Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"
Автор книги: Леонид Вариченко
Жанр: Драматургия, Поэзия и Драматургия
Возрастные ограничения: 18+
сообщить о неприемлемом содержимом
Наурызбай. (қылышын суыра тағы ұмтылады) Қап! Мынаның ызасы өтті-ау!
Кенесары. (інісін қолын көтере тоқтатады) Әй, Уәли ханның баласы! Өлген әкем мен ағаларымның аруақтарына тиме! Сенімен келісімге келе алмайтыныма көзім жетті. Жетер енді! Сенің шындығың өзіңде, менің шындығым өзімде. Болашақ ұрпақ кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін кезінде анықтар. Ал енді аман-сауыңда кет бұ жерден. (қолын бұлғай салып теріс айналып кетеді де тағына отырады)
Шыңғыс пен Айғаным әуелі бір-біріне, сосын ханға қарайды.
Кенесары. Кетіңдер, боссыңдар! Қайтыңдар елдеріңе. Мен сендерді бөгемеймін.
Айғаным. Сұлтан, бізге көлік бер. Жаяу-жайсаң жіберемісің?
Кенесары. (Бопайға) Көліктерін қайтарып бер. (Бопай үндеместен басын изейді)
Айғаным. Ал тартып алған мал ше?
Кенесары. Малыңды қайтарамын. Тек қана тиісті мөлшерде зекет төлейсің. Өткен жылдарда зекет төлеуден бас тартқан үшін айып пұл ұстап қаламын.
Шыңғыс. Осыдан кейін қарақшы емеспін де!
Кенесары. Дұрыс айтасың – қарақшы емеспін. Мен ханмын. Ал ханға зекет төлеуің заңды. Ханға бағынбағаның үшін, ханды сұлтан дегенің үшін, зекет төлемегенің үшін айып пұл салу да заңды.
Айғаным. Әрине, қарақшысың! Ал айтып тұрғаның тек бет перде. (Шыңғысқа) Жарайды балам, аттанайық. Осыған да шүкір. Жанға мал садақа демекші, аман-сауымызда елге қайтайық. (екеуі кетеді)
Бопай. Әй, көке-ай! Осындай жомарттығың бар-ау! Мен ғой бұл екеуін Сырымбет пен Құсмұрынға аттың алдына салып айдап апарушы едім. Қамшымен осып-осып отырып апарушы едім!
Наурызбай. Ал мен ше бұл екеуінің басын осы жерде домалатушы едім. Осы жақсылығыңды түсінсе ғой. Қайдам! Ертең-ақ ұлығына білген-көргенін жеткізер. Біздің соңымызға әскер салар.
Кенесары үндемейді. Басын төмен салып қалың ойға батқан кейіпінде қалады.
Екінші интермедия
Қараңғы сахна. Ат тұяғы дүбірі, «Абылайлап, Кенесары-Наурызбайлап, Ағыбайлап» ұрандаған сарбаздар казактармен шайқасып жатыр. Атылған мылтық, зеңбірек гүрсілі, зымыраған жебе ысқырығы, жан дауысы шыға айқайлаған адам дауыстары, шабылып у-шу болып, өліктерін жоқтап зарлаған қатын-қалаш, шырылдап жылаған бала дауысы. Прожектор жарығында сахнаға Кенесары төлеңгіттері шегініп шығады, оларды мылтықтарын кезеп казактар ығыстырып келеді. Казактар тұра қалып тарсылдата атып жатыр. Төлеңгіттер сұлап жатыр. Сосын прожекторлар сөніп біртіндеп тыныштық орнайды. Сахна жарықтанғанда Кенесары мен Наурызбай шаңырағы ортаға түскен хан ордасына кіріп келеді. Ауыр жараланып жатқан төлеңгіт бірдеңе деуге талпынады. Наурызбай оның жанына келіп басын демеп көтереді.
Төлеңгіт. Хан ием!.. Ауылды Сотниктың казактары шапты… Күнімжан ханым мен балаларды тұтқындап әкетті.
Кенесары. Қайда айдап әкетті? (төлеңгіт жауап бере алмай қиналып жатыр) Қайда айдап әкетті?! Қайда?!
Наурызбай. (төлеңгіт сыбырлап жауап қатады да жан тапсырады, Кенесары Наурызбайға «не деді?» дегендей қарайды) Екатерина станицасына айдап әкетіпті жеңешем мен балаларды.
