282 000 книг, 71 000 авторов


Электронная библиотека » Леонид Вариченко » » онлайн чтение - страница 22

Читать книгу "Төңкеріс. Пиесалар"


  • Текст добавлен: 4 августа 2017, 13:20


Текущая страница: 22 (всего у книги 26 страниц)

Шрифт:
- 100% +
Екінші көрініс

Қараңғы сахна. Бірінші көріністе компьютер тұрған жерде, бір діңнің үстіне қолдарын жастап, ал қолдарының үстіне басын қойып, Арлан ұйықтап отыр. Үстінде бағзы заманның адамдарына тән киім. Қолындағы үлкен, әшекейлі аса таяғымен сахнаның еденін тықылдатып Компьютермен келеді. Ол зор денелі, зор дауысты, сақал-мұрты желбіреген, басында тәжы бар, үстіне кең де ұзын шапан киген қария.


Компьютермен. Арлан! Оу, Арлан! Оян, Арлан!

Арлан. (басын көтеріп алып, көзідерін уқалап жан-жағына қарайды да орнынан атып тұрады) А? Не? (Компьютерменді көзі шалып қалып) Ассаламу ғалайкүм!

Компьютермен. Уағалайкүм ассалам! Ұйқың қанды ма?

Арлан. (жан-жағына таңырқай көз тастайды) Ә? Мен ұйықтап кетіп пе ем? (діңді аяғымен түртіп қалып) Мына дің қайдан келген? Мен жаңа компьютердің алдында отырған жоқ па едім? (тағы да жан-жағына қарайды) Бұл қай жер өзі?

Компьютермен. Бұл өзің құрастырған компьютерлік ойын. Виртуалды нақтылықтағы әлемге хош келіпсің!

Арлан. Виртуалды нақтылықтағы әлем?! Мүмкін емес!

Компьютермен. Неге? Сен өзің ғой бұл мүмкіндікті тудырған. Енді өзіңнің туындыңа өзің сенбей тұрмысың?

Арлан. Иә… мен… жақсы, солай-ақ болсын. Ал, онда сіз кім боласыз?

Компьютермен. Менің атым Компьютермен. Мен осы әлемнің патшасымын. Сенің бейнеттеніп құрастырып жүрген ойының құрастырылып болып ашылды.

Арлан. Сонда не? Мен сол ойынның ішіндемін бе?

Компьютермен. Иә.

Арлан. Сонда мен мұнда не істеймін?

Компьютермен. Не істеймің не! Ойын ойнайсың.

Арлан. Ойын ойнаймын?!

Компьютермен. (Арланның жанына келіп арқасынан қағады) Несіне таңғаласың, Арлан? Сен өзің емес пе едің осы ойынды құрастырамын деп сонша әлектенген. Міне, енді мақсатыңа жеттің.


Осы жерде авансценамен секеңдеп Марио жүгіріп өтеді. Ол әрдайым осылай жүгіріп өткенде соның қатысуымен жүретін «Денди» ойынының әуені естіледі.


Марио. (айқайлап) Арлан, сәлем! Мені ұмытқан жоқсың ба?

Арлан. Мына бала кім? Бала ма өзі… әлде ергежейлі адам ба? Түрі сондай таныс…

Компьютермен. Марио ғой ол, Арлан! Марио! Есіңе түсірші – ол сенің ең бірінші компьютерлік ойыныңның кейіпкері.

Арлан. Марио?! Баяғы «Денди» -дегі Марио ма?

Компьютермен. Дәл өзі. Марио менің ең сүйікті немерем. Сондықтан мен оны жанымнан тастамаймын.

Арлан. Марио менің де ең сүйікті ойынымның кейіпкері-дің. Ол мұнда не істейді? Ойынға қатыса ма?

Компьютермен. Жоқ, қатыспайды. Марио сені тосып тұрған қауіптерден хабардар етіп ескертіп жүреді. Сенде қанша өмір қалғанын айтып отырады. Және Марионы сенен басқа ешкім көрмейді де, естімейді де. (кетуге ыңғайланып) Ал, енді мен сені бөгемейін. Бастайық ойынды.

Арлан. Тоқтай тұрыңыз… ата…

Компьютермен. (мырс етіп күледі) Мен саған ата емеспін – «Компьютермен, тақсыр» де!

Арлан. А, иә! Компьютермен, тақсыр! Бір сұрақ бар. Бұл ойынның ережелері қандай?

