282 000 книг, 71 000 авторов


Электронная библиотека » Леонид Вариченко » » онлайн чтение - страница 25

Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"


  • Текст добавлен: 4 августа 2017, 13:20


Текущая страница: 25 (всего у книги 26 страниц)

Шрифт:
- 100% +

Дәрігердің үшінші қаруы
ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ БОЙЫНША ЖАЗЫЛҒАН ИНСЦЕНИРОВКА

«Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз».

Ибн Сина.

Кейіпкерлер:


ӘШІМ – жас дәрігер.

СЫРҒА – науқас келіншек.

ЖАННА ЖАПАРОВНА – бас дәрігер.

МАША – медбике

ЗИБА – Сырғамен бір палатада жатқан апай.

СЕЙСЕН – Сырғаның жұбайы.

АЙША, БАРСХАН – Сырға оқып жатқан кітаптың кейіпкерлері, оның елесі.

Бірінші көрініс

Емхана палатасы. Екі керует. Бірінде Сырға, екіншісі бос. Керуеттердің жанында бір-бір тумбочка мен қоқыс урнасы. Олардан беріректе, еденде ұзын алаша-төсеніш. Ортада терезе. Оның алды ашық, о жерде жәшіктерде өсіп тұрған гүлдер. Сырғаның жатқан жері қараңғылау бұрыш. Әшімді ертіп Жанна Жапаровна келеді. Сырға оларға қарайды да, күткен адамы болмағасын жүзін қабырға жаққа бұрып әкетеді.


Жанна. Сәлеметсің бе, Сырға.

Сырға. (теріс қараған бойы) Сәлеметсіз бе, Жанна Жапаровна.

Әшім. (Сырғаның алдына келіп еңкейе) Амансыз ба.

Сырға. (сәл ғана басын бұра) Аман болсам онкологияда жатамын ба…

Жанна. Сырға, мына жігіт біздің жаңа дәрігеріміз. Жуырда оқу бітіріп келді. Есімі Әшім.

Сырға. (селқостау) А-а…

Жанна. (Әшімді жеңінен тартып көрермендерге қарай бұрып, Сырғаға естіртпей) Паралич және қатерлі ісік. Үміт жоқ.

Әшім. (басын изей салып науқасқа қайтып барады да жастығын түзеп, керуеттің арнайы тетігі арқылы басын жоғарылатады, соның нәтижесінде Сырға жартылай отыр деуге болады) Жағдайыңыз қалай?

Сырға. Е, бізде қандай жағдай болушы еді? Төсек тартып жатқаныма жылдан асты.

Жанна. (жас дәрігердің өзінің сөзіне құлақ аспағанын жақтыртпай, сағатына қарап қойып) Ал, Әшім, науқасты бақылауға ал. Мен кеттім.

Әшім. Жақсы, Жанна Жапаровна.


Бас дәрігер кеткесін Маша келеді. Қолында укол салуға дайын шприц.


Маша. Кәнеки, Сырға, укол алайық.

Сырға. Сол уколыңнан пайда болса ғой, Маша. (ықылассыз укол салғызады)

Әшім. (терезенің алдында тұрған гүлдерді нұсқап) Маша, мына гүлдерді басқа жерге қойыңыз.

Маша. (босаған шприцын қоқыс жинайтын урнаға тастай бере бұрылады) Неге?

Әшім. О жерге мына керуетті жылжытамыз.

Маша. Жо-жоқ, болмайды! Гүлдерге күн сәулесі қажет.

Әшім. Гүлдерге күн сәулесі қажет те, адамға қажет емес пе?

Маша. (Сырғаға қарап қойып) Қажет шығар… бірақ, Жанна Жапаровнадан рұқсат алу керек еді.

Әшім. Айтқанды істеңіз. Жауабын мен өзім беремін.


Машаның гүлдерді алғанын тоспай өзі оларды бөлменің әр жерлеріне қойып орын босатады.


Әшім. (керуеттің бір жағын ұстап, Машаға) Ал, не ғып тұрсыз?

Маша. (керуеттің екінші жағын ұстағанымен әлі де көтермей тұр) Сонда да Жанна Жапаровнаның рұқсаты керек еді.

Әшім. (керуеттің бір жағын жылжытып, екінші жағына ұмтыла) Бұл бөлімше менің жауапкершілігімде. Сондықтан әр ұсақ-түйек үшін бас дәрігерге жүгірген дұрыс емес. (Машаны орнынан жылжытқысы келеді)

Маша. (керуеттің өз жағын көтере бере) Жарайды, солай-ақ болсын. Егер о кісі маған ұрысса сіз бұйырды дермін.


Екеуі Сырғаның керуетін терезенің жанына жақындатады. Сырға терезеге қарап алып, сосын Әшімге жүзін бұрады.