Кенесары. (тістеніп бойын түзейді) О, сұрқия ұлық! Мұны әдейі істетіп отыр. Ендігі орыстың қамалына шабуыл жасамасқа амал бар ма? Сосын «Кенесары бейбіт келісімді бұзды» деп жазалаушы отрядтарын жібереді. Тағы да бізді қудалайды.
Наурызбай. Көке! Айтпап па едім: ақ патшаға, оның ұлықтарына сенім жоқ деп. Міне, енді көзің жетті.
Кенесары. Иә, Науанжан! Ендігі жерде мен олардың сөздеріне сенбеспін. Сарбаздарды дайында. Екатерина станицасына шабуыл жасаймыз. Мүмкін ханым мен балаларды азат етерміз. Орыс бізді шапса, біз оны шабамыз.
Екеуі кетеді. Олар кетісімен сахна қараңғылыққа батады.
Тағы да шайқас. Кенесары сарбаздары станицаға шабуыл жасауда. Ендігі орыс-казак әйелдерінің өлген ерлерін жоқтап жылаған зары. (О, горе нам, горе! Злые киргизы кенесаринские напали на нас! Выжгли всю станицу, вырубили!» деп жатыр)
Біраздан соң жазалаушы отрядтар Кенесары қосыны мен ауылдарын шабады. Орыс басшыларының солдаттарға берген бұйрықтары: «Ружья к бою! Залп!» (мылтықтардың гүрсілі), «Батарея, к бою! Огонь!» (зеңбіректердің гүрсілі) «Ура! Ура! Ура-а!» деп шабуылдап жатыр. «Шегініңдер! Кетіңдер! Қашыңдар!» деген Кенесары сардарларының бұйрықтары.
Тағы да ен дала. Тағы да көш. Тағы да «Елім-ай»» сарыны. Бұл көш Кенесары ауылдарының Торғай, Ырғыз, Ұлытау өңірін тастап, Шу, одан әрі Балхаш, Жетісу өңіріне ауып бара жатқанның көрінісі. Баяғы екі малшы сахнаға шығады.
Бірінші малшы. (ешкі қайтара) Шек-шек! Әй, кебенек келгір! Шек! (маңдай терін сыпырып, таяғына сүйене тоқтайды)
Екінші малшы. (қой қайтара) Шәй! Шәй, қойым, шәй! (бірінші малшының жанына келіп тоқтайды) Еһ! Аяқтан аяқ қалмады. Қай жерге барып тоқтайды екенбіз.
Бірінші малшы. Оны қой! Неше жыл болды қаңғығанымызға. Көкшенің құтты жерін тастағаннан көргеніміз осы. Қоқанға бардық қаңғып, одан Ұлытау, ал оннан Торғай, Ырғыз, Кіші жүзге кеттік ауып. Ендігі Ұлы жүзге бара жатырмыз салпаңдап.
Екінші малшы. Иә! Балхаш пен Жетісуда бізді кім күтіп отыр дейсің. «Рүстем сұлтан кел деді» деп желігіп жүр төрелер. Ол сұлтан не ғып жарылқар екен…
Бірінші малшы. Е-е… осылай ғұмырымыз қаңғумен өтеді ғой. Қай жерде қалар екен сүйегіміз? Жерге көметін біреу бола ма, әлде ит пен құсқа жемтік боп шашылып қала ма?
Екінші малшы. Е-еһ! (көзіне келген жасты сыпырып тастап) Е-еһ, қайран Көкшем-ай! Тұп-тұнық Айнакөлім-ай! Қайтып көреміз бе ата мекенін, көрмейміз бе?
Екеуі бетімен кеткен малды қайтарып, «Шек, шек, кебенек! Шәй, шәй, қойым!» деп кете барады.
Үшінші көрініс
1846 жылдың жазы. Лепсі өзенінінің жағасында өтіп жатқан құрылтай. Үлкен, кең орданың іші. Төрде генерал Вишневский отыр. Жанында тілмәш, сәл ілгері писарь отыр. Писардың алдында шағын үстел. Ол қағазға бірдеңе жазып отыр. Генералдың оң жағында Сүйік Абылайханұлы, сол жағында Әлі Әділұлы сұлтандар. Олардан басқа дуанбасы, болыс, рубасы сұлтандар мен билер ірге жағалай отыр. Олардың ішінде Құнанбай да бар.
