Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"
Автор книги: Леонид Вариченко
Жанр: Драматургия, Поэзия и Драматургия
Возрастные ограничения: 18+
сообщить о неприемлемом содержимом
Үшінші көрініс
Сол киіз үйдің алды. Нурыз тойы. Сахнаға, бір жағынан Сәуле, Балқия, Қорлан (қыздар мен балалардың жалпы саны шектелмейді, тек қана екі топ сан жағынан тең болғаны абзал), ал Қожанасыр, Жарқын, Болат оларға қарсы шығады. Барлығының үстінде қазақи ұлттық киім. Қыздар мен балалар көрермендерге бұрылып иіліп сәлем береді.
Сәуле. Ұлыс күні оң болсын
Барша халық тоқ болсын
Наурыз тойын қарсы алып
Ырыспенен бақ қонсын.
Қожанасыр. Ақ молынан берілсін
Астық көптеп егілсін
Ел, халқымыз тыныш боп
Пәле-жәле жерге енсін.
Балқия. Наурыз тойы тойлансын
Бақыт, шаттық орналсын
Наурыз көже жасалып
Дәмінен жұрт татсын
Жарқын. Қыз-бозбала ойнасын
Алтыбақан орналсын
Ән-күйімен шырқалып
Саз бесігі тербелсін.
Қорлан. Наурыз жыры жырлансын
Күй нақышпен ұлассын
Наурызда тату боп
Ағайын-жұрт жиналсын.
Болат. Ау, халайық, халайық!
Наурызды қарсы алайық
Бәріміз де қосылып
Наурыз әнін шырқайық!
Сәуле. Қожеке, ән шырқайық.
Қожанасыр. Шырқасақ, шырқайық!
Екі топ бір-біріне жақындап, сап құрып ән шырқайды. Қожанасыр мен Сәуле саптың алдына шығып ән бастайды.
Сәуле. (ән бітісімен) Тамаша! Қожеке, сіз нағыз әнші екенсіз.
Қожанасыр. Қайдам! Менікі жәй әншейін ғой. Ал біздің елде қандай күміс көмей әншілер бар дейсің! Біздің елге келіңдер, сонда нағыз өнердің сабаздарын табасыңдар.
Бәрі қосылып. Барамыз сіздің елге, Қожеке, бір барамыз!
Екі топ тағы ажырасып екі жаққа кетеді. Тағы да өлең шумақтары айтылады.
Қожанасыр. Топырағынан Тұранның
Бастау алған Наурызым.
Қанатында жыр-әннің
Самғап ұшқан Наурызым!
Сәуле. Биыл міне тағы да
Аңсап көрген Наурызым.
Құстар қонған бағыма
Ән сап келген Наурызым!
Жарқын. Айналаға нұр төгіп
Күй тербеген Наурызым.
Шаттық сәуле тұр күліп
Би билеген Наурызым!
Балқия. Ел еңсесін көтеріп
Дос мақтаған Наурызым.
Жайлауыма төл өріп
Асқақтаған Наурызым!
Болат. Ақындарын жырлатқан
Жаса, жайна, Наурызым.
Барлық халық тіл тапқан
Демеуші ұлы, Наурызым!
Қорлан. Жаңа жылда – жаңа ырыс
Алып келдің, Наурызым.
Жаңа жылды жарылқап
Бастап берші, Наурызым!
Сәуле. Қожеке, енді би билейік.
Қожанасыр. Билесек – билейік!
Балалар мен қыздар би билейді. Қожанасыр мен Сәуле билеушілердің алдына шығып би бастайды.
Сәуле. (би бітісімен) Тамаша! Қожеке! Сіз жақсы билейді екенсіз. Сіз кез-келген ансамбілдің көркі бола аласыз.
Қожанасыр. Ой, жоға! Менікі жәй әншейін ғой! Ал біздің елде нендей атақты бишілер бар дейсің. Біздің елге келіңдер, сонда нағыз өнердің сабаздарын табасыңдар.
Барлығы қосылып. Барамыз сіздің елге, Қожеке, бір барармыз!
Қамбар мен Толқын келеді.
Толқын. Балалар! Енді Наурыз көжеден ауыз тиіңдер.
Қамбар. Иә, көжесіз Наурыз – Наурыз емес.
Балалар. Алақай! Наурыз көже ішеміз! (екі сап бұзылып кетіп балалар араласып шуласып кетеді)
Сәуле. Балалар, тоқтаңдар, тынышталыңдар! (олар тынышталысымен Қожанасырға бұрылады) Қожеке, сізге тартатын бір сыйымыз бар. Сіз, өкінішке орай, өзіңіздің көк есегіңізден айырылып қалыпсыз. Ұшып-қонып жүрген шарыңызды маған сыйладыңыз. Ұзақ сапарда аяғыңыз тозар. Біз бәріміз қосылып сізге бір тұлпар сыйлайық деп ұйғардық.
Қожанасыр. Тұлпар?! Қой, Сәуле, мен ондай бағалы сыйды қабылдай алмаймын. Жаяу жүру бізге, Қожанасырларға таңсық емес. Талай рет, ата-бабаларымыз жаман адамдардың зорлық-зомбылығының нәтижесінде жаяу қалған, бірақ ешқашан мұңаймай, түңілмей жаяу ел кезіп өздеріндей қарапайым халыққа дем беріп, көңілін көтеріп жүре берген. Мен де соны істеймін.
Сәуле. Әрине, жаяу жүргенмен сіз еш кемімейсіз. Сонда да, көлік мініп жүрген тиімділеу ғой. Және біздің тұлпарымыз онша қымбат емес. Біздің тұлпарымыз сіз ойлаған тұлпар емес.