Компьютермен. (күліп жібереді) Сен өзі қызық екенсің, Арлан! Қандай ережелері болушы еді?! Сен өзің бағдарламаңа енгізген ережелер-дағы. Есіңе салайын, – сенде қазір үш өмірің бар. Үшеуінен де айырылып қалсаң өлесің. Бірақ, есіңде болсын – мүлдем өлесің. Кәдімгідей. Түсіндің бе? Сондықтан абайла. Ал бірақ, жоғалтып алған өміріңді тапқырлық жасап қайтарып отыруыңа болады. Ойынның мәні-мағынасы мынада – дүние жүзінің қиыр шетінде бір ел бар. Ол елді билеп тұрған хан Қаһар. Ханның айдай сұлу бойжеткен қызы бар. Қаһар хан жарлық жариялапты. «Менің қызымның қолын сұрап келген ханзадалар арасында сайыс өткізем, – депті ол сол жарлығында, – Сол сайыстың жеңімпазына қызыма қосып жарты хандығымды тарту етемін. Егер сайыста біреудің басы семсердің жүзімен қырқылып түссе, немесе шоқпарға жем болса – өз обалы өзіне. Мен ешкімді зорламаймын – әліңді білмейсің бе, әлектенбе!» Міне, енді сен жолыңдағы үш кезеңнен аман өтіп, сайысқа қатысатын барлық үміткерлерді жеңіп шығып, ойынның мәресіне жетіп бас жүлдені – ханшайым мен жарты хандықты ұтып алуға тиістісің. Өзің білесің – әр сынақ тапқырлықты, епті, шапшаңдықты, өжеттілікті, ақылды талап етеді. Мұндай қасиеттерді өзіңнің бойыңда сезінесің бе – қатыс ойынға. Сезінбейсің бе, ойыннан аман өтуіңе күмәнің бар ма – онда ойыннан шық, аман-сауыңда үйіңде қал. Осыған не дейсің?

Арлан. (бір сәт ойланып) Жоқ! Менде енді кейін шегінетін жер жоқ. Тәуекел! Будым белді! Қаншама бейнеттеніп құрастырған ойынымнан енді өзім бас тартсам не болғаны? Тәуекел! Мен дайынмын.

Компьютермен. Бәрекелді! (қолын созып) Әкел онда қолыңды! Ал, не тұрыс? Бастайық ойынды! (аса таяғымен еденді үш рет соғып қалады) Ойын басталсын деп әмір етемін! (кетеді)

Марио. (авансценамен секеңдеп жүгіріп өтіп айқайлайды) Ойын басталды! Ойын басталды! Ойын басталды-ы!


Осы жерде жоғарғы жарық жанып сахнаның көрінісі білінеді. Үш жағын ну орман қоршап тұрған алаңқай. Алаңқайдың орта тұсында «тырна» құдық бар. Оның теңгергішінің басында шынжыр, шынжырға ағаш күбі байланған. Құдықтың теңгергішінің жүгі бар жағында үлкен қойтас жатыр, екінші жағында тастан қаланған жер ошақта үлкен қазан тұр. Арлан жан-жағына бір қарап, үстіндегі көне заманның адамдарына лайық киіміне екі қарап, құдықтың басына барып ішіне үңіледі. Үстінде күміс түсті сауыт, басында ай белгісі бекітілген дулығасы бар, бір қолында найза, екінші қолында ай суреті бар дөңгелек қалқан ұстаған, беліне шағын қылыш асынған Айзада келеді. Оның рөлін Шопанның рөлін атқаратын актер ойнайды.


Айзада. (маңдай терін жеңімен сыпырып тастап) Фу! Шөлдегенім ай! (Арланға жақындап келіп) Әй малай! Неғып тұрсың? Маған су тартып әпер!

Арлан. Шопан?! Сен де ойынға қатысатын болдың ба?

Айзада. Қайдағы шопан?! (тағы да біреу бар ма дегендей жан-жағына қарайды, және ешкімнің жоғына көзі жетіп Арланға бас салады) Сен, малай, ханзадамен қалай сөйлесесің, ә? Мені қойбағар шопанға теңегеніңе жол болсын! Мен ай асты елдің әйгілі ханзадасы Айзадамын. Есіңде болсын! Ал маған дереу су тартып әпер. Бол!

Арлан. Әй, Шопан, қойсаңшы қылжақты.

Айзада. Қап! Өтті-ау мына малайдың ызасы. Мә, саған шопаның! (найзасымен Арланды түйреп құлатады)

Арлан. (шалқасынан түсіп, өліп қалғандай бір секунд қимылсыз жатып, атып тұрады да айғайды салады) Өй, мына футболшы фанат жынданған ба?!

Айзада. Мен мына малайды жаңа ғана өлтірмеп пе едім?

Марио. (авансценамен жүгіріп өтіп) Арлан! Бір өміріңнен айырылып қалдың! Бетімен даурығып ойынның басында өліп қалма! Бұл сенің сыныптас досың Шопан фанат емес! Бұл шынында да Айзада!

