Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"
Автор книги: Леонид Вариченко
Жанр: Драматургия, Поэзия и Драматургия
Возрастные ограничения: 18+
сообщить о неприемлемом содержимом
Эпилог
Зират. Сабырдың қабірі. Молда бастаған: Әмір, Рабиға, Абай және Құралай келеді де кәбірдің маңына жайғасады. Құралайдың қолында жаялыққа ораған бөбек. Құралай егіліп жылап отыр. Рабиға да әлсін-әлсін қол орамалын көзіне басып қояды. Молда құран оқып, дұға тілейді. Барлығы қол жайып беттерін сипайды. Содан кейін Абай мен Құралайдан басқасы орындарынан тұрып, келген ізімен қайтып кетеді. Рабиға Құралайдың қолынан бөбекті алады.
Рабиға. Ал, біз кеттік. Сендерді сыртта тосамыз. Бөгелмеңдер.
Абай басын изейді, Құралай жылап отыр. Тіпті еңіреп, өксіп-өксіп қояды.
Абай. Жарайды, Құралай, құрғат көзіңді. Енді жыла – жылама, көкем қайтып келмейді. Шынын айтсам, сен дәл осылай қайғырады деп ойламап едім – бұрын сенің көкемді сондай жақсы көретініңді білгем жоқ.
Құралай. (жасын сүртіп жатып) Абай… сен ештеңе білмейсің. Атамның өліміне мен кінәлімін.
Абай. Қой, қайдағы жоқты шығармай.
Құралай. Тоқта, Абай, тыңдап ал! Ешкім ештеңе білмейді. Атам қайтатын күні екеуміз біздің үйде отырғанбыз. Сол кезде Орал аға звондады, сенімен хоштасуға ауруханаға жетсін депті. Сен жан тапсырып жатыр дегенде есімнен айырылып қалғандай болдым. Әйтеуір не керек… сенің өліміңді атамнан көріп о кісіге жаман-жаман сөздерді айтып бетіне бастым. Қазір сол сөздерді есіме алсам, неғып жердің бетінде жүрмін деп ойлаймын, қайтып жер ойылып кетпейді де мені жұтып алмайды… деп. Ондай сөзді естіген адам тірі қалмас еді. Содан… не керек… атам далаға жүгіріп шығып машинаның астына бір ақ түсті. (тағы да еңіреп жылайды)
Абай. (Құралайды құшақтап жұбатады) Жоқ, Құралай, олай емес. Сен де бір нәрсені білмейсің. Орал аға мені ауруханадан шығарып саларда маған бір жәйтті айтып берді. Осы уақытқа дейін сол сөздері есімнен шықпай тұр. Сол күні көкем Орал ағаға бір өтініш жазып беріпті. Сол өтінішінде көкем өзінің жүрегін маған салуға ұсыныпты. «Әрине, мен оған келісе алмадым – тірідей жүрегін қалай суырып алар едім» – деді Орал аға. Сондықтан көкем өзінің өмірін мен үшін қиып машинаның астына түсті. Сенің бұл жерде қатысың жоқ, текке өзіңді өзің жей берме.
Құралай. (сенер-сенбесін біле алмай) Шын ба? Атам әдейі машинаның астына түсті ме?
Абай. Ия, солай. Орал аға сол көкемнің қолымен жазылған өтінішін маған көрсетті. О кісі: «Сәбекең марқұм сенің шекарада істеген ерлігіңе сүйсініп риза болып еді. Алайда, сен де сондай әке болғанына жүз есе артық мақтан тұтатын жөнің бар. Сәбекең нағыз әке, нағыз азамат еді!» – деді.
Құралай. (тағы да жасын ағытып) Онда мен жүз есе кінәлімін. Мен оған айтпайтын сөздерді айтып ренжіттім, ал ол ше… ол өзінің өмірін сен үшін… мен үшін де қиды ғой. Менің ол кісінің алдындағы кінәм ешқашан кешірілмес. Маған ренжіген күйде кете барды ғой о дүниеге… (тағы да еңірейді)
Абай. Көкем ешқашан ешкімге кек сақтамаушы еді, ол әрдайым кешірімді болатын. Сен одан кешірім сұра – мен білемін, ол кешіреді.
Құралай. (көз жасын тыюға тырысып) Кешіреді дейсің бе?
Абай. Әрине кешіреді!
Құралай. (қабірге қарап) Ата… егер сіз мені естіп тұрсаңыз… кешіріңіз. Мен сізді қатты ренжіттім. Өзім білмей қалдым со жолы… Абай жан тапсырып жатыр дегенді естігенде есім ауысып кеткендей болды…
Абай. (тұрып, Құралайды қолынан демеп көтереді) Ал, енді кетейік, ана кісілер тосып қалды. Көкем кешірді сені, енді оған тыныштық берейік. Апам екеуі қатар жатыр, маған әрдайым айтып жүретін, қайтыс болғанымда Майрамның жанына жерле деп. Кеттік, Құралай. (Құралайдың қолынан тартады)
Құралай. (орнынан қозғалмай) Атам мені кешірді дейсің бе? Оны мен қайдан білемін? Қалай мен білемін, Абай?! Ол кісі менің кешірім сұрағанымды естіген де жоқ қой.
Абай. Көкемнің жүрегі «кештім» деп тұр. Өзі болмаса да жүрегі тірі ғой оның. Сенбесең өзің тыңдашы – жүрегі жаңа ғана тыныш тапқандай болды. (Құралайдың құлағын кеудесіне тосады) Міне, тыңдашы – «кештім, кештім, кештім…» деп тұр ғой көкемнің жүрегі.