Сырға. Рахмет. Осында бір жыл бойы жатқанда далаға бір көз тастай алмап едім. Мына көк аспанды сағынып қалыппын.


Әшім мен Маша тумбочканы керуеттің жанына қойып жатып терезеге көз тастайды. Маша иықтарын қиқаң еткізеді.


Әшім. (көрермендерге бұрылып) Сау адам көп нәрсенің қадірін білмейді. Күнде көріп жүрген аспанды сағынуға болады екен-ау.

Сырға. Дала күз боп қалыпты. Терезені ашуға бола ма?

Маша. Жоқ, болмайды! Жанна Жапаровна терезелерді ашпаңдар, науқастарға суық тиеді деген.

Әшім. (оған бір қарап қойып терезені ашады) Науқастарға таза ауа қажет.

Сырға. (терезе ашылысымен сырттан бір қызыл-сары жапырақ ұшып келіп оның алдына түседі) Мынаны қараңыз, қандай әдемі! (жапырақты Әшімге ұсынады)

Әшім. (жапырақты алып, жаңа көргендей) Иә, шынында да әп-әдемі екен. Бұл табиғаттың сізге берген сәлемі. (жапырақты қайтарып береді)

Маша. (дәрігер мен науқастың әңгімесін жақтыртпағанын білдіре) Мен қажет болмасам кете берейін.

Әшім. Жақсы, сіз боссыз.


Маша кетеді.


Сырға. (жапырақты сипап отырып) Бұл табиғаттың маған жіберген белгісі.

Әшім. Солай да болуы мүмкін. Демек, сіз дертіңізден айығып, жазылып кетесіз.

Сырға. (басын шайқап қойып) Жоқ, керісінше. Бұл өлі жапырақ. Демек…

Әшім. (керуеттің шетіне отырып келіншектің бетіне тесірейіп қарайды) Сіз олай демеңіз, Сырға. Жапырақ өлсе – ол ағаштың өлгені емес. Ол тек уақытша ұйқыға кеткені. Көктем келе табиғат оянып, ағаштар қайтадан жасыл желекке малынып құлпырады.

Сырға. (со бойы, төмен қараған бойы басын шайқайды) Иә, табиғат әлемі ешқашан өлмейді. Ал адамдар болса… адамдар ондай емес.

Әшім. Сырға, сіздің бұл ойыңыз маған ұнамады. Ендігәрі бұ жерде өлім туралы сөз естімейін. Келістік пе?

Сырға. (басын көтереді) Өлім туралы бас дәрігерден естігенде оған неге солай демедіңіз?

Әшім. Бас дәрігер өлім туралы бірдеңе деді ме?

Сырға. Жаңа Жанна Жапаровна менің жағдайымның мүшіл екенін айтты емес пе? Үміт жоқ деді ғой, иә?

Әшім. М-м… (не дерін білмей аяғына тұрып, жүріп кетеді де терезені жауып Сырғаға бұрылады) Ол Жанна Жапаровнаның өз пікірі. Ал менің өз пікірім бар. (Сырғаның алдына қайтып барып оның қолдарын өз қолдарына алады) Сырға! Былай келісейік. Ибн Сина айтқан екен: науқас адам дерт пен дәрігердің ортасында тұрады. Егер ол дәрігерді жақтаса, екеулеп дертті жеңеді екен. Ал егер науқас дерт жаққа шықса, ол екеуі бірігіп дәрігерді жеңеді. Менің сізден өтінетінім: сіз мені жақтаңыз.

Сырға. (төмен қарайды) Жақсы. Мен сізді жақтайын. Алайда, менің дертім емдеуге келе ме? Өзі біреу емес, екеу. Оларды жеңу дегеніңіз…

Әшім. Мен сіздің дерттеріңізді жеңу оңай деп тұрғам жоқ. Сондықтан да екеулеуге тура келеді.

Сырға. Әй, білмеймін… (сөйтсе де жүзінде үмін нышаны пайда болған)

Әшім. Өзіңіз ойлаңызшы – қазіргі білім үшін жазылмайтын дерт бар ма? Бір кезде соқыршектің өзі жазылмайтын ауру деп есептелетін. Сүзек, шешек дегеніңіз тажал еді, қазір олар жойылды. Туберкулез күні кешеге дейін ем қонбайтын ауру болса, қазір ғылым оны емдеудің пәрменді жолдарын тапты.

Сырға. Сонда да… рак… ол…

Әшім. (сөзін аяқтатқызбай) Рак та сол сияқты. Қазіргі ғалым медиктер ракты емдейтін түрлі жолдарын анықтап, жаңа дәрілерді істеп шығаруда. Сондықтан ештеңеден хабары жоқ адамдардың сөзіне құлақ аспаңыз, дәрігерлерге, ғалымдарға сенім артыңыз.

