Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"
Автор книги: Леонид Вариченко
Жанр: Драматургия, Поэзия и Драматургия
Возрастные ограничения: 18+
сообщить о неприемлемом содержимом
Сабыр. Жоқ, мен ешқайда кетпеймін. Мен елбасына жолығуым керек. Менің оған астыртын жұмысым бар. Менің ол кісіге өтінішім бар.
П. көмекшісі. Өтінішіңізді хат арқылы президенттің әкімшілігіне жолдаңыз. Сосын өз ретімен қаралады.
Сабыр. Жоқ, болмайды. Менде ондай ретке уақыт жоқ.
П. көмекшісі. (ашулана бастап) Сіз кімсіз өзі соншама уақыт жоқ дейтін? Сонда не – кез келген адамның өтінішін тосын жерде қарауға президентте уақыт бар ма?
Сабыр. Біз кез келген адам емеспіз. Мен шекараны қорғап жүріп жараланған жауынгердің әкесімін, ал мына кісілер оның қайын атасы мен енесі. Мына бала соның келіншегі.
П. көмекшісі. (едәуір жұмсарып) Жараланған шекарашының дейсіз бе?
Сабыр. Ия, оның есімі Абай.
П. көмекшісі. (қолындағы папкасын ашып бір қағазға қарап) Бекетов Абай Сабырұлы. Сіздің есіміңіз…
Сабыр. Сабыр Бекетовпын мен. Құжатымды көрсетейін бе? (қолын қойнына сұғады)
П. көмекшісі. Жоқ, керегі жоқ. Орындарыңызда отыра беріңіздер. Мен сіздер жөнінде президентке айтармын. (кетеді)
Сабыр. (орнына отыра беріп) Е, бәсе! Әйтпесе: «кет, де кет!» (еңсесі едәуір көтеріңкі түрде құдасына қарайды. Әмір түк білмегенсіп орнына жайғасады).
Рабиға. Әй, құда, не де болса қатырдыңыз әлгіні! Сіз болмасаңыз кете барушы едік солпиып. (Әмір оған алайып жақтыртпай қарайды)
Орал бастаған, президент бар бір топ адам кіреді. Барлығы ақ халат киген. Сабыр жақындап келіп сәлем береді. Әмір, Рабиға, Құралай іркіліп кейін қалып қояды.
Сабыр. Ассаламу ғалайкүм, Президент мырза.
Президент. Уағалайкүм ассалам. Сіз кім боласыз?
Сабыр. Ауыр жараланған шекарашының әкесімін. Президент мырза, менің сізге бір өтінішім бар.
Президент. Ә! Біздің батыр шекарашымыздың әкесіз бе? Сіздің есіміңіз кім болады?
Сабыр. Сабыр.
Президент. Өте жақсы! Айтыңыз өтінішіңізді, Сәбеке, менің қолымнан келетін болса орындайын.
Сабыр. Баламның жүрегі жарамайды дейді мына дәрігер… Орал Сейітұлы. Жүрегін алмастыруға жүрек тауып берсеңіз. Сол менің өтінішім.
Президент. (күрсініп қойып) Е-е, Сәбеке! Үлкен бір елді басқарып тұрып мен мұндай өтінішті орындай алмаймын. Менің қолымда көп нәрсе бар, бірақ бірде бір артық жүрек жоқ. Болғанда кеудеме екінші жүрек орнатып алар едім. Мына қызметте кейде бір жүрекке ауыртпалық түсіп кетеді-ау…
Орал. Сізден өтінетініміз – бүгіннен қалдырмай жүрек сатып алатын қаржы бөліп берсеңіз. Қосалқы мүшелердің банкілеріне заказ жолдау үшін қолда дайын қаржы болу керек. Алдын ала төлеу қажет. Егер жақын арада тиісті жүрек жеткізілсе, Абайды аман алып қалатын мүмкіндік туар еді.
Президент. (көмекшісіне) Кәне, мені президеттік қаржы қорының бастығымен байланыстыр.
П. көмекшісі. (телефон арқылы байланысып) Мінеки, Президент мырза.
Президент. (телефон арқылы) Алло! Жедел түрде кардиоорталыққа жетіңіз! Иә, чек кітапшасын ала келіңіз. (телефонды көмекшісіне қайтарып беріп Сабырға бұрылады) Міне, менің қолымнан келетін осы ғана. Қаржы қазір жеткілікті мөлшерде бөлінеді. Абайды аман алып қалу үшін өкімет тарабынан еш нәрсе аямаймыз. Өйткені ол аса қауіпті қылмыскерді тұтқындады. Ол жансызды шетелдік экстремисттік ұйым біздің халқымыздың арасына ірткі салып, арандатушылық мақсатпен жіберіпті. Осының бәрі тергеу барысында анықталды. Сізге өз атымнан, өкімет атынан, бүкіл халқымыздың атынан, Абайдай қайсар, өжет, саяси қырағы жігітті тәрбиелеп өсіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Рахмет, Сәбеке!