Құралайдың жүзі жайдарланып, көзінің жасын сүртіп жатып күлімсірейді.
Құралай. (Абайды қолтықтап орнынан жылжып кетіп бара жатып қабірге ақырғы рет көз тастап) Қош, ата! Жатқан жеріңіз торқа болсын…
Шымылдық
Кенесары
Трагедия
«Біздің кейбір ғұмырнама жанрна қол сілтеген адамдар қазақ тарихына салт-атты болып барып, аттан түспей қайтып келеді. … Біздің қаһармандарға талдау жасауымыз көбінесе саяси тарихтың болмысын қайталайды. Тарихшы әулет сол қаһарманның жағына күні бұрын шығып алады, оның жауымен жауласады, дауласады. Әлеуметтік-психологиялық талдау өз жәйіна қалады. Әділдік, шындық жолы баяндаудың арқауы, бірақ ол құрғақ декларацияны таңдамайды, құжатар, деректер жүйесіне сүйенеді. … Бұра арада тек тарихшы болу жеткіліксіз сияқты. Көркем әдебиет пен тарих одақ құрып, тұлғаның тек кәсіби өнерін ғана емес, жан дүниесін, тебіренісін, көзқарасын, адамгершілігін, пенделік болмысын, қуанышы мен ренішін, махаббаты мен қасіретін жан-жақты ашқанда ғана шығарма қаһарманы толыққанды бола алады».
Манаш Қозыбаев. «Тұлғалар тұғыры»
Кейіпкерлер:
КЕНЕСАРЫ
ҚАРИЯ-КӨРІПКЕЛ
ҚАСЫМ
САРЖАН
ЕСЕНГЕЛДІ
НАУРЫЗБАЙ
БОПАЙ
ШЫҢҒЫС
АЙҒАНЫМ
ҚҰНАНБАЙ
СҰЛТАНДАР: ӘЛІ, СҮЙІК, РҮСТЕМ
БАТЫРЛАР: АҒЫБАЙ, БҰҒЫБАЙ, СЫПАТАЙ
ГЕНЕРАЛ ВИШНЕВСКИЙ
ТІЛМӘШ
ОРМАН ХАН
Рубасы-дуанбасылар, Кенесары сарбаздары, төлеңгіттері мен малшылары, орыс солдаттары мен казактар, қырғыз сарбаздары, өзбек бегінің ләшкерлері, қырғыз жендеті.
Бірінші көрініс
Абылай хан алаңы. «Хан тағы» жаны. Бергі планда орман, қатарласып тұрған қарағай. Арғы планда Көкше тауы, Оқжетпес. Айлы түн. Кенесары – жас сұлтан. Ол жалғыз, өзімен өзі сөйлеп тұр.
Кенесары. Абылай атамның алаңы… Осы Бурабайдың шөкімдей жерінен қазақ елін азат ету жорығына аттанған. Бүкіл қазақ даласына хан болып танылып, даңқы жер жарған. («Хан тағына» отырады) Иә, Абылай хан армансыз кетті деуге болады. (пауза) Алайда, дүниеден өтерінде Бұқар жырауға не деп еді? Қазақтың алауыздығын жеңе алмай кетіп барамын деген. Дамыған өнеркәсібі бар, ғылым мен мәдениет ошақтары бар мемлекет тұрғыза алмай кетіп барамын деген. Заман талабына сәйкес қаруланған, жау шапқанда ғана жиналатын емес, кез келген уақытта жауға тойтарыс бере алатын әскер жасақтай алмадым деген. Абылай хан белгілеп кеткен жоспарларды Уәли хан қолға алып іске асырған күнде орыстар дәл осылай біздің жерге именуші меді? (орнынан қарғып тұрады) Жә! Бұның бәрі айта-айта жауыр болған сөз. Сөзді қойып іске кірісу керек. Ең әуелі қазақтың үш жүзін бір ханның қол астына біріктіру керек. Жақсы қаруланған әскер жасақтау керек. Сосын орыс үкіметінің алдына Абылай атаммен жасалған келісімді қалпына келтіріп, қазақ жеріне салынған қамалдары мен бекіністерін босатып, әскерін әкетсін деген талап қою керек. Бұл іске баспен кірісу керек. Әйтпесе Ғұбайдолладай ит жеккеннен бірақ шығарсың. Жо-оқ! Мен ондай аңғалдық жасамас едім! Менің қолыма билік тисе мен мүлдем басқаша қимылдаушы едім. Абылай хан белгілеп кеткен жоспарларды іске асырушы едім, Абылай атам жете алмаған мақсаттарға мен (!) жетуші едім. Мен!..
Осы жерде найзағай жарқ етеді де, шатыр-гүтір жай түседі. Кенесары бетін қолымен көлегейлеп тұрып қалады. Найзағайдан кейін бір мезетке қараңғылық орнап, сосын сейілгенде Кенесарының алдында аппақ қудай бір қария тұр екен. Қолын төмен түсірген жас сұлтан селк етеді.
Кенесары. Аһ! Ағузу биллаһи минаш-шайтанир-ражим! (қолын ерсілі-қарсылы бұлғап алдында тұрған елес емесіне көзі жеткенсоң) Қария! Кімсің сен? Адамбысың, әлде жын-шайтанбысың?
Қария. Жын да емеспін, шайтан да емеспін. Мен көріпкелмін.
Кенесары. Көріпкелмін?! Жеті түнде бұ жерде неғып жүрсіз?