Сырға. (Әшімге қарап күлімдейді) Жақсы, мен сізге сендім.

Әшім. Бәрекелді! Мен де сізге сенім артам. Әрдайым мен жақта болыңыз, дертті жақтамай, мені жақтаңыз. Иншалла, екеулеп оны жеңеміз. (аяғына тұрып) Ал, мен басқа палатадағы науқастардың жағдайымен танысайын. Сау болыңыз. (есікке қарай беттейді)

Сырға. Әшім…

Әшім. (тоқтай қалып бұрылады) Не?

Сырға. Рахмет. Сіз маған үміт сыйладыңыз.


Әшім күлімдейді де шығып кетеді.

Екінші көрініс

Сол палата. Екінші керуетте Зиба апай жатыр. Әшім келеді. Сырға ол келісімен тағы жалт ете қарайды да, мұңая жүзін бұрып әкетеді.


Әшім. Сәлеметсіздер ме?

Зиба. Сәлеметпіз.


Сырға төмен қараған бойы үндемейді.


Әшім. (Зиба апайға жақындап) Жағдайыңыз қалай, апа?

Зиба. Аллаға шүкір, жаман емес. Операция сәтті өткен сияқты.

Әшім. Әрине, сәтті өтті. Енді бір-екі аптада үйіңізге қайтасыз.

Зиба. Аузыңа май, күнім.

Әшім. (апайдың көрпесін қымтап Сырғаның жанына барады) Халің қалай, Сырға?

Сырға. Сол… бұрынғыдай.

Әшім. Не боп қалды? Біреу ренжітті ме?

Сырға. Ешкім ренжіткен жоқ.

Әшім. Ендеше не болды? Мен көріп тұрмын ғой – еңсең түсіп кетіпті. (Сырға үндемегесін Зиба апайға бұрылады) Сіздер не – келіспей қалғансыздар ма?

Зиба. О не дегеніңіз! Біз татумыз. Ал Сырғаның…

Сырға. Зиба апайдың еш кінәсі жоқ. Бейкүнә жанды бекер жазғырмаңыз.

Әшім. Онда не болды, Сырға? (пауза) Сырға, біз келісіп едік қой – бір-бірімізден еш нәрсені жасырмаймыз деп. Мен бұл сауалды еріккеннен қойып тұрғам жоқ.

Сырға. Жәй, әшейін… бағана ашық терезеден Чайковскийдің бір әуенін естіп қалдым.

Әшім. Сол-ақ па? (Сырға үнсіз басын изейді, со кезде дәрігер ерсілі-қарсылы жүріп кетеді де керуеттің жанына қайтып келіп оның арқасынан екі қолымен ұстап тұра қалады) Түк түсінсем бұйырмасын! Чайковский сынды композитордың музыкасы адамды қанаттандырушы еді. Ал сені, керісінше, мұңға батырыпты.

Сырға. Ол кішкентай аққулардың биі еді. (дәрігер әлі де түсінбей тұр) Кішкентай аққулардың биі. Мен бала кезімде балерина боламын деп армандайтынмын. Содан балет студиясында оқып осы биді билегенім бар. Ал енді… енді билеу түгіл аяқтарыма тұра алмаймын.

Әшім. (Сырғаның жанына барып отырады) Тұрасың аяқтарыңа! Билейсің! Әлі сол балетті билейсің, Сырға. Ол үшін еш күмәнданба. Мен саған уәде етемін.

Сырға. (дәрігерге сенімсіздікпен қарап тұрып сосын жүзін терезе жаққа бұрып әкетеді) Қайдам!

Әшім. Сенбейсің, иә?! (Сырға со бойы теріс қарап жатыр) Сенбесең – тыңда! Ертең-ақ мен саған осы жерде, осы палатада сол биді билеткіземін.

Сырға. (жүзін бері бұрады, не сенерін, не сенбесін білмейді) Ертең бе?

Әшім. Иә, ертең!


Келіншек басын шайқайды. Осы жерде носилкасы бар екі санитарды ертіп Маша келеді. Олар келісімен Әшім орнынан тұрып шегініп кетеді.


Маша. Кеттік, Сырға. Массажға барамыз.

Сырға. (қозғалмастан оны көтереміз деп жақындаған санитарларға) Жо-жоқ, текке әуре болмаңыздар! Мен массажға бармаймын.

Маша. О неге?!

Сырға. Барғым келмейді.

Маша. Барғым келмейдіні қой! Бұ не деген сөз! (Әшімге) Сіз неге үндемейсіз? Массаж тағайындаған өзіңіз емес пе.