Вишневский. Я рад, господа, что на этом курултае мы с вами смогли договориться обо всем. Теперь скрепите это соглашение своими тамгами.
Тілмәш. Мәртебелі жәндәрәл: «Осы құрылтайда сіздермен келісімге келгеніме қуаныштымын, мырзалар. Енді келісімге таңбаларыңызды қойыңыздар» дейді.
Писарь отырғандардың алдына қағазын әкеліп ұсынып, рубасылар таңбаларын қойып жатыр.
Вишневский. Я думаю, что вы будете верны этому соглашению и окажете всяческое содействие в деле учета вашего скота и в любом другом деле государственной важности.
Тілмәш. Мәртебелі жәндәрәл: «Осы келісімге берік боларсыздар, мал санағына кедергі жасамассыздар, жалпы, қандай да болса мемлекет ісіне қолдау көрсетерсіздер деген сенімдемін» дейді.
Отырғандар шуласып кетеді. «Әрине! О не дегеніңіз?» деп жатыр.
Вишневский. (дуанбасылар мен рубасылар түгелдей таңбаларын қойып болғаннан кейін) А теперь еще об одном важном деле. О смутьяне и разбойнике Кенисаре, который объявился в этих краях. Что слышно о нем? Пытался ли он лично или через своих людей установить с кем-либо связь? Ведь некоторым из вас он приходится близким родственником. (Сүйікке бүкіл денесімен бұрылып) Глубокоуважаемый Суюк! Если не ошибаюсь, Кенисара приходится вам племянником?
Тілмәш. Мәртебелі жәндәрәл: «Осы өңірге қарақшы Кенесары қоныс аударыпты, – дейді, – О жөнінде не білесіздер? Мүмкін біреулеріңізбен байланыс жасаған болар? Аса қадірлі Сүйүк төре! Кенесары сізге іні болады ғой, иә?»
Сүйүк. (ыңғайсыздана қозғалақтап қойып жан-жағына қарайды) Ондай іні құрысын! Маған оның беш тиынға қажеті жоқ.
Вишневский. (Тілмәштың аудармасын тыңдап алып басын изейді) Хорошо. Но все же, ведь этот хитрый разбойник не просто взял да и прибыл в Джетысу. Ведь кто-то же обещал ему содействие? А? Что вы на это скажете?
Тілмәш. Мәртебелі жәндәрәл: «Ол қу қарақшы Жетісуға жәйдан-жәй келген жоқ, – дейді, – Оған біреулерің қолдау көрсетем деген боларсыздар?»
Әлі. Жо-жоқ, мәртебелім! Бір атадан тараған ағайын болсақ та, Кенесарыға қолдау көрсететін біз емес. Ол аш бөрі! Қазір осында келсе жүз ауылды шабар еді. Сондықтан біз оған қолдау көрсетпейміз, онымен еш байланыс жасамаймыз.
Тілмәш генералдың құлағына Әлінің сөзін аударып жатыр. Отырғандар оның айтқан сөзін құптап жатыр. Осы жерде ордаға Наурызбай мен Ағыбай кіріп келеді, есікті қорғап тұрған екі төлеңгіттің қаруын тартып алып құлатады да аяқтарымен кеуделерін басып тұрып алады. Төлеңгіттер бекер тыпыршып жатыр. Іле Кенесары келіп ортаға шығып жұртқа сәлем береді.
Кенесары. (оң қолын кеудесіне басып) Ассаламу ғаләйкүм!
Отырғандар бұл үшеуіне аңырап қарап қалыпты. Кенесарыны танығандар да бар, бірақ көпшілік танымайды. Танығандар танымағандарға сыбырлап-күбірлеп: «Кенесары, Кенесары! Наурызбай! Ағыбай!» деп жатыр.
Сүйік. Әй, антұрған! Кімсің сонша салтанатты жиынға баса көктеп кіретін?
Кенесары. Білмеймісің? Мен үш жүздің ханымын!
Сүйік. (сасып қалып жан жағына жалтақтай бере) Үш жүздің ханымын дейт?! Үш жүзде хан бар ма еді?
Кенесары. Бар! Осында отырған ұлық жоқ деген болар. Оған сенбеңдер. Өз көздеріңе сеніңдер. Өйткені міне, мен тұрмын алдарыңда – үш жүз ақ киізге көтерген Кенесары хан!
Әлі. (орнынан көтеріле бере) Кене-сары?!
