282 000 книг, 71 000 авторов


Электронная библиотека » Леонид Вариченко » » онлайн чтение - страница 24

Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"


  • Текст добавлен: 4 августа 2017, 13:20


Текущая страница: 24 (всего у книги 26 страниц)

Шрифт:
- 100% +

Қамал. (сықылықтап күліп) Хи-хи-хи! Қараңдар! Басындағы мүйізі қарағайдай бола тұра дәмесі жаман емес – сайыстың жеңімпазы атанған ханзада керек бұған. (меймандарға бұрылып) Ау, халайық! Енді өздеріңіз айтыңдаршы – кім мүйізі бар ханшайымды алуға келіседі? Ешкім келіспейді! Сондықтан…

Күнзада. Жоқ, қателесесіз, мәртебелі ханшаханым! Мен келісемін! (Қаһар ханның алдына бір тізесін бүгіп басын иеді) Тақсыр! Мен сізден дәл осы қызыңыздың қолын сұраймын. Кіші қызыңызды алмаймын, тіпті оған қоса тұтас хандығыңызды берсеңіз де керегі жоқ.

Дүниязада. (ол да тізерлей отыра кетеді) Тақсыр, хан-әкем, менің қолымды мына ханзадаға табыс етуіңізді сұраймын. Ал егер осы өтінішімді орындамасаңыз мен өмір бақи мүйізді қыз боп өтпекпін.

Қаһар. Әй, балаларым-ай! Сендердің өтініштеріңді орындамайтын мен жауыз ба екем! (Күнзадаға) Сонымен, ханзада, сен Дүниязаданы қалап тұрсың, иә? Оның мына мүйіздеріне қарамастан алуға бел байладың ба?

Күнзада. Иә, байладым. Тәуекел!

Қаһар. Бәрекелді! Онда бердім батамды. Бақытты болыңдар! (екі жасты орнынан тұрғызып қолдарын бір-бірне ұстатады да меймандарға бұрылып) Ал, құрметті меймандар мен шет мемелекет елшілері! Куәгер болыңдар! Мен тұңғыш қызым Дүниязаданы мына Күнзадаға ұзатуға келістім. Бақытты болыңдар! Үбірлі-шөбірлі болыңдар! (уәзіріне) Құжат даярланды ма?

Уәзір. Иә, хан ием. Тек қолыңызды қойыңыз да мемлекеттік мөрді басыңыз. (құжатты ханға табыс етеді)

Қаһар. (құжатқа қолын қойып, мөр басып Күнзадаға ұстатады) Осы күннен бастап хандығымның жарты жері мен суын, дүние-мүлкін Дүниязада екеуің иемденесіңдер.

Күнзада. (құжатты алып) Рахмет, тақсыр! Аллаһ сізге разы болсын деп тілеймін. Ал енді маған қызыңыздың мүйіздерін сүйуге рұқсат етіңіз.

Қамал. Жо-жоқ! Тақсыр, бермеңіз рұқсатыңызды! Онысы несі-ей! Бізді бүкіл халықтың алдында келемеждегені ме? Бермеңіз рұқсатыңызды!

Күнзада. Жоқ, тақсыр! Ешқандай келемеж жоқ! Мен тек Дүниязаданың мүйіздерін де дәл өзіндей сүйетінімді білдіргім келеді.

Қаһар. Жақсы. Менің сенің ниетіңе күмәнім жоқ. Сүйсең сүйе ғой.


Күнзада Дүниязаданың бір мүйізін сүйеді де түсе ме екен деп оған тесірейе қарайды, бірақ мүйізі түспейді. Дүниязада мүйізін жұлқылап көреді, бірақ мүйіздің түсетін түрі жоқ. Сосын Күнзада екінші мүйізді сүйеді, алайда екінші мүйіз де міз бақпайды.


Дүниязада. (жыламсырап) Мүйіздерім түскен жоқ! (мүйіздерін тағы да жұлқылайды – еш нәтижесіз) Күнзада-ау, мүйіздерім түспеді ғой!

Күнзада. Сабыр ет, Дүниязада! Қазір түседі! (тағы да мүйіздерді кезек-мезек сүйеді, бірақ мүйіздер түспейді)

Дүниязада. Мүйізім түскен жоқ! Аңыз өтірік болып шықты! Өтірік! Жалған! (Қамалға) Өтірік! Сіз маған өтірік айттыңыз! Мені алдап соқтыңыз! Мүйіздер түспеді! Енді мен өмір бақи мүйізді қыз болып өтемін. (жылап жібереді)

Қамал. (қарқылдап күледі, саусағын шошайтып өгей қызының мүйіздеріне кезейді) Ха-ха-ха! Мүйізі түскен жоқ! Ха-ха-ха! Аңыз өтірік! Өтірік! Жалған! Ха-ха-ха!