Әшім. Сырға, сенің аяқтарыңа массаж өте қажет.

Сырға. Қатерлі ісігі бар адамға аяқтың не қажеті бар? Бәрі бір…

Әшім. (Сырғаға жақындап келіп көрпесін ысырып тастап) Олай деме. Қатерлі ісіктің емі басқа да, сал болған аяқтың емі басқа. (келіншекті көтеріп алып носилкаға жатқызғысы келеді)

Сырға. (тітіркеніп кетіп айқайлап жібіреді) Өтінем – жатқызбашы носилкаға!

Әшім. (тұрып қалып) Неге?

Сырға. Бұл… бұл табыт… табытқа ұқсайды.


Әшім носилкаға бір қарап, қолындағы келіншекке екі қарап, сосын оны көтерген бойы палатадан шығып кетеді. Санитарлар носилкасын алып соңынан кетеді.


Маша. (мұрнын тыржитып) Фи! Науқастарды процедураға көтеріп апару дәрігердің ісі ме екен?

Жанна. (кіріп келіп) Маша, Әшім қайда?

Маша. Сырғаны массажға әкетті.

Жанна. Санитарлар жоқ па?

Маша. Олар келген. Бірақ Сырға носилкаға жатқысы келмеді. Сосын Әшім оны көтеріп әкетті.

Жанна. Онысы несі?

Маша. (иықтарын қиқаң еткізіп) Қайдан білейін.

Жанна. Бар, шақырып әкел. (медбике кетісімен Зиба апайға бұрылады) Сіздің жағдайыңыз қалай?

Зиба. Аллаға шүкір, жаман емес. Операциядан кейін денем едәуір жеңілдеген сияқты.

Жанна. Ым-м… (көрермендерге бұрылып дауысын бәсеңдетіп) И-и, бейшара! Операция сәтсіз аяқталғанын білмейді ғой.

Әшім. (Маша екеуі қайтып келісімен) Шақырдыңыз ба, Жанна Жапаровна?

Жанна. Иә. Әркім өз ісімен айналысқаны абзал, Әшім. Өкімет санитарларға жалақы төлейді.

Әшім. (қызарып кетіп басын изейді) Иә, иә, әрине. Бірақ, Сырға… ол…

Жанна. Сырғадан басқа науқастар барын ұмытқан сияқтысың, Әшім.

Әшім. Жоқ, ұмытқан жоқпын, Жанна Жапаровна. Бірақ, Сырғаға назарымды көбірек аударатыным шын. Өйткені оның жағдайы бәрінен де ауыр.

Жанна. Міне, мына апай жаңа ғана операциядан шықты. Оған да назарыңды аударғаның жөн.

Әшім. (апайдың жанына келіп) Кәнеки, мен сізді де процедураға көтеріп апарайын.

Зиба. (ауырсына күледі) О, жоқ, рахмет! Мені санитарлар апарады. Өйткені мен табыттан қорықпаймын. Жетпістен асқанда табыттан қорықсам ұят болар.

Әшім. (бас дәрігерге қарап қойып) Сонда да мен әр науқасымды көтеріп жүруге дайынмын. Тек қана сіздер дерттеріңізден айығып кетсеңіздер болғаны.


Бас дәрігер оған қарап басын шайқайды да кетеді. Маша да дәрігерді жақтырмағанын білдіре бір өкшесінде бұрыла қиқаң етеді де кетеді.


Зиба. Сен, Әшім, мойыма. Істеген ісің, ұстанған бағытың дұрыс. Сырғадай ауыр науқас жоқ бұл емханада. Және оның көңілі сынық.

Әшім. (Сырғаның төсегін жөндеп жатып) Менің байқап қалғаным – Сырғаға ешкім келмейді. Осында болғаныма аптадан аса уақыт өтті, сонда бір адам келсеші.

Зиба. (ауыр күрсініп алып) Оның төркіні жоқ екен. Жетімдер үйінде тәрбиеленіпті. Ал күйеуі… ол бір бейбақ, тас бауыр. Сырға жол апатына ұшырап белінен төмен жағы жансызданып қалғанда ол неме ажыраспақ болып загске өтініш беріпті. Тіпті күйеуі жоқ бір келіншекті үйіне кіргізе қойыпты. Соны естіген Сырға сары уайымға батып, енді міне қатерлі ісікке тап болды.

Әшім. Сіз ол жігітті білесіз бе?

Зиба. Білемін. Бір көшеде тұрамыз. Мен онымен сөйлесіп, бұның дұрыс емес дегенде, үйде кәрі ата-анам бар, соларды күтетін, шаруаға қарайтын қатын керек деді. Ал енді оған не дейсің? (пауза) Әй, рак дегенің де көңілі сынықтарды айналдыратын көрінеді.