Сабыр. (ыңғайсызданып) Рахмет сізге, Президент мырза! Ешқашан ұмытпаспын жақсылығыңызды.
Президент. Жарайды, енді батыр балаңыздың жағдайын білейік. (Оралға бұрылып) Ал, апарыңыз бізді Абайға.
Орал. (басқа бір есікті ашып) Президент мырза, бері жүріңіз.
Президент Сабырды арқасынан қағып бірге әкетеді. Олардың соңынан президенттің көмекшісі кетеді. Әмір солардың соңынан ұмтылады, бірақ президентті қорғаушылар есіктің алдында тұрып алып өткізбейді.
Президентті қорғаушы. Сізді кіргізе алмаймын. Сіз жөнінде ешқандай бұйрық болған жоқ.
Әмір. (солпиып Рабиға мен Құралайдың жанына қайтып келіп) Ана құданы қарашы – күнде елбасының қасында жүргендей қайқаңдағанын.
Рабиға. Елбасы да адам емес пе! Және де көрмедің бе – ол кісінің қалай желпілдеп тұрғанын? «Батыр шекарашы» – деді ғой біздің Абайды. Тұтқындалған шекарабұзушы тегін болмаған. Естідің бе елбасы не дегенін? Ал сен ше – «саудагердің бір түрі» деп даурықтың бағана.
Әмір. Сен де қайдағыны шатпай тұршы ей! Қайдан білесің оның кім екенін! «Батыр, батыр!» деп мақтап бір салпақшасын ұстата салар ертең, Абай өлгесін. Оның батырлығынан кімге пайда?
Рабиға. Салпақшасы несі тағы?
Әмір. Орден-медалін айтамын да!
Құралай. Оның ордені де керек жоқ маған, батыр атағы да – өзін тірі алып қалса болғаны.
Әмір. Енді мен не деп тұрмын бағанадан бері? Саудагер болсын, есірткі тасушы болсын, аса қауіпті қылмыскер болсын – айырмашылығы неде? Қалай да болса Абайдан айырылайын деп тұрған жоқпыз ба!
Рабиға. Осы сенің не сөзің жаттап алған?! «Не айырмашылығы бар» да «не айырмашылығы бар!» Орыстар бекер айтпайды «бүкірді көр ғана түзейді» деп. Ал бірақ, құда айтқандай, Абайды күні бұрын жерлеуге асықпа. (орнынан тұрып) Не отырыс біздің бұл? (Құралайға қарап) Әй Құралай, жағдайың не болды? Саған дем алу керек. Кеттік, бұ жерде енді біздің көмегіміз шамалы. Қолдан келгенді құда тындырды. Қаржыны Елбасы бергізеді. Ендігісі Алланың қолында.
Барлығы кетеді. Жарық сөнеді.
Екінші көрініс
Сол дәрігерлік кабинет. Орал мен Сабыр кіреді. Орал өзінің орнына жайғасып алдындағы орындыққа Сабырға отырады.
Орал. (бірер секунд төмен қарап отырып) Сәбеке. Донорлық мүшелер банкілерінен жауап алдық. Бірде-бірі бізді қуанта алмады. «Сіздерге жарайтын жүрек жоқ» – дейді. Мен өзіміздің жедел жәрдем стансаларына да хабарлама бердім – егер де біреу апатқа ұшырап қалса бізбен байланыссын деп. Ал ондай жағдайға үміт арту да қиын. Сіз біраз өмір сүріп қалған адамсыз ғой, Сәбеке, сондықтан түсінерсіз – бұл өмірде ғажайып деген болмайды. Сондықтан оқиғаның жаман аяқталуына дайын болыңыз.
Сабыр. (төмен қарап) Ия, өкінішке орай ғажайыптар бұл әлемде шамалы. Сонда да мен үміт үзгім келмейді. Мүмкін…
Осы тұста телефон шыр етеді.
Орал. (телефонның тұтқасын алып) Алло! Кардиоорталық, Орал Сейітұлы… Ия, мен ондай хабарландыру жібергем… Ия, жиырмадағы жігіт. Қанының тобы бірінші… Әрине, ата-анасының келісімі қажет… Атасы дейсіз бе?.. Жарайды, жіберіңіз осында. Мен орнымдамын… Ия, жедел жеткізіңіз. (трубканы қойып Сабырға бұрылады) Сәбеке, мүмкін сіздің бағыңыз шығар – бүгін бір жиырма екі жастағы жігіт жол апатына ұшырап өлім халінде реанимацияға түсіпті. Жаңағы менімен сөйлескен со жердің дәрігері. Апатқа ұшыраған жігіттің қанының тобы да Абайдікіндей бірінші екен. Және де ол жігіт әне-міне өтіп кетейін деп тұр. Мүмкін оның жүрегі Абайға жарап қалар. Не де болса алмастырып көру керек – одан басқа бізде амал жоқ. Мүмкін ғажайып оқиға осы әлемде орын алар…
Сабыр. (ауыр күрсініп) Е-еһ! «Бағыңыз шығар» дейсіз ғой. Шынында да халық бекер айтпаған: «біреу өлмей біреуге өмір жоқ» деп. О жігіт те біреудің баласы ғой… (пауза, Сабыр көз жасын сүртеді) Ал енді одан басқа амал болмаса тәуекел деп алмастырыңыз жүректерін. Алла қаласа алып қаларсыз Абайымды.