Арлан. (найзасымен ұмтылып келе жатқан Айзададан құдықты айнала қашады) Жә! Тоқта! Тоқта! Д-дат… дат, т-тақсыр!

Айзада. (тоқтай қалып) Дат, айта бер.

Арлан. Мен малай емеспін. Мен… мен… коммерсантпын… а! Ана… не… мен саудагермін… иә, саудагермін. Ал сен… кешіріңіз, сіз бір Шопан деген досыма ұқсайды екенсіз, тіпті егіздің сыңарындай екенсіз. Ол ағаттығымды кешірерсіз.

Айзада. Саудагермін де. (Арланның басы-аяғына көз тастап) Саудагерге онша ұқсамайсың. Мына киімің тым жұпыны…

Арлан. (үсті-басын қағып-соғып) Иә-иә! Алайда, мен бір жаман оқиғаға тап болдым. Кеше машинама рэкетирлер шабуыл жасап… А! Олай емес! Кеше керуеніме қарақшылар шабуыл жасап бүкіл тауарларым мен көлігімді тартып алды. Өзім зорға қашып құтылдым. Міне, енді не істерімді, қайда барарымды білмей тұрмын.

Айзада. Ендеше, маған атқосшы бол. Мен дүние жүзінің арғы шетіндегі Қаһар ханның еліне бара жатырмын. Сол ханның жарлығын естіп пе едің?

Арлан. Естігем.

Айзада. Естісең, мен сол ханның қызын алып, жарты хандығына ие боламақпын. Түсіндің бе? Елден алып шыққан атқосшы мен атымнан сол қарақшылардың кесірінен айырылып қалдым. Сондықтан сен маған атқосшы боласың. Осыған келісесің, ал келіспесең тұрған жеріңде жайратамын!

Арлан. (өзіне төнген Айзаданы тоқтатып) Келістім-келістім! Бірақ ескертіп қояйын – Қаһар ханның еліне жеткенше талай кезең, талай сынақ бар. Солардан өте аламын деген сеніміңіз бар ма?

Айзада. (шіреніп, көкірегін кере) Әлбетте! Өзіме сенбесем бұл сапарға аттанып нем бар еді?


Айзада найзасы мен қалқанын құдыққа сүйеп қояды. Арлан құдықтан су тартып шығарып, Айзада екеуі ішіп тұрғанда, Жұлдыззада келеді. Оның үстінде көк түсті сауыт-сайман, басында сегіз бұрышты жұлдызы бар дулыға. Бір қолында жұлдыз суреттелген қалқан, екінші қолында шоқпар бар, белінде шағын қылыш асынған. Жұлдыззаданың рөлін Диханның рөлін атқаратын актер ойнайды.


Жұлдыззада. Уһ! Мына күннің аптабын қарашы. Шөлден өлетін болдым ғой. (Арланға) Әй, малай! Маған да суыңнан бер.

Арлан. Дихан?! Сен де осында ма едің? (өзінің қателігін түсініп тілін тістей қалады)

Жұлдыззада. Қайдағы дихан? Бұл не сандырағың, сорлы малай? Білдей ханзаданы егінші дихан дегеніңе жол болсын! (шоқпарымен Арланның басынан бір соғып құлатады)

Айзада. (найзасы мен қалқанын алып оған қарсы шығады) Әй, сен кім едің менің атқосшыма қол көтеретін?

Жұлдыззада. (шоқпарын айналдыра Айзадаға ұмтылады, екеуі шайқаса кетеді) Кім екенімді қазір өзің де түсінерсің!

Марио. (есін жиып аяғына тұрған Арланды ескертіп) Арлан! Абайла! Сен жаңа тағы да бір өміріңнен айырылдың. Енді сенде ақырғы, жалғыз ғана өмірің қалды! Есіңде болсын – бұлар сенің достарың емес, тек Шопан мен Дихандың бейнелеріне ие.

Арлан. (бір-бірінің қалқандарын қаруларымен соққылап жатқан ханзадалардың арасына түседі) Ханзадалар, сабыр етіңіздер! Тоқтаңыздар! (Айзадаға) Ханзада-екем! Ұмыттыңыз ба? Біз Қаһар ханның еліне жетуіміз керек емес пе. Сапар басталмай тұрып өміріңізге қауіп төндіруге бола ма. (Жұлдыззадаға) Сабыр етіңіз, тақсыр! Сіз өзі кім боласыз?

Жұлдыззада. (Арланға ұмтылады) Кіміңе жол болсын! Көрмей тұрсың ба дулығадағы белгіні? Мен әйгілі жұлдыз асты елінің ханзадасы Жұлдыззадамын.