Әшім. М-м… солай ма еді.

Зиба. Солай. Сырға бейшара оны күнде тосады. Үмітін үзгісі келмейді. Байқадың ба – палата есігі ашылған сайын ол жалт қарайды да, Сейсені болмағасын мұңайып қалады. Еһ! (күрсініп бірер секундқа үндемей қалады) Сен, Әшім, әуелден дұрыс істедің. Сырғаның жағдайын жүрегің сезген болар. Демек, сен нағыз дәрігерсің.


Әшім үнсіз басын изейді де шығып кетеді.

Бірінші интермедия

Сахна қараңғылықта. Авансценаға шыққан Әшімге жарық түсіп тұр. Ол біреуді тосып тұрғандай тағатсыздана жан-жағына қарап қояды. Сейсен келеді.


Әшім. Сіз Сейсен емессіз бе?

Сейсен. Иә. Ал сен дәрігербісің?

Әшім. Иә. Менің есімім Әшім.

Сейсен. Ал, Әшім, маған не айтпақсың?

Әшім. Айтпағымды өзіңіз де сезіп тұрған шығарсыз. Сырға сізді сарғая күтуде. Күнде келіп қалар деп үміттенеді. Қандай жағдайда болса да ол сіздің зайыбыңыз емес пе, бір кіріп шықпайсыз ба.

Сейсен. Жоқ, ол менің зайыбым емес. Біз заң бойынша ажырасқанбыз. Ол өзі келісімін берген. Айтпап па еді?

Әшім. Солай ма. Бірақ… екеуіңіз неше жыл бірге тұрдыңыздар?

Сейсен. Білмеймін… есімде жоқ. Жобасы екі-үш жыл боп қалар.

Әшім. (оған тесірейіп қарап қойып) Жақсы, Сейсен, әйеліңізбен екі-үш жыл бірге тұрып, енді ауырып қалғанында екі-үш рет кіріп-шығуға болмас па еді?

Сейсен. Өй! Кіріп-шығушы едім ғой! Әлгі Сырғадан кейін алған келіншегім қызғанады. Бір рет ана-мынаны алып бәлніске барайын дегенде ашуланып, осыдан барып көр – төркініме бір-ақ тартамын деген. Қайтейін, одан айрыла алмаймын – карт әке-шешемді күтіп, шаруама қарап отыр.

Әшім. М-м… солай деңіз, Сейсен.


Бірер уақыт оған үнсіз қарап тұрады. Сейсен ыңғайсызданып, бұған тағы не керек дегендей жалтақтай береді.


Әшім. Сейсен, шыныңызды айтыңызшы – Сырғамен қалай қосылып едіңіз. Оны сүйіп алдыңыз ба? Әлде қарт ата-анаңызды күтетін, шаруаңызға қарайтын қатын керек болғасын алдыңыз ба?

Сейсен. (шыдамы таусыла) Әрине сүйіп алдым! Ал, бір жағынан, қарт ата-анаңды ойлама, шаруаны таста деймісің? Сырғаға да обал жоқ! Со жолы жұлынып өзі шығып кеткен. Мен оған саусағымның ұшын тигізген жоқпын. Өзі! Шешейдің бір сөзін көтере алмай көшеге атып шыққаны. Содан барды да машинаның астына түсті де кетті. Енді не? Соған мен кінәлімін бе? Әлде өзімді мәпелеп өсірген шешемді үйден қуып шығайын ба?!


Әшім үндемейді. Сейсен алақандарымен басын қысып алып ерсіл-қарсылы жүріп кетеді. Сөйтіп Әшімнің жанына келіп тоқтайды.


Сейсен. Сырғаға айт – ренжімесін де. Мен оны тастайын деп тастағам жоқ. Тағдыр солай болды. Оған енді бәрібір өмір жоқ. Ал маған өмір сүру керек. Ол өледі екен деп бірге көрге түсе алмаймын ғой.

Әшім. Сырға өледі деп сізге кім айтты?

Сейсен. Енді… бас дәрігер өзі айтпап па еді рак деп.

Әшім. Рак болса не – емделмей ме?

Сейсен. Қайдан білейін, ракқа шалдықпа, ал шалдықсаң жазыламын деп үміттенбесең де болады дейді жұрт.

Әшім. Үміттенгенге үміт бар, үмітсіз тек сайтан деген Мұхаммед пайғамбар (с. ғ. с.). Сайтанның азғыруында кеткен бейшара екенсіз. (шұғыл бұрылып кете барады)

Сейсен. Әй, мынау не дейді-ей?! Бейшарасы несі? (қолдарын қалаталарына салып әрлі-берлі сенделіп жүріп) Еһ!


Күрсініп қойып, басын иықтарына тығып ап кетеді.