Қария. Сені іздеп келдім.
Кенесары. Мені?! Не үшін?
Қария. Сұлтан, мен сені ескертуге келдім. Білем, білем! Не ойлап, не аңсап жүргеніңді білемін. Алдыңа қойған мақсатың жаман емес. (хан тағының жанына келіп тоқтайды да қолын тасқа салып қойып) Бірақ, есіңде болсын, хан тағы… бұл дегенің өте ауыр зат.
Кенесары. Қария! Мен хан тағын аңсап жүрген жоқпын. Қайдағы тақ?! Хандық жойылды. Болған күнде де біздің әулеттен жолы үлкен әулет бар. (мырс ете күледі) Иә, ол әулет хандықты сақтай алмады. (пауза) Және менің хан тағын аңсайтын жөнім де жоқ. Аллаға шүкір, әкем Қасым әлі тірі. Ағаларым, Саржан мен Есенгелді бар.
Қария. Ей, сұлтан! Менен ештеңені жасырмай-ақ қой. Жасыра да алмайсың. Мен сенің көкірегіңдегіні түгел көріп тұрмын. (теріс бұрылып кетіп) Және сен білмейтін жәйттер де маған аян. Қасымның да, Саржан мен Есенгелдінің де ғұмырларына саналған жыл қалды. Олар күтпеген жерден қаза табады. Со кезде әулетіңнің билігі өз қолыңа көшеді. Со кезде қазір қиял болып көрінетін нәрселерді сен анық мақсат етіп іс-қимылға көшесің.
Кенесары. (қарияны алжығанға сайып, кекете) Ым-м… солай ма еді?
Қария. Солай! Бірақ, үш жүзге хан болсаң да Абылай атаң аңсаған армандарына жете алмайсың. Жету қайда! Маңайына да жолай алмайсың.
Кенесары. (басын көтеріп, кеудесін кере ілгері ұтылып) Е, неге?!
Қария. Сені үш жүздің билеушілері хан сайлағанмен, көп төрелер, оның ішінде Абылай атаңнан тараған ағайындарың, дуанбасылар мен рубасылар сенің хандығыңды мойындамайды. Сені «бүлікші, қарақшы» деп жазғырады.
Кенесары. Кейбір төрелер мен билер Абылай атамның хандығын да мойындағысы келмеген. Бірақ ол бүкіл қазақтың ханы болды емес пе!
Қария. Иә, әрине. Бірақ оның заманы басқа болды. Қазақтың билеушілері атаңның қол астына амалсыздан, жоңғар шапқыншылығының қатерінен келіп тығылды. Ал қазір жоңғар жоқ.
Кенесары. Жоңғар жоқ болса орыс бар. Орыс отаршылары жоңғардан асып түспесе кем болмас.
Қария. Әрине, орыс аярлығы жоңғардан асып тұр. Бірақ, орыс жеріңе жоңғардай қырып жойып кірген жоқ, ұлыңды құл қып, қызыңды күң етіп айдап әкетіп жатқан жоқ. Орыстың саясаты – құйтырқы саясат, ол қазақтың алауыздығын шебер пайдаланады, бірін біріне айдап салып билеп-төстеп жатыр. Орыстың тәтті тоқашы дойыр қамшысынан бұрын жүреді. Дойыр қамшысын сен сияқты тәтті тоқашқа алданбайтын тентектерге жұмсайды. Осының бәрін түсінетіні де бар, түсінбейтіні де бар. Сондықтан сенің қоластыңа келетін де болады, саған қарсы шығатыны да болады. Осы айтқанымды ескергенің жөн.
Кенесары. (қарияның бетіне үңіле) Қария! Осының бәрін қайдан білесің?
Қария. Сұлтан! Осының бәрі сенің маңдайыңда жазылып тұр. Ол – сенің тағдырың.
Кенесары. (мырс ете күледі) Маңдайыма жазылған тағдырымды көрсең, менің ажалымды да көріп тұрған шығарсың?
Қария. Көріп тұрмын. Ажалың қырғыз баласынан болады.
Кенесары. Қырғыз баласынан?! (күледі) Бұ не сандырақ? Қайдағы қырғыз? Мен қайдамын, қырғыз қайда? Сен өзі алжығаннан саумысың?
Қария. Е, сұлтан! Сен әлі жассың. «Адамның басы Алланың добы» демеуші меді атам қазақ. Сенің қайран басың мына Абылай ұлысынан сонау Қоқан ханының, Ташкент күшбегінің қол астына домалап барып, со жақта әкең мен ағаларыңның бастарын қалтырып, Ұлытау өңіріне, одан әрі Кіші жүз жеріне, Торғай, Ырғыз бойына домалап барады, одан кері кетіп, Шу, одан әрі Балхаш, Жетісу жетіп, Алатау барып, қырғыз жеріне еніп, манаптың жендетінің айбалтасының пәрменімен мойныңнан домалап түсіп, қанжығаға байланып Омбы барып, онан сонау Петерборға, патша сарайына жетіп ғайып болады. Жүз елу жылдан кейін ұрпағың сүйегіңді іздеп қырғыз жеріне барып таба алмай, Омбы, Мәскеу, Петербор барып басыңды таба алмай сарсаң болады. Осының бәрін ескере отырып, әкең мен ағаларыңды тоқтатсаң етті.
Кенесары. Ха-ха-ха-ха! (ішек-сілесі қата күледі) Әй, алжыған шал, алжыған шал-ай! Бүйтіп аппақ қудай боп қартайып, әбден алжып сандырақтағанша жастайымнан кеткенім артық емес пе.