Дүниязада. (өгей шешесін бас салып жұлқылайды) Сіз осының бәрін істеп жүрген! Сіз нағыз сиқыршы мыстансыз!

Қамал. (итеріп жібереді, Дүниязада шегіншектеп кетіп құлай жаздайды) Әй, байқап сөйле сөзіңді! Менің не кінәм бар? Аңыз солай деген, оның жалған болатынын мен қайдан білейін. Алайда, егер мүйіздерің түспесе… онда пәленің бәрі мына ханзадада болар. Мүмкін ол саған ғашық емес шығар. Мүмкін ол тек сенің еншіңе тиетін жарты хандықты көздеген шығар. Мүмкін ол тіпті ханзада емес шығар? Қаңғырып жүрген біреуді алып келіп «ханзада, Күнзада!» деп біздің басымызды қатырған өзің, ал енді өз обалың өзіңе! Нағыз тума төре, хан текті ханзада болғанда мүйізің түсіп те қалар еді.

Дүниязада. А! Солай ма?! (Күнзадаға бір сәт қарап тұрып қалады да жігіт оған ұмтылған кезде одан безіп кері шегінеді) Жо-жоқ, жолама! Жалған! Барлығы жалған! Біз тағдырымызды алдаймыз деп ойладық, алайда оны алдай алмайсың! Міне, сенің төре емесің білініп қалды емес пе!

Күнзада. Дүниязада, тыңдашы! Ия, мен ханзада емеспін. Бірақ мен сені шын сүйемін. Мен сені мүйізіңмен бірге алуға дайынмын. Маған сен солай да ұнайсың.

Дүниязада. Жоқ! Олай емес! Сен мені аяп айтып тұрсың! Маған сенің аяғаның керек емес. Маған… маған… мен… О-о! Мен бір бақытсыз жанмын. Мен енді осылай жалғыз өтемін. Мен енді адам аяғын баспайтын жаққа, барса келмеске кетемін, мен енді еш адамның көзіне көріне алмаймын! Қош! Қош болыңдар! (жүгіре басып сарайдан шығып кетеді)

Күнзада. (оның соңынан кетіп бара жатып) Дүниязада! Тоқта! Тоқтай тұр! Мен сенімен бірге кетемін! Мен сенімен бірге боламын! (қолындағы құжатты тастай салады, оны уәзір көтеріп алады)

Қамал. (Қаһар ханға) Ал, тақсыр, не істейміз? Тұңғыш қызың барса келмеске кетті. Ол енді бізге жоқ. Яғни, мына кіші қызыңызды ұзатыңыз.

Қаһар. (иықтарын қиқаң еткізеді) Ұзатсақ – ұзатайық. Алайда, бұл қызды кімге ұзатамыз? Әлгі жалған ханзада да кетіп қалды ғой…

Түнзада. (ілгері аттайды) Тақсыр, маған ұзатыңыз!

Қаһар. (күрсініп қойып) А?.. иә, иә, онда солай-ақ болсын. (ханшаханымға) Ал, ұстат қызыңның қолын мына ханзадаға.


Қамал қуана-қуана қызын жетелеп әкеліп Түнзадаға ұсынады, ол қыздың қолын алады.


Қамал. Тақсыр, ал қызымызбен қоса беретін жарты хандығыңыз қайда? Үкіміңізді растайтын құжат бермейміз бе бұл екі жасқа?

Қаһар. (уәзіріне) Әкел бері құжатты.

Уәзір. (құжатты ханға ұсынып жатып) Мінеки, хан ием. Бірақ… Тақсыр, бұл құжат бойынша жарты хандығыңыз жаңағы Күнзада мен Дүниязаданың еншісіне берілуге тиісті.

Қамал. Онда бұл құжатты жыртып тастаңдар да басқа құжат дайындаңдар!

Қаһар. Бұ не дегеніңіз, мәртебелі ханшаханым? Ханның қолы қойылып, мемлекеттік мөр басылған құжатты жыртуға бола ма екен?! Жоқ! Бұл құжат күшіне енді, заң бойынша оны менің өзім де өзгерте алмаймын. (уәзірге құжатты қайтарып беріп) Мына құжатты иелеріне апарып бер.