Арлан. (өзіне төніп келе жатқан ханазададан суға толы шелекпен қорғанады) Кешіріңіз, тақсыр! Ашуыңызды басыңыз. Менің бір Дихан деген досым бар еді, соған сіз ұқсайды екенсіз, тіпті егіз балалардай аумайсыздар, сондықтан мен сізді сонымен шатастырып алдым. Міне, су ішіңіз.

Жұлдыззада. (шоқпары мен қалқанын құдыққа сүйей салып Арлан ұсынған шелекті алып су ішеді) Ал, жақсы, бір жолға кешірейін. (Айзадаға) Егер қателеспесем, сен осы әйгілі Айзадамысың?

Айзада. Дәл өзімін. (Жұлдыззадаға қолын беріп) Атағы жер жарған Жұлдыззадамен кездескеніме қуаныштымын. Саған жол болсын?

Жұлдыззада. Қаһар ханның жарлығын естіп сонда бара жатырмын. Ал сен ше?

Айзада. Мен де сонда барып ханшайымды ханның жарты хандығымен қоса алмақпын. Бір-бірімізге серік болайық. Мына жігіт – менің атқосшым.

Жұлдыззада. Ал менде атқосшы жоқ – бүгін қарақшылар тұтқиылдан шабуыл жасап, атқосшымды өлтіріп кетті. Атымнан да айырылдым. Өзім мына балуан білек пен батпан шоқпардың арқасында құтылып кеттім. (Арланға) Сен маған да атқосшы болсаң қайтеді, ә?

Арлан. Болайын. Әйтеуір екеуіңіз де бір жерге баратын екенсіздер.

Жұлдыззада. (шоқпарын Арланға ұсынады) Мә, шоқпарымды ұстап жүресің. Бұны сүйрей-сүйрей қолым талды.

Арлан. (шоқпарды алып жатып) Құп болады, ханзада ием!

Айзада. (найзасын Арланға беріп) Мә, менің найзамды да ұстап жүр! Менің де қолым талып қалды.

Арлан. (күрсініп қойып екінші қолымен найзаны алады) Құп болады, ханзада ием!

Жұлдыззада. Ал, не тұрыс? Аттанайық сапарға.

Айзада. Иә, иә! Жылжиық.


Алдында Айзада, артында Жұлдыззада, орталарында атқосшы – үшеуі, бірінің соңында бірі, алаңқайдан кете бергенде бір сатыр-гүтір дыбыс естіледі. Саяхатшылар кері шегініп қойтастың артына жасырынады. Апыр-топыр басып орманнан жалғыз көзді дәу шыға келеді. Дәудің қолында сандық, ол сандықты қойтастың үстіне қойып, аһілеп-уһілеп құдықтан су тартып қазанға құяды да орманға беттейді.


Дәу. Отын теріп әкелейін. (орманға кіріп кетеді)


Арлан мен екі ханзада тастың артынан шығып сандықты айналдырады.


Арлан. Жаңағы не диу??

Айзада. Дәу ғой, білмейсің бе?

Арлан. (сандықта ілініп тұрған құлыпты тартып қалып) Ал мына сандықта не бар екен?

Айзада. Қазына шығар. Бұл дәулер қазына қараушы болады дейтін үлкендер. Өйткені олардың жалғыз көзі ұйқы дегенді білмейді.

Жұлдыззада. Онда не ғып тұрмыз? Құлыпты бұзып қазынасын алып кетейік. Әй атқосшы! Әкел мұнда шоқпарымды.


Атқосшының қолынан шоқпарын алып, құлпты соққылай бастайды..


Айшаның дауысы. (сандықтың ішінен) Әй! Тоқта! Миымды шайқайсың ба?!


Ханзадалар шошып шегініп кетеді. Арлан ше, керісінше, сандыққа жақындайды.


Арлан. (өз-өзіне күбірлеп) Мына дауыс сондай таныс, кім екен, ә? (сандықтың саңылауына үңіліп) Бұл кім сандықта отырған – адам ба, жын ба?

Дауыс. Мен бір соры қайнаған жанмын. Есімім Дүниязада. Бағана орман ішімен келе жатыр едім, жолда осы сандық тұр екен. Ішінен бір жалынышты дауыс: «Құтқар, босата гөр! Мен күн асты елінің ханзадасы едім…» деп үзілгенсоң, аңқау басым, осы сандықтың үстінде жатқан кілтті алып, ашып қалып ем, ішінен жаңағы дәу шыға келді. Ләм-мим деместен, еш сөзге келместен, өзімді сандыққа бір-ақ тығып ала жөнелді. Қанша жалынып, босат деп едім, көнбеді. Енді бірдеңе қылып құтқармасаңдар өлдім. Қазір отын жинап әкеліп су қайнатады да тірідей пісіріп жейді.