Осы жерде найзағай жарқ етеді де, шатыр-гүтір жәй түсіп Кенесары бетін қолымен көлегейлейді. Қараңғылық сейілген кезде қараса – маңында ешкім жоқ. Кенесары жан-жағына қарап қойып, қолын жайып дұға оқып бетін сипайды.
Кенесары. Аллаһу акбар! Қайдағы жоқ елестейді екен адамға. («Кене, Кенесары! Қайдасың?» деген Қасымның дауысы естіледі) Мені іздеп жатыр. Әкей ғой бұл. Не боп қалды екен? (келе жатқан Қасымға қарсы жүреді) Мен мұндамын, көке!
Қасым. Ә, балам! Бұ жерде неғып жүрсің? Отауыңа іздеп барып едім осы жаққа кетті деді.
Кенесары. Әке, сөге жамандамаңыз. Мен соңғы кезде осында жиі келемін. Қамығып жүргенде Абылай атамның рухы асқақтаған жерден медет алып өз рухымды көтерем.
Қасым. (күрсініп қойып) Е-е, балам-ай! (жан-жағына көз тастап) Бұ жерден де кететін күн жақын.
Кенесары. Не деп тұрсыз, көке?! Бұ жерден қайда кетпекпіз?
Қасым. Саржан ағаң мына орыстан іргемізді аулақ салып оңтүстікке ауайық дейді. Есенгелді екеуі Қоқан ханы мен Ташкент күшбегімен байланыс жасап со жаққа қоныс аударуға рұқсат сұрапты. Ташкент күшбегі Беглербек елші жіберіпті. Ертең сол елшіні қабылдаймыз. Сенімен оңаша ақылдасайын деп әдейі іздеп келдім.
Кенесары. (теріс бұрылып кетіп, көріпкел қариядай хан тағына таянып тұрып өзімен сөйлеседі) Не дейді?! Манағы аппақ қудай қария: «Қоқан ханы мен Ташкент күшбегінің қол астына барып, со жақта әкең мен ағаларыңнның басын қалтырасың…» демеп пе еді! Сондықтан «Әкең мен ағаларыңды тоқтатсаң етті» демеп пе еді! Сонда ол елес емес, алжыған шал емес, шынында да көріпкел болғаны ма?
Қасым. Балам! Неге үндемей қалдың? (Кенесарыға жақындап иығынан өзіне бұрады) Білесің ғой, мен үшін сенің орның бөлек. Білгің келсе, Саржан менімен де көп ақылдаспайды. Сондықтан да қаншама опық жеп келеді. Қоқан ханының қоластына баруды ұсынып отыр. Осыған қалай қарайсың?
Кенесары. Сонда біз ата мекенімізді, Абылай атамыздың үлысын тастап кетеміз бе? Мен бұған қарсымын.
Қасым. Е-е… туған жерін кім қияды дейсің. Ал бірақ мына орыстың қорлығына қалай шыдауға болады? Көкшетау қамалын салғаны аздай, енді осы өңірге, Бурабай көлінің жағасына қара шекпендерді әкеліп қоныстандыратын көрінеді. Қасиетті Абылай атаңның ұлысына доңызын жайғанын көргенше жер кезіп қаңғырып кеткенің артық емес пе. Саржан мен Есенгелді оңтүстікке барып, Қоқан ханы мен Ташкент күшбегінің қолдауымен со жақтағы қандастарымыздан қалың қол жинап әкеп орыстарды қуып шығамыз дейді. Меніңше олардікі ақыл. Қалай деп ойлайсың?
Кенесары. Мен не ойласам да ағаларымнан асып қайда барамын? Солардың айтқаны болады-дағы. Алайда, олардың орнында мен асықпас едім. Әлі де барлап көруші едім. Қоқан ханы мен Ташкент күшбегінің қандай адамдар екенін анықтап алушы едім. Олардың адалдығына әбден көзім жеткесін ғана қоныс аударушы едім.
Қасым. Осының бәрін мен де айтқам. «Қоқан ханы мен Ташкент күшбегіне өзіме дегендей сенім артып отырмын» дейді Саржан.
Кенесары. Солай десе солай шығар. Бірақ та, олардың қол астына кірмей, тек қана сүйене отырып қол жинаса болмас па еді? Осы жерден аусақ та Қоқан ханының қол астына бармайық, қазақ жері жетпей ме? Үш жүздің рубасыларымен байланыс жасау керек. Өзбектен емес, өзіміздің қазакемізден қолдау іздеу қажет. Қазақтың өзін, үш жүздің басын біріктіріп ұйымдастыру керек.
Қасым. Қайдам! Қазакем ұйымдасайын деп тұр ма? Бір әкеден туған бауырларымның өзі мойнын бұрмайды. Басқасын несіне айтасың?
Кенесары. Мойындарын бұрмаса күштеп бұрғызу керек! Және олардан да басқа жұрт бар. Бұндай іске сатқын төрелерден гөрі қарапайым бұқара артық болар. Орыстың тізесі батып кеткен рубасылар, билер мен батырлардың басын біріктіру керек. Міне, менің берер ақылым!
Саржан мен Есенгелді келеді.
Саржан. Әй, Кене, ақылың өзіңе! Төре басыммен қараға бас имеймін.
Кенесары. Аға, мен қараға басыңды и деп тұрғам жоқ. Бұқараның басын біріктіру керек деп тұрмын. Үш жүздің би-батырларын, олардың қол астындағы сарбаздарын бір жұдырық қып жисаң, орыстың ұлығы басқаша сөйлесер еді.