Қожанасыр. Осы сен, Сәуле, әрдайым жұмбақтап сөйлейсің. Қандай тұлпар ол тұлпар емес?
Сәуле. Өзіңіз көресіз. Балалар, әкеліңдер Қожекеңнің жаңа тұлпарын!
Балалар улап-шулап велосипед алып келеді. Оны Қожанасырға табыс етеді.
Сәуле. Міне біздің тұлпарымыз.
Қожанасыр. Өй, бұл не?!
Қамбар. Мұны бірінші рет көрген қазақ шайтан арба деп атаған. Алайда шайтанның велосипедке еш қатысы жоқ. Және де бұл жақсы көлік – не жем-шөп тілемейді, не су ішпейді, не жағармай сұрамайды. Бұл тұлпар оттамайды да, мұны суарамын деп ен далада суат іздемейсің. Тек мініп алып шапқылай бер!
Қожанасыр. Ә! Сондайы бар ма еді? (велосипедтің орындығына мініп, аяғын көтере беріп) Шу-у, жануар! (құлап бара жатып аяғына тұра қалады) Өй! Мынауың аяғын баспайды ғой! Бұл маған көлік болып жарытпас! (бәрі күледі)
Жарқын. Қожеке! Бұл тұлпарды теуіп үйрену керек. Кәне, беріңіз, мен көрсетейін. (мініп алып сахнаны бір айналып түседі)
Қожанасыр. Оу, бәлі! Мынау тіпті тұлпардай зулайды ғой! Кәне, әкел, мен де шапқылайын.
Жарқын велосипедті Қожанасырға береді, бірақ ол бастапқы кезде тебе алмай әуреленеді.
Қожанасыр. (рөлге ие бола алмай қиқаңдатады, велосипед дұрыс жүрмей оң-солға бұлғаңдайды) Өй, мына жануар қалай ойқастайды-ей! Өзі мені жатырқап тұрғаннан сау ма?
Балалар шуласып велосипедті итеріп көмектеседі. Ақыры Қожанасыр өзі жүріп кетеді. Бір-екі рет сахнаны айналып өтіп сыртқа қарай беттеп бара жатып қолын бұлғап қоштасады.
Қожанасыр. Қош сау болыңыздар! Мені ұмытпаңдар! Мен әлі келемін! Мен әлі талай келемін, тек мені ұмытпаңдар!
Балалар. (қолдарын бұлғап шуласып жатыр) Қош, қош Қожеке! Біз сізді ешқашан ұмытпаймыз!
Қожанасыр сахнадан шығып кетеді.
Толқын. Қожекең шынында да кетіп қалды ма? Көже ішпей кетті ғой! Қап!
Қамбар. Велосипед тебуді көже ішкеннен кейін үйрету керек еді. Ал енді не тұрыс? Жолы болсын дейік. Балалар! Наурыз көжесінен ауыз тиіңдер.
Балалар еңселері түсіңкі аяқтарын әзер басып киіз үйдің есігіне қарай жылжи бастайды.
Сәуле. Менің тәбетім соқпай тұр. Қожекең бүкіл мейрамның тамашасын бірге алып кеткендей болды.
Жарқын. Иә, мен де өзімді солай сезініп тұрмын.
Осы тұста сахнаға велосипед мінген Қожанасыр қайтып келеді. Балалар шу етіп оған қарай ұмтылады. Қожанасыр бір айналып түседі, балалар оның соңынан еріп жүгіреді. Ақыры ол ортаға кеп тоқтайды.
Қожанасыр. Қамбар ағай! Толқын жеңгей! Кетіп бара жатып сіздердің Наурыз көжесін ішуге шақырғандарыңыз есіме түсіп кетті. Сосын өзіме-өзім: «Әй, менікі не? Шын жүрекпен ұсынған асты аттап кеткенім бе?» дедім. Содан, қайтып келіп, көже ішіп, тағы ойын-сауық құрып, осы мейрамды өткізіп, ал ертеңімен ертерек сапарға шығайын деп ұйғардым. Дұрыс істедім бе?
Қамбар. Әрине!
Толқын. О не дегеніңіз!
Балалар. (бір ауыздан) Иә! Иә! Өте дұрыс істедіңіз Қожеке! Алақай! Қожеке әлі кетпейді! Ол әлі бізбен болады, әлі бізбен би билейді, ән айтады, ойын ойнайды!
Толқын киіз үйдің ішінен тегене мен ожау алып шығады. Ал Сәуле тостағандар алып шығып жанынан тізбектеліп өтіп бара жатқан қыз-бозбалаларға бір-бір тостаған таратып береді. Олар енді Толқынның жанынан өтіп бара жатып тостағандарын оның ожауына тосады, сонда ол балаларға көже құйып тұрып мынандай өлең шумақтарын айтады.
Толқын.
Айналайын балалар!
Жеп-ішсін деп тамсанып
Жеті түрлі дәм салып
Наурыз көже пісірдім.
Арпа, бидай, тары бар,
Қатық, малта, ағы бар.
Ішілетін, жейтұғын
Бұл көжеде бәрі бар.
Құйдым алтын табаққа
Бал көжеден татыңдар
Наурыз мейрам шағында
Бар қызыққа батыңдар.
Көжеден ауыз тиген болып, кеселерін қолдарында дөңгелете отырып қыз-бозбалалар би билейді. Би аяқтала тостағандарын сол тәртіппен Сәулеге қайтарып береді. Толқын мен Сәуле ыдыстарды киіз үйдің ішіне қайтарады.