Кенесары. Дәл өзі! Ей, заман-ай! Ағасы інісін танымайды.
Әлі. (орнына отыра кетеді) Мұндай ініден сақтасын Алла!
Кенесары. Е, неге? Мені аш бөрі дедің, сұлтан Әлі Әділұлы. Жақсы, солай-ақ болсын. Сендей бұралқы ит боп, орыстың алдында құйрығыңды бұлғаңдап итшілеп жүргенше бөрі атанғаным артық.
Вишневский. (тілмәш оған сыбырлап түсіндірісімен) Это на самом деле разбойник Кенисара?!
Тілмәш. Мәртебелі жәндәрәл: «Бұл шынында да қарақшы Кенесары ма?» дейді.
Кенесары. (тілмәшты қолындағы қамшысымен тартып жібереді, сонда тілмәш генералдың артына тығылады) Тіліңді кесіп алар ма! Қарақшы Кенесары емес, мына жаныңда отырған ұлық қарақшы. Ашықтан ашық қазақтың жері мен суын, малы мен жанын тонап жатқан қарақшы.
Сүйік. Жә, тоқтат! Қаңғып келіп, «Ханмын!» деп кеудеңді соғасың. Мен сені хан көтергем жоқ.
Әлі. Сарыарқаны қан қақсатып, қанға батырып, екі жүздің қазағын сарсаңға салып ендігі тып-тыныш жатқан Жетісуды қанға бояғың келе ме? Жоқ! Болмайды! Бұ жерде саған орын жоқ.
Кенесары. Е-ей! Осылай отырыңдар ұлықтың табанын жалап. Ертең ол жерлеріңді тартып алады, қара шекпендерін қаптатып Жетісудың мөлдір суын лайлатады, құнарлы жерін тіліп қопарады. Қыстауыңнан қуады, жайлауыңды жайпайды. Сонда мені еске аларсыңдар. Бірақ кеш болады.
Құнанбай. Қара шекпенді көрмей жүрміз бе? Олар судың да, жердің де қадірін біледі. Қазақтың кең байтақ жері оларға да, бізге де жетерлік. Ал сені еске алсақ тек лағынет айта алармыз.
Кенесары. (оған бүкіл денесімен бұрылып) Мынауың кім-ей!
Құнанбай. Тобықты руының болысы Құнанбай Өскенбайұлы. Әлде естімеп пе едің?
Кенесары. Естігем, естігем. Жұрт сені ақылды, әділ би дейді. Алайда, сөзіңе қарағанда, ақылың аз-ау деймін.
Құнанбай. Мен де сені ақылды, парасатты жан деп естігем. Алайда, істеген ісіңе қарағанда ақылың аз-ау деймін. Ақылың болса кең байтақ Сарыарқаға сидырмаған патша әскеріне мына тар қыспақ Жетісуда төтеп беремін деп келесің бе?
Кенесары. (күрсініп қойып) Е-еһ! Мен Жетісуда Абылай атамның балалары мен немерелері бар деп келдім. Өзіңдей ақылды, парасатты ерлер бар деп келдім. Елдің болашағын ойлайтын, сәл де болса ілгері барлап көз тастай алатын ерлер бар шығар деп келдім. Елдің ертеңгі күні не болмақ? Орыстың малайына айналады қазақ! Шоқынып, дінін, тілін ұмытып мәңгүртке айналады қазақ! Соны неге ойламайсың, тобықтының белді баласы… болысы Құнанбай Өскенбайұлы?!
Құнанбай. Өтірік айтасың, төре! Қазақ орыстың малайы болмайды. Орыс қазақты мәңүртке айналдырмайды. Орыста озық білім, ғылым бар. Мен балаларымды орыстың оқуына беремін. Орыстың ғылымымен сусындап олар ғалым болады. Орыс қазаққа: «Дініңді, тіліңді ұмыт!» деп тұрған жоқ. Шоқындырам деп те тұрған жоқ. Міне, тілмәштан сұра. Ұлықтың жанында, орыстың ортасында жүрсе де бес намазын қаза етпейді.
Тілмәш. (жасқана, генералдың артынан сығалап) Иә, иә, дұрыс айтады! Ұлық дінімді де, тілімді де сыйлайды. Намаздың уақыты келгенде керуенді тоқтатып, бес жүз әскерін тұқыртып қойып үш-төрт мұсылман намаз оқығанша тосып тұрады. Тілімді де сыйлайды. «Мені қазақшаға үйрет» дейді. (генералдың құлағына айтқанын аударып сыбырлап жатыр)
Вишневский. О, да! Конечно! Я уважаю вашу религию, я уважаю ваш язык! Никто не собирается обращать вас в христианство. Это дело сугубо добровольное.