Арлан. Ханзадалар, мына құлыпты бұзайық. Дүниязаданы азат етейік. (Айзада найзасының ұшын құлыптың ілгегіне тығып бұрап сындырмақ болады, Жұлдыззада шоқпарымен ұрғылайды, бірақ бұл істерінен ештеңе шықпайды – құлып бұзылмайды)


Әлгі апыр-топыр тағы да естіледі.


Арлан. Дәу келе жатыр. Ханзадалар, бәріміз жабылып ол найсапты қуып жіберейік! Дүниязаданы құтқарайық!

Айзада. Жындандың ба?! Дәуге адам қарсы келіпті дегенді қай жерде, кімнен естіп ең? Жоқ, мен кеттім, біз оған ештеңе істей алмаймыз, текке өзіміз мерт боламыз. (қойтастың артына жасырынады)

Жұлдыззада. Жоқ, атқосшы, сен дәудің күшін білмейді екенсің. Үшеулеп түгіл, он адам жабылса да жыға алмас ол албастыны. Өзіне не оқ дарымайды, не ешқандай қару алмайды. Жоқ, біз қызды құтқара алмаймыз. Текке өзіміз мерт боламыз. Жүр, кеттік! (ол да қойтастың артына жасырынады – Арлан тапжылмастан орнында қалады)

Дәу. (қолындағы бір құшақ отынын жер-ошақтың жанына тастай беріп) Әй, мынау кім-ей? (екі алақанын бір-біріне уқалап) Тү-у! Тамаша болды ғой. Мына қыздың еті аздау бола ма деп уайымдап жүрсем, алдымнан тағы бір тегін олжа шықты ғой.

Арлан. (екі қолын қусырып кеуесіне басады) Дат тақсыр!

Дәу. Дат, дат! (қазан астына отын салып жатып) Айта ғой, шырағым, су қайнатым уақытың бар.

Арлан. Мына сандықтағы қыз, Дүниязада, сізді осы сандықтан босаттым дейді. Менің соған күмәнім бар.

Дәу. Е! Оған неге күмәнданасың? Мені осы сандыққа бір сиқыршы мыстан жауып кеткеніне міне бүгін бір апта болыпты. Бір апта бойы отырдым бұл құрығырдың ішінде аштан аш!

Арлан. Жоқ, мен бұған сене алмаймын!

Дәу. Неге?

Арлан. Сіз өзіңізге қараңыз да сандыққа қараңыз. Осындай дәу тұлғаңызбен мынадай кішкентай сандыққа сияды дегенге қалай сенуге болады? (саңылаудан сандықтың ішіне көз тастайды) Әне, қыздың өзі екі бүктеліп отыр.

Дәу. Сонымен сенбейсің, иә?

Арлан. Сенуге болмайтын шаруа.

Дәу. Онда қара! (қалтасынан кілт алып, құлыпты ашып Дүниязаданы босатады. Дүниязаданың басында ешкінің мүйіздері бар, және үстінде бағзы заманның адамдарының киімі, оның рөлін Айшаның рөлін атқаратын актриса ойнайды)

Дүниязада. Ой! (сандықтың ішінен сәукеле алып басына кие қояды)

Арлан. (таңырқай тіл қатып) Айша?! Сен қайдан жүрсің? Басыңдағың не?

Дүниязада. Мен Айша емеспін. Айтқан жоқпын ба – атым Дүниязада деп!

Арлан. А-а… (сандықтың ішіне бір қарап алып, дәуге) Ой тақсыр! Текке әуреленбеңіз. Сіз бәрібір мына сандыққа симайсыз.

Дәу. Сенбейсің, иә! (масаттана күледі) Ха-ха-ха! Ал, сенбесең қарап тұр. (сандыққа кіріп кетіп) Ал енді көзің жетті ме?

Арлан. Жетті! Жетті ақымақ дәу! (сандықтың қақпағын жауып қалып) Айша! Сал дереу құлыпты! (Дүниязада оған аңтарылып қарайды) Ә! Айша емес – Дүниязада! Сал деймін құлыпты.


Дүниязада құлып саламын деп әлектенеді, бірақ дәу сандықтың қақпағын көтеріп мұрша бермейді.


Арлан. Ханзадалар! Айзада! Жұлдыззада! Келіңдер! Көмектесіңдер!


Ханзадалар көмекке келіп үшеулеп сандықтың қақпағын зорға жабады да қыз құлыпты іле қояды.


Дүниязада. (құлыпты жауып, кілтті құдыққа тастап жібіреді) Жоғал мүлдем! Құры! Әйтпесе тағы соры қайнаған біреу құлыпты ашып пәлесіне қалар. Уф! Зәремді алды ғой. (Арланға қарап) Ал сен, батырым, ерледің. Айлаңды асырдың. Өзің де өжет екенсің. Сені де менімен бірге жеп қоюшы еді жаңағы дәу.