Толқын. (Қамбар екеуі ортаға шығады) Отағасы, балаларға батаңызды беріңіз. Иләһи әмин! (барлығы қолдарын жаяды)
Қамбар.
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Ықыласпен қол жайсаң
Ақ тілекті төгейін.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барсаң да жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Қазақ халқым тоқ болсын
Көйлектерің көк болсын!
Уайым-қайғы жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!
Әумин! Аллаһу акбар!
Барлығы. Әумин! Алаһу акбар!
Шымылдық
Компьютер ойыны
Тұңғыш немерем Арланға арнадым
Кейіпкерлер:
АРЛАН – виртуалды нақтылықтағы компьютерлік ойынды құрастырып шығарған 11-ші сынып оқушысы.
ЖАПАР – Арланның әкесі.
САМАЛ – Арланның өгей шешесі.
ЖАНАТ – Арланның қарындасы.
ҚАНАТ – Арланның інісі.
ШОПАН – Арланның сыныптасы, футболдық фанат-жанкүйер.
ДИХАН – Арланның сыныптасы, мотосайыскер.
АЙША – Арланның сыныптасы, суретші.
МӘРИӘМ апай – мұғалима.
Компьютер ойынының кейіпкерлері.
Бірінші көрініс
Арланның бөлмесі. Арғы жақ бетте екі есік. Бірі Жанаттың бөлмесіне кіретін, ал екіншісі ауыз үйге шығатын есік. Сол жақ қабырғада айқарыла ашылып тұрған терезе. Арқасын терезеге тіреп диван тұр. Оның жанында сабақ дайындайтын шағын үстөл бар, оның үстінде айна тұр, және бірнеше оқулықтар мен дәптерлер жатыр. Үстөлдің бергі бетінде орындық бар. Оң жақ қабырғада істеп тұрған компьютердің алдында Арлан отыр.
Арлан. (желкесін қасып) Кілт… кілт… қалай тапсам екен бұл ойынның кілтін? (клавиатураны басып мониторға қарап басын шайқайды) Жоқ! Дұрыс емес!
Самал. (ауыз үйден кіріп келіп) Иә! Сен не? Күні бойы осы орныңнан тұрмағансың ба?
Арлан. (көздерін монитордан айырмай) Тұрдым.
Самал. Сен өзі кісімен сөйлескенде көзіңді компьютерден айырсаңшы! (пауза) Арлан! Мен кіммен сөйлесіп тұрмын!
Арлан. (еріксіз бұрылып) Біреумен сөйлесу үшін оған міндетті түрде қарау керек пе? Менің жауабымды естідіңіз ғой.
Самал. Сен олай ақылсыма! Қарап тұрсам тілің шығып қалыпты. Сөндір компьютерді! Бол! Қанатты көшеге апарып қыдыртып әкел. Менің қолым тимей тұр.
Арлан. Ол өз бетімен қыдыратын жасқа келген жоқ па. Қашанға қолынан жетелеп жүреміз?
Самал. Мынаны қарай гөр! Әй! Көшеде зуылдап жатқан машина. Біреуінің астына түсіп өлсін деймісің? Жедел орныңнан тұр!
Арлан. Маған мектепке кету керек.
Самал. Түскен екен мектеп ойыңа! Құдай біледі – мен кірмесем сен со бойы орныңнан қозғалмас едің. Мектепте не бар?
Арлан. (жүзін мониторға бұрып әкетіп) Мәриәм апай кел деген.
Самал. Неменеге?
Арлан. Білмеймін. Кел деді… әйтеуір…
Самал. Өтірік айтасың. Арлан! Мен қазір мектепке телефон шаламын. Осыдан өтірігің шықсын – өз обалың өзіңе, әкеңе айтамын.
Арлан. Жарайды, қыдыртып келейін Қанатты… (еріксіз компьютерді сөндіріп, орнынан тұрып есікке қарай беттейді). Мектепке баруға әлі ертерек… уақыт бар.
Самал. Осыны менімен керіспей істей салуға болмаушы ма еді?! Бірдеңе айтсам әрдайым бір сылтау табасың. Компьютерді алғанымыз бір пәле болды! Айтпады деме – мына түріңмен көзіңнен айырыласың. Күні-түні қозғалмастан ойнайсың.
Арлан. Мен компьютермен ойнап жүрген жоқпын.
Самал. Е! Ойнамағанда не істейсің?
Арлан. (ауыз ұйге шығып бара жатып) Компьютер ойын ойнайтын автомат емес.
Самал. (соңынан кетіп бара жатып) Бірақ сен бұны оқуың үшін пайдаланып жүрген жоқсың. Мені ештеңе білмейді деп ойлама… (шығып кетеді)
Өзінің бөлмесінен Жанат шығып компьютерді іске қосады.
Жанат. Осы Арлан қандай ойын ойнап жүр, ә? (ана-мына ойындарды қосып) Карта ойнап жүр ме?.. (пауза) Жоқ, ойнамаған сияқты. (тағы бір-екі ойынды ашып-жауып) Жоқ, бұлармен де ойнамапты. Онда не істейді күнімен? Мүмкін мына папка шығар? Мынаны қара – ашылмайды! Құлыптап қойыпты. Бұл сонда не құпия папка? Жарайды, сосын білермін. Одан да ол жоқта косынка ойнап алайын. (картамен ойнайтын ойынды ашып алады)
Самал. (қайтып келіп) Сен де ойынға кіріскенбісің? (мониторға көз тастап) Әй! Осы бастан карта ойнайсың ба?