Тілмәш. Мәртебелі жәндәрәл: «Мен сіздерің діндеріңді, тілдеріңді сыйлаймын, – дейді, – Және ешкім сіздерді зорлап шоқындырайын деп тұрған жоқ».
Кенесары. Мен орыстың бір-де-бір сөзіне сенбеймін. Естеріңде болсын – ертең ақ, жерімізді әбден төстеп алғасын бұлар бізбен басқаша сөйлеседі. Со кезде бармақтарыңды шайнарсыңдар.
Сүйік. Әй, Кенесары! Келген ізіңмен қайт. Жетер енді! Бұ жер ордаң емес, шаңыраққа қарап қой.
Әлі. Иә, ағайын осы екен деп басына берме. Қайт ордаңа. Және осы жаққа келетін жолды ұмыт. Біз сені қолдамаймыз. Сондықтан қасарыспай еліңе қайт. Мына ұлықпен келісім жаса, мен өз басым екі араға дәнекер болуға дайынмын. Аса жоғарғы мәртебелі ақ патша мейірімді, қарулы қарсыласыңды қойып, әскеріңді таратып бой ұсынсаң өткендегі қылмысыңды кешіреді. (генералға) Солай емес пе, мәртебелім?
Вишневский. (Тілмәштың аудармасын тыңдап алып) Конечно, конечно! Его величество император примет ваше покаяние. Если сложите оружие и распустите воинство. Пора, пора переходить к мирной жизни.
Тілмәш. Мәртебелі жәндәрәл: «Аса жоғарғы мәртебелі ақ патша қылмысыңды кешіреді. Егер қаруыңды тастап, әскеріңді таратып бейбіт өмірге көшсең қолдау көрсетемін» дейді.
Кенесары. Жоқ! Мен қаруды ешқашан тастамаймын. Маған ақ патшаның мейірімі қажет емес, мен бір Алланың мейіріміне жүгінемін. Иншалла, ол менің күнәмды кешіреді. Өйткені мен өз қара басымды ойлаған емеспін. Мен бүкіл қазақ халқының қамын ойлап жүрмін.
Құнанбай. (кекете) Әрине, кең байтақ қазақ жерінде бір-ақ Кене хан халықтың қамын жеп жүр. Ал бізге өз қара басымыздан басқа ештеңе қажет емес.
Әлі. Сенің, Кенесары, ойлап жүргенің билік. Шексіз билік! Абылай атамыздай бүкіл қазаққа, үш жүзге билігіңді жүргізгің келеді. Ал Абылай кім, сен кімсің? Оны Әбілмәмбеттің тірісінде-ақ үш жүздің қазағы мойындаған. Ал сені кім хан етіп сайлапты? Өзің сияқты қарақшы-бүлікшілер, қаңғыбас батыр-сымақтар. Сондықтан былшылды қой да табаныңды тайдыр.
Сүйік. Иә, жетер енді! Кет! Ал кетпедің ғой… онда дәл осы жерде матап мына ұлыққа тапсырамыз. (отырғандар оның сөзін құптап шуласып жатыр)
Кенесары. Жақсы, мен кетемін. Сендерге сөзімді өткізе алмағаныма көзім жетті. Өздеріңді дұрыс жолда, мені бұрыс жолда деп тұрсыңдар ғой. Болашақ көрсетер әлі, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін. Әттең, сол күнге жете алмаймын.
Бұрылып шығып кетеді. Ордағылар күбірлесіп, күңкілдесіп қалады.
Үшінші интермедия
Тау арасы. Кенесарының батырлары мен сарбаздары қырғыздармен шайқасып жатыр. Шайқас алма-кезекте өтуде. Сахнаға екі жақтан қарсылас сарбаздар шығып шайқасады. Әуелінде қазақтар қырғыздарды ығыстырады, сосын қырғыздар қазақтарды шегінуге мәжбүрлейді. Сахна босағанда Рүстем мен Сыпатай шығады.
Рүстем. Шайқас үдеп кетті, Сыпатай. Бұл нағыз соғысқа ұласып барады.
Сыпатай. Иә, Рүстем төре. Не істейміз, ә?