Орал. Тоқтай тұрыңыз. Әлі бір шешетін мәселе бар. О жігіттің жүрегін алу үшін оның ата-анасының рұқсаты керек. Әке-шешесі жоқ дейді, атасының қолында тәрбиеленіпті. Және өзі үйленген екен, екі баласы бар дейді. Қазір осында сол жігіттің атасы келеді, біз ең әуелі со кісіні көндіруіміз керек. Атасы келіссе, келіншегі қарсы болмас.
Сабыр. Онда сөзді маған беріңіз, өзім сөйлесейін. Мен де әке, ата, ол да әке, ата – түсінер жағдайды.
Кабинетке Дархан кіреді.
Сабыр. (орнынан тұрып қарсы алып) Ассаламу ғалейкүм, ақсақал.
Дархан. Уа ғалейкүм ассалам. (Сабыр мен Оралға кезекпен көз тастап) Кім мені шақырып еді?
Орал. (ол да орнынан шығып сәлем беріп) Мен сізді шақырдым, аға. Отырыңыз, бір өте маңызды әңгіме бар. Сіздің есіміңіз Дархан ғой…
Дархан. (отыра беріп) Ия, айта бер.
Орал. (орнына отырып) Менің атым Орал, мен хиругпын. Ал мына кісінің, Сәбекенің, Абай деген баласы шекараны қорғап жүріп бір аса қауіпті қылмыскерді тұтқындады. Алайда сол қылмыскер оны ауыр жарақаттады, жүрегіне қанжар салды. Енді Абайдың жүрегін басқа жүрекпен алмастыру керек. Сіздің балаңыз… Дархан аға, біз сіздің қайғыңызға ортақпыз, бірақ сіздің балаңыз өлім үстінде жатыр. Сіздің балаңыз…
Дархан. Исатай менің немерем.
Орал. Кешіріңіз. Исатай немереңіз әне-міне жан тапсырады. Ол жөнінде маған жаңа реанимация бөлімінің дәрігері хабарлады.
Дархан. Сіз мені соны естіртуге шақырдыңыз ба?
Орал. Жоқ. Мәселе мынада – Исатай мен Абай тетелес, араларында бар-жоғы екі-ақ жас. Оның үстіне екеуінің де қанының тобы бір – бірінші топ. Сондықтан сізден өтінетініміз – Исатайдың жүрегін Абайға салуға рұқсат берсеңіз. Міне, сол жөнінде шарт дайын – тек қолыңызды қойсаңыз, мен операцияға кірісуші едім.
Дархан. (қабағын түйіп) Ешқандай шартқа мен қол қоймаймын. Исатайымды қолыма беріңдер. Алла оған ғұмыр бермесе… (ауыр күрсінеді) жанын үйде тапсырсын.
Сабыр. Ақсақал, тыңдаңызшы мені. Мен сіздің қайғыңызға ортақпын. Ал енді сіз қайтып менің қайғыма ортақтаспайсыз? Менің де Абайым ажал аузында жатқан жоқ па.
Дархан. Оныңыз дұрыс. Бірақ қалайша мен әлі тірі немеремнің жүрегін қиып берейін?
Орал. Ақиқатына келсек, Исатай жан тапсырды. Реанимациядағы дәрігерлер арнайы аспаптардың көмегімен еріксіз дем алдырып, тамырларына қан жүгіртіп тұр. Бірақ көпке дейін ұстай алмайды. Сондықтан келісіміңізді беріңіз – уақыт тығыз.
Сабыр. Ақсақал, ойлаңызшы – екі бірдей жігіттен, екі бірдей баламыздан айырылғанша, біреуін болса да алып қалайық, Алла қаласа. Егер мен сіздің орныныңызда болсам, мен баламның жүрегін Исатайға беруге мүдірместен келісім беруші едім. Исатайдан айырылсаңыз, Абай оның орнына сізге немере болмай ма.
Орал. Және мына жәйтті ескеріңіз – Абай өзінің жүрегінен, сізді де, сіздің отбасыңыздың жандарын да, немере мен шөберелеріңізді қорғап жүріп айырылды ғой.
Дархан. (жұмсарып) Ия, оның бәрін мен түсінемін. Тек қана… Исатаймен о дүниеде… қиямет күні кездескенде «жүрегімді неге беріп қойдың, ата?» десе мен оған не деймін?