Уәзір құжатты алып кетеді.


Қамал. (айқайға басады) Ойбай! Хан ием-ау! Сонда мына қызыңа не бермексің?

Қаһар. Бұл қызға ештеңе берілмейді. Ата заң солай. Жарты хандық тек тұңғыш ханшайымға беріледі. Күнзада жалған ханзада болғанымен Дүниязада жалған ханшайым емес, енші соныкі.

Түнзада. Оу, тақсыр! Мен сонда сайысқа не үшін қатыстым? Не үшін соншама тер төгіп, соншама ханзадалардың бастарын не үшін допша домалаттым? Не үшін сайыстың жеңімпазы атандым?

Қаһар. Жігітім, сен сайыстың жеңімпазы болған жоқсың. Әлде жамбасыңның жерге қалай тигенін ұмыттың ба?

Уәзір. (ханның үкімі жазылған құжаттың қақ бөлінген бөлшектерін қолына ұстап қайтып келеді) Дат тақсыр!

Қаһар. Дат, айта бер.

Уәзір. Күнзада сіздің жарты хандығыңызды алмаймын деп бас тартты. Ал Дүниязада ханшайым мына құжатты қақ айырып тастады. Ол екеуі барса келмеске аттанып кетті. (жарлықтың жыртындыларын ханға табыс етеді де басын иіп шегініп кетеді)

Қаһар. (күрсініп алып) Солай ма? Иә, дүние тек дүниеқоңыздардың еншісінде болмақшы. Олар сонысымен бақытты болмақ. Ал адал жандарға, таза жүректерге бақыт үшін шынайы махаббат керек. (бір сәт төмен қарап ойланып тұрып басын көтереді) Жә! Егер алмаса, алмай-ақ қойсын. Үкім сол күшінде қалады. Менің жарты хандығым Күнзада мен Дүниязаданың еншісінде болады. Күндердің күнінде олар қайтып келсе табыс етермін. (жан-жағына қарап шығып) Ал, бұл не тұрыс? (Түнзадаға) Сонымен не, жігітім? Қызымнан бас тарттың ба?

Түнзада. Егер жарты хандығыңызды қоса бермесеңіз бұл қыз маған тегін де керек емес. О несі-ей! Қанша бейнеттеніп, арам тер болып қаншама ханзадалардың бастарын домалатып түсіргенде қолыма ұстатқаныңыз мына қаршадай қыз ғана ма? Оны қайтейін? Не керегіме жаратамын?! (қолын бір сілтеп, жөніне кетеді)

Қаһар. Керек болмаса алмай-ақ қой. Сендей дүниеқоңыз және қанпезер күйеуі болғанша, қызым өмір бақи кәрі қыз болып өткені дұрыс болар.

Қамал. Тақсыр! Туған қызымызды кәрі қыз қылып өмір бақи отырғызып қойғанда не табамыз? Берсеңізші қалған жарты хандығыңызды!

Қаһар. Хандығымды қыздарым мен күйеу балаларыма таратып бергесін өзім далада қаламын ба? Ертең мына мұрагер ұлыма не қалтырмақпын? Ал бұл қыз кәрі қыз болғысы келмесе өзін ұнататын, дүниесіне, атағына қызықпай өзіне қызығатын жігіт тауып алсын. Сондай жігіттің махаббатына сай болсын. Бола алсын. Ал, бола алмай отырып қалса өз обалы өзіне. Әне, ана Күнзада Дүниязаданың мүйізіне қарамастан одан бас тартқан жоқ, соңынан еріп барса келмеске кетті. Кедейдің қара қосында тұрса да бақытты болады олар, иншалла. Сондықтан доғар бос сөзді! (Қамал амалы таусылып үнсіз қалады, Салтанат дағдарған кейіпте әкесі мен шешесіне кезек-мезек қарайды, шешесі иығын қиқаң еткізіп ханды нұсқайды) Ал, не тұрыс? Кеттік, тәмәм! Тарайық.


Қаһар хан кетеді, Қамал ханшаханым, оның соңынан басын төмен салбыратып Салтанат ханшайым, оның соңынан Манат ханзада, уәзір, нөкерлер және бүкіл меймандар кетеді де шымылдық жабылады.