Рүстем. Кенесарыға қосылғанда Қоқанмен соғысармын, Ресеймен шайқасармын деп қосылғам. Ал тату-тәтті көрші отырған ағайын қырғызбен соғысамын демеп едім.
Сыпатай. Иә, мен де сондай ниетпен әкелгем сарбаздарымды. Кенесары келер, кетер. Ал біз осында қаламыз. Сосын қырғыз ағайынның көзіне қалай қарамақпыз? Не істейміз, төре?
Рүстем. Кетеміз. Қайтамыз елге.
Сыпатай. Міне, бұл дұрыс шешім.
Екеуі кетеді. Шайқас үдей түседі. Екі жақтың ұрандаған дауыстары, шақыр-шұқыр айқасқан қарудың дыбысы. Жараланған сарбаздардың ыңырсығаны, жан тапсырардағы үндері. Кенесары мен Бұғыбай шығады.
Кенесары. Бұғыбай! Рүстем мен Сыпатай неғып жатыр шайқасқа кіріспей?
Бұғыбай. Рүстем мен Сыпатай түнде қашып кетіпті.
Кенесары. Қашып кетіпті?!
Бұғыбай. Иә, хан ием, он екі мың қолын алып іздерін суытыпты.
Кенесары. О Алла! Мұндай да сатқындық болады екен.
Бұғыбай. «Мен Кенесарыға қосылғанда Қоқанмен соғысамын, Ресеймен шайқасамын деп қосылғам. Тату көрші отырған ағайынды қырғызды шабамын деп қосылмап едім» депті Рүстем төре кетерінде.
Кенесары. Ым-м… солай де. (пауза) Біздің жағдай қалай?
Бұғыбай. Жағдай нашар, хан ием. Біз қоршауда қалдық. Қырғыздар үсті-үстіне келіп жатыр. Әне, ана таудан кешеден бері түсіп жатыр қырғыз сарбаздары. Лег-легімен, толастайтын түрі жоқ.
Кенесары. (со жаққа қарайды) Е-е, аспанда не көп, жұлдыз көп, жерде кім көп, қырғыз көп деген осы да. Әттең! Сарыарқадан бекер кеткен екем. Қырғыздан жеңіліс тапқанша орыстың қолында өлгенім абырой болар еді.
Наурызбай мен Ағыбай шығады. Шайқастан шыққан түрлері. Наурызбайдың оң білегі түрілген, қолында найза.
Наурызбай. Көке! Біз қоршауда қалдық!
Кенесары. (сабырлықпен) Білемін.
Наурызбай. Көке, мен сарбаздарыммен мына бүйірден соғайын. Қырғыздың қоршауын бұзып өтемін, менің соңымнан сен өт.
Ағыбай. Дұрыс, Науан! Хан иемізді аман алып шығайық.
Кенесары. Сен жау шебін жарып өтерсің, сенің соңыңда мен өтермін. Ал қалған әскер не болады? Жоқ, Науанжан, сын сағатта әскерді тастап қашып кетсем, халыққа хан боп жарытқаным кәне? Мен не әскермен бірге қоршауды бұзып шығамын, не онымен бірге өлемін.
Семсерін жалаңаштап ілгері ұмтылады. Қалғандары да ханның соңында кетеді. Тағы да кескілес ұрыс. Ұрандап қоршауды бұзуға ұмтылған Кенесары әскері. Жараланып ыңырсыған, жан тапсырып жатып жолдастарымен қоштасқан сарбаздар үні.
Төртінші көрініс
Қырғыз ханының ордасы. Тақта Орман хан отыр. Кісенделген Кенесарыны алдына салып жендет келеді. Жендеттің қолында айбалта. Кенесары Орманның алдына тоқтайды. Сырттан шулаған халықтың гуілі жетіп тұр.
Орман. Ақырғы сағатың келді, Кенесары. Айтарың бар ма?
Кенесары. Бар, Орман хан! Қазақ-қырғыз бір ағайын. Екі ел де Қоқаннан жапа шегіп тұр. Екі елді біріктіріп Қоқанға тойтарыс беріп елімізді азат етейік. Міне осы айтарым.
Орман. Қолға түскесін басқаша сөйлеп кеттің, Кенесары. Ал әуелде не деп едің?
Кенесары. Мен Жетісуға келісімен-ақ саған елші жібергем. Осы айтқанымды жеткізгім келді. Сен ол сөзіме құлақ аспадың.