Сабыр. Сіз оған: «Сенің жүрегің жақсы адамға қызмет етіп жүр» дейсіз. «Ол адам өзінің жүрегінен сенің келіншегің мен балаларыңды да қорғап жүріп айырылды» – дейсіз.
Дархан. Жақсы, мен солай жауап қайтарармын. Ал сонда жүрекпен бірге Исатай жанынан, рухынан айырылып қалса не істеймін? Жүрексіз ол, мүмкін, жәннатта жүре алар, ал рухынан, жанынан айырылғасын қайда қалады?
Орал. Тү-ү, ақсақал! Қайдағыны қалай ойлап таптыңыз? Адамның рухы мен жаны жүректе болмайды! Жүрек тек бір мүше. Ол, білсеңіз, қан айдайтын насос.
Сабыр. Ия, тек қана насос…
Дархан. Жо-жоқ, тек қана насос емес! Кәне, айтшы, қазір балаңның тағдырын ойлап мазасызданғанда, «айрылып қаламын ба» деп үрейленгенде қай жерің ауырады, қай мүшең сыздап қинайды? Аяғың ба? Қолың ба? А?! Жоқ, жүрегің ауырады! Жүрегің сыздайды, көкірегіңе симай көмейіңе тығылады. Солай емес пе?
Сабыр. (басын изеп) Ия, солай. Бірақ…
Дархан. Тоқта, тоқта! Ол нең ауырып тұр, нең сол жүрегіңде тыным таппай тұрғаның? Ол сенің жаның емес пе?
Сабыр. Ия… жаным тыным таппай тұр… ғой…
Дархан. Ал енді не қыл дейсің маған? Мен сені түсінемін – өзім де сондай халдемін. Егер менің жүрегім жараса сенің балаңа, егер Алла айтса: «Исатай мен Абайдың орнына сен жан тапсыр!» – десе, – мүдірместен берер едім жанымды. Осы сөзді шын ықыласпен айтып тұрмын – оған Алла куә.
Орал. Ақсақал, бізде ғана жүрек алмастыру әлі кең тарамаған. Ал дүние жүзінде ондай операциялар үйреншікті нәрсеге айналған. Біреудің сап-сау жүрегі сонымен бірге жерде шіріп кетпей басқа адамға қызмет етіп өмірін жалғастырады. Елбасымыз Абайды аман алып қалу үшін қаржы бөліп отыр, ал сол бәлен мың доллар сіздің жесір қалған келініңізге, Исатайдың артында қалған балаларына қажет болар…
Дархан. (ашуланып) Сен немене өзің – Исатайымның жүрегін сат деп отырмысың?! О Алла! Бұл сұмдық қой – ендігі қалғаны балаларымыздың мүшелерін, жандарын саудаға салғанымыз ба! (орнынан түрегеліп) Жоқ, енді мен бір минут та қалдырмаймын Исатайымды. Оның ішек-қарынын ақтарып алмай тұрғанда алып кетемін. (кетеді)
Орал мен Сабыр біраз уақыт үндемей отырады.
Орал. Міне, аға, көрдіңіз ғой – біздің халық әлі де қараңғы. Қалай ғана жаңағыдай адамға дәлелдеп бересің, қалай түсіндіресің? Келіспеді. Ақырғы үміттен айырды…
Сабыр бірдеңе деп күбірлейді.
Орал. Не дедіңіз?
Сабыр. Бір тарақ қағаз беріңізші.
Орал. Бір тарақ қағаз? Мінеки, алыңыз. Онымен не істемекшісіз?
Сабыр. (қағаз алып жатып) Өтініш жазамын.
Сабыр қағазға бірдеңе жазады да Оралға ұсынады.
Орал. (Сабырдың жазғанын оқып шығып) Сәбеке, сіздің қазіргі жағдайыңыз оңай емес. Бірақ мынаңыз… сіз өзіңіз түсініп тұрсыз ба не деп жазғаныңызды?
Сабыр. Жаңағы ақсақал айтты ғой: «Жүрегім жараса қияр едім жанымды» деп. Сонда мен ойладым – мен өзім Абайым үшін жанымды қия алмаймын ба! Мен айтарлықтай кәрі емеспін. Түріме қарамаңыз – әлі елу беске де келген жоқпын. Сосын мен Абайдың әкесімін, менің қанымның тобы да бірінші. Менің жүрегім мықты, кем дегенде он жылға шыдауға тиісті. Содан кейін бірдеңе табылар…
Орал. (басын шайқап) Сабыр аға, жисаңыз есіңізді. Кішкене сабыр етсеңіз. Есіміңіз де Сабыр емес пе еді? Өзіңіз ойлаңызшы – сіздің жүрегіңізді Абайға орнату үшін маған сізді өлтіру керек қой. Жүрек аяқ емес, қол емес. Ол тіпті бүйрек те емес – біреуін алып біреуін қалдыратын. Сіздің жүрегіңізді алғасын сіз тірі қалмайсыз…
Сабыр. Болсын, солай-ақ болсын! Тек Абайымды аман алып қалсаң болды. Мен өмір сүрдім біраз, жетеді маған. Көрдім, жақсысын да жаманын бұл жалғанның. Таттым ащысын да тұщысын. Енді Абайым солардан құр қалмасын.