Жанат. Арлан ойнағанда маған ойнауға болмай ма?!
Самал. Ойна! Бірақ басқа да ойын бар ғой. Шахмат ойнасаң қайтер еді?
Жанат. Сонда не – шахмат ойнауға болады да, карта ойнауға болмай ма?
Самал. Шахмат ақылыңды толтырады.
Жанат. Карта да ақыл толтырады.
Самал. Карта ақыл толтырмайды, ол адамды аздырады! Ол қызбаушылыққа апарып соғады. Сабағыңды оқыдың ба?
Жанат. Бізге сабақ берген жоқ.
Самал. Неге?
Жанат. Білмеймін.
Самал. Ал мен қазір мұғаліміңе телефон шалып, неге сабақ бермейтінін сұрасам не дейсің?
Жанат. А! Есіме жаңа түсті! Бір есеп шығару керек еді. Бағана, мектептен келісімен шығарып көріп едім, шығара алмадым.
Самал. Шығара алмадым деп со бойы қоя салу керек пе? Үлкендерге неге айтпайсың? Неге көмек сұрамайсың?
Жанат. Сұрадым.
Самал. Кімнен?
Жанат. Ағамнан.
Самал. Ол не деді?
Жанат. Не деуші еді? – қолым тимейді деді. Мамаң келгесін соған шығарғыз деді.
Қанатты ертіп Арлан қайтып келеді.
Арлан. Міне, қыдыртып әкелдім.
Қанат. (жыламсырап) Ма-ма! Мен аулада ойнағым келеді.
Самал. (Арланға) Сол-ақ па? Шыққандарыңа бес минут те болған жоқ қой!
Арлан. Өзі «үйге барам, үйге барам!» деп қыңқылдады.
Қанат. Өтірік айтады! Мен олай деген жоқпын! (Арлан оның желкесінен мытып қалады)
Самал. Арлан! Сен неге өтірік айтасың, ә?
Арлан. Айтқан жоқпын! (Жанатты тұрғызып жіберіп, компьютердің алдына отырады) Қанат өзі өтірік айтып тұр. Ол менімен қыдырғысы келмейді, біреу жанында жүргенде ойнағысы келмейді. Өзі дара басымен жүргенді қалайды.
Самал. Әрине! Сен оны ұрған шығарсың.
Арлан. Ұрған жоқпын.
Самал. (компьютердің сымын розеткадан жұлып алып) Мен саған сенбеймін! Жанаттың есебін шығаруға неге көмектеспедің?
Арлан. Тәте! Компьютерді бұлай сөндіруге болмайды ғой! Істен шығады. (Жанатқа бұрылып) Қайдағы есепті айтып тұрсың?
Жанат. Қайдағы болушы еді?! Үйге берілген есеп те! Бағана, «шығара алмай тұрмын, көмектесіп жіберші» дегенімде, «қолым тимейді, мамаңа шығарт» дегеніңді ұмыттың ба?
Арлан. Жанат! Қандай өтірікшісің, ә! Сен маған жақындап келдің бе? Өзі бүгін екеуміз сөйлестік пе? (Самалға) Жанат мектептен келісімен бөлмесіне кіріп кетті де, содан бері көріп тұрғаным осы.
Самал. Мен саған сенбеймін, Арлан! Айтатының өтірік. Әбден жалқауланып алдың. Түк істегің келмейді. Өзің сабағыңды оқыдың ба? Мен осы сенің оқулық ашып, дәптерге бірдеңе жазып отырғаныңды көрген емеспін.
Жапар кіріп келеді.
Қанат. (әкесіне жармасады, Жапар оны көтеріп алып бетінен сүйеді) Папа! Мен аулада ойнағым келіп тұр.
Жанат. (әкесі мен шешесі бірігіп, Арлан екеуінің оқуын қолға алатынын сезіп, одан құтылу мақсатпен) Жүр, мен ойнатайын сені. (Жапар баланы Жанатқа ертіп жібереді)
Жапар. (диванға жайғасып) Бұл не айғай? Не болды? Арлан сабақ оқымайды деймісің?
Самал. Міне, Жапар, енді саған айтпасқа болмады. Мына балаң сабақ оқымайды! Және түк істемейді. Мектептен келісімен компьютермен бір бітпейтін ойындарын бастайды да, күні бойы содан бас көтермейді. Бұл бала көздерінен айырылады. Айтпады деме.
Жапар. Жә, Самал, қойшы! Сен де ақырзаманды төндіріп қоясың. (Арланға) Ал бірақ, Арлан, компьютердің алдында күні бойы отыруға болмайды. Ол не ойын сонша ұзақ ойнайтын?
Арлан. (әр сөзін бөліп-бөліп) Мен… компьютермен… ойын… ойнамаймын! Бала болып кетті деймісіз?!
Жапар. Сонда не істейсің?
Арлан. Мен?.. мен… мен сурет саламын, ана… не… реферат жазамын…
Самал. Өтірік айтасың! Көрсетші сол рефераттарыңның бірін.
Арлан. Мен оларды принтермен басысымен өшіріп тастаймын. Оларды сақтап не керек?
Самал. Ал суреттеріңді ше? Оларды да өшіріп тастайсың ба?
Арлан. Иә.
Самал. Неге? Адам суретті не үшін салады? Қай суретші бейнеттеніп салған суретін өшіріп тастайды?
Арлан. Ұнамаса өшіріп тастайды. Жағып жіберетіндері де болған. Ол жөнінде тарихтан қаншама мысал келтіруге болады.