Төртінші көрініс

Арланның бөлмесі. Бірінші көріністің аяғындағыдай, Арлан компьютерлік үстөлге қолдарын жастап, қолдарына басын қойып ұйықтап отыр. Айша сырттан келіп ашық тұрған терезе арқылы ішке қарайды.


Айша. (ұйықтап отырған Арланды көріп күліп жібереді) Ой-да! Мына виртуалды әлемінің фанатын қара! Ұйықтап отыр. (дауысын көтере) Арлан! Әй, Арлан! Оян Арлан!


Арлан оянып, басын көтеріп терезеге таңырқай көз тастайды.


Арлан. (орнынан атып тұрып терезеге қарай ұмтылады) Дүниязада! Мүйіздерің түсіп қалыпты ғой! Айтқан жоқ па едім – сабыр қыл, мүйіздер міндетті түрде түседі деп! Мен төре текті болмасам да, ханзадалардан еш кем түспеймін.

Айша. (таңырқай қарайды) «Дүниязада?! Мүйізің түсіп қалыпты?!» Нені айтып тұрсың, Арлан?

Арлан. Иә, мүйіздерің жоқ қой! (үстөлдің үстінде тұрған айнаны қызға ұсынады) Дүниязада, мә, айнаға қарашы – мүйіздерің жоқ, түсіп қалыпты!

Айша. (айнаға көз тастап бет-ауызын, шашын сипайды да Арланға қайтарып береді) Арлан! Саған не болған? Ауырып қалғаннан саумысың? Қайдағы мүйіздерді айтып тұрсың? Бұл не сандырақ?! Дүниязадаң кім өзі?

Арлан. (көздерін уқалап) Сен не? Сен… тоқтай тұр! (айналасына көз жүгіртіп) Біз не – ойыннан шығып кеткенбіз бе?

Айша. Сен өзі ұйқы сұрап тұрсың-ау деймін. Әлде толық оянған жоқсың. Арлан, оян! Мен Айшамын. Қайдағы ойынды айтып тұрсың?

Арлан. А-а… сен… Айша ма едің…

Айша. (күліп жібереді) Немене? Он бір жыл бір партада отырған сыныптасыңды танымай тұрмысың?! Сен шынында да компьютермен ойнай-ойнай есіңнен айрыласың. Жүр менімен, бір мезгіл таза ауамен тыныстап қайт. Біздің мұражайдағы көрмеге барып қайтайық. Сондағы жаңа суреттерді тамашалайық. Барасың ба?

Арлан. Барайын… тек… (артына алақтай береді) Тек… мен бірдеңе ұмытқан сияқтымын… жаңағы ғажайып виртуалды нақтылықтағы ойын… әлде түс пе еді?.. (қипақтап тұрып-тұрып қызға бұрылады) Дүниязада… А! Айша! Мен әлгі бірдеңені… мен саған бірдеңе айтайын деп едім…

Айша. Арлан, сен өзі ауырып қалғаннан саумысың? Не айтатын едің?

Арлан. Жоқ… денім сау… (әлі де есін жия алмай тұрғандай жан-жағына қипақтап қарай береді) Алайда… мен… мен… сені…


Осы жерде Жанаттың бөлмесінің есігі ашылып, Жапар, Самал, Жанат пен Қанат кіріп келеді. Олар Қаһар хан мен Қамал ханшаханымның, Салтанат ханшайым мен Манат ханзаданың кейіптерінде.


Арлан. (оларға бір мезгіл таңырқай қарап тұрып, сосын ханның аяғына жығылады) О тақсыр! Аса мәртебелі Қаһар хан! Қамал ханшаханым!

Жапар. (жығылып жатқан баласын көтеріп жатып) Өй, Арлан, бұның не? Тұр! Аяғыма жығылғаның не? (Арланның үсті-басын қағып-соғып жатып) Өзің жаңа: «Тақсыр, аса мәртебелі Қаһар хан?! Қамал ханшаханым?!» – дедің бе? (Самалға) Міне, Самал, біздің кейіпкерлеріміздің дәрежелері мен есімдері қандай болмақ! (қабағын түйіп, өңін суытып) Қаһар хан! Қаһ-һа-ар! Хха-ан! (өңін қайтадан қалпына келтіріп, Арланға) Арлан, біз бүкіл отбасымызбен «Алтын күз» мейрамына спектакль қойып берейік деп едік. Сен қатыспайсың ба?

Арлан. Е-е… м-м… тақсыр, сіз… сіз… сіз менің папамсыз ба?