Орал. (орнынан тұрып кетіп, үстелді бір айналып түсіп Сабырдың алдына тоқтайды) Түсініңіз ағай! Мен хирургпын, дәрігермін! Сап-сау жүрген адамды жығып салып жүрегін суырып алатын мен қасапшы емеспін. Және де мен Алла тағала емеспін – біреудің өмірін алып, басқа біреуге сыйлайтын. Түсінесіз бе енді?!
Екеуі біраз уақыт бір-бірінен көз айырмай тұрады да, сосын Орал кілт бұрылып орнына барып отырады.
Орал. (үстелдің үстіндегі қағаздарын реттеген болып) Сәбеке, енді мені бөгемеңіз, менің жұмысым көп.
Сабыр әрең көтеріліп есікке қарай аяқтарын сүйрете жылжи бастайды.
Орал. (оның артынан қарап тұрып) Сәбеке…
Сабыр. (күрт бұрылады, жүзінде үміт арайы білінеді) Ә? Не?
Орал. Рахмет сізге, Сәбеке.
Сабыр. Рахмет? Не үшін?
Орал. Мен өзінің жанын біреу үшін құрбан етуге бел байлаған кісіні бірінші рет көріп тұрмын. Бұрын ойлайтынмын – ондай құрбандық тек кино мен кітаптарда ғана болатын шығар деп. Ал сіз… Рахмет сізге, Сәбеке.
Сабыр. Еһ! Құдай салмасын басыңа мұндай азапты, бірақ менің орнымда сен де қияр едің жаныңды балаң үшін. Алла сақтасын ондайдан, Алла сақтасын… (кетеді)
Үшінші көрініс
Мешіттің іші. Намаз бітті, бірақ жамағат әлі соңғы отырыста.
Имам. (қолын жайып) Йә, Алла, оқыған намазымызды, тартқан тәшпағымызды, зікіріміз бен салауатымызды, тілеген дұғамызды қабыл алғайсың. Бізді тура жолға сала гөр, күнә-қателіктерімізді кешіре гөр. Амин! Аллаһу акбар!
Жамағат «Аллаһу акбар!» деп беттерін сипап, бір-бірлеріне «Қабыл болсын!» айтысып жатады.
Имам. Сәбеке, қалайсыз? Еңсеңіз түсіп кетіпті ғой.
Сабыр. Міне, сіздермен қоштасуға келдім.
Имам. Жолыңыз болсын – ауылға қайтатын болдыңыз ба? Балаңыздың беті бері қараған ғой, сірә.
Сабыр. Жоқ, керісінше – ажал аузында жатыр. Мен ауылға қайтпаймын, алыс сапарға бет алдым.
Имам. Түсінбедім, Сәбеке, сіз жұмбақтап тұрған сияқтысыз.
Сабыр. Абайыма алмастыратын жүрек табылмады. Дәрігер айтады: «Бір-екі күн өмірі қалды», – деп.
Имам. Енді не істей аламыз, Алланың жазуы болады дағы.
Жамағат. «Ия, тағдыры солай болған ғой о балаңыздың», «Сызықтан ешқашан асып кете алмайсың», «Тумай жатып еншіңе тиісті ғұмырыңды белгілеп қояды Алла тағала». (т.с.с. сөздер айтысып жатыр)
Сабыр. Ия, әрине, солай ғой. Алайда, мен оны құтқаратын бір тәсіл ойлап таптым.
Имам. Сіз бе?!
Сабыр. Мен дәрігерге өзімнің жүрегімді алып, балама салып бер деп ұсындым. Бірақ ол көнбеді.
Имам. (таңырқап) Жүрегіңізді?! Сіз, өзіңіздің жүрегіңізді ұсындыңыз ба?!
Жамағаттан біреу. Ойпырм-оу! Жүре берсең нешетүрліні естиді екенсің.
Сабыр. Ия, мен өзімнің жүрегімді ұсындым. Өйткені жақын адамдардың мүшелері де бір-біріне жақын болады екен. Бірақ дәрігер: «Сап-сау жүрген адамды жығып салатын мен қасапшы емеспін. Және де мен Алла тағала емеспін – біреудің өмірін алып басқа біреуге сыйлайтын» – деді.
Имам. Дұрыс айтқан екен. Кімнің өліп, кімнің тірі жүруі бір Алланың қолында.
Сабыр. Енді қайтейін, қалай Абайымды аман алып қалайын? Сосын ойладым: егер дәрігер менің жүрегімді тірі кезімде ала алмаса, маған өлу керек.
Имам. Өлу керек?! Қалай?!