Орман. Жоқ, Кенесары! О кезде сен бұлай сөйлеспедің. Есіңе салайын елшің әкелген сөзіңді. «Мен Абылай атамдай қазақ-қырғыздың ханымын. Менің алдыма келіп тағзым ет! Маған бағын, билігімді мойында да зекет төле!» Міне қалай сен сөйлескің келді. Біздің жерге баса-көктеп кіріп қырғидай тидің. Сонда біз сенің алдыңа келіп тізе бүгуіміз керек пе еді? Өз жеріңе баса көктеп кірген орыстың алдында тізе бүкпедің. Жо-оқ! Он жыл бойы онымен арпалыстың. Елімді азат етемін деп шайқастың. Сөйтіп жүріп бізді басып алмақсың. Орыстан көрген озбырлықты қырғызға көрсетпек болдың. Соның дұрыс па? Өз еліңнің азаттығы ардақ та, басқа елдің азаттығы бос сөз бе? Өз жеріңе кірген басқыншымен қалай аянбай шайқастың, дәл солай біз де өз жерімізге кірген басқыншымен шайқаста аянбадық.
Кенесары. Мен жеріңе басқыншы болып кірген жоқпын. Мен еліңді Қоқаннан азат етпек болып кірдім. Ал сен ше қасарысып жолымда тұрып алдың.
Орман. Қоқанның күшбегін қуып жіберіп қырғызды өзің билемекші болдың ғой, Кенесары! Өзіңнің қазағыңа билігіңді жүргізе алмай қырғызға билігіңді жүргізгің келді. Төрені қастерлеп үйренген қазақ сені мойындамағанда, төре дегенді білмеген қырғыз мойындасын ба? Жоқ, Кенесары! Сен қателестің! Осы қателігіңді мойында да кешірім сұрап басыңды и! Мүмкін кешірермін.
Кенесары. (басын жоғары көтеріп алып) Батылың жетсе басымды аларсың. Ал басымды идіре алмайсың.
Орман. (бірер уақыт Кенесарыға тесірейіп қарап тұрып) Айтқаның болсын!
Жендетке ымдайды. Ол айбалтсымен Кенесарыны артынан қағып қалады.
Кенесары. (жендетті қолын көтеріп тоқтатады) Тоқта жендет, асықпа! Аларсың әлі басымды. (Орманға) Ақырғы тілегімді орында, Орман хан.
Орман. Айт, тыңдап көрейін.
Кенесары. Наурызбай, Ержан, Құдайменде, Бопайларды, және басқа батырларым мен сарбаздарымды босат. Олардың еш кінәлары жоқ. Олар менің бұйрығымды орындап жүрді.
Орман. Олардың кінәсін мен кешсем де қырғыздың жесірлері кешпейді. Сенің де хан басыңды сыйлап тірі қалтырар едім. Бірақ халқымның қарғысына ұшыраймын деп қорқам. Сенің әскеріңмен шайқасып шейіт болған аруақтардың обалына қалармын деп қорқам. Сондықтан өзіңнің де, бауырларың мен батырларыңның да бастары алынады. Ал қатын-қалашыңды еркіне жіберемін. Біз қатын-қалаштан кек алмаймыз.
Кенесары. (төмен қарап біраз тұрады да) Нысанбай жырау ше?
Орман. Бізде де бас алу бар да тіл кесу жоқ. Жырауыңды босатамыз.
Кенесары. Онда жыраумен қоштасуға мұрсат бер. Бұл менің ақырғы тілегім болсын.
Орман. (жендетке) Әкел әлгі жырауды!
Жендет Нысанбай жырауды алып келеді.
Нысанбай. (кіріп келіп Кенесарыға тағзым етеді) Шақырдың ба, хан ием?
Кенесары. (жырауға жақындап келіп тұрғызады) Иә, жырауым, шақырдым. Ақырғы сағатым келді, Нысанбай. Кел, қоштасайық! (екеуі құшақтасып қоштасады) Жырауым! Елге аман-есен жетсең Көкшенің тауы мен Айнакөліне дұғай сәлем айта бар! Кенесары ақырғы деміне шейін елінің бостандығын армандап кетті де. Қош, қайран жырауым! Қош, қайран елім! Қош, туған жерім!
Орман. Жә, болар! (жендетке) Әкет, ал ханның басын!