Самал. (күйеуіне) Мына балаңның айтатыны өтірік. Сабағын оқымайды, үйде ештеңе істемейді, жаңа Қанатты қыдыртып әкел деп жібергем, бес минут өтпей қайтып келді. Есіктен шығысымен ұрды ма, қорқытты ма, қайдан білейін, не істегенін, әйтеуір, «үйге қайтамын, қыдырмаймын деді» деп алып келді. Жанат «есебімді шығара алмадым, көмектесші» деген екен, «қолым тимейді» депті. Енді «ондай сөз болған жоқ, Жанатты мүлдем көрген жоқпын» деп бой бермей тұр. Мына балаңа бірдеңе істе, немесе мен компьютерді сатып жіберем.
Жапар. Неге сатасың? «Балалардың оқуына керек» деп өзің алған жоқсың ба.
Самал. Арлан бұл компьютерді оқуына пайдаланайын деп тұр ма? Мектептен келісімен жаулап алады да, сосын түннің ортасына дейін ойын ойнайды… (сыртқы есіктегі қоңырау шылдырлағанын естіп шығып кетеді)
Жапар. (компьютерлік үстөлды шұқылап тұрған баласына) Арлан, отыршы, саспай әңгімелесейік. Осы сен не ойлап жүрсің? Биыл, Алла қаласа, мектеп бітіресің. Алдыңа қойған мақсатың бар ма? Не оқитын кітабың жоқ, не еш нәрсемен айналыспайсың. Оп-оңды қазақша күреске барып жүріп сайыстарда жүлделер ала бастап едің, оны да тастап кеттің. Кеше бапкерің көшеде кездесіп қалып: «Арланның күреске ебі бар, ол неге жаттығуға келмей қойды?» дегенде не айтарымды білмедім. Әне, өзіңдей Дихан, мотоспортпен айналысып жүр. Оның әкесі: «Дихан бес минутсыз чемпион, өткен жолғы сайыста күміс жүлдеге ие болды» деп мақтанады. Ал ана Шопан ше? Ол да спорт десе ішер асын жерге қояды. Стадиондағы футболды көрмей жібермейді. «Біздің Шопан қазақстандық түгіл, бүкіл әлемнің клубтарының аты мен футболшыларының есімдерін біледі» – деп мақтанады оның көкесі.
Арлан. Папа, мен балуан болғым келмейді. Өзіңді қинап, басқаларды қинап, қара терге түсіп, өзің мен қарсыласыңның денесін көгала қойдай қылып ауыртып алған жүлдесі құрысын. Дихан құсап мотосайыскер де болғым келмейді. Жынды кісіше мотоциклмен айдатып, өміріне қауіп төндіріп, чемпион атанған да мақтаныш болып па? Ал Шопандікі не? «Ана команда жеңді, мына команда жеңілді» деп дүрлігеді де жүреді. Сол командалармен бірге келген жанкүйерлермен қырылысып елдің мазасын алып жүр. Солай спортпен айналыса ма? Ал мен ешкімге тиіспеймін, тыныш қана үйде отырамын, сонда да сіздерге жақпаймын…
Жапар. Сабағыңды неге оқымайсың?
Арлан. Оқимын…
Бөлмеге Мәриәм апайды ертіп Самал қайтып келеді. Арлан қипақтап қалады.
Арлан. Ал, жарайды, мен кеттім…
Жапар. Тоқта! Мұғалимаң келгенде кетем дегенің не? (орнынан тұрып мейманға қарсы жүреді) Сәлеметсіз бе Мәриәм апай. Жоғарлатыңыз. (диванға отырғызады) Иә, мал-жан аман ба?
Мәриәм. Шүкір, аман.
Самал. (бөлмеден шығуға ыңғай білдіріп) Мен шай қояйын…
Мәриәм. Рахмет, мен асығыспын. Жолда болғасын кіріп шығайын дедім. Көптен бері сіздерге жолығуға қолым тимей жүрген.
Жапар. Ал, құлағым сізде. Не, – Арлан бірдеңе бүлдірді ме?
Мәриәм. Жоқ, ештеңе бүлдірген жоқ. Алайда… қалай деп айтсам екен… биыл Арланға бірдеңе болды. Бұрын сабағын да оқитын, үлгерісі де жақсы-дың. Оқуы үздік болмаса да, талпынысы жаман емес-тің. Ал енді биыл… биыл не болғанын мен түсіне алмадым. Өзімен қанша оңаша сөйлесіп бұл өзгерістің себебін анықтап алайын деп едім, ештеңе шықпады. Үндемейді. Міне, енді өздеріңізге келдім. Мүмкін, үй жағдайында бір өзгеріс болды ма, әлде не…
Самал. Бұл өзгерістің себебін мен сізге айтайын. Балалардың оқуына жақсы ықпал етер деп биыл мына компьютерді алғанбыз. Міне, енді Арлан күні-түні осының жанынан кетпей қойды. Үй жұмысы да қалды, сабақ та қалды… күресі де жайымен қалды. Биыл бұның қолынан оқулық көрсем, не дәптерге бірдеңе жазып отырғанын көрсем, көзім шықсын. Қашан келсем де шұқшиып отырғаны осы компьютердің алдында. Бүгін де міне, сіздің алдыңызда ғана сөз қылып отырғанбыз.
Мәриәм. Компьютермен айналысқаны жаман емес. Бірақ оқуды ұмытуға бола ма?