Саржан. Үш жүздің қазағын жиғанша, олардың барлығын көндіргенше қанша уақыт өтеді? Бұ жерде аңдып отырған жансыздар әр қадамыңды ұлыққа жеткізіп отыр. Жоқ! Орыстың қолы жетпейтін Қоқан хандығының жеріне барып әскер жинаймын. Ташкент күшбегі өзінің ләшкерлерімен бізбен бірігіп орысқа қарсы шығамын дейді.
Есенгелді. Иә, бұл жақсы ақыл. Кене, сен бекер қасарыспа. Бұ жерде біз ештеңе істей алмаймыз. Текке орыстың шеңгеліне ілігіп ит жеккенге айдаламыз.
Қасым. Иә, балам, ағаларыңдікі ақыл сияқты. Ата мекеніміз қандай ыстық болса да тастап кетуге тура келеді.
Саржан. Біз ата мекенімізді мүлдем тастап бара жатқан жоқпыз. Алла қаласа, ертең-ақ қайтып келеміз. Ертең-ақ осы алаңда әкейді ақ киізге көтереміз. Ол күн де туар.
Кенесары. (біреуді іздегендей жан-жағына қарайды) Иә… иә, мүмкін… ол күн де туар… Алла қаласа.
Қасым. (балаларының ортасында тұрып қолын жайып дұға тілейді) Ей, Алла! Біздің осы ісімізді қолдай гөр. Ниеттеніп отырған сапарымызды оңтайлы етіп, туған жерімізді басқыншылардын азат етіп осы мекенімізге қайтып оралуды жаза гөр. Аумин!
Барлығы «Аумин!», «Аллаһу акбар!» деп беттерін сипайды.
Бірінші интермедия
Құлазыған ен дала. Көшіп бара жатқан жұрт. «Елім-ай» -дың сарыны. Кісінеген жылқы, боздаған інген-бота, үрген ит, жылаған бала, көрісіп қоштасып жатқан қатын-қалаш зары. Сахнаға екі жақтан, бірінен соң бірі, екі малшы шығады.
Бірінші малшы. (ешкі қайырған болып) Шек! Шек, кебенек, шек!
Екінші малшы. (қой қайырған болып) Шәй! Шәй, қойым, шәй!
Бірінші малшы. (таяғына таянып тұрады да маңдайының терін сыпырып тастап) Еһ! Қандай жерлерді тастап бара жатырмыз. Қандай шұрайлы жайылымдар, қандай қалың шалғындар артта қалды. Қарағайлы ну орманы қыстың боранында қорған, жаздың ыстығында қоңыр салқын пана болушы еді ғой.
Екінші малшы. (ол да таяғына таянып тұрады да терін сүртіп аспанға қарайды) Иә! Ал мына Бетбақ далада не бір шоқ ағаш жоқ, не бір шөкім бұлт жоқ, не бір ұрттам су жоқ. Қайран Көкшетауымның сексен көлі-ай! Суын айтсаңшы, суын – мөп-мөлдір еді ғой!
Екеуі де тамсанып бастарын шайқайды.
Бірінші малшы. Мал екеш малдың өзі аяғын ілгері баспайды. Еріксіз келе жатыр.
Екінші малшы. Е-е… бұлардың тек қана тілі жоқ. Әйтпегенде: «Жерұйықты тастап мына тозаққа неғып барасыңдар? Ақылдан алжастыңдан ма, түге?!» деуші еді. Әне, сәл тоқтасаң болды кері қарай ұмтылады. Е-еһ! (қойын қайтаруға ұмтылады) Шәй! Шәй, қойым, шәй!
Бірінші малшы да «Шек! Шек, кебенек, шек!» деп екеуі екі жаққа кетеді. Сахна қараңғыланып көш дыбыстарын өзбек әуендері ауыстырады. Прожектор жарығынының астында Саржан мен Есенгелді шығады. Олар қарусыз.
Саржан. (қауіптене) Беглербек шақырды дейді. Екі кештің арасында не боп қалды екен?
Есенгелді. Білмеймін. Қару-жарақсыз келіңдер дегеніне қарағанда өзі бізден қауіптенгені ме?
Саржан. Қайдам! Керісінше, бізге одан қауіптенген жөн-ау деймін.
Есенгелді. О не дегенің, Саржан?!
Саржан. Мені бір күдік билеп тұр. Беглербегің бізге қастандық істейін деп тұрған сияқты.
Есенгелді. Қой, Саржан! Әуелі хошаметпен қарсы алып сосын қастандық істемес.
Саржан. Істемесе істемес… тек бойымды біртүрлі сезім… бір түсініксіз күдік билеп тұрғаны.
Екі жақтан екі ләшкер кіріп келеді де семсерлерін жалаңаштап ағайынды екі төреге ұмтылады.
Саржан. (өзінің сыртындағы ләшкерді сезбей інісін төнген қатерден ескерте ілгері ұмтылады) Есенгелді!
Есенгелді. (ағасын ескерте ілгері ұмтылады) Саржан!
Екеуі жалт бұрылып төніп келе жатқан ләшкерлерден шегініп бір-біріне арқа сүйеп қорғанбақ болады. Бірақ жалаң қол не істесін. Ләшкерлер екеуін де шауып тастайды. Прожектор шамы сөнеді. Тағы да мұңды әуен, өліктерді жоқтаған зарлы үндер. Содан кейін ат дүбірі, «Абылайлап» жауға шапқан Кенесары мен оның сардарларының дауыстары. Сәлден кейін сахна жарықтанады. Интермедия басындағы ен даланың фонында «Кене хан, Кене хан! Кенесары хан жасасын!» деп қошамет білдірген жұртың ортасында рубасылар мен батырлар Кенесарыны ақ киізге көтереді.