Кенесары. (жендет хан мен жыраудың ортасын жарып айырып жібереді; Кенесары бұрылып кете бергенде оның алдынан баяғы көріпкел қария шыға келеді; оны ханнан басқасы көрмейді, уақыт тоқтап қалғандай әрқайсысы өз орнында қатып қалыпты) А, көріпкел қария, армысың?! (басын иеді) Барлығы сенің айтқаныңдай болды. Міне, ажалым да қырғыздың жендетінен болайын деп тұр. Бірақ, мен ештеңеге өкінбеймін. Алланың да, халықтың да алдында адалмын. Өйткені мен өмірімді өз қара басымның қамын ойлап өткізген жоқпын. Елімнің, жерімнің, халқымның азаттығы үшін барымды салдым. Ал енді сүйегім жат жерде қалса… әр пенденің сүйегі жерге енеді ғой. Ең бастысы – менің есімім ұмыт қалмайды, халқымның жадында сақталады. Мен оған сенімдімін. Ал мына қайран басым өзің айтқандай алып Ресейдің астанасы Петерборға жетіп патша сарайына барса, демек, бұл аса жоғарғы мәртебелі ақ патшаның менің жеке басыма көрсеткен сый-сияпаты. Өлгеннен кейін көрсетсе де мен оған ризамын.
Осы жерде найзағай жарқ етіп, шатыр-гүтір жәй түседі. Қараңғылық сейілгенде қараса, қария көріпкел ғайып болыпты. Кенесары алақандарын жайып дұға тілеп бетін сипайды. Жендет оны итеріп қалады да, хан шығып кетеді. Олардың соңынан Орман да кетеді. Нысанбай жырау қобызын қолға алады, қайғылы әуен сарнайды. Сыртта тұрған халық Кенесары шығысымен шулап кетіп сосын тына қалады. Жендет «ыһ!» деп, айбалта сарт етіп, Кенесары ханның басы жерге тарс етіп түскенде тағы да шуласып кетеді. Бірте-бірте халық тарап үні өшеді.
Нысанбай. (қобыздың мұңды үнімен жоқтау жырын шырқайды)
Көп жасаған қария,
Көп қыдырған азамат
Қоғамы күшті дер еді.
Киімді бала тудырған
Ықпалы жүрген ер еді.
Алтынды қылыш будырған
«Абылайлатып» ат қойып
Дұшпанды көрсе қудырған,
Көп сарғайтып келместей,
Кене хан, саған не болған?!
Патшада бар алтын тақ,
Жасынан Жаббар берген бақ,
Без белді қара бүркіттей
Шабытты туған сұғанақ
Қанаты жоқ, құйрық жоқ,
Бір анадан жалғыз тақ.
Көп сарғайтып келместей,
Наурызбай, саған не болған?!
Кенекем менің кеткен соң,
Заманым қалды тарылып.
Халық иесі – хандардан
Жетім қалдық айрылып!
Екі бірдей қанатым
Топшыдан сынды қайырылып!
Балдағы алтын ақ берен
Тасқа тиді майырылып!
Жаңбыр болмай су болды
Бұлы қымбат манатым!
Тасқа тимей кетілді
Балдағы дандан болатым!
Топшысынан үзілді
Екі бірдей қанатым!
Кенесары, Наурызбай
Асыл туған санатым!
Қырғыздан біткенге ұқсайды
Тағдырлы ажал сағатың.
Жаның қайда жай табар,
Жадыңда Жаббар болмаса?!
Көңілің қайда жай табар,
Көруге дәулет болмаса?!
Қолдың көркі болар ма,
Дауылпаз, керней болмаса?!
Жұлдыздың көркі бола ма,
Ішінде бір ай болмаса?!
Қарашыда не күй бар,
Айбынды ханы болмаса?
Кенесары, Наурызбай
Қол басында болмаса.
Халық иесі хандарды
Қалай айтсам мін бар ма?!
Шегірткеге таланған
Қырғауылда жүн бар ма?!
Жапалақтан сескенген
Жалғыз қазда үн бар ма?!
Хандарынан айрылған
Қарашыда сын бар ма?!
Қайран есіл ерлерді
Енді көрер күн бар ма?!
Қайран есіл хандарды
Енді көрер күн бар ма?
Қайран Қазақ елімде
Бостандық күні туар ма?
Кең байтақ Қазақ жерімде
Азаттық туы желбіреп,
Тәуелсіздік орнар ма?
Тәуелсіздік орнар ма?..