Жапар. Мәссаған! Бұл не сөз? Әкеңді танымай тұрмысың?! Әлде бұл әзілдің жаңаша түрі ме, әлде сондай ойын ба?

Арлан. Жоқ, мен ойыннан шығып кеткен сияқты едім. Ал сіздер… мына кейіптеріңізде… Мен жаңа компьютердің алдында отырып ұйықтап кетіп, содан бір ғажайып түс көрдім. Сол түсте сіз де, тәтем де, мына Жанат пен Қанат та – барлығыңыз дәл осы киімдеріңізде ханның сарайында тақта отырдыңыздар. Мен сізге «папа» деп едім сіз ашуланып менің басымды алуды бұйырдыңыз.

Жапар. (күліп жібереді, оған бәрі қосылады) Иә! Қызық екен! Сосын не? Мойныңа жендеттің айбалтасы сарт етіп тигенде оянып кеттің бе?

Арлан. Жоқ. Мен тапқырлықпен ебін тауып аман қалдым. Бірақ мен онша сасқан да жоқпын, өйткені ойынның шарты бойынша менде үш өмір бар-ды.

Самал. Қандай ойынның? Сен түсіңде болғаныңды айтып тұрған жоқсың ба?

Арлан. Иә, тек түсімде мен өзім құрастырған ойынның ішіне түсіп кетіппін.

Жапар. Е, бәсе! Сонда сол ойынды түсіңде құрастырып жүрсің бе?

Арлан. Жоқ, өңімде. Мен компьютерлік ойындардың мүлдем жаңа түрін – виртуалды нақтылықтағы ойын құрастырамын деп әлектеніп жүргем. Сіздерге айтуға ұялып, ойынды істеп шығарған соң бірақ көрсетемін деп ойлағам. Алайда ол әрекетімнен ештеңе шықпады. Мен ойынның ең маңызды түйінін шеше алмадым, кілтін таба алмадым. Әбден шаршап, ақыры ұйықтап кетіппін. Түсімде сол ойынның кілтін тауып, іске қосып, соның ішінде жүр екенмін.

Жапар. Арлан, сен компьютердің алдына күні-түні тапжылмай отырып жүйкеңді жұқартып алғансың-ау деймін. Бір мезгіл серпіліп, серуендеп отырсаңшы. Міне, бізбен бірге қойылымға қатыссаң жақсы болар еді. Мәселен, сен ханның жарлығы бойынша сайысқа түскен ханзаданың рөлін ойнасаң…

Арлан. (күліп жібереді) Папа! Мен жаңа ғана сол рөлді ойнап шықтым. Тіпті сол сайыстың жеңімпазы атандым. Бірақ мен Салтанат ханшайымды емес, ана Дүниязаданы… ә! Түсімде Жанат Салтанат ханшайымның рөлін ойнап жүр екен де, ал мына Айша оның әпкесі Дүниязада екен, және ол сіздің, яғни, Қаһар ханның, тұңғыш қызы болыпты. Оның басына тәтем… А! Олай емес, Қамал ханшаханым сиқырдың күшімен Дүниязаданың басына ешкінің мүйіздерін орнатып қойыпты. Сол мүйіздерінен арыла алмағандықтан Дүниязада еңіреп жылап жүр екен. Жаңа, ояна келе Айшаның басыңда мүйіздердің жоғын көріп мен қатты қуанып кеттім.


Бәрі қосылып күледі.


Самал. Арлан, шынында да сен компьютердің алдында көп отырып қалдың. Бізбен бірге спектакльге қатысып бір серпіліп алсаң жаман болмас.

Арлан. Жақсы, мен спектакльге қатысайын.

Самал. Онда жүр, саған әлі кейіпкердің бейнесі мен есімін ойлап табу керек. Және тиісті костюмыңды ойластырып тігу керек.

Арлан. Ойластыратын ештеңе жоқ. Мен күн асты елінің ханзадасы Күнзада боламын. Менің үстімде алтын жалатқан сауыт, дулығамның маңдайшасында күн жарқырап тұрады. (Айшаға) Айша, сен де бізбен спектаклге қатыссаң қайтеді. Сен Қаһар ханның тұңғыш қызы Дүниязаданың рөлін ойнаушы едің. Сенің басыңда ешкінің мүйіздері болады. Ол спектаклге Шопан мен Дихан да қатысушы еді, мен олармен келісемін. Шопан ай асты елінің ханзадасы Айзада, ал Дихан жұлдыз асты елдің ханзадасы Жұлдыззада болушы еді. Және қойылымның сценарийы де дайын.