Екінші көрініс
Хан ордасы. Кенесары тағында отыр. Жанында Наурызбай. Бопай кіріп келіп тағзым етеді.
Кенесары. (алдына келіп басын иген қарындасын маңдайынан сүйеді) Иә, Бопай-жан, аман-есен жүрсің бе? Айта бер, не бітірдің?
Бопай. Сырымбет барып Айғаным ауылын шаптым. Төрт түлік малын айдап әкелдім. Айғаным мен Шыңғысты тұтқындадым. Дәл түстім – баласы шешесіне қонаққа келіпті. (күледі)
Наурызбай. (аяғына тұрған Бопайды құшақтай алады) Әй, әпкем-ай! Ерледің, ерледің! Уәлидің орысша шәуілдеген күшігінің қыңсылағанын көруді аңсап едім. Ол да күн туған екен.
Кенесары. (інісіне ала көзбен қарайды, Наурызбай жым болады) Олар қайда?
Бопай. Сыртта тұр. Кіргізейін бе?
Кенесары. Кіргіз.
Бопай сыртқа шығып тұтқындарды кіргізуге бұйрық береді. Төлеңгіттер арқанмен маталған Шыңғыс пен қолы бос Айғанымды итермелеп кіргізеді. Екеуінің киімі жыртылған, умаждалған. Ол екеуі ханға тағзым етпей қасқайып тұр.
Кенесары. (төлеңгіттерге) Арқанды шеш! Төрені құлдай матағандарың не, түге!
Төлеңгіттер Шыңғысты босатады да ханға тағзым етіп шығып кетеді.
Наурызбай. (Шыңғысқа жақындап келіп иығына жармасып жерге жастандырғысы келеді) Не ғып тұрсың қасқайып? Хан ордасына кірдің, ханға тағзым ет!
Шыңғыс. (қарсылық білдіреді) Хан ордасы бұ жер емес! Алдымда отырған хан емес. Ақырғы хан менің әкем Уәли болған.
Наурызбай. (Шыңғыстың желкесінен айырылмастан) Уәлидің аты ғана хан болды, заты орыстың қол шоқпары еді. Бүк тізеңді үш жүздің ханына!
Шыңғыс қарсыласып бағады. Оған Айғаным көмекке келеді.
Айғаным. (екі қолымен Наурызбайды итеріп жатып) Тиіспе балама, Қасымның бөлтірігі!
Бопай. (Наурызбайға көмекке келіп Айғанымға жармасады) Әй, жаман тоқал! Тарт қолыңды ханзададан!
Төртеуі аз уақыт тайталасып бағады.
Айғаным. (жан-дауысы шыға, Кенесарыға) Не ғып отырсың сазарып! Тисаңшы мына күшіктеріңді!
Кенесары. (оң қолын көтеріп) Наурызбай! Бопай! Болды енді! Тоқтатыңдар жанжалды!
Наурызбай мен Бопай оның сөзіне құлақ аспағасын орнынан атып тұрып зор денелі інісін бір жаққа, қарындасын бір жаққа лақтырып-лақтырып жібереді.
Кенесары. Не болды сонша көшедегі тентектердей алысып?! (Шыңғысқа жақындап келіп) Әкең марқұм Уәли ханда жұмысым жоқ. Абылай атамнан алған хандықты сақтағанмен, орысты жерімізге баса көктетіп жіберді. Ал Ғұбайдолла ағаң хандықтан мүлдем айрылды. Ендігі кезек біздің әулетке көшті. Сондықтан мойныңды кекіретпей ханға бой ұсын, бағын, салық төле. Айтқанын істе.
Шыңғыс. Мен саған бағынбаймын, Кенесары! Мен сені хан ғып сайлағам жоқ, ақ киізге көтергем жоқ. Мен ақ патшаға бағынамын, соның айтқанын істеймін, соған салық төлеймін.
Кенесары. (Шыңғысқа төніп келіп оның мойнында ілініп тұрған медалын жұлып алады) Сол патшаның берген шен-шекпеніне, мойныңа ілген қарғысына мәз боп жүрмін де. (қаһарланып медальды бетіне лақтырып жібереді) Ал қазақты кім ойлайды? Қол астыңдағы халқыңды кім ойлайды, аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханұлы? Ә?!
Шыңғыс. (қаймықпастан) Мен патшаға шен-шекпен үшін қызмет істеп жүрген жоқпын. Қол астымдағы халықтың мүддесін қорғап жүрмін. Ал сенің не ойлап жүргеніңді білеміз. Сен өз мансабыңды халықтың мүддесінен жоғары санайсың.
Кенесары. Е-ей! Мансапты ойласам мен де сен сияқты патшаны мадақтап, ұлықты қошаметтемеймін бе? Сен сияқты бір дуанға аға сұлтан болып мәз майрам жүрмеймін бе? Мына сары далада сенделмей, күні-түні ат үстінде жүрмей, Көкшенің бір пұшпағында сүр жеп, қымыз ішіп жатпаймын ба!