Үшінші көрініс

Сол палата. Зиба апай мен Сырға өз орындарында жатыр. Шағын телевизор мен дивиди плеер көтеріп Әшім келеді. Оларды терезенің астыңғы жақтауына қойып сымдарын жалғайды.


Зиба. Алақай, Сырға, енді ішіміз пыспайтын болды. Телевизордан кино көреміз.

Сырға. Түү, Әшім, қайтесің сонша әуре болып?

Әшім. Кешіріңіздер, киноның дискісін алғам жоқ. Тек балет.

Сырға. Балет?!

Әшім. (аспаптарды іске қосып жатып) Иә. Чайковский. Аққулар айдыны. Мен кеше айтпап па едім – бүгін балет билейсің деп.

Сырға. Мен бе?

Әшім. Әрине сен! Мен балет билеу білмеймін.


Кішкентай аққулардың биінің әуені естіліп телевизорда балет жүріп кетеді. Сырға экраннан көздерін алмай қарап қалыпты. Әшім оған қарап бірер уақыт тұрады да, бірдеңе есіне түскендей Сырғаны көтеріп алады.


Сырға. Ай! Не болды, Әшім?

Әшім. Балет билейсің.


Келіншектің белінен қапсырып ұстап тұрып аяқтарының ұшына тұрғызады. Сырға екі қолын жайып жіберіп балет билейді. Әшім оны әрлі-берлі жылжытып отырады, сонда Сырғаның жансыз аяқтары еденмен сырғып отырады. Зиба апай екеуіне қарап жылап жатыр. Ақыры, би біткесін дәрігер науқасты орнына қайтарады. Жастығын жоғарлатамын деп еңкейгенде Сырға оны мойнынан құшақтай алады. Әшім ақырын ғана оның жанына отырады. Екеуі бір-біріне үнсіз қарап отыр. Зиба апай ұйықтағансып теріс қарап жатады.


Сырға. Рахмет. Рахмет саған, Әшім. Бұл жақсылығыңды мен ешқашан ұмытпаспын. Сен нағыз жігіт екенсің. Айтқан сөзіңде тұрдың. Балет билеткіздің. Енді менде арман жоқ.

Әшім. (оның басын, шашын сипайды) Олай деме, Сырға. Адам баласы армансыз болмайды. Ендігі менің көмегімсіз осы биді билеймін деп арманда. Бүкіл дертіңнен айығып емханадан шығуыңды арманда.

Сырға. (көз жасын ағытып) Иә, иә, әрине. Менің енді аяғыма тұра алатыныма көзім жетті. Тек қана емханадан шыққасын қайда барамын? Сен ештеңе білмейсің. Менің баратын жерім жоқ. Ата-ана, туыс-жекжат деген жоқ. Ал сүйіп қосылған жан-жолдасым… күйеуім… ол мені тастап кетті.

Әшім. (Сырғаның көз жасын сүртіп жатып) Ештеңе етпейді. Денсаулығы бар адамға бұның бәрі түк те емес. Әлі жақсы адамды да кездестіресің, әлі отбасын құрып бақытты өмір сүресің.

Сырға. Е, мені енді кім керек қылар дейсің. Үйі-күйі жоқ, байы тастаған келіншекті қайтсын.

Әшім. Олай деме, Сырға. Сендей көрікті келіншек далада қалмайды. Көресің әлі – емханадан құлан таза айығып шыққанда ізіңе жігіттер табынымен түсер.

Сырға. Е-е, ол немелердің табынын қайтейін. Бәрібір сендей бір жігіттің сұлтанына татымас.


Екеуі бір-біріне қараған бойы жүздерін жақындата түседі. Сырға көздерін жұмып еріндерін тосқандай болады. Кенеттен Маша кіріп келеді. Оның қолында екі жапырақ қағаз. Сырға Әшімнің мойнынан қолдарын ала қояды да жігіт орнынан тұрып кетеді.


Маша. Әшім!

Әшім. (тумбочканың үстіндегі дәрі-дәрмектерді реттеген болып, сосын бұрылады да Машаның қолындағы қағаздарға қарайды) Бұл не?

Маша. Билет.

Әшім. Қандай билет?

Маша. Киноға баратын екі билет. Барайық, Әшім. Өте қызық кино дейді қыздар.

Әшім. Кешір Маша, мен бара алмаймын.

Маша. Неге? Бүгін кезектен бос емессің бе?

Әшім. Иә, боспын. Бірақ қолым тимейді.

Маша. (Сырғаға қарап қойып) Неге?

Әшім. (ол да Сырғаға қарайды) Бүгінгі кешті мен Сырғаға арнадым. Екеуміз би билейміз.