Жапар. Иә, айтпақшы, сценарий жөнінде не ақыл саласың?

Арлан. Тақсыр… А!.. Папа, тәте, мен Айшамен көрмеге барып келейін. Келгесін асықпай сценарий жөнінде сөйлесерміз. Міне Айша да қатысатын шығар спектаклімізге. Айша, қатысасың ба?

Айша. Қатысайын. Егер спектакль қызық болса.

Арлан. О! Спектакль нағыздың өзі болмақ! Шопан мен Диханды да қатыстыру керек. Біздің спектакль мынандай спектакль болмақшы. (бас бармағын шошайта көтереді)

Жапар. Жақсы, онда достарыңмен жолығып сөйлесіп көр. Келісімдерін берсе, дайындықты тезедетейік. Өйткені уақыт тығыз – «Алтын күз» мейрамына небары бір-ақ апта қалды. Ал қазір сендерді бөгемейік, барып келіңдер көрмеге.

Арлан. Иә, біз кеттік. (терезеден сыртқа секіріп шығады)

Самал. Арлан!

Арлан. Не, ханшаханым?.. фу, мен әбден шатасыппын! Не, тәте?

Самал. Есік бар ғой, Арлан!

Арлан. А-а… кешіріңіз, тәте, бірақ… бірақ уақыт тығыз. (Айшаға иіліп қолын ұсынады) Ханшайым, кеттік көрмеге. (Айша күлімдеп ұсынған қолды алып екеуі қолұстасып кетеді)

Самал. (Жапарға) Көрдің бе – Арлан біртүрлі өзгеріп кеткен сияқты. Бұрын ол ешқашан сыртқа терезе арқылы секіріп шықпас еді. Және… байқадың ба – ол менен бірінші рет кешірім сұрады ғой.

Жапар. Иә, байқап қалдым. Арлан батылдау да, ашықтау сияқты болып көрінді. Бәлкім, есейіп қалғанның белгісі болар.

Самал. Иә, есейетін уақыты да келді ғой. Ал, не тұрыс? Кетейік.


Екеуі шығып кетеді.


Жанат. (компьютерге қарай жылжиды) Әлгі Арлан қандай ойын құрастырдым деді? Кілтін таба алмадым деп еді, сонда не – ойнауға келмей ме?

Қанат. (компьютерге жармасады) Жоқ, Жанат, осы жолы мен ойнаймын! Арлан екеуің мені компьютерге мүлдем жолатпайсыңдар. (компьютерді іске қоса бастайды)

Жанат. (терезеге қарай жақындап) Ойна, ойна, тек ағаң құсап сол ойынның ішіне түсіп кетпе.

Шопан. (сырттан келіп терезеге үңіледі, ол футболдық фанатқа сай киінген) Жанат! Сәлем! О! Мына киімдерің не?

Жанат. Біз бүкіл отбасымызбен «Алтын күз» мейрамына спектакль қоямыз, соған дайындық. Арланның айтуынша қойылымға сен де қатысасың.

Шопан. Е! Енді спектакльге қатыспағаным қалып еді! Ол өзі қайда?

Жанат. Ол Айшамен мұражайға кетті.

Шопан. Мұражайға? Онда не бар?

Қанат. Көрме ашылыпты дейді.

Шопан. (иықтарын қиқаң еткізіп) Көрме? Қашаннан Арлан көрме аралайтын болған? Қызық екен!

Жанат. Иә, мен де соған таңырқап тұрмын.

Шопан. Жарайды, мен кеттім. Қазір «Оқжетпес» пен «Локомотив» шешуші матчын бастайды.

Қанат. (компьютерді тастай салып диванның үстіне секіріп мініп терезеге жармасады) Шопан аға! Мені ала баршы стадионға. Футбол көргім келеді.

Шопан. Сені? Стадионға? М-м… (Жанатқа қарайды – ол иықтарын қиқаң еткізеді) Қанат, сен футбол жақсы көресің бе?

Қанат. Иә! Ала баршы мені – үйде отыра-отыра жалықтым. Ағам мені ешқайда апармайды.

Шопан. Жарайды, апарайын. Тек қана сен нағыз футболдық фанат боламын деп уәде бер, жарай ма?