Марио. (бұрынғыдай тоқтамай жүгіріп өтіп) Арлан! Сен жаңа ғана бір өміріңді қайтарып алдың! Бір сынақтан аман өттің! Бірақ сақ бол – алдыңда әлі талайы бар!

Дүниязада. Ал, жігіттер, танысып қояйық. Менің есімімді білесіңдер. (Арланға) Сен кім боласың?

Арлан. Мен?.. Мен саудагермін… Ә, жоқ! Дәл қазір мына ханзадалардың атқосшысымын.

Айзада. Мен ай асты елдің ханзадасы Айзадамын.

Жұлдыззада. Мен жұлдыз асты елдің ханзадасы Жұлдыззадамын.

Дүниязада. Өте жақсы. Сендерге алғысымды білдіремін. Әсіресе, атқосшы-екем, саған. Сенің тапқырлығың болмағанда мен дәуге жем болар едім. Есімің кім болады?

Арлан. Арлан.

Дүниязада. Иә, Арлан, атың жақсы екен, нағыз жігіттің сырттан-арланы екенсің! (ханзадаларға) Сендерге жол болсын?

Айзада. Жер жүзінің қиыр шетінде бір ел бар екен.

Жұлдыззада. Сол елді билеп тұрған Қаһар хан жар салыпты: «Ай мен күндей сұлу жалғыз қызымды жарты хандығыммен қоса, сайыста жеңімпаз атанған ханзадаға беремін!» деп.

Айзада мен Жұлдыззада. Міне, бағымызды сынамақ болып сонда бет алдық.

Дүниязада. Е-е… Сонымен, Қаһар ханда барлығы жоғы бір-ақ қыз бар екен ғой. Оның өзі ай мен күндей сұлу дей ме?

Айзада. Иә, адам баласы көрмеген сұлу дейді.

Жұлдыззада. Сол сұлуды аламыз деп аңсап келеміз. Сенің өзіңе жол болсын?

Дүниязада. Мен бір бағым ашылмаған жанмын. Басыма күн түскенсоң беталды дүние кезіп келемін. Қайда баратынымды өзім де білмеймін.

Арлан. Онда бізбен бірге жүр. Өңің сондай таныс, менің бір Айша деген құрбым бар, содан бір аумайсың. Тек басыңдағы…

Дүниязада. (сұқ саусағын еріндеріне тоса қойып) Тсс!

Арлан. Тек басыңдағы… м-м…

Айзада.. «Басыңдағы?»

Жұлдыззада. Нені айтайын деп тұрсың? Бұның басында не бар еді?

Арлан. М-м… А! Басындағы сәукелені айтамын да! Сәукелесі менің сол құрбымдікіндей емес екен.

Дүниязада. (Арланның тапқырлығына риза болып жымияды) Иә, адам адамға ұқсай береді. Және әр қыздың бас киімі әр түрлі болады.

Арлан. Иә, иә… ал, енді неғып тұрмыз? Кетейік.

Дүниязада. Иә, кетсек – кетейік.

Дәу. (сандықтың ішінен тарсылдатып) Әй! Мені тастап қайда кетпексіңдер? Босатыңдар! Мен енді ешқайсыңа тимеймін. Дүниязада! Менің еш кінәм жоқ, бәріне сенің өгей шешең кінәлі. Ол мені сиқырлап дәуге айналдырып, осы сандыққа отырғызып сенің жолыңа тастап кетті. «Дүниязада келгенде „мен күн асты елінің ханзадасымын“ десең сандықтан босайсың, және ол қызды тірідей пісіріп жесең қайтадан бұрынғы адам қалпыңа келесің» деді ол мыстан. Менің еш кінәм жоқ! Босат енді мына сандықтан!

Дүниязада. М-м… сонымен менің өгей шешем сиқыршы мыстан екен ғой. Енді маған барлығы түсінікті болды. (дәуге) Жоқ, дәу-екем, сені босата алмаймын. Сен сиқырдан арылу үшін мені жеуге тиістісің, ал мен өз сиқырымнан арылу үшін өз еліме аман жетуге тиістімін. (жігіттерге) Кеттік бұл жерден.

Арлан. Қай жаққа? Қаһар ханның елі қай жақта еді?

Айзада мен Жұлдыззада. (дәу келмей тұрып алаңқайдан аттанған бағытты меңзеп) Ана жақта.

Дүниязада. Эх! Өздерің ханның қызын аламын деп сапарға аттаныпсыңдар, ал сонда біреуің де жол білмейсіңдер. Бұл қалай? (ханзадалар төмен қарап үндемейді) Жарайды, мен көрсетейін жолды.

Арлан. Сен білесің бе?