Сабыр. Оның түрлі әдістері бар. Ең бастысы – мен өлісімен сол дәрігердің қолына түсуім керек, жүрегім өзіммен бірге өліп қалмай тұрғанда сол хирургтың үстеліне түсуім керек. Оны да ойластырып қойдым. Содан мешітке келіп, Аллаға ақырғы рет сиынып, ниеттеніп отырған құрбандығымды қабыл алсын да Абайымды аман алып қалсын деп дұға тілеуге келдім.
Имам. (Сабырға тесірейіп қарап тұрып) Сіз… сіз сонда не – өзіңізді өзіңіз өлтірмексіз бе?
Сабыр. Ия, өйтпесем дәрігер менің жүрегімді алуға келіспейді.
Имам. Астафиралла! Сәбеке, не деп тұрғаныңызды түсініп тұрсыз ба?! Сіз өзіңізге қол салайын деп тұрсыз ғой!
Сабыр. Одан басқа менде амал қалмады.
Имам. Сәбеке, сіз өзінің өмірін қиған адам кешірілмейтін күнәға бататынын білмейсіз бе? Алланың лағнетіне ұшырайсыз, соны ойлаңыз!
Сабыр. Неге? Не үшін? Өз баласын құтқарған адам қалайша күнәһар болады? Қай ана, қай әке болмасын, баласын құтқарамын деп отқа да түседі, тіпті сол отта жанып та кетеді. Сонда олар Алланың қаһарына ұшырай ма?
Имам. Ол мүлдем басқа жағдай. Отқа әке мен шеше «жанып өлейін» деген ниетпен кірмейді – керісінше, тірі шығып, «баламды алып шығам» деп кіреді. Сәбеке, мен сізден өтінем: тастаңыз осы ойыңызды – бұл нағыз шайтанның азғыруы.
Сабыр. Енді қайтем мен?! Қалай Абайымды алып қаламын? Неге Алла баланы алып, әке-шешесін тірі қалдырады? Сол әділ ме? Алланы мейірімді, рақымды дейміз. Баланың мәйітін әкенің қолына тастай салуы қандай мейірімділікке жатады?
Имам. (өңі бұзылып кетіп, көтеріңкі дауыспен) Сәбеке! Аллаға тіліңізді тигізбеңіз! Раббымыздың мейірімділігі мен рақымында шек жоқ, тек біз ақылымыздың кемшілігінен оның ашуын басымызға тілеп аламыз.
Сабыр. Енді қайтейін – Абайым түк көрмей кетіп барады ғой! Жиырма-ақ жаста…
Имам. Отанын қорғап жүріп қаза болған мұсылман шахид атағын алады. Сіздің Абайыңыз, иншалла, жұмақтағы жоғары орынға ие болады. Оның ондағы мәңгілік жағдайы мына қысқа фәниде кешкен ең бақытты кезеңінен едәуір жақсы болады. Өзіңіз ойлаңызшы – мәңгілік жаннатпен салыстырғанда, осы жалғанда жүзге келдің не, жиырмаға келдің не? Соны ескеріңіз де райыңыздан қайтыңыз, Сәбеке.
Жамағаттан бір ақсақал. Ия, ол солай. Мына мен тоқсан жасап не жақсылық көрдім? Бала кезімде ашаршылықта құрт-құмырсқаны қорек еттім, есейгесін соғыстың ауыр соққысын жедім, соғыстан кейін де оңған жоқпыз, ал сосын, зейнеткерлікке шығысымен, өмірдің өзі сәнінен кетіп, ана сырқат, мына аурумен аһ-үһлеп жүргенім. Енді бір үміт бар алда жұлдыздай жарқыраған – қабырдың арғы жағында жаннатқа кіргізсе Алла тағала – сол мен үшін үлкен жетістік болар еді.
Сабыр. О да дұрыс шығар, ақсақал. Мен өзім ашаршылық пен соғысты көрген жоқпын, бірақ біраз көрген бақытым мен бейнетім бар. Сондайдан да құр кетіп бара жатыр ғой Абайым!
Имам. Не болса да Алланың жазуы болады. Сіз өзіңіздің өміріңізді өз қолыңызбен қиып Алланың ашуына ұшырайын деп тұрсыз, кешілмейтін күнәға батайын деп тұрсыз, ал сондай бағамен алынған жүрегіңіз балаңызға қонбай құрбаныңыз түкке жарамай қалуы әбден мүмкін ғой. Сіз білуге тиістісіз – ешқандай хирург істеген операциясы ойдағыдай аяқталатынына жүз пайыздық кепілдеме бере алмайды. Сондықтан ондай жаман ойларды қойып, Абайыңыздың тағдырын бір Аллаға тапсырып тәуекел еткеннен басқа сізде амал жоқ.
Жамағат. «Көнесің Алланың әміріне, қайда барасың?». «Бәріміз де пендеміз – Алланың мейірімі мен рақымына тапсырып жүрген жоқпыз ба бала-шағамызды», – деп жатыр.