Самал. Мен де соны айтамын! Жалғыз оқуды емес, бұл бүкілін ұмытты. Үйде ештеңе істемейді. Әйтеуір туған шешесі болмағансоң мен көбіне үндемеймін де. Алайда, добалдай бозбаланы күні бойы шалжитып отырғызып қоюға бола ма?! «Өгей шешенің балада жұмысы болмасын» деген заң жоқ шығар. Ал Арлан солай деп ойлайды. Сондықтан да менің сөзім бұл үшін тек бір мағынасы жоқ дыбыс. Сондықтан да ол менің бір де бір тапсырмамды орындамайды. Тек бір бітпейтін компьютерлік ойындарды ойнайды да отырады…
Жапар. Тоқтай тұршы, Самал! (Арланға бұрылып) Бұл не ойындар сонша бітпейтін, Арлан?
Арлан. Мен ойын ойнап жүрген жоқпын. Жаңа айтқан жоқпын ба!
Самал. (сөреден екі қолымен ойындардың компакт-дискілерін алып Арланның алдына, компьютерлік үстөлдың үстіне тастай салып) Ойын ойнамасаң мыналарды не үшін сатып алдың? Мектептің буфетінен тамақтансын деп берген ақшаның бәрін осы ойындарға салған жоқсың ба? (мұғалимаға қарап) Аштан бұралып жүріп мына ойындарды сатып алған. Мен оны да анықтадым.
Мәриәм. Арлан, сен кішкентай бала емессің. Биыл ақырғы оқу жылың. Ересек адам сияқты сөйлесейікші. Ойын ойнамасаң осынша ойын дискілері не керек?
Бәрі Арланға қарайды. Арлан төмен қарап үндемейді.
Жапар. Неге үндемейсің, Арлан? Шынында да – егер ойнамасаң неге аштан аш жүріп ойын сатып аласың?
Арлан. (басын көтерместен) Мен аштан аш жүрген жоқпын.
Самал. Сен мені өтірікші қылғың келеді, иә! Мен Жанаттан күнде сұраймын: «Арлан буфеттен тамақтанады ма?» деп. Ол: «Жоқ, тамақтанбайды» дейді.
Арлан. Иә, мен буфетте тамақтанбаймын. Бірақ аш жүрген жоқпын. Менің тамақ ішкім келмейді.
Самал. Онда несіне «буфетке» деп ақша аласың? Анығын неге айтпайсың, «компьютерлік ойын сатып алуға» деп? Енді міне шығып тұрған жоқ па өтірігің! Соған қарамастан, «өтірік айтпаймын» деп даурығасың. (Мәриәм апай мен Жапарға) Міне, айдан анық – бұл бала біздің басымызды қатырып тұр. Аш жүрсе де ойын сатып алады да, сосын безеріп «ойын ойнамаймын» дейді. Мен бұл баламен сөйлесе алмаймын!
Мәриәм. Арлан! Мүмкін біз бірдеңе түсінбейтін шығармыз. Онда түсіндіріп берші – компьютермен ойын ойнамайтын адамға сол ойындарды сатып алу қажет пе?
Арлан. (сол төмен қараған бойы) Мен бұл ойындарды ойнау үшін сатып алған жоқпын.
«Міне, сөйлесіп көріңдер!» дегендей, Самал қолдарымен сандарын салып қалады.
Жапар. Онда не үшін? (Арлан үндемейді) Арлан! Неге үндемейсің? Айтсаңшы енді, не үшін сатып алағансың бұл ойындарды? Сән үшін бе? Келген достарыңның алдында мақтану үшін бе? Және, егер ойын ойнамасаң, компьютердің алдында күні бойы не істеп отырасың? Күні-түні реферат жазады дегенге мен сенбеймін. Кәне, осы сұрақтарға жауап берші. (Арлан үндемейді)
Мәриәм. (пауза тым ұзарып кеткенін сезіп) Жақсы, айтқың келмесе, айтпай-ақ қой. Компьютермен ойын ойна – ойнама, бірақ оқуды да ойлау керек. Бүкіл мұғалімдер айтады, – сен үйге берілген тапсырмаларды орындауды қойыпсың. Бұл қалай?
Самал. Енді мен айтып тұрған жоқпын ба! Бұл не өзінің тапсырмаларын орындамайды, не Жанаттың сабағына көмектеспейді. Мектептен келісімен осы орындыққа қонады да, содан тапжылмай түнге шейін отырады. Тамақ ішуге бірнеше рет шақырғасын ғана келеді, әбден қақсатып… қалай шыдайтынын білмеймін, әжетханаға да артық рет бармайды. Достары келсе, қалаға, не аулаға шақырса, бармайды. Әр түрлі себеп тауып үйден шықпайды. Бұл бала мына түрімен көзінен айырылып зағип болады! Енді тек компьютерді сатып жіберуден басқа амал көріп тұрған жоқпын.
Арлан. Сатпаңыз, тәте! Сатпаңызшы, өтінем! Мен орындаймын сабағымды. Жанатқа да көмектесем. Қанатты да қыдыртып ойнатам. Тек сатпаңыз компьютерді.
Самал. Әй, білмеймін! Мен сенің сөзіңе сенуден әбден қалғанбын. Міне әкең, міне мұғалимаң – соларға бер уәдеңді. Содан кейін сөзіңде тұра алмасаң… онда…
Арлан. Папа! Мен енді сабағымды қолға аламын… тек сатқызбаңызшы компьютерді. Мәриәм апай, уәде беремін – оқуымды қолға аламын.