Қанат. (қуана-қуана терезе арқылы сыртқа шығып жатып) Жарайды, мен нағыз-нағыз футболдық фанат боламын деп уәде беремін!

Шопан. Жарайсың, Қанат! Өзің көресің – футбол дегенің, ол өзі бір алып әлем! (екеуі кетеді)

Жанат. Жолдарың болсын алып әлемге. (компьютердің алдына отыра беріп) Осы Арланның құрастырып жүрген ойынының кілтін таба алам ба екен? (клавиатураның кнопкаларын басып-басып жіберіп) О! Таптым! Ойын ашылды! (пауза) Не дейді?! (мониторға үңіліп оқи бастайды) «Қаһар ханның жарлығы, немесе мүйізді ханшайым» атты виртуалды нақтылықтағы ойынға хош келіпсіз. О! Көрейік, көрейік, қандай екен бұл жаңа түрлі ойын!


Осы жерде Дихан мотоцикілмен терезенің арғы жағына келіп тоқтайды.


Дихан. Сәлем, Жанат! О! Мына киімің не?

Жанат. (терезеге жақындайды) Біз «Алтын күз» мейрамына қойылым дайындап жатырмыз. Арланның айтуынша сол қойылымға сен де қатысасың.

Дихан. Иә, енді тек қойылымға қатысуым ғана қалып еді! Арлан үйде ме?

Жанат. Жоқ, Айшамен мұражайға, көрмеге кетті.

Дихан. Оған не болған? Компьютерден бір адым алыстамаушы еді ғой.

Жанат. Арлан ғажайып түс көріпті, сол түсінде сен де, Шопан де, Айша да, тіпті біз бәріміз, мамам мен папам, Арлан, мен және Қанат бір виртуалды нақтылықтағы ойын ойнап жүріппіз.

Дихан. Виртуалды нақтылықтағы ойын?

Жанат. Иә. Сол ойында сенің атың Жұлдыззада болыпты, Шопанның аты Айзада, ал Айша Дүниязада деген ханшайым екен. Ал Арлан Күнзада деген ханзаданың кейіпінде барлық ханзадаларды жеңіп шығыпты. Енді сол түсі бойынша біз «Алтын күз» мейрамына спектакль қоймақпыз.

Дихан. Бізің кім?

Жанат. Біз бәріміз. Оның ішінде Шопан екеуің де өз рөлдеріңді ойнайсыңдар.

Дихан. (мотоциклін бір теуіп от алдырып) Енді ойнамағаным спектакльдегі роль еді! Арлан есінен ауған шығар. Мен оны мотосайысқа шақыруға келгем. (кетуге ыңғайланады да, орнынан қозғала бере тоқтайды) Жанат, жүр менімен, мотосайысқа барайық!

Жанат. (таң қалған кейіпте Диханға қарайды) Мен?! Мотосайысқа?!

Дихан. Иә, сен! Несіне таңғаласың? Мотосайысты тамашалауға қыздар да барады. Менімен барсаң өзің көресің – мотоспорт дегенің, ол өзі бір ғажайып әлем! Кеттік, міңгес артыма.

Жанат. О! (компьютерді сөндірместен терезе арқылы сыртқа секіріп шығып мотоциклдің артқы орындығына отырады да Дихан ұсынған мотодулыға киіп алып, екеуі кетеді)


Бөлме бос қалады. Жоғарғы жарық біртіндеп сөнеді, сосын компьютердің мониторынан түрлі-түсті сәулелер ойнай бастайды, музыка күшейіп жан-жақтан түтін будақтап шығып, бір уақытта авансценаға Компьютермен шығады.


Компьютермен. Міне, Арлан таба алмаған виртуалды ойынның кілтін Жанат тауып ашты. Енді ойын дұрысталып реттелді. (аса таяғымен еденді үш рет қойып қалып) Ойын басталсын деп әмір етемін! (кетеді)

Марио. (авансценамен жүгіріп өтіп айқай салады) Ойын басталды! Ойын басталды! Ойын басталды!


Монитор сөніп сахна бір мезетке қараңғылыққа батады. Сосын жоғарғы жарық жанады. Қаһар ханның сарайының көрінісі. Қақпа ашылып Уәзір кіреді.


Уәзір. Жоғары мәртебелі, теңдесі жоқ, ең бай, ең күшті, ең әулетті де дәулетті Қаһар хан мен аса мәртебелі Қамал ханшаханым!


Хан мен ханшаханым келіп өздерінің тақтарына жайғасады.