Сабыр төмен қарап үндемей қалады. Имам Құран оқиды. Аяттардың ырғағына көнгендей Сабыр ақырын аққан жасын шүберекпен сүртіп отыр…
Төртінші көрініс
Пәтердің ішкі көрінісі. Құралай отыр. Сабыр кіреді. Ұнжырғасы түсулі.
Құралай. Не деді Орал аға? Жүрек табылды ма?
Сабыр. Жоқ. (орындыққа отырады да келініне тіке қарамай сөйлеседі) Бір жігіт, Исатай деген, Абаймен жасы тетелес… сол бүгін жол апатына ұшырапты. Жедел жәрдем стансасындағы дәрігерлер оны еріксіз дем алдырып ұстап тұрыпты. Содан ол баланың қанының тобы Абайдыкіндей бірінші болғасын Оралға хабарлапты. Алайда, Исатайдың жүрегін алу үшін оның атасының рұқсаты қажет екен. Ал о кісі, Дархан деген ақсақал, рұқсатын бермеді. Қалай ғана біз Орал екеуміз екі жақтан өтініп те, жалынып та бақтық – көнбеді.
Құралай. Өкінішті-ақ болған екен. Жарайды, қосалқы мүшелер банктарынан жүрек келгенін тоса тұрармыз.
Сабыр. Орал сол қосалқы мүшелер банктарынан «сіздерге жарайтын жүрек жоқ» деген жауап алыпты. Дархан ақсақал ақырғы үмітімізді үзді…
Құралай. (өңі бұзылып кетіп түрегеледі) Сонда не? Абай… енді өле ме?
Сабыр. (алдындағы үстелдің үстіне жайылған дастарханды шұқылап отыр) Ия… егер… егер бір ғажайыптың арқасында аяқ астында жүрек табыла қалмаса. Солай қызым…
Құралай. (дауысы шаңқ етеді) Ах! Мен білгенмін! Осылай болатынын о бастан сезгем. Сондықтан Абайға әскерге бармай-ақ қойшы деп өтінгем. Абай сонда көніп қалғандай болған, ол көнуші де еді! Егер со кезде сіз келіп қалмасаңыз. Папам военкоматтағы достарымен келісіп оны алып қалушы еді. Сіз келдіңіз де бәрін бүлдірдіңіз!
Сабыр. (қайғы толы көздерін келініне көтереді) Ия, мен сонда Абайға отаныңның алдындағы борышыңды өтеуден бас тартпа, ел-жұрттан ұят болады дедім. Бірақ мен ештеңе айтпасам да, ол әскери міндетінен бас тартпаушы еді. Өйткені біздің ата-бабаларымыз ешқашан ел қорғаудан бас тартқан емес, өйткені оның атасы Ұлы Отан соғысын асқан ерлікпен өтеп келген, өйткені оның әкесі де кезінде әскерге барып өз борышын өтеген.
Құралай. Сонда не? «Ұят болады» деген екі сөз үшін мен енді жап-жас басыммен жесір қалуым керек пе?! Ішімдегі шарана тумай жатып жетім болып қалу керек пе? Не үшін?! Сіз сияқты ескі патриоттық сана-сезіммен жүрген адамның демагогиясы үшін бе? Кімге керекпін мен енді – жиырма жасар іші шертиген жесір қатын?! Неге менің өмірім басталмай жатып құруы керек? Не үшін? Сіздің «отан, борыш, міндет» деген бос сөздеріңіз үшін бе?
Сабыр. Қызым, мен сенің жағдайыңды түсінемін. Бірақ Отан деген бос сөз емес. Отан үшін миллиондар өмірін пида еткен.
Құралай. Миллиондар! Миллиондар! Жаттап алған бір миллиондар! Ол миллиондар соғыстың құрбандары. Ал қазір бейбіт заман. Неге мен тып-тыныш заманда жесір болып қалуым керек? Неге?!
Сабыр үндемей қалады. Бейне бір есінен танғандай кейіп білдіреді. Осы жерде басы-аяғы ақ матаға оралған Майра келеді. Ол – Сабырдың елесі. Құралай оны көрмейді.
Сабыр. (Майраға қайғылы жанарын көтеріп) Майра, білесің бе – Абай жараланып ауруханада жатыр.
Майра. (Сабырға тесірейіп қарап тұрып) Абай жан тапсырайын деп жатыр. Оны өлтірген сенің өзің!
Сабыр. Жо-жоқ! Мен емес! Оны шекарабұзушы қанжар салып жаралады.
Майра. Абайды сол жаудың қолына түсірген сен! Итермелеп апарған сен!
Сабыр. Жо-оқ, Майра, олай демеші! Мен тек Абайым жұртына, халқына сыйлы болсын деп едім. Ең әуелі өзін өзі сыйласын деп едім, өзін өзі ешкімнен кем санамасын деп едім. Тек өзін нағыз ер деп санасын деп едім.
