етті жемесін!


Алтынай кіреді.


Алтынай. Немене, Шоқанды тағы да ренжіткенсіңдер ме? Әлде терезеден секіргені аз болды ма? Мүлдем өлтіріп тынбақсыңдар ғой, иә? (Шоқанның жанына жақындап басын сипағысы келеді, ал ол қыздың қолын қағып жібереді)

Майгүл. Алтынай! Біреудің жұбайыңда жұмысың болмасын. Керек пе – ренжітем, керек пе – секіртем. Керек пе – өлтіріп тынам. Сен өзіңнің Тоқтарыңа ие бол.

Алтынай. Шоқан менің жерлесім. Сондықтан жаным ашиды.

Майгүл. Ол сенің жерлесің болғанмен, сен оның жерлесі емессің. Сондықтан аулақ жүр.

Алтынай. Жақсы, солай-ақ болсын. Ендеше сен де менің Тоқтарыма жуыма.

Майгүл. Сен өзі Тоқтарды қызғанып тұрғаннан саумысың?

Алтынай. Керек еді оны қызғанып. Қызғанатын болсам дәл саған қызғанбаспын.

Майгүл. Иә! Сонда кімге қызғанасың?

Алтынай. Кімге емес – неге! Мына тұрған темір-терсегіне! Құдай біледі – сен де оны осыларға қызғанасың.

Майгүл. Түү! Қайдағыны айтады екенсің. Жігітті қыз темірге қызғана ма екен?

Алтынай. (гантельдің біреуін алып кеудесіне қыса көтере бастайды) Ол осы темірді көтергенде, «Шіркін, мені де солай көкірегіне қысса екен!» дейтін шығарсың. (Тойжан екеуі күледі)


Майгүл сөз таба алмай тосылып айнасына бұрылады. Мұрат келеді.


Мұрат. Ассаламу ғаләйкүм.

Алтынай. Уа ғаләйкүм ассалам.

Мұрат. (Алтынайға жақындап келіп) Кайфа халуки, Алтынай?

Алтынай. Әлхамду лиллаһи, би хайр. (гантельді жігітке ұстата салады)

Мұрат. (мұны күтпеген ол гантельді түсіріп ала жаздайды) Машалла!

Тойжан. Әй, не деп шүлдірлеп кеттіңдер? Мұрат, Алтынайдың басы бос емес. Ол Тоқтардың зайыбы. Мұсылманға бөтен әйелмен шүйіркелескен жараспайды.

Мұрат. (гантельді орнына қайтарады) Тоқтар екеуі әлі некелескен жоқ.

Тойжан. Некелеспесе некелеседі. Алтынай Тоқтарын мына темір-терсекке қызғана бастады.

Мұрат. Ал сен ше? Сен Дарынды төсегіне қызғанатын шығарсың.

Тойжан. Төсегіне не деп қызғанбақпын?

Мұрат. Ол соның үстінен күні-түні түспейді емес пе.


Бөлмедегілер күледі.


Тойжан. Әй, Мұрат-ай! Мені керек қылмап едің Сәния енді сені қорлап жүр. (терезе жақты нұсқап) Әне, тағы да Дарынды: «Дарел, Дарел!» деп айналдырып тұр.


Мұрат терезеге жақындап аулаға көз тастайды.


Мұрат. Сәния! Не ғып тұрсың аулада? Жүр үйге, ас даярла.

Сәния. О, май гоот! Сен ораза тұтып жүрмеп пе едің?

Мұрат. Ораза тұтсам ауыз ашпаймын ба?

Сәния. Ол райт! Кешке жақын даярлаймын.

Мұрат. Иә! Кешке жақын: «Кеш болды, күн батты» деп бөлмеңе бір-ақ тартасың.

Тойжан. Мұрат, мен сенің ауызыңды ашайын.

Мұрат. Керек жоқ! (Алтынайға бұрылады) Алтынай, ауызымызды бірге ашайық.

Алтынай. Рахмет, қолым тимейді. Тоқтарды тамақтандыруым керек.

Мұрат. Ол ораза тұтып жүр ме?

Алтынай. Жоқ. Бірақ штангасымен бір жаттыққаннан кейін бір ай ораза ұстағандай жалмаңдайды.

Мұрат. А, онда сауаптан болсын.

Тоқтар. (кіріп келіп) Кім жалмаңдайды?! Сен, Алтынай, сөзіңді бағып сөйле!

Алтынай. Ал бақпасам не істейсің? (жасыл шам жыпылықтайды)

Тоқтар. (қызға төніп) Көресің сонда не істегенімді! (сары шам жанады)

Алтынай. (жұлынып) Ал көрсет онда!


Қыз тайсалмай жігітке жақындай түседі, сонда қызыл шам жанып-сөніп дабыл қағылады да екеуі қатып қалады. Қайтадан жасыл шам жанғанда екеуі де теріс айналып кетеді. Тоқтар штангамен айналысады, ал Алтынай үстелге жақындап тамақ әзірлеуге кіріседі. Сәния келеді.


Мұрат. Әй, қатын, қайда жүрсің? Мына түрің не?

Сәния. (қолын бір-ақ сілтейді) Гуд бай, муслиммен! Мені әлі үйіңе кіргізіп алған жоқсың. (жасыл шам жыпылықтайды)

Мұрат. Менімен жұптасуға келісім бердің бе? Бердің!

Сәния. О, ноу! Келісім бергенде қатын боламын деген жоқпын. Сондықтан аулақ кет! (сары шам жанады)

Мұрат. (дауысын қатулатып қызға төнеді) Сен олай жалтарма! Мен әлі сені тәубеге келтіремін!


Қызыл шам жанып-сөніп дабыл қағылады. Жұбайлар бағдаршамға қарап қатып қалады. Жасыл шам жанысымен демдерін алады.


Сәния. (алақанын көкірегіне басып) О-о… Сен енді байқап сөйлесеңші, Мұрат. Дүйім жұрттың көзінше қызға қатын дей мекен.

Мұрат. (дауысын едәуір жұмсартып) Қатын деген сөздің мағынасы гүл дегенді білдіреді. Сондықтан ренжіме. Сенің де мына жүрісің жарамайды. Ұмытпа, сен енді мұсылманның зайыбысың.

Тойжан. Мына бағдаршам кез келген адамды тәубеге келтіреді екен. (барлығы күледі)


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | Следующая
  • 0 Оценок: 0


Популярные книги за неделю


Рекомендации