Маша. М-м… Аяқ-қолы сау, басы бос қыз тұрғанда байы тастап кеткен мүгедекпен билеп жетісерсің. (күледі)

Әшім. (қызға тесірейіп қарайды да дауысын әдейі Сырға естісін деп қаттырақ шығарып) Ол мүгедек емес. Мен оны емдеп аяғына тұрғызамын. Және де… тәні мүгедек – толық мүгедек емес. Кейбір жаны мүгедектен сақтасын Алла.

Маша. (Әшімнің сөзінің астарын түсінбей Сырғаға қарап қойып) Әй, қайдам! Мен бірдеңе білсем, паралич пен ракты емдеу бос әурешілік.

Әшім. Ал меніңше, кез келген дертті жеңуге болады. Тек қана оған шынайы ниетпен кірісу керек. Сол үшін бар күш-жігеріңді, бар ықыласыңды салу керек. (медбикенің үстіндегі ақ халатты шымшып тартады) Өйтпегенде үстіңе мына ақ халатты кимесең де болар еді.


Маша оған тесірейіп қарап тұрып-тұрып шығып кетеді. Әшім мен Сырға әуелі оның соңына қарайды да сосын бір-біріне жүздерін бұрады.


Сырға. Әшім…

Әшім. Не, Сырға? (керуеттің шетіне отырады да келіншектің қолдарын алақандарына салады)

Сырға. Сенің бүкіл уақытыңды ұрладым ғой. Сен жассың, бәлкім қызың бар болар, бос уақытыңда онымен қыдыру керек шығар, ал оның орнына бүкіл кештеріңді осы палатада өткізесің. Бұның дұрыс емес.

Әшім. Сырға, сен о жөнінде уайымдама. Менің ешкімім жоқ, жатақханада тұрамын, бос уақытымды өткізетін бәрібір таныстарым жоқ, одан да сенімен бірге болғаным артық.

Сырға. (еріксіз күлімдеп) Шын ба?

Әшім. Илаһи-билаһи, имандай шыным!


Сырға оның қолдарын кезек-мезек сүйіп жатыр. Музыка ойнап сахна баяу қараңғыланып жарық сөнеді.

Төртінші көрініс

Сол палата. Сырға төсегінде отыра алатын халге жеткен. Ол телевизор көріп отыр. Зиба апай ұйықтап жатыр. Кітап ұстаған Әшім келеді.


Әшім. (Сырғаның төсегіне отырып жатып) Халің қалай, Сырға?

Сырға. Жақсы. Сен осында келгелі біртүрлі жігерленіп тәбетім ашылғандай болды. Ішім де пыспайтын болды. Аяқтарыма да жан қайтып оралып келе жатқандай. (Әшімнің қолындағы кітапқа қарап) Мына кітапты маған әкелдің бе?

Әшім. Иә. Осы қалаға келерде облыс орталығының аэропортында ұшақ тосып отырып бір журналистпен таныстым. Есімім Барсхан деді. Осында командировкада болыпты. Қоштасарда маған мына кітапты тарту етті. Бір қызығы – кітаптың мұқабасындағы автордың есімі басқаша. Ал оқи келе байқағаным – кейбір шығармалардың кейіпкері Барсхан атты бала екен. Сондықтан мен осы кітаптың авторы сол журналист екенін түсіндім.

Сырға. Жақсы кітап па? Қызық па екен?

Әшім. Иә, өте жақсы кітап. Кейбір әңгімелері жылатады, ал кейбірі күлдіреді. Ал ең маңыздысы – қайсысы болсын ойлантады. Көпті көрген адам екен. Балалық шағы соғыстың тар заманында өткен ғой. (пауза) Сырға, өзің де білесің тарихтан – соғыс кезінде бар ауыртпалық ауылдарда қалған әйелдер мен балалардың бастарына түскенін. Соның бәріне төзіп, шыдап шықты ғой. Осындай кітаптарды оқығанда со кездің адамдары, әйелдер мен бала-шағаға шейін басқа бір өзгеше адамдар болған ба деп ойлайсың. Ал бірақ, олай емес. Қай уақытта болмасын адам баласы басына түскен ауыртпалықты көтереді. Со кезде оның қандай екені, неге жарайтыны, қайсарлығы, шыдамдылығы, сабырлығы анықталады. Иә, кейбіреулері сәл ауыртпалықты көтере алмай сынып кетеді. Адамгершіліктен айрылады. Ал көбісі басқа түскен ауртпалықты төзімділікпен, сабырмен қарсы алып, рухын жерге түсірмей, адам деген атағына нұқсан келтірмеуге тырысып бағады. (кітапты сұқ саусағының ұшымен тықылдатып) Осы кітаптың авторы соны айтқысы келгендей.