Мәриәм. Жақсы, Арлан, мен осы сөзіңе сендім. Маған керегі осы да. (орнынан тұрып кетуге ыңғайланып) Ал, онда мен кеттім.
Самал. (соңынан ере тұрып) Шай ішіп кетіңіз.
Жапар. Иә, шай ішіңіз.
Мәриәм. Жоқ, рахмет, уақыт тығыз. Маған әлі тағы бір-екі оқушының үйіне кіріп шығу керек. Өкінішке орай, сабақ оқымайтын жалғыз Арлан емес. (кетеді, оны шығарып салуға Самал да шығады)
Жапар. Ал енді берген сөзіңде тұр. Компьютермен ойнама демеймін, алайда егер сол үшін сабағың ақсаса, онда бұл бәледен құтылудан басқа амал қалмайды. Өзі осыны алғанда, оқуыңа қажет болар деп алғанбыз. Ұмытпа – осы жылы мектеп бітіресің. Оқуды қалай аяқтайсың, соны қазірден ойланайық. Ал енді сабағыңды дайында, бөгет болмайын.
Арлан сабақ дайындайтын үстелдің жанындағы орындыққа отырып оқулықтары мен дәптерлерін ашады. Жапар кетеді.
Арлан. (әкесінің артынан есік жабылысымен) У-ух! Құтылдым ба?! «Ойын ойнамағанда не істейсің?!». Компьютер ойын автоматы болар ма! (бірдеңе күбірлеп сабағына кірісіп біраз уақыт отырады)
Терезенің арғы жағына Шопан келіп тоқтайды.
Шопан. Сен не? Әлі сабағыңды оқып болған жоқсың ба?
Арлан. Жоқ, кіріскенім жаңа. Қолым тимеді.
Шопан. Не – компьютермен ойын ойнадың ба?
Арлан. Шопан! Есіңде болсын – мен компьютермен ойын ойнамаймын.
Шопан. (күліп жібереді) Өй, суайт! Кімге судыратып тұрсың? Ойын ойнамасаң күні бойы шошқа тағалап отырасың ба бұның алдында?
Арлан. Тс-с! Ақырын! Сен де, папам мен тәтемдей маған сенбейсің бе? Айтып тұрған жоқпын ба – компьютермен ойын ойнамаймын деп.
Шопан. Ойнамасаң не үшін оларды сатып аласың?
Арлан. Осы сендердің барлықтарыңның «не үшін?» – дерің қалмайды екен! Маған ол ойындар басқа нәрсеге керек.
Шопан. Басқа нәрсеге? Неменеге? Сәнге ме? Әлде мақтанышқа ма?
Арлан. Осы сөзді жаңа ғана папамнан естідім. Екеуің келісіп алғансыңдар-ау деймін!
Шопан. Жо-оға. Егер…
Арлан. (сөзін бөліп жіберіп) Мен бұл дискілерді компьютерлік ойын құрастыру үшін сатып алғанмын.
Шопан. Компьютерлік ойын? Дүкенде соншама ойын бола тұра тағы бір ойын құрастырып не керек?
Арлан. Менің ойыным дүкенде сатылатын ойын емес. Менің ойыным – виртуалды нақтылықтағы ойын. Бұл ойынға кіріскен адам сол ойынның кейіпкері болып кетеді. Түсіндің бе енді? (досының түсінбегенін сезіп) Ойыншы ойынның ішіне кіріп кеткендей болады.
Шопан. Ол қалай? Сен де қызық екенсің! Сонда адам компьютердің ішіне кіріп кете ме?
Арлан. Жоқ, кірмейді. Бірақ өзін кіріп кеткендей сезінеді. Ол ойында бәрі нағыз өмірдегідей болады. Түсіндің бе енді?
Шопан. Жарайды, ойыныңды құрастырып болғасын ойнап көрерміз. Мен не үшін келдім, білесің бе? Бүгін бізге «Локомотив» келеді. Біздің «Оқжетпеспен» ойнайды. Міне осыны ойын де!
Арлан. Шопан, мен бармаймын футболыңа.
Шопан. Неге? Сабағыңды кешке шейін оқисың ба?
Арлан. Мәселе жалғыз сабақта емес. Мен бүгін қайтсем де ойынымды құрастырып бітіруім керек. Сол ойынның кілтін таба алмай отырмын.
Шопан. Өй! Тасташы сол ойынды! Оның бәрі жасанды ойын, ал мен сені нағыз ойынға шақырып отырмын. Футболға!
Арлан. Оның несі нағыз ойын? Сойталдай-сойталдай жігіттер жандарын жеп бір допқа таласып шапқылағаны ма? Мен осы футболыңды түсінбеймін.
Шопан. Түсінбеймін! Ей! Футбол – ол… ол, білсең, ол бір алып әлем! Иә, біртұтас алып әлем! (қолымен бір-ақ сермеп қалып) А! Сен бәрібір ештеңе түсінбейсің. Мен кеттім. Кешке шейін ойлан, матчқа барарда тағы бір соғармын. (кетеді)
Арлан. (қайтадан сабағына кірісіп күбірлейді) Футбол-мутбол, матч-сатч… басты қатырды ғой мына фанат! (пауза) Мына есепке менің миым жететін емес. Жанат есеп шығара алмаса оған мен көмектесуім керек. Ал мен өзімнің есебімді шығара алмасам ше? Кім маған көмекке келуге тиісті? Тәтем бе? Ол: «Сабағыңды оқы, сабағыңды оқы!» – дан басқаны білмейді. Ал папамның әрдайым қолы тимейді, уақыты жоқ, ол біресе Түркияға кетеді тауар әкелуге, біресе Қытайға… Саудагер!