Уәзір. Салтанат ханшайым мен мұрагер Манат ханзада!


Ханшайым мен ханзада келіп өздерінің тақтарына отырады. Олардың соңдарынан хазіреті молда, нөкерлер, меймандар мен шетел елшілері келіп, өздерінің орындарына тұрады.


Уәзір. Қаһар ханның тұңғыш қызы, ай мен күндей сұлу Дүниязада ханшайым мен ханның жарлығы бойынша өткізілген сайыстың жеңімпазы, күн асты елінің ханзадасы Күнзада!


Қол ұстасып Күнзада мен Дүниязада келеді де ортадағы ашық жерге тоқтайды.


Қаһар хан. Менің жарлығым бойынша өткізілген сайыстың жеңімпазы атанған Күнзада ханзадаға өзімнің тұңғыш қызым Дүниязада ханшайымды ұзатамын, және оған қоса жарты хандығымды сыйға тарту етемін. Хазіреті молда! Мына екі жастың некесін қиып беріңіз.

Дүниязада. Дат тақсыр! Некемізді қимай тұрып бір шаруаны бітіргеніміз жөн болар.

Қаһар хан. Ол нендей шаруа?

Дүниязада. (басындағы сәукелесін шешіп басындағы мүйіздерді көрсетеді, жұрт шуласып кетеді) Оу, халайық! Тынышталыңыздар! Немене? Өмірі мүйіз көрмеп пе едіңдер?! Бұл мүйіздер менің басыма бір сиқырдың нәтижесінде пайда болды. Бір сәуегейдің айтуынша, маған ғашық болып, үйленуге келісімін берген ханзада осы мүйіздерді халықтың алдында, көпшіліктің көзінше сүйсе ғана мен бұл пәледен құтыла аламын. Егер ханзада мені шын сүймей, менімен қоса берілетін әкемнің жарты хандығына қызығып үйленуге келісімін берсе, бұл мүйіздер түспей со бойы қалады, және мен өмір бақи «мүйізді ханшайым» деген атақпен өтуге мәжбүр боламын. Міне, енді мына ханзадамен неке қиыспай тұрып оның шын ықыласын білуге уақыт келді. (Күнзадаға бұрылып) Құрметті ханзада! Мүйізімді сүйюге келісім бересіз бе? Әлде, егер келісім бермесеңіз, егер маған деген махаббатыңыз болмаса, осы жерде ажырасып, әрқайсымыз өз жолымызбен кетеміз бе?

Күнзада. Жоқ, ханшайым. Екеуіміздің тағдырымыз бір болмақ. Менің ықыласым таза, махаббатым шынайы, мен сізді шын жүрекпен сүйемін.


Күнзада Дүниязаданың мүйіздерін сүйеді, со жерде мүйіздер тырс-тырс етіп жерге түседі де кетеді. Мұны көрген халық гу етіп шуласып кетеді. Дүниязада мен Күнзада қол ұстасып залдағы көрермендерге бұрылады. Оларды меймандар қоршап алады. Қаһар хан мен Қамал ханшайым, Салтанат ханша мен Манат ханзада орындарынан тұрып ортадағы топқа қосылады.


Меймандар. Жасасын Күнзада! Жасасын Дүниязада! Жасасын жаңа хан мен ханшаханым!

Қаһар. Оу, халайық! Тынышталыңдар! Мына екі жастың некесін қияйық. Хазіреті имам, жақындаңыз.


Хазіреті имам екі жастың некесін қияды. Содан кейін оларды құттықтап Қаһар хан мен Қамал ханшаханым, Салтанат ханшайым мен Манат ханзада, Айзада мен Жұлдыззада, уәзір мен төрелер, меймандар мен елшілер құттықтап шығады. Музыка ойнап екі жасқа арналған салтанат басталып кетеді. Би басталады. Әуелі екі жас шығып биге қатысады, олардың соңынан хан мен ханшаханым, ханшайым мен ханзада, Айзада мен Жұлдыззада, және басқа меймандар билей кетеді. Ақырында Компьютермен мен Марио келіп қосылады.

Марио. Арлан! Құттықтаймын – сен өзің құрастырған ойынның мәресіне жетіп жеңімпаз атандың! Жарайсың, Арлан! Жарайсың, Арлан! Жара-айсы-ың!


Шымылдық


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | Следующая
  • 0 Оценок: 0


Популярные книги за неделю


Рекомендации