Сырға. Жақсы, Әшім, мен бұл кітапты мұқият оқып шығамын. Ал қазір, уақытың болса өзің бастап оқып берші.

Әшім. (сағатына қарап қойып) Жарайды, Сырға, бірер уақытым бар екен. (ыңғайланып отырып кітаптың бетін ашып оқи бастайды)

– Сен қайдан келдің? – дегенде бір данышпан:

– Мен балалықтың елінен келдім, – деген екен. Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды. Мен де солардың бірімін. Анамның аты Айша еді…


Музыка ойнайды. Әшім кітапты оқып отыр. Сырға оны ұйып тыңдап жатыр. Жүзіндегі бейнеттің табы жоғалып жадырап жатыр. Арасында жымиып қояды. Машаны ертіп Жанна Жапаровна келеді. Олар келісімен Әшім орнынан тұрады да, оқып отырған кітапты тумбочкаға қояды.


Жанна. О! Сырғаны танымай қалдым ғой. (Әшімге бұрылып) Жарайсың, Әшім. Бір айдың ішінде мұндай жетістікке жету дегенің… (Сырғаға бұрылып) Тьфа-тьфа! Тіл-аузым тасқа.

Маша. (ілгері сытылып шығып Сырғаның төсегін дұрыстай бастайды) Біз де жәй жүрген жоқпыз, Жанна Жапаровна.

Сырға. (кекете) А, иә! Ең әуелі медбикеге алғысымды айтамын. Ол укол салмаса дәрігер не істей алушы еді?


Жанна Жапаровна мен Әшім күліп жібереді. Сырға мен Зиба апай да оларға қосылады. Маша олардың неге, кімге күліп жатқанын түсінбей жалтақ-жалтақ қарайды.


Жанна. (науқастың аяқтарын ұстап қысып-қысып қалады, сонда Сырға ауырсынғанын білдіреді) Аяқтарыңа жан кірген бе?

Сырға. Толық болмаса да кіре бастады.

Жанна. Ал ісігің ше – ауыра ма?

Сырға. (жадыраған жүзі лезде солып, ішін екі қолымен басады) Иә… ауырады.

Жанна. (науқастың ішін саусақтарымен басып-басып қойып Әшімге бұрылады) Химиятерапияны қайталау керек пе еді?

Әшім. (басын шайқайды) Оны қайталағаннан пайда жоқ.

Жанна. (бойын түзеп дәрігерге тесірейіп қарап тұрып) Солай деп ойлайсың ба?

Әшім. Иә, солай.

Жанна. (бірер секунд үндемей тұрады да) Онда білгеніңді істе. (шығып кетеді)

Маша. (Әшімге менсінбегенсіп қарайды да) Бас дәрігердің айтқанын істеген жөн ғой.

Әшім. Маша, сіз өз ісіңізбен айналыссаңыз, сол одан да жөнірек болар еді.

Маша. Е, мен не? Ісіммен айналыспай жүрмін бе? (Сырғаға қарап қойып) Әлде науқастардан шағым түсті ме?

Әшім. Ешкімнен шағым түскен жоқ. (келесі палатадан бас дәрігердің өзін шақырғанын естіп шығып кетеді) Келе жатырмын, Жанна Жапаровна!

Маша. (ол кетісімен) Сырға, сен не? Әшімге бірдеңе деп пе едің?

Сырға. Не деуші едім?

Маша. Енді, Маша жұмысын дұрыс істемейді деп жамандаған шығарсың.

Зиба. Маша, қарағым, сен науқастарға шүйілмей дұрыс сөйлесеңші.

Маша. (өтірік жыламсырап) Осы мен сіздерге не істедім? Науқастар үшін жанымды саламын, сонда да жақпаймын.

Зиба. Жә, жә! Бұлай өтірік көз жасыңды ағызба. Білеміз кім науқастарға жанын салып жүргенін.

Маша. (аяқ астында қатуланып) Сонда кім? Әшім бе?

Сырға. Әрине, Әшім!

Маша. Қайда бармасаң – Әшім! Әшім! Әшім! Бейне бір осы емхананы ұстап тұрған жалғыз сол дай.

Зиба. Дәл қазір солай. Әшім келгеннен бері палатаға жан кіргендей. Ол осында кіріп келгенде күн сәулесінің шапағаты жауып кеткендей болады. Солай емес пе, Сырға?

Сырға. Иә, Зиба апай. Маша, соны сен қалай байқамай жүрсің?


Маша ызалы көздерімен оны бір атады да жұлынып кете барады. Медбике кетісімен Зиба апай мен Сырға ұйқыға жайғасып теріс қарап жатады. Жарық сөнеді.


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | Следующая
  • 0 Оценок: 0


Популярные книги за неделю


Рекомендации