Шыңғыс. Өтірік айтасың, Кенесары! Саған бір дуанды басқару аз. Сен бүкіл қазақты билегің келеді. Саған керегі шексіз билік. Сол мақсатың үшін бүкіл халықты қанға батырып, бір-біріне шаптырып жау ғып қойдың. Сондағы орыстан құтқарам дейсің. Қазақты орыстан құтқару қажет емес. Керісінше, орысқа жақындата түсу керек. Орыста озық білім, ғылым бар. Орыста өнеркәсіб, өндіріс бар. Орыста қала бар, білім ошақтары бар. Мен өзім орыстан оқып білім алдым, балаларымды да орыстың оқуына беріп ғалым қыламын. Өйткені қазақтың болашағы орыспен тығыз байланған. Оны сенің де, менің де атам Абылай хан байлап кеткен. Жалғыз Абылай емес, Әбілмәмбет те, Әбілхайыр да, тіпті Тәуке хан да орысқа арқа сүйеуге ниетті болған. Олардың бәрі ақымақ болмаған. Олардың ойын түсінбеген сен, Кенесары, ақымақ!
Наурызбай. (семсерін жалаңаштап Шыңғысқа ұмтылады) Жап аузыңды, кәззәп!
Айғаным. (Наурызбай мен Шыңғыстың арасына түседі) Шап! Шап менің басымды! Ал балама тиме!
Кенесары. Тоқтат, Науан!
Наурызбай. Көке! Бөгеме қолымды. Бұндай антұрғанды үргізіп қойғанша басын алу керек.
Кенесары. Тарт қолыңды! (інісінің қолынан шап беріп итеріп жібереді) Ендігі бір атаның балаларына бір-бірінің басын алғаны қалып еді. Абылай атам көрде аунап түсер. (Шыңғысқа) Мен атамның, өткен хандардың ойын жақсы түсінемін. Ақ патшаға мен де бой ұсынуға дайынмын. О жөнінде Омбының да, Орынбордың да ұлықтарына жазғам. Мен Абылай атамыздың кезіндегі келісімді қалпына келтіруді талап етіп тұрмын. Қазақ жеріне салған қамалдарын алсын деп, қаптап кеткен қара шекпендерін әкетсін деп, қазақты үш жүз сайлаған ханына бағындырсын деп тұрмын.
Шыңғыс. Абылай атамыз орысқа арқа сүйеп Жоңғар мен Қытайдан қорғанды. Әкем Уәлихан да сол бағдардан айрылмады, сондықтан орыстардың қазақ жерінде қамал мен бекініс тұрғызуына кедергі жасамады. Орыстар болмағанда, олардың қамалдары мен әскері болмағанда Қытай әлдеқашан басып алушы еді. Бір ғасыр бойы қазақтың кең жерін қанға батырған жоңғарды не қылды, ә? Бір-ақ мезетте қылғытпады ма? Орыс болмағанда ол айдаһарға не қылар едің? Соны ойласаңшы!
Кенесары. Бізді қорғау тек сылтау ғана. Шын мәнінде қамал мен бекіністер бізді отарлау үшін салынып жатыр. Соны түсінбеймін дегеніңе сенбеймін.
Шыңғыс. Неге түсінбеске! Ақ патшаның өзінің есебі бар. Әлде жеріңді тегіннен тегін қорғасын деп пе едің? Біреуге кіріптар болдың ба, бодандыққа келістің бе – соған бағынасың. Соның билігін мойындайсың. Соның заңына көнесің. Бұл ақиқат! Айдан анық шаруа. Ал орыстың заңы әділ. Ол заңның алдында бәрі бір – ұлық та, шұлық та, сұлтан да, ұлтан да. Әне, қателесіп, сенің жансыздарың таратқан қауесетке сеніп бейбіт ауылдарды шапқан үшін Лебедевты бүкіл шенінен айырып сотқа берді. Қазақ ауылын шапқан үшін өзінің тәжірибелі, дала соғысын жақсы меңгерген офицерін де аямады. Патшаның қаруы мықты, сол қарудың ығында малыңды бақ, егін ек, өнеркәсіппен, саудамен айналыс. Оқу оқы, білім ал, қызмет істе, мансабыңа ұмтыл да жет. Кім сенің қолыңды қағып тұр? Оның орнына бос қиялдың сағымын қуып жүргенің мынау. Өзіңе де, соңыңа ерген халқыңа да тыныштық жоқ, болашақ жоқ, текке бос қасарысу.
Айғаным. Иә, дұрыс айтасың, балам. Кенесары қарағым, қойсаңшы енді, тоқтасаңшы! Бүкіл елді сарсаңға салып қойдың ғой. Бейбіт жатқан елді, «маған бағынбайсың, зекет төлемейсің» деп бір шабасың, сенің соңыңа түскен орыс әскері «бүлікшімен бірсің, оны қолдайсың, оған зекет төлейсің» деп екі шабады. Орысқа бағынса сенен таяқ жеп, саған бағынса орыстан таяқ жеп әбден құрдымға ұшырады. Әбден азып-тозып бітті.
Шыңғыс. Бұл жолдың ертелі-кеш әйтеуір бір тығырыққа тірелетінін өзің де білесің. Егер де бұл күрес бір нәтижеге жеткізеді деген болмашы үміт болғанда мен бірінші боп саған қосылар едім. Қайдам! Найза мен садақпен мылтық пен зеңбірекке не қыласың?!