Дүниязада. Мен білмегенде кім білсін? Жүріңдер. Атқосшы-екем, әкел, найзаны мен алып жүрейін. (жол бастап орнынан қозғалады, бағыты манағы ханзадалар көрсеткен бағытқа мүлдем кереғар)


Төртеуі сап құрып, алдында Дүниязада, сосын Арлан, соңдарында ханзадалар орманға кіре бере алдарынан сықылықтап екі жалмауыз кемпір шыға келеді. Кемпірлердің қолында керілген жарқ-жұрқ еткен сиқырлы арқан.


Жалмауыз. Жарымауыз! Сен арғы жағын айнала бер. Хи-хи-хи…

Жарымауыз. Жалмауыз! Біреуінен де айырылып қалма! Ха-ха-ха…


Жалмауыз бен Жарымауыз бөгеліп қалған топты айнала беріп, арқанның шеңберінде қалтырып қоршап алады.


Жалмауыз. Бітті! Түсті тұзаққа! Енді қашып шыға алмайды. Хи-хи-хи…

Жарымауыз. Иә, енді тұзақтан шығып көрсін. Ха-ха-ха…

Арлан. (есін жиып Дүниязаданың қолынан шап беріп сүйрей жөнеледі) Ханзадалар! Қашыңдар! (жерде жатқан арқаннан аттап өткісі келеді, бірақ аттай алмайды. Бір сиқырлы күш кері итеріп жібереді. Ханзадалар да арқанның басқа тұстарынан өткісі келіп қарекет жасайды, бірақ арқан өзінің үстінен аттатпайды) Мынаны қара, сиқырлы арқан!

Дүниязада. (қолындағы Айзаданың найзасымен арқанды іліп алып көтергісі келеді, бірақ арқан көтерілмейді) Мынау өзі арқан ба, әлде зіл батпан ба?

Арлан. (қолындағы Жұлдыззаданың шоқпарымен арқанды ұрғылайды – нәтиже жоқ) Жоқ! Бұл арқан ешнәрсеге көнер емес.

Айзада. (қылышын суырып алып шаппақ болады, бірақ арқан шабылмайды) Бұл не арқан, ә?! Менің алмас қылышым шаба алмады.

Жұлдыззада. (ол да арқанды семсерімен шапқысы келеді – шаба алмайды) Міз бақпайды! Бұл не ғажап?


Жалмауыз бен Жарымауыз арқанның шеңберін тарылтып топты айнала береді, ханзадалар, Арлан және Дүниязада шегіншектеп бір уыс болып жиналып қалады. Ақыры кемпірлер сықылықтап күліп жүріп оларды мықтап матап тастайды.


Жалмауыз. Бітті шаруа!

Жарымауыз. Бітті, бітті! Жарыдық адам етіне!


Екі кемпір пышақтарын жалақтатып арқанмен буып тастағандарды асыр салып айналады.


Жалмауыз. Мыналарды бөліп алайық. Барлығы төртеу. Әрқайсымызға екеуден келеді. Тамаша!

Жарымауыз. Иә! Тең бөлініп тұр. Еш талас жоқ. Саған бір ханзада мен атқосшы да – маған екінші ханзада мен қыз. Алақай!

Жалмауыз. (тоқтай қалып) Тапқан екенсің! Екі ханзада мен атқосшыны өзің ал да маған қызды бер. Қызды мен жейін. Жігіттердің еті қатты, тарамыс келеді. Мүжіліп қалған тісім батпайды. Жылы-жұмсаққа бір тойып қалайын да!

Жарымауыз. Иә! Сонда не? Жылы-жұмсақтар әрдайым сенің ауызыңа да, тарамыс шандыры маған ба? Жоқ! Осы жолы қызды мен жеймін.

Жалмауыз. Жоқ, мен жеймін!

Жарымауыз. Сен жемейсің, мен жеймін!


Екі кемпір бір-бірімен таласып қалады.


Арлан. Мыстан әжейлер! Тоқтаңыздар! Бұл не жанжал? Тыныш бөлісіп алуға болмай ма?

Жалмауыз. Мен де соны айтамын! Сіңілім бола тұра кішілік білдіріп қызды маған қия салғысы келмейді мына Жарымауыз.

Жарымауыз. Иә! Кішілік жасай-жасай әбден жарымағыр Жарымауыз атандым. Қашанға мен сенен қалған сүйектерді кеміріп аш жүрмекпін? Болмайды! Қыз менікі!

Жалмауыз. Жоқ, менікі. Айтпады деме – қызды мен жеймін.

Жарымауыз. Жемейсің! Көре де тұр – қызды мен жеймін.

Арлан. Мыстан әжейлер! Тынышталыңыздар! Текке босқа даурықпай сайысқа түсіңіздер. Кім жеңеді – сол осы қызды жесін.