Майра. Жоқ! Оны ол өзі шешуі керек еді, мұның бәрін ол өзі ойлауы керек еді. Сен Абайды әскерге, ең әуелі жұрт өзіңді сыйласын деп жібердің. «Сабыр баласын жақсы тәрбиелеген екен, нағыз ер қылып өсіріпті. Біздің Сабыр – нағыз азамат!» – міне, сен Абайды жауға қарсы осындай мадақтау есту үшін айдап жібердің. Сен қазірдің өзінде Абайдың жаралы болғанын мақтан тұрып жүрсің.
Сабыр. Майра! Қинамашы жанымды! Қинамашы жүрегімді…
Құралай. (атасына таңырқап қарап) Ата! Ата! Сізге не болды? Кіммен сөйлесіп тұрсыз?
Сабыр. (есін жиып, бетін сипап көзден аққан жасын сүртіп, кетіп бара жатқан Майраның соңына қарап ауыр күрсінеді) О-оһ! Майра марқұм елестеп кетті. Аппақ жамылғышқа оранып алыпты. Жүзі өте қайғылы. Бәлкім оның аруағы да Абайды ойлап тыныш таба алмай жатқан шығар…
Телефон шыр ете түседі. Сабыр селк етіп тұтқаны алады.
Сабыр. (орнынан тұра бере) Әлө, бұл кім?
Оралдың дауысы. Сәбеке! Мен, Оралмын ғой. Абайдың жағдайы нашарлап кетті. Келініңізді алып тезірек жетіңіз. Егер үйге алып кеткіңіз келсе мен қарсы емеспін.
Сабыр мелшиіп тұрып қалады.
Оралдың дауысы. Сәбеке! Тыңдап тұрсыз ба? Түсіндіңіз бе не дегенімді?
Сабыр. Ия… түсіндім.
Телефон пипылдап қалады. Сабыр ақырын трубканы аппаратқа қояды да Құралайға бұрылады. Ол атасына тесірейіп қарап тұр.
Құралай. (шыдай алмай) Кім ол… кім сізбен сөйлескен?
Сабыр. Қызым, сабыр ет. Орал ғой. Абайдың жағдайы нашарлап кетіпті. Киін. Ауруханаға тезірек жетейік. Абаймен… қоштасып қалайық…
Құралайдың онысыз да қайғылы өңі мүлдем өзгеріп, көздері шарасынан шығып кетердей болып, кенеттен ащы айғайға басады.
Құралай. А-ай! Өлтірді! Өлтірді не болса да! Құртты! Жұтты!
Сабыр. Қызым, өтінем, сабыр ет. Алланың жазуы солай болды, не істей аламыз?..
Құралай. Сабыр ет?! Қалай мен сабыр етейін жиырмаға толмай жесір боп қалғанымда? Қалай сабыр етейін – Абаймен дені дұрыс тұрып та үлгірген жоқпын ғой! «Не істейміз?» деп отырсың қолыңды қусырып. Ана қасарысқан шалмен де келісе алмадың. Ол да бір оңбаған қақпас! Неге Абайдай жап-жас жігіттер өліп жатқанда сендердей қақпас шалдар жүрсіңдер тайраңдап, жалмауыздай жалмаңдап. Әйеліңді жұттың, енді Абайды жұтасың. Тағы кім қалып еді? Мен бе? Мына ішімдегі бала ма еді жұтпағың? Жұт! Жалма! Құрт бәрімізді, жалмауыз қақпас! Құрымайсың ғой, топалаң келгір! (еңіреп жылап жібереді)
Сабыр дір-дір етіп қалшылдап кетеді. Бір уақытта Майра тағы келеді. Оның жетегінде Абай. Абай да шешесінің аруағындай аппақ матаға оранып алған. Екеуі бір-бірімен сыбырласып кетіп барады.
Сабыр. Абай! Балам! Тоқта! Тоқта деймін! Майра, тоқта, әкетпе Абайды!
Соңдарынан жүгіре жөнеледі, сосын үйдің есігі ашылып іле тарс етіп жабылғаны естіледі. Сырттан Сабырдың дауысы: «Абай! Абай, балам, тоқта! Майра, өтінем, әкетпе! Әкетпе-е-е!». Осы жерде машинаның пипылы мен тежегішінің шиқылаған дыбысы естіледі де бірдеңе гүрс ете түседі. Құралай далаға жүгіріп шығады.
Құралайдың дауысы. Ата! Ата! Ата-а! (пауза)
Құралай бөлмеге жүгіріп кіріп телефонға жармасады.
Құралай. Жедел жәрдем? Тезірек жетіңіздер – менің қайын атамды машина соғып кетті… Жаңа ғана… Қайда? Дәл біздің үйдің есігінің алдында… Адрес? Абылай хан көшесі, он сегізінші үй… Білмеймін… өтінемін – тезірек жетіңіздер! (трубканы қоя сала орындыққа сылқ етіп отыра кетеді) О Алла! Осы ма еді менің еншім? Өлтірдім ғой атамды өз қолыммен! Не дедім мен оған? Не дедім…