Кенесары. (басын төмен түсіріп ауыр күрсінеді де шұғыл бұрылып) Енді… мал екеш мал да бауыздарда тұяқ серіппей ме. Сол мал құрлы болмағанымыз ба? Өз тәуелсіздігімізді, өз жерімізді өзіміздің қолымыздан бергеніміз бе? Тым құрығанда қарсыласып қалайық та! Өйтпегенде, осы жерді ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен бәлен ғасыр бойы қорғап ешкімге аяқ бастырмаған ата-бабаның аруағының қарғысы атпай ма! Болашақ ұрпақ, жерінен, тілінен, дінінен айырылғанда: «Кенесары мен Шыңғыс елімізді кәпірге сатып жіберді» деп жазғырмай ма!
Шыңғыс. (ендігі ол төмен қарап күрсінеді) Тұяқ серпу дейсің… алайда, біз мал емеспіз. Және де бізді бауыздап жатқан ешкім жоқ. Орыстың қолында қанжар емес, қырықтық. Ол бізді құрбандыққа шалайын деп тұрған жоқ. Керісінше, біздің ғасырлар бойы қырқылмай ұйысып, жабағы боп кеткен жүнімізді қырқайын деп тұр. Көзімізді ашып, арқамызды кеңітейін деп тұр. Ал біз сол ақымақ қой құсап, төрт тұяғымызбен тіреліп тұрып алдық. Адам болатын күн келді, Кенесары! Көз ашатын, жан-жаққа қарайтын, алды-артымызды барлап, адамзат қайда бара жатқанына көз жүгіртіп көш түзейтін күн келді. Батыс елдердің үлгісін қолға алып алға, жарқын болашаққа қадам басатын күн келді. Ең әуелі сол елдермен бізді дәнекерлейтін орыс мемлекетіне кіретін күн келді. Өйткені қазақ орыстың өркениетінсіз сол мақсаттарға жете алмайды.
Кенесары. Жете алады! Батыс елдерінің өркениетіне жету үшін ешқандай дәнекер қажет емес. Мен орыстан үлгі алма демеймін, білім мен ғылымына үйренбе демеймін. Егін екпе, сауда жасама, өнеркәсіп дамытпа, қала салма демеймін. Керісінше! Менің талабым – соның бәрін күшпен емес, зорлықпен емес, біздің өз еркімізбен жетуімізге мүмкіндік берсін деуім. Біз сол мақсаттарға өзіміз де жете аламыз. Қалаларды өзіміз саламыз, өнеркәсіпті өзіміз дамытамыз, білім мен ғылымды өзіміз игереміз, сол үшін балаларымызды шет елдерге оқуға жібереміз. Бәрін өзіміз істейміз. Тек қана бізге тыныштық берсе екен деймін. Біздің жерімізді именбей, байлығымызға сұқтанбай жүрсе екен деймін. Осы талаптарым орынсыз ба?
Шыңғыс. Орынды! Бірақ осы мақсаттардың біреуіне де орыстың көмегінсіз жете алмаймыз. Өнеркәсіпті бір күнде дамыта алмайсың. Жеріміз кенге бай. Ал сол кенді жер қойнауынан қалай алып шығасың? Жалаң қолмен алып шыға алмайсың. Орыстың қай саласы болсын ғылыммен қаруланған. Қала саламын дейсің. Құрылыс өнеркәсібің қайда? Саманмен, шыммен қазіргі заманға сай қала көтере алмайсың. Балаларымызды оқытамыз дейсің. Оқып-ақ келсін. Сонда оқып келген бала ауылға келгесін не істей алады? Не құрал жоқ, не басқа жағдай жоқ. Кетпен-күрекпен не бітіресің? Ғылым дамытамын дейсің. Қалай, қай жерде дамытасың? Қағаз екеш қағаз да жоқ. Егін егем дейсің. Қай қазақты малын тастатып жер жыртқыза аласың? Міне, орыстың шаруасы келіп жер жырта бастап еді соның пайдасын көрген қазақ та біртіндеп егіншілікке көше бастады. Жоқ! Айтқан мақсаттардың біріне де орыссыз, орыс мемлекетінсіз жете алмайсың.
Кенесары. Жақсы, солай-ақ болсын! Сонда да орысты басыңа міңгізіп қойған дұрыс емес. Орыс өнеркәсібін, озық білімі мен ғылымын әкелсін, қала да салсын. Тек қана соның бәрін өз еркімен емес, бізбен келісіп отырып істесін. Иә, оның да мүддесі бар. Өзің айтқандай ешкім тегіннен тегін ештеңе істемейді. Дамыған өнеркәсіптен, кен орнынан, зауыт пен басқа сауда мекемелерінен келісілген мөлшермен пайдасын көрсін. Кім оған қарсылық білдіреді? Ал қазір орысың біздің жерге баса көктеп кіріп барады, біздің жерімізді өзінің меншігіндегі жердей иемденуде. (ашына мырс етеді) Әне, Орынбор ұлығы Обручев маған хат жолдапты. Маған (!), қазақтың ханына (!), қазақтың жерінде (!) көшіп қонатын аудан белгілеп беріпті. Бейне бір өзінің иелігіндегі жерінен беріп тұрғандай бәлсінеді. Ата-бабамыздан қалған жер мен суды тартып алып кім көрінгенге, қайдағы қаңғыған келімсектерге беруде. Ал бізді ығыстырып шөл далаға қууда. Осының бәрі әділ ме?
Шыңғыс. Ешкім қазақты шөл далаға айдап жатқан жоқ. Әкең мен ағаларың өз ақымақтығының салдарынан Көкшетау мен Бурабайды тастап қаңғып кеткен. Сол ақымақтық өздерінің түбіне жеткенде бүкіл жұрт ішек-сілесі қатып күлмеді ме!