Дәптеріне бірдеңе жазып біраз уақыт отырады. Ашық терезеден мотоциклдың дыбысы естіледі де мотоцикл мінген Дихан келіп тоқтайды.
Дихан. (моторын өшіріп, дулығасын шешеді де мотоцикілдің үстінен түспей сөйлеседі) Арлан! Сен не – әлі сабағыңды оқып бітірмегенсің бе?
Арлан. Жоқ, қол тимеді.
Дихан. Е! Не істедің? Тағы да компьютермен ойын ойнадың ба бала құсап? (кекете күледі)
Арлан. (ашулаңқырап) Дихан! Есіңде болсын – мен компьютермен ойын ойнамаймын. Керісінше, мен өзім жаңа ойын құрастырып жүрмін. Ол барлық ойындардың көкесі болмақ! Ондай ойын жер жүзінде жоқ! Түсіндің бе? Ал мотоциклге мініп ап, дырылдатып ерсілі-қарсылы шапқылаған – міне, нағыз балалық осы! Сойталдай-сойталдай жігіттер, біріңнің алдыңда бірің мақтанып шапқылайсыңдар да жүресіңдер. Сол да спорт болып па?
Дихан. Сен ештеңе түсінбейсің, Арлан. Мотоспорт дегенің… ол… ол өзі бір ғажайып әлем! Мотоцикл! Ол… ол… жоқ, сен бәрібір ештеңе түсінбейсің.
Арлан. Иә, Дихан, мен ештеңе түсінбеймін. Мен баламын, немесе су ми ақымақпын, өтірікшімін. Ал сендер барлығың шетінен спортсменсіңдер, бес минутсыз чемпионсыңдар! Сендер өз әкелеріңнің мақтанышысыңдар!
Дихан. Арлан, менің сенімен сөз таластырып тұратын уақытым жоқ. Бүгін кешке мотодромда сайыс болады, республиканың бүкіл аймақтарынан мотосайыскерлер жиналады, соған дайындалу керек. Кешке тағы соғармын, сайысты тамашалауға алып барамын, сонда өзің көресің нағыз мотоспорттың не екенін.
Дихан кетейін деп, дулығасын басына киіп, ыңғайланғанда Айша келеді.
Айша. Арлан, сен не істеп отырсың?
Арлан. Көрмейсің бе – сабақ оқып отырмын.
Дихан. Бұл бүгін пысықсып қалыпты. Сабақ есіне түсіпті. Сол үшін компьютерін де ұмытыпты.
Айша. Иә? Қызық екен. Ал бізде бір үлкен жаңалық бар. Біздің мұражайда бүгін кешке көрме ашылады. Бүкіл республиканың суретшілерінің шығармаларының көрмесі. Арлан, барасың ба?
Арлан. Жоқ, Айша, бармаймын, қолым тимейді. Және де… мен сурет көруді жақсы көрмеймін. Сурет көрудің не қызығы бар? Табиғаттың қатып қалған өлі бейнесін қызықтағанша, сол табиғаттың өзін тамашалаған жөн емес пе?
Айша. Арлан, сен ештеңе түсінбейсің. Сурет дегенің… жалпы бейнелеу өнері дегенің… ол… ол өзі бір әсем әлем.
Арлан. Осы сендердің барлығыңның жаттап алғандарың не әлем? Шопан келді, «Футбол – ол бір алып әлем!» деп. Ал мына Дихан: «Мотоцикл – ол ғажайып әлем!» деп даурығып тұр. Енді сен: «Сурет, бейнелеу өнері дегенің әсем әлем!» деп тұрсың. Ал менің өзімнің, алып, ғажайып, әсем әлемім бар. Ол – виртуалдық әлем. Міне – тек сол ғана нағыз, кәдімгі, нақтылы әлем!
Дихан. (мотоцикліне от алдырып, газын бұрап-бұрап, ырылдатып жіберіп) Жарайды, мен кеттім. (Айшаға) Бұған ештеңе түсіндіре алмайсың – бекер әуре болма. Кел, отыр артыма, баратын жеріңе жеткізіп тастайын.
Айша. (мотоциклдің артқы орындығына отырып Дихан ұсынған дулығаны басына киіп жатып) Арлан, көрмеге барарда тағы соға кетермін, ойлан… (Арлан иықтарын қиқаң еткізеді – Дихан мен Айша кетеді)
Арлан. Жарайды, сосын шығарармын бұл есепті. (оқулықтары мен дәптерлерін жауып, компьютердің алдына барып отырып іске қосады да клавиатураны басып-басып жіберіп мониторға үңіледі) Кілт… кілт… бұл ойынның кілті қандай болуға тиісті? Мүмкін мынадай шығар… (тағы да клавиатурамен бірдеңе теріп, мониторға қарайды; сосын тағы бір-екі рет солай қайталайды) Жоқ, болмады. Ал былай көрсек ше?
Арлан біраз уақыт компьютермен әлектенеді. Біртіндеп жоғарғы жарық сөніп сахнада қараңғылық орнайды.
Арлан. (ісінен түк шықпағанына кейіп) Жоқ! Менен ешқашан бағдарламашы шықпайды! Бос әлек! Мен ешқашан виртуалды нақтылықтағы ойынды құрастырып шығара алмаспын. (компьютерді сөндіріп тастап, қолдарын компьютерлік үстөлдың үстіне жастап, қолдарына басын қойып, бір мезгіл қозғалыссыз отырып, ұйықтап кетеді)