Дүниязада. Кет әрі! Не? Сен мені құрбандыққа шалайын деп тұрсың ба?

Арлан. Тс-с! Үндеме! (кемпірлерге) Былай істейік. Біз екеуіңізді мына арқанмен мықтап тұрып байлайық. Бірінші болып босанып кеткеніңнің олжасы мына қыз болсын. Ал мына екі ханзада жеңіліп қалғаныңа беріледі.

Жалмауыз. Ал сен ше? Сені кім жейді.

Арлан. Мені босатып жібересіздер. Сіздердің дауларыңды шешкенім үшін бостандық бересіздер. Келістік пе?

Айзада. Ах, оңбаған! Бізден оңай құтылып кетпексің, иә!

Жұлдыззада. Мұндай тапқырлығыңды ұрайын! (ханзадалар бұлқынады, бірақ арқан мықтап ұстап жібермейді)

Жалмауыз. (сіңлісіне) Не? Келісеміз бе?

Жарымауыз. Келісейік. Бір қыздың еті екі жігіттің тарамыс етіне тұрады. Ал мынаны қоя жіберейік. Әйтеуір орманда адасып жүріп біздің қолымызға тағы бір түсер. Қайда барар дейсің?

Жалмауыз. Иә, иә! Сөйтейік.


Екі кемпір арқанды шешіп саяхатшыларды босатады. Арлан арқанның екі басына екі жалмауыз кемпірді байлайды да оларды айналдырып-айналдырып жіберіп бір-біріне тақап жүздестіреді.


Арлан. (кемпірлерге) Ал, енді босап көріңдер!

Жалмауыз. О, ол мен үшін оп-оңай!

Жарымауыз. Мен үшін де оңай!


Мыстандар арқаннан босану үшін кері айналуға миы жетпей бір-бірін итермелейді.


Жалмауыз. Әй, Жарымауыз! Не ғып тұрсың алдымда? Жоғал деймін!


Сіңлісін итермелейді, ал ол ше оған қарсылық білдіріп бағады.


Жарымауыз. Өзің кет алдымнан, неге әрдайым мен саған жол бермекпін?

Жалмауыз. Жоқ, мен кетпеймін, сен кетесің!

Жарымауыз. Тапқан екенсің көнгішті! Мен кетпеймін, сен кетесің.


Екі мыстан бірін бірі итермелеп біраз уақыт әуре болады, нәтиже жоқ.


Арлан. (кетуге ыңғайланып, серіктеріне) Ал, не тұрыс? Кеттік бұ жерден!

Жалмауыз. Әй, қу атқосшы! Сен бізді алдап кеттің. Арқанмен байлаймын дедің, ал өзің бізді буып тастадың. Босат бізді дереу!

Жарымауыз. Иә, атқосшы, бұның әділ емес! Біз бұлай келіспеп едік. Ұят деген болу керек қой! Дереу босат бізді!

Арлан. Әділдікті де естеріңе түсірген екенсіңдер! Ал бейкүнә адамдарды сиқырдың күшімен байлап-матап, сосын бауыздап жегендерің әділдікке жата ма, а?

Дүниязада. Ұятты да еске алған екенсіңдер! Ал, сонда жап-жас жігіт-қыздарды тұтқындап, пышақтарыңды жалаңдатып айнала асыр сала секеңдегенде ұятты неге ұмыттыңдар, а?

Айзада. Ендеше, қақпастар, қалыңдар осы жерде буулы!

Жұлдыззада. Иә, қалыңдар өздеріңнің сиқырларыңның тұтқыны болып! Біз кеттік.

Жалмауыз. Жоқ, кетпеңдер! Алтын керек пе? Гаухар-жаухар керек пе? Барлығын береміз – тек босатыңдар бізді.

Жарымауыз. Інжу-маржан, күміске бөленесіңдер. Тек қалтырмаңдар мына түрімізбен мұнда.

Арлан. Керек емес бізге сендердің қазыналарың. Өздерің бай болыңдар еш пайдасы жоқ тастармен.

Марио. Арлан! Сен тағы бір өміріңді қайтарып алдың, енді сенде толық үш өмірің бар. Алайда босаңсыма – алдыңда тосып тұрған қатерлер әлі жеткілікті.

Арлан. (Мариоға басын изеп, серіктеріне бұрылады) Ал енді бөгелмей кетейік бұл кесірлі жерден.

Дүниязада. Иә, тағы да бір құбыжықтар келіп қалмай тұрғанда кетейік.


Дүниязада жол бастап жүре жөнеледі. Оның соңынан ханзадалар аттанады, олардың соңында сәл бөгелген Арлан, авансценаның ортасында тұрған Мариоға қол бұлғап кете барады.


Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | Следующая
  • 0 Оценок: 0


Популярные книги за неделю